Фариза Оңғарсынова. Нұрлан Балғымбаев

ӘДЕБИЕТ
3059

Нұрлан Балғымбаев


Ер жігіттің серігі –

арғымақтан туған Ақтаңгер,

қалдырмас жолда жолдасын,

анасы Құмай болғасын

жалтармай асар құз-жардан,

балдырлы балшық, сыздардан,

тұяғымен тарпып мұз жарған. 

Хас жүйрік – ердің бағы да!

Жалы қалың деп жабыға

ер салма – сұлу сырты алдар.

Тектіден туар тұлпарлар! 

              Әбубәкір Кердері


Нұрлан Балғымбаев. Бұл есім – Қазақ елінің кәрі-жасына ғана емес, әлемдегі мұнай-газ саласының айтулы майталман­дарына жақсы таныс. Өйткені, Қазақстан мұнайының жер шарының сан алуан елдеріне ең алғаш кеңінен мәлім болуы осы Нұрлан Балғымбаев есімімен тікелей байланысты.

Ол Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі болып тағайындалғанын естігенде, жалпы халық “бұл кім”, “қай жақтың азаматы”, “бұрын қайда жұмыс істеген” деп бір-бірінен сұрап жатты.

Сөйлесе жалтақтамай, ойын көзіңе тура қарап кесіп айтатын, жүріс-тұрысынан батылдық пен байсалды ор­нықтылық бірден сезілетін, кескін-келбеті келісті қазақ жігітінің өмір бойы мұнай-газ саласының өзге ұлттың өкілдеріне ғана бұйырып келген министр креслосына оты­руы ұлтжанды қарапайым жұртшылықтың көңілінен шығып еді.

Өзі Атырауда туып-өскен. Елден ерте кеткен мен атыраулықтардың көбісін біле бермеймін. Ол өлкенің азаматтары іздеп келіп, үлкенге сәлем беру дегенді ерсі көре­тіні тағы бар. Өтеп Балғымбаев ағамыздың есімі батыс өңірінің халқына жақсы таныс болатын, адамгершілігімен, парасаттылы­ғымен, қиын-қыстау кезде ел басқарып, қарапайым жұртшылықтың құрметіне бө­лен­ген кісі екенін жас болсақ та көкірегі­мізге түйіп өскенбіз. Бұрын Балғымбаев деген фамилия Өтеп ағамыз арқылы батыс облыстарға ғана таныс болса, енді респуб­лика көлеміне жарқ етіп шыққан жас азаматты астанадағы зиялы қауым үлкен үмітпен қарсы алды. 

Бұл Кеңес одағының құрыштан құй­ыл­­ғандай көрінетін қаңқасы құлап, еліміз бабалар ға­сырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздік туын көтерген кез болатын. Республика халқы­ның рухына қуат берген “тәуел­сіздік” де­ген жалғыз ғана сөз болмаса, материалдық, экономикалық, саяси жүйенің күн жеген матадай ыдыраған, жылына жиырма бес миллион тонна мұнай беріп тұрған кәсіп­орындардың өнімі күрт төмендеген жыл­дарда ел экономикасының күре тамыры болып есептелетін Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігін басқару әрі күрделі, әрі жауапты мәртебе еді. 

Азық-түліктен қаңырап қалған дүкен­дердің алдында топырлап кезекке тұрған халық, жалақы, зейнетақыны ала алмай бүрсеңдеген жас-кәрі, бұрын туысқанбыз, тамырласпыз деп қол ұстасқан елдердің әрқайсысы өзімен өзі болып, байланыстың тіні үзілген шым-шытырық тірлік... Кәсіп­орындардағы істен шыға бастаған өндіріс құралдарын ауыстыратын тетіктер жоқ. Павлодар мен Шымкенттегі мұнай айыру зауыттарының жұмысы мүлдем тоқтап тұр... Жалғыз-ақ Атырау мұнай айыру зауы­ты ғана шалажансар қимылдап, соқыр көзден шыққан жастай өнім береді...

Елбасымыз жан-жағынан жел үрлеген тәуелсіздік деп аталатын отаудың іргесін қайтсек бекітеміз деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, көкірек көзі ашық, білімді, пайымды, іскер азаматтарды іздеп жүріп, КСРО Мұнай, газ өнеркәсібі министрлі­гінде Мұнай және газ өндіру басқармасы бастығының Орталық Азия мен Қазақстан бой­ынша орынбасары болып істеген, Амери­каның атышулы Массачусетс уни­вер­ситетінде білімін жетілдірген Нұрлан Өтепұлына көзі түсіп, Қазақстанның мұ­най, газ өндірісі министріне тағайындауға Парламентке ұсыныс берді. Ол жылдары министрлерді тағайындағанда Парламент­тің келісімі шешуші рөл атқаратын. Депутаттар арасында “есімі елге белгісіз, шетелде оқыған адам, біздің экономика саласын білмейді” деп қасарыса қарсы болғандар болды. Елбасының сеніммен дәлелдеп сөйлеген ұсынысынан кейін ғана Парламент келісім берген еді. 

Жаңа министр өз жұмысын білгір мамандарды іріктеуден бастады. Мұнайдың иісі мұрнына барып көрмеген бозбала­ларды емес, бабаларының ата кәсібі мұнай, өмірге келіп көзін ашқалы көргендері Атырау мен Маңғыстаудың құмды дауы­лына араласып жердің өтінен май өндір­ген, осы саланың ыстығы мен суығында әбден жетілген, Мәскеу, Баку, Уфа, Алма­ты қалаларында мұнай, газ мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарын бітірген сайыпқыран жігіттерді жауапты қызметтерге орналастырды. Өзге республи­калармен бұрынғы байланыстың үзілгелі тұрған күретамырына қайтадан қан жүгір­тіп, жан бітіруге тура келді. Өйткені, өнді­ріске ауадай қажет құрал-жабдықтар жасай­тын Қазақстанда зауыт болған емес. Олардың бәрі енді басқа мемлекет болып кеткен елдердің территориясында қалды. 

КСРО деп аталатын кезіндегі алып мемлекеттің мұнай, газ өнеркәсібінің басында қызмет істеп, бұл саланың бүге-шігесіне дейін бес саусағындай біліп үлгерген, мұнай десе ылғи да аузын арыстандай ашқан алпауыт Американың саясаты мен өндіріс тәжірибесінен түсінігі мол министр өзінің алғырлығын, беделін, адамдармен тіл табысудағы мүмкіндігін көрсете білді. Осының арқасында “Маң­ғыстаумұнайгаз”, “Өзенмұнайгаз”, “Ембі­мұнайгаз”, “Жайықмұнай”, “Ақтөбемұ­най” бірлестіктері жаңа екпінмен өнім бере бастады. Осылайша бас-аяғы бірер жылда Қазақстанның мұнай өнімі қайта­дан жылына жиырма бес миллионға жетіп, шет елдерге шығару мүмкіндігіне қол жетті. Бұл тәуелсіз еліміз енді тәй баса бастаған, жетістігімізден жетпесіміз көп кезеңде қол жеткен үлкен жеңіс еді. Осы жылдардан бастап Қазақ елі шетелдік инвесторларды да қызықтыра бастады.

Қазақстан мұнайына алғашқы болып бұрғы қадаған америкалық әйгілі “Шеврон” компаниясы Аты­рау облысындағы мұнай қой­масы Теңіз атанған жерде жылына бір миллион тоннаны әрең өндіріп тұр еді. Жаңа ми­нистр олармен бірлесіп өндіруді қолға алды да, екі жылда өнімді бес миллион тоннаға жеткізіп, шет елдердің “Мобил”, “Шельф”, “Аджип” секілді әлем­ге атақтары жайылған ком­панияларының қазақ мұнайын игеруге атсалысуларын қамта­масыз етті. Дүние жүзі елдерінің Қазақстанға деген сенімі орнық­ты. Мұның бәрі кейбірулер айтып жүргендей, “ата-бабадан мұра боп қалған жеріміздің та­биғи байлығына шетелдіктерді ие етіп қою” емес, Қазақстанды эконо­микалық тәуелсіздікке жеткізудің алғашқы қадамдары еді.

“Қазақстан мұнай держава­сына айналса...” деген арман Доссор мен Мақаттың балшығы мен батпағын, Қосшағыл мен Қошқарда, Ескене мен Қара­тонда мұнайшылардың құм арасындағы жермен жексен тұрғын үйлерін, тұрмыстарының адам айтқысыз қиындығын қаршадайынан көріп өскен Нұрлан Өтепұлын жасөспірім кезінен ойландыратын.

Жоғары білім алып, мұнайшы деген дип­ломмен Маңғыстаудағы алғашқы мұнай фон­танын берген Жетібай кәсіпорнына жер­асты скважиналарын жөндейтін оператор бо­лып еңбек жолын бастаған кезде де ол Отан қоймасына миллиондап қара алтын құйып жүрген мұнайшылардың тұрмыс-тіршілік­терінің, үй-жайларының төмендігіне жаны ауыратын. 

Жаңа үйленген жас маман Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласынан бір бөлмелі пәтер жалдап, сексен шақырым жердегі Жетібайға ертемен кетіп, кешке оралатын. Өндірісте аяқ астынан түрлі жағдайлар болып жатады, ондайда уақытпен есептеспей түнімен жүруге тура келетін. Өз ісін жетік білетін алғыр жас көп ұзамай қатардағы оператордан жерасты скважиналарын жөндеудің шеберіне, кейін инженер, кәсіпорын басшысы қызметіне көтерілді. Ол жылдары Маңғыстау аумағын­дағы мұнай қорының молдығын ескеріп, өз еліміздің Ғылым академиясымен қоса Мәс­кеу, Самара, Уфа, Киев қалаларының ғылы­ми-зерттеу институттары осында тәжірибе жасай бастап еді. Өндіріске кедергілері көп парафинді мұнайды қалай, қандай әдіспен жеңіл өндірудің амалы ғылыми негізде із­дестірілді. Нұрлан Өтепұлы жаңа технология­лық әдістерді жетік меңгеріп алды. Талан­тымен, турашылдығымен, әділеттілігімен көз­ге түскен жас маманды министрлік Аты­раудағы “Жайықмұнай” кәсіпорнына бас инженер қызметіне жіберді. Бұл жас маман үшін үлкен жолдың баспалдағы болды. Жері сусыз, тартылған теңіздің көк шөп өспейтін орнындағы жас кәсіпорынның тері сүйрет­кендей жайдақ жатқан айналасына терек егу, беті-қолдарын қысы-жазы күн қақтаған мұнайшылардың тұрмыс жағдайын жақсарту секілді істер қолға алынды. Маңғыстау мұ­найы секілді құрамында парафин немесе күкірті жоқ таза мұнай шығатын кәсіп­орын­ның өндірісі тез алға басты. Жетібайдағы ғы­лыми-тәжірибелер жетістігі енді жаңа орында қолданыла бастады. Мұның бәрі мәскеулік басшылардың көзінен таса болмайтыны белгілі. Бірер жыл өткен соң Нұрлан Өтепұлы Мәскеудегі Мұнай, газ өнеркәсібі министр­лігіне қызметке шақырылды. Қазақ елінің астанасында не Мәскеу шаһарында қолдап-қорғайтын көкесі немесе тәтесі жоқ, тек ар­манын серік етіп, өзінің талабы мен талан­тына сенген жас азаматтың әркімнің қолы жете бермейтін орталыққа баруы осылай басталған болатын. 

Мұнай, газ өндірісі қалыпты жүйеге түсіп, ел экономикасына елеулі үлес қоса бастады. Қазақ тарихында мұнай, газ саласының министрі болған тұңғыш қазақ азаматы Нұрлан Балғымбаев алымды алғырлығымен депутаттардың пікірін жоққа шығарып, Елбасының сенімін адал ісімен ақтады.

Ауыл шаруашылығы шатқаяқтап, эконо­ми­касы тәлтіректеп қалт-құлт қаз тұра баста­ған Қазақ елін өркендетуде мұнай өнімінің рөлі зор еді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаев осы саланы тез арада жүйеге келтіріп іскерлік танытқан азаматты Үкімет басшысы — Пре­мьер-министр етіп тағайындады. 

Әлі де ел шаруашылығының қаз баса қоймаған кезі. Өндірістің, оның ішінде мұ­най мен газ саласының ойы мен қырын жақ­сы білгенмен, Үкіметтің саясатпен көмке­рілген шым-шытырық сан-салалы жұмысына бірден судағы балықтай сүңги кету Бал­ғымбаевқа оңай болмағаны рас. Оның үстіне ақты қара, қараны ақ деуді білмейтін, жақсы айтса да, жаман айтса да тура сөйлейтін табиғи болмысынан ешқашан жалтарып көрмеген, саяси ойындардан бойын ылғи аулақ ұстайтын Нұрлан Өтепұлын халық Қа­зақстан Үкіметінің беделді басшысы, көр­некті қайраткер деп қабылдады және еліміз­дің тарих шежіресінде оның сол бейнеде қалары сөзсіз. 

Тәуелсіздіктің бесігінде аққудың көгіл­діріндей үлпілдеп, тәрбие-тәлім алған бүгінгі және келер ұрпақ еліміздің өткен белес-белдеріне көңіл көзін сала бермеуі мүмкін. Бұл күнде әлем елдерінің алдында аспан түс­тес туы желбіреп, жер шарының картасында жұлдызы жарқыраған Қазақ мемлекетінің бостандығы қантөгіссіз келгенімен, тәуел­сіздігіміздің тұғырын нығайту жолындағы азап пен бейнет ел басындағы азаматтардың қабырғасын қайыстырып, түн ұйқыларын төрт бөлгізді.

Қайран халықтың төзіміне болаттың да беріктігі жетпейтін шығар. Қарапайым жұрт бәріне төзді. Төзе жүріп тәуелсіздік отауының шаңырағын көтеріп, уығын қадады. Мемле­кеттің кірпіші – халық қой. Жалпы елдегі жақ­сылы-жаманды істелген істің бәрін бір адам жасамайды және ол үшін бір не екі адам жауап бермейді. Халық, яғни қара­пайым адамдар жасайды. Елдегі өмірдің қалыпты тұрақтылығына, қиындықты бірге көтерісер бірлікке сол қоғамның әрбір мү­шесі өзін жауапты сезінгенде ғана мемлекет нығаяды.  Міне, осы тұста мемлекет астанасын Ал­матыдан Ақмолаға көшіру басталды. “Азып-тозған ел жалақысыз, зейнетақысыз отырғанда, қыруар қаржыны шашып, аста­наны көшіргендері несі?” — деген пікірлер әр тұстан естіліп жатты.

Халықаралық қаржы дағдарысы қаз баса бастаған Қазақстанды жанап өтуі мүмкін емес еді. Теңгеміз құлдырап құнсыз­данды. Мұнайдың бір баррелі тоғыз долларға түсті. Ауыл ғана емес, шағын қалалар да мүшкіл күй кешіп, адамдары жол бойына көлденең түсіп жатып алатын болды. Бұл да шарасыздықтың белгісі еді. 

Қазақтың теңгесін әлі көріп үлгермеген ауылдағылардың қаладан сіріңке, сабын, арақ-шарап апарған алғашқы саудагерлерге малын айырбастап күн көруден басқа амалы қалмады. Ауыл, аудандарда балабақшалар жабылды. Клуб, кітапханалар тиын-тебенге сатылып, сауданың дәмін тата бастаған байші­кештердің тауарларын сақтайтын қоймасына айналды. 

Осылайша тәуелсіз еліміздің тарихындағы ең қиын кезең Балғымбаев басқарған Үкіметтің тағдырына тиді. 

Біздің атқа мінген азаматтарда бір ауру бар – бастары қосылмайды. Жылқының үйіріндей топ-топқа бөлініп, бір біріне осқы­рына қарайды. Билік басындағылардың өзара кикілжіңі елдің тағдырына, қоғамдағы ахуал­ға кесірін тигізеді. Осындай жағдай Балғым­баев пен сол кездегі Парламент Мәжілісінің спикері марқұм  Марат Оспановтың арасында да болды. Махмуд Қашқаридың:

Жеңем десең жауыңды,

есіңе ұста күн бұрын,

бұз олардың алдымен 

ерлерінің бірлігін! – деген нақылы ылғи есіме түсіп, ойланатын едім.

Кім қалай десе де, Балғымбаев басқарған Үкімет қыруар шаруа тындырғаны шындық. Ел экономикасын көтеруді мақсат еткен Үкімет талай қиын, жұрттың ойынан шыға бермейтін шаралар жасауға мәжбүр болды. Мемлекеттік бюджетті бірнеше рет қырқуға тура келді. Елдегі қоғамдық қопарылыстың кезінде шет елдерден миллиондап несие алғандарға Үкімет атынан аямай оңды-солды кепілдік берген бұрынғы Үкіметтің мырзалы­ғы­ның салдарынан Қазақ елі батыстық банк­терге Америка валютасымен миллиардтаған өтем беруге тиіс болды. Кезінде шетелдік банк­тен несие алғандар енді жағалары жай­лауда, “қарызымызды Үкімет төлейді” деп, жайбарақат бизнестерімен айналысып жатты.

Бірақ мемлекет керуені күн өткен сайын ілгері жылжи берді. Елбасы жанұшырып жүріп, барлық елдермен тең құқылы әріптес болуға күш салды. Алыс-жақын елдерде іссапармен болып, жер бетінде Қазақ елі деген мемлекет барын мойындатты. 

Қазақ мемлекеті Президентінің сол қиын-қыстау жылдардың өзінде Батыс пен Шы­ғысты байланыстырушы тарихи тұлға ретінде халықаралық “Азаттық алауы” сыйлығына ие болуы көп нәрсені аңғартқандай еді.

Әлемдік саясаткерлер арасындағы Елба­сы­мыздың беделі Қазақстанның шоқтығын биіктетті. Бұрын жас ұрпақтар есімдерін үл­кендердің сыбырлап айтқанынан естіген тарихи тұлғаларымыз өмірге оралды. Ұмыт қалған қазақ халқының өмір шежіресі қайта жаңғырды. 

Елде сан мыңдаған шаруа қожалықтары, шаруашылық серіктестіктері мен өндірістік кооперативтер құрылды, социалистік қоғам меншігінің күні таусылып, жекеменшіктік жүйе басталды.

Республикамыздың тұрғындары ең көп аймағы Оңтүстік Қазақстан облысының екі жүз елу мың халқы бар Мақтаарал ауда­нының Сырдарияның арғы бетінде тұратын еңбек­керлеріне Қазақстан жеріне бару үшін айна­ланың бәрі дария, тек өзбек ағайын­дардың үстімен өтулеріне тура келетін болды. Әр қа­зақ өткен сайын өзбек шекара­шыларына қал­таларын қағып ақша беретін. Әрбір шека­ра­шыға қарап, жаутаңдап, олар құл иелену­шілер де қазақтар құл секілді күй кешіп келген. Ел экономикасының тапшы­лығына қарамай, Үкімет екі жарым миллиард теңгеге ұзындығы он жеті шақырым көпірді бір жылға жетпей салдырып тапсырғандағы оңтүстік жұртшылығының қуанышында шек болмағанын Мәжілістің бір топ депутаты арнайы барып көрген едік. Бұл кезде елімізде нарықтық менеджмент қалыптасып, шетелдерден Қазақстан эко­номикасына құйылған инвестиция ағыны тұрақтап үлгерген еді. Жүдеп-жадаған халықтың тұрмыс-тірші­лігі қалыпқа түсті, Қазақстанның халықара­лық беделі артып, әлем елдері жері мен суы­ның асты тұнған байлық, төзімділігі мен ауыз­­бірлігі мықты еңбекқор халқы бар Қазақ­­стан деген мемлекетке шындап көңіл аудара бастады.

Егемен еліміздің іргесі бекіп, тәуелсіздік тұғырының осылайша нығаюында өз хал­қына, туған Отанына, Қазақ елінің тұңғыш Президентіне шын берілген, қайда, қандай ортада жүрсе де, ешкімнің сөзіне ермейтін, біреулердің пікірімен өз шешімінен айны­майтын, халқымыздың абзал азаматы Нұрлан Өтепұлының үлесі бар екені сөзсіз. 

Елдің еңсесі көтеріліп, экономика бірша­ма тұрақтанған кезде Балғымбаев Елбасына арыз беріп, Үкіметті басқарудан кеткісі келетінін білдірді. Қашан “кет” дегенше биік орындықпен қоштасуға құлқы жоқтардай емес, өзі сұранды. Мұнай өндірісінің ой-шұң­қырына дейін жақсы білетін оны Прези­дент бұрынғы Мұнай-газ өнеркәсібі ми­нистр­лігінің жұмысын атқарып отырған ұлттық “Қазақойл” компаниясына басшы етіп жіберді.

Мұнайшылар қауымының жас-кәрі­сінің қуанышында шек жоқ, өйткені, мұ­найлы өңірдің мұң-мұқтажын Нұрлан Бал­ғымбаевтай білетін адам жоқ. Қысы-жазы бел шешпей дауылдың, жауынның, аптап ыстықтың астында еңбек ететін мұнай­шыларда демалатын, емделетін арнайы санаторий болып көрген емес. Олардың балалары да жазғы каникулда ыстық күн астында қақталып жүргені.

Маңғыстауда шалқыған Каспий теңі­зінің жағасында “Кендірлі” деп аталатын жер­де демалыс орнын салуды бастады. Көк­шетаудың Зеренді секілді жұмақтай ау­ма­ғында мектеп оқушыларының демалыс лагері “Сұңқардың” құрылысы салынды. Маңғыстау мен Атырау мұнайшыларының күн қақтаған балалары енді осында демалады және оларды арнайы ұшақпен әкеліп, демалыс аяғында үйлеріне апарады.

Бір кездегі Кеңестер одағындағы ең өнімді мұнай беретін Жаңаөзен қаласында еуропалық үлгідегі қонақ үй, бассейнді спорт сарайы, тұрғын үйлер, Құлсарыда мұнайшылар үшін емдеу орны, Доссор мен Мақаттың жерүйлерінің орнына жаңа тұрғын пәтерлер, Атырауда – стадион... Жаңа Қаратон поселкесі. Түркістанда ұлтымыздың, ұрпақтың мақтанышы Бекзат Саттархановтың кесенесі тәуелсіз мемлекетіміздің аспан тектес туын әлемдік олимпиада көгіне көтертіп, бәріміздің көзімізге қуаныш жасын алдырған бауырымызға қойылған мәңгілік ескерткіш іспетті. Қасиетті Түркістан қаласына барған адам Бекзатқа соқпай кетуге дәті бармайды.

Қазақстанның батыс өңіріндегі төрт облыста мұнай мен газ саласында еңбек ететін өнерлі жастардың фестивалі де Нұрлан Өтепұлының ұсынысымен өткі­зілген еді. Мұнайшылардың біз білетін алыс-жақын тарихында мұндай бағыттағы шара өткен емес. Жастар кейін еліміздің бас қаласында өнерлерін көрсетіп, Астана жұртшылығын риза қылғаны есімізде. 

Астана қаласындағы “Хабар” телеар­насының, “Қазмұнайгаз” акционерлік қо­ғамының, күні кешеге дейін Қазақстанның даму банкі орналасқан көрікті ғимараттар Балғымбаевтың идеясымен мұнайдан түскен қаржыға салынған болатын. Әде­биет пен өнер қайраткерлерінің бірқатары да бас қаламыздың төрінен алғашқылар санында “Қазақойл” компаниясынан өзгелер қызығатындай пәтерлер алған. Қазіргі байлығы мол компаниялардың бас­шылары пәтер беру түгілі есігінен қаратуға жоқ. Бұл құр мәрттіктің белгісі емес, бас­шының кісі танитын, ұлттың ұжданы бо­лып жүрген өнер қайраткерлерінің еңбегін қадір тұтып бағалағандық. 

...Егер қарапайым халықтың алғысын алған адам екі дүниеде де Жаратқанның ра­хымына бөленсе, осы Нұрлан Балғым­баев бөленетін шығар. 

Адамның табиғаты, болмысы тәрбие­мен, ортамен қалыптасады, “көре-көре көсем болады” десек те, халқымыздың ежел­ден келе жатқан “тектілік” деген қалып­тасқан ұғымы тегін емес-ау деген ой көңілімнен кетпейді...

...Қазақ халқының тәуелсіздігі деп ал­ғаш ұран салып, қара халықтың қамы үшін азаттық күреске шыққан Сырым батырдың оң қолы болған Қаратау батыр Өмірзақұлы – Нұрлан Өтепұлының жетінші атасы. Халық ол кісіні “Қаратау би”, “Қаратау ба­тыр” деп атаған. Қаратау батырдың Сы­рым Датов көтерілісінің екінші қол­басшысы болғаны туралы тарихи деректер бар.

Ал Қаратау батырдың ұрпағы Бал­ғымбай Сұлтанмұратов ақсақалдың өмірі өзімізге аян Кеңес үкіметінің тұсында өткен. Қарапайым еңбек адамы Балғымбай өз елінде сыйлы, өнегелі отбасының иесі болған, бәйбішесі Қилаш екеуі өмірге бес ұл әкеліп тәрбиелеген. Отбасының тұң­ғышы Өтеп бастаған үйелмелі-сүйелмелі өс­кен ұлдарының бәрі – мұнайшы ма­мандығын меңгеріп, қара алтынды өлкеде Бал­ғымбаевтар әулеті атағын қалып­тас­тырды. Өтеп Балғымбаев – Атырау, Маң­ғыстау облыстарында аудан, қала бас­қарған, “Қазақстан мұнай бірлестігі” бас­қармасының басшыларының бірі болған, аса тәрбиелі, қай жерде жүрсе де, тек қа­йы­рымды, адал, әдебиет десе ішкен асын жер­ге қоятын, адамгершілігі мол аза­мат атан­ған адам. Бас-аяғы қырық тоғыз жа­сында дүниеден өтсе де, Маңғыстау, Аты­рауда әлі күнге дейін “Өтеп ағамыз айта­тын”, “Өтекең сонда былай деп еді” деп азаматтар қимас көңілмен еске алып отырады.

“Әрбір отбасы – шағын мемлекет” деп­ті ғой байлар жақтыра бермейтін ілім­нің негізін қалаушылардың бірі. Өз отба­сыңда береке, бірлік болмаса, сол шағын мемлекеттерден тұратын қоғамыңда да жайбарақат, мамыражай тірлік болмайды.

Өтеп аға мен Бәтен апайдың тұңғышы болғандықтан ба, Нұрлан кейінгі үш іні­сінің “атаманы” да, ақылманы да өзі бол­ды. Ылғи ер балалар болса да, олардың еш­қайсысы көп сөйлемейтін, жақсы көр­генін де, жақтырмағанын да жанарынан ұқтыратын ананың алдына шығып көрген емес. “Жақсы әке ұрпағына қырық жыл азық” дегендей, халқына қадірлі Өтеп Балғымбайұлының өзі дүниеден ерте озса да, балалары еркін өсті. Бәрі де жоғары білім алды. Бір-бір өнегелі шаңырақтың иесі атанды. Өрімдей-өрімдей перзенттер өсірді. Әуелі Әнуарбектің, кейін Сала­маттың қазасы әке орнына әке, аға ор­нына аға болған Нұрланның қабырғасын қайыстырды. Сүйікті бауырларының соңын­да қалған балаларын аяғынан тұрғы­зу, оқыту міндеті енді бір әулеттің үлкені мұның мойнында еді. 

Нұрланның жастай қосылған сүйікті жары Нағима өздерінің Төлегені мен Са­ма­лын ғана емес, қайныларының бала-шағасына да қамқор, келіндеріне ақылшы абысын бола білген абзал жан.

Кейбір адамдар лауазымы жоғарылаған кезде күні кеше бірге өскен, жастық жыл­дарында қиыспас дос-құрбы атанған жол­дас-жоралары мен ағайын-туғандарын есі­гінен қарату түгілі, көрген жерде таны­майтын, көрмеген, білмеген адамдай қабақ танытатын кейіп көрсететін болып жүр.

Нұрлан мен Нағиманың татулығы, жол­дастарына тілеулестігі туралы жастайы­нан қатар келе жатқан құрбылары ауыз­дарының суы құрып сүйсіне әңгімелейді.

Президенттің қолдауын, бағасын көр­гендердің көбі ол маңнан алыстаса болды, ат-құйрығын үзіп, “келін өзі келгендей, бала өзі өскендей” болып шыға келетін тәйтік мінездерін көрсетіп-ақ келеді. 

Мұндай абыройсыздықтан қашан да бойын аулақ ұстайтын, атақ-абыройына дақ түсірмей келе жатқан халқымыздың біртуар перзенті, өтпелі кезеңнің өткелі ең қиын да күрделі тұсында тұңғыш Прези­дентіміздің лайықты серігі болған қайрат­кер Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев туралы ойымыз осындай.

Көктемгі теңіздей құбылған адамзат қоғамында кісінің жаратылыс берген табиғи мәнін жоғалтып алмай өзімен өзі болып қалуының өзі – ерлік қой.

author

Фариза Оңғарсынова

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...