Серікжан Қажи. Желтоқсан жаңғырығы

ӘДЕБИЕТ
2602
Қарсылық

Баллада

«...Көшеге екеуміз бірге шығайық. Сені біреу қолымен нұқыса, сол арада мен өзімді –өзім отқа өртеп өлемін...» Жазушылар одағында өткен кездесуде классик жазушы Сафуан Шаймерденовтің «қаңғып келген шүрегей» Колбинге айтқан сөзі.

Тентек дедің, телі дедің ұлымды,
Қыздарымды тексіз дедің,  бұрымды.
«Ұлтшыл» дейсің күйе жағып қап-қара,
Қазағымды, есіктегі құлыңды.

Құлың болып ғұмыр кештік, күн көрдік,
Еліктеумен мәңгүрттеніп үлгердік.
Бауыздайсың мақтаменен білдіртпей,
Тұяқ серпер танытпадық бір де өрлік.

Мәз болыппыз мақтағанға шен беріп,
Сайқал саясаттарыңды жөн көріп.
Арамызға отты жағып пенделік,
Ен байлықты тасып жаттың, өңгеріп.

Босағамда өзім қалып, төрге оздың,
Бас еркім жоқ, бодандықты сезген кім?!.
Ұлтым деген ұлыларды жалмадың,
Жеті басты жалмауызсың,  кез болдым.

Тағдырым деп, талауыңа көнген ем,
Кеудем толы ащы запыран, шер кенен.
Жұбан ақын кеше ғана жырлаған,
Мен қазақпын,  азабы жоқ көрмеген.

Сөздеріңе бар еркімді еріткен.
Алданыппын, иланыппын сеніп мен,
Жас ұрпағым сұрақ қойды жасқанбай,
«Егеменді ел болмаймыз неліктен?!».

«Неге дейді, жалын шашып жанары,
Таптамақ па озбырлардың табаны.
Шындық үшін отқа біздер түспесек,
Болашақтың мойнымызда обалы?!.»

Жас ұрпағым қуатты отты, жігерлі,
Дүр сілкінтті ұйқыдағы бұл елді.
Бақытты екем, тұлпар шықты құлындар,
Тура сөйлер туған екен күн енді...

Ұлтшыл дедің, нашақор деп, бұзық деп,
Қан жоса ғып жазаладың тізіп тек.
Ұрпағыма қарсы қойсам дейсің бе,
Мәймөңкелеп, көрсем - ау деп «қызық» көп.

Басымда шап, тілімді кес  мен көнбен,
Намысымды оятты олар жерленген.
Желтоқсанның көргенше бұл қырғынын,
Шыққыр жаным шығып кетсе кеудемнен...

Шығып кетсе бұл мінбеде, ырзамын,
Көңілімда астан-кестең бір дауыл.
«Сені адасқан шүрегей» дер, жас талант,
«Бұқа мойын» басыңды бұр, тыңдағын.

... Жастарыма кол көтерме, ұр мені,
Маған «сыйла» олар жатқан түрмені.
Жаңа алаңның сүңгі мұзын еріткен,
Өшпек емес от жалынды үндері.

Ұстап енді тұра алмассың бұғаулап,
Жезөкшедей алдағың бар бұлаңдап.
Жастарымның жасымасын жігері,
Қолдаса екен бабаларым – ұлы Аруақ.

Қабағыңнан шашпа ызғар сен төніп,
Көз қадама жек көріп те, жеркеніп.
Алаңға шық, сені біреу нұқыса,
Сол арада кетем жанып, өртеніп...

Алаңға шық, адал жүрек жан болсаң,
Жалған айтсам өкінбеспін жанды алсаң.
Алау болып жанып жатыр сол жерде,
Мәңгі сөнбес Намыс оты аңғарсаң.

... Мінбесінен түсе берді өр адам,
Атақ даңқы алты Алашқа тараған.
Алаң жаққа бағыт алды залдан тік,
Өне бойы өртеніп ыза,  жаладан...

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...