Асыл Қайсенова: Бұрын балмұздақ жегеннен басқа ештеңені білмеуші еді...

ӘДЕБИЕТ
5674

Қасым Қайсенов – жер бетіндегі ең жойқын шайқаста жауға етегінен шалдыртпай, жағасынан алдыртпай өткен еңіреген ер, басқыншы тарапты қарадай қалтыратқан Вася партизан. Халқымыздың күллі адамзатпен бірге жасаған ең ұлы ерлік дастанының ең басты қаһармандарының бірі. Сондай ержүрек жанның аяулы жары Асыл Қайсенова апамыздың сырға, сағынышқа толы әңгімесін назарларыңызға ұсынбақпыз.


Қасым енді қайтады-ау деп жүргенде, соғыс басталып кетті ғой...



- Асыл әже, әңгімемізді Қасым атамызбен танысқан кезіңізден бастайықшы...

- Қасымның менімен бірге оқыған қарындасы бар еді. Біздің таныстығымызға сол себепші болды.  Қасым техникумда 3 курста, мен 1 курста оқып жүргенде бас қостық. Мені үйіне апарғанда сегіз бала бар екен, мен тоғызыншысы болдым. Ата-анам елде болды да, өзге қыздардай думандатып кете алған жоқпын. Тұрмыс құрып кеткенімді естігенде әке-шешем қатты ренжіпті. Өйткені, мен әкемнің ұл орнына ұл етіп, былайша айтқанда, еркекшоралау  қылып өсірген қызы едім ғой. Бірақ, әкемнің өкпесі көпке созылған жоқ. Қасымның әкесі алдынан өткелі барғанда кешірдім депті...

- Бұл сонда қай жылдары еді?

- Бұл 1937 жыл ғой. Менің жасым небәрі он алтыда ғана. Ол кезде Қасымның ағасы да үйленбеген еді. Шыны керек, ата-енем керемет жандар болды. Сонша баланы асырау оңай емес қой. Бірақ, мен ол кісілердің «анау жоқ, мынау жоқ» деп кейіп, ренжіп отырғанын ешқашан көрген емеспін! Сөйтіп, тұрмыс құрғаннан кейін оқуым жайына қалды. Ал, Қасымды техникум бітіргеннен кейін Павлодарға қызметке жіберді. Мен еріп кете бардым. Сол жақта жүргенде, 1939 жылы, Қасымды әскерге азаматтық борышын өтеуге алып кетті ғой...

- Сіз Павлодарда қалдыңыз ба?

- Жоқ, мен елге, яғни, Өскемендегі ата-енемнің қолына келдім. Қасымның үйленбеген ағасы барын айттым ғой, оны да әскерге алып кетіпті. Елде маған жақсы жұмыс табыла қоймады. Обком комсомолында істейін деп едім, ол жерде іссапардан іссапар екен. Ыңғайы келмеді. Сөйтіп жүргенде Қасымның ауылындағы жетіжылдық мектепте бос жұмыс орны бар деп естідім. Ақыры ата-енемді көшіріп, сол жаққа бардық.  Онда бір ағайындардың үйінде тұрдық. Ата-енем, екі қайным, бір қайынсіңлім бар. Мен мектепте тарих-география пәндерінен сабақ бердім. Қасым енді қайтады-ау деп жүргенде, соғыс басталып кетті ғой...

- Қасым атамыздан хат алып тұрдыңыздар ма?

- Қасымнан хат үзілді. Өйткені, ол Украина шекарасындағы Камнец-Подольск деген қалада болатын. Ол қаланы немістер басып алғаннан кейін хат қайдан болсын?! Қасым хабарсыз кетті. Біз тірлігімізді жасап, ауылда тұрып жаттық. Мен Қасым қайтып келгенше ата-енеммен тұрдым. Олар керемет адамдар еді. Алғаш келін болып түскенімде атам «Асылдың басына орамал салып, әуре қылмаңдар, өзі қалай жүргісі келсе солай жүрсін» деген болатын... Сонымен, мен ұстаздық етіп жүрген мектеп жабылып қалды. Ересек балалардың барлығы жұмысқа кірісті. Тағы да жұмыссыздық. Араға уақыт салып,  Өскеменге келіп, облыстық газетте мен әдеби қызметкер болсам, қайынсіңлім корректор болып істеп жүрдік.  Бір күні облыстық газеттің редакторы «Асыл, облыстық газеттерде бөлім редакторларын дайындайтын үш айлық оқу бар екен. Соған сен Алматыға барсаң қайтеді?» деді. Өзім де техникумнан басқа білімім жоқ, бір оқу оқып алсам ғой деп жүретінмін. Ата-енеммен ақылдасып едім, «Үш ай деген немене, барып кел» деп рұқсаттарын берді.


Қасым теріс қарап пальтосын іліп жатыр!


- Сөйтіп, Алматыға жол тарттыңыз...

- Иә, ол жақта лекция тыңдап әрі тәжірибе жинау үшін «Социалистік Қазақстанда» істеп  жүрдім. Ол газетте Әлиманов деген бөлім бастығы бар еді. Мені әртүрлі шараларға жұмсап жүретін. Бір күні Абай атындағы опера және балет театрында малшылардың жиналысы болып, мені сонда жіберді. Мен бір жылқышыдан жылқы ауруы туралы, оны халық емімен қалай емдейтіндігі жөнінде әңгімелесіп, жазып келдім. Оны Әлиманов көріп «Асыл-ау, керемет нәрсе жазып келіпсің ғой, мынау табылмайтын дүние. Сен осында жұмысқа қалсаң қайтеді?» деп ұсынысын білдірді. Ұсыныс қуантқанымен, артымда күтіп отырған отбасым, ата-енем бар дегендей... Содан не керек, басшылық бұл мәселені де шешіп берді. Егер осында келіп жатсақ, «Социалистік Қазақстанның» қызметкерлері тұратын жерден бір бөлмелі үй беретін болды. Өскеменге келіп, ата-енеме айтып едім, олар қарсы болмады. Жүк дейтін жүгіміз де жоқ. Барымызды алып Алматыға келдік. Бізге үлкен бір бөлме берді. Солай тұрып жаттық.

- Қасым атамыздан әлі хат-хабар келмеді ме?

- Содан біраз уақыт бұрын Қасымнан адресі жоқ, аман-саулығын білдірген бір тілім хат алғанбыз. Бір күні редакцияда жұмыс істеп отыр едік, бір арық қара кісі келіп, бастығымызбен әңгімелесіп жатты. Әңгімесінің ауанынан ол кісінің Украинаға бара жатқанын білдім. Сөйтсем, ол кісі Жұмағали Саин екен ғой. Ішімнен «Қасым да Украинада жүрмін деп еді, мүмкін мына кісі кездестіріп қалар» деп ойлап отырмын. Ол кісі сөйлесіп болып шығып бара жатқанда «Ағай, менің күйеуім Украинада жау тылынан шықтым деп хат жазып еді, содан кейін хабарсыз кетті. Сіз Украинаға бара жатыр екенсіз ғой» дедім. Ол кісі адресін сұрады. Адресін білмейтінімді айтқанда «Ойбой, қарағым-ау, Украина деген үлкен ел ғой, мен оны қайдан табамын» деп, әлгі кісі жымиып күлді де, «Мейлі, хат жазып қой, келіп алып кетермін» деді. Бір-екі күннен кейін газетте «Партизан Жұмағали Саин Украинаға жүріп кетті» деген хабар шықты. Хатты алып кетейін деп  менің көңілімді қимай айтқан болу керек. 1945 жылдың екінші қаңтары күні жұмысқа келсем, Әбу Сәрсенбаевтың жары Ләзиза апай ғана жүр екен. Екеуміз сөйлесіп тұрғанда қабылдау бөлмесінің телефоны шырылдады. Ләзиза апай телефонды алып сөйлесті де, «Саған Жұмағали Саин келіп кетсін деп жатыр» деді. Мен таң қалып, Қасымнан бір хабар әкелді ме деп, адресін алып сол кісінің үйіне қарай беттедім. Аяғымда жаман пимам бар, үстім де оңып тұрған жоқ. Үйді тауып есігін қақсам, бір орыстың кемпірі ашты. «Жұмағали Саин осында тұра ма?» деп едім, «Осында тұрады» деді. Ол кісі Жұмекеңнің енесі екен де, әйелі перзентханада жатыр екен. Жұмекеңді сұрап едім, «Олар моншаға кетті» деді. «Мені шақырып алып, моншаға кетіп қалғаны несі» деп  далаға шығып біраз жүрдім. Ендігі келген шығар деп барып есігін ашып қалсам, Қасым теріс қарап пальтосын іліп жатыр! Кіріп келген маған жалт қарады да, пальтосын тастай салып, бет-аузымнан бас салып сүйе бастады. Ондайды көрмеген мен ұялып кеттім. Бір уақытта Қасымның көзі аяғыма түсіп кетті де «Ей, мына пима өзіңдікі ме?» деді. Қасым қызық сөйлейтін. «Өзімдікі» деп мен де күлдім. Айдалада неше жыл жүріп, бірінші айтқан әңгімесі сол болды. Біраз отырғаннан кейін үйге келдік. Солай отбасылық өміріміз қайта жалғасты...

- Сонда Жұмағали Саин Қасым атаны Украинадан қалай тапқан?

- Жұмағали Саин Украинада штабта отырып «Осында қазақтар бар ма?» деп сұрастырған ғой. Ондағылар бір тәртіпсіз қазақтың бар екенін, анда-санда келіп-кетіп жүретінін айтыпты. Сөйтіп жүргенде Қасымның өзі штабқа келе қалған екен. Аты-жөнін сұрастырып, танысып, «Сені әйелің, отбасың күтіп отыр» деп Қазақстанға алып келіпті.


Қасым соғыстан содырлау болып қайтты...


- Балаларыңыз туралы айтып беріңізші?

- Соғыстан бұрын бір ұл, бір қызымыз болатын. Тұңғышымыз Жүсіпбектің атын атам қойған. Ол сәбиіміздің көрер жарығы екі ай ғана болды. Өзіміз дұрыс күтпедік. Менің төркініме барамыз деп, екі айлық баланы орап алдық та шанамен жолға шықтық. Өскеменнің суығы бәріне  аян ғой. Ата-енем «бетін ашпа» деп, мені шанаға отырғызып, баланы қолыма беріп шығарып салған. Атты Қасым айдап отырды. Анда-санда «Баламды көрсетіп қой» деген сайын, мен ашып көрсетемін. Екі-үш күннен кейін бала қайтыс болды. Суық өтіп кетіпті. Одан кейінгі қызымыз шала туып, шетінеп кетті ғой. Содан Қасым әскерге кетті. Ләззат деген қызымыз 1945 жылдың аяғында дүниеге келді. Ләззаттан кейін Мұрат, Болат деген екі ұл, Толқын  деген қызымыз туды. Толқын Қасым сияқты қара. Әкесі де сол қызын қатты жақсы көретін. Сол балалардың бәрі де өсті, қазір өз алдына бір-бір үй. Солардан немере, шөбере көріп отырмын.

- Атамыз бала тәрбиесіне мән беретін бе еді?

- Қасым өте балажан болатын. Балалары не айтса, соны істеуге тырысатын. Оларға қабағын шытып, ұрысқан емес. Кенжеміз Толқын ерке болды. Бір күні сабағы нашарлап кетіп ұрысып едім, Қасым «Тиіспе, Томам екеуміз коммунизмге осы оқумен-ақ барамыз, баланың мазасын алма» деп өзіме ұрыссын. Мен үйде болмай, балалар бұзықтық жасап қойса «Мамаңа айтамын» деп қорқытады екен. Бірде ұлдың біреуі парта сындырып қойып, бізді жиналысқа шақырды. Бұрындары жиналысқа мен баратынмын, осы жолы «Сен де бір ата-аналар жиналысына барсаңшы, балаларыңның қалай оқитынын көр» деп Қасымды жібердім. Барғаннан кейін ұлдың сынып жетекшісі «Балаңыз өте тентек, сабақ үстінде тыныш отырмайды» десе, «Мен де тентек болғам, менен жуас бала туады деп кім айтты саған?» деп, мұғалімнің өзіне ұрсыпты. Не дерін білмеген мұғалім «Балаңыздың сабағы да нашар» десе, «Менен жақсы оқитын бала туады деп біреу саған айтты ма? Өзім КазГУ-дың бірінші курсын бес жыл оқып бітіре алмағанмын» депті. Онысы соғыстан келгеннен кейін мен «Сырттай болса да оқысаңшы» деп қоймағаннан соң КазГУ-ге оқуға түскен. Емтиханға бір барғаннан кейін, ол жаққа қарай жоламай қойды. Ал, тізімде бірнеше жыл тұрған көрінеді. Артынан мені мұғалімі шақырып «Күйеуіңіз өте қызық адам екен, маған солай да солай деді» деп қарап тұр. Мінезі сондай ғой, қайтеміз енді.

- Соғыстан кейінгі жылдардағы жағдайларыңыз қалай болды?

- Қасымның нақты мамандығы жоқ. Соғыстан келгеннен кейін оған жұмыс табыла қоймады. Барған жеріне «Ел соғысқан кезде орынның бәрін алып алып, енді орын жоқ дейсіңдер» деп ұрсып кететін көрінеді. Қасым соғыстан содырлау болып қайтты. Бұрын балмұздақ жегеннен басқа ештеңені білмеуші еді, соғыс ішімдікке де үйретіпті. Сонымен, жұмыс таппай жүргенінде, тағы да Жұмағали Саин өзі редакторлық еткен  «Қазақ елі» деген арабша шығатын журналға жұмысқа алды. Қасым арабша біледі екен, латынша шыққан кітаптарды арабшаға көшіріп, Қытайдағы қазақтарға жібереді. Сол арқылы оқу-сызу, журналистика жағына бейімделіп, жазушылыққа бет бұра бастады. Ол журнал екі жылдан кейін жабылып қалды да, Жұмағали Саин Жазушылар Одағына барып, өзімен бірге Қасымды да ала кетті. Қасым «Жазушы» баспасында әдеби қызметкер болды. Біздің адам болып қалыптасуымызға Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Тайыр Жароковтардың әсері мол болды ғой. Өмір жолымызда бұл есімдерден аттап кетуге болмайды...


Ондағылардың бәрі «Қасым» демейтін, «Вася» дейтін...


- Қасым ата өзі жаудан қорғаған Украинаны есіне жиі алушы ма еді?

- Әрине, мен онымен Украинаға бірнеше рет бардым ғой. Саша, Костя деген достарымен кездесіп, соғысқандарын, бірге жүргендерін еске алысып, шуылдасып қалатын. Бірде бір досы ауылдағы үйіне апармақ болды. Машинасына Қасым екеумізді салып алып, Ягодинге қарай жолға шықтық. Қасым да, ол да ішіп алған, машинаны қатты айдап келеді. Мен шыр-шыр етіп «Ойбай, у меня дети маленькие, пожалста тихо ходи» деп айғайлаймын. Мені тыңдап жатқан олар жоқ. Айғайлап әндетеді. Мен «Өлетін болдым-ау» деп жеткенше зәрем ұшып, қорқып бардым. Осындай да күндер болды.  Олар да біздің елге талай рет қонаққа келді. Талғардағы Қасымның інісінің үйіне барып, қой сойып, кәуап, мәнті жасап бердік.  Украина халқы өте дархан халық екен. Адамды жатсынбайды, жатырқамайды. Қасыммен Карпат тауларында да болдым. Ондағылар «Казашка дегендер некрасивый, дикий бола ма деуші едік, сіз ничего екенсіз» дейді маған қарап. Мен ондайда «Я самая некрасивая, вы казашек не видели, они как картинки» деймін. Олар менің орысша сөйлегеніме де таңырқайды.

- Асыл әже, Қасым атаға украин қыздары көп ғашық болған деседі ғой...

- Ғашық болса болған шығар (күліп). Менімен бірге Украинаға барғанда қыздар онша жолай қойған жоқ. Өзі сымбатты, көңілді, көрікті жігіт болған соң қыздар қалай ғашық болмасын? Көңіл көтеріп отырып кей әйелдер менен «Можно Вас поцеловать?» деп сұрайды. Ондайда мен «Целуйте сколько хотите» деп жауап беремін. Қасым маған «Бұлар сүй десең сүйе береді, мені керек қылмай қалдың ғой» дейтін.

- «Вася» Қасым атаның украиндар таңған аты болды ғой сонда...

-Иә, ондағылардың бәрі «Қасым» демейтін, «Вася» дейтін.


Жанымда жүргенде қадірін білмеппін...


- Асыл әже, Қасым ата екеуіңіздің жетпіс жылдай уақыт бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрулеріңіздің, береке-бірліктеріңіздің жарасымдылығының қандай да бір құпиясы бар ма?

- Оның ешқандай да құпиясы жоқ. Біздің талай жыл тату-тәтті өмір сүруіміз балалық алғашқы махаббаттың әсері шығар. Абай «Махаббатсыз – дүние дос» деген ғой. Екеумізді екі жаққа сол махаббат жібермеген шығар. Мен кейде «Қасым соғыстан қайтпай қалса не істеймін?» деп ойлайтынмын. Сосын «Қасымның інілерінің бірін бала қылып асырап алып, осы отбасының босағасында өлуім керек» деп өз ойымды құптап қоятынмын. Одан кейін менің ұлы шешем, яғни, әжемнің төрт қыз, бір ұлы болған екен. Сол кісі «Қыз үйден кеткеннен кейін, барған жерінде, сол босағада өлуі керек. Екінші босағаны аттамауы керек» деп отыратын. Сол сөздер де әсер еткен болуы керек.

- Әңгімеңізге қарасақ, Қасым атамыз біршама мінезді адам болған сияқты ғой...

- Қасымның қызық мінездері көп болатын. Өзі үйге жиі қонақ ертіп келеді. Ондайда жұмыста отырған маған келіп терезеден «Әй, Асыл-ау, неғып отырсың? Үйге қонақ келді ғой» дейтін. Жұмыстағылар да алыстан Қасым көрінсе «Қасекең келе жатыр, үйіңе қонақ келген болу керек, киініңіз» деп күліп отыратын. Мен сосын жұмыстан сұранып үйге кетемін. Сондай бір күні тағы да қонақ ертіп келді. Үйде отыратын орындық жетпеді де, Қасымды көрші үйге жібердім. Біраз уақыт өтті. Қонақтар отыр, Қасым жоқ. Артынан көрші үйге барсам, Қасымым карта ойнап отыр. «Үйде кісі отыр ғой, мынауың не? Тез қайт» деп үйге қайтып келдім. Қасым жоқ. Бір уақытта «Қонақтар кетуге айналды» деп қайта бардым. «А, жарайды онда, содан кейін жалғастырамыз» деп әрең келді үйге. Сондай қызық мінездері баршылық... Бірде екеуміз қой сатып алуға базарға бардық. Мен саудаласамын, ол тұрады. Бір адамнан қойының бағасын сұрап «Қымбат екен, кішкене арзандатсаңызшы» деп тұр едім, Қасым алыстан «Ей, алсаң ал, алмасаң қой, неменеге саудаласып тұрсың?» деп айғай салды. «Сен саудаласып жатқан жоқсың ғой» деп мен де қоймаймын. Солай бір қойды алып, базардан шықтық. Ол жетектеп келеді, мен артынан айдап келемін. Біраз жер жүргеннен кейін қой жүрмей қойды. Ары сүйредік, бері сүйредік, қой да, біз де шаршадық. Бір уақытта Қасым қойдың жанына келіп, аяғымен теуіп-теуіп жіберіп кетіп қалды. Мен қойдың жанында қалдым. Артынан қанша айғайласам да бұрылмады. Қойды сүйреп жүріп үйге де жеттім. Келсем «Әй, қойды алып келдің бе?» деп Қасымым үйде отыр. «Сатып алған қойды тастап маған жын көрініп пе, алып келдім» дедім. Қасымның сондай тентек мінездері көп еді. Кейде қонақ шақырғанда қонақ келместен бұрын өзі ішіп алады. Мен «Қонақ келместен бұрын ішіп алғаның не?» деп ұрыссам, «Мен қайдан білейін, қонақта отыр екенмін деп ойлап қалыппын ғой» дейтін. Тентектігімен қоса өзі сондай ақкөңіл, бауырмал болатын. Бірде үйіміз болмай, қалалық кеңестің бастығының орынбасарын жағдайымызды көрсін деп қонаққа шақырдық. Тамақ үстінде Қасым оған «Бердібек Соқпақбаевқа үй берсеңдерші-ей» демесі бар ма? Артынан мен «Сен өзің үй алыпсың да, Соқпақбаев қалып қалған екен ғой» деп ұрыссам, «Жоқ, ол қатты қиналып жүр, үйлері жоқ» дейді. Мен күлетінмін де қоятынмын.

- Партизан Қасым Қайсенов қалай жазушы Қасымға айналды?

- Соғыстан келгеннен кейін ерліктерін, қалай соғысқанын айтып жүретін. Мен ондайда «Сол айтқаныңның бәрін жазбайсың ба? Айтқаныңның бәрі қалады. Жазылған дүние ертеңге мұра» дейтінмін. Жұмағали да «Сенің әңгімең көп, жазсаң болмай ма?» деп айтып жүрді. Сол сөздер әсер еткен болуы керек, Қасым ақырындап жаза бастады ғой.

- Ал, «Халық қаһарманы» атағын берген күні қандай көңіл-күйде болды?

- Шен-шекпен берді деп онша қуана қойғанымыз жоқ. Берді, «рахмет» дедік. Қасым сияқты соғысып, бірақ қан майданда беттері жабылмай қалғандар қаншама?! Қасым елден ерекше соғысқан жоқ. Ол кезде бәрі соғысты.

- Қасым атаның өмірінің соңғы уақыттары қалай өтті?

- Ол Қасымның өз-өзіне келіп, ақылды қарияға айналған кезі болатын. Өмірін жақсы өткізді, қадірі кеткен жоқ. Ауырып жатқанында маған «Мен өзімнің туған жерімде қалуым керек еді, сүйегім өз жерімде қалмайтын болды-ау» деді. Туған жері –  Шығыс Қазақстан жақтағы Асубұлақ ауылы еді ғой...

- Жарыңызды сағынып жүрген шығарсыз?

- Қатты жабырқаймын. Жанымда жүргенде қадірін білмеппін, жүре беретін сияқты көрінді ғой. Ауырып жатқанда «Тарағым қайда, көзәйнегім қайда?» деп сылтауратып шақырып алып «Қоянның сирағын жеген екенсің, отырмайсың ба кішкене» деп жанына отырғызып қоятын еді...

- Асыл әже, әңгімеңізге көп-көп рахмет!

Әңгімелескен Аяулым Жанайдарқызы

author

Қасым Қайсенов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...