Қалам ұшындағы Астана метаморфозасы: Айнаның арғы келбеті

ӘДЕБИЕТ
2197

6-шілде – Астана күні. Атаулы күнге орай "Мәдениет порталы" бір топ ақындардың елордаға арнаған "Қалам ұшындағы Астана метаморфозасы" атты өлеңдер топтамасын жариялады. Ендігі кезекте тағы да бір топ қазақ қаламгерлерінің "Қалам ұшындағы Астана метаморфозасы: Айнаның арғы келбеті" деген атаумен Нұр-Сұлтан қаласына арналған жырларын оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. Мархабат!

Айт-Ман (Светқали Нұржан). Түнгі кермек тілек 

Отыз жылда кірмей қойған есің бір,
Отпен ойна, ойындарың осылғыр!!!
Сексенде де енбей қойған есің бұл,
Отпен ойна, дүрең оттан есілгір!



Есей Жеңісұлы. Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан...

Ескерткішің бар енді таза мыстан,
Тұтты, сірә, қызғанып аза дұшпан.
Күллі әлемнің өкпесі күйіп жатыр,
Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан...

Билігіңде ешкім жоқ шала милы,
Бірақ шаруаң қалмай-ақ барады игі.
Бетпердесін иекке түсіре сап,
Бетке ұстайды топ адам қаралы үйді.

Кімнің қалай болады айып ісі,
Жарға барып тірелді қайық ұшы.
Дәріханаң бар болғыр аспиринді
Қымбат сатып, келеді байығысы.

Танылғымыз бар еді атырапқа,
Матаға да зар болдық, жапыраққа.
Жедел жәрдем - үнемі шабан жәрдем,
Қайыр күткен жұрт түгел ақымақ па?

Мерейтой ма... көкпарын ала шапты,
Көксау халқы күтеді ағаш атты.
"Бұл отшашу не керек?" деп кесетін
Сөзді бекер күттім-ау парасатты.

Әлде халқың аурумен аз алысқан,
Тойын жасап, ертесі қаза құшқан.
Көр үстінде көп шайтан билегендей,
Отшашуың бітпеді-ау, Қазақстан...


Жұлдызай Ысқақ. ***


Сені қалай құттықтасақ болады?!
Есіміңе ет үйренген жоқ әлі!

Астана ма,
Нұр-Сұлтан ба, не десем?!
Тіл ұшында түрленесің неге сен?!

Сені қайтем?! Қос атыңа дос күлді...
Елді қайтем қос егелі, қос тілді?!

Көңілі үшін ең сүйікті атаңның,
Мінберлерде Нұр-Сұлтан боп аталдың...

Болмағасын бәрін де ортақ мәміле,
Ел ішінде Астанасың әлі де.

Халық айтса, қалып айтпас басқадан,
Жә, жарайды, мерекеңмен, Астанам!



Асылзат Арыстанбек. ***

Мәйіттің үстінде мереке-думан,
Табыттың үстінде от шашу!
Ауруханалар айыбын жуған,
Ажалдың құдды қақпасы.
Тойыңа барып топалаң асқан,
Тобырдың кімге обалы?
Құрғата алмай көзіңді жастан,
Құрыды-ау әбден амалым.
Тәуелсіз елде тәуелді халық,
Бір түйір улы дәріге.
Биліктің бізге қақпасы жабық,
Той тойлап жатыр әлі де.
Мүрделеріңе белгі де қоймас,
Ескерткіш соққан тіріге.
Қара жер сірә өлімге тоймас,
Қаралы ел бұл іріген.
Табыттың үстін көмген гүлімен,
Отшашуыменен алмасып.
Арыстарыңның өлген күнімен,
Туған күніңмен, елбасы!


Танакөз Толқынқызы. ***

Ошақта отым өшті.
Өлдім мен. Атым өшті.

Қиын ғой оқыс өлген,
Көздер көп оты сөнген.

От шашып тойлағандар!
Отпенен ойнамаңдар!

Көз жастың хақы болар,
Тозақтың оты болар.

Шер қатқан қырауы бар
Наланың сұрауы бар.

Іздейміз әрнені жоқ,
Халқым бар дәрмені жоқ.

Ел де жоқ. Отан да жоқ.
Ел бастар атан да жоқ.


Мақпал Жұмабай. Отшашу. 06.07.2020


Отты шашу дүңкілдеді,
Ауылыңа жетті ме үні?


Шоғы түсіп жүрегіңе
Күйдірді ғой, кешір, күнім.


Отшашудан сенің даусың
Естілмейді, естілмейді...


Жан бауырым, кешіре алсаң,
жалынамын, кешір деймін.


Сезесіңдер, барлық көздер
енді оттай жарқылдайды.


Осы отты жарқыл енді
Жанарлардан жоғалмайды...

author

Асылзат Арыстанбек

АҚЫН

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...