Жаз өтті бастан, қыс қалды дедім,Жерідің менен мүлде сен.Ғұмырым бірден қысқарды менің,Не үшін, не д...
Досым Омаров. Жан мен тән байланысы
7297
«Ғылым жолында жану мен шірудің түбі бір. Екеуі де әр нәрсенің құрауларын шешіп, ол бөліктерді таратуға себеп болады. Бірақ от жылдам шешеді. Жалыннан шыққан угольная кислота деген улы газ ауаға араласып кетіп, аяғында өсімдіктерге, сонан соң өсімдіктермен қоректенетін хайуандарға азық болып шығады. Сөйтіп жанған, шіріген денелерден шыққан иіс, жалындар да біржола жоғалмай, қайта айналып осы барлықтың ішінде бар болып жүреді». Осылай жан кеткен соң дене мүлде жоғалып кетпейтіні айтылады. Дене жерде топырақта шіріп және газ болып ауамен және ауамен араласып кетеді, не болмаса отқа жанады. Өсімдіктер отқа жағылса, кейде адам денесі де өртенеді. Үндістан тәрізді кейбір елдерде адам денесін отқа өртеп жібереді. Мұны кремациядеп атайды. Осылай өсімдіктер мен хайуанаттардың денелері қозғалатын жан иелерінің тамағы болып, ас қазанда қорытылып, кейде отқа түсіп жанып, не болмаса шіріп кетеді. «Ғылым жолында жану мен шірудің түбі бір» деп бұлардың барлығы түбінде тотығу процесі арқылы болатынын білдіреді. Дене шіріп, қоршаған ортаға тарағанда тәндегі элементтер ең жеңілінен бастап бірте-бірте тарайды. Әуелі адамның демі тоқталып, денеден ең нәзік элемент ауа кетеді. Қазақтың өлген адам туралы «Демі таусылды» дейтіні осыдан шықса керек. Сонан кейін келесі элемент от кетіп, дене суыйды. Табытқа түсіп, жерге көмілген денеден келесі элемент, су кетіп, дене кебеді. Дене шіріп, топыраққа айналады. Дене топырақтан жаратылды, ол осылай қайтадан топыраққа қайтады. Осылай дененің барлық элементтері жоғалмайды, олар басқа денелерді құрауға қатысады. Шығыстың ұлы ойшыл ақындарының бірі Омар Хайямның «Аяғыңды байқап бас! Басқан жерің де бұрынғы жан иесінің денесі болуы мүмкін» деген ойды білдіретін газелі де табиғаттың осы бір құбылысын ескертеді. Әрі қарай денеден жанның шығуы туралы айтылады.«Енді жанға қайта келейік: жан менің айтқанымдай, баста бар болып, тұрған денесі жарамсыз халге келіп, орын болуға жарамаған кезде, денеден шығады. Бірақ біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп, барлықтың ішінде бар болып жүреді. Мен бұл араға шейін жанның бірінен бірі артылатын қасиеттерін анықтап бөліп айтпай, бәрін де жан деп келдім». Кейбір ғалымдардың өлген соң жан денеден кетіп, жоғалып кетеді дейтіні айтылды. Бірақ Шәкәрім олай емес, жан біржола жоғалып кетпейді, дейді. Жан бір денеден екінші денеге келгенде құр ғана өзгереді. Бірақ біржола жоғалып кетпейді. Денеден шыққан соң ол белгілі бір уақыт аруақ болып нәзік әлемде болатыны айтылды. Бұл туралы Шәкәрім «Олай болса бір түрге түсіп, барлықтың (болмыстың) ішінде бар болып жүреді» деп отыр. Бұған дейін ойшыл жанның қасиеттеріне шеке тоқталмай, олардың барлығын жан деп келді. Енді оларды бір-бірінен айырып, әрқайсысына жеке тоқталып, сипаттарын береді. «Жан әр түрге түседі. Мәселен, инстинкт – сезімді жан, сознание – аңғарлық («аңғарарлық» болса керек – Д.О.) жан, мысль – ойлайтын жан, ум – ақылды жан дегендей әртүрлі қасиеттері болады. Бұлай әртүрлі болуы, менің ойымша, дене бітіміне, себептеріне қарай болады. Дене әртүрге түскен сияқты жан да өсіп, өніп, жоғарылайды». Ойшылдың осы сөздерінен көп нәрсені аңғаруға болады. Жан бір денеден екінші денеге ауысқан сайын ол жетіле береді. Яғни, оның материалдық әлемдегі мүмкіншілігі өсе береді. Жанның бұл өсуі оның материядан арылу барысын көрсетеді. Шәкәрім әуелі инстинкт туралы «инстинкт – сезімді жан» дейді. Инстинкт пен ерік бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан бұларға толығырақ тоқтала кетейік. Шәкәрім өзінің «Тауық неге шақырар сағат сайын» атты өлеңінде хайуанаттардың барлығын инстинкт басқаратыны туралы былай деп жазады. Нәпсі көзін байлаған адамзаттан, Айуан артық сезеді өмір жайын. Суыр неге қазады таудың сайын, Жаз жиып, қыстық азық қылар дайын. Қыс болса, шала өлерін қайдан білді, Деді ме азық жастап бір ұйықтайын. Сондай өмір келерін сезіп тұрған, Жан сыры ғой, сіздерге байқатайын. Жаңа туған жас қозы тамақ іздеп, Енесінің емшегін тапқандайын. Ұядан ұшқан үйрек бізді алдайды, Далбырлап қанат қирап жатқандайын. Жайын аңдар үйірге қарамайды, Есептемей туатын мезгілді айын. Қысты жердің қояны күзді күні, Дей ме әдейі қардай боп ағарайын. Көгалдағы шегіртке жасыл болып, Көрдің бе қырдағысы қоңырқайын. Осылар өзін-өзі жаратты ма, Жауымнан түсіммен деп құтылайын. Осындай тағдыр сырын қуа берсең, Түпсіз терең сондықтан тоқтатайын. Ғылымда мұны соқыр сезім дейді, Мұны айтқан ғылым соқыр, өлдә, оңбайын. Меңіреуден мақсұт, білім шығады деп, Бүтін әлем айтса да, мен нанбайым. Бұл өлең болмыстың жаратушысы соқыр сезім емес, есті Жан екенін дәлелдейтін және ол есті Жанның әлемді қалай басқаратынын көрсететін шығармалардың бірі. Табиғаттағы жан иелері Ғазиз жанның салған заңдылығынан шықпай, үйлесімді өмір сүріп жатыр. Бірақ, сансыз көп жан иелерінің арасында осы заңдылықты бұзатын өмірдің бір көрінісі бар. Ол – адам баласы. Адамнан төмен тұрған хайуанаттар да, одан жоғары тұрған періштелер де болмыс заңдылығын бұзбайды. Әлемнің бұл заңдылығын тек қана адам баласының бұзатын себебі неде? Бұл сұрақтың жауабын Шәкәрім ілімінен іздеп көрелік. Барлық өмір көрінісі жан мен тәннің өзара байланысынан шығады. «Басында жан мен дене екі басқа» дейді осы атты өлеңінде Шәкәрім. Рухани болмыс пен материалдық болмыс екі басқа болса да, олар бір-бірімен тығыз байланыста. Екеуінің байланысы адам баласының ғана емес, бүкіл әлем өмірін құрайды. Жан адамның денесін құрастырып, оны басқарады. Жанның ықпалымнен Адамның ешқандай да қатысуынсық-ақ оның денесінің барлық органдары мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Жан сонымен бірге адамның рухани өмірін де басқарады. Өмірдің түпкі мәнін іздеуді, оған жетілу жолын осы жан басқарады. Себебі, жан құмары – рухани байлық. Оған тән тек қана осы мақсатқа жету үшін ғана керек. Жанның мақсаты – тәнді құрал ретінде пайдаланып, түпкі мақсатқа жету. Адам көңілін жан басқарғанда ол Ғазиз жанның ықпалынан шықпайды, Соның еркінде болады. Яғни шыбын жанның ниеті Алла тағаланың ниетімен біріккен, ондай жанда Ғазиз Жанның еркінен басқа ерік жоқ. Бұл жанның рухани әлемдегі қалпы. Фәни өмірде кім болса да Құдай десе көңілі елең ете қалып, іштей сезініп, жан ықпалына бағынып отырады. Сондықтан өмірде «Құдай жоқ» дейтін адамдар өте аз. Инстинкт дегеніміз, міне, жанның осы ықпалы. Қарапайым өмірде жанның ықпалын ешкім елемейді де, бұл туралы ойламайды да. Себебі бұлар өзінен-өзі, адамның ақыл-ойының қатысуынсыз болатын құбылыстар. Осыдан инстинктің не екенін білуге болады. Инстинкт дегеніміз – жан иесін оның жанының басқаруы. Шыбын Жан Ғазиз Жанмен байланысқан, сондықтан инстинкпен өмір сүретін жан иелері қателік жасамайды. Қарапайым өмірдегі адам баласына өзіндік ақыл берілген, сондықтан ол ақылының ықпалына түсіп, жиі қателікке ұрынады. Хайуанат әлемі олай емес, оның ақылы әлсіз болып, басқара алмағандықтан, инстинкпен өмір сүріп, қателік жібермейді. Адам табиғат заңдылықтарын жиі бұзатын болса, хайуанаттар ешуақытта бұзбайды. Шәкәрім әрі қарай «сознание – аңғарарлық жан» деп сана туралы айтады. Бұл жанның аңғарып, танитын қасиетін көрсетеді. Сана жанның айырылмас қасиеті екені туралы жоғарыда сана-сезімнің түрлі деңгейлері талданғанда жазылғандықтан, бұл арада оған тоқталмаймыз. Жанның әуелгі таза күйінде оның рухы мен санасы Ғазиз Жанның рухы мен санасындай таза. Шәкәрім «мысль – ойлайтын жан, ум – ақылды жан» деп ой мен ақылдың да жанмен байланысты екенін білдіреді. Ой ақылдан шығады. Жан ақылымен миды пайдаланады. Фәни әлемде ми ақылдың құралы. Бұл туралы Шәкәрім «ақылдың түбі жүректе, басы – мида» дейді. Адамның ақылы дұрыс – Шәкәрімше ақыл сау – болу үшін, жүректің тазалығы мен мидың жақсы істеуі керек. Бұл екеуінің біреуі кем болса, онда ақыл толық болмайды. Ақыл адам өмірінде өте үлкен рөл атқарады. Ми нәпсі құралы, ал жүрек жан құралы. Сондықтан, ақыл осы екі құралдың қайсысын пайдаланады, соған байланысты адам іс-әрекеті әрқилы болады. Ақыл миды пайдаланып, ойы нәпсіге ауысқанда, ол нәпсі құмарынан шыға алмай қалады. Ал жүректі пайдаланып, соның ықпалына түскенде жоғары адамгершілік қасиеттер көрсетеді. Сондықтан, Руми сөзімен айтқанда, адам баласы бірде хайуан деңгейіне құлдыраса, бірде періште деңгейіне көтеріледі. Қарапайым адам осы екі ортада. Осының барлығы адамның өзінің еркіне байланысты. Ал ерік дегеніміз не? Бұл сұрақтың жауабын тән мен нәзік болмыстың байланысы береді. Материалды болмыстың құмары жан құмарынан бөлек. Адамның ақыл-есі материалды, сондықтан, олар жан құмары емес, тән құмарына көңіл бөледі. Осылай адамның көңілі тән құмарына ауып, оның көңілі Ғазиз Жанның көңілінен алшақтайды. Өзінің шексіз мейірімділігімен Ғазиз Жан бұған бөгет болмай, шыбын жанның көңіліне ерік береді. Осылай фәни әлемде ерік пайда болады. Адамның көңілі жан құмарына ауғанда оның еркі болған жоқ. Себебі, шыбын жанның көңілі Ғазиз жанның еркімен біріккен, оған толық бағынды. Бұл – ерік емес, Ғазиз жанның ықпалы болып табылатын инстинкт еді. Ғазиз Жанға толық берілген адам жан ықпалымен әрекет етіп, инстинкті түрде Ғазиз Жанмен бірге. Ал тән құмарына берілген адам өз көңілін өзі өзгерте алады. Бұл – оның еркі. Сонымен, фәни әлемдегі ерік дегеніміз – материямен былғанудан туатын адамның жан құмарын ұмытып, тән құмарына берілу қасиеті. Бұл туралы Шәкәрім көңіл туралы жазылған өлеңдерінде анық білдіреді. Бұларға адамның психологиялық терең өзгерістерін көрсететін «Басында жан мен дене екі басқа», «Баяғыда жас бала едің сен», «Білгенімді жазушы ем», «Қасыңа қылыш қайратқан», «Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді де», «Мен адамның таппаймын өнерлісін» тәрізді өлеңдерін жатқызуға болады. Материалдық әлемде тән әсері үнемі басым болады. Материалды болғандықтан адамның ақыл-есі жан әсерінен басым болып, ол инстинктке жол бермейді. Сондықтан көпшілік жағдайларда жүрек арқылы берілген инстинктке көңіл аудармай адам баласы көптеген қателіктерге ұрынады. Ақыл шектеулі болғандықтан, ол болмыстың барлық шырғалаңдарын дұрыс шеше алмайды. Ал жан қателеспейді. Себебі, ол білімге толы және Жаратушының ықпалынан ешуақытта да шықпайды. Өкінішке қарай жүректің былғанып, ақылдың ауруға шалдығуынан біз көбінесе инстинкті сезе алмаймыз. Инстинкт адам өмірінде үлкен орын алады. Адам денесіндегі көптеген процесстер мен оның адами қасиеттерінің барлығы да инстинктің әсерімен болады. Адамның адамға, қоғамына, отанына деген сүйіспеншіліктері және психологиялық құбылыстарын инстинкт басқарады. Ешкім де «Мен патриот болайын», не болмаса «Мен баламды жақсы көрейін» деп ойламайды. Бұлардың барлығы жаннан шығатын инстинкт сезімдер. Инстинкті заттық ғылым «соқыр сезім» деп атайды. Мұндай шолақ ойға Шәкәрім «Мұны айтқан ғылым соқыр» деп кесіп айтады. Ақын өлеңінде көрсетілгендей, жан-жануар алдағыны қалай болжап, сондай өмір келетінін қалай біледі? «Сондай өмір келерін сезіп тұрған, Жан сыры ғой, сіздерге байқатайын» деп ойшыл барлығы Ғазиз Жанның ықпалымен екенін білдіреді. Бұл бүкіл болмыс мақсаты – Бір Алла тағаланың разылығы үшін болу. Ендеше болмыстың бір бөлігі болып табылатын адамзат мақсаты да Алла тағаланың разылығы үшін болу керек. Бірақ, өздеріне берілген азғантай ерікті сол берілген мақсат үшін пайдаланбай, кейбір адамдар бұл ұлы мақсатты ұмытып, өздерін нәпсілеріне билетіп, ләззатты тек қана нәпсі арқылы алуға ұмтылады. Осылай Шәкәрім сөзімен айтқанда «Нәпсі көзін байлаған адамзаттан, Айуан артық сезеді өмір жайын»дегендей жағдай туады. Нәпсіге жол бергендер өз еріктерімен болмыс заңдылығын бұзып, айуан жасамайтын қылық жасап, Алла тағаланың шапағатынан айырылады. Сол себептен де олар «өздерінің жейтін нандарын аққан термен» табады, яғни өмірдің сергелдеңіне түседі. Жүректегі Ғазиз Жан әмірімен өмір сүретін хайуанат әлемінде бұндай мәселе жоқ. Олар тіршілікте қателік жібермейді және болмыс заңдылығын да бұзбайды. Сондықтан оларда күнә жоқ. Себебі, хайуанаттар әлемінде ақыл әлі төмен, әлсіз. Әлсіз ақыл жанның ықпалын жеңе алмай, тәнді жан басқарып, тән еріктен айырылады. Сондықтан, хайуанаттар әлемінде ерік жоқ. Олар толық инстинктке бағынады. Бұл оларға болмыс заңдылықтарын бұзбай, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге мүмкіндік береді. Хайуанаттар табиғат апаттарын, қоршаған ортаның өзгерістерін адам баласынан артық сезініп, кезінде олардан өздерін аман қалуға әрекет жасай алады. Осыдан екі-үш жыл бұрын Үнді-Қытай теңізінде болған үлкен толқын апатынан хайуанаттар аман қалған. Олардың көпшілігі апатты кезінде сезініп, тауға шығып кетіпті. Ал теңіз жағалауында шомылып жүрген адамдардың ешқайсысы да келе жатқан апатты сезе алмай, су астында қалып, апат болған. Сонда адамның хайуанаттан артықшылығы неде? Оның артықшылығы жанның өсуіне байланысты. Әрине, таза рухани жан өзгермейді, сондықтан, өспейді де. Бұл арада жан деп оның рухының материямен қапталған қалпы айтылып отыр. Осылай жан денеден денеге көшіп, материядан тазарып өскен сайын ақыл мен ерік күшейеді. Егер ақыл мен ерікті дұрыс пайдаланбай, нәпсіге беріліп кетсе адам инстинктің ықпалынан шығып кетеді. Сол кезде ол табиғаттың әділет заңдылығы қарымтаға ілігіп, зардабы басталады. Осылай адам табиғаттың екіұдайылық (орысша, двойственность) қасиетінің ықпалына түседі. Табиғат енді адамды осылай жақсы мен жаманның, рахат пен зардап, қуаныш пен қайғы арасына салып, оның жақсылығы үшін тәтті беріп еркелетіп, жамандығы үшін «қамшымен сабап», жазалап баланы тәрбиелегендей адамды адам етеді. Осылай ақыл мен еріктің пайда болуы жанның өсуін білдіреді екен. Бұлар адамды көп сынақтан өткізіп, оның санасын өсіріп, тезірек дамуына көмектеседі. Осылай адам тезірек Түп Иеге қайта алады. Ал инстинктпен өмір сүретін хайуанаттарда мұндай мүмкіншілік жоқ. Жан рухани әлемге, яғни, Алла тағалаға, тек қана адам өмірі арқылы ғана қайта алады. Адамның хайуанаттардан артықшылығы, міне, осында екен. Мұндай артықшылық тек қана адамда ғана бар. Сондықтан періштелердің өздері жерге келіп адам қалпында өмір сүру үшін кезекте тұрады, делінеді. Бұл деңгейге жету үшін жан эволюциялық дамудың ұзақ жолын өтуі керек. Жан төменгі деңгейден жоғары деңгейге сатылап көтеріледі. Ал өсімдіктердің өздерінің деңгейі мен даму сатылары өте көп. Оны Шәкәрімнің мына сөздерінен байқаймыз. «Өсімдіктегі жандар сезімді ғана. Мәселен, жылылықты сезіп, өніп, өсіп, суықтықты сезіп тамырына қашқаны сияқты. Бірақ оның ішінде де бір бірінен сезімдірегі бар сияқты. Өсімдік жайын жазған кітапта бір шөп бар. Ол ортасындағы балына қонған шыбынды тарауларының ұшындағы инетікендерімен шаншып, дәнін сорып, құр қабығын қалдырады дейді. Бұндай қасиеттің болуы бұл өсімдіктің жанының сезіп қана қоймай, сонымен бірге аңғарарлық қасиеті де барын көрсетуі емес пе? Аңғару, ойлау ерікті хайуанның бәрінде бар. Бірақ олардың да бірінен бірі есті, бірінен бірі шебері бар. Оны теріп жазбасақ та, әркімге белгілі. Адамның күйі сол хайуандардан аса есті болмаса да, толық терең ақыл адамнан шығады. Бірақ сол адам да табиғаттан шебер емес». Осылай адамның артықшылығы «толық терең ақыл» деп адамның хайуаннан артықшылығын баса көрсетеді. Адам өмірінде инстинкт пен еріктің арасын айыра біліп, қай сәттен инстинкт басталып, ал қай сәтте ерік билеп кететінін білудің маңызы өте зор. Мұны айыра білген адам өмірдегі көптеген зардаптардан аман қалады. Әрі қарай жанның мәңгілікті екені туралы дәлелдер келтіріледі. «Жан туралы тағы бір ой бар. Кейбіреулер су суға, топырақ топыраққа қосылып кеткендей жан жануарларға еніп, қосылып, араласып әбден былжыр сияқтанған соң, ол жан денелерден қайтып айырылып шыға алмайды дейді. Мен мұны саяз ойлағандық деймін. Себебі жанның денеден бөлек бар екеніне жаннан шыққан ерік, талап, ой, мақсат, сезім, білім арқылы көзіміз жетсе де, оның денелерге қосылып, бірігіп кетуіне ешбір дәлелім жоқ. Ол денеге қосылмаса керек. Және қосылады десек те, бөліну оңай. Мәселен, жаратушысы соқыр сезімсіз табиғат болсын, мейлі біліп жаратушы Тәңірі болсын, қайсысы жаратса да, жан жаралыс жолында денелерді бір-біріне қосып, неше түрге түсіріп, ол құрауларды қайта шешіп, негіздерді бөліп, онан неше түрлі қасиеттерді шығарып отырған жоқ па?» Адам өміріне керекті барлық қаситтердің жаннан шығатыны осылай деп тұжырымдалады. Соның нәтижесінде адам баласы неше түрлі табиғат сырларын танып, өзінің пайдасына асырып отыр. Шәкәрім адам баласын әрі қарай былай деп дәріптей түседі: «Шақпақ темір мен шақпақ тастан шыққан оттан бастап, электрия, радио құралына шейін ойлаңыз? Мысалы, су әншейін қарағанда бір-ақ нәрсе. Оның қаншасы водород, қаншасы кислород екенін біліп, соны айырып алып, керегіне жаратып, керек болса қайта қосып, су қылып отырған кім? Соқыр табиғат жаратқан адам. Басында газ қылып, онан соң сұйық, онан соң қатты дене қылып, ол денеден өлшеу сипаттауға келмейтін нәрселер, қасиеттер шығарып отырған соқыр, саңырау табиған, не біліп Жаратушы Тәңірі болсын, бұның барлығы мақсатсыз, ол былай қылмауы керек деп қандай ақыл айта алады?» Ойшыл жан мен дененің айырмашылығын тізе келіп, жанның артықшылығын, оның дене тәрізді уақытша емес, мәңгілікті екенін осылай көрсетеді. Жан тән тәрізді жоғалып кетпей, ол бірте-бірте жоғарылай береді. «Менің ойымша, жанның жоғарыда айтылған қасиеттерінің бір де бірі дене істеріне, дене қасиеттеріне тіпті ұқсамайтынына қарағанда, денеше бір бұзылып, бір түзелмей, бірте-бірте жоғарылауына қарағанда, келесі айналыста мұнан да жоғарылап, зор қасиетке ие болуы байқалады. Сондықтан, жоғарыда айтылған Дольн, Камиль, Фламмарион, Герберт Спенсер, Стуармель, профессор Фонтель сөзіндей сөзді тесе тексермей өте шығу жеңілдік болар». Бұл сөздер адам жетілу барысында заңғар биік рухани деңгейге көтеріле алады деген ойға келтіреді. Мысалы, адам баласы өзінің инстинктімен толық үйлесіп, хайуанаттар тәрізді қателіксіз өмір сүру деңгейіне жете ала ма? Бұл сұраққа «Әрине, жете алады» деп толық жауап беруге болады. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін рухани жолға түсу керек. Рухани жолда жан тазарып, рухани күш алып, санасы өскеннен кейін адамның ақылы рухтанып тән әсерін жеңе бастайды. Тазарудың жоғары деңгейінде жан материалдық былғаныштан толық арылып, өзінің алғашқы қалпын қайта алады. Осылай жан нәпсіні толық жеңіп, тән жанға толық бағынады. Мұндай адам Жаратушының ықпалына толық беріліп, өзінің үйіне, рухани әлемге қайтады. Бұлар – әулиелер. Сонымен, инстинкт дегеніміз фәни әлемде қоршаған ортаны пайдаланып, өмір сүру үшін жанның тәнге берген сезімі, әсері екен. Ендеше ол «соқыр сезім» емес, керісінше, жанның рухани қуатынан шыққан, нағыз көреген жүрек сезімі болып табылады. Тек қана сол рухани сезімге нәпсіні бағындыра біліп, өмірімізді жүрек сезімімен үйлестіре білуіміз керек екен. Сонда ғана өміріміз мінсіз болмақ.Жан иелерінің денесі табиғаттың тұрпайы және нәзік элементтерінен құралатынын Шәкәрімнің «Үш анығынан» білеміз. Олар жанмен біріккенде түрлі жан иелері пайда болады. Енді бұған кері құбылыс қалай болар екен? Яғни, пайда болған дене өлген соң қоршаған ортаға қайтадан қалай тарайды? Жан қалай өзгеріп, қайда кетеді? Шәкәрім енді осы туралы сөз қозғайды.