Таңбамызды тани аласыз ба?

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
1183

Халықтың рухани өсу деңгейі жазу-сызуыменде өлшенеді десек, қадым замандарда әріпті тасқа шапқымен ойып, мал терісіне темірмен қарып жазған көңілі жүйрік бұрынғы ата-бабаларымыз соңына аз мұра қалдырмаған ғой. Сөз жоқ, осы ұшан-теңіз мәдени байлықтың туу төркініне сырын білу шаң басқан тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бір парасын анықтауға себі тиері анық. Осындай орайда еліміздің бағзы тіршілігінен, рухани өмірінің әр кезеңінен кеңінен мағлұмат берер аса құнды саланың бір алуаны – дана да шебер халқымыздың бесаспап қолынан туған зергерлік өнері деп білеміз. 


1) түймелердегі - ашамайлы (крест) таңбалар; 2) сақина-жүзіктегі - жебе таңба


Кейуана-әжелеріміздің күнделікті тағатын шашбау-шолпылары, сыртқы киім түймелері, сақина-білезік, сырға-жүзіктері, олардың әр қилы стильмен көмкерілген ою-өрнектері тылсымнан сыр тартып, көкейге неше түрлі әдемі ойлар ұялататындай. Дегенмен, осындай әшекей-айшықты, зібі-зіннәт бұйымдардың атын бабалар мирасынан, дағды-дәстүрінен қол үзіп кеткен, урбанизацияланған қазіргі буынның біле бермейтіні орны толмас өкінішті жайт. Мұндай мұралы өнерді шын мәніндегі ұлттық кәсіпке айналдыра білсек, көп нәрседен ұтарымыз кәдік. Осы тақылеттес ұлтымыздың ерекше бұйымдарын сырттан келген қонақтарға ғана сый-сияпат үшін тықпалай бергенше, күнделікті қолданылар тұрмыс салтымызға енгізсе ғой. Бұлар басқасын былай қойғанда, суалып бара жатқан тілдік қорымыздың бір арна-көзі емес пе. Мәселен, алтын мен күміс құйған байырғы шебер зергерлеріміздің есте жоқ ескі кезеңдерден бері алтынның салмағын өлшейтін жеті өлшемі бар таразы-аспабы болған дейді. Таразыдағы жеті өлшемнің ең кішісі, ең ұясызы «мысқал» аталған. Кәдімгі Естай ақынның қыз нәзіктігін жыр қылып «салмағың білінбейді бір мысқалдай» дейтіні осы мысқал. Бүгінгінің жастары да, жасамысы да тіпті жиі сөз болатын, бір өзі жүз қанша бұйымнан құралатын киіз үйдегі заттардың атауын тап басып, дәл атай алатынына үлкен күмән келтіреміз.

Сөзіміздің ләмі боп отырғаны – әйелдерге арналған әшекей бұйымдарда, сәндік заттарда көрінетін ен-таңбалар. Ал бұл ен-таңбалардың пайда болу сыры неде? Есімі беймәлім шеберлер жүзік сақина көзіне ен-таңбаларды неге ойып салған? Шындығында бұл белгілер халқымыздың шаруашылық есебінде, саяси өмірінде мәні зор, ерекше маңызды қызмет атқарған. Бізше, оның шығу тегін пиктографиялық-сурет жазуынан және оның жоғарғы сатысы – ұғымды білдіретін идеографиялық жазудан іздеген ләзім. Бұлар негізінен Орталық Азия мен Қазақстан жеріндегі ілгі қауымдық тіршілікте дүниеге келген ой мен ұғымды білдіретін алғашқы жазу үлгілері болды. Бұл жазу түрлері біздің жерде ұзақ уақыт бойы сақталып, келе-келе түркі және қазақтың рулық ен-таңбаларына, тіпті кейіннен меншіктікті көрсетер белгіге айналып кеткен. Бұған қазақтардың ежелден бері ірі қара малы мен жылқы санына күйдіріліп басылатын көз таңба, айыр таңба, балта таңба, бақан таңба,тарақ таңба, шөміш таңба, шылбыр таңба іспетті рулық таңбалар мен ұсақ мал құлағына салынатын тілік ен, сота тілік ен, көз ен, жүрекше ен, солақ ен, қиықша ен, қиық ен, ойық ен, құмырсқа ен, кесік ен, сыдырғыш ен секілді меншіктікті көрсететін ен-таңбалар куә. Бұл белгілі ұғымды білдіретін идеографиялық жазудың бір түрі. Ұланғайыр қазақ даласында көне дәуірлерден қалған таңбалар молынан кездесіп отырады. Біздің топырақта бұларды бір ізге түсіріп жүйелеу жұмыстары тым аз. 

Осындай қалың жазуы бар жердің бірі – Тамғалы тас қой. Онда қазақ өлкесін қоныстанған тайпалардың тасқа қашап түсірген мыңдаған таңбалары, ел басшыларының қол қойған аттары, ұрандары, әдемі өрнектер нақышталған. Осы «Тамғалы тас» жазуына ерте кезде толық мән берген ғалым А. И. Шренк болды. Академик Ә. Марғұлан өзінің «Тамғалы тас жазуы» атты мақаласында: «Қазақтардың қария сөзі бойынша ислам дәуірі басталатын кезде бұл жердің көп тайпалары осы арада бас қосып, ұлы мереке жасаған. Барлық тайпалардың ұлыс басқаратын адамдары, атақты билері, асқан ерлері жиналып, кеңес құрып, қай тайпа қай жерді қоныс ету мәселесін шешкен. Әрбір тайпаның өзіне арнап таңба беріп, ол таңбаның суретін осы тасқа қашап түсірген» – дейді. Мәшһүр ғалым келтірген осы Таңбалы тастағы қазақ ру-тайпаларының таңба-белгілеріне назар аударар болсақ: Үйсін таңбасы – үш әліп, Қыпшақ таңбасы – екі әліп (қос көсеу), Арғын таңбасы – көз таңба, Қарпық таңбасы – көзілдірік, Қоңыраттікі – босаға, Найман таңбасы – бағана, Керей, керейіт, кіші жүз кетелерінің таңбасы – ашамайлы, Адай таңбасы – жебе, т.б. болып келетінін көреміз. Ал, өр Алтай өңірінің таңбасы Орхон-Енисей бойындағы руна жазуының «д» әрпіне үйлеседі. Мүмкін, дулаттардың да таңбасы да осы болуы бек мүмкін. Ал төменде келтіріп отырған суреттегі жүзік, түйме танакөздеріндегі перезе тасқа күміспен салынған таңбалар сол Тамғалы тастағы қазақ руларының таңбаларына мейлінше ұқсас емес пе?

Бұдан шығатын қорытынды, әр ру-тайпаның қолынан өнері тамған зергері өзінің шыққан тегін әйелдер бұйымында, музыкалық аспап әшекейлерінде, ағаш және былғары ыдыс-аяқтарында, қару-жарақ, ер-тұрмандарда көрсетіп, келешек буынға із қалдырып отырған-ау. Бұндай бедерлі заттарды соққан шеберлер үш жүз руларынан шыққан өнершілер болуы әбден мүмкін-ау. Қалай ойлайсыз?

Елеужан Серімов,

Қарағанды


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...