Дидар Амантай. Шынарды ойласам

ӘДЕБИЕТ
1573


Дидар Амантай

Әңгіме 

Таңертеңгілік мезгіл Қарқаралы тауларына қарай маңдай түзеп, баяу аяңдап, ілбіп кетіп бара жатқанымызда жан-жаққа тараған сүрлеу-соқпақтар біз білмейтін, жер мойны қашық белгісіз бір елді мекендерге қол бұлғап шақырып тұрғандай көрінеді. Күн нұры зәулім қарағайлар арасынан кедергісіз құлдилап өтіп, жалаңаштанып, жылтырап қаланып жатқан, жақпар-жақпар, қына, мүк басқан жалпақ тастар бетіне найзадай шаншыла қадалады. 

Екеуіміз түкпірде отырмыз. Күбір-күбір сөйлеcеді. Қимылдағанда, қызыл күрең шарап ыдыс ішінде қайта-қайта әлсіз қозғалады. Кейде, еңкейгенде ернеуіне дейін көтеріліп, түзелгенде, шалқасынан аударылып, ту сыртына құлайды, шыны қабырғасында қарайған бір дақ жоқ, жабысып тұратын тамшылар тайғанақтап барып, ыдыстан дастарқанға, дастарқаннан еденге тамады. Бір шоғыр даяшы тұра жүгіреді.

Күн құйып тұр. Қапырық. Тегі, аптап ыстық алқымнан алады. Әлсіз самал желге айналып, жел дауылдай күшейіп, топ қайың, көк терек жақ, өкпе тұстан, әредік бұрылғанда, орны ауысып, қапталдан соғып, ойдым-ойдым тоғай жапырағын, жасыл бұтақтарды баяу қозғап, биік-биік орман ағаштары әлсіз теңселгенде, жарық молынан түседі, бірақ, жықпыл-жықпыл торы тобылғы, қара қараған тізеден байлап, көк шалғын, торқа топырақ жол бөгейді. 

Шынар бокалын қолына алды. Ішіп жатып, қалт тоқтады. Маған қарады. Күлімсіреді. Кафенің төңірегі толқыған халық, сапырылысқан жұрт, ерсілі-қарсылы ағылып-төгіліп жатқан қалың нөпір. 

Қарағайлы орман іші шайыр иісі аңқиды. Әуелі танауыңды қытықтап, бойды сергітеді. Бірте-бірте өкпең ашылып, таза ауа жұтып, жұтынып шыға келесің.

Бағдаршамға тоқтаған көліктер тежеуішті басқан жерде алқынып дүрілдеп тұр. Қатар-қатар тізіле қалыпты. Жасыл түс жанған заматта, кафенің іргесінен ытқып жұлқып зымырай жөнеледі. Жазғы терраса жылжып-жылжып жалғызаяқ тротуар жолына шығып кетіпті. Кейде автомобильдер қаңғалақтап келе жатып, соғып, басып кете жаздайды. 

Сыңсыған ағаштың қалың жұпары кеңсірігіңді жарады. Бәрін түсінемін. Жарқ етіп келді де, жарқ етіп... жарқырап кетіп бара жатты. Дауыстап шақырдық, соңынан ердік. Қарамады. Ақыры – кетті. Көп уақыт өткені рас. Бір-бірімізді ұмыттық. Әлде ұмыта алмадық. Жарқын бейнесі қайта-қайта көз алдыма келеді. Кесе-көлденеңдеп кетпей қояды. Жер ортасынан астық. Ендігі әңгіме не? Бес күн жалғанда көрген қызық көрмегендей екен. Он сегіз мың ғаламда, Жер бетіндегі қысқа өмірде, аспан астындағы шағын мекенде, айтшы, қандай мағына бар, дүниеге келгеніміздің мақсаты не, бәрі өтер болса, түгел бекер десек, несіне тудық, шыбын жанымызды шырқыратып... тағдыр неге қинайды, қайтеміз, шаршап жүргеніміздің өтеуі, төлемі бар ма? 

Енді тымық. Орман іші бұйығы, пана. Әлсіз шулап тұрады. Серуеншілер тәртібі тастай берік. Уақыттан кешікпейді. Кант қалдырған өсиет.

Үнсізбіз. Көшелер алакөлеңке. Ымырт жабылды. Ақшам жамыраған кез. Қала кеші шулы, көңілді, ел көп. 

Жаз айы, ғарыш, жұлдыздар әлемі, балбырап әсем ұйқыға кетті – қараңғылық көз байлады. Бұрын түн болса, қуанышымыз қойнымызға сыймаушы еді. Көп күлетінбіз. Жаста қайғы бола ма? Қазір күлкі аз, есер шақ ес жиғызбай тез өте шықты. Көңіл ала-құла. Бірде жақсы, бірде жаман. Кафеден шықтық. Сөйлесіп келеміз. Мен кезегімді күтемін. Ол сұрақ қояды, алайда, үзіліс жасамайды, келесі сауалына көшеді, жауабы да керегі жоқ тәрізді. Өзі сөйлесе болды. Басқада шаруасы жоқ. Гаджеттер сөзіңді алысқа жеткізеді. Көпке апарады. 

Орман іші қараңғылана бастағанда кеттік. Қашық үйлерден, шағын ауыл терезелерінен от көрінеді. Шам жанып, төңірегіне жарық шашады. 

Ішім алай-түлей. Үйге қарай бет алдық. Сағынып қалдық па, сауық түні көңілді шабыттандырады. Неге қуанамыз белгісіз. Таңсық. Шетелде кафе-ресторандар ерте жабылады. Түн қыдырып, түнекте отырасың. Күні-түні істейтін кафе еш жерде жоқ, не алыс. Көшеде жүре тұрғымыз келеді. Үйге асықпаймыз. Жүрегіміз лүпілдеп, көңілімізді толқытады. Елжіретеді. Мен жаспын. Тымық ауа, көз үйіріліп келе жатқан мезгіл, жақсы көйлектерін киіп шыққан қала қыздары, ақжарқын, ақжүрек, аппақ. Тіпті, қарапайым, шынайы, күлегеш, біртүрлі қызық кеш.

Біз тақадық. Бәрі есік алдында жүр. Бүгін бір ерекше кеш, айт күндері елден кетеміз, бөтен жер, басқа қалаға ауысып, оқуға түсеміз. Әрине, туған жерді қимаймыз. Шулы қаланың жаңа қызығына тойған емеспіз. Бірақ, сағыныш басылмайды, өршіген сезім өткенді аңсайды, көңіліңді өрт шалады, күйініш пе, өкініш пе, қуаныш па, күмән көп. 

Ел іші жақсы, көрші-қолаң, ағайын-туыс бәрі тегіс бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласады, жан-жағымен жақсы таныс, етене жақын жұрт, төрткіл дүниеге туыс, кешігіп еске түсетін естеліктер өткен-кеткенді қопарады, қамауда жатқан сартап сағыныш ақыры сыртқа шығады, жылдан жылға күшейген, тереңдеген сезім тегеурініне шыдап отыра беру мүмкін емес, демек, естеліктер ескі мұңды қозғайды, бір басталса аяқталмайды, ашылған сыр сандықтың түбі жоқ, қаңғырлап сөйлей береді.

Бірақ, әредік, ауылда тұрып шаһарды сағынып, қалада жүріп елді аңсаған бозбала, бойжеткендердің көкірегіне шер байланып, көздеріне мұң тұнады.

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...