Үміт Зұлхарова. Банк төрағасының жыры

ӘДЕБИЕТ
1310

Үміт Зұлхарова – сатира саласында қалам сілтеп, шығармаларына қоғамдағы келеңсіз жайттарды арқау етіп жүрген өткір тілді қаламгер. Назарларыңызға сатириктің бір топ еңбектерін ұсынамыз.

Абайша

Жүргем жоқ жырғап,

Бәрі де қымбат.

Түсіруге шамам жоқ.

Ойда жүр бұл гәп,

Уәде – құрғақ,

Қолдан келмес, амал жоқ.

Кешірімді сұрармыз,

Бағаны ұстап тұрармыз.


Жұрт шайқап басын,

Көтеріп қасын,

Ұстамасын жағасын.

Көл болып жасың,

Ауырып басың.

Бір амал өзің табарсың.

Ілесем десең нарқыңа,

Қарап ал біраз артыңа.


Үкіметке айтып,

Түсіртем қайтіп

Доллардың биік бағамын.

Құқайды талай

Көрдік қой солай.

Халыққа қалай жағамын.

Қоярсың тағы бір тулап,

Басыларсың бір шулап.

Шенді-шекпенділерге... 

Бұхар жырауша

Бірінші тілек тілеңіз,

Білімсіз топас болмасқа.

Көрінгенмен тіресіп

Жуадайын солмасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Құлқыны терең жемқордың

Ізіне еріп азбасқа. 

Үшінші тілек тілеңіз,

Тамыр-таныс жағалап,

Көкеңізді ағалап,

Көкке колың созбасқа.

Төртінші тілек тілеңіз,

Төбе би боп ұмтылып

Табаныңнан тозбасқа.

Бесінші тілек тілеңіз,

Белді буып өтірік

Сағыздай істі созбасқа.

Алтыншы тілек тілеңіз,

Алмаң-далмаң мінезбен

Арам ақша алмасқа.

Жетінші тілек тілеңіз,

Жер-көктегі бағаны

Шарықтатып қоймасқа.

Сегізінші тілек тілеңіз,

Серілердей той қуып,

Атанбасқа «ой, қасқа!»

Тоғызыншы тілек тілеңіз,

Тойған жерде тоба ғып,

Әдептен әрі озбасқа.

Орындалса осылар

Айналасыз досыма,

Сіз туралы сөз басқа.

ЖАҒЫМСЫЗ ЖАҢЫЛТПАШТАР

Көкем қарпып қалды,

Қарпудан артық қалды.

Артығын тағы біреу артып алды.

*   *   *

Қылғытты,

Қалды тұтығып,

Тоқтамай қойды ықылық.

*   *   *

Ісі бұлдыр,

Сөзден сырғыр.

Жыбырлайды

Құлқын құрғыр.

Ылдым-жылдым

Асар, қылғыр.

*   *   *

«Баспана беріледі» деген бастама,

Бастама жоспардан аспады, ә!

Басеке, істі бастама,

Бастаған соң тастама.

Боласың әйтпесе масқара.

*   *   *

Әпекең Жәпекеңе айта барсын,

Әлгі айтқан басекеңе қайта барсын.

Қайта барып, мәселесін қайталасын.

*   *   *

Басекең басекеңе жалтақтайды,

Мәселені шеше алмай шорқақтайды.

Жалтақ бастық – қалтақ,

Қалтақ бастық – қорқақ.

*   *   *

Көкем кідірмейді,

Сөзден мүдірмейді.

Алдымда менің «бүгіл» дейді,

 «Пайдаңды ойла, жүгір!» дейді.

*   *   *

Көкең – көкте,

Қорықпа текке.

Ептеп-септеп,

Жегін көптеп.


Ақшасы бар ақталды,

Ақшасы жоқ – датталды. 

Іс қозғалып қатталды,

«Құрдық» талай

Осылай

Кінәсізге қақпанды.


Кәкеңнің аузы майланды:

Бөкең қайта сайланды.

Асырсаң асыр айлаңды,

Болды ғой білсең пайдаңды.


Бастық кетті,

Кеткенше жепті.


Сәкең Бәкеңді ағалап,

Жалбақтайды жағалап.

Сәкеңе Бәкең бағалы-ақ.

Бәкеңе бұл жағады-ақ. 

*   *   *

Пара берсем Есенге,

Жоғарылап, өсем бе?

Өсем бе, әлде өшем бе?

*   *   *

Ақшаңды сайла,

Бастықты «майла».

Асырып айла

Көңілді жайла.

*   *   *

Басекеңді жақтадым,

Мақтадым.

Сонда да жақпадым.

Бабын тіпті таппадым.

*   *   *

Бәкең бәрін бүлдіреді,

Бүлдіретінін кім біледі.

Білсе – орынбасары бір біледі.

*   *   *

Басекең орынынан жай құлдилар,

Былықтырған ісіне сай құлдилар.

*   *   *

Біреу біреуден дәмелі –

Күтеді сый-кәдені.

Дәмелінің көңілін кәде жұбата ма?

Кәдені әркім-ақ ұнатады, ә!

*   *   *

Көкеме келеке керек пе,

Береке керек пе?

*   *   *

Көкем қарпып қалды,

Қарпудан артық қалды.

Артығын тағы біреу артып алды.

*   *   *

Шенеунік жеп-жеп, шырайланды,

Шырайлы шенеунікті 

Өзгелер шыр айналды.

*   *   *

Басекең бір іс бастады:

Бастады да, тастады.

*   *   *

Төкең Бөкеңді терістейді,

Бөкең Төкеңе беріспейді.

Ал Көкем екеуімен де келіспейді.

*   *   *

Басекеңнің басынан Тақ тайды,

Тақпен бірге бақ тайды.

Бақ пен тақ тайған соң

Басекеңді кім мақтайды?

Кім жақтайды?

Тек даттайды, даттайды.

*   *   *

Алаған қолдар бар,

Береген қолдар бар.

Алаған қолда – доллар бар.

«Берегенде» жоқ долларлар.

Долларды табатын жолдар бар.

*   *   *

Сөйлегенде «ағашка»,

Тайталаспа, жақ ашпа.

«Ағашканың» алдында

Абыройды «таза ұста»!

*   *   *

Қырып ақша таппас – 

Жаппас.

Ешкімнің сөзі жақпас –

Жаппас.

Басы ештеңе қақпас – 

Жаппас!

Сонда да мұртын балта шаппас,

Жаппас.

КОЛЛАЖ: ТАМАРА ЛАРИНА

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...