Галлюцинация Көз алдымда өлең отыр жанарына мұң тұнып,Қаламымның иегінде шұрқыраған жылқы үні.О...
«Бас» романы хақында
(РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВТЫҢ ӘЛІ ДЕ ЖАРЫҚ КӨРУГЕ АСЫҚПАЙ ЖҮРГЕН ТОСЫН ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ БІРІ)
("Мәдениет порталы" атынан хабарлама: жуырда Qazyna кітап үйі баспасынан Р. Отарбаевтың "Бас" романы өз елімізде алғаш рет тасқа басылып, жарық көреді. Осы игі істі қолға алған "Қазына кітап" қорының жетекшісі Алмас Шәйкен деген азамат.)
«Бас» романының басты мәселелерін саралау үшін сапалылау жаратылған бас керек секілді. Романның өн бойындағы сарындар, құрылымдық соны тәсілдер нақты әрі кесек. Басты кейіпкер Ноэльдің қолымен мүсінделген Махамбеттің мәлике басына қатысты сауалдар мен тұжырымдар сөз экспрессиясы оқырманды өзіне қарай сіңіре береді.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын, тарих ғылымының кандидаты
Шығарманың бояуы, жалпы әрі, үні, іздену тәсілі өте кіді. Мәскеуде білім алған антропологтың арманымен әбден тозығы жеткен күрек ізінің мұқалған жетесінен өрбитін ұлы күш қағаз бетіне тізіліп түсіп тұр. Суреттеудегі шеберлік, нақтылық пен көркемдік өз алдына. Тозаңын төккен Ай мен білтесі өлімсіреген өлі жұлдыздар сұлбасы сәтті сызылған. Роман бағытының әр алуандылығы, өте сирек кездесетін нәзік тапқырлықтар текті оқырмандарды бірден баурап алуы сөзсіз. Бейнетқор кейіпкер Ноэль көркем бейне емес, басқа бір психологиялық арнадағы кейіпкер. Көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін ішкі ағым. Әбден титықтаған ғалымның көне мен ежелгі ескінің аражігіндегі өтпелі ғұмыры өрімделіп жатыр. Мұндағы ішкі мағына мен мазмұндар иірімі ежелден келе жатқан таптаурын, жаттанды қалыптан әлдеқашан құтылып кеткен. Кейіпкердің өмірінде кездескен түрлі қайшылықтар роман желісінде ырғақпен сюжет, бейнелі кейіппен көрінеді. Емен есіктің тасасындағы отырған ақүрпек академиктің самайы мен желбезегінен көңілі қалған ғалымның көр басындағы әрекеті ой шақырады. Шағын тіл қатысулар… Ноэльдің қасындағы тершең Вова мен көмбіс Мәліктің өн бойынан психологиялық қозғалыстың көріністерін табуға болады. Сәтті шегенделген классификациядан байырғы еске сіңісті болмаған күрделі жайларды сезінесіз. Көне ғұрып, ежелгі дәстүр бойынша қамшысын үйіріп тебітіп жеткен қаңқа шалдың қабір басындағы жанайқайы қаңқудан гөрі тәуелсіз қайранға жуық құрылған. Біртүрлі еттаныс қылық.
Ноэльдің төлқұжатын қолына алған қазақ абызының қалтыраған қолы, жүйкесін жұлқылап оятқан «Жұмабай Шаяхметовтің» ескі есімі – шығарманың бағытын нақты айқындап беретіндей. Күдірден жым тартып, қиядан қиыстыра жол салған ауқымы кең ой жүйесіне қарай оқырманның ынтығы ауатыны белгілі. Осы заманауи шығармалардың ағымына сәйкес стильдік өзгешеліктің бір шеті «Бас» романы кейіпкерлерінің портретін анық әрі сенімді сызады. Байыппен саралап кейбір ала кіді жайларды шегіністер арқылы егжей-тегжейлі әрі қырынан көрсету – батыстық үлгі бойынша кербездік ағымына жақын. Шығармадағы «Бас» оқиғасы азды-көпті есті оқырманның жүрегіне майдай жағуы мүмкін. Айталық, шамалы шығармалардан біліне бермейтін оқшаулық немесе шығарманың архитектоникасы әсте әлсіремейді. Біз жоғарыда айтқан қаңқа қарттың монологы психологиялық біртүрлі қылығы автордың шебер интонациальдық түрлендіру, құлпырту арқылы құбылып жетіп жатыр.
Телефон шылдырынан кейінгі Венераның айқайы біртүрлі реалды, риясыз беріледі. Алайда, социалистік үлгінің реалистік қажеттілігінен тыс образ мазмұннан түрге қарай ұштаса түседі. Қалып пен монтаж жоқ, әр алуандылықтың қиысқан қисындары бармақтың табындай стиль көрінеді. Бір қызықтысы Герасимов атты жанашыр ғалымның қосалқы мазмұнмен ендірілген ерекшелігі қазақ шапанның қабуына қаюымен келіп қабысып тұр. Түске енген Махамбеттің бейнесі тарихи шегініс Елек пен Қобда, Еділ мен Жайық, Астрахан мен Теке оқиғаларынан аян береді. Пугачев көтерілісі тағысын тағы сол тақылеттес иірімдер аналитикалық, синтетикалық тәсілдерді қолдана зер салуды сұранып тұрғандай. Махамбеттің тұлпарының ізіндей нақты қолтаңба (почерк) тіл мен үн және түр тұтастығы жазушының дүниетанымының кеңдігімен астасып жататындығын көреміз.
Өмірді – Артур Шопенгауэр (1788-60) өз қиял патшалығы бойынша әлемдік қозғалыс, әлдебір күштің ықпалы немесе ұлы ирроциональды (irrationalis) құбылыстан іздейді. Біз де соған қарай емексиміз. Ендеше Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романының ерекше бір «ойын тәсілі» сәл ертерек қырағы қарастырылған шығарма секілді. Осызаманғы романдардың ішкі, тысқы сыр-сипатын ашатын өзіндік «кілті» (коды) алдымен ойластырылады. Айталық, метафизикалық уақыт өлшеміндегі оқиғалар мен метафизикалық кеңістіктегі күрмеулі айқындамаларды осынау «Бас»-тан іздеу тура. Логикалық тіптен логиканы онша қажет етпейтін қым-қуыт ізденістермен шым-шытырық оқиғалар желісінде ішкі иірімдер мен ілкі түйіндер ақайылданып жалғасын тауып жатады. Шарлай бересің, шарлай бересің. Тарих ақиқат тануға апаратын бір бағыт екенін сезінесің. Герменевтикалық (һегmeneutikos) үш таған қисын аясында бірдеңені сезіне алатын қуатымыз болса – Дәуреннің қолындағы аманат етілген Махамбеттің басынан уақыт пен кеңістіктің дәмін сезінетініміз қақ. Дүниеде «Бас»-тың сырын ашқан, яки бас туралы жазылған хикаяттар аз емес. Шығарманың ақыиесінің талғамы мен мәтіндегі қилы тылсымды игеру үшін оқырманның қырағы болуы аздық етеді. Оған қоса шартты түрде зейін, түйсік азаматтық ірі ұғым мен білім қажет. Егер біздің санамызда Зигмунд Фрейдтің психоанализмінің (phsykhоanalise) титімдей ғана болса да іздері санамызға түскен болса тарихи жағдаяттардың анық-қанығын түптеп қопарып біле салуымыз бәрінен де оңай.
«Моңғолдың құпия шежіресінің» (ары қарай «МҚШ» дейміз Р.С) 189-шы бабында бір керемет трагедиялық оқиғаны көрсетеді. «МҚШ» роман емес, шежіре. Шежіре емес роман секілді басталуы, аяқталуы, тууы, өлуі, қайта тууы бар тірі ағза. Мінеки, сонда Найман тайпасының Таян қағанның ұлы анасы Гүрбэсү хатын (Көрбеші ханым) былай дейді:
«…Уаң қағанның бас сүйегін әкеліп ақ кигізге әспеттеп қондырып «бағзы ханның басы еді, көпшілігі тәу етсін» деп мал айтып сойып, тасаттық рәсімін жасап, мадақ жырларын оқытады…». Көрбеші ханымның осынау әмірі мен әрекеті біртекті трагедиялық жағдаятты еске салады. Бір жағы – ұлықтау, ұмытпау болса, екінші жағы – ежелгі ханға деген өшпенділіктің ізі жатыр. Рәсімият соңырасында Уаң ханның бас сүйегі «күле бастайды». Қатты сасқан Таян хан бас сүйекті тепкілеп қиратып тастайды. Оны көрген Көкіші Саурық батыр: «…Мүрденің бас сүйегін кесіп әкеліп, мүлдемгі былайша масқаралауға болмас еді…» деп іс-әрекеттің соңын жаман ырымға жориды. «МҚШ»-ден Найман тайпасы дәуірінің бағы қайтып құлдырап, ыдырауы осынау анайы оқиғадан кейін жалғасын тапты деген жорамалдарды оқисыз.
«Нахудың көк шыңынан аяғы тайып, көшкін түскен жыныс орманның ағаштарындай бір-бірінің үстінен құлап, қирап қалды» деп Найман тайпасының басынан ұшқан бағын бейнелейді. Мұндай оқиғаны шежіредегі таңбалар бойынша романның өн бойындағы сюжеттердей қабылдауға болатындай. Уаң қағанның басын кесіп әкеліп ұлықтау ма, масқаралау ма, әйтеуір осы бір шектен шыққан әсіреастамшылыққа, күпірлікке саятын оқиға желісі қорқынышты. Рәсім – зімістан қыс айларында өткен. Әбден тоң боп қатып қалған Уаң ханның бас сүйегі отқа қыздырылып жібіген тұста ыржалаңдап «күле бастады» дейді.
Мінеки, осы жағдайды Көкіші Саурық батыр жаман ырымға жорыған сыңайлы. Әсіресе, Гүрбэсү (Көрбеші) ханымның: «Жемтіктің арам иісі, жиіркенішті кебіні…» деп ханның басын тәлкек етуін шежіреде анық сипаттайды.
«Бас» романындағы Мақатайдың бір өлең жолында:
«Дүниеге іңкәр болған жүзімді,
Топырақпен қалай көмдің мола ғып…», – деген пайым кездеседі. Ал одан кейінгі Айым мен Дәуреннің үрейін ұшырған Махамбет пен Жәңгірдің диалогы мүлдем бір басқа хикметтің бояуын қалыңдата түседі. Әсіресе, Махамбеттің «Еділ мен Жайықтың ортасында ешкімге есе бермеспін…» деген сөзі мен Жәңгірдің «Қалмақтың Үбіші ханы жоңғарға кері көшкен соң бос қалған екі өзен аралығын ақ патшадан қалап, сұрап алған кім?..» деген сауалы келтіріледі. Мұндағы екі ірі тұлғаның қиюластырылған ойлары аламан! Қазақтың жоғалтқаны, жаңғыртқаны, сайраны, болашағы мен болмағы осы екі сөзге түгелдей сыйған. Автор неліктен «Үбіші» туралы мәселені көтеріп отыр?
Сары діндегі Үбіші (Уваши) ұғымы асқан сәуегей, діни данышпан деген ұғымды білдіреді. Үбіші ханның қасындағы дін кеңесшісі немесе ханның миын жуатын, оған «ой қондыратын» сұмырай қисынгер. Мұнда Еділ мен Жайықтың сағасындағы тағдыр небәрі екі сөзбен ғана кестеленеді. Кесім, ашыныс, аяни ғұмырияты секілді, шырмауықтың желісі. Қазақтың қалжырағандағы «қабырғасымен тілдесуі». Беу, мұның қажеті қанша еді, деп сұрап қала жаздайсың? Шығарманың өн бойындағы түрлі ишараттар, ізденістер, ілкі іркілістер. Бірінен соң бірі шұбап өтіп жататын оқиғалардың арасынан өзіңді іздейсің. Ұлы Абайдың айтқан «…Көзіме жас бер жылайын…» хикметі секілді қым-қуыт тағдырлар түрені аяныш боп кеудеңе енеді. Қазақтың бары баршаға аян еді. Иә, Әл-Фарабиі әмбеге, Бейбарысының ізі Шам мен Самараға, Жалаңтөс баһадүрі өз түземінде, Шәкәрімнің басы құдықтың түбінде, Мұстафа Шоқайы жат топырақта, Сырым Датұлы сырғымалы өңірінде…
Иә, осылай іштей жылап, қиналып тұрған қазақтың үшбу бейнесі – Махамбеттің басын құшқан қалпында елестейді. Керзі етікті патшалық Ресей тірі Махамбеттің басына тіккен он мың күміс ақшаның бүгінгі құны айналып Ноэльдің қолымен, Герасимовтың ішкі тынысымен көркем шығарманың «көкірегінде» жанып тұр.
Махамбеттің ғазиз басы мен мамонттың қаңқасы қалған қайран дала көз алдыңа елестейді. Дала сөйлейді, жылайды, т.с.с.
Шығарманы бастан-аяқ сүзіп шыққан сәтте еңбектің құндылығынан да тыс мазмұнының өте қуатты сомдалғанын сезінуге болады. Автор аса шабытпен, еркін ойлау екпінімен қалам тербегенге ұқсайды. Шағын сюжеттерден ауқымы кең оқиғалар жүлге жүйесін зерлейді. Шәкене оқиғалардан ірі кескіндер жасайды. Құбылыстарды жан-жақты саралау арқылы көзге онша іліне бермейтін нәзік жағдайларға басқа бір жағынан қарай алатындығымен ерекшеленеді. Тосын жаңалық, тапқырлық, ерекше пішіліп кесілген қисындар тағы да сондай өрімдер мен қиыннан қиыстырылған суреттер көз алдыңда менмұндалайды. Шығарма егесінің көп жылғы тәжірибесі – романды сомдауға үлкен тағантас болса керек.
Ноэльдің бейнесі мен бедерлі іздері нақты әрі салмақты, сом. Ғылым жолындағы бейбақтың таза күресі, тағылымды тәсілі, сәттіліктер мен қайшылықтар көркем беріледі. Сөз саптауы мен таңдауы, тілдік қолданыс, диалектикалық тұжырымды талғамдар өз алдына бір төбе. Образдардың қимылы, характері, болмысы оймышты, бояулы. «Бас» романындағы уақыт, кеңістік, көркемдік ой жүйесі, көркем өрнектелген шешімдер жөнінде біршама ой қозғауға болатындай. Ең бастысы – жүйелі еңбек, қажырлылық, бейнетқор ізденіс нәтижесінде жатыр. Образдардың ішкі өңі, мән-мағынасы, құпиялары жөнінде де кең көлемде сараптар жазылуы керек-ті.
Кеңестік тәртіптегі керітартпа қылықтар. Мемлекетсіздік, мәңгүрттік, құлдық психология, төремінезділік, азғындық тақсыреттері романның өн бойынан көрінеді. Оқып отырып тіксінесің, өткен өміріңе, қоғамға өшпенділікпен қарайсың. Басы жоқ дене мәселесі әр тарихта, әр кезеңде өзгешелігімен сөз болады. Мысалы, Моңғолия қазақтарының басындағы зобалаңның бірі – 1912-14, 1922 жылдар аралығында болған Дамбийжанцанның қуғыны болса керек. Ол қазақтың белгілі зәңгілерінің бірі Ақынбек Тоқылұлының терісін тірідей сыпырған жендет.
Жа Ламаның өлімі туралы И.Ломакинаның «Жа Ламаның басы» (2005) кітабының 196-бетінде жазулы тұр. Сондай-ақ, Ресей барлаушысы Василий Сергеевич Кузнецовтің (1878-1929) Улаан Үдэде басылған «Жа Ламаның басы» (1993) атты еңбегінде де толығымен баяндалады. Сонымен Жа Ламаның (1862-1922) денесі жоқ басы 1925 жылы В.А.Казакевичтің (1923-24 жылдары Моңғолияға келіп жұмыс атқарған өренжі) қанжығасына байланып, Санкт-Петербургтегі Петр патшаның Кунскамерасына жеткізілген-ді. Қазірде Жа Ламаның басы туралы аңыздар қаймана халықтың жадысында сақтаулы. «Бас десе – құлақ» дейтін қазақтың басынан өткендері Рахымжан Отарбаевтың романында аса күрделі түрде баяндалады. Япырай-ә, неткен ұқсастық десеңізші!
Романдағы елес пен кей сарындар бірігіп жымдасып, белгілі бір бейнені сомдайтындай. Сарайшық қаласының құм жұтқан, су кемірген төбешіктері, сағым мен мұнар араласқан жұмбақ өңір. Бір жағы иен мекиен, екінші жағы күмістей аунаған Ақ Жайық. Табиғаттың таңғажайып жазиралы ұжымақи ұйығы. Тыныштықты жарып шыққан ақбоз атты кербез елес. Ақбоз сәйгүліктің төрт аяғы жерге тимей ұшып келеді. Күміс зерлі қалмақ ердің үстінде бассыз Махамбет! Ұшып келе жатқан ақбоз сәйгүліктің тізгіні шорт кесілген. Тізгіннің қиылуын автор – «кесілген» деген сөзбен ойнатады. Тәңірден әлдене тілегендей көкке созылған қол, ақбоздың сауырына ақынның мойынынан жылап аққан қан тамшылары… Бір қарағанда көзге оғаштау көрінетін образдардан шуақты бейнелер туындап жатады. Солай…
О, құдірет мұндай тосын суретті сәтті кескіндеген әлемдік сүгіретшілер ғана болар. Қасаң жүйедегі езілген қазақтың ежелгі бейнесін бұдан артық қалай сомдауға болады? Автордың күллі абыройы мен әбүйірі осы арада өрілген. Меніңше өрімнің түрі соны, түрінен мазмұны айырықша, мазмұнынан пәлсафасы жүз есе артық. Бояулар үндестігі сан қилы. Ат әбзелдеріндегі ең сәнді, құнды жәдігер – ер тоқым болса, автордың меңзеп отырған «қалмақ ері» тағы бір жаңалықтың басын қылтитып ашады. Бұл әрине, аса қуатты этнограф ғалымдардың көмегімен шыт жаңа тектелуі дұрыс кәрі ұстынның кебі.
Курт Воннегут (Kurt Vonnegut) есімді американдық әлеуетті жазушы бар. Оның «Бесінші қасапхана немесе жас жеткіншектердің крест жорығы» (Slaughterhouse five or the children`s Crusade) атты романы (1969) жарық көрген. Роман өте қызықты, көптүрдегі композицияға құрылған. Алайда, оның өн бойындағы оқиғалардың бәрі дерекке сүйенгендігімен өзгеше. Бастапқыда бұл романға күмән келтіргендер де табылған. Роман ба әлде басқа жанрдағы бірдеңе ме десе керек-ті. Роман «Бұның бәрі дәл осылай төл қалпында болған еді» деп басталады да, шиқ-шиқ етіп бір сауал қойғаны сияқты құс тілінде роман аяқталады. Роман оқиғаларының бел ортасында дәйім автордың көзқарасы позициясы дәлме-дәл анық көрініс беріп отырады.
Айталық, «Бас»-та Эрмитаждағы Кенесары ханның басы, бұдан кейінгі Жохар Дудаевтың тағдыры, тіптен Көкбазардағы сатылатын адамның қарақұсынан жасалған күл салғышқа дейінгі аса ауыр әрі бұлтартпас тағылымдар сабақтастығындай.
Образдардың контрастық ерекшелігі, монолог, диалог, ой ағыны сынды көркем құралдар өз алдына бөлек тақырып. Осынау жағымды және жағымсыз образдарды ашу арқылы анық аңғарылатын автордың жалпы стильдік өзгешелігі, дүниетанымдық көзқарасының ерекшелігі – оқырманға сыяпат. Тиесілісі – жастанып оқу, жүрекпен ұғу.
«Бас» романында алтынға бергісіз ақлах мол. Әр теңеу, әр салыстырудың өзі – көкірегіңнен күмбірі, құлағыңнан сыбыры кетпей қоятын сахи сөзге бай. Бір қайыра оқып шығу мүмкін емес. Қайта-қайта көз тоқтатып, көкірекке түймесең – түбін таппауыңыз анық. Оның бәрі романға әр үстіне әр беріп, нұрландырып жіберген.
Махамбеттің басына сұрау салып, жоғарыға хат жазған Құрақ шалдың бір сөзі көңілде жаңғырығып жатады. Әлсін-әлсін, еміс-еміс естілетіндей. «Бір миллион адам сыйған Алматыға Махамбеттің қу басы сыймады ма?», – дейді. Иә, Махамбеттің өзі де бір дәуірге сыймай кетіп еді-ау! Ау, бұл қазақта боз далаға сыя алмай қанша боздақ өтті?!
Батырдың бас сүйегін қазып алып, мүсінін жасаған антрополог Ноэль Шаяхметов те елге сыймай кетті. Бас сүйекті аманаттайтын адам таппай аласұрған Ноэль ақыр соңында қарауыл Дәуренге табыстады. Үлкендердің күдер үзіп, балаға сенім білдіруі – болашаққа деген үміт. Автор – Дәурен арқылы болашақты ақтап алып тұр. Болашақ – қай кезде де таза! Дәуренмен бірге бас сүйекке ие боп қалған Айым да – адалдықтың ақ қанатындай. Жалпы, шығарманың сапа-сойы – ұлттық рух, ұлттық тұтастықтың жан айқайы. «Ғазиз басымызға қылыштан басқа нәрсе бұйырмаған ба?» дейді Ноэль күйзеліп. Осы бір жалқыауыз сөзге жаның езілмесе қайтсін. Ішің өртенеді. Рас-ау, қазақтың небір аймаңдай ұлдарының басы қайда қалмады?! Хан Кененің, Кейкінің басы әлі де жат қолында жатқан жоқ па?! Қайтарсақ қане?!
Роман ұлтымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаумен қатар, адамзат тарихын қаузайды. Ноэль ұстазы Герасимовке еріп Америкаға барып, онда үндіс тайпаларының қорғанынан тапқан күміс тостағандағы жазуды Есік қорғанынан қазылған екінші жартысымен тақайластырғанда философиялық тұжырым шығады: «Сен де мендей боларсың, мен де сендей болғанмын…». Осы бір фраза адамзаттың тағдырын толғап тұрғандай. Шын мәнінде, адам өтеді. Уақыт жылжиды. Бәрі де кебін киеді. Кейде, тірілердің осыны түсінбейтіні болмаса…
Америкада қазба жұмыстарына қатысқан Ноэль үндіс Апачидің тарихына үңіледі. Отыз сегіз әскермен шайқасқа қатысқан Джеронимоның соңынан отыз бес мың әскер түсіп құрықтай алмаған. Кейіннен өзі барып генерал Нельсон Майлзға берілген. Сөйтіп, бір уыс халқының амандығы үшін өзін құрбан еткен. Алайда, басқыншы уәдеден таяды. Ақыры Апачи Сиэтл айлағында көз жұмған. Араға он жыл салып Апачидің басы қазылып алынады. Міне, тарих тарамдарында Адам басымен ойнау жиі кездеседі. «Адамның басы Алланың добы» ғана емес, адамның басымен адам ойнаған замандар өткені роман барысында сөз болады. «Исі мұсылманның жақсысы мен жайсаңы – тағдырың осы. Таңда да жұбан» деген жолдар Ноэльдің жанкүйзелісімен беріледі. Қорытындыда автордың жаны шырқырап:
«Заманында Рим папасын құрдай жорғалатып, қолынан сүйгізген Еділ патша қайдасың? Бейбарыс баба діні бөлек Дәуіт пайғамбардың зиратына атпен кірген жоқ па ең? Өзге жұрт екі бүктетіліп енер есіктің төбесін бұздырып. Еңкеймеймін, ер басымды имеймін деп! Қайда сол өршіл рух? Қайда сол бастар? Әлде баспен ойнау ойынын алдымен бастаған өздерің бе? Ендеше неге аяқтап кетпегенсіңдер?!» – десе қоса қиналмасқа шара жоқ. Бұл – мұсылман әлемінің зары. Бұл – жоқтау.
Қазақ топырағында жарық көруіне түрлі саяси ойындардың мүмкіндік бермеуінен бұл роман қазірде ағылшын, француз, неміс, қытай, түрік, орыс, моңғол, қырғыз тілдеріне аударылып, алды шетел баспаларынан жариялану үстінде.
Баспен ойнау ойыны аяқталған жоқ. Ол жалғасып жатыр. Шындық! Біздің басымызбен де біреулер әлі ойнағысы келеді. Зор аманат пен ауыр мұң арқалаған классик жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы да келешек ұрпаққа сабақ болуы ләзім.
Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы.
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Халықаралық «Форум» журналының хабарлауынша, Рахымжан Отарбаев «Жемісті бейбітшілік шығармашылығы үшін» алтын медалімен марапатталды. Белгілі жазушы, Халықаралық «Форум» журналының Бас редакторы Владимир Муссалитин Р.Отарбаевқа жазған хатында: «Бұл сыйлық сенің бүгінгі мерейтойыңмен тұспа-тұс келіп отыр. Үлкен жетістік Қазақстанның бір ұлының ғана емес, парасат-пайымға бас иетін күллі халықтың қуанышы деп есептейміз. Құрметті Рахымжан, сен үшін қуанып отырмын», – дейді. Әлемдік қорлардың халықаралық ассоцациясы президенті, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы Анатолий Карповтың шешімі бойынша табыс етілген. Айта кетейік, осыған дейін бұл медальді Назым Хикмет, Пабло Неруда, Джавахарлал Неру иеленген еді. Енді осы тізімді Рахымжан Отарбаев толықтырып отыр.