Ертеректе, біздің бала күнімізде, көнеден сөз саптап отыратын қариялар қарапайым еңбек етіп, дабыра...
Құрманхан Мұқамәдиұлы. Екі дос
(Әңгіме)
Темірбек оқып отырған кітабын сол қалыбында қалдырды да, терезенің алдына барып көзін алысқа қадап ұзақ ойларға кетті.
Кешкі көлеңке қуалап, батыстан шығысқа ығысқан күн сәулесі тау басын аймалап, «кешікпеспін, келермін ертемен, қош бол, сәулем!» деп тұрған кезі еді.
Темірбектің сырын жете білмеген, яки бейтаныс адам сыртынан қарап кәміл жасқа толған қызыл шырайлы жігіттің көңілінде осындай бір ой толқыны тұр деп еріксіз жобалайтын еді.
Бірақ Темірбектің жан жүйесін, құсбегі үйреніскен қыранының сырын қалай білсе, сондай-ақ білетін досы Тоқаш ептеп басып келді де столды көз қиығымен біp шолып өтіп қасына барды.
– He ойлап тұрсың?
Темірбек үн қатпастан тұра берді. Алақанын иығына қоя жанасалай барып тұрған Тоқаш оның сәл ғана түйсінгенін сезді.
– He ойлап тұрсың?
Үнсіз қайтадан қалшадай қатқан қалпына келді. Тесілген сайын отты қара көзінде жалын ойнай түсті. Тоқаш бұл көздің сырына әбден қанық еді. Жайнап тұрған жалын шоғы қайнаған кектің де белгісі емес, жан қажытқан өкініштің де белгісі емес, ой толқытқан ақылдың да белгісі емес, алағызған ғашықтықтың да белгісі емес... Басқа, басқа...
– Таптым ойыңды!
«Шынында ма?» дегендей кілт бұрылды да:
– Немене?
Темірбектің қалпын кенет өзгерткен себебі, ол Тоқаштың сезімталдығына, тапқырлығына әр уақыт қайран қалушы еді.
Оның байсалды жүзі жарқ етіп қулана қалса, әлдененің кілтипаны ашылғандай көрінетін.
– Айт, немене?
– Маужыраған күн мынау, масайраған жан-жануар анау. Ауыл, айран. Айнала шабу...
– Па, шіркін, таптың-ақ.
– Іліп жалағандай қоймалжың айранды жек көретін шығарсың?
– Әр нәрсе уақытымен...
«Жек көремін» деп кесіп айтайын десе де, ықтиярсыз шұбырып келіп қалған сілекейдің ырқына еріксіз көніп сүйей салды ғана:
– Қомағайлық өзіңмен кетсін...
Өзара қағысқанда әрі байсалды, әрі сөзі дәлелді Тоқаш ұта беретін. Сондықтан да Темірбек түйінді мәселелерден ығысып, әңгімені әзілге ауыстыратын еді.
«Қомағайлық» дегені 5-класс жылы Тоқаш үйлерінен келген айран, ірімшікті шамадап тыс жегендіктен бе, әйтеуір екі күн іші ауырған-ды...
Тоқашқа басындырмас үшін ол әр кезде осы жайды есіне сала беретін. Тоқаш әзілге сараң, ашуға баяу еді. Ол соңғы кезде Темірбектің ажуасына ашулану былай тұрсын қынжылуды қойған. Сондықтан да ол өзінің ерлігіне езуін бір тартты да қайтадан қиялына мінген Темірбекке оралды. Оның өз қиялы өзіне екен.
– Қазір ауыл азан-қазан. Қозы маңыраған... тас қораның түбінде, шуақта лақ ойнақтаған...
Темірбек мырс етіп күлді де:
– Ботасын тәй-тәйлап емізіп тұрған апаң қалып қойды емес пе?
– Не десең о де, көкек те ауылға шақырып, көңілді қобалжыта береді.
– Жылдың құсы боп кетпегін.
– Оны қой, жаңағы жағдайға оралайық. Мен ойлап тұрғаныңды шынында тапқанмын.
– Ал айта қойшы?
– Сен әуелі Сергей Тюленинше зырлап келе жатқан машинаға мысықша қарғып шығып, секіріп түсем деп ойладың?
– Арығарай…
– Екіншіде, мысықша жымып барып сахнада тұрған неміс фашистерінің туын ұрлап алғың келді және тиынша секіріп шығып, биікке Совет туын тіккің келді.
– Тәуіпсің бе, ой!
Ерлік құмарлығы қандай болса, аңғалдығы да сондай Темірбек өзі оқып отырған «Жас гвардияның» тарауына дейін білетін Тоқаштың әңгіме арасында ойын байқап үлгіргендігін аңғармай қалды.
– Үшінші ойың, Валя сияқты бір қыз алаңдағы ағаштар арасында роман оқып, «әлгі бозбала... Темірбек Дүйсенбаев» деп ойлап отырса...
– Доғар, әрі! Осы сен сөз сөйлесең қызсыз сөйлемейтінің не?
– Неге, ондай жігітті қыз сүйеді.
Шынында, Темірбектің көңілінде махаббат, сүйіспеншілік шоғы қоздана қойған жоқ еді. Рас, ол кітаптарды көп оқитын. Романдағы белі бұралып, көзі күлімдеп тұрған қыздардан гөрі, көбінесе арыстандай айбаттанып, сұңқардай түйіліп тұратын қаһармандарды қарастыратын.
– Көлге түйілген лашындай қырып-жойып жүрсем дейсің ә!
– Демегенде ше?
«Жүректе оты жоқ,
Адамда ми болмас» деп Абай айтқан емес пе?
– Оныншы бітіресің, ойласаңшы бірдеме?
– Ойран салып берейін, майданың қайсы, көрсетші.
– Сеніңше, батырлық, ерлік тек майданда ғана шыға ма?
– Өйтпегенде тышқан аулап шығарамысың...
– Жоқ, менімше ерлік – адамды қыруда емес, қорғауда.
– Ұлы Отан соғысы батырларының бәрі адамды өлтірмей батыр болған ғой, сеніңше.
– Әрине, адамды қорғау үшін фашисті айуанатттарды өлтірді. Тіпті, онсыз да батыр болғандары бар.
– Мысалы?..
– Мысалы, Зоя. Ол жаудың қару-жарақ қоймасын өртегені үшін. Егер ол сол ғұрлы қару-жарағын өртемеген болса, айтайық, қанша адам?!
– Сол үшін де ерлік керек.
– Сеніңше, ерлік туа біте ме, жүре қалыптаса ма?
...Дау аяғы құрдымға кетті.
Бұл 1952 жылдың күзі еді.
Темірбек, Тоқаш екеуі де университеттің дайындық курсында оқып жүр.
– Жүр Тоқаш, Құмарбайдікінен шай ішіп келейік.
– Meн бара алмаймын.
– Тәйір, кешке дейін несіне тесіле бересің, әсіресе демалыс күні?!
– Математикадан үлгермеймін бе деп қорқамьн.
– Уақыт жетеді емес пе? Әлі қайда, бақандай бес жыл.
– Олай деме. Біз уақытты ұтпаймыз, уақыт бізді ұтады. Басынан үнемдеу керек.
– Экономист!
– Басын бағалай алсаң, аяғы арзанға түседі.
– Философ.
– He десең де өзің біл, тек түбіне үңіл.
– Ақын! Жүрмеймісің?
– Я, – деді де, Темірбек қайтадан кітабына төнді...
* * *
...Темірбек Құмарбайдікінде бірнеше адамдардың ішінде қызықты қызу әңгіменің лебіне балқып отыр.
Сөйлеп отырған жерлесі, ауылда «жынды сары» атанған Дауылбай.
– Мен, – деді ол, алдындағы рюмканы бір көтеріп тастап. – Қолыма жұдырықтай тасты уыстап қаша жөнелдім. Ол қуып келеді. Жүйрік ит екен. Мені өздерің білесің, жүйріктігім құландай емес пе? Адамы сирек жерге әдейі ұзатып апармақшымын. Баяулап таятып қоям да, жете бергенде тағы да зыти жөнелем. Сонымен, «Су көшесінің» тоғыз тарауына барғанда тәлтіректеп болдырған боп сол жағын ала бердім. Ол емексініп ұстай бергенде қақтым-ау кеп, құлақ шекеден! Жалманынан ұшты.
– Ондайда, – деді, талпақ танау, қысық көз, дембелше қара жігіт. – Қолсойыл, әлгі немене деуші еді қазақша, қол шоқпар...
– Оныңыз не? – деді, еркін түсінбеген Темірбек.
– Оным ба, жұдырықтай қорғасынға бау тағасың да қойынға басасың, бітті.
Өзінің ерлігіне құштарланғандай рюмканы ол да бір қағып қойдьі. Әңгіме қыза түсті. Темірбектің көз алдынан «ерліктер», «ептіліктер» тізбек-тізбегімен өтіп жатыр.
Лаж не, ішімдік те таусылды, дөкейлер дәуілдесіп ресторанға тартты. Айырылысарда Дауылбай: «Тапсырарың бар ма? Аларың болса алып тұр, құдайға шүкір, бар. Таяуда тағы да мал айдап әкеп сатам, жолығармыз сонда» деп аса мейірбандықпен қош айтты.
Бір жарым айдан кейін Құмарбайдікіне барған Темірбек пен Тоқаш тағы да мал сата келген Дауылбаймен жолықты.
– Бір мәлішті екі саттым, – деді ол, көзін қысып қойып. – Бұларды асықша айналдыру менің қолымнан келеді.
Даукең қалтасымен қатар жұмыршағын да сіреген екен.
– Жүр жігіттер, ресторанға.
– Біздің уақытымыз аз еді...
– Жарайды, үлгерерсіңдер. Болмаса, өзім таксимен жеткізіп тастаймын.
Дер бабында жүрген Дауылбай бұларды еркіне қоймады, жетектегеннің аз алдында ресторанға алып келді.
– Ей, хүүхэн.* 8 бөтелке пиво.
Сегіз бөтелке самсып алға келгенде бұрынғыдан жадырай жайнай түсті. Едел-жедел төртеуін тартты да бесіншісін бастағанда аң-таң отырған аналарға, «ішіңдер» деп қойды.
– Ішіп отырмыз.
– Мен, – деді ол, ерлігі туралы тағы бір «эпопеяны» бастағысы келіп, бірақ та тілі күрмеліп, еркін сөйлеп кете алмады. Тілден қайыр кеткенін білген ол жұдырығымен көрсетейін дегендей, бар пәрменімен тақтайды періп өтеді. Бөтелкелер мен шынылар гранат атылғандай жан-жаққа ығып, ың-дың етіп «жан тапсырысып» жатысты. Мұндайды бірнеше рет көріп зәресі ұшқан Тоқаш далаға қалай шыққанын өзі де білмей қалды. Ол Темірбекті күтіп есіктен сығалап тұр еді. Дәукең бөтелкелер мен стакан сорлыларды «арашалауға» келген ресторан қызметкері жігітті тағы да періп өтті.
Абайсызда сүрініп түрегелген жігіт есесін қайырғанда Дауылбай тәлтіректеп барып, екінші тақтайды құша етбеттей жығылды. Сол-ақ мұң екен, манадан қанын ішіне тартып, қасарысып тұрған Темірбек столды жұлып алды да жігітті құлақшекеден күсіп өтті. Ресторанның іші ұлар-шу. Сыртқы есікті бөгеп алуға ұмтылған милиционер үлгергенше Темірбек мысықша ырғып сыртқа шықты да зытып берді.
Ресторан қызметкерін ұрғанын көріп, бұл сұмдықтың немен тынарын күткен Тоқаш алыстан болжап тұрған еді.
Жатаққа кірер-кірместе:
– Кімді қорғадың, сен?
Темірбек жауап берудің орнына кінәлай бастады.
– Жолдасын жолға тастау барып тұрған ынжықтың ісі!
– Тапқан екенсің жолдасты.
– Жолдасым болмасын қазақ.
– Taпқан екенсің, қазақтың асылын!
– Жаман болсын қазақ.
– Айтамын ректоратқа, бұл қылығыңды.
– Айт!
– Айтамын!
...Екі достың көп жылдар бойы қабысқан ыстық құшағы осылай ажырасты...
* * *
1959 жылғы 1 май, фестиваль күні. Қызыл арай шұғылаға бөленген Бай-Өлгий жастарының стадионы.
Жиналған жұрттың реңінде жастық жалынды еңбек, жарқын болашақтың қуанышты белгісі бейне сағымша ойнайды.
Тоқаш орталықта ұзақ жыл қызмет атқарып жүріп, туған өлкесін көріп, туысқандарымен есендесіп қайтуға кеше ғана келген-ді.
Өлгийдің бүгінгі өміріне қарап, өз көзіне өзі сенбей тұр. Айнала тамаша. Міне, кейде ұршықтай дөңгеленіп жастар билеп жүр. Міне, волейбол, ядро, диск...
«Рас, мен мұнда жүргенде мұндай волейбол ойнамайтын, ал ядро, диск дегенді көрмек тұрмақ естімеген болармын. Домбыра! Домбыраның үні де, тіпті де өзгеріп кетіпті-ау».
Ол осындай ой теңізінің толқынында жас жігіттің домбыраға қосып шырқап салған әнін ұйып тыңдап тұр еді, сыртынан келіп біреу көзін басты.
– Темірбек! Ә, сәлеметсің бе, батыр!
– Таныс, менің жұбайым Айша.
Бұлар түскі шайды Темірбектікінен ішті. Темірбек жилеткісін шешіп ілді де төсек алдында ойнап отырған екі жасар қызды қолына алып:
– Міне, біздің бойжеткеніміз.
Жатырқай қараған баланың көзі қарақаттай мөлт-мөлт етеді.
– Құттықтаймын! Көзі шешесіне, маңдайы өзіңе тартыпты.
Шай үстінде әңгіменің көпшілігі аймақ өркені туралы болды.
– Аймақ орталығы мүлде өзгеріп кетіпті-ау, өзі!
– Бұл тек бастамасы ғана, – деді Темірбек, Тоқаштың сөзіне көбінесе құрылыс жағынан мән беріп.
– Адамдары ше... тіпті де жаңа.
– Темірді «батыр» деп не себепті айттыңыз? Осының ерлігін еш уақыт естіген жоқ едім. – деді, манадан сөзге араласпай отырған Айша жымия күліп, сөзді өзіне қолайлы тарапқа бұрғысы келгендей.
– Мұның ерлігін айтып тауысуға болмайды. Толық бір роман. Есіңде ме, ресторан? – деп көзін Темірбекке қағып қойды.
– Болмағанда ше? Татырды ғой, ол үшін.
– Енді бір татып көрмеймісің?
– Тым ащы.
Екі дос ішек-сілесі қатқанша күлісіп алды.
– Я, Айша, – деді Тоқаш, салмақты кескінмен, – Темір осында істеген мерзім ішінде екі жүзден аса адамды ажалдың құшағынан айырып алыпты. Бұл ерлік, батырлық емей немене, нағыз ерлік!
Жапан түзде жаралы қалған солдаттың да арманы «құтқар», өрт аймалап, түтін булықтырған баланың да арманы – «құтқар», бұрын малға сатылып шалға баруға душар болған қыздардың арманы да «құтқар» болған. Жапа шеккен жанды кім құтқарса, соны құтқарушым деп құрметтейді. Батыры да, бағланы да сол. Ал ауру сырқаттан айығып, ажалдан құтқарылу – халықтың қашаннан бергі арманы. Ендеше өз халқының сол арманын орындап берген бұл батыр емей, кім батыр! Солай ма, жолдас врач-хирург?! – деп тынған Тоқаш тағы да бір ұзақ ойға кетті.
– Тағы нендей ойға кеттің, қадірлі Аплатон мырза?
– Қазір менің көзіме сенің келешек лабораторияң елестеп отыр. «Жарық кең бөлме... аппараттар жиынтығы ішінде сенен қорқып құрша жорғалаған ақ халатты аққұба қыз... Шоқша сақалыңды мазасыз сипалап, қолды-аяққа тоқтамай дегбірсізденіп жүрген сен»...
«Қызықсың, өзің!» – деді де, Темірбек столды айналын келіп сырттай қапсыра құшақтап бетіне бетін тақады.
Көптен ажырасқан құшақ осылай қабысты.
Мәдениет порталы