Құран сүрелерін үйрететін қуыршақ ойлап шығарылды

Жаңалықтар
2143

Алматылық кәсіпкер құран сүрелерін айтатын қуыршақ ойлап шығарды. "Фатима" есімді ойыншық бүлдіршіндерге Алланың 99 есімін жаттады. Әрі әрбір мұсылман білуі тиіс басты сауалдардың жауабын үйретеді екен. Елімізде аналогы жоқ ойыншықтарға қазірдің өзінде сұраныс көп көрінеді. Сондықтан оларды шетелге де сатылымға шығару жоспарлануда деп жазады zakon.kz Алматы телеарнасына сілтеме жасап.

Фатима атты сұлулығы көз тартар бұл қуыршақтар кішкене қыздарға әр мұсылман білуі тиіс пайдалы білім береді. Бүлдіршіндер ойыншықпен танысқасын онымен бірге қайталап, қысқа сүрелерді емін-еркін жаттап алады. Әрі, Алланың 99 көркем есімін үйренеді. Сонымен қатар Фатиманың тағы бір ерекшелігі - ол Аллаға мадақ сөздерді айтып мағынасын түсіндіреді. Елімізде аналогы жоқ бұл ойыншықтарды Алматылық кәсіпкер ойлап тауыпты.


«Мен әртүрлі сөйлейтін ойыншықтар көріп жүрмін. Сөйлетін ойыншықтарға қарасам жәй ән айтады, балаға ешқандай пайдасы жоқ. Тек ата-анасына ұнаған соң алады. Сондықтан мен ойладым бір үйретуші мақсатында болса. Сөйтіп жүрген кезде сүрелер үйрету ойыма келді. 6 сүре айтады: Фатиха, Ықылас, Фалях, Нас, Кәусар, Аль Асир сүрелері. Бұл қысқа сүрелер және балаға жаттауға біріншіден жеңілірек. Екіншіден, намаз оқыған кезде әртүрлі дұғалар жасаған кезде, құран оқыған кезде жиі қолданылатын сүрелер болғандықтан осы сүрелерді таңдап алдық»,-деді кәсіпкер Бағдат Тоқтарбеков.


Елімізде қуыршақ өндіретін зауыт болмағандықтан, кәсіпкер Фатиманың өзін Ресейде тапсырыспен жасатады екен. Сондықтан Қытайдың арзанқол тауарындай емес, ойыншықтың сапасы өте жоғары. Пластмасса мен бөлшектерінің бөбектерге еш зияны жоқ. Тіпті тиісті сертификатын да алған. Ал дайын қуыршақ елімізге жеткесін оны қазақша сөйлету мен құран сүрелерін айтқызу және киім үлгісін әзірлеу отандық шеберлерге жүктелген.

Зауыттан жеткізілгесін мұндағы дизайнерлер әр қуыршақтың образын ойлап табады. Яғни, қуыршақтардың киімдері бір-біріне ұқсамайды. Көздің жауын аларлық көйлектер тек бір данамен тігіліп, ешқашан қайталанбайды.

Қуыршақтардың киімдері үшін де, сапалы маталар қолданылады. Қасиетті сөздер жазылған қуыршақтар, баланы қорғап иман тұрғысынан тәлім береді екен. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы арнайы сараптама жасап, қуыршақтарды сатылымға шығаруға рұқсат етіпті. Шариғатқа қайшылығы жоқ ойыншықты әр жастағы баланың ойнауына рұқсат бар. Тек, құран аяттар жазылғандықтан қуыршақ аяқ асты болмау керек.


«Бұл біздің сараптау комиссиясын өтті. Кішкентай бала үйреніп жүріп оны тез жаттайды. Ата-анасы оны мысалы қанша жерден үйретем десе де үйрете алмауы мүмкін. Бірақ егер қуыршақ ретінде болса, ол қуыршақпен бірге қайталап отырып тез жаттап алады»,-деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі, сараптау секторының меңгерушісі Медет Құрсақов.


Құран сүрелерін айтатын қуыршақтардың нарыққа шыққанына жарты жылға жуықтаған. Соның өзінде Фатимаға сұраныс көп екен. Кәсіпкер ойыншықтың 1 мың данасын сатып үлгеріпті. Тіпті, шетелдегі қандастарымыз да зор қызығушылықпен алып жатқан көрінеді. Енді алдағы уақытта ерекше ойыншықтың орыс тілінде сөйлейтін түрлері мен Әли атты ұл қуыршақ жасалмақшы.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев


Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...