Роза Мұқанова. Әдебиеті жоқ елдің киносы да, театры да болмайды

ӘДЕБИЕТ
1525

Саяси науқан әдебиетке де салқынын тигізді. «Әдебиет еш пайда әкелмейді, қып-қызыл шығын. Жазушы өз күнін өзі көрсін! Қаламақы деген не пәле?.. Ол кеңестік жүйеге тән идеология, шет елде қаламақы деген жоқ, ендеше бізде де қаламақы болмайды» десті.

Тәуелсіздікке, Азаттыққа ғасырлар бойы қызмет еткен ӘДЕБИЕТтің дәуірі ТӘУЕЛСІЗ ел болған сәтте осындай науқанның құрбаны бола бастады.

Асылында, ӘДЕБИЕТ арқылы ұлт өз тарихынан, салт-дәстүрінен айнымай, адаспай келген еді. Құны көк тиын болған соң әдебиет арзандады, беделі түсті. Әдебиет арнау жазатын арзан алаңға айналды. Біртіндеп әдебиеттен оқырман, театр мен кинодан көрермен ажырай бастады. Сырттан ағылып келіп жатқан өзгенің арзан таңсығына таңдай қағып, тойымсыздана сіміру белең алды.

Әдебиеттен қызғанған орынды өзгенің «өнері» жайлай жөнелді. Өзге мәдениет, өзге дәстүр сығалап келіп, сыналап орын алды. Енді төл мәдениетіміз босағада, өзгенің мәдениеті төрге озды. Халық ойбайлағанымен қолынан не келеді, руханиятыңыз құлдырағаннан құлдырап, шыңырауға кетті.

Кітап сататын дүкендер жекешеленіп, арақ-шарап сататын дүкендерге айналды. Баспа саласының жүйесі біржола жұтылып кетті. Авторлық қаламақыға «Авторлық қоғам» деген ие болды. 

Бұл қоғам АВТОРДЫҢ қаламақысын қандаладай сорып, соңғы бес жылда қара бақыр да төлемейтін болған. Күллі қазақ мәдениетіндегі шығармашылық тұлғаларының еңбегін (театр, кино, музыка т. б.) қаламақысын өз қызығына малданып үлгерді. Қазір «Авторлар қоғамының» төрайымын шырақпен іздесеңіз де таппайсыз. Бірақ АВТОРЛАР қаражаты аталмыш қоғамға әлі де толассыз құйылуда. Бұрын драматургтер ай сайын спектакльден түсетін 12 пайыздық қаламақымызды алып тұратын едік. Қазір қаражатымызды жасырып-пайдалану «ойыны» белең алған. Мұндай шектен шығу, заң талаптарының орындалмауы қоғамға кері әсерін тигізе береді. Шығармашылық тұлғалар тұралап қалғалы қашан... 

ҰЛТ ӘДЕБИЕТІ мен ӨНЕРІНЕ қолдау көрсетіп отырған «АМАНАТ» партиясы осындай олқылықты жөнге салар деген ҮМІТ бар. Себебі партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың көркем әдебиетті (проза, поэзия, драматургия) дамытудағы ықпалы жастардың қолдауына ие болды .

«АМАНАТ» партиясы бұл жолғы бағдарламасына АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ, АВТОРЛЫҚ ҚАЛАМАҚЫ қорғалатын заңның бастамашысы болса деген ұсынысымызды жеткізгіміз келеді.

Жаңалықтар

Шерзат Полаттың туыстарының құқығын қорғайтын адвокат Карина Көшербаева қанды оқиға болған түні дүке...

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Талғардағы Нұрымовтар әулетінің басындағы ауыр жағдайды Ішкі істер...