Бағзы дала тарихының іздеріГерман халықтарында, соның ішінде терістік Европадағы исланд, норверг, шв...
ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ. ДӘСТҮР МЕН ДӘУІР
Онсыз да бұл ыңғыр климатты Лондон осы күнге дейін камин жағады екен. Әйгілі артист Сергей Образцов Лондонға барған сапарында осы жәйтке ерекше таң қала жазып еді. Өзге қалаларда бумен жылытып жатқан тұста қыңыр лондондықтар қасарысып болмай, каминнен әлі бас тартпапты. Өйткені, кешқұрым каминнің алдында маңдайын шоқтың табына төсеп қыздырынып отыру — ағылшындардың ата дәстүрі. Ендеше, каминге қайтып қол көтерерсің! Тұманнан адасып, аяқ баса алмай жүргенде, әр үйдің төбесінен түтін будақтайды да жатады. Адам баласы пайдаланып отырған жылыту жүйелерінің ішінде пайдалы әсер коэффициенті ең төмен, ең көп шығынға түсетін тиімсізі — камин қыздыру.
Бірақ, дәстүрдің аты — дәстүр. Ол көп ретте экономистердің есеп шотының кесіп-пішкен шешіміне көне бермейді. Біреуі қайдағы жоқ сандарды айтып бар тауқыметті басыңа төндіргенмен, екіншісінің де сүйенері мықты, тапжылғысы келмейді. Көнбейді. Күш алып, қоразданар себебі, дүниедегі ең бір мықты фактор оның жақтасы. Ол мықтының аты — психология. Соған тамырын терең жайып, орнығып, көзге үйреншікті болған нәрсені қапелімде мызғыта қою қиын. Бірақ, сол көзге үйреншіктінің дегені болып, мезгіл де соның аяғына жығылып, көңілінен шығумен болса дүниенің, қоғамның күні не болар еді? Онда айшылықтан атпен шауып хабар жеткізіп, қарға адым жер мұң болып отырар едік.
Қойыңызшы дерсіз, оқушы. Сіз меңзеп отырған телефон, телеграф түгілі, бүгінгі жұрт космодром, космовизияға да түк таң қалмайды. Осы орынсыз жерден сары уайым сапырудың қажеті қанша?
Соңғы кезде әдеби сында дәстүр мен жаңашылдық мәселесі ауызға қайта-қайта алынып жүр. Таласып та жатырмыз. Осы бір таластың тұсында әлгі бір Лондон каминдерінің қара түйдек түтіндері көлеңдеп көз алдымызға орала береді. Үйлерінде дендері жайылып, қыздырынып рахаттанғанмен, көшеге шықса болды, түтінге шашалып жүрген қыңыр адамдардың тағдыры ойлантатын-ақ жәйт. Ләйім, тек осы бір қыңырлық көркем өнер мен әдебиеттен аулақ бола көрсін! Кейде әлгі індет біздің қазақ поэзиясының да басында бар-ау деген ойға келіп қалып жүрміз; ара-тұра көңілге көші көлікті қазақ поэзиясының біраз жылдардан бері бүкілодақтық аренаға сирек шығуының да бір себебі әлгі каминді төңіректеген томаға тұйықтықтан емес пе деген де күдік кіреді.
Камин камин де, поэзия поэзия емес пе? Қайдағы жоқ каминді айтып бас қатырудың қажеті қанша деушілер де табылар. Әңгіме — каминде емес, әңгіме — үйреншіктіден өзгеге құлағын қайшылайтын үркектікте. Егер сол үркектік көркем өнер мен әдебиетті де билеп-төстеп, тізгінді өз қолында ұстап келсе не болар еді? Онда да баяғы басқа өміріміздегі, басқа тіршілігіміздегідей қарға адым жер мұң болып отырар ек. Қазір жұрт полотноға салынған картинаға ешбір таң қалмайды. Суреттің сонау атам замандағы үңгірлердегі тері жапқан бабаларымыздың тасқа сызған шимайынан галерея залдарындағы рамаға салынған картиналарға жеткенге дейін қанша жол жүргені, нешік хәл кешкені бәр-бәр уақытқа есімізге түспейді. Сурет өнерінің әуелі үңгірдің, кейін храмдардың қабырғаларынан қол үзіп шығып, құмыралардың сыртына мекен тепкенінің өзі цивилизация тарихы үшін үлкен революция болғанын қай кезде аңғарып-аңдап бағалап жүрміз?! Сурет өнерінің демократиялануының, халыққа жетуінің алғашқы адымы да — сол құмыраның сыртын нақыштаудан басталмап па еді? Сурет өнері үңгірден галереяға жеткенше табиғаттың осал көшірмесінен қоғамның ұстазы болуға дейін өспеп пе еді? Оның қолы реализмге де осы өзгеріс үстінде жетпеп пе еді? Үркектіктің тілін ала оған үңгірден аттап шығу қайда!
Қысқасы, үркектік жүрген жерде даму жоқ, даму жоқ жерде қоғам жоқ, қоғам жоқ жерде өнер де жоқ. Ендеше, үркектік өнердің көсегесін көгертпейді. Үркектік — өнердің, өнерпаздың бойында бір мысқал болса да ұшыраспауға тиіс жаман індет. Құп! Үркектік жаман екен, індет екен. Сонда дәстүрді қайтпекпіз? Оны қорғау керек пе, жоқ па?
Сабыр... Сабыр. Біз шөлмек құтыда өніп-өскен гүл емес, кәдімгі түгін тартсаң, май шығатын бай алқапта бой түзеген бақытты ұрпақ, бақытты әдебиет емеспіз бе? Дүниеде бізге ұстаз аз ба? Бізге дейінгі әдебиет пен өнердің қатпар-қатпар қалың шежіресіне үңілсек не дер еді? Бізден бұрынғылар қайтіпті? Дәстүр мәселесін қалай шешіпті?
I
Өнер тарихына, қоғам тарихына үңіліп алмай тұрып, өнердегі соны құбылысты дәл танып, дәл бағалау еш мүмкін емес. Әйтпесе, құт мейманның өзін жүзтаныс еместігін желеу етіп, бекерден-бекер жауға жоруымыз мүмкін. Нені бағаласақ та, өнердің, әдебиеттің даму тенденциясынан келіп бағалайық. Өйтпесек, әдеби ойды, оқушыны, тіпті әдеби тіршілігізімізді текке алжастырып қиянат етуіміз де кәдік. Әлгібір әншейін дақпырт, оқыс «жаушаптылар» да бүкіл әдеби процестің арғы-бергісін ойлап, оның қайда бет түзеп, қалай аяқ алып бара жатқанын барлап-бақылап отырмаудан туады. Біз көбірек лағнет жаудырып жатқан үкі көз үркектік пен қоян жүрек үрейшілдік те осыдан балалайды. Ылғи өзгерісте болатын әдебиет сияқты мазасыз шаруашылықта Мұның қай-қайсысы да зиян. Ендеше ертеңгіге қам жасағанда ежелгіні де ескеріп отырған жөн.
Ие, бұрынғылар айтыпты? Бұрынғының айтқанына құлақ түрсек — өңшең өзгеріске, өзгеден үйренуге, өзіңді ылғи да жасартып-жаңғыртып отыруға мегзейді. Ешбір ұлт, ешбір мәдениеттің көсегесі томаға-тұйықтан көгермепті. Қайта, өзге бір құбылысты танытады, эллада архитектурасында өзінен бұрынғы Вавилон, Египет мәдениетінің дәстүрлері сайрап тұрады екен. Рим мәдениетінде ескі грек мәдениетімен көп үндестік бар көрінеді. Арғы араб поэзиясының әуендері, кейбір касыда, қыта, бәйіт сияқты өлең түрлері парсы поэзиясының бүкіл әлемдік алтын қазынаға қосылуына көп еңбек сіңіріпті. Парсының газелі, рубайы түрік елдері поэзиясының өсіп-өркендеуіне де көп дем беріпті. Өзбек Навои, әзірбайжан Низами, Физулидің, түрік мен — Мақтұмқұлы, Кемине, Молланепестің шығармаларынан араб, парсы өлең өлшемдері, түрлері көзге ұрады. Сонет, терции, октава, секстина, конциона, триолеттер тек Данте, Петраркаларда ғана ұшыраса ма? Ағылшын Шекспир, орыс Пушкин , поляк Мицкевич, латыш Ян Райнис, неміс Бехер сонет жазбап па еді? Неміс Гете атақты «Фаустың» кіріспесін октавамен немістің дәстүрлі түрі болған соң жазған ба? Бұндай қиысып-қиюласып жатқан құбылыстардың санын санап шығу тіпті қиын.
Басқа мәдениеттен тәлім алу, оның тәжірибесін игере білу — озық мәдениеттің қай-қайсысына да тән. Шынтуайтқа келгенде, сол бір өзара байланысу, сабақтасу сияқты ұлы арнаға қолы жеткен мәдениеттің Жұлдызы жанған да, ал қиянда тығырықта қап қойған мәдениеттер кенделік пен кенжеліктен құтыла алмапты. Мәдениет тарихы Пушкиннің Шекспирден үйренгенін, Гетенің парсы ақындарына табынғанын айтуға арланбайды; цивилизация тарихында тек өз дәстүрімен томаға-тұйық өркендеп, ұлы мәдениет жасаған ұлт жоқ.
Біздің ұлы Абай да әлемдік мәдениеттің алтын қорымен қол жалғасу арқылы әдебиетімізді байытты. «Абай жолы» сияқты ұлы шығарманың қазақ әдебиетіндегі қара сөз үлгілері «Қырық өтірік» пен «Алдар Көсе әңгімелерінің» топырағынан ғана нәр алып, өніп-өрбімегені айдай әлемге аян жәй. Бүгінгі Мүсіреповы бар, Мұстафины бар қазақ прозасының, әсіресе, қазақ романының ұлттық дәстүрі тым кедей бола тұра, азғана уақыт ішінде осынша кемелденіп кеткеніне қазақ әдебиетінің көп достары таңқалады. Ана бір жылы Асхад Мұхтар жап-жас қазақ прозасында монументальдық романның қалайша тез өркендеп кеткенінің сырын зерттеу керек деп жазып еді. Карамзинін былай қойып, Пушкиннен бастағанның өзінде «Соғыс және бейбітшілікке» шейін Гоголь, Тургенев сияқты корифейлері бар орыс әдебиеті өзінің алғашқы эпопеясын ұзақ жыл сарыла тосып барып, қуанышқа кенелгенді. Гете, Шиллер, Гейне сияқты ұлы ақындары бар неміс әдебиеті шын мәніндегі романдарға осы ғасырда ие болды. Томас Манн, Генрих Манн, Ремарк, Белль, Зегерстердің қай-қайсысы да — біздің ғасырымыздың жазушылары. Арғы-бергісінде ұлы-ұлы романистері мол француздар әлі ұлттық эпопеямыз жоқ деп өздері мойындайды.
Орыс әдебиетінің шежіресіне үңілсек, XVIII ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында жылма-жыл 7—8 жаңа роман шығып тұрыпты, ал 1788 жылы, Пушкин тумастан он бір жыл бұрын орыс романдарының саны тоқсан бірге жетіпті. Ол тұстың Федор Эмин, Николай Эмин, М. Чухов, А. Измаилов сияқты жазушыларын осы күні әдебиет зерттеушілерінен басқа кім біледі. «Она его своими глазами пожирала, и каждая оного литера острым ножом для ее сердца была», «Моя мать была жирна как купеческая лошадь, здорова и чувствительна как мясник» сияқты хәлді біздің жас прозамыз бастап кешкен жоқ. Өйткені, әлемдік прозаның кемеліне келіп тұрған кезінде туды. Өзінен бұрынғы өзге прозаның бай тәжірибесін пайдалана білді. Жас қазақ прозасы орыс прозасы арқылы әлемдік прозаның озық үлгілерімен сусындай алды. Қазақ прозасының тез уақытта кемелденуінің негізгі сыры — осы. Бізді прозамыздың осы бір тағылым атаулыға ден қойғыш зерек ыждаһаты сүйсінтеді.
Міне, өнер тарихына үңілсек, мәдениеттің есігінде құлып болмасқа, қақпасының қашан да ашық тұрарға керектігін ұғамыз.
Өмірдің қай құбылысы да сияқты өнер өзгерісті, жасарып-жаңғыруды сүйеді. Ол дәйім қозғалыста. Тыншу, тоқмейілсу онда жоқ. Мәдениет елден елге көшкен сайын ылғи кемелденіп отырады. Өйткені, оның негізгі нысанасы болатын — адам, адам қоғамы да дәйім өсу үстінде. Көркемөнер — тек адамды бейнелеуші ғана емес, өзі де оның жемісі. Ендеше адам бойындағы, адам ойындағы өзгеріс онда да көрінеді. Қоғам өміріндегі даму оны да дамытады. Түптеп келгенде, әдебиетті жасартып, жаңғыртып отыратын — уақыт. Біз бұл жерде уақытты астрономиялық мағынасында алып отырған жоқпыз. Уақыт сипаты, дәуір көрінісі — ең алдымен, қоғамның өміріндегі өзгерістер. Ендеше дәстүрдің де тағдырын шешетін —дәуір. Жақында бір жазушы осы күнгі жастар баяғы Уитменде кездесетін ырғақпен жазса жаңалық көреді, еркін өлең деген орта ғасырдың тұсында да кездесіпті деп реніш айтты. Ол да рас. Бірақ, орта ғасырдағы жалқының басында ғана қылаң берген құбылыстың біздің тұсымызда жалпыға ортақ құбылыс болуы әбден мүмкін емес пе? Мәселен, жиырмасыншы ғасырдың ең елеулі ақындары Луи Арагон, Поль Элюар, Пабло Неруда, Назым Хикметтер еркін өлеңге көбірек ден қойды. Біздің тұсымыздың «Бітпеген роман», «Адамзат панорамасы», «Ғасыр ортасы», «Ортақ жыр» сияқты көрнекті туындылары осы үлгіде жазылды.
Оның есесіне сол орта ғасыр тұсындағы ең дәуірлеп тұрған формалар сонет, терцин, рубаи, газельдер қазір ілуде біреу-ақ кездеседі. Қысқа десеңіз қысқа, әуенді десеңіз әуенді бұл түрлердің әдебиеттің негізгі қару-жарағының қатарынан түсіп, тек кейбір ақындардың әуестігіне ғана қажет болып кетуінің сыры неде? Қажет десеңіз, өздері түлеп ұшқан төл әдебиеттерінде де бүгін санда аса сирек ұшырасатыны қалай? Неге қазіргі парсы поэзиясы өзінің сол ежелгі түрлері мен ғана болып қалмаған? Осы заманғы итальян поэзиясында сонеттер неге азайып кетті?
Бұның бәрінің жалғыз-ақ себебі бар — дәстүрдің тағдырын дәуір шешеді. Әдебиеттің дәуір жүктеп отырған міндеттерін атқара алатын дәстүр ғана өміршең. Көбіне-көп өз тұсының қажеті мен керегін көбірек қамдайтын қытымыр уақыт ол мінезінен өнерде де бас тартпайды. Осыдан аз ғана жылдар бұрын біздің архитектурамыз ежелгі готика мен баррокадағы салтанатшылдыққа; мығым орнықтылыққа құдайдай табынып келіп еді. Архитекторлар конструктивизмді космополитизм көріп, кежегелері кері тартқанмен уақыт басқа шешімге келді. Қазір біздің қалаларымызда сызық пен сәулені ойната білген жеп-жеңіл үйлер самсап орнай бастады. Одан қалаларымыздың сәні көркеймесе, ортайған жоқ.
Әлгі уақыт деген төренің әміріне мойынұсынғысы келмеген қай құбылыс болмасын күйрейді. Өнердегі күйреу — ұшты-күйлі жоқ болып кету емес, тұралап тұрып алу. Мимырт аяңның да одан асып жатқан ештеңесі жоқ. Салпақтап қараға ілесіп отыруға қай елдің мәдениеті болмасын арланады.
Дүниедегі қай ұлы құбылыс та биік дәмеден, биік ұмтылыстан туған. Онсыз, әсіресе, өнер өмір сүре алмайды. Сондықтан да ұлы мәдениеттің қайсысы да елгезек.
Өзгесін былай қойып, өзіміз ауызданған орыс әдебиетін алалықшы. Ұлы Пушкин өзіне дейінгі орыс дәстүрімен отырып қалып па еді? Қайта шын мәніндегі орыстың әдеби дәстүрін өзі жасаған жоқ па? Біздің бір ақынымыз Пушкин өлеңнің техникалық заңын бұзбаған, моп-момын боп келді деп жазғанмен, тұсында оның да соңына сөз ерген. «Кумир Державина 1/4 золотой, 3/4 свинцовый, до ныне еще не оценен» деп келген Пушкинді де әбес көрушілер табылған. «Евгений Онегиннің» алғашқы тараулары шыққанда «Руслан мен Людмиланың» авторына бірдеңе көрініпті деп күлген. Бірақ, Пушкиннің бұл «тентектігі» орыс әдебиетінің өскісі, ер жеткісі келген жақсы мінезінен туындап тұрған ізгі құбылыс екенін ол мырзалар қайдан аңдасын! Өнердегі әдептілік «сіз, біз» деп сызылып, көрінгенге бас ұрып, тағзым етіп жату еместігін, өнерпаз алдымен ұлы өнерге, соның керегі мен қажетіне ғана бас ұратынын, әдептілікті бұзбаймын деп өнер мүддесіне қиянат жасауға ғұмыры аяқ баспайтынын ол тоқ қарын, доғал ойлы тоғышарлар қайдан ұғынсын!
Орыс өлеңіне Пушкиннің тек ұлы ақын ғана емес, ұлы реформатор боп келгенін дәлелдеп жатуды қажет қылмайды.
Сол Пушкиннен кейін шыққан орыс ақындары қайтті? Алдында Пушкин өткен, Лермонтов өткен, Тютчев, Фет, Некрасов өткен Блок өлең шаруашылығында аз ізденді ме? Брюсовты қайтесіз? Әлгі аталған орыс ақындарының дәстүрі жетпейтіндей-ақ Бодлер, Верлен, Меларме, Уитмен, Верхарнге ауыз салып жүрген сол ғой. Маяковский ше? Ол орыс поэзиясында революция жасады деген әншейін сөз бе? Одан бері Н. Асеев, В. Луговской, И. Сельвинскийлердің ізденістері ше?
Тап күні бүгінгі орыс әдебиетіндегі ізденістерге назар салалықшы. Оларға дейінгі орыстың өлең түрі аз болып па? «Құдай, осы бергеніңнің де қызығын көрсетсең болады», — деп, тып-тыныш неге отырмайды? Орыс прозасында да жақсы үлгілер сонша құрдым ба? Тімсініп бүгінгі орыс прозашыларына не көрініп жүр? Олардың Н. Гоголь, И. Тургенев, Л. Толстой, Ф. Достоевский, А. Чехов, И. Бунин. А. Куприн, М. Горький, одан қала берді А. Толстой, М. Шолохов, Л, Леонов, К. Паустовскийлер жетпейтіндей, сонау жер түбіндегі Хемингуэй, Фолкнер, Сэлинджер, Борхерт, Белльдерге үңіле беретінін айтсаңызшы!
Біздің ғасырымыз өңшең ізденіс пен үлкен ұмтылыстың ғасыры ғой. Қазіргі институттардың лабораториясындағы күллі дүниенің барша сыр-құпиясына жапатармағай үңіле зер салған мінез орыс әдебиетінің де бойында бар. Әр атомның ой-қырын түгендеп зерттеген ғалымдарымыздан әр сөзге шұқшиып, соның тағдырын ойлаған орыс жазушылары да қалыспайды.
Неге олай? Апыр-ау, орыс әдебиетіндегідей бай дәстүр тағы қайда бар! Иә, дәстүр бай, бірақ онсыз өмір жоқ. Өйткені, өнер сонысымен өнер. Өнердің мұндай елгезек мінезін, әсіресе, шын мәніндегі дәстүрлі мәдениет ерекше қастерлейді. Ол үшін дәстүрді қастерлеудің жалғыз-ақ түрі — оны дамылсыз байыта беру, болдым-толдым демеу, жаһан бетіндегі жаңалық біткеннің бәрін қағыс жібермей, дер уақытында көріп, дер уақытында игере білу. Орыс әдебиеті — қазір әлемдік әдебиетте ұлы ұстаз болумен бірге, зерделі шәкірт те ғой. Біздің орыс әдебиетінен ең алдымен үйренетін нәрсеміз — қалай үйрене білу.
Қош! Өнердің өткен шежіресіне жүгінсек те, өзге әдебиеттердің қазіргі тіршілігіне үңілсек те, аңғарарымыз бірақ жәйіт: уақыт, дәуір қай мәдениетке де барлық кезде дәстүрді байыту, молайтуды алға тосып отырыпты. Өзге мәдениеттен үйрену ешбір ұлттық мәдениетті құлдыратып жібермеген, қайта көркейткен, озық мәдениеттің деңгейіне тартқан, қатарға қосқан. Ендеше, біз бүгін таңда дәстүрізімізді қалай қорғау керек деген мәселені емес, оны қалай байытудың қамын көбірек ойлағанымыз дұрыс. Байытудың өзі — қорғау. Бұл бағытта біз не бітіріп жатырмыз?
II
Осы бізде, қазақ әдебиетінде, формализм бар ма? Бар. Жоқ болса, мына шумақтар ше?
Құйғытып шығам жоғары,
Құлдырап кетем кілт төмен...
Түнеріп тұрған манағы,
Тілдесіп қоям бұлтпенен.
— Қатулы неге қабағың,
Қайғымен жапа шектің бе,
Қарғысы тиіп адамның,
Қаңғыбас болып кеттің бе?
Көзің де жасқа көмілген,
Көрдің бе жайдың соққысын,
Рахат табар көгіңнен
Рахым көрген жоқпысың?
Айбарлы бұлттан жай кетті,
Ашуға басты ол енді.
Сабалап біздің әйнекті
Сатырлап жауа жөнелді.
Сағи Жиенбаев
Қашты толқын, қуды күн,
Сүйді жетіп ақыры.
Соған қарап тұр бүгін,
Қазақтың жас ақыны.
Қашты толқын неге осы
Азғырушы жел ме екен.
Күн сұлуға денесін
Сүйдірмейін дей ме екен.
Көрсетті ме күш кімде
Мырзасынған болар күн
Ақ Волганың үстіне
Шашылып жатты мол алтын.
Тұманбай Молдағалиев
Жұмыстан қайттық, сол жігіт
Қызыл гүл үзіп сыйлады;
Жүрегім бейбақ дүрсілдеп,
Кеудеме сонда сыймады.
Жүрегім кетті дүрсілдеп.
Өзім болсам — қызардым;
Тез сыр беріп қоямыз,
Сонысы жаман қыздардың.
Әділбек Абайділданов
Міне, қызық. Бұның несі формализм? Өзіміздің әлгі он бір буын, жеті-сегіз буын, өзіміздің қара өлең ұйқасы, шалыс ұйқастар, өзіміздің төрт жолдан тұратын шумақтар, кәдімгі өзіміз күнде көріп жүрген қарабайыр өлеңдер емес пе? Ендеше, осы өзіңіз күнде көріп жүрген қарабайыр — формализм. Көргіш болсақ, осыны көрейік те. Мынау өлеңдер әуенді ме? Әуенді. Дәстүрлі өлшем, ырғақ сақталған ба? Сақталған. Жеп-жеңіл оқыла ма? Жеп-жеңіл оқылады. Енді не керек жаныңызға? Осы өлеңдерден тап сол бізге ең керек нәрсе жетіспейді. Мынау жолдарды оқығанда не, оқымағанда не? Не опа табасыз? Көк базарға барғанда ішінде сары уызы жоқ жұмыртқаның қабын қанша азғырсаңыз да алмайтын ақындар оқушысына ішінде уызы жоқ, құр әншейін сырт кеспірі бар өлең ұсынады. Міне, нағыз формализм осы. Бізде формализм деп қайта соны түр іздеушілікті айтады. Соны түр іздеген кісіні формалиссің деп жазғырамыз. Шын мәнінде, өнердің формасыз күні қайсы? Ал, формализм дегеніміз — түптеп келгенде, мәні жоқ, мағынасы жоқ әйтеуір сырты бірдеңеге ұқсайтын туынды ұсыну.
Жоғарыдағы өлеңдерден қандай соны ой, соны идея таптыңыз. Оларды оқып неден безініп, неге рухтандыңыз? Ештеңе жоқ. Бәрінен мақұрым. Ақындар бұрыннан бар белгілі формаға сылдыр сөзді көптегенде, кезекті жинағына сүңгітіп жіберген. Біз бұл жерде талантты-талантты деген үш жас ақынымыздың өлеңдерін келтіріп отырмыз. Бір жолына да тиместен, тұтасымен алдық. Бұл бұл ма, бізді жыл сайынғы шығып жататын кітаптарымыз бен күнделікті баспасөзде ұйқасқан сөздер тіркесінің бұдан да сорақы түрлерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Қайта мынау жолдарда аракідік әдемі образдар кездеседі ғой. Көп өлең одан да мақұрым. Бірақ, бір жылт ете қалған әдемі теңеу бар екен деп, я, бір сәл ғана есте қалар деталь бар екен деп, кез-келген нәрсені өлең деп ұсынуға бола ма? Жаңа жазып жүрген әуесқойдың жаттығуы болса бір сәрі. Онда да баспа бетін көрместен үйінде стол жапқышының астында бүркеулі жатуға тиіс. Ал, мыналар баспа жүзінде көпке тараған өлеңдер болса, талантты деген ақындарымыздың кітаптарына кірген, қалам ақысы төленген өлеңдер болса, оған не дейсіз? Онда бұл бүкіл әдебиетізіміздің басында бар сор болғаны. Сондықтан да Бұндай формализм нағыз күрес ашуға тұр атын індет. Бірақ, бір ғажабы, Мұндай өлеңдерден әлгі әдеби сындағы орынсыз үркектер де еш тіксінбейді. Өйткені, тым үйреншікті құбылыс. Ал, әдеби прогресс үйреншіктіге үйірсектік арқылы емес, қайта сол тым үйреншікті, тым қарабайыр болып кеткен құбылыстарды уақытылы байқап, уақытылы әшкерелеу арқылы дамып келе жатқаны белгілі.
Туған поэзиямыздың көл-көсір жазирасының сонау түптерінен жарқырап көрінген ұлы Махамбеттің творчествосына-ақ үңіліңізші. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы алтын көпір тәрізді осы тамаша ақын жырларынан өз замандастары творчествосында атымен ұшыраспаған соны сипаттар көзге ұрады. Ол тұста түпсіз уайымға, тұңғиық мұңға бой ұра бастаған қазақ жыры Махамбет творчествосы арқылы күрескер рухқа, өміршең оптимизмге, өз дәуірінің қат-қабат қалтарысына терең бойлай алған шыншылдыққа ие болды. Махамбет творчествосындағы жаңа мазмұн қазақ поэзиясына тұр сонылылығын да әкелді.
Мазмұн байлығына лайық түр байлығын жасаудың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен қазақ ақыны — Абай. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салған Абай қазақ поэзиясында шын мәнінде ұлы революция жасады. Ол өзінен бұрынғы қара шанақ домбыраның қоңыр әуезіне бағынған ауыз әдебиетінің үлгі-өрнегі ақын мен оқушы алдынан болмыс пен уақытының қол-көсір сыры мен сымбатын ашып беретін жазба поэзия үшін тым кедейлік көрсетінін дұрыс түсінді. Ұлы Абайдың қазақ өлеңінде бір өзі ашқан соны түрлерінің саны одан кейінгі жазба ақындардың бәрі қосылып жасаған соны түрлердің санынан әлдеқайда көп.
Жазба поэзия қазақ тілінің көркемдік қуатының молдығын, бейнелеушілік мүмкіндіктерінің шексіздігін дәлелдеп берді. Оған С. Торайғыров, С. Сейфуллин, I. Жансүгіров, Б. Майлин, Қ. Аманжоловтардың творчествосы айқын куә.
Өз топырағында өлеңнің көркемдік келбетін, техникасын шыңдаған осындай жаңашылдары бола тұра, соңғы жылдары қазақ әдеби сынында дәстүр мен жаңашылдық мәселесін жаңсақ түсіндіретін қара дүрсін көзқарастар бой көрсетті. Кейбір сыншылар қазіргі қазақ ақындарының творчествосында енді-енді кездесе бастаған санаулы-ақ өлең, еркін өлең элементтерін өлең мазмұнын бөліп алып, түрінің бұрын-соңды сирек кездескен сонылығына бола формализмге теліген қате пікірлер айтты. Олар формализм сияқты жиренішті құбылыстың әлеуметтік төркінін түсінбей, әйтеуір түр жаңалығының бәрін тіршілік деп ұқты. Формализмнің түп төркіні — идеясыздық. формализмге қарсы күрес жаңа түрге қарсы күрес емес, түрін бұл деген идеясыздыққа қарсы күрес. Айтар ойы, соны идеясы жоқ өлең — үйреншікті түрде жазылсын мейлі, соны ырғақ, соны түрде жазылсын мейлі, бәрібір формалистік шығарма. Ал, енді түрі соны, сонымен қатар үлкен суреткерлік идеясы, әлеуметтік мәні бар шығарманы түрінің бейтаныстығына бола жатырқап, жат санайтын сынның өзі — формалистік сын. Ондай сын әдебиетті кемелдетуге емес, кенжелетуге қызмет етеді. Ондай сын ылғи соныға, ылғи жаңаға бой ұрған озық талғамның емес, үйреншіктіге бауыр басқан төмен етек кертартпа, талғамсыздықтың сөзін сөйлейді. Ондай сын шығарманың халыққа түсінікті болуын бір жақты ұғынып, «біз бұған түсінбедік» деп, өздерінің мешеу талғамын күллі халыққа телу арқылы күн көреді.
Өнердің халықтікі екені рас. Бірақ, халық кім? Оған Бахтың азалы саздарынан құлағын басып, «Диананың» жалаңаш тәнін көріп тұра қашатын таяздар да жата ма?
Біздің кітап оқу дәстүріміз тым беріден басталған. Қазақ оқушысының дүниеге келгеніне қырық жылдан сәл асты. Біз әлі талғам тәрбиесіне жеткілікті мән беріп те жүрген жоқпыз. Сыншылар «түсінікті», «түсініксіз» деген үкімдерін айтарда бұл жағдайларды ойлап, көп бас қатырып жатпайды. Қазақ ақыны, қазақ жазушысы кімге арнап жазуы керек сонда? «Қырық өтірік» пен «Мұңлық — Зарлықтың» оқушысына ғана ма? Әлде «Соғыс және бейбітшіліктің», «Евгений Онегиннің», «Гамлет» пен «Жан Кристофтың», «Орыс орманы» мен «Абай жолының» оқушысына ма? Кімге? Өнер — талғамның қорегі ғана ма, әлде ұстазы да ма?
Біздің экономикалық заңымыз — халықтың тұтыну қажетінің көлеміне қарай өндіру емес, халықтың тұтыну қажетін өндіріс көлеміне қарай дамытып отыру ғой. Өмірдің осы заңы өнерге де жүре ме, жоқ па?
Әсіресе, мешеу талғамның өресінен асыңқырап кеткен нәрсенің бәрі әлгі «формализм», «абстракционизм», «модернизм», тағы да басқа қырсық аттардың қыл тұзағына қосақтала беруге тиісті ме? — Осының бәрі де мықтап ойлануды талап етеді.
Біздіңше, қазіргі қазақ әдебиеті жалғыз бір ұлт, бір халықтың емес, күллі адамзаттың мүддесін ойлап, көсегесін көксейді. Оның тыңдаушысы — жалғыз қазақтар емес, бүкіл планета. Оның үстіне қазіргі қазақтар Сыпыра жыраудың тұсындағы қазақтар емес. Олар әлем әдебиетінің көп ғасырлық бай қазынасын оқиды. Ендеше, әлемдік әдебиеттің барлық ғасырдағы ең талантты өкілдері — бүгінгі қазақ ақын-жазушыларының ең басты бәсекелестері. Олай болса, қазақ әдебиетінің, қазақ өнерінің қызмет ететін халқы — Бетховен мен Шостаковичті, Толстой мен Хемингуэйді, Рафаэль мен Пикассоны, Пушкин мен Элюарды қадірлейтін халық. Біздің оқушымыз — солар.
Олар шын жаңашылдық пен өтірік жаңашылдықты, формализмнің не құбыжық екенін жете айыра алады.
Олар бір қадірлі сыншымыз қайта-қайта айтып, қызыл кеңірдек боп қорғаштап баққан «өлеңнің техникалық заңы» дейтін тіркестің атымен күлкілі ұғым екенін жақсы түсінеді.
Өнердің де заңы болатыны рас. Бірақ, онда ешқандай ережеге орын жоқ. Әлгі сыншыларымыз айтып жүрген өлең қалайда төрт буын болып ұйқассын, барлық жолдағы буын саны тепе-тең болсын дейтін «техникалық заңдары» — өнердің заңы емес, қара дүрсін ережелер. Ондай-ондай ережелер қай тұста да болған. Ондай-ондай ережелер қай тұста да бұзылып отырылған. Әлгі сыншы Пушкин , Блок, Некрасовтар өлеңнің техникалық заңын бұзбады деп, оны ұлы ақындарға айтқан мақтауым деп ұғады. Егер өлеңде техникалық заң болса, ең алдымен оны осы әйгілі үш жаңашыл бұзған болар еді. Олардың тамаша творчествосы талай-талай қасаң қағидаларды жоққа шығарды.
Ендеше әдеби сын көше тәртібін бақылайтын мекеме құсап, байырғы ереже, бағзы нормативке үңіліп, одан сәл ауытқып кеткен кісіні тірсектен қағып, айып салып отырмасқа керек.
Ендеше, біздің сыншыларымыздың он бір буыннан, үйреншікті өлең өлшемдерінен шығып кеткендердің бәрін бірдей социалистік реализмге қиянат еткендердің санатына қоса салуы атымен әбестік.
Қайта қазақ поэзиясының поэтикалық жаңалықтарды саяз зерттеп, сараң игеріп келе жатқанын қаттырақ сынауымыз керек. Біздің, ақындарымыз да, сыншыларымыз да Луи Арагон, Назым Хикмет, Пабло Неруда, Витезслав Незвал, Поль Элюар, Рафаэль Альберти поэзиясының жаңашылдық сипаттарына аз үңіледі.
Сондай енжарлық пен самарқаулықтың салдарынан бізде қазақ өлеңі музыканы сүйеді, ол ақ өлеңді, еркін өлеңді қабылдай алмайды, тілізіміздің заңына кайшы келеді деген сияқты ғылыми негізі жоқ тайыз пікірлер етек алып жүр. Еркін өлеңді, ақ өлеңді игерген ақындардың елінің тілі бізден кем әуенді, кем музыкалы деп кім айта алады? Өзгесін былай қойғанда қазақ тілімен тектес түрік тілі ше? Сол тілде Назым Хикмет еркін өлеңді, ақ өлеңді қалай жазды ?
Бізде дәстүр мен жаңашылдық туралы сөз болғанда, ең көп әңгіме туғызған мәселе — он бір буынның тағдыры. Он бір буын қазақ поэзиясын талай-талай асулардан асырып келді. Оған арнап қанша қошамет, қанша мадақ айтсақ та артық емес. Бірақ, он бір буын үшін осынша қызыл кеңірдек болып айтысудың орны да жоқ еді.
Біз түрдегі жаңашылдық туралы сөз қозғасақ, қазақ өлеңінің байырғы түрлері тозғындық көрсетті, енді ол еш кәдеге аспайды деп жатқан жоқпыз. Біз қолда барға қанағат дейтін самарқаулық пен сәл соны бірдеңе көрінсе тосырқай қарайтын үркектікке қарсымыз. Біздің қалайтынымыз — қолда барды құрту емес, көркемдік арсеналымызды байыту. Өлең алқабы, өнер алқабы кең. Талант жетсе, көңіл жетсе, онда әртүрлі ақынға да, әртүрлі стильге де орын жетеді.
1963 ЖЫЛ.