COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама панде...
Халқының тарихи санасын оятқан жазушы
Бүгін қазақтың ұлы жазушысы Ілияс Есенберлиннің туған күні. Күллі ғұмырын қазақ әдебиеті мен тарихына арнаған классиктің өмірі жайлы шағын мәлметтерді ұсынамыз.
Ілияс Есенберлин
Ілияс Есенберлиннің туған жері
Ілияс Есенберлин 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы Атбасар қаласында туған. Әкесі ағаш шебері болған. Бірақ өмірдің қиындығынан алдымен әкесі, содан соң шешесі қайтыс болып, інісі Раунақ екеуі жетім қалады. Туыстары Раунақты асырап алады да, Ілияс жетімдер үйіне түседі.
Сол уақыттағы елімізді жайлаған аштық кезеңін басынан кешіреді. Көп ұзамай жетімдер үйі жабылып қалғандықтан, туыстардың үйінен мектепке қатынап оқиды. Мектепте жүргенде-ақ қабырға газетіне өлеңдері жарияланып, әдебиет, химия, физика, сызу, математика, бейнелеу өнері сабақтарын қызығушылықпен оқиды, алуан түрлі ертегі де шығарады. Мектепті тамамдағаннан кейін, жұмысшы факультетіне қабылданады. Жоғары оқу орнына түсуді армандаған Ілияс Алматы қаласындағы Қазақ тау-кен металлургия институтына түсіп, оны 1940 жылы бітіреді. Жезқазғанда жұмыс істеп жүріп, әскерге шақырылады. Әскери борышын өтеп жүргенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, әскерге алынып, майданда ауыр жарақаттанады.
Жазушының өмір жолы
Ілияс Есенберлин 1944 жылы Алматыға оралады. 1947-1951 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры қызметін атқарады. 1937 жылы атылып кеткен Хамза Жүсіпбековтің (әділет халық комиссары болған кісі) қызына үйленгені үшін қудаланып, 1951 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері ретінде өтейді.
Ақталып келген соң, 1953-1954 жылдары ҚР Геология министрлігінде аға инспектор, 1954-1955 жылдары Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы болды. 1955-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, 1958-1967 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасының директоры қызметтерін атқарады. 1971-1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болып істейді.
Ілияс Есенберлин қандай шығармалар жазды?
Құнды әрі көлемді туындыларымен танымал болған І.Есенберлин шығармашылық жолын ақын ретінде бастаған. Оның қаламынан «Адамгершілік жыры» атты өлеңдер жинағы, «Большевик туралы жыр», «Біржан сал» трагедиясы, «Адам мәңгілік», «Сұлтан», «Айша» деп аталатын поэмалар туды. Сондай-ақ қырықтан астам әндердің сөзін жазған. 1960 жылдардан бастап, жазушы проза жанрына көшті. Алғашында оның «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» повестері, содан кейін «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар» атты көлемді романдары дүниеге келді. Ілияс Есенберлин жалпы саны 16 роман жазған.
Қаламгер «Таудағы тартыс» пьесасымен драматургия саласына да атсалысып, К.Д.Ушинскийдің «Әңгімелері мен ертегілерін» (1945 ж.), М.Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған «Қызыл дария» романын (1956 ж.) қазақ тіліне аударды.
Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының негізін салған жазушылардың бірі. Бұл туралы өзі: «…осы шығармалардан кейін тарихи тақырыптарға көштім. Өйткені көп жылдан бері көкірегімде жүрген арманым болатын. Жалпы алғанда «Көшпенділер» атты трилогияға кірістім. Оның алғашқы кітабы – «Алмас қылыш», содан кейін «Жанталас», «Қаһар». Бұл трилогиямның өзі маған оңайға түскен жоқ. Жиырмаға таяу жыл өмірімді алды…», – деп жазған.
Ал жазушы Нұрдәулет Ақыш: «Алғашқы кітаптың мазмұны – ХІV–XVI, екінші кітаптікі – ХVII–XVIII ғасырлардағы, ал үшіншісінің мазмұны XIX ғасырдағы қазақ даласында тарихи тұрғыдан елеулі орын алған оқиғалардың соқталы дегендері жайында әңгімелеуге құрылған. Алғашқы кітап «Алмас қылышта» қазақ халқының халық ретінде ұйысуға қам жасап, бір замандарда Шыңғыс хан құрған алып империяның сілемдері Ақ орда, Көк орда сияқты құрылымдардан тәуелсіздік алуға ұмтылуы, сөйтіп өз алдына ел болу жолындағы тағдыры сөз болады.
Үш кітапта аттары аталатын тарихи адамдардың саны қыруар және олардың басым бөлігінің көркем туындыда көрінуге тиісті қырлары, яғни мінез-құлқы, ой дүниесі, дүниетанымы, сыртқы-ішкі портреттері, психологиялық ерекшеліктері бірсыдырғы жақсы ашылған», – деп жоғары баға береді.
І.Есенберлиннің ХV–ХІХ ғасырлардан тарихи сыр шертетін «Көшпенділер» трилогиясы – 30 жылдың ішінде 50 рет басылып, жалпы тиражы 3 млн данадан аса шығарылған және әлемнің 30 тіліне аударылған құнды шығарма. Ол 1982–1983 жылдары ХІІІ–ХV ғасыр аралығындағы халқымыздың тарихын баяндайтын «Алтын Орда» трилогиясын жазды.
Ілияс Есенберлин – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сондай-ақ «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орден, медальдарымен марапатталған.