Халықтың рухани өсу деңгейі жазу-сызуыменде өлшенеді десек, қадым замандарда әріпті тасқа шапқымен о...
Мадина Ахметова . Тас диірменде сақталған сыр
Халықтың рухани дамуының бірден-бір мүмкіндігі өмір болмысын халық тағдырын бейнелейтін мәдени ошақтардың басты саласының бірі – музей саласы екені белгілі. Ата-бабаларымыдың жүріп өткен жолы мен өлкеміздің өткен тарихын танып, білуде музейлердің алатын орны ерекше. Музей өткен шақ пен қазіргі заманды байланыстыратын алтын көпір іспеттес.Музей жәдігерлердің тарихын бір хронологиялық жүйеге келтіре отырып, тұтас бейнелейтін орталық. Сондықтан халықтың рухани қоры негізінен музейлерде шоғырланған десек қателеспейміз.
Ақмола облысындағы «Әдебиет және өнер музейі» 1989 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысы негізінде бекітіліп, 1993 жылдан бастап халықтың рухани-мәдени баюына қызмет жасап келеді. Музей қоры он бір мыңға жуық Ақмола өңірінен шыққан қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орын алатын тұлғалардың өмірбаяны, олардың жеке заттары, шығармашылық туындылары мен қолжазбалары, этнография ғылымына жататын ежелгі құнды жәдігерлер түрлері сақталған тарихи орда. Осы орайда музейлердің жаңғырып-жаңаруына байланысты ма, жоқ әлде адамдардың музейлерге деген қызығушылығына байланысты ма, соңғы жылдары музейлерге деген келушілер саны да күнен-күнге артып келеді.
Әрине, келушілердің қызығып, таңданыспен тамашалайтын жәдігерлері ата-бабамыздың тұрмыста қолданған, түп нұсқадағы тастан, теріден, ағаштан жасалған бұйымдары.
Музей қорындағы осындай құнды жәдігерлердің бірі ата-бабамыздың тұрмыста қолданған қол диірмені. Осындай қол диірменнің бірі біздің музейде № 3321/1, 3321/2 нөмірімен сақталған.
Қол диірменді музей қорына Солтүстік Қазақстан облысы Рузаев ауданы Сарыбұлақ ауылында тұратын Қойбағаров Жанзақтың қызы, Әдебиет және өнер музейінің қызметкері Аягөз Асқарова тапсырды. Атадан балаға мирас болған қол диірмен Қойбағаров Жанзақ ағаның үйінде сақталып келген. Жанзақ аға 1968 жылы Сарбұлақ ауылында дүниеге келген. Қол диірмен Жанзақтың әкесі Амантайдың кішкентай кезінде, яғни Жанзақ ағаның атасының үйінде тұрмыста қолданған. Жанзақ аға қазіргі таңда туған ауылында егін шаруашылығымен айналысып, туған үйінің түтінін түтетіп отырған жайы бар.
Қол диірмен – мыңжылдық тарихы бар, екі қыша тастан және саптан жасалған көне механизм. Ол бидайды немесе басқа да дәнді дақылдарды үгіп, ұн жасауға арналған үй-тұрмысында қолданылған құрылғы. «Диірмен тасы» (Жёрнов) сөзінің өзі славян тіліндегі «жърнъве» сөзінен шыққан. Оның аудармасы «ауыр» деген мағынаны білдіреді. Украин, беларусь, чех тілдерінде де мағынасы осыған ұқсас сөздер кездеседі. Диірмен тастары қаттылығымен, беріктігімен ерекшеленетін әктастан немесе ұсақ түйіршікті құмтастан жасалған. Зерттеушілердің айтуы бойынша қол диірмен неолит кезеңінде ойлап табылып, алғаш рет дөңгелек прототипінің пайда болуына ықпал жасаған. Ертеректе алғашқы адамдар қауымы қол диірменнің көмегімен дәнді-дақылдарды үгіп қана қоймай, сонымен қатар жаңғақтарды, түрлі тамырлар мен бояғыштарды да үккен.
Диірмен тастары бір-бірінің үстіне қойылған бірдей өлшемдегі екі дөңгелек блоктан тұрады. Екі блоктың беттестірілген жақтары 6-12 данаға дейін кедір-бұдырлы сызықтардан құралған ойықтар түрінде бедерлі өрнекпен жабылған. Олардың тереңдігі 15-тен 20 миллиметрге дейін жеткен. Сызықты ойықтар беткейлермен кезектесіп отырады. Шұңқырлар орталық тесікке бағытталған, онда жұмыс кезінде пайда болған ұн құйылады.
Дәндер екі тас блоктың қарама-қарсы ойықтарына түсіп, ұсақ бөлшектерге бөлінеді. Осының арқасында астықты ұнтақтау процесі қамтамасыз етіледі.
Уақыт өткен сайын ұн жасау құрылғылары жетілдіріліп, судың, желдің немесе үй жануарларының (өгіздер, жылқылар, есектер) күшімен басқарылып, арнайы механизмдерді айналдыратын үлкен мөлшердегі шағын диірмен қондырғылары ойлап табылды.
Қоғам арасында диірмен тастарын жасаумен, жеке бөлшектерді жөндеумен айналысатын қолөнершілердің арнайы қауымдастығы болды. Тұрақты жұмыс кезінде диірмен тастары тозып, олардың беттері тегіс және тиімсіз болып қалған жағдайларда диірменді жөндейтін қолөнершілерге жүгініп, қайратып алып отырған.
Көптеген елдің мәдениеттерде тас диірмендерді жаһандық өзгерістің символы ретінде санаған. Мысалы, буддизмде диірмен тастары сансараны, ал Скандинавияда айналатын ғаламды бейнелейді. Кей мемлекеттердің мәдени болмысында, бір-біріне беттесе орналасқан қол диірменінің төменгі жағы қатты жерді білдірсе, ал жоғарғы тасы аспан символын білдірген.
Өткен ғасырларда қол диірменді ауылдарда, әр үйде кездестіруге болатын. Қазіргі кезде қол диірмені музей жәдігеріне айналып кеткені шын.
Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Әдебиет және өнер музейінің экскурсоводы