АРҚАДА ӨТКЕН АҚҚЫЗ

МУЗЫКА
6457

Қазақтың күй өнері дегенде, әдетте әрісі Дина Нұрпейісовадан, берісі Айгүл Үлкен­баева­дан басқа әйел адамдардың есімдері ауызға іліге бермейді. Алайда, бұл өнер түрі қыз-келіншектер үшін асу бермес белге айналды деп айта алмас­пыз.

ӘБІКЕННІҢ БАТАСЫ

Мәселен, көрнекті ақын Есенғали Раушанов осыдан біршама уақыт бұрын «Әйелден ақын шықпайды, күйші не биші болмаса» деп, баршамызды таңғалдырды. Жанат Әскербекқызы сынды өлеңді жанына серік еткен жандар Есенғали ағаларына жырмен жауап та жазды. Өз басымыз құстарға құштар шайырдың мұнысын ақындықтың ауыр жүгін арқалау әйелдің нәзік табиғатына келмейтіндігін меңзегені деп ұқтық. Қалай дегенде де, ақын күй өнерінде әйел затының алар орны бар екендігін мойындайды. Біздің де айтпағымыз осы. Соның ішінде Арқада өткен күйші, биыл туғанына 120 жыл толып отырған Аққыз (Мүгүлсім) Ахметқызы туралы сөз қозғамақпыз.
Қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының аумағында мыңды айдаған Ахмет байдың шаңырағында дүниеге келген Мүгүлсім кейіннен Аққыз атанады. Жергілікті халық оның жарлы-жақыбайларға үнемі жанашырлық танытып жүргеніне, жүрегі мен реңінің ақтығына қарап осылай атап кеткен. Қазір күйшіні осы есімімен танимыз. Күйлерін тыңдағысы келген адамдар «Мәдени мұра» бағдар­ламасымен шыққан «Мәңгі­лік сарын», «Қазақтың 1000 күйі», «Сарыжайлау» атты халық музыкасы антологияларынан таба алады.
Өз заманында Аққыз Манарбек Ержанов, Қали Байжанов сияқты ән өнерінің дүлділдерімен қатар жүріп, ойын-сауықтарда, той-томалақтарда өнер көрсетіп, күйші қыз атанды. Арқа күйшілік мектебінің негізін қалаушылардың бірі Тәттімбет Қазанғапұлы болса, оның күйлерінің өлмеуіне еңбек сіңірген бірегей тұлға Әбікен Хасенов бірде өнерлі қыздың ауылына жолы түскенде Аққызға: «Қолың өрмек тоқығандай жүріп тұр екен, тегі күйші боларсың» деп батасын беріп, Тәттімбеттің «Бестөре» күйін үйретіп кеткен.


«ЭКСПО-1967» НЕМЕСЕ МАҒАУИЯ КҮЙДІ ҚАЛАЙ ҮЙРЕНДІ?


Аққыз сол кездегі атақты Қоянды жәрмеңкесіне қатысып, Тәтекеңнің «Қосбасар», «Кө­кей­кесті», «Сылқылдақ» атты күйлерін де шерткен. Бұл деректерді осыдан тура елу жыл бұрын белгілі музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім күйшінің өз аузынан жазып алған. Сол уақытта Қарағанды музыкалық училищесінің студенті болған ол Аққыз тұрған «Қаратал» совхозына барып, күйшімен кездесіп, әңгімелескен. Күйлерін тыңдап, өзі де қолынан күй үйренген. Іле-шала Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне «Күйші Аққыз» атты мақала да бастырған.
Биыл Астана төрінде Қазақ­станды әлемге әйгілейтін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Осы көрменің арғы-бергі тарихын сөз еткенде, алдымен 1925 жылы Париж халқын өнерімен табындырған Әміре Қашаубаевты айтамыз. Алайда, кейін осындай айтулы шараға Әміреден басқа қазақ қатыспағандай жұмған аузымызды ашпаймыз. Ал осыдан дәл жарты ғасыр бұрын Канаданың Монреаль қаласында ұйымдастырылған «ЭКСПО-1967» көрмесіне әйгілі ән­шіміз Ермек Серкебаев пен дәулескер күйші Мағауия Хамзин барып, өнер көрсеткен. Кейінгісі Аққыз Ахметқызының шәкірті болатын.
Бұл туралы Жарқын Шәкә­рім­нің жоғарыда аталған мақа­ласында Аққыздың: «Мен домбыра тартып отырғанда алдыма сары өңді, бидай жүзді кішкентай ғана бүлдіршін келіп отыратын. Ол қайтсем үйренемін дегендей домбырадан көзін алмайтын. Бұл әйгілі «Қоңырқаз» күйін шығарған Әшімтайдың немересі Мағауия еді. Әкесі Хамза үлкен атасының жолын қусын деп өзіне шақтап кішігірім домбыра жасап беріпті. Сол домбырасымен менің алдымда ұзақ күнге отыратын. Домбыраны ол тез үйреніп алды. Сол Мағаш қазір үлкен домбырашы. Жиі келіп амандасып тұрады» дегені айтылады.


ДИНАМЕН БАРАБАР КҮЙШІ


Артында «Қайран елім», «Аққыз», «Жетім қыз», «Қосбасар», «Қоңыр күй» сынды бірнеше күйді, «Жалған-ай», «Қайран бауырларым», «Аман бол, амал қанша», «Сағыныш», «Ханшайым» әндерін қалдырған Аққыздың Дина Нұрпейісова сияқты аты шығып, неге даңқы дүркіремеді деген сұрақ туындайды. Аққыз туралы баспасөз бетінде алғашқы болып Жарқын Шәкәрім үн қатты. Кейіннен көрнекті ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек күйші әжемен кездесіп, әңгімесін жазып алған. 1977 жылы Алматыға алдыртып, қалың қауыммен кездестірген.
Күйші, музыка зерттеушісі Уәли Бекенов ол жөнінде де­рек­терді «Күй табиғаты» кіта­бына енгізді. Қазір Аққыздың шығармашылығын белгілі күйші, өнертанушы, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай індете зерттеуде. Аққыздың бірнеше күйін нотаға түсіріп, баспасөз бетінде күйшіге қатыс­ты мәселе көтеріп жүр.
«Аққыз қазақтың күй өнерінің шоқ жұлдызы, оның дәргейі, күй анасы Дина Нұрпейісовамен барабар, қазақ қызының басындағы трагизм екі күйшіге де ортақ. Дина күйлерінің қоңыр үні қамкөңіл қазақтың намысын жаныды, жігеріне жігер қосты, замананың тас емшегін жібітті. Аққыз болса қазақ даласының мәңгілік еркіндігін жырлады, оның жүректің қылын шертетін сырлы шертпелері сахараны азат сазбен тербеді, әндері елдің мұңын қозғады» дейді Жанғали Жүзбай.
Алайда кеңес заманында Ақ­қыздың өнерінің өрістеуіне, күйлерінің жалпақ жұртқа танылуына бірнеше себептер кедергі келтірді. Атап айтар болсақ, оның қуғын-сүргінге ұшырап, айдалып кеткен байдың ұрпағы болуы, кеңестік кезеңнің «жарқын» сая-сатына күйлерімен үн қатпауы, шығармашылығын еркін, бойын­дағы өнерді таза ұстауы көп жерде атын ататқызбады. Тіпті, оның айдалаға барып, елден жасырынып отырып күй тартқан кездері де болды.


МУЗЫКА МАМАНДАРЫНЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ


Бір қызығы, Аққыз Әбікен Хасеновпен түйдей құрдас болса, шәкірті Мағауия Хамзиннен тура отыз жас үлкен. Үшеуінің де мерейтойлары осы жылға дөп түсіп тұр. «Аққыз – сыршыл, Әбікен – ойшыл, Мағауия – сөзшең. Үшеуі біріге келгенде, Арқа күйшілік мектебінің барлық қыр-сырын ашып тастайды» дейді Жанғали Жүзбай олардың өнердегі ерекшелігі жөнінде.
Өнертанушы Аққыз есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында бірнеше ұсыныстарды айтады. Соның ішінде атына көше мен өнер ошақтары берілсе екен деген тілегі де бар. Ұсыныстары әбден орынды деп ойлаймыз. Мұны Жарқын Шәкәрім де қолдап: «Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды қаласында Аққыз Ахметқызының атына көше берілсе; Қарағандыдағы ма­ман­дандырылған музыка мек­теп-интернатына Аққыз Ахмет­қызының есімі берілсе және мектеп алдына кеуде мүсіні орнатылса; Аққыз Ахметқызы атындағы Республикалық шертпе күйшілер байқауы дәстүрлі түрде ұйымдастырылса» дейді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Ақтоғай ауда­нының орталығында Аққыз Ахметқызының атында бала­бақша жұмыс істеп тұр. Онда баратын балдырғандар Аққыздың рухында тәрбие алып жатқанына сенеміз. Кім біледі, сол жерден ертең Аққыз Ахметқызы, Күләш Байсейітова сияқты қазақтың ән мен күй өнерін асқақтататын өнерпаздар түлеп ұшатын шығар.
Ал биыл күйшінің туған жерінде 120 жылдық мерейтойы атап өтілмекші. Осыны Аққыздың немересі Болат Тәкішев сүйіншілеп отыр. Десек те, мұны аймақтық деңгейде ғана қалдырмауға тиістіміз деп ойлаймыз. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» демекші, Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі бұдан да көп уақытқа созылатыны белгілі. Сол кезде Аққыз Ахметқызының, Әбікен Хасеновтің, осыдан тура жарты ғасыр бұрын Канадада қазақ күйін шалқытқан Аққыздың шәкірті Мағауия Хамзиннің есімдері мен өнері ескерілсе, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз.


Аманғали ҚАЛЖАНОВ


astana-akshamy.kz



Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...