Жазушы Әлібек Асқаровқа арнаймынҚабырғасына ұлылардың үні ұя сап қалған Ла Скаланың алдында тұ...
Әділ Жакулаев. Сайлау
Түні бойы дөңбекшіп, дұрыс ұйықтай алмады. Қайта-қайта телефонның сағатына қарайды. Бір қараса түнгі он екі, енді бір қараса екі жарым. Кішкене көз іліп алайын деген еді, тағы да әртүрлі ой маза бермей, ұйқы қашты да кетті. Сағат үштің кезі. Өзі уайымшыл адамға ертеңгі күн онсыз да сынақ болғалы тұр. Мұны Айдар іштей сезеді. Бұл күннің маңызы ерекше. Бір айлық «бақталастың» соңғы нүктесі қойылмақ. Егер де бір мінсіз атқарып шықса, келесіде өзі де бақ сынаймын деп жүр.
Бұл науқан Айдардың ғана емес, бүкіл елді тағы да дүрліктірді. Бір жылда үш сайлау. Біресе әкімді, біресе депутатты, біресе Президентті. Соның бәрі бір ережемен өткізіліп келеді. Осы жиілік адамдарды мезі еткен сыңайлы.
Айдар да осы сайлаудан соң өкілеттілігін тапсырмақ. Басында қызығушылықпен кіріскен. Ана жолғы сайлау екі аяғын бір етікке тықты. Бұған дейін тып-тыныш өткізіп, барлық құжаттарын әзірлеп, дәл уақытында тапсыратын. Өткен сайлауда учаскесіне тәуелсіз бақылаушы дей ме, «Сәт сапар» партиясының өкілі дей ме, шетелдік байқаушы дей ме, әйтеуір тексеруші адамдар қаптап кетіп, не істеп, не қоярын білмей дал болған. Сол кезде енді басымды кесіп алса да бас тартамын, керегі жоқ «төрағалық» деп еді. Орталық штаб жылы-жылы сөйлеп қалдырғантын.
Айдар бір сәт ойға шомды. «Сайлау»... Бұл сөзді алғаш рет бастауыш сынып оқушысы кезінде естіген. Бастапқыда «сайлау-сайлау» дегенге бұрын ауылда тұрған Сайлау қарияның балалары қазір үлкен қалада саудамен айналысып, дәулетті болып кетіпті деген әңгімені көп құлағы шалғандығынан «Сайлау – бұл байлық» шығар деп ұққан. Кейіннен әкесі сайлау учаскесінде комиссия мүшесі болғанда бір-ақ түсінді. Онда да «Штабта сегізге дейін кезекшімін. Малды өзің жайғай бер», – дегенде ішінен үлкен адамдарша: «Кеш батқанда бұл не кезекшілік?», – деп бұрқылдап жүріп, әке тапсырмасын орындаған.
Ес тоқтатқалы мұның үлкен науқан екенін аңдады. Есінде қалғаны аудан әкімінің орынбасары болған Бауыржан мен жеке кәсіпкер, меценат Дәулеттің арасындағы депутаттыққа талас. Ынтымағы жарасып, береке бірлігі ұйып отырған шағын ауылға ол сайлау ылаң болып келген еді. Жеке-жеке келіп, жиын өткізді де, сенімді өкілдерін сайлап алды. Келгенде де елге сөзі өтеді-ау деген бірді-екілі ақсақалды, үш-төрт әншіні, қолдаушы екі-үш бизнесменді бірге ала келді. Әлгі алдыңғы сайлаудан қалған қағаздардан алынған, бәлен жыл бойы шешілмеген мәселелерді «шешеміз», біздің бағдарламамызда бар деп шабыттанып кандидатыңыз бір тоқтайды. «Қандай ұсыныстарыңыз бар?», – деп құлақ түрген болады.
Ауылдың белсенділері тап қазір мәселе шешілердей бірі арыдан, бірі беріден бастап, бірінің сөзін бірі тыңдамай қызыл кеңірдек болып жатқанда ортаға бағанадан бері осы сәтке дайын тұрған әнші шығады да, «Көк жайлауға» салады кеп. Әуелеген әннен кейін дабыр басылып, енді ере келген ауданға абыройлы қарияға сөз беріледі. «Армысыңдар, туған елім, халқым!» деп байыппен басталған баянсөз елдікті, татулықты, ағайындықты бір қозғап; осы ауылдың өмірден өткен жақсы мен жайсаңын еске ала бір түгендеп, жаз жайлауы мен қыс қыстауын тамсана бір қозғап; өздері бірге келген кандидаттарын «Бұл бала – іскер, онысына талай рет көзім жетті. Алдына барған шаруаң шешіліп, асығың алшысынан түседі де тұрады. Бөтен емес, өз балаң. Осындайда қолдамағанда қашан қолдамақсың, ағайын!» – деп ағындап барып тоқтайды.
Әрі қарай жиналған жұрт даурығып кетпесін дей ме іле-шала кәсіпкерлер бірінен соң бірі шығып ауылды алтынмен аптап, күміспен қаптайды кеп. Мұны естіген ел-жұрт бәрін бір қас-қағым сәтте іске асардай көріп, бас шұлғып, бір-біріне қарап: «Е-е-е-е» десіп отырғанда халықтың ішінен әр жерде отырған үш-төрт адам әр тараптан тұрып дауыстап: «Ал, халқым, өз балаң өзім деп келіп тұр. Бауыржанға дауыс берейік», – деп айқайлайды. «Біз біргеміз!», «Әділдік үшін!», «Жаңа қоғам үшін» деген дауыстар да шығып жатады.
Жымыңдап Баукең қайта ортаға шығып, барлығына алғысын білдіріп, осы сайлауда жеңіске жететініне сендіріп, егер де сайланатын болса көптің көкейіндегі түйткілді мәселелердің барлығының шешілуіне уәде беріп, барлығын бірлікке, жаюлы тұрған дастарқанға шақырады. Әлгі әншілер әнін айтып, халықтың көңілін аулап, ел масайды-ау деген кезде үміткер нөкерлерін алып тайып тұрады. Рақметін айтып, шуласып ел қалады.
Дәл осыған ұқсас жағдай келесі ауылда да жүргізіліп жатқан еді. Оның басында Дәулет. Бауыржанның жиынынан аптығын баса қоймаған елге Дәулет те жеткен болатын. Ауыл түгел жинала қоймады. Сонда да тәртіп бойынша алдыңғы бөлім өткізілуі керек.
Үміткерлер мен нөкерлер өзгергенімен жиын қаз-қалпы қайталанды. Бірақ дастарқан жайылмады. Есесіне жеке кәсіпкер деген дардай аты бар азамат емес пе? Жиын аяқталды-ау дегенде ғимараттың алдында біріне азық-түлік, біріне киім-кешек тиелген екі бірдей жүк көлігі есіктерін айқара ашып тұра қалысып, жылпоз жігіттер заттарды елге үлестіре бастады.
Мұны күтпеген жұрт дабыр-дүбірмен жиынға келмеген жақын туыстарын, достарын, көршілерін шақырып, әп-сәтте тегіс ауыл адамдары жиналды да қалды. Дәулетке ере келген бір дөкей: «Жиналысты осыдан бастау керек еді» деп кеңкілдеп күлді. Қалғандары жымиып, қостағандарын білдірді. Бір жақтаушы жігіт: «Дәулетке дауыс береміз, халқым!», «Дәукең, атымтай жомарт!», «Елдің игілігі үшін еңбек ететін адам», «Міне, көрмейсіздер ме малым жанымның садағасы деп елге үлестіруін», «Елге Дәукеңдей азаматтар қажет» деп мың қайталап, дыбыс шығарушыдан дауысы саңқылдап тұр.
Оны керек етіп жатқан тұрғындар жоқ. Бірі киімге, бірі азық-түлікке таласып азан-қазан болуда. Мұның қызығы осы дей ме, ғимараттың бұрышына таман топтасқан ер адамдар «ақаңнан» сілтіп жатты. Анадай жерде келелі кеңестен шыққандай, барлық дауысты өзі алардай Дәулет масаттанып тұр. Енді өзінің жақтастарының арасынан осы ауылдан сенімді өкіл сайлап алмақ. Ел ішінде үгіт-насихатын жүргізіп, қарсыласының іс-әрекетін хабардар етіп, сайлау күні бәрін бақылап, аудан орталығындағы үміткердің орталық штабына күнбе-күн дауыс жинау науқанының қалай іске асып жатқандығын баяндап отыруы үшін.
Бұл іс те қиындық тудырмады. Осы ауылда жеке кәсіп бастап, дүкен ашып, мезгіл сайынғы қым-қуыт тіршілікте аянбай еңбектеніп, ақшалыларға жағынып, өзінен кейінгілерге оқырына қарап, жоғары білімді болмаса да ауылдастарынан оқ бойы оза шауып жүрген Берік Дәулеттің өкілі болды.
Беріктің ішкі есебі бір жағынан аудан ғана емес облыс дейгейіндегі Дәукеңмен қоян-қолтық араласып, сыйласуға, орайы келгенде өзінің кәсібін тым құрығанда аудандық деңгейге жеткізуіне бұл науқан үлкен себепкер екенін біледі. Бір жағы елеусіз қалмаудың әрекеті. Ағасы Серік күні кеше Бауыржанның өкілі болған. Серік кәсіпкер де, шаруа да емес. Мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Арындап алға да озбайды, біреуден пайда тапсам деп те ойламайды. Ешкімнің ала жібін аттамайтын, қолында барымен бөліскісі келіп тұратын, аңқылдақ, ақкөңіл, білімді, өз ортасына, ауылына сыйлы жан. Мұның осы адами болмысы да туғанына ұнамайтын.
Үміткерлер келіп-кеткен соң жақтас жинау басталды да кетті. Ас болсын, той болсын, қандай да бір жиын болса Серік пен Берік қалмайтын болды. Бірі әріден әңгіме қозғаса, бірі «ертең-ақ күнің түседі» деп беріден қозғайды. Ауылдастар әлдеқашан таңдауларын жасап қойған болуы керек, алайда екеудің айқасын қызықтау үшін бірі жоқ жерде біріне шоқ тастайды.
Тегінде, ағайынның қырғи-қабақ болғанынан асқан жамандық жоқ сияқты. Көрместей болып кететін емес. Көре қалғанда ежелгі жау көргендей жиырылулары тағы бар. Дүкеннен қарызға зат бермей қояр деп Берікті көрсе жұрт Дәулетті айтып, сен жақпын дегендей жалпақтайтынды шығарды. Бауыржан не де болса аудан әкімінің орынбасары болды ғой, сол сайланар деген сеніммен Серікті көрсе сен жақпын деп алдаусыратып қоятын болды. Осы бір түлкі бұлғақ кімнің ішінде не барын аңдатпай барып аяқталған еді.
Сонау бір жылдары Айдардың өзі де өкілдің жағдайын басынан өткерді. Ай бойы үй бетін көрмей үміткерді жер-жерде жер-көкке сыйғызбай мақтады, жақтады, мақтанды. Керек жерінде беттің арын белге түйіп ақтады. Әйтеуір, басым дауыс жинатып, сайлап алды. Өзі жеңгендей балаша қуанып, ел ішінде «Аудан біздің қолда» деп масайрап біраз жүрді.
Өзі ғана емес науқанға жәрдемдескен жандарға: «Кішкене жұмысына кірісіп алсын. Содан соң мәселелеріңізді шешеді. Өзі айтқан» деп уәдені де берді. Сайланғанша жанынан күндіз-түні тастамаған әлгі зиялы хабарсыз кетті. Өткелден өткен соң қайырылмайтын жан емес еді ғой деп өзі іздеп барған. Барды да айтпақ болған мәселесі түгілі есігінен кіре алмай қайтты. Сұрағандарға қолын бір сілтеп, «Аман болсын!» деген де қойған.
Осыны ойлап жатып, уақыттың өткенін де білмей қалды. Апыл-ғұпыл киінді де ғимаратқа тартты. Сенімді өкілдіктен де, бақылаушылықтан да, учаскедегі комиссияның мүшелігінен де өтіп, учаскенің төралығына жеткен. Азын-аулақ тиын-тебені бар. Жыл сайын өткізілсе де, бір ай бойы сабылтып, қайта-қайта жиналысқа шақыртып, қайта-қайта ережені қайталай беретіні несі екен. Кейде шетелдік сарапшы, бақылаушы, тәуелсіз сарапшы, сенімді өкіл дегендерге таңқалатын. Кейде осыны ұйымдастырып, қыруар қаржы бөлетін үкіметке таңқалатын. Мұның бәрі не үшін қажет деп те ойланатын. Содан соң әділеттілік үшін өзі де тапсырманы орындап шығатын.
* * *
Алдымен ғимаратты айналып, тексеріп шықты. Ішке кіріп жәшіктердің мөрін, кабинкалардың дұрыстығын тағы бір қарап, комиссия мүшелерін түгендеді. Келген бақылаушыларды тізімдеп, есікті айқара ашып, әнұранды бірге шырқап, бәріне сәттілік тілей «сайлау күнін» бастады.
Адамдар асығар емес. Таңатпай сайлау үшін келетіндер санаулы ғана. Бірі жайдарлы күліп, бірі қабағын түйіп, бірі мысқылдай күліп, бірі соның дауысына бүкіл ел қарап тұрғандай айқайлап келіп жатты. Келгеннің көңілін тауып, учаскеде сайлауды ың-шыңсыз өткізу Айдардың міндеті. Ашылғаннан бастап аяқта тұр. Орталық штабқа сағат сайын беретін есебі бар. Уақытқа үлгеруі қажет. Ең көп сайлаушысы бар учаске де осы. Әттең, адамдарды жетектеп әкеле алмайды. Көбі келмей қалмаса деп қобалжулы.
Сағат он екі. Қоңырау соғылды. Телефонға шақырып жатыр.
– Алло! Иә, тыңдап тұрмын!
– Айдар Аманжолович, бұл орталық штабтан. Неше пайыз адамдар дауыс берді?
– Шамамен, отыз, – деп қойып қалды.
– Аз. Түске дейін елу-алпыс пайыз болуы тиіс. Түскі уақытта соған жеткізгендігіңіз жөнінде хабар күтеміз. Іске сәт!
Аңтарылып отырды да қалды. Мұнда әлі жиырма пайызға да жеткен жоқ. Ал бұлар елу-алпысты айтады. Енді не істемек? Мынау «Сәт сапар» мен «Большевиктен», анау кеше ғана ашылған «Ниет» партиясынан келгендерді не істемек? Көз алмай, не шықпай отырған жоқ па? Қан қысымы жоғарлап кетті-ау теңселіп орнынан әзер тұрды. Тұтығып, кімге не дерін білмей тұр. Уақыт та қысылтаяң шақта зырғиды кеп. Ішінен: «Әділетті қоғам құрғырларда күтуге де мұрша жоқ қой» деп күбірледі. Жүреді ертең өзі бір көктен шенеунік болып түсе қалғандай екі қолдарын қалталарына салып. Құдды бір өзі үй аралап дауыс жинағандай болып. Әрбір жерді тексеріп баратындарын қайтерсің?.. Мұрынының астынан міңгірлеп отырғанда тағы да қоңырау соғылды.
– Иә, тыңдап тұрмын!
– Сіз мұқият тыңдап алыңыз, - деп безектеді. Әйел адамның дауысы.
– Ал, мұқият тыңдап тұрмын!
– Жазып алыңыз. Сағат үште жетпіс, төртте сексен, алтыда тоқсан, жетіде тоқсан жеті, жеті елу бесте жүз пайызға орындап, жабасыздар. Жаппайды екенсіздер Сіздермен жеке сөйлесеміз. Айтпады демеңіз, – деп тұтқаны қоя салды.
Бір бозарып, бір қуарып, ернін тістеп отырып қалды. Медбике келіп қан қысымын өлшеп еді екі жүз елуге бір-ақ көтеріліп кетіпті. Дәрі салып үлгерді ме, үлгермеді ме есінде жоқ, бір жаққа қарай құлап бара жатқанын ғана сезді.
Қанша уақыт өткенін білмейді, есін жиса дәрігердің бөлмесінде жатыр екен. Кірпігін әзер көтеріп, жан-жағына бажайлап қарап шықты. Жақындары да келіпті. Телефонды алып хатшы жүгіріп жетті.
– Сізді сұрап жатыр, - деп тұтқаны бере салды.
– Ал-лооо!
– Айдар Аманжолович, неге кешігіп жатсыздар? Бұл жолы ер адамның дауысы.
– Неден кешіктік?
– Айдар Аманжолович, мен әзілдеп тұрғам жоқ. Тапсырма неге орындалмай жатыр? Өзіңізді ғана ойламаңыз. Бала-шағаңыз бар. Егер орындамасаңыз кез келген жағдайдан іс қозғай аламыз. Ескерттім, – деді де тұтқаны қоя салды.
Айдар аз уақыт есікке қарап жатты да, қайтадан ұйқыға кетті.
Сол ұйқыдан оянбады. Ауруханадан дәрігерлер келем дегенше жүріп кетті. Учаскеде сайлау жалғасып жатты. Төрағаның қайтқандығын Орталық штабқа хабарланғаныменен «Жалғастырыңдар», «Тапсырма орындалсын» деген сөз ғана естілді.
Бұл күні төраға қайтыс болса да, оның қолымен тапсырма жүз пайыз орындалып шықты.
Ертесіне біреулер жеңістерін тойлап жатты, біреулер Айдардың денесін арулап, жерге қойып жатты...
Мәдениет порталы