Қазақстандық боксшы Садриддин Ахметов кәсіпқой бокстағы өзінің тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді, деп...
«Қазақ газеттерінің» Бас директоры болып Дихан Қамзабекұлы тағайындалды
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желіде мәлімдеді
«Алматыдағы сапарым барысында жуырда ғана қайта құрылған «Қазақ газеттерінің» ұжымымен кездестім. «Қазақ газеттері» мен «Егемен Қазақстан» ЖШС-ның бірігу жұмыстары сәтті аяқталды. Сондықтан «Қазақ газеттері» деп аталатын құрылым өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты деп айта аламыз. Жаңа құрылым жаңа ғимаратта жұмысын бастады. Ұжым қызметкерлерінің жалақысы, қаламақысы мен сыйақысы да өсті. Алда атқарылатын жұмыс көп», деп жазды.
Осындай өзгерістерге байланысты ендігіде «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Теңге монитор», «Ұйғыр авази», «Үркер», «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» басылымдары бір шаңырақтың астында қызмет істейді.
«Екі ұжымның бірігуіне орай «Қазақ газеттерінің» Бас директоры болып академик Дихан Қамзабекұлы тағайындалды. Сондай-ақ белгілі журналист Думан Анаш «Қазақ газеттері» бас директордың орынбасары – Алматы филиалының басшысы, Ерлан Жүніс «Ана тілі» газетінің бас редакторы және Асыл Сағымбеков «Мысль» журналының бас редакторы болып тағайындалды. Ал талай жыл журналистика саласында өнімді қызмет еткен, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шамшидин Паттеев ағамыз жұмыстан босауға өтініш жазған еді. Ағамызға қажырлы қызметі үшін ризашылық білдіреміз», деді Дархан Қыдырәлі.
Сонымен қатар, министр өз өтінішімен қызметтен босаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қарымды қаламгер Қали Сәрсенбайға да алғыс білдірді.
Кездесу барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі «Дружные ребята» басылымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.