Ерзат Еркін. Түйенің көзін ағызу – жалпақ қазақта жоқ ырым

САЛТ-ДӘСТҮР
6895


«Қазақ жүзінші түйенің көзін ағызып жіберіп, бір соқыр түйем бар деп айтады» дейтіндерге!! 

Мына бір кескінді көрген соң есіке түсіп жатыр. Жүз түйені бір соқыр деп айту туралы. Ол дұрыс әрине. Эвфемизмге байланысты зерттеулерінде Әділ Ахмет ағамыз осы сөзді мысал ретінде келтіреді. Бірақ қазақ даласының нақты қай өңірі, қайсы байы қай уақытта жүзінші түйесінің көзін ағызып жібергені туралы мәлімет жоқ. Рас, қазақтың ескі, өшіп бара жатқан ғұрыптары да жоқ емес, олар өте көп. 

2017 жылы Ертіс бойында, ауылда болдым. Өзі түйе бағатын, әкесі, атасы 40 жыл бойы түйе баққан бір кісіден ұят да болса сұрап көрейінші деп, күмілжи сұрап көрдім. 

– Аға, түйеңіз жүзден асты ма?

– Жоқ, 40 қанша ғой. 

– Түйенің саны 100 ге жеткенде, 100-інші түйенің көзін ағызып жібереді екен бұрынғы қазақтар, осы «ырымды» естіп бе едіңіз. 

– Мүлдем естімеген екем, түйе туралы қаншама сиқырға толы әңгімені білем, бірақ дәл осындай дүниені білмейді екем, – деді. 

Кейін бір ұжымдық монография шығардық, ұлы даладағы құбылстар туралы осындай мәліметтерді жинап, салғастырып, сүзгіден өткізе келе, мынандай тұжырымға тоқтадым. 

1. Кейбір ғұрыптар барлық қазақ даласында ұшырасады. Кей жерде бояуы қанық, кей жерде бояуы солғындау болуы мүмкін. 

2. Кейбір аңдарды барша қазақ даласы киелі деп ойламайды, белгілі бір өңір киелі санаса, тағы бір өңірде ол жайшылықтағы аң-құс есебінде болуы мүмкін. өйткені сол аңның өзі сол жерде жоқ, тек естиді. Мысалы: Арқада аю жоқ, Алтайда Тасбақа жоқ, Сыр жағасында Тауешкі жоқ дегендей. Әрине, қазақ ежелден бір өңірде ғана отыра берген жоқ. Көшпенді халық. Арғы заманды айтпағанда, «Ақтабан шұбырындыдағы» мидай сапырылысқан жөңкіле көшуді еске алсақ да жетіп жатыр. 

3. Кейбір аңдар қазақ даласының барлық жерінде ұшыраспауы мүмкін, бірақ киелі саналады. Мысалы: аққу, үкі. 

4. Төрт түлік мал туралы киелілік ұғымы барша қазақ даласында бар. 

5. Кейбір наным-сенімдер өңірлік сипатта болғанымен, жалпы қазақ даласына ортақ наным ретінде қарастыруға болады. Оның тарихи мән-мағынасын толық қарау керек. Ал тағы бір ырым-тиымдарды сол өңірдегі қазақтар мүмкін айнала көрші отырған өзге халықтардан алған болуы мүмкін, бұл наным-сенімді жалпы қазақ даласына ортақ еді деуге келмейді. 

6. Қазақ ғылымы үшін бұл әңгіменің бәрі басы ашық нарсе. Түсінікті. Тек ел-жұрт кейбір сөздерді, кейбір ұғымдарды, кейбір салттарды, кейбір тұрмыс әдеттерін, кейбір наным-сенімдерді қазақтың кең-байтақ даласының өлшемімен қарап кесім жасамайды. «Ондай салт қазақта мүлдем жоқ, жоқты айтпа» немесе «Бұл жалпақ қазақта осындай!! бәрі солай істейді» деп өтіріктің шегесін қағып жібереді. 

Түйемізге қайта оралайық: 

Түйе өзі бұта-бүрген, жиде, шырғанақ т.б тікенекті өсімдіктерді ұнатып жейді, жүз түйе емес, он-жиырма түйенің біреуінен-ақ соқыр түйе кездесуі әбден мүмкін, тікен көзіне тиеді, алдымен ақ түседі, сосын ұзақ уақыт бір көзі ағараңдап, жасаурап жүрген түйе соқыр болып шығады. Жалпы, түйенің ішінде соқыр түйелер деп көзіне ақ түскен түйелерді айтады, бұл көп ұшырасады. Осы туралы Арабтардың Қазақстанға келіп түйе сатып алған әңгімесі бар. Олар тек ғана соқыр түйені таңдап алыпты, олар түйенің соқыр екенін білмеген. Тек сыртқы шудасына, тұрқына, әдемілігіне қарап іріктей берген. Ал түйешілер айтады, қалай екені белгісіз соқыр (көзіне ақ түскен) түйелер әдемі, сұлу келеді дейді. «Соқыр» түйе қорғанып жайылатын шығар, кім білсін. 

Сау түйенің көзін ағызып жібермек түгіл, қойды, малды қатты таяқпен ұрмайтын қазақтың «түйемнің көптігіне тіл тиеді» деп істейтін бұл ырымы әрине қабылдауға ауыр. 

Түйе туралы Насихат Набиолла ағамыз: 

«Түйе ұлық мал саналғандықтан, оны баққан адамды «ұлық баққан» деп құрметтеп, төрден орын берген, түйе жүнінен жасалған киімді тұтынуға қатысты да заңдылықтар қатаң сақталған. Мәселен, «көз тиеді» деп, түйенің санын не болмаса атын айтпаған, «бес-алты түйем» бар деудің орнына, түйенің мойын терісінің атымен, «бес-алты мойнағым» бар деп, бүркемелеп айтқан. Түйені екі қолды арқаңа қойып, жетекке алу керек, таяқпен ұруға болмайды. Түйе сауғызбаса, ботасын алмаса, өлген адамның омырауына қойған тұзбен түйенің көзін жуған, желінін жуған. Түйені сататын болса «бидасын» (бида – түйені жетектейтін жіп) алып қалған немесе өркешінің жүнін шудасынан ырым қылып кесіп алып қалған. Биданы жүннен есіп істейді. Оған түйенің жүні, қойдың жабағысы пайдаланылады. Түйе сатып алатын адам жетектейтін бидасын өзі алып келуі керек. Қазақ дәстүрінде ақ түйені аса қатты құрметтеп, қастерлеген. Қазақтар аруананы көз тиюден қорғап, мойнына аяқ киімнің ұлтарағын, кәрі жілік, тұмар оқытып мойнына ілген. Жаңа туылған ақ ботаны да көз тиюге бейім келеді деп, мойнына қойдың кәрі жілігін ілген, қызыл шүберек байлаған. Қазақ халқы қуанышты күнге «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп теңеу айтады. Қыстық соғымға сойылған түйенің бас сүйегін, малдың басы бұзылмасын деп, тастамай қораға іліп қойған. Екіқабат әйелге түйе етін жегізбейді, баласын 12 ай көтеріп, толғағы уақытынан кеш келеді, себебі түйе жәй қозғалатын маңғаз жануар. Түйе етін жегеннен толғағы созылып кеткен әйелге түйені әкеп, келінді мойнындағы бидадан (жіп) үш қайтара аттатады. «Ей Алла, оң болсын, оң болсын!» – дейді Ә.Диваев бойынша екіқабат әйел 12 ай бала көтерсе, 12-ші айда әйелге бура түйені әкеп, оның мойнына ақ мақта салып, мойнынан аттаттырған», – деп жазады өзінің зерттеуінде. 

Осынша қастерлеп отырған түйенің көзін ағызып жіберу үшін енді қалған екі түрлі болжамды айтайық. 

1. Түйенің көзін ағызып жіберу белгілі бір ерекше ғұрыпқа байланысты ритуалдық жосын болуы мүмкін. Ақбоз биені сойып, қанға қолын малып аныттасу деген секілді. Бұл ритуалдың уақыты біздің заманымыздан алысырақ қалды, нақты дерек жоқ деуге болады. 

2. Мәлім бір жерде мәлім бір түйелі бай өз басында болған ерекше жағдайға байланысты, көрген аян-түсі ма, әлде бір әулиенің сөзі ма, түйесінің саны 100 ге толғанда 100-інші түйенің көзін «Құрбандық» ретінде ағызған болуы әбден ықтимал. Содан ары бұл әңгіме бір кәрі құлаққа жетті деңіз, одан ары қарай ол Алматыға жетті... Содан кейін біз «жерден жеті қоян тапқандай» ай бір айтамыз-ай кеп, талай түйенің көзін ағызып жібергенде жанында қарап тұрған адам құсап... 

Қорыта келгенде, түйенің көзін ағызып жіберу жалпақ қазақта жоқ ырым! Әрі төрт түлік малдың киесі тұрғысынан да бұл қазақ санасынан жаппай қолдау табатын қасиетті жосын емес. Бұл қазақ эвфемизімінің күшін көрсету үшін қағазға түсіп, одан ары құйындай ұйтқып бүкіл жұртқа тарап кеткен қызба сөз деп есептеймін!! 

Түйеңіздің санын алдымен жүзге жеткізіп алыңыз, жүз түйеден бір соқыр түйе өзі-ақ шығады!! 

Түйелеріміз көбейе берсін!! 


Жаңалықтар

Келесі жылдан бастап Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдердiң мөлш...

Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес т...