Амантай Тойшыбайұлының «Адам бол» кітабі оқырманға жол тартты

ӘДЕБИЕТ
2078

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ф.ғ.к, жазушы, журналист Амантай Тойшыбайұлының «Адам бол» кітабы таныстырылды. аталған шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, университеттер мен колледж студенттері қатысты.

«Адам бол» кітабында автор шағын, ойлы жазбалар стилін таңдаған. Кітап мазмұны адам баласының өмір сүрудегі, іс-әрекет етудегі мәні мен мазмұны не деген сұраққа жауап іздеп, қысқа-нұсқа талдайды.

Жаңа кітап «Жай ғана қарапайым бол!», «Әр таңды қуанышпен қарсы ал!», «Өміріңнің бірде-бір күніне өкінбе!», «Үнемі риза болып өмір сүр!», «Жақсы адам бол!», «Жарықтан жарыққа қарай жүр!», «Күн сайын жаңа өмір баста!», «Әр күн ғажайып!», «Өмір бұл мүмкіндік!» және қорытынды тараудан тұрады.

Кітаптың бетін ашпай жатып-ақ осы тарауларды оқып шыққаннан кейін бұл бір адамға күш, рух беретін, басшылыққа алатын кітап екенін бағамдайсыз. Қазіргі уақытта адамға мотивация беру, талпындыру мақсатында жазылған туындылар ерекше сұранысқа ие екенін білеміз. Бұл туынды да мотивациялық кітаптардың санатына жатады деуге болады, – деп ақын, аудармашы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан жаңа кітап туралы пікір білдірді.

Өз кезегінде жаңа туындының авторы Амантай Тойшыбайұлы бұл кітап мотвациялық кітап дегенмен, қарапайымдылыққа жетелейтінін атап өтті.

Бұл кітап қайтсең бай боласың, қайтсең бастық боласың деген дүниеге ынталандырмайды. Бұл кітап қайтсең қарапайым, түзу адам боласың, қайтсең мына қоғамда өз орныңды табасың деген бағытта жазылған. Ішінде діни материалдар жоқ. Бірақ дәстүрлі: бір жаратушы бар, мынау жаман болады деген сияқты адамға түсінікті дүниелер жазылған. Сондай-ақ кітапта әлемдік ең асыл сөздер мен ғибратты мысалдарды аудара отырып, оны қазақи ұғымға сай келтіре отырып, түсінікті тілмен бұл өмірді пайдалану тікелей өзіңе ғана байланысты екенін түсіндіруге тырыстым, – деді Амантай Тойшыбайұлы.

Іс-шара барысында «Ақсқалдар тағылымы» ҚБ төрағасы, ардагер журналист Ермек Жұматов пен ақын, республикаға танымал батагөй ақсақал Балтабай Сыздықов кітаптың тұсауын кесті.

Сондай-ақ жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен жастар сөз сөйлеп, кітап жайлы пікірлерін ортаға салды.

Еске салайық, Амантай Тойшыбайұлының бұған дейін «Тұнық тамшылар», «Біреуі бес парыздың – қажыға бару», «Павлодар өңірі Ислам руханиятының тарихы», «Дана тұлға, дара ғимарат», «Жүректің көзі ашылса…», «Ақылға сәуле қонбаса…», «Жүректе қайрат болмаса…», «Сәулең болса кеудеңде» атты кітаптары жарық көрген.

PS. Амантай Тойшыбайұлы – Қызылордадан шығатын «Халық» газетінің де белсенді авторы. Әлсін-әлсін әлеуметтік желі арқылы Керекуден Сыр еліне сәлем жолдап, бір топ туындысын ұсынап отырады. Әр жазбасы адамға ой салатын, алға жетелейтін, ненің не екенін бағамдататыны анық. Біз де өз тарапымыздан Әбекеңе оқырман олжасына айналып отырған жаңа жинағына құтты болсын айта келе, шығармашылықтың шыңына шыға беріңіз, қаламыңыз мұқалмасын деген тілек қосамыз.

Фото: Есенжол Исабек

Pavlodarnews.kz.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...