Қызырбек Дүргінбайұлы: Сіз өте мұңаймаңыз, қылықты қыз...

ӘДЕБИЕТ
4845

Ғаламшарлық ғаламат біздің ұғым.
Көк тәңірдің төгілтіп ізгі нұрын.
Жылап тұрып сипайды жұлдыз біткен,
Сап-салқын саусағымен күз бұрымын.

Батамыз-ау ойға көп сіз де, мен де,
Не ойлайды адамдар бізден өңге.
Құс қанаты күп-күрең мезгіл мұңын,
Төгілтіп бара жатыр күзгі өлеңге.

Сіз өте мұңаймаңыз, қылықты қыз.
Жанардан біздің қандай сыр ұқтыңыз.
Үркерге қараңызшы, үкілі ару,
Ат басын біздің жаққа бұрыпты  күз.

Мына күз сіз бен бізге тылсым әлі.
Сыбдыр-сыбдыр сыр айтар сыңсып әні.
Жел келіп шешіндіріп кеткен қайың,
Ай сәулесі шашылса, қымсынады.

Ақын дейтін мұң сыйлап ақымаққа.
Шаша салып шашуын атырапқа.
Көк аспанның көз жасын сүртіп алып,
Күз келіп құлай салды жапыраққа.

***

Өмір сенің гүлдеген жемісіңді,
Махаббаттың шәрбаты деп ұсынды.
Иісің аңқып тұратын сонадайдан,
Оттықпаған құлынның демі сынды.

Құлын мүшең құбылып көз арбаған.
Бәз біреулер сен жайлы сөз аулаған.
Ғазал жазды қанша ақын саған арнап,
Ғашықтықтың дертіне төзе алмаған.

Менде салғам ғашықтық қостап әнін,
Қарауылдап көз салмас тоспаға кім.
Шайқап, төгіп, алармын деп қорыққам,
Шәрбат құйған сезімнің тостағанын.

Тұмшалаған тірлік қап тұман-тұман,
Жылдар өтсін ал мейлі жыл артынан.
Сенің иісің, аңқид-ау сенің ғана,
Апарса да алқапқа гүл аңқыған.

Жазылмаған тағдырлар қиысуды,
Шертілмейтін көңілдің күйі сынды.
Туған жердің жұпарын жұтсамдағы,
Аңсап тұрам сенің сол иісіңді.

***

Жортуылға жетелеп үміт мені,
Арман алдап, қиялым үгіттеді.
Мен аңсаған бақыттың бірі де жоқ,
Қос өкпемді қабады күдік демі.

Жолдас болып алғанды мұңда маған.
Тағдыр қайбір бақ-сорын бұлдамаған.
Қол сілтегің келгенмен барлығына,
Қол бұлғайды бір үміт мұндалаған.

Қатыгездеу секілді ғасырымыз,
Иіліңіз дейді ылғи бас ұрыңыз.
Алақанында өмірдің шыр айналдық,
Алшы түсер деп бір күн асығымыз

Күндер өтіп өзіне ғашық еткен,
Жылдар келіп жайғасты қасыма еппен.
Бұрылмады артына өмір қайта,
Бұрылыста жол қалды басып өткен.

Не сыйлайды деп маған болашағым,
Оңашада ойланып бал ашамын,
Ең бақытты сәттерім екен менің,
Қалып қойған Ауылда бала шағым.


Үміт...

Арқалатқан арқама үміттерің,
Соншама ауыр боларын біліп пе едім?!
Мал қайырған ауылдың баласы ем ғой,
Маңдайымнан тамшылап тұнық терім.

Құпиясын ғұмырдың құлыптаған,
Заңдылығын өмірдің біліп пе адам?!
Анам бәрін жасырды жанарына,
Арқалатты, ал, әкем үміт маған.

Қыр баласы болған соң түлік көрген,
Бірі – жүйрік баптар деп күлік берген.
Бір көршіміз жақсы ұстаз болар деген,
Бірі – бастық болар деп үміттенген.

Өзгермеді өмірім көзқарасым,
Әркім әлін біледі өз бағасын.
Салы суға кеттіме көршілердің,
Салыстырған менімен өз баласын.

Ағам ақын деп жүрген бар бір інім.
Ұйқасы осал өлеңдей дәл бүгінім.
Өзгелермен өкпемді бөліспедім,
Өзегінде өлеңнің қалды мұңым.

Бұл өмірдің жүргейсің көшінде аман,
деп сеніммен қараған досым маған.
Үмітінің үзіп ап жапырағын,
Жылап қалған бір ару қосылмаған.

Барлығының бағамын қас қабағын,
Бұл тірліктің тапсам деп басқа амалын.
Үкілеген үмітін үздім-ау деп,
Өзім емес, өзгеден жасқанамын!!!

***

Жол бойында жолығысқан пері қыз,
Абайсызда жолықтырдық сені біз.
Қаперіңе алмадың-ау бәлкім сен,
Ал, мен құлай ғашық болдым сеніңіз.

Сенде маған, менде саған бір қарап,
Өн бойыңнан өтті көзім сырғанап.
Жалт бұрылдың жанарыма шоқ тастап,
Жүрегімнің дүрсілін сен ұрлап ап.

Беу, Тәңірім бұл жүрекке бер бір дем,
Сабырымнан айырма деп, дегбірден,
Сақинамды айналдырып еріксіз,
Саусағымды сықырлата бердім мен.

Көңіл құрғыр толқындайды кейде көп.
Күтетіндей ол бірдеме дейме деп.
Көкірекке сұлулықты сондағы,
Көз бұршағы үлгеріпті бейнелеп.

Әттең-әттең кеш түйісті жолымыз,
Түсінеміз іштей ғана оны біз.
Рельстің екі ернеуі екенбіз,
Қайтем енді тек бақытты болыңыз.

Айта алмаспын дегеніме көнші деп,
Бізді баққан, ізді баққан елші көп.
Көзім шалар кіріп-шаққан сәтіңде,
Болмағанда жүрерме едік көрші боп.

Қатыгездеу қайырылмас жылдар тым,
Біздің жүрек түсінеді жыр нарқын.
Мен де сізбен көрші болғым келеді,
Дей алмайсың, дегің келіп жүр бәлкім.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...