Елордадағы Ұлттық музейде «Шығыс күнтізбесі» атты Тайвань суретшілерінің көрмесі а...
Ұлытау облысы әкімдігінде су тасқынына қарсы дайындық кеңесі өтті
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың, мамандандырылған мекемелер мен қызметтердің басшылары, қала, аудан басшылары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Үсенов, Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Е.Байыров, бірқатар мекеме басшылары, қала, аудан әкімдері су тасқыны кезеңіне дайындық туралы есеп берді. Су тасқыны кезеңіне дайындық, су қоймаларының тасқын суды тоқтатудағы техникалық дайындығы, су тасқыны жол желісі, сондай-ақ су тасқынының алдын алу шаралары туралы айтылды.
Жалпы, су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша шаралар кешені жоспарланған: эвакуацияланған халықты қабылдау үшін арнайы пункттер мен барлық қажетті құрал-жабдықтар дайындалды.
Ұ. Үсеновтың мәліметінше, Ұлытау облысының аумағында тасқын және еріген су басуы мүмкін аймақтарда барлығы 24 елді мекен бар (бұл 525 тұрғын үй, онда 2 893 адам тұрады). Өткен жылдары су тасқынының алдын алу шараларының нәтижесінде су басу қаупі айтарлықтай төмендеді. Қазіргі уақытта ол 6 елді мекенде сақталған.
Облыс аумағында 7 су қойма, 7 бөгет, 200-ге жуық өзендер мен көлдер бар. Облыстың су объектілері (су қоймалары, өзен-көлдер) Тобыл-Торғай және Нұра- Сарысу су шаруашылығы инспекцияларының қарауында.
Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес су қоймаларында, көлдер мен өзендердің маңында су қорғау аймақтарының белгілерін белгілеу үшін 130 млн теңге бөлінді. Бұл ретте барлық су объектілері цифрлық базаға енгізіледі, ал 60-тан астам өзен-көлдер паспортталады. Осы мақсатқа 53 млн теңге бөлінді.
Облыс бойынша көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері жан-жақты талқылануда. Қазіргі таңда Кеңгір су қоймасын республикалық теңгерімге қабылдау қажеттілігі туралы хат жолданды.
Ұлытау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жүргізген тексеріс қорытындысына сәйкес, Жезді су қоймасының суы бүгінгі күні ішуге де, шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктерге де жарамсыз. Балансында су қоймасы орналасқан "Қазсушар" РМК-ға гидротехникалық құрылысты жаңарту және түбін тазарту бойынша жұмыстар жүргізу жөнінде Министрлікке хат жолданды.
Жыл соңына дейін Бидайық су қоймасына сараптама жүргізіліп, техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары әзірленетін болады. Осы мақсатқа биыл облыстық бюджеттен 15 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, Шалға су қоймасы мен Манака бөгетін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Жезді өзенінің 2 шақырымын тазарту жұмыстарын жүргізуге 511 млн теңге бөлінді. «Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ теңгеріміне қабылданған Жезқазған қаласындағы Қостангелді су құбырына келсек, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арқасында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады. Ол мемлекеттік сараптамадан толық өтіп, содан кейін ол жерде тазалық жұмыстары жүргізілетін болады.
Баяндамашыларды тыңдаған өңір басшысы су тасқыны кезеңіне дайындық пен оның қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін алдын алу шараларын дер кезінде жүргізу қажеттігін айтты. Әр мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруы қажет, деді Б.Әбдіғалиұлы жиналғандарға.