Заман Төлеуов. "ҚАРАҚУЫС" (роман)

ӘДЕБИЕТ
2296

Басын осы жерден оқи аласыз

13 тарау

Шілденің шіліңгір ыстығы түске таман қазанның астына от жақпай су қайнататын қуатқа ие болып, жыбырлаған тіршілік иесін көлеңкеге айдап тығады. Сонау таң бозынан тұрып, малды өріске қуалап, сәске түске дейін жайылтып алып, күн қайтқанша өзен-жылға жағасына үйездетіп, табылса жарқабақты сағалайды. Сол сияқты бақшаны да күн қызғанша шөптеп-түптеп, суғарып тастамаса, сырттағы дала жұмысындағыдай еркін ескен самал ауыл ішінде жоқ. Тұншықтырған қапырық өкпені тұтып, миды айналдырады. Сауын сиырды табынға қосып, жеделте үйге жеткен соң, Ғалам тәпкісінің жүзін тексеріп, көңіл үшін тас қайрақпен бір-жар рет жанып алып, бақшаға кірді. Қияр, тәтті бұрыш, қырыққабат, қызанақ сияқты көкөніс түрлерін күн аралата суарып, түбін қопсытып тұрмаса болмайды. Картапияның жағдайы жеңілдеу. Жаз бойы кемінде үш қабат суғарып, шөптеп-түптеп үлгерсең болды, ар жағында күз де мен мұндалап тұрады. Ауыл жұртының алты ай қыстық азығы – осы үй маңындағы алақандай жерден өнеді. Күнделікті қарап отырмасаң кеше ғана баптаған бау-бақшаңды қау басып, есіл еңбегің еш кетеді. Сондықтан осылай, жаздың ұзақ күнінің ең оңтайлы тұстарын пайдаланып, еңбек ете білуің керек. Жынды адам ғана әлгіндей ми қайнаған ыстықта бақшасын баптар. Ол пайда келтіргеннің орнына дерт жамап, ертең туыстарына әбігер болуы да ықтимал. Содан кейінгі, соңғы жылдары ауыл жұртының берекесін алған бір нәубет – алашапанды қоңыз. «Колорадо қоңызы» деген сұмдық. Осы аталған жұмыс аздай - жалпы елге қосымша бейнет болды. Бұл немені ешбір құс жемейді екен. Қып-қызыл бүлдіргендей етіп, тауықтарға шашсаң, жүгіріп барарын барып, танау шүйіріп, қайқайып кететінін қайтесің. Тұқымы құрымайтын не деген мықты қоңыз еді. Кейінгі жылдары у да алмайтын боп барады. Колорадо деген қандай кесел жайлаған жер еді? Елдің айтуынша сол жақтан жеткізілген картопқа жабысып келген пәлекет көрінеді. 

Ғалам жуырда суғарылған картапияның соңғы тақтасын түптеп жатқан-ды. Ылғалы аса кетпей тұрғанда түбін үйіп үлгермесе, жердің беті қатып, ақ татыр құсап тілімденіп кетеді. Сосын бақшаның алғашқы суы жақсы ішілсе, кейінгісі онша машақат тудырмайды. Су да жүріп өткен жолынан жаңылмайды. Тегі, бірінші суды жетектеп жүріп тыңғылықты суғаруға екінің бірінің шыдамы жете бермейді. Анда-санда арты ақ жауынға айналып, немесе қалың нөсермен жосылтып өтетін жауын-шашынды сылтау қылып, әншейін бетімен жүгіртіп өтуге де болады. Бірақ, «Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген мәтел тегін айтылмаған тәрізді. Алғаш суғарғанда: әр-әр тұсқа жалыны сыртқа тебе шаңы бұрқырап, жарықтық жердің шөлі қанбай ысылдай сіңгенін көргенде біртүрлі боласың. Сосын топырақ астымен жайылып, су бармады-ау деген тұстан суғарушының аяғы қорқ етіп, тізеге дейін батып кетіп жатады. Осындай мейірі қана сусындаған сәтті жан тәніңмен сезінбесең – табиғатты танымағаның болар. Ала жазғы әр істің өз мақамы мен машақаты бар. Мүмкін, бұл да – ана бір ақын айтпақшы «гармонияны» талап ететін шығар?..

Ғалам жотасы жіпсіп, еңкейген жұмыстан белі тала бастаған соң, бақша ернеуіндегі жағалай өскен үйеңкінің қалқасына барып, тізе бүкті. Тәпкісіне жабысқан топырақты сол тұста жатқан жұдырықтай таспен қағып түсіріп, беліне қыстырған егеумен жүзін жаныды. 

Сөйтіп отырғанда қалта телефоны шыр етті. Құлқын сәріден қоңыраулатып жатқан кім екен деп ол телефонына үңілді. Қырмызы екен. Ғалам маңында бөтен ешкім жоқ па дегендей жан-жағына қуыстана көз тастап барып, телефонды құлағына төседі. Оның абыржитын себебі, осының алдында Қырмызымен сөйлесіп жатқан кезінде сыртынан тың-тыңдап, әр сөзін аңдыған Қатша бітіспес дау бастап кеткен-ді. «Бұның кім? Үздігіп өліп бара жатырсың ғой? Қалаға барып қатын тауып келгенсің бе?». Содан бастап телефон шыр етсе, Ғаламның жүрегі тоқтап қала жаздайтын жағдайға жетті. Ар жағынан сөйлесіп тұрған Қырмызы да соны сезген секілді. Тіпті, Қатшаның бая-шая болып, аттандаған айғайын да естіген сыңайлы. «Дауысы неткен жаман еді!» деген-ді бір жолы. Қатшаның баққаны тек – осы қарашалдың әр қадамы болып бара жатқан сияқты. Компьютерге отырса да: «Боққа керегі жоқ шимағыңды тастап, онан да барып пайдалы тірлік жасасайшы! Отырғаның омалып!..»... Осындай айғай-шудың арасында Қырмызының тапсырмасын бастап, алғашқы нұсқасын жіберіп те үлгірді. Неше күн тостырып барып, міне қоңырау да шалды. Не дер екен?

- Қайырлы таң, аға! Ертелетіп мазаңызды алғам жоқ па?

- Сәлеметпе, Қырмызыжан! Жоға, бақшада жүрмін...

- Сіз әйтеуір қашан болмаса бірнәрсе жасап жатасыз. Мал жайғайсыз, бақша қарайсыз...

- Ауылдың тұрмыс-тіршілігі сол ғой, жаздың бір күні алты ай қысқа азық деген.

- Еңбекқорлығыңызға тәнтімін, бірақ содан нәтиже шықса... жазбаңызды өзім оқып шығып, Әмина ханымға көрсеттім. Оған қатты әсер етіпті. «Маңқам аққанша жыладым» дейді... Әмина ханымның естелігі осымен бітеді ме?

- Соны ойлап жүрмін... Ол кісінің ішкі толғанысы ретінде өмірге, төңірекке деген көзқарасын жазсам ба деймін. Анасының тағдыры мен өз көрген-білгенінен түйген ойды айтқым келді.

- Сіз қызық екенсіз! Әмина ханым сияқтылар ештеңеден ой түймейді. Олардың бір сәтке кідіріп, ойлануға мұршасы жоқ. Жасаған жұмысы да, айтқан әңгімесі де, жүрген ортасы да бәрі жалғандық пен жасандылық. «Мен сондаймын, мен бақыттымын» дегендері кілең көзбояушылық. «Жан құрбым» деп араласқан адамын көзі тайса жамандап, бір-бірінің өтіріктеріне имандай ұйыған түр көрсетіп, сахнада ойнаған актерлеріңіз жолда қалып, екіжүзді өмір кешкен баянсыздар... Осындай адам бірдеңе ойлауға қабілетті ме? Және сол сіз жазғанды түсіне ме екен десеңізші?!

- Олар сондай екен деп, жазбауға болмас... Ол түсінбесе, өзге біреуге ой салар?

- Жарайды, жазыңыз... Мен жұмысқа шығып барам. 

Осы тұста Ғаламның желкесінен біреу нұқып қалды. Жалт қараса, төбесінен төніп, Қатшасы ыржиып тұр. 

- Екіқабат болсаң балаң түсіп қалатын еді! Бұның кім таң атпастан ауыз жаласып жатқан?

- Кітапқа тапсырыс берген кісі... 

- Қайдағы кітап? Саған кітап жаздырмақ боп жүрген қай әумәсір? Әкеші нөмірін, ит терісін басына қаптап берейін! Кітап жаздыртатын кісіні тапқан екен! Былайда, есі кіресілі-шығасылы адамды мүлдем жынды қылмақ қой, әдірем қалғыр! Әкел телепонды...

- Бермеймін!..

- Бересің, бергенде қандай бересің! Әлде, ауырдым деген сылтаумен қалаға барып, қатын тауып келдің бе? Ондайың болса, өйдәйт жөнелт! Бағыңды байламаймын. Сен кімге керексің? Осы жасқа келгенде енді саған жазушы болу қалыпты! Менің арқамда үй жұмысына алаңдамай, өкіметтің қызметін істеп, пенсияға жеттің. Өз бетіңше істеген бір нәрсең бар ма? Ертелі-кеш айтақтап, соңынан ит қоспаса тырп етпейсің! Міне, көзім тайып кетіп еді, тағы әлдекіммен былжырасып отырсың!.. Ертеңгі тамағың – ана бақшаңа қара, онанда... 


Қырмызымен, қалған қызметтестері Әмина ханымды жұмыс аяғынан соң күтіп отырғалы екі-үш сағат болды. Ол компания иесі болғандықтан айтқан әр сөзі бұларға заң. «Жұмыс уақытым бітті» деп қайқайып кетіп қалатын ырқың жоқ. Анау да аракідік, өзін күткендерге хабарласып қояды. Тығыз шаруа болып, соны шешіп жатқан тәрізді. Бұларды да үйлерінде тосқан адамдар бар. Олар да алаңдаулы. Осындай кеш қайту тым жиі болмаса да ара-тұра боп тұрады. Осы компанияға орналасқан кезде, келісімшартқа тәулік бойы жұмыс істеуге әзірмін деген ықтиярлық танытып, еріктерімен қол қойған өздері. Мынадай, мемлекеттік қызметтегілерге қарағанда тиын-тебені молдау жұмысты күндіз шаммен іздеп таппайсың. 

- Мен білсем, «Шахиня» ешқандай шаруа шешіп жатқан жоқ. Өзінің қатын достарымен бір ресторанда бұрқыратып отыр! – деді Қырмызының бір қызметтесі. Қалғандары оны қоштай жөнелді. Бөлім басшысы ретінде олар Қырмызыдан жауап күтті.

- Маған неменеге қарайсыңдар? Түне десе түнейсіңдер! Жұмыс ұнамаса, есік әне... Естиін дегендерің осы ма? Әлде, сыпылдап, Қырмызы ханым «өй деді», «бүй деді» деген өсек керек пе? Жасай бер шаруаларыңды!

Көздері жылтылдап, ауыздары бүлкілдей бастаған топ жым болды. Бәрі мониторларына үңіліп, қауырт жұмысқа кірісіп кеткен сыңай танытты. 

Қырмызы фейсбукті ашқанда мессенджердегі хабарламаға көзі түсті. 

«Қайырлы кеш! Апайдың қызының жан сырын жазған болдым. Поштаңызға салдым. Бір шолып шығып, пікіріңізді айтарсыз. Құрметпен, Ғалам ағаң!». 

«Бұл, ана жайлы естелікті ермек етіп жазбадым. Жер бетіне келген әр жанның анасы бар. Мейлі, ол жан-жануар, жәндік болсын. Бірақ осы тіршілік иелері ішінен тек адамзат басына ғана зор бақыт пен зор жауапкершілік жүктелген сынды. Ғарыштан қарасаң жұдырықтай ғана Жер – қым-қуыт аласапыранның арасында жанын сақтау үшін, өзіне бекітілген заңдылықтан алшақтамай, бойындағы тіршілікті сақтап қалу үшін, зырылдап жүрген сияқты. Осындай ойдан соң Жерді Анаға, Ананы қасиетті құрсағы бар Жерге теңеу тегін емес деген түсінікке тоқтадым.

Ежелгі эпостағы Гүлбәршін мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым. Шежірелі тарихтағы Домалақ-ене мен Қыз-ене, Айша-бибі мен Абақ-ана. Таңбалы тарихтағы Қасым ханның аналары Жақсы-бике, Абайдың анасы Ұлжан, арыдағы Алаштың тұлғасы болған тағы қаншама алыпты әкелген, есімдері сақталмаған әулие аналар, берідегі ел билеген Айғаным мен қол бастаған Бопай сынды аналарды бүгінгі ұрпақ өнеге тұтуы тиіс. Адамгершіліктің биік сатысына көтерілу екінің-біріне бұйыра бермейтіні рас. Мансап пен байлық ешкімді ондай биікке көтере алмайтыны да аян. Ондай асқарға көтерілу үшін қарапайым секілді, бірақ өте қастерлі де киенің нұры тұнған қасиетке ие – Ана бола білу керек. Ана болу үшін оқымыстылықтың еш қажеті жоқ. Ана – күллі дүниеге жылу шашатын күннің көзіндей емес пе! Шуақ шашқан жан ғана шарапатты, қасиетті және қадірлі деп білемін.

Өмір деген ағып жатқан өзен сынды. Өзенді кешіп сан мәрте өтуің мүмкін, бірақ сол ағып жатқан суды қайта кешу мүмкін емес. «Өмір – қамшының сабындай ғана» деген бейнелі сөз бар. Оның мәнісін тым ерте түсіне алсақ – соғұрлым өміріміз де мәнді болар. Себебі, өмір өзінше сияқтанып, әр адамның маңдайына тағдыр жазылатын іспетті. Тағдырды Тәңір жазады деген ертеден қалыптасқан пікір бар. Десек те, әр адам өз тағдырын өзі жазатындай, тіпті ең құрмағанда соған талпыныс білдіреді. Ол басына түскен нәубетке қарсылық та болар немесе қолына қона кеткен баққа қуану да болар. Бес саусақтың бірдей еместігі тәрізді, әр пенденің көрер қызығы мен бейнеті де әрқыйлы. Осы орайда, өмірдің біраз белестерінен өтіп, ой саралар жасқа жеткенімде маған не қымбат, не арзан деген сұрақтарға жауап беруге ынталандым. Оған түрткі болған басты себеп: өзімді іңгәлатып осы жарық дүниеге әкелген анамның қазасынан кейінгі уайым тектес–  ой түйткілдер еді. Жұмыр басты пенде болған соң, уайымсыз жан бар ма? Мүмкін бәзбіреулер дүниеге малынып, алқып-шалқып жүр, оның басында қайдағы уайым деп айтуы ғажап емес. Дүниені аталарымыз баяғыда қолдың кірі деп бағалап тастаған. Мен үшін басты құндылық адамгершіліктен танбау. Ерте ме, кеш пе судың да сұрауы болады. Уақыт сусыған құм тәрізді, өзіңе білінбей өтер де кетер. Уақыттың сондай тұрлаусыз екенін – анамның келмеске кеткенінен анық түсіндім. Кей кезде жалпыға бірдей түсінікті, ортақ ұғымдар болады. Оны өзің де сан қайталап, өзге біреуге нақыл ретінде айтарсың. Ал, оның тереңдігін басыңа түскенде ғана аңғарасың. Соның ең маңыздысы – Ана қадірі екен. 

Әлі де тоқтамай айта бергім-ақ келеді. Анамды еске алған сайын лық етіп тағы бір соны естеліктер көз алдыма түзіледі. Соның бәрі маған асыл тастар мен бағасы тең келмес қазыналардан да қымбат екенін жаным түйсініп, өзімнің аналық мейірімім де содан қуат алғандай. Құдірет бізге ғажап қасиеттер сыйлаған, амал-нешік соны елеп-ескеріп қадір тұтуға бір де уақыт, бір де зейін жетіспей жатады. Біз өзімізді бір Ұлы жарысқа түскен шабандоздардай сезінеміз. Өмірге келген соң, әрине ұтысың мол болғаны абзал ғой. «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» дегендей, анамыз біздің бұл жалғандағы жасаған амалдарымызға дән риза деп ойлаймын. Ата-ананың негізгі мақсаты – өзінің ұрпағына берік ұя салу. Осы тұрғыдан қарағанда бала-шағаңды дүние-мүлікке малындырып кету басты міндет деу қателік. Олардың болмысын қалайтын негіз тастау – басты міндет. Бұл өмірде ақша мен алтынға да сатып ала алмайтын айырықша құндылықтар бар. Кейбір дүние тарыдай ғана шағын бола тұрып, бойында орасан қуат ұстайды. Ал, кейбір орасан кейіпті заттың іші боркемік келер. Адам көз алдындағысын бағалай алуы тиіс. Оның көлемі емес, ішкі сарасы қымбат. Осы тұрғыда анам Мәрзия: «Оқымаған, қараңғы адаммын!» деп қанша айтса да оның жан-дүниесі Тәңірлік нұрмен шуақталған, бұл бес күн жарықтағы өмір жолында – Ана деген атақты абыроймен арқалаған ардақты адам бола білгеніне бас иемін!!! Мәрзия анам аса бір діндар адам болған емес. Бес уақыт намаз оқымаса да оразасын ұстап, дұғаларын айтып, ізгі ниетінен ешқашан да айнымады. Анамның осындай игі, жылы шырай жүзі көз алдымда мәңгі сақталады. Көзі тірісінде анама өз тарапымнан сыйлай алған сәулелі күндер – ана сүтін ақтадым деген емес, ана көңілін ара-тұра таба алдым ба деген медет қана. 

Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, жан Анам! Өзің үшін дұға бағыштайтын ұрпағыңның сабағы үзілмесін»...


Мына жазбаны Қырмызы оқып шығып, жаңағы ашуынан арылды. Ғалам деген сонау қияндағы бір ауылда: қой қора мен сиыр қораның, одан қалды бақшадан ұзап көрмеген қарапайым кісінің толғауына еріксіз елжіреді. Өзінің әжесі есіне түсіп, көзіне жас үйірілді. Анасы жұмысбасты болып, барлық тәлім-тәрбиені әжесінен алып еді, Қырмызы. Сондайлық бір ғаламат сөздер мен қуаты тасыған ойлар болмағанымен бұл жазбаның қарапайымдылығы ұнады. Жасандылығы жоқ, шынайы, мөлдіреген сусынды алдыңа тосқан тәрізді. Ойына келген осы пікірмен қолма-қол бөліспек болды да қылт етіп айнып қалды. Ғаламның мақтау сүйгіштік қасиеті есіне сап етті. Бұл – ол кісінің тырнақалды жазбасы. Қолына тие сала, мақтай жөнелгені қаншалықты дұрыс? Және уақыт оздырып барып, тағы бір қайталап оқып шықпақшы болды. Әмина ханымнан «Қайта беріңдер» хабарлама түсті. 


* * *

Таңертең Марлен мырза келген-ді. Ол әлденеге ашулы еді. Келе сала бәріне шүйлікті. Бетімен жайылып кеткен малды янаттаған бая-шая бақташы құсап, аузына келген боқтықпен сыбап, құлақ тұндырды. Өстіп жыны қозғанда, маңындағы әйел-еркек демей сыпырта береді. Кешегі ішкен шараптан екі беті көнектей болып ісіп кеткен Әмина ханым кірерге тесік таппады. Марлен мырза оны жеке кабинетіне апарып сыбағасын беруге кірісті. Баяғыдай, көрінген бағдарламаны қаржыландыра беретін мұнайдың егін-тегін мол ақшасы сарқылды. Бұл топас қатынға – енді емін-еркін ұрлайтын жер қалмай бара жатқанын қалай да түсіндіруі тиіс... Төбеден құйылып тұрған сарқырама сияқты көреме қалай? Бүткім мемлекет дағдарысқа тап болайын деп тұр! Әй, мемлекетті қайтпексің, отбасы бизнесің құрдымға кеткелі тұр. Осындай аласапыран шақта ақшаны бей-берекет шашу деген – не сұмдық?... Сосын алты ай бойы Америкада жүргенде бір инвестор таба алмағандарын айтсайшы. Әмина ханым мен ана екі қызының карточкаларын да бұғаттап, тәубасына келтірмесе – бұларға өзге ешнәрсе сабақ болмас. Расында жылдан жылға табыс көзі тарылып, бұрынғыдай ырду-дырдуды ешкімнің қалтасы көтере бермейтін боп барады. Марлен мырза осы ойларын ащы-тұщы сөздерді араластыра Әмина ханымға сіңімді етіп жеткізді. Сосын ұзақ-сонар сөз соңында – жаңа бизнес-жобаны пысықтау үшін, біраз күнге әріптестерге шығатынын айтты. Қолындағы қара портфелді шайқақтата ұстап, қош аман айтпастан Марлен мырза кете барған-ды.  

Марлен мырза қара портфельді ұстаса, бұндағы жұрт оның үшінші немесе төртінші қатынына кетіп бара жатқанын жақсы білетін. Компания жұмысшылары арасындағы корпоративтік ауызбіршіліктің бір нышаны – олар бір-біріне басшыларының жүріс-тұрыстарын құпия түрде бөлісіп отыратын-ды. Аузы жеңіл дегендерінің өзі бұл деректі – өз ортасынан тыс  ешкіммен бөлісе алмай, ішінде өлтіруге мәжбүр еді. Марлен мырзаның жүргізушісі оны аэропортқа жеткізіп салған соң, екеуара келісім бойынша, ол қайта оралғанша көлікті бір жерге жасырады. Сонымен басқа қаладағы отбасымен емен-жарқын шүйіркелесіп, мейірі қанған соң, бұндағы екінші отбасына жарқылдап оралады. Әмина ханымның онда шаруасы жоқ. Тек, келісім-шарты сәтті жасалса болды... 

Расында, кешегі ішісі артықтау болып кеткен тәрізді. Анасы туралы жазылған жазбаны оқыған соң, онсыз да босауға әзір тұрған көңілі батпақша езіліп, солқылын бас алмай біраз жылаған-ды. Бүгінгі таңы да жайсыз басталды. Бай деген аты болмаса, бұл тұрған үйге басын сұқпайтын Марлен мырзаның ақ сайтаны ойнап, онсыз да сынып тұрған басын мүлдем быт-шыт қып кетті. 

Кеше түстен кейін расында, бір жобаны пысықтамақ болған-ды. Бірақ, дос қатындарын қиып кете алмады. Ақыры, есінен бір жола айырылып қалмай тұрғанда «Қайта беріңдер» деген хабарлама салып үлгерді. 

- Сен, керемет басшысың! Адамға жаның қатты ашиды. Маған салса, оларды сол жерге түнетер едім! – деді бір сылқым құрбысы тілі күрмеле.

- Мен, гуманистпін!.. Тұра тұр... бүгін оларды офисте қондыра салсам қайтеді? Қызық болсын!..

- Міне, бәрекелді! – деп келесі сылқым Әмина ханымды қолдай кетті. 

Әмина ханым телефонды көзіне тақап шұқылай бастады. Біраз қиналды да: 

- Әріптерді ұмытып қалыппын... Бәрі бір-бірінен аумайды! – деп тарқылдай күлді. Қалған қатындар да мынадай ғажап тапқырлыққа таңырқай, арттары айырылғанша тарқылдасты. 


* * *

Мәрзия апайдың жылдығы өткен соң, Марлен мырза мен Әмина ханымның үлкен қызы өзінің көңілі түскен жігітпен тұрмыс құрды. Ол қасқаны, әкесі екі жүз мың долларға сатып алғанынан байқұс қыз хабарсыз еді. Жігітке – ақша, қызға – бай керек болды. Әке мен шешеге – қызының артын жабатын абырой. Американдықтардың мынадай афоризмі бар: «Бақытты ақшаға сатып алуға болмайды, бірақ, жалға алуға болады»

Жылдық ас та, екі жастың үйлену тойы да дүрілдеп өтті. Қазақ елінің қаймақтары осы екі шараның көз қуанышы болды. Той мен астың қалай өткені емес, оған кімдер келді деген маңыздырақ еді. Себебі, аса мәртебелі мырзалар мен ханымдардың қонақ ретінде көп болуы сол шара иесінің мәртебесіне байланысты. Сенің мың адамға шашылған дүниеңнің құны – билік пен қаржы тұтқасын ұстаған бір-жар адамсыз қара бақырлық құны да жоқ. Марлен мырза таңдаулы топтың ортасында екенін дәлелдеді. Демек, қазына қазанынан қағылмаған. 

Әмина ханым Ғалам жазып берген шағын кітапшаға жүз америкалық доллар қаламақы төледі. Қырмызы Әмина ханымның сараңдығына қаны қайнап, алмай кетпек болып, артынан ұрыс-керісті қайтем деп көнген екен. Ақшаны теңгелік бағамымен Ғаламның есепшотына аударды. Өмірінде алғаш рет қаламақы көрген Ғалам да ес қалмады. Қуанышы қойнына симай, онысын Қатшасымен бөлісті. Ақша керек болып қаталап отырған ол – осы жолы шын ниетімен разы болды. Жиналып қалған біраз ұсақ-түйек қарызды қолма-қол өтеп, жеңілденді. Бірақ, бұл қуанышын ешкімге жаймау керек деп Ғаламның уәдесін алды. Тіпті, балаларына да айтпады. Сөйтіп, Ғалам бір жетідей желкесі күдірейіп, қоразданып жүретін мүмкіндікке ие болды. Онан кейін бәрі ұмытылды. Алдына кісі салып айдамаса ас батпайтын қаракемпір үйреншікті ғадетіне қайта басты. Керек пе, керек емес пе бәрібір, жасалмай жатқан бір жұмысты таба қояды. Оның талабы мен тәртібі – адам ешқашан да қол қусырып қарап отырмауы тиіс. Осылай жұмыс тауып, кісіні жұмсағанның өзі де – жұмыс. 

Ғалам жүз доллар қаламақы алып, қанжығасы майланғаннан бері – қолтығына қанат біткендей күй кешіп, табаны жерге бір тиіп, бір тимей жүріп жатты. Қырық жыл көмекейінде кептелген өксігі – ықылық тәрізді атқылап, әр жолы доп-домалақ ой түйіндер мен шап-шағын көркем әңгімелерді дүниеге әкеле бастады. Ауылдың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін екі-үш беттік әзілі мен астарлы ойы аралас әңгімелер аудандық газеттің бетінде жарық көріп, Ғалам осы төңірекке қаламгер ретінде танылды. Ауылдастары кездесе қалса қолын алып, бұның әңгімесін сүйсіне оқығандарын, ондағы кейіпкердің кім екенін танығанын айтысып, мәз болысты. Кейбірі алғаш оқығанда мағынасын ұға алмай, мына қасқа не жазды деген күдікпен қайталай оқып, күлкілі оқиғаның астарындағы ащы мысқылды сонда байқапты. Тіпті, тағы біреулер қоңырау шалып, бұған шығармашылық табыс та тілеп жатты. Сонымен ақыл-есіне сына түсті деген Ғалам шал – аяқ-асты, осы төңіректің танымал тұлғасына айналды. Оқушылармен кездесуге оны мектепке шақырды. Оның шығармашылық жолға қалай түскені жайлы білгілері келді. Расында ғұмыр бойы көз алдарында келе жатқан бейкүнә кісінің осындай кепке тап болуы – ешнәрсеге сенуден қалған безбүйрек, еті өліп кеткенді де еріксіз толғандырды. Ғалам алғашқы әңгімесін алғашқы қар түскен кезде жазғанын өле өлгенше ұмыта қоймас. Бір күні кешке жақын домаланған қара тайыншаны қорасына қарай жетектеп бара жатқанда анау иттен үркіп, бой бермей ала қашқан-ды. Соңынан, жіптің ұшынан ұстаған Ғаламды қаңбақтай дедектетті. Тайынша аққан күйі үйреншікті қорасына қойып кетті. Ал аяғы ит жүгіретін сым темірге шалынған Ғалам, ұзынынан созыла есіктің босағасына баспен барып соғылған-ды. Құдай сақтап, сүйегі аман, тек бас терісі қақ айырылыпты. Қазақ атамыз «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» демей ме, шылқылдатып иодпен жуып, стрептоцид үгінін күнделікті сепкен соң, екі-үш күнде терісі тартылып, жазылып кетті. Бірақ, саусаққа білінетін ырсиған ізі қалған-ды. Әлгі, қаламгерлік қасиет қалай қонды деген сұраққа Ғалам осылай, басын жарып барып жеткізгенін айтып, балаларды таң қалдырып жүрді. Бір ақымақ бала жазушы болам деп, әдейі басын жарады-ау деген ой қаперіне де келмеді. Тәйірі, сау адам: ақын яки жазушы болуға өз бетінше ынтыға қоймас... Себебі, өнеге, мақтан ретінде елдің алдына шақырған жұрт, сырт айнала бере Ғаламға – кекесінмен, жын тиген, делқұлы кісідей қарайтын сияқтанды. Шынында да тұрмыс-тірлігі алабөтен емес, өзге ел құсап өмір кешіп жатқан алақандай ауылда – «жазушы» дегеннің пайда болуы қисынсыздау іс еді. Рас, әр ауылдың бір жындысы болатыны бар. Түрік сериалдарының дәмін кіргізетін бір жынды кейіпкері болушы еді. Сол құсап, жындысыз ауыл некен-саяқ қой. Ал «жазушысы» бар ауылды кім естіпті?.. Егер құлыншақтай жас біреу болса – ертең қалаға кетіп, шығармашылық топқа кіріп, сіңіп кетер дер ең... Ал, мына қара шал көзге шыққан сүйел сынды.  

Сонымен Ғаламның көктем келе үйден қашатын қылығы жолда қалған сияқты. Қарақұрт оқыған адамша таң бозынан, қызыл іңірге дейін компьютерге емінген егде кісінің қылығы, Қатшаға да аса ұнамады. Анау жолы тапқан жүз доллардың мәртебесі баяғыда ұмыт болған-ды. «Малды қара, отын-су әкел, қар күре» деп далаға аттандап қуып шықпаса, өз бетімен бірнәрсе жасаудан мүлдем қалды. Сірә, бұның басын әлдекім жадылап тастаған сыңайлы. Аракідік жасырынып телефонмен сөйлесуі және таусылмайтын жазысудың бір құпия сыры бар. Сосынғы бір ғажайып, Ғалам бұрынғыдай ерегесті кілт қойып, қаракемпір не десе де көніп, мәңгүрт адамша салпақтақтай беретінді шығарды. Мына жалғандағы жүрген – Ғаламның сырт сұлбасы ғана секілді. Ал, шынайы болмысы өзге әлемге ауып кеткендей... 


* * *

Қырмызы осы жолғы сапарлары оңды болғанын айтып, Ғаламға жазба салған-ды. Марлен мырзаның өзі араласқан сыңайлы. Тегі, Нью-Иорктен гөрі Лондон мен Дубайдағы және іргедегі Мәскеуде шоғырлаған қаржы орталықтары тартымды көрінді. Мүмкін, келешекте жұмыс бағыты солай қарай ауатын тәрізді. Не де болса бұларға көктемге дейін, Американың дәмін тата тұру бұйырған сынды. Жазбасының соңында Қырмызы: «Аға, сіз азамат ретінде өз еліміз, мемлекетіміз туралы қандай ойдасыз? Бұны сұрап отырғаным, жуырда біз Балиге барып бір апта демалдық. Шеф сонда келді. Әмина ханым одан: «Отанымыз қалай, аман-есен бе?» деп сұрап еді, шеф бұлқан-талқан болды. «Отанды қайтесің, отбасыңды ойла! Қайда кетуші еді Отан, жатыр!». Мына сөзді естігенде төбе құйқам шымырлап кетті! Егер қолында билігі мен бизнесі бар қазақ азаматы осылай десе, мемлекеттігіміздің құрығаны ғой?! Кімге арқа сүйейміз? Біздің олигархтардың пиғылы миыма қонбайды. Байлыққа қол жеткізген адамда арман болмас дерсің, сірә?! Сондай арман биігіне шыққан бірегейлердің өмір жолын оқып отырып, осы күніңе де тәуба дегің келеді. Ең алғашқы миллионер боп танылған Рокфеллер қарапайым клерктен көтеріліп, бас айналатын байлыққа кенелді. Ол – оның ерекше табиғатынан туындаған жетістік. Ал Морган болса, кісі өлтіріп, аяусыз тонап мол қатігездікпен молшылыққа жол салды. Бұдан өзге де байлардың өмірі өзіндік құпия сырға толы. Бірақ осылардың барлығы да мемлекетке қызмет етіп, оның шарықтауына үлес қосты. Олар мемлекет неғұрлым мықты, бай болса, соғұрлым бұлар да байый түсетінін анық түсінді. Іргедегі қытай саясаты да сол. Өнер-білімімен байыған ерекшелерді қолдап, қажет кезінде мемлекет олардан жәрдем ала алатынын ескерді.

Біздің жағдай мүлдем өзгеше. Саясында отырған зәулім бәйтеректі тамырдан кеміріп жатқандаймыз. «Аспаннан жаудыр, жерден өндір» деген қағиданы ұмытып, жалпы халыққа ортақ қазынаға қол сұғып, баюдың жаңа бір жолын тапқан тәріздіміз. Бұл – «қазақша вариант». Мемлекетімізді өсіру емес өшіру екенін түсінетін уақытты өткізіп аламыз ба деп қорқамын. Ұрының қолын шауып, қарақшының басын алмаса – өзімізді өзіміз жұтуымыз ғажап емес! Осы жайлы пікіріңізді білгім келеді»...

Ғалам мына жазбаны оқып әрі-сәрі күйге түсті. Осы қыз мен қылжақ етіп жүрген сияқты ма деп күмәнданды. Өйтпесе, қой қора мен сиыр қораның ортасында жортқан менен қандай пікір тумақ? Бақшаны қалай баптау керек десе – сайрай жөнелер еді... Мемлекет, олигархтар туралы не айтпақ? Баяғыда Ленин бабасы: «Әр сауыншыға дейін мемлекет ісіне араласуы керек» деген сөз есіне түсті. Ол үндеудің шынайы мағынасы басқаша сияқты. Мемлекет ісі тек саясатқа тірелмейді ғой. Саясатты саясаткер атқарсын, ал сауыншы – өз ісін істеу арқылы мемлекетіне үлес қоссын деген шығар... Мына интернет деген жақсы көмекші болды. Керекті сауалыңа жауап алып, түсінбеген дүниеңнің мағынасымен танысу көзді ашып жұмғанша. Фейсбук желісіндегі әр-әркімнің жазбаларына көз жүгіртіп, кейбір танымал деген саяси шолушыларды да шолып шықты. Ғалам екі дүниені көрген кісі іспетті сезінеді өзін. Әрине, солайы солай да... Сонау бала кезінде газет бетінен «Египеттен тарт қолыңды!», «Кубадан тарт қолыңды!» деген сияқты ұрандарды талай оқыған-ды. 1980 жылы СССР-де коммунизм орнайды деген сеніммен өсті. «Адам адамға дос және бауыр» деген ұғым миына тасқа қашағандай қашалды. Ата-ананың тәлім-тәрбиесі де өзгеше еді. Олар жалынды сөздермен емес, қалай өмір сүру керектігін, адамдар арасында қандай қарым-қатынас болу керектігін күнделікті өз ісімен көрсетті. Мүмкін осындайдан барып, «Атаның қаны, ананың сүтімен» даритын қасиеттің болғаны да рас шығар... Қазір қип етсе «Мың өліп мың тірілген қазақпыз!», «Әр қазақ – менің жалғызым!», «Ақ найзаның ұшымен ақ білектің күшімен» деп дауылдата кетеміз. Сол күндерді бастан кешкен қазақтан қазір жұрнақ қалды ма? Желдірте жөнелетін қызыл сөз ғана желпілдейді. Оны да ту қып көтеріп, астына қалың қол боп ұйысатын ешкімнің қарасы байқалмайды. Әйтеуір, әлеуметтік желі деген – бар жоғы беймәлім «әлемде» шуылдасқан жұрт. Бұрын майдан даласында ерлік жасап батыр атанса, енді «диванбатырлар» қаптаған. Егер ауыз өзімдікі, мен де бес-он жол сөйлем құрай алам деп, Ғалам да бүгінгі өкіметті даттап, қоғамның қоясын күнде ақтаруға кіріссе, күндердің күнінде топ бастаған «диванбатыр» атануы да кәдік... 

Ғалам арыға бармай-ақ ауылдағы билікті ойлап көрді. Ауыл әкімі деген әншейін қолбала сияқты. Оны жоғарыдағы басшысы да «сабайды», ауылдағы салпы ерін салақ қатын да «сабайды». Қолында не билік, не қаражат болмаған соң, одан не қайыр? Зейнетақы, атаулы көмек және тағы басқа мардымсыз әлеуметтік төлемдерді реттеген болады. Қағаз сапыру. Жаны қысылып барғанға берері жоқ, «бюджетте қарастырылмаған» деген ғана айтары бар. 

«Апырай, мына қызға не деп жауап жазсам екен?» деп Ғалам шынымен қиналды. Бұны –  «саяси тағалаған», оңды-солын ажыратып, ақыл-кеңес бере алатын азамат деп, төңірегіндегі жұрт бір кездері үлгі тұтқан. Бәрі сол тәуелсіздік алғаннан бастап, астан-кестеңі шықты. Бұрынғы құндылықтарға – кешегі өзі су ішкен құдыққа түкіргендей жаппай түкірісті. Бейнелі түрде елестесең, бұның – тұп-тура, әкең мен шешеңнің бетіне түкіргенмен бірдей екен... 

Мектеп қабырғасында жүргенде атақты әл-Фарабидің мемлекет туралы жазған трактатын оқығаны есіне түсті. Интернетті ақтарып, ұлы ғұламаның біраз еңбектерін қарап, нақты сол оқығанына дөп түспеді. Сосын мейлі, мен де талай қырды асып, талай белді басқан қырт емеспін бе деп өзінше сүйкектетуге кірісті. 

«Мемлекет құрып ел болу кей ұлттарға бұйырмаған бақ екені рас. Халық өз тарапынан билік сайлап, елдің ынтымағын, алаңсыз ғұмыр кешу амалдарын соларға жүктейді. Билік басына көлденең көк аттыға жол болмауы тиіс. Осы орайда мына бір мысалды еріксіз айта кеткім келді.

Бірде, Жиреншеден сұраған екен: «Сіз кімге тартқансыз? Әкеңізге ме, шешеңізге ме?» деп. Сөз зергері ойланбастан: «Кіндігіме дейін шешеме, төмен қарай әкеме» деген көрінеді.

Сол сияқты күллі мемлекет те, қоғам да екіге бөлініп, бірі «шешенің», бірі «әкенің» қамқорлығына түскен тәрізді. Әрине, бұл салыстырмалы түрде ғана. Қайсысының қолында күлше болары және билеп-төстеу мүмкіндігі мол екені айдан анық. 

«Ерекшелердің» бір қызы: «Мен осындай отбасында дүниеге келгеніме қуаныштымын. Не ішем, не кием деп қиналып көрген емеспін. Әке-шешем бала кезімнен үлде мен бүлдеге бөлеп өсірді» дейді. 

Сол «ерекшелер» аяқ-асты қайдан шықты? 

Менің ойымша халық – олар үшін тобыр. Халықты тобыр деп кейбір зиялы қауым өкілдері де айтқан. «Халық – құдайдан бір жас қана кіші» деген сөз бар. Ақшаны құдай санап, санасынан қасиет кеткен мәңгүрттер кешегі өзі шыққан жұртына аяқ сүртуде. «Іштен шыққан шұбаржыланым», «Жалғызым – жалмауызым» дер кеңпейіл елің, бірақ қашанғы айта берер дерсің?.. 

Жер бетіне жаралған жан-жануар, жәндік, күллі табиғаттың өмір сүруге өзіндік құқы бар. Әрине, тіршіліктің де өз заңы бар. Кейбірі бірін-бірі асырау үшін жаратылғандай. Ақыл-еске ие адамзат үшін, ол ұғым жат болуы тиіс. Дейтұрғанмен, осындай «аңдық инстинкт» біздің кейбір байшікештерге тән-ақ! Қазақта көзінің еті өсті немесе шел басты деп жатады. Баршылықтан, кекіре тойғандықтан өзінен жұтаңды көзі көрмейтін, қарайып тұрсаң да елемейтін астамшылық пайда болды. Өзіне қызмет еткен кісіні – кісі құрлы көрмеу, Тәңірдің өзі құлақ түретін «Сәлем» атты ұлы тілекті естімеу, біреудің тағдырын тулақ секілді бағаламау, оларға аса тән қылық боп бара жатқандай. Кей жағдайларда сондай асыра сілтеп кеткендер әлдебір апат немесе қылғұрт дерттен кетіп жатса – оған деген аянышың жаншылған шіркейді аяғандай да болмайды-ау. Кешегі көз көрген таныс адамның баласы қалай ғана аяр, қаныпезерге айналып кетті екен деп таңырқайсың! Байлық – жанды байытып, көңіл көгіңді шырқататын зор мүмкіншілікті тудырғанның орнына, ұрлығын қорып, кеуіл қаратүнегіне қамалған, азғын қорқауды жаратып жатқан тәрізді ме?

Қанша секірсең де өз басыңнан қарғып кете алмайсың дегендей, секіргеннің де жөні бар-ау. Соны кейбір тексіздер жаны алқымына келгенде ғана аңғарар. Ал оларды: жамандық тілеп қорқыту немесе түзету мүмкін емес. Себебі, олар өзге бір кеңістікке ауып кеткен бөтендер. Ұғысу деген мүмкін еместей...». 


Осы пікірін Қырмызыға салып жіберіп, шақшадай басы шарадй болып отырғанда біреу үйге сәлем бере кірді. Дауысы таныс. Ғалам ұрлығының үстінен біреу түскендей компьютерін өшіріп, ауыз бөлмеге шықты. Ол өзінің осы шаруасына ешкімнің араласқанын қаламайтын-ды. Тіпті, кейде не жазып жатқанын білгісі келіп, желкесінен төне ынтыққан қаракемпірді жақтырмай қуып тастайтын. Азын-аулақ тиын-тебен түсіп жатқан соң, ол қарағым да аса тулай қоймайтын. «Піштіру, немді жарылқап жатсың!» деп ерінен шығарып кете баратын. Ғалам тым тасыраңдап кетсе, «Әй, әлдеқандай болмасай, кімнің арқасы алаңдамай жазып отырғаның!» деп дүрсе қоя беретіні де бар. 

Кіре беріске сырт киімдерін іліп, ентелеп келе жатқан жан досы Сәрсенбек екен. Талайдан бері көріспегендіктен екеуі құшақ жая қауышты.

- Төу, сағынысып қапсыңдар ғой? Мынаған жүр кіріп шығайық десек, отырғаны әнебір «қатынына» жабысып, бұның қатыны мен емес, сол кәмпитір болды. 

- Иә, естіп жатырмын. Ғакең дос жазушы атаныпты. Келіншегіміз екеумізді аудандық газетке қатар жазған. Ғакеңнің әңгімелерін жеке-жеке оқып мәз боп жатырмыз! Жарайсың, дос. Мені де біреулер сенің кейіпкеріңе ұқсатып жүр екен...

- Досыңның түрі осы, не сау емес, не жынды емес. Менің арқамда қарайып адам боп жүр, әйтеуір... Ей, мынау қатынын әлдеқандай қып «келіншегім» деп үзіліп отыр. Сен сөй десең, аузың қисайып кете ме, осы?

- И-и-й, келіншек деген жолда қалады. Сен алтын қатынсың ғой! Егер сені алғанда мен де жазушы боп кетер ме едім? – деп Сәрсенбек досына ара түсті. Аузына құм құйылғандай үн-түнсіз отырған Ғалам – өз кемпірін құдай да жеңе алмайтынын әбден біледі. Сондықтан керең адамша екеуінің аузына кезек қарап, бейтарап отырған. Қатша жата кеп бүлінді.

- Қатыны несі ей? Өзің қатып қал! Тапқан екенсің теңесер жетістікті... жазушы болмай кеткір, өңкей!..

Бұлар бір-бірін осылай қағытып алып, дастархан басында жайлап шәй сораптауға кірісті. Бүгінгі ауыл жұрты бір-бірін арнайы шақырмаса, есік ашудан қалып бара жатқанына налып, сондай-ақ әркімнің өз шаруасы да басынан асып жатыр, баяғыдай ел қыдырып, әңгіме-дүкен құру жастықтың арқасы екен ғой деп күрсіністі. Сәрсенбек бір құпиямен бөліскісі келген кісіше қыпылықтап, жан-жағына жалтақтай берді. Оны сезген Қатша:

- Не болды, менен жасырып не айтқың кеп отыр? Бәрібір артынан білем бәрін, – деп көзі жалт етті. 

- Мен, өздерің білесіңдер, «Ақсақалдар алқасының» төрағасымын... 

Ғакең бұған дейін «Қоғамдық кеңестің» төрағасы болды. Әкім үшеуміз тәп-тәуір қызмет қылдық...

- Болды түсіндім.. Қоғамдық жұмысыңа бармайды, ол. Онсыз да «қоғамдық жұмысы» басынан асып жатыр.

- Ешқайда шақырып отырғам жоқ. Ауыл тарихын кітап етіп шығарсақ деген ой келді. 

- Таңдайың тақылдағанда алдыңа жан салмайсың. Жаз өзің.

- Жазып бастап едім, бір ойдан бір ойға секіріп, лағып кеттім. Мына достың әңгімелерін оқып қарасам, бірізділік бар. Ойы шашырамайды. Ел бекер күледі, мынау келе-келе айтпады деме, шын жазушы болады. 

- Жағыңа жылан жұмыртқаласын! Осы жазуын қойдыра алмай отырғанда ендігі қалғаны «шын жазушы» болу ма? Бұнда түк те жоқ, соқыр тауыққа бәрі жем деп, қараңғы ел – тасқа басылса болды оқи береді.

- Әкім қаламақы төлеттіріп берем деп уәде берді.

- Не дейд? Қайталап айтшы...

- Бюджеттен кітап шығару үшін қаржы қарастырып жатыр. Қомақты қаламақысы бар, егер жазып шықса, тарихи-танымдық шығарманың авторы ретінде аты халыққа танылады.

- Аты-матын қоя тұр, қанша төлейді екен? Соны айтсай...

- Осы бір-екі күнде ауыл азаматтарын жинап кеңес өткіземіз. Сол жерде осы мәселе де қаралады. Кейінгі ұрпаққа ауыл тарихын жазып, өнеге ретінде қалтыру үлкен ұлағатты іс. 

- Мені де шақыруды ұмытпаңдар. Қатын-қалаштың алқасында бар болатынмын!.. 


* * *

Тегі, ауылдағы ағайындарды – көштен қалған, жалқау, өкіметтің қолдауына тәуелді, масыл біреулер деп есептейді. Әрине, ондайлар баршылық та. Бірақ, сол ауылда тұрудың өзі оңай шаруа емес. Тек, бір күндік тамағын тауып, артылғанын араққа салып жүрген азғандарды айтпағанда. Жыл он екі айдың әр айы мен күнінің өз маңызы бар. Мысалы қаладағы жұрт ауа райына жалтақтап, бүгін күн қалай болар екен деп алаңдамасы белгілі. Себебі, оған бәрібір, жауын-шашын ба, аспан шайдай ашық па... Ал, қырдағы шалғынын, алқаптағы егісін, үйдегі бау-бақшасына алаңдаған жұртқа бәрібір емес. Әрқайсысының пісіп-жетілетін мезгіліне тиісті атқарылар шара-шаруалары бар. Соның бірі қате кетсе, ала жазғы еңбегің еш дей бергін. Қолынан келгенді әр шаруагер дер кезінде істеуге талпынады. Ал шамасы келмейтінді Тәңіріне жалбарынып, тілейді. Соның бір дәлелі, күн тамбаса «тасаттық» беріп жатқаны. 

Тағы бір кілтипан: бір сиыр ұстайсың ба, әлде онын ба маңызды емес, соған күн түн демей, тәулік бойы қарап, алаңдауың керек. «Малды малдай адам ғана бағады» деген қазақ атам. Осы тұрғыдан келгенде Ғаламның ауыл тұрмысына шорқақ екені тайға таңба басқандай. Қырық жыл қызметте жүрді деп ақтауға да болар еді, Бірақ, қызмет істеген жалғыз бұл емес қой. Сол қызметінде жүріп, үйдегі өз шаруасын да шыр айналдырған қаншама азаматтар бар. Арырақ қазып қараса Ғалам, төрт түлік малдың қыр-сырын жетік меңгерген шопанның баласы. Малсақтық қасиет кімге кімге, дақ осы Ғаламға жұғысты болуы тиіс еді. Бұны бекерге сөгуге де келмейді. Мал қарауға жатық-ақ. Бірақ, Қатша сияқты біреу қадағалап, қақсап отырмаса, сенім жоқ. Ойыны келгенде жүгіріп кете беретін, құдды ойын баласы дерсің. Бұның ішкі өзегінде қандай құндылық бары белгісіз. Белгілісі – мына жалғанның көпшілік ардақтаған боқ-дүниесіне жаны иімей. аттап кете беретін немқұрайлылығы ғана... 

Қырмызы келесі бір жазбасында мазасын алған бұрынғы елестер туралы сұрады. Ғалам соңғы кездері оларды көрмейтінін айтты.

Қырмызы: 

«Аға, өте қуаныштымын! Құдірет сізге іш тартып, реніші тарай бастаған сыңайлы. Тек, абай болыңыз! Жаман ғадет-қылықтардан арылыңыз. Құдіреттің ашуы қиын! Енді ренжітсеңіз, айтпады демеңіз, оңдырмайды!». Ғалам: 

«Есіңізде ме ертеректе бір түс көрдім деп едім ғой? Тау басында тұманың көзін аша алмай, әбден қалжырап барып, әрең ашқаным. Гуілдеп от лапылдап еді! Сонда ойлағам, мен байқұс әбден ұлғайған шағымда бейнет көремін-ау деп. Мына кейінгі кездегі көкейімнен төгіліп шығып жатқан әңгіме сол оттың бастауы болар. Иә, алғашында лай аралас қара су лақылдап, артынан ғана от лаулаған-ды. Қолыма, тұсымнан табыла кеткен сырықты алып, тұма көзін тереңдете түйгілегенім есімде... ». 

Қырмызы:

«Түсті де дұрыс жору керек. Сырық дегеніңіз – сізге көмектесетін құрал немесе әлдебір амал. Мүмкін, білім аласыз. Ал, өткенде WORD логотипімен жүгіріп ел арасына кіріп кеткен балақайыңыз осы тырнақалды әңгімелеріңіз шығар... Сізге сәттілік тілеймін! Тек, абай болыңыз!».

Ғалам:

«Интернетті қарап отырып, әдеби конкурстарды көрдім. Кейбірі жас шектесе, кейбірінде шектеу жоқ екен. Бағымды сынап қатысып көрсем қалай? Тегі, конкурс деген танымалдыққа жол ашады дейді екен.».

Қырмызы:

«Сіз, айнымаған кішкентай баласыз! Сізге конкурстың, танымалдықтың қажеті қанша? Жазған әңгімелеріңізді ел оқып, мақтады екен деп, өзіңізді керемет сезіне бастаған сияқтысыз. Сізге астамшылық жасауға болмайды. Құдіреттің аманаты әңгіме жазу емес, уақыты келгенде оны өзіңіз түсінесіз».

Ғалам:

«Сіз осындай нәрселерді айтқан сайын, өмір сүруден қорқа бастаймын! Кейде, кешірерсіз, сіз мені күлкі-мазақ етіп, әжуалап жүргендей көремін. Өйтпесе, жеме-жемге келгенде Құдірет түгілі, Жаратушының өзінің барлығына шәк келтіретін надан пенде емеспіз бе? Мына төңіректегі ойран-топан өмірге қарап отырып, бұл жалған – ешқандай мәні мен маңызы жоқ, ешкімге қажеті шамалы, сұраусыз, жауапсыз, аяқ тіреп МЕН дейтін негізден жұрдай, елес тәрізді жаралыс па деймін... ».

Қырмызы: «Е бәсе!..» деп, шолақ жауап қайтарды. Ғалам қыздың жауабын түсінбеді, ары қарай өз ойын сабақтай берді.

Ғалам: «Егер осы жалғанда өзіңізді кезіктірмегенде, мен осы жасыма дейін бұғып келген қараңғы қапасымда әлі күнге дейін жүре берер ме едім. Әлде, меңдеген бір дерттің кеселінен ендігі көз жұмып, топырақ астында жатар ма едім. Тағы сол елес келеді көз алдыма. Түр-түсін ажырата алмасам да өзіңізге ұқсайтын бір жанның жолығатынын анық білгем. Дұрысы, маған соны әлдекім білдірген-ді. Ол қызбен қандай қарым-қатынаста болатынымды айтпады. Тек аңғарғаным, ол мені өзімнен артық түсіне алатындығы ғана. Сол баланы сізге баладым. Неге десеңіз, егер сізге дейін кездесуі тиіс болса, ол әлдеқашан кездесер еді. Соңымда бұлыңғыр тұман секілді шұбатылған кешем жатса, алдымда бір тұтам қаракешім қалған сияқты еді. Өзіңіз күлкі қылатын екі қораның арасындағы тырпыл ғана маңдайыма жазылған тағдыр деп түсінуші едім. Одан енді бас тартқым келеді. Білмеймін, ұят та болса айтайын, ертең деген сөздің алдынан сіздің бейнеңізді көремін. Алыжған шал деп сөксеңіз де реніш жоқ. Солай екені солай ғой... Уақытты қамшылап, сол ертеңде не тұрғанын көрсем деген аусар ынтықтық жеңіп барады. Амал нешік, әр нәрсенің өз туатын кезі бар, уақытынан озып яки кеш туғанның бірде бірі оңған емес-ау! Кешіріңіз, қуып кеткен сияқтымын ба?..».

Қырмызы:

«Уақытты қамшылағаннан пайда жоғы рас. Менің өміріме де өзіңіздікі секілді өзгеріс келді. Тас болып сіресіп қалған жүрегімнің әлі де иій алатынына таң қалдым. Бірақ, қорқамын қатты! «Аулама» ешкімді кіргізгім келмейді. Сол күйден мүлдем арыла алмайтын сияқтымын. Кейде сіздің ұлғайған жасыңызды, әжім басқан түріңізді ұмытып кетем, үлкен адамға тән қасаңдықты сізден аңғармаймын. Керісінше, сіздің өмірге ынтықтығыңыз мені қайран қалдырады. Осыдан жиырма жыл бұрын қайда жүрдіңіз дегім келеді. Жарайды. Аман болыңыз!».


Бұған «жазушы» деген атақ ілінгелі неше түрлі адамдар келетін болды. Арыз, өтініш тіпті бизнес-жоспар да жазып беруді сұрайды. Интернеттің арқасында Ғалам елге керекті нәрселердің барлығын тауып, тапсырыстарды қиналмай орындады. Бастапқыда тегін істеуші еді, кейін шамалары келгенше тиын төлейтінді шығарды. Оның өзін орайластырып жүрген қаракемпірі екен: «Шалымның «алтын уақытын» алмаңдар, уақыт деген – ақша» деп. 

Фейсбукте кездесетін кейбір сайттарға әңгімелерін жолдап еді, олар бетін қайтармай, тез арада жария ете салды. Баяғы кеңес кезіндегідей, «көркемдік жағы жетіспей жатыр, сөз саптауың келіспей жатыр» деп керіккен ешқайсысы жоқ. Ал, жазбаны оқыған оқырмандар жаппай мақтасып, Ғаламның төбесін көкке жеткізді. Ғаламға шын мәнісінде осы ма еді керегі? Қырмызыны тыңдаса, бұның мойнына жүктелген аманат мүлдем басқа. Апырау, Ғаламның миы мен өресі жетпейтін ол қандай аманат еді? Былай қарасаң, әжептеуір танымалдыққа ие болды. Интернет заманында мекен-жай деген де аса маңызды емес екен. Жердің қай түкпірінен болса да хабарласа аласың. Бір американдық танымал жазушы өле-өлгенше өзі тұрған ауылынан шықпапты-мыс. Қарым-қатынасты пошта арқылы жасасып отырыпты. Оған қарағанда бұның жағдайы көш ілгері емес пе. Ғалам өзін-өзі ақырында таптым деген ұйғарымға жығыла бергісі келді. Қара кемпірі Қатша да қақылдауын қойып, бұны мойындай бастағандай. Тек, Қырмызы ғана Ғаламды мойындайтын түрі жоқ. Ол қыздан қорқа бастады. Бұған белі көтермейтін жүк артқысы келетіндей көрінді. Міне, жылыстап көктем де жетті. Осы аласапыран шақта Ғалам да арнасынан ауып, енді қай қуысқа аттанғысы келер екен? Ауылдың іргесіндегі Қарақуысқа қайта бармайтынына сенімді. Ата-анасының елесі жортқан Қарамеңдідегі тас үйші? Соны қатты аңсаушы еді ғой. Қызыл-қара тасты, жақпарлы таудың арасында жападан жалғыз жүрген өзін елестеткенде Ғаламның жүрегі сыздап қоя берді. Ол, ит арқасы қиянға егемендік алғаннан бері ел аяқ баспаған-ды. Аң-құстары мүлдем жабайыланып, тарғыл жуа теруге де ешкім бармайтын шығар... Жүрегі неге сыздады? 


* * *

Сөйтіп жүргенде Қырмызыдан тағы бір көлемді жазба түсті. 

«Бұйыртса, мамырдың аяғына таман қайтатын болдық. Елді сағынып кеттім! Сізге айтайын дегенім: өткен жолғы Балиде болған бір апта демалыс маған қатты әсер қалдырды. Бұл шағын арал – кезінде жанартаудан пайда болған Индонезияның көп аралдарының бірі болып келеді. Халқының тұрмысы тым жұпыны екен. Өте діндар көрінді. Тіпті, бұндайды қараңғышылық деуге де болатындай. Әйелдерінің кигені арзанқол шыт көйлек, соның өзін қастерлеп киетіні таң қалдырды. Олар қашанда күліп сөйлейді, әруақытта өз өмірлеріне дән риза. Бұйырған ырыздығын қанағат еткен момындығы – өзіміздің бір кездегі ауылдағы қазақ жұртына ұқсап кетеді. Маңдайына жазылған тағдырына мойынсұнған жанкештіліктеріне қарап, қара нардай қайыспас, қайсар мінезін аңғарасың. Біздің қазақтың да мінезі сондай емес пе еді?.. 

Аға, Бали аралының жағалауын шайып жатқан Үнді мұхитының алып толқындарын көз алдыңызға елестете аласыз ба? Сонау шетсіз-шексіз айдыннан жөңкіле жосыған таудай толқындар өркештене келіп, «Әуіп!» деп жартасты жағаға ұрады. Алып көкіректен шыққан алып демді естігенде ұлы мұхиттың қалай дем алатынын естисің. Немесе оны Тәңірдің тынысы деуге де болады. Осылай мұхит мазасызданған күндері суға түсу өте қауіпті. Ал тыншып, жайбарақат жатқанда мұхиттың суы жағалауға еркелей жайылып, біраздан соң ішін тарта, құмдауыт жағалаудан қашқандай кері лықсиды. Сол кезде шомылған кісіні бауырына икемдей, тереңіне қарай жетектейді. Сондайда Әмина ханымның зәр-иманы ұшады. «Қырымызы қаш! Су тартып кетеді!» деп. 

Жаңағы неше қабат үй тектес толқындардың жалында ойнаған серфингшілерді көрсеңіз. Не деген жүрек жұтқан жандар деп жағаңды ұстайсың. Бір қалқып, бір сүңгіп жүрген жаңқа дерсің... 

Маған бәрінен де қатты ұнағаны мұхиттың бетіне қонақтаған кешкіқұрымғы сәт еді. Аспан мен мұхитты астастырып, алуан нақышпен құлпырған ғажап бояуды тек тылсым күш қана жарата алар! Оны тек көру керек. Осы кереметке қарап тұрып, ойға қалдым. Егер расында Құдірет атты қуат күші бар болса, сізге осы ғаламат көріністі міндетті түрде көрсетуі тиіс. Сіздің тынысыңызды ашатын тылсым күш – осы алып мұхиттың құшағында жасырынып жатқан тәрізді... 

Айтпақшы, сізге бір әдемі жаздық жейде және қол сағат алдым. Бауырларыма осы жолы ештеңе алмадым. Өткенде оларға бір-бір оригинал «Айфон» силаған едім, «Мынауың күрделі екен, Самсунгіміз жақсы еді!» деп өткенде жынымды келтірген-ді!.. 

Ел жаққа көктем келсе, бұл жақта қыс мезгілі. Қыстарының түрі осы, шомылып жүрміз! Көктем мерекесі құтты болсын!».

Ғалам Қырмызыға жедел жауап қайтарды.

«Бали халқының мінез-құлқы расында бізге шамалы ұқсас келеді екен. Олар тағдырына бас иген көнбіс халық болса, қазақтың да көнбістігі ерекше ғой. Қой малын бауыздап жатсаң «бә» демейтін мықтылығы бізге тартқан сынды. Жылқы мінездіміз, тағысын тағы деп жататын теңеулер келмеске аттанған аталардың қанымен жерге сіңіп кеткен тәрізді. Біз, бабалар кие еткен Көкбөріні мысыққа айырбастадық. Мысық дегенің – қарғысы қатты, басынан ұрмасаң ішкенін мойындамайтын қырсықты жануар ғой. Бүгінгі қазақ қоғамын сондай мысық тектестер илеп астына салғандай. Киелі Көкбөрі болса, айдалада ұлып жүр... 

Ұлы мұхиттың алып тынысын есту, әрине, бір ғанибет болар! Ондай бақыт маған бұйыра ма, бұйырмай ма кім білсін. Сіздің айтатын Құдірет пен тылсым күштің бар жоғына кейде күмән келтіремін. Және маған әлдеқандай аманат яки миссия жүктелгеніне де сенімім мол емес. Тегі, діндарлық та дарымаған адаммын. Жаратушыны дін арқылы түсінуге ынта-ықыласым болмады. Дінді қабылдамау – құдайдан безу емес деп ойлаймын. Қазір «Әркімнің құдайы өз ішінде немесе жүрегінде» деген пікір сәнге айналған сынды. Толық болмаса да соған мен де қосыламын. Себебі, әркім өзін Табиғатпын деп түйсінгенде ғана жаралған тегі мен Жаратушысын танитын болар. Әншейін ғана құмырсқа тірлігіне қарап: олардың тірішілік тынысына таң қалып, о бастағы салтынан айнымаған беріктігі таң қалдырады. Санасы төмен деген соларға мызғымас жад берген қандай күш дерсің? Ал адамзаттың жадтан айырылуына не себеп? Ол сұраққа жауапты кім береді? Сіздің ойыңызша, менің құлағыма Тәңір сыбырлайтын кез келетіндей. Соны ойласам бойымды қорқыныш билейді! Ренжи көрмеңіз, ақыл-есі күмәнді маған еріп, Сіз де жоқты бар деп, болмасты болар деп жүргендейсіз. Мына жалған, бұрын: ертегі мен аңызды әспеттесе, енді қиял мен таңқалуға орын қалмайтын ақырзаманға айналып бара жатқандай... Интернеттен мынадай нәрсені оқыдым: «Қарақуыс материалды дүниенің қоймасы болса, Аққуыста рухани құндылықтар сақталады-мыс»... Яғни, мен – «Қарақуыста» жүрген болдым ғой? Егер қателеспесем, Сіз мені рухани ғана емес, рухтар әлеміне шақыратын сияқтысыз... Рас, қазіргі жай-күйім кісі қызығарлық емес, орнынан қозғалып кеткен сең тәріздімін. Алдымдағы барша кедергіні жайпап барып, жетер жеріме жеткен соң, бірақ тоқтауым мүмкін. Немесе сол сең өзімді таптап, бұл жалғанның бетінен жұқанамды жоқ қылуы да мүмкін... Бойымда сабыр болғанымен алаңым үдеп барады... Әлдекім, мені қышқаштай қолымен қысып, жетекке алғандай.

Иә, бізде көктем. Ол жақта қыс болғаны қызық екен! Бір жұмыр жердің өзінде неше белдеу бар. Ал, мына ғалам мен ғарыштың құпиясы ше? Өмір сүргің келсе, ойланбау керек сияқты... Өзіңнің түкке тұрғысыз кейпіңді мойындағанда, амалсыз: «Ертеңіңді бере гөр» деп, Тәңіріңе жалынады екенсің. Амандықта жолығу жазсын, ардақтыма айнала бастаған Қырмызы қыз!».


* * *

Тегі, көктем айларында күн көзінен ұшқындаған сәуленің сан тарам бояуы асқына жарқырап, ауадағы ақ пен қараны суалтып, жер бетіне алуан түрлі ніл төгетіндей. Осы бір аласапыран шақта адам санасы да шәмкестеніп, делебесі бостары ушығып, салқынға ұшырайтын тәрізді. Осындайды аңдығандай: батыстан керуен-керуен болып, келіп жатқан жыл құстарының қанатына жабысып, ақ жүрек періiтелер мен қанқұйлы жын-перілер де жайнаңдап жететіндей...


Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...