Жазушы Кемел Тоқаевтың «Таудағы жаңғырық» атты повестер жинағының топтамасы туралы пікір

ӘДЕБИЕТ
11651

Қолым жұмыстан қалт еткенде, әкемнің жазған дүниелерін компьютерге теріп жатқан жағдайым бар. Кеше әкемнің архивін ақтарып отырып, әдебиетіміздегі детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаевтың «Таудағы жаңғырық» атты повестер жинағына жазған рецензиясын тауып алдым. Рецензия дегеннен гөрі, сын мақала деуге келетін дүниеде ол шытырман оқиғалы проза мэтрінің творчествосын жоғары бағалапты. Енді осы көлемді мақаланың бір үзігін әлеуметтік желідегі достарымның назарына да ұсынғанды жөн санадым.

ЖАЗУШЫ КЕМЕЛ ТОҚАЕВТЫҢ «ТАУДАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚ» АТТЫ ПОВЕСТЕР ЖИНАҒЫНЫҢ ТОПТАМАСЫ ТУРАЛЫ ПІКІР.
 

Бүгінгі қазақ прозасының қамтымаған саласы жоқ, көтермеген жүгі жоқ, соған орай көркемдік деңгейі де кез-келген елдің әдебиетіндегі осы жанрдың озық, тәуір, кеуде қатарлас үлгілерімен терезесі тең түсіп жататын жағдайы бар деген пікір – қай-қайсымыздың да ойымызда, көңілімізде жүрген пікір. Өйткені, қазақ прозасының өрлеу шыңында Әуезов, Мүсірепов үлгілері, ал, тақырыпты қарпып қамту, көсе құлаштау жағынан Мұқанов мектебі тұрғанда – бұлай ойлауға біздің толық правомыз бар.

Алайда, кез-келген тәп-тәуір, шымыр да ширақ дамыған организмнің де қайсыбір мүшесінің бұлшық еттеріне күш түспей, қимыл дарымай, көзден таса қалып кешеулеу, кенжелеу ширап пісетіні тәрізді біздің қазақ прозасының да соған ұқсас салалары бар. Солардың бірі – деректі проза, деректі проза болғанда сол деректі прозаның ішіндегі – ең бір оқушыны әдебиетке көп тартатын талас-тартысты тағдыры көп, шындық пен сұмдықтың арпалыс айқасына толы, шалт шегіністерді, шебер шешімдерді қажет ететін шытырман оқиғалы проза. Ал осы сала – біздің қазақ әдебиетінде өте кешеу қолға алынған, кенже дамып келе жатқан жанр екенін екінің бірі біледі. Мұндай шытырман (приключенческий) оқиғалы шығарма жазу үшін біздің жазушыларымыз шығарманың өзегін, тақырыптың діңгегін негізінен күні бүгінге дейін милиция өмірінен, чекистер өмірінен немесе шекарашылар өмірінен алып жазып келеді.

Әдебиетіміздің осы саласын дамытуға бірден-бір еңбек сіңірген, оның бірсыпыра бейнетін өз мойнымен көтерген, (тіпті, шаңырағын қадап уығын көтерісуге ат салысқандардың бірі десек артығы жоқ секілді) соның арқасында мыңдаған оқушылардың ілтипатына тақырыбын тапқан жазушы ретінде көзі тірісінде ие болған марқұм Кемел Тоқаевтың осы салада айтарлықтай жұмыс жасап кеткені енді міне, оның творчествосына есеп бере қарағанда, қамқор көзбен, жанашыр ниетпен қарағанда айқынырақ байқалады.

Осы орайда ең алдымен айтарымыз жазушы Кемел Тоқаевтың бірсыпыра шығармасының басын біріктіріп баспадан қайта басылымға ұсынып отырған «Жалын» баспасының жанашырлық ниетін құптау керек дегіміз келеді. Жазушының көз жұмғанына көп уақыт өтпей-ақ немесе оның іздеушілері соңынан шырақ алып түспей-ақ, баспа кезінде өз оқушыларын тапқан, дөп тапқан жазушының қайта басылымын жеделдете шығарудың – екі түрлі жақсы сипаты бар.

Біріншіден, бұл жазушыға жасалған жақсылық, «өліге құрмет –тіріге құрмет» екенінің белгісі. Жазушы өлгенімен оның шығармаларының рухы өлмейді, ол өзінің шығармаларындағы ой-мүдделері арқылы, кейіпкерінің болмыс-бітімі арқылы жаңа ұрпаққа сіңіп, жалғаса береді. Кез-келген ел болған елдердің әдебиетке жаны ашуы – адам ретінде жазушыға ғана жанашуы емес, келешекке, ертеңгі ұрпаққа жанашырлығы болатыны сондықтан.

Үлкенді-кішілі жазушылардың әдеби мұрасына комиссия құрып, оған мемлекеттік маңыз беріліп жататыны сондықтан ғой. Ал, менің білуімше әдебиеттің кенже, кешеуіл қалған бүкіл бір саласының жүгін көтерген Кемел Тоқаев сияқты жазушыға әлі ондай комиссия құрыла қоймаса керек.

Мен бұл жерде жұрттың бәрі білетін бұл жағдайды білімділік танытайын деп айтып отырғаным жоқ, керісінше, «Жалын» баспасы қызметкерлерінің Жазушылар одағы жүргізетін жұмысты өз мойындарына жауапкершілікпен жеделқабыл алып кеткенін азаматтық іс деп айтып отырмын.

Баспа дәл осындай жағдайларда жоғарыдан нұсқау күтпей творчестволық инициативаны өз қолдарына, өз тізгіндеріне алуларына әбден болады екен-ау! Әсіресе, бүгінгідей жеделдету тұсында, өндірістік тәсілдер өзгеріп, жаңарып жатқан тұста жазушының беделі шыққан кітабының өткеніне қарай өлшенетін тұста Кемел Тоқаев сияқты оқылатын жазушының жерде қалмасы және белгілі.

Екіншіден, дүниеден көзі кеткен жазушының, енді қолына қалам ұстап, шығарма жазбайтын жазушының, бұрынғы оқушыларын жоғалтпас үшін, жаңа ұрпақ – жаңа оқушыларымен табысуына араға көп-көп уақыт салмай мүмкіндік жасау деген сөз – баспа мәдениетіндегі бірден-бір алғышарт, халық, оқушы қамын ойлаудың белгісі деп білу керек.

Сонымен жазушы Кемел Тоқаевтың біздің қолымыздағы төрт туындысынан тұратын «Таудағы жаңғырық» атты шығармалар жинағының қолжазбасы автордың жүздеген оқушыларының қолына жетуге моральдық правосы бар қолжазбалардың бірі деп есептейміз. Оның үстіне – жер-жерге командировкаға шығып, сол сапарларда кітап дүкендері мен кітапханашыларға соғып, оқушылармен сөйлесіп жүретін адамбыз. Кімнің кітабы өтіп, кімнің кітабы өтпей жатқанына көз салып жүретін пенде-жазушымыз. Сондай реттердің қай-қайсысында да Кемел Тоқаевтың кітабы өтпей жатқанын, оқушысын таппай жатқанын көрген де, естіген де емеспіз. Керісінше, «Кемел Тоқаев неге жазбай кетті?» деп сұрағандарды естігеніміз бар.

Ендігі айтар мәселеміз – қолжазбадағы шығармалар туралы болмақ....

Амангелді Кеңшілікұлы

author

Амангелді Кеңшілікұлы

ПУБЛИЦИСТ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...