Дыбыс режисурасы өнерінің тарланы – Мақсат Мұхитденов

МУЗЫКА
1621

6 қаңтар күні Мақсат Мұхитденов қайтыс болды. Бұл қаралы хабарды «KeshYou» тобының арт-директоры, сценарист Назым Басқынбаева хабарлаған еді. Ол продюсер, актриса Баян Алагөзованың әкесі Мақсат Мұхитденовтің өмірден өткені жайлы жазбаны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған.

«Асыл ер, абыройлы азамат, аяулы жар, ардақты әке, қазақ мәдениеті мен руханиятының жанашыры Мақсат Зайлағиұлы Мұхитденов өмірден озды. Қашан да жүзі жылы, сабырлы, ақылы мен тәжірибесін ортаға салып, бағыт-бағдар нұсқауға дайын, зиялылықтың символындай болған керемет жан еді... Қабырғамызды қайыстырған қаралы хабар оның айрандай ұйып отырған отбасына ауыр соққы болып тиді», – деп жазды. 



Қазақ руханиятына зор еңбегі сіңген атақты дыбыс режиссері жайлы Дина Имамбаеваның «Қазақ әдебиеті» газетінде екі жыл бұрын жазылған материалын ұсынамыз.

1960-70 жылдары дүниеге келген буын дыбыс ойнатқыштағы  күйтабақтардан «Алпамыс» пен «Қобыланды» секілді батырлық  дастандарды, «Қыз Жібек» пен «Айман-Шолпан» сынды лироэпостық жырларды тыңдап, ұлттық мұрамен сусындап өсті. Жаугершілік дәуірдің қаһармандары жігерді жанып, рухын оятса, көне әпсаналармен өмірдің тылсым сырлы қатпарларына бойлады, ата-бабаларымыздан қалған асыл сөздің құдіретіне тәнті болды. Қазақ мектептері жабылып, «бүкіл ел бір тілде сөйлеуге тиіс» дейтін коммунистік ұрандар шындыққа айналып жатқан кезде советтік цензураның қатал тезіне қарамастан халыққа жеткен бұл асыл мұра сол жыр-дастандарды таспаға жазған «Алматы грамзапись» студиясының дыбыс режиссерлері мен редакторларының жанкешті еңбегі мен теңдессіз ерлігінің нәтижесі еді. Тарихи және рухани қазынамызды қайта жаңғыртып, халыққа жеткізуге осы студияның дыбыс режиссері Мақсат Мұхитденовтың қосқан үлесі зор.   

1960 жылдары музыка саласында заманауи дыбыс жазу индустриясы күрт дамып, грампластинкаларға жазылған музыкалық өнімдер кең таралды.   Совет одағы бойынша бұл үрдістің бастауында Бүкілодақтық «Мелодия» дыбыс жазу фирмасы тұрды. Дыбыс жазу студиялары мен күйтабақтар шығаратын зауыттары бар бұл фирманың даңқы дүркіреп, әлемдегі ең ірі алты дыбыс жазу компаниясының қатарына кірді. Өнімдері жүздеген елге таралатын мекеме бүкіл одақ бойынша музыкалық өнімдерді шығарумен және таратумен айналысты. 1965 жылы Алматы қаласында да «Мелодия» фирмасының дыбыс жазу студиясы құрылды. Дыбыстарды жазудың жоспары мен репертуарын фирманың орталық студиясы анықтап, бекітіп отырды. Қазақ халқының дәстүрлі музыкалық мұрасын таспалау ісі осы кезеңде басталды.

Алғашқыда Алматы «Грамзапись» студиясында қазақ тілді мамандар тапшы болды. Дыбыс режиссерлігі деген бірнеше өнердің басын біріктірген кірпияз мамандықты меңгерген қандастарымыз саусақпен санарлық еді. Мақсат Мұхитденовтың Алматы «Грамзапись» студиясына дыбыс режиссері болып жұмысқа кіретіні осы кез. Жас маман әріптесі Әлім Байғаринмен бірге  қазақ ұлтының көне жыр-дастандарын, батырлар жырын, ән-күйін таспаға түсіруге құлшына кірісті. Мәскеудегі «Мелодия» фирмасының орталығы бекіткен жылдық, тоқсандық жоспарлар бойынша тапсырма беріледі. Халық музыкасы – ән, күй, жыр-дастандарды, сондай-ақ қазақ Совет композиторларының шығармаларын, әлем классикасын таспаға жазу бойынша жоспар орындау керек. Студия қызметкерлері амалын тауып қазақ  музыкасын көбірек қамтуға тырысады. Соның арқасында қиын кезеңдерге байланысты жойылып кетуге шақ қалған рухани мұра қайта жанданды.   

Алматы студиясы қазақтың жыр-дастандарын, әндерін жазар алдында олардың мәтінін орысшаға аударып, Мәскеуге тексеруге жіберуі тиіс. Талап    солай. Советтік цензура жат дүниелер өтіп кетпесін деп қатаң қадағалайды. Редакторлар қат, барының өзі аудармаға қолы тие бермейді. «Сонымен,  өлеңдерді аударатын басқа адам жоқ, өзім жолма-жол аударма жасайтын болдым. Мәтінді редактор қарап, орталыққа жібереді. Әндердің жарасы  жеңіл, ал эпостарға келгенде біраз тер төгуге тура келді» дейді сол кездер туралы М.Мұхитденов.

Ол жылдары халық арасында тума таланттардың, көкірегі даңғыл жыршы-жыраулардың үзілмеген кезі. Бұл жөнінде Мақсат Зайлағиұлы былай  дейді: «Жыршы-жырауларды іздеп тауып, таспаға жазу ісінде көрнекті  фольклор зерттеушісі, әдебиетші Мардан Байділдаевтың еңбегі зор. Жан- жақтан келген бүкіл жырау жазу аяқталғанша соның үйінде жатады. Бірде  Қарақалпақстаннан Қайролла Иманғалиев деген жырау келді. Осы кісінің орындауында «Қарасай-Қази» жырын екі жылда жазып бітірдім. «Ер Едіге» сынды қаһармандық дастандарға 1950 жылдары өкімет тыйым салған. Әлі ресми рұқсат берілмесе де тәуекелге барып жаздық. Орыспен соғысқа қатысты жерлерін аздап өзгертуге тура келді. Негізінде нағыз жырау дастанды  жаттамайды, мазмұндық желісі бойынша суырып салып айта береді. Қайролла ағамыз феномен жыршы еді. Жасы келген адам, сюжеттен ауытқып кетеді. Студия опера және балет театрының астыңғы қабатында, пульт бөлек бөлмеде. Ал Қайролла ағамызды жазған кезде қасында отырдым. Сөйтіп «Қарасай-Қази» дастанын түгел жаздырып, зауыттан 4 күйтабақ  болып шықты».

Мардан Байділдаев елден шақырған тағы бір ғаламат жыршының бірі  қызылордалық Мырзағали Ақжолов болды. Сыр сүлейлерінің көзін көріп  өскен әрі атақты Балқы Базардың ұрпағы Ақжолов жыр-қиссаларды түйдек-түйдегімен төгетін эпик жыршы екен. Даусы да ғажап, Италияның белькантосынан кем түспейді. Алматыға студияға бірнеше рет шақырғанда реті келмеген соң Мақсат Зайлағиұлы тіпті оның ауылы Жалағашқа дейін іздеп барғаны бар.

Қазір көпшілікке белгілі, жезтаңдай әншілеріміз орындап жүрген «Ақтолғай» әнінің халыққа қайта жетуінде де М.Мұхитденовтың қолтаңбасы бар. 1976 жылы студияға 86 жастағы Аралбай жырау келеді. Өзі  суырыпсалма ақын. Міне осы ақсақал ұмытылып қалған 2-3 әнді жаздырыпты. Соның ішінде «Ақтолғай» әні елге тез тарап кеткен.

«Грамзапись» студиясы жыр-дастандарды таспалауға еліміздің әр  түкпірінен ең үздік орындаушыларды тартады. «Көрұғлы» дастанының үзінділерін қызылордалық белгілі жырау Алмас Алматов, «Қамбар батырды»  Жұмабай Медетбаев, «Қыз Жібек» пен «Мұңлық-Зарлық» жырын Шымкент драма театрының актері Мұхтар Өтебаев орындайды. Домбырамен халық  әуендерін тамаша шырқайтын М.Өтебаев бұл дастандарды әртүрлі мақаммен жырлаған екен. «Оның ішінде Сыр бойының, жоғарғы аймақтың ондаған мақамы бар. Ізденген адамға нағыз қазына ғой. Дәл осы екі жырдың мақамындай алуан түрлі етіп Өтебаевтай ешкім айтқан жоқ. Басқа жырлар бір сарынмен жырланды» деп, М.Мұхитденов халық музыкасының қайнарын жыр-дастандардан табуға болатынын айтады.

Мұхитденовтың тағы бір қомақты еңбегі – қырғыздың әйгілі «Манас» дастанының үзінділерін таспалауы. Жыр Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында, радионың студиясында жазылған. Манасты орындаушылардың шабытпен, арқаланып жырлайтыны мәлім. Осы ерекшелік таспаға жазу кезінде біраз  қиындық тудырыпты. Дыбыс режиссерінің «Мотор!» деген бұйрығымен бастап кеткен жыршы қызды-қыздымен дүниенің бәрін ұмытып,  микрофоннан алыстап кетеді. «Оларды тоқтату қиын, жырлаған сайын арқасы қызады. Пульттің жанында басқа бөлмеде отырсам да жыршының жанына әлсін-әлі жүгіріп барамын. Ақыры бірнеше жерге микрофон қойып  жаздық» деп еске алады сол сәттерді М.Мұхитденов.

Мақсат Зайлағиұлы күйтабағын дайындаған өнер адамдарының ішінде  қырғыздың ұлы манасшылары, қомызшылар, қияқшылармен қатар, Болот Мыңжылкыев, Токтоналы Сейталиев, Асан Керимбаев сынды атақты  әншілер, К.Орозов атындағы халық аспаптар оркестрі бар. Солардың  арасында бүкіл қазақ сүйіп тыңдайтын «Жамгыр токту» әнінің авторы  Түгөлбай Қазақовтың атақ-даңқы алғашқы күйтабағымен бірге бірден аспандаған еді. Бүгінде қырғыздың белгілі қоғам қайраткері, әнші- композитор Т.Қазақов: «Мақсат Мұхитденов қырғыз радиосының алтын қорындағы манасшылар мен түрлі саладағы орындаушылардың  репертуарындағы өнер туындыларын күйтабаққа жазды, сондай-ақ сапасы  төмен фонограммалардың техникалық ақауларын тазалап, қайта өңдеді. М.Мұхитденовтың көп жылдық қажымас еңбегінің және халқымызға деген  сый-құрметінің арқасында қырғыздың қайталанбас өнер туындылары мәңгіге сақталып қалды. Жалпы тиражы бір миллионға жуық жүздеген күйтабақ топтамасы біз үшін үлкен олжа» дейді. Бауырлас ел Мақсат Зайлағиұлының  қырғыз өнеріне сіңірген еңбегін жоғары бағалап, «Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген қайраткер» атағын беріпті.

Дыбыс жазу ісі бірнеше сатыдан тұрады. Дыбыс режиссерінің ән-жырды жазып алғаннан кейінгі маңызды жұмысы – монтаждау, яғни өңдеу. Бұл майдан қыл суырғандай ептілікті, қырағылықты талап ететін нәзік жұмыс. Бір жақсысы, «Мелодия» фирмасының дыбыс жазатын техникасы сапалы, озық болған. Ал монтаждау дыбыс режиссерінің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Жыр-дастандарды суырып салып айтатын жыршылар мен халық әндерін айтатын әншілер мәтінді қалаған жерінде өзгертіп, құбылтып айта береді. Сондай кезде бүкіл жауапкершілік жүгі дыбыс режиссеріне ауады. Ол тек дыбыс жазушы емес, ол әрі әдеби редактор, әрі халық музыкасының білгірі, әрі ұлтжанды болса таспалаған дүниесі сапалы, орындаушылардың есімі мен дауысы мәңгілікке сақталды деген сөз. Мақсат Зайлағиұлы бірде «Дос-Мұқасан» ансамблінің винил күйтабағын жазып  болып, монтаждау кезінде таспаның бір кішкентай кесіндісін жоғалтып  алады. Басқаларын олай жалғайды, былай жалғайды, еш үйлеспейді. Дыбыс таза емес. Ал жаңағы кесінді таза екен. Жазу бөлмесінің едені толған қиық,  кесінді. Әй, бір іздесін. Сонымен бүкіл қиықтың әрқайсысын тексеріп, дыбысын тыңдап жүріп әрең табады. Ән үйлесімін тауып, жарқ етіп шыға келген кезде күні бойғы бос кеткен уақытының өтеміне ерекше риза болғаны есінде. 

Винил күйтабақ демекші, алматылық «Грамзапись» студиясы тек  зауытта шығатын таспаларға жазған. Дискілердің миньон, гранд, гигант деген түрлері болады. «Алпамыс» «Қамбар батыр», «Қобыланды» гигант, яғни үлкен күйтабақтар болып шыққан. Алматы студиясында жазылған таспалар Ташкент, Мәскеу, Ленинград, Рига қалаларындағы зауыттарда дайын өнім болып шығатын. Таралымына келсек, бұл іспен Алматыдағы  «Грампластинкалар үйі» деген мекеме айналысқан. «Өзінің дүкені бар,  өнімді тарататын да, сататын да өзі. Таралым көлемін өздері белгілейді, әр күйтабақ шамамен 500-1000 данамен шығады. Қазақша күйтабақтарды аймақтың ерекшелігіне қарай бөледі, Шымкентке көбірек, Павлодарға азырақ дегендей» — дейді Мақсат ағамыз.

Батырлар жырын, дастандарды жазумен қатар, М.Мұхитденов одаққа танымал қазақ әншілері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова және басқа кәсіби орындаушыларды да таспалаған. Сондай-ақ архивтерде сақталған бұрынғы әндерді іздеп тауып, өңдеп, күйтабаққа жазумен айналысқан.  Соның ішінде архивтегі Роза Бағланованың әндерінен гигант дискісін құрастырғаны есінен кетпейді. «Роза Бағланова 1950 жылдары Мәскеудің атақты Қызыл тулы оркестрінің сүйемелдеуімен концерт берген. Сол концерт архивте сақталыпты. Менің таңғалғаным, Роза «Ах, Самара-городокты» айтқан кезде залдағы көрермен он-он бес минут бойы әншіге құрмет көрсетіп тұрып алды. Архивтен талай концерттің жазбасын көрдім, бір де бір әншіге мұндай ыстық ықылас болған емес. Бұл Роза Бағланованың ұлы әнші екенінің дәлелі» дейді М.Мұхитденов.  

Жоғарыда дыбыс режиссері мамандығы асқан шеберлікті, сезімталдықты, жан-жақты білімді талап ететінін айтқан едік. Мақсат  ағамыздың бұл салаға келмей тұрып кәсіби әнші болғанын біреу білсе, біреу  білмейді. Әншілік тәжірибесі дыбыс жазу барысында ерекше қажетке  жарапты.

–  Әншіліктен дыбыс режиссерлігіне қалай келдіңіз? Табиғат берген дарыныңызды елеусіз мамандыққа айырбастаудың себебі неде?  

–  Алматыдағы эстрада студиясының вокал мамандығына 1965 жылы түсіп, 1967 жылы бітірдім. Орал қаласындағы облыстық филармонияда жеті  жыл әнші болдым. Жыл бойы ұзақ гастрольдік сапарлар, жоспар орындау   деген бар. Бұның бәрі адамды қажытады, шыны керек. Содан 1975 жылы Алматыға көшіп келіп, Қазақ КСР Ән-би мемлекеттік ансамбліне қабылдандым, — дейді ол жөнінде Мақсат Зайлағиұлы.

Мұнда да гастрольдік өмірге көндіккісі келмей, үш-ақ ай істепті. Содан кейін Опера және балет театрының хорына жұмысқа тұрады. Хор жетекшісі  Базарғали Жаманбаев талантты танитын жан ғой, «Мәке, мынадай дауыспен хорда жүруің күнә ғой, сенің даусың солистің даусы. Қазақконцертке, кез келген мекемеге әнші болып барсаңшы» десе де бас тартқан ол осылайша   дыбыс жазу студиясынан бір-ақ шығып, жаңа мамандықты тез меңгеріп кетеді.

Дыбыс жазатын құрал-жабдықты әуелден өз бетімен меңгерген М.Мұхитденов жаңа салаға ынты-шынтысымен кірісіп жұмыс істейді. «Дыбыс режиссурасы – синтезді өнер. Бұл жерде әншіні әнші ретінде, музыкантты музыкант ретінде тану керек, жырауларды қазақ тілі мен әдебиетінің білгірі ретінде түсіне білу керек» деген пікірі оның өнерге көзқарасы мен ұлттық мұраға жанашырлығын білдірсе керек.

Қазіргі технология дамыған заманда дыбыс жазу саласы да дамыды. Бұрынғыдай әнші-жыршыны түзетіп, мәтінге мән беретін дыбыс жазушылар жоққа тән. Барлығын техника атқаратын дәуірде қатардағы әншіні «жұлдызға» айналдыру қиын емес. Дегенмен, маманның айтуынша, қазіргі әндердің жүрекке жетпеуі, дыбыстың қатқылдығы оларды компьютерге бірден жазудың салдары екен. «Мен қазір де әуенді алдымен таспаға жазып, одан кейін компьютерге көшіремін, сонда табиғи үні сақталады. Біздің кездегі дыбыстар таза күйінде жазылды» деген Мақсат Зайлағиұлының сөзі  әннің тағдыры дыбыс режиссерінің шеберлігіне байланысты екенін білдіреді. Бұл жөнінде М.Мұхитденовтың ізін басқан әріптесі, композитор Ермек Елгезеков: «Жалпы дыбыс жазу жұмысы өте күрделі және қыр-сыры көп жұмыс, оған өте жоғары есту қабілеті және үлкен төзім керек. Магнитті таспаның түр-түрі болады, оларды дыбыс режиссері әншінің даусына қарай таңдайды, дыбысын реттейді. Сондықтан дыбыс жазумен екінің бірі айналыса алмайды. Қазақстандағы магнитті таспаға дыбыс жазу ісінің бастауында Мақсат Мұхитденов пен Әмір Байғарин ағаларымыз тұр. Біз сол кісілерден үйрендік» дейді. Осы ретте қазір жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған студиялар мен дыбыс режиссерлеріне қандай қасиет жетпейтіні байқалады. Есер әндер мен көшірме әуендердің көбейгені әншілердің ғана емес, дыбыс режиссерлерінің де қателігі. Олардың көбі әннің жүрекке жетуіне, тазалығына, сөздің мағынасына мүлде назар аудара бермейді. Осы ретте Мақсат ағамыздың кәсібіне адалдығы мен бірбеткейлігі өнерге қызмет ету де мінезден екенін білдірсе керек. «Грамзаписьте» де, кейіннен жаңа құрал-жабдықтары бар заманауи студияда ән жазумен айналысқанда да ән мәтініне баса көңіл бөліпті. Тіпті айтып жатқан әнінің сөзін түсінбейтін әншілермен жұмыс істеуден бас тартқан кезі аз емес.

Бәрі де өнерге көзқарастан басталды ғой, Мақсат Мұхитденовтің халық музыкасына жетік болуы тегін емес. Ол музыкалық студияда оқып жүргенде  атақты әншілер Ғарифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебековтің дәрістеріне қатысады. «Жүсіпбек Елебеков керемет ұстаз еді.  Әннің тарихын егжей-тегжейлі түсіндіреді, әр сөзді, әр дыбысты миыңа құяды. Қайрат Байбосыновтың әншілік бағының жануы Елебековтың арқасы. Қайрат ұстазының тәлім-тәрбиесін сіңіріп алды, ары қарай дамытып, өз мектебін қалыптастырды. «Әлемге толса көкірек, ашылар көзі сананың» деп Тұрмағамбет Ізтілеу айтқандай, Жүсіпбек шәкірттерінің көкірек көзін ашты» деген Мақсат ағамыз музыка өнерінің қыр-сырын терең меңгеру үшін училищеде дирижерлік мамандықты меңгерсе, консерваторияда белгілі күйші Айтжан Тоқтағанның домбыра сыныбында оқыған.     

–  Дыбыс режиссері бола жүріп әндер мен жыр-дастандардың мәтінін орысшаға аударыпсыз. Әдебиеттен хабарыңыз мол екені байқалады. Бұл отбасы тәрбиесіне, балалық шағыңызға байланысты болар?

–  Орал облысында Ақсай деген қаладан 5-6 шақырым жерде кілең қазақ тұратын КИМ – «Коммунистический интернационал молодежи» деген кішкентай ауыл болды. Әкем мұғалім әрі коммунист, өкімет пен партия қайда жіберсе сонда барады. 4-ші сыныпты КИМ-де қазақша бітірдім. 1950 жылдардың аяғынан бастап Бөрлі ауданында бүкіл қазақ мектебі жабылды.  Амалсыздан Григорьевка деген ауылдағы орыс мектебінде оқуымды жалғастырдым. Бірге бітірген екі бала бар, бәріміз 5-ші сыныпқа қабылдандық. Орысша білмейтін біз үш айда сыныптастарымызды қуып жетіп алдық.  …Әлі есімде, 10-шы сыныптамын. Орыс әдебиеті мұғалімі әр  сабақ сайын «ұлы орыс  халқы», «ұлы орыс өзені», «ұлы орыс қаласы» деген сөздерді 40-50 рет айтады. Бәрі де ұлы. Бұл сөз менің санама тық етіп, басқаның бәрі нашар ма деген ой туғызды. 5-сыныпқа дейін майшамның түбінде отырып қазақша талай кітап оқыдым. Ауылдағы Байқонақ деген атам нағашым екеуі отырып алып айтысады. Сол шежіре қарттардың әңгімесін тыңдап өстім. Ал мектептегі естігенім бұл әңгімелерге кереғар. Соларды салыстыра келе, қазақтың әдебиетіне, тіліне деген құрметім мен қызығушылығым еселеп артты.   

Осылайша 10-шы сыныпта басталған жырға, сөзге құмарлық   «Грамзапиське» келгенде кәдеге жарап, одан әрі жалғасын табады. Жыр-дастандарда көне сөздер көп. Оларды аудару оңай емес. Сол үшін тіл ғылымына қатысты кітаптар мен сөздіктерді қарайды, лингвистика, фольклор, түркология туралы кітаптарды іздеп жүріп сатып алады. Бұл ізденіс 1975 жылдан бастап кәсіби түрде лингвистикалық зерттеулермен айналысуға түрткі болды. Бұның бәрі ана тілімізге, әдебиетке деген  махаббаттан туған еді. Бүгінде Мақсат Мұхитденов түркология ғылымында өзіндік зерттеулерімен тыңнан түрен салып жүр. «Дыбыс жазу студиясында істеп жүріп осы салаға түстім. Бұл білімнің дастандарды, жырларды жазғанда көмегі көп болды, — дейді ол. — Ескі жырларды, әндерді айтып отырған кісілерді талай түзеттім. Тіпті кейбір өлеңдердің мәтінін өзгертіп, сөз жазуға да тура келді. Кез келген қазақ әнін айтушының үйлеспейтін жерлері болса қисынын келтіріп түзетіп жіберетінмін».

Мақсат Мұхитденов 1975-1991 жылдар аралығында дыбыс жазу  маманы ретінде Дина Нұрпейісованың күйлерін, Күләш Байсейітованың әндерін, Ахмет Жұбановтың шығармаларын, Роза Бағланова, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитов, Қалампыр Рахимова, Әбікен Қасенов, ағайынды Абдуллиндер, Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, т.б. әншілер орындаған шығармаларды өңдеп, магнитті таспаға түсірді. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы  мемлекеттік оркестр, «Сазген сазы» ансамблі, Атырау халық аспаптар оркестрінің күйтабақтарын жазды. Жоғары сапада жазылған бұл таспалардың барлығы алтын қорымызға қосылды. Сондай-ақ Таулы Алтай өлкесі Алматы  студиясына бекітілгендіктен, сол өңірдегі жергілікті халықтың көмеймен айтатын әншілерін таспаға түсіруге ат салысты. Қазақстанды мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің музыкалық мұрасы, эстрадалық әндер де күйтабақ болып шығып жатты. Сол Алматы «Грамзапись» студиясында таспаланған туындылар бүгінде ҚР кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивінде сақтаулы. Өкінішке қарай, Мәскеудегі «Мелодия» фирмасын жекешелендіріп алғандар одақтас республикалардың музыкалық мұрасын күресінге тастаған сыңайлы. Кезінде ол жерге, Мақсат Зайлағиұлының айтуынша, таспаға жазылған шығармалардың ең үздік нұсқасы – кордубльдер жіберілген.

Иә, бүтін бір халықтың ғасырлар бойы жинақталған музыкалық  мұрасын таспаға түсіру үшін әншілік мансабын тастап, сол кезде қазақ арасында сирек кездесетін дыбыс режиссері мамандығын меңгерген, Қазақстанмен қоса Таулы Алтай өңірі, Қырғыз Республикасының ұлттық және классикалық ән-күй мұрасын үлкен шеберлікпен заманауи магнитті таспаға түсірген Мақсат Мұхитденовтың бұл еңбегі бір адамның қоғам игілігіне қалай үлес қоса алатынын айқын аңғартса керек. Советтік идеологияның қатаң бақылауынан саңылау тауып, жаугершілік дәуірдің ұлы қазынасын жеткізуші жыршы-жырауларды, халық әншілерінің даусы жазылған алтын қор осылай қалыптасты. Ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет еткен Мақсат Зайлағиұлының Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған сынды ұлы жыраулар көші қалдырған рухани қазынаның қадір-қасиеті мен сөз құдіретін  терең сезініп, өз асылдарымызды биікке көтеруге атсалысқан еңбегі қандай құрметке де лайық.      

 

Шоу-бизнес

Айқын Төлепберген Youtube платформасындағы Зamandas подкастына берген сұхбатында Қанат Бейсекеевтің...

Ауа райы

Синоптиктер Қазақстандағы 2024 жылғы 8 желтоқсанға арналған синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа ра...