Дулат ИсабековБалаға ат қоюға келгенде қазақтан өткен «нахал» ешкім жоқ. Олар дүни...
Қуандық Түменбай. Дүрбі (Хикаят)
- Дүрбі, дүрбі, дүрбі алыңдар!
Көк базарға кіріп, ол-пұл алуға келген Жолдыбай елең ете қалды. «Дүрбісі несі? Бұл – тамақ емес қой. Сонда да...» Бейкүнә балалығының бір ұшына қиял шіркін күрмеліп қап, сүріне жығылып, шалт бұрылды. Шалт бұрылғаны өзіне сондай жарасымды. Еркекке бергісіз әулекі дауыспен айғайлап тұрған көкірегі асқабақтай қазақ әйел көз қиығын сап дәметіп, сидам жігітпен бетпе-бет кеп даусын бәсеңдетті.
- Дүрбі алыңыз!
- Алғанда... қаншадан?
- Үш-ақ сом.
- Қытайский ма?
- Енді... әкемдікі дейсің бе? Олар біздің запасымыз ғой, – деді де, отыздың о жақ, бұл жағындағы орта бойлыдан сәл төмендеу мықыр жігітке шапшаңдығына салып шаптыға сөйледі. – Еш өкінбейсің. Бұл үрім-бұтағыңа жетеді. Дүрбі деген алысты жақындатқан киелі нәрсе ғой. Балаң бар шығар?
- Сол... болмай тұр ғой...
- Болмаса болады. Құдай біледі, осы дүрбіден кейін болады. Жақсы ниет жерде қалмайды. Әлі-ақ балаң жер-көкті төбесінен қарап, көріп тұрады.
Әйелдің мына сөзі жүрегін шым еткізіп, жанына жағып кетті. «Балаң» дегенде, көкірек тұсы бүлк етті.
- Сонда, қанша дейсіз?
- Үш-ақ сом.
- Екі сомға берсеңізші.
Жолдыбайдың саудаға ебі бар. Шала жетім боп өсті. Әкесін көрген жоқ, шешесі барда қойдың бас-сирағын үйітіп, Түркістан вокзалына әкеп сататын. «Бас-сирақ, бас-сирақ алыңыздар!» – деп аузы-аузына жұқпай көне вокзалда зыр қағып жүретін. Дәу керсен толы жұп-жұмсақ бас-сирақты арлы-берлі өткен жолаушылар түк қалдырмай талап кететін. Тандыр нан сатқан шешесі екеуі саудасын аяқтап, вокзалдың дәл кіре берісінде кездескенде, шешесі ернін шүйіріп бір айналып ап, «Ку-ка-ре-ку!» деп шақырып тұрған қораз кәмпит әперетін. Ол қолға түспей қалса, жартысы сүт, жартысы мұз – жіңішке таяқшамен шұқып жейтін қағаз қораптағы балмұздақ әперетін. Сол күні Жер бетінде бұдан бақытты бала болмайтын.
- Бағасы бас-сирақтан да қымбат екен. Екі жарым болсын.
- Әй, сен біз жақтың баласы емессің бе? Болсын, – деді добалдай әйел көне дүрбінің бір шетінен шымшып ұстап. – Бердім.
Жолдыбай ризалықпен қалтасынан 2 сом ақша мен 50 тиын шығарды.
- Бала-шағаңның рәтін көр, – саудагер әйел шалт бұрылып, көкірегі ірік-ірік етіп, самбырлап сөйлеп кетіп бара жатты. – Оттық, оттық бар, семішке. «Восток», «Восток», рәкетә «Восток»...
«Восток» дегенге байқап қараса, жақында ғана Гагарин ұшқан космос кораблі бейнеленген ойыншық екен. Қарап тұрды, оны да біреу баласына сатып алып берді. Бала қолына тиер-тиместен ракетаны аспанға атып жіберіп еді, ұзамай ирелеңдеп кеп қара жерге топ ете түсті. «Байқоңырдан ұшып, Байқоңырға қонды ғой» деп Жолдыбайдың езуіне күлкі үйірілді, балаша мәз болды. Ойлап отырса, өзінде балалық шақ деген тәтті кезең болған емес. Әкеден іште қалды, шешесі бас-сирақ пен жеміс-жидек сатып, жалғызын жеткізем деп жүргенде ауырып, көз жұмды. Әдіқұлыққа жетпей тас жетім атанды. Ауыл жұрты он үшке жетпеген баланы ақылдаса кеп мектеп-интернатқа өткізді. Он үштен асқасын жетімхана қабылдап алды. Жарым көңілдердің мекенін төрт жыл үй қылып, он үш пен он жетінің арасындағы бал дәурен балалық шағы социалистік қоғамның ыстық құшағында өтті. Ол жерде көп нәрсеге көзі жетті. Шылым шегуді үйренді, жасы үлкендер жерде жатқан темекі тұқылын тергізіп, «еңбегін бар ғой» деп зорлап езуіне қыстырып, мұрыннан түтін ытқытудың мәнісін түсіндірді. Көкала түтінге көңіл де, көкірек те үйренді, көкіректегі ащы ыза шылым шеккенде жеңілдейтін де сияқты. Біреулер насыбай атты. Олар анда-санда кездесіп қалғанда күлген кезде сексеуіл күлінің табымен қаптаған күрек тістері сап-сары боп өткен күндерді еске сап тұрады.
Орта мектепті аяқтап, КазГУ-дің заң факультетіне барып еді, түсе алмады. Бір орынға он бес адамнан келді, сөйтсе қалтасы қалыңдар перзенттерін кілең сот, прокурор, нәшіндік мілитса қылғысы келеді екен. Өмірде заңға тастай берік біреу боп, заңды бұрмалағандарды аяусыз жазаласам деп аптығып барып еді, үміті үзіліп, кейін қайтты. Жетімхананың түлегі деген қосымша анықтаманың да түк септігі тимеді. Қоғамды белден басқандардың алдында анықтама да құр әшейін қағаздағы қауқарсыз жазу боп қалады екен. Сөйтіп, салып ұрып әскерге кетіп, Қиыр Шығыста екі жыл түрме күзетті. Өзінің көргендері мен білгендерін санасына салып сараптап, әскери «Суворовские натиск» газетіне түртіп жазып жүрді. Ата-анам болып, қызығымды солар көргенде деген арман да кей-кейде жүректі сыздатып өлең боп құйылып, оны да редакцияға апарды. Жетімхана баласы орысшаға жетік. Қалақтай қазақ жауынгерінің өлеңін редакциядағылар түзеп-мінеп, жариялап та жіберді. Бір рет махаббат туралы өлеңін апарып еді, «Әлі де айтар ойың жетпей жатыр, өлең мақала емес, әуелі оны бастан өткізу керек», – деп қайтарып берді. Сонан кейін махаббат тақырыбына бармады. Кей-кейде уақытша қыдырыстауға шыққан жауынгер көшеде бөкселері бұлтылдап бара жатқан қыздарға іштен тынып, көз алмай қарап қалатын. Казармаға келгесін жан-дүние тебіренісін орысша емес, қағазға қазақша түсіріп жүрді. Әйтеуір көңілі ата-ана мен туған жер тақырыбын ысырып қойып, бір көмескі сұлулыққа ынтыға бастады. Сол сұлулықтың соңында қиялдап жүріп, керзі етік киген екі жылмен де қоштасты. Әскерді бітіріп кеп Алматыдағы құрылыс техникумына түскенде, қолына жиырма сом стипендия тиген күні арзандатылған дүкенге келіп, көйлек-көншек алатын. Қолы ұстаған затты дүкеншіге өтініп тұрып, кейде онан да арзанға түсіретін. Қасында бірге жататын Ораз бұған таңқалып, «Дүкен бағасын қалай арзандатасың?» – деп аузын ашып аңтарылып қалатын. «Бұл – уцененный магазин. Олар да біреуден арзан бағаға сатып алған. Бұл жерде мемлекеттік баға жоқ, онан да арзандатуға болады, жалпы, өмірде қымбат нәрсе жоқ», – деп, әйтеуір өмірге деген бір өкпесін айтып қалатын. Бірақ, арзан киім кисе де, ине-жіптен жаңа шыққандай шүберек жиырмадағы жігіттің ажарын ашып, жарасып-ақ тұрады. Сом білек, бұлшық еті де білеудей. Арзан болса да киім шіркіннің адамға тигізер әсері бар. Үстіне шүберек ілген күні балконға шығып, ышқынып темір көтеріп, көңілін демдейді. Бұны жүре келе әдетке айналдырды. Оған эспандер деген ала жіп қосылды. Оны жіберіп-тартып, жіберіп-тартып тұрғанда өз тағдырымен өзі ойнап тұрғандай көрінетін. Қасындағы қойшының баласы Ораз: «Осының керегі не?» – деп ала көңілмен қарайтын. «Ореке, «бәрінен де қой бағып, көтен жеген озады» дегелі тұрсын ғой. Жігітке бұлшық ет керек», – деп досының есіне етті салғанда, қойшының баласы ауылдан әкелген семіз етті үн-түнсіз қайната бастайтын. Ет піскенде бөлмелесі «Есікті іліп қояйық» десе, Жолдыбай жетімхананың заңымен «Ашып қояйық», – деп бетін қайтарып тастайтын. «Бай баласы оңаша отырып ет жеп, сорпа ішкенді қаласа, өзі ет жеп жарытпайтын. Ораз қалған етті балконға шығарып, бетін жауып, тасаға қойса, бұл «несібеңді несіне тығасың, гастрономның сүйек-саяғы таусылмасын», – деп көңілін тоқ санайтын.
Дүрбінің қабы да жоқ екен. «Жаңа алған зат анадан жаңа туғандай болмай ма?»
- Бұны енді қалай ұстап жүрем. Қабы қайда? – деді көлбеңдеп жүрген әлгі әйелді тауып ап.
- Айтып тұрғаның ненің қабы? Атам өлген жылғы дүниеде қап бола ма?! «Восток», «Восток», Гәгарин ұшқан «Восток», – деп кеуделі әйел саңқ-саңқ етіп, бұны кісі құрлы көрмей бұрылып кетті. «Сауда сақал сипағанша», жарайды, мен енді бәрін де көрем. Алысты жақындатам...»
Жолдыбай Алматы шетіндегі жатақханасына тартты. 66-шы автобус – такси сияқты. Керіліп-созылып, екі автобустың жүгін арқалаған көлік тез-ақ жүреді, тек ішінде қара қазағы аз, жоқ десе де болғандай. Отырып-тұрғандардың бәрі орыс, анда-санда тау халықтарының танауы көрініп қалады. «Мейлі, «Қазақстан – достық лабораториясы» деді ғой әнеукүні Алматыға келген сапарында Бас хатшы Брежнев. Өсіп-өнсек болғаны да». СМУ-15 деген мекемеге балташы боп орналасқан Жолдыбайдың көңілі тоқ. Мұнда да қара құлақтан гөрі көккөз көп. Келген бетте жолдамасын қосып, өзінің құрылыс техникумын тәмамдаған дипломын көрсетті. «Болсаң, балташылық орын бар, болмасаң, басымды ауыртпа», – деді кадрлар бөлімінің бастығы. Жолдамамен келген жігіт келіспей қайда барады. Бір жақсысы – жатақханасы бар екен. Үш адамдық бөлменің бір тұрғыны – солтүстіктің орысы, біреуінде – тағы бір «бай баласы» – Кегеннің қойшысының ұлы, заң факультетіне тапсырып, түсе алмаған, өмірге қара қазандай өкпесі бар жігіт. «Түбі ГАИ боп, көшедегі мәшиненің бәрін қырып салам», – дейді ызаға булығып. Әкесі әскерден алып қалыпты. Жұмысқа жеке көлігімен қатынайды. «Қайтсем де юрфакка түсем», – дейді тістеніп тұрып. Бұл: «Мен де құлап кеткенмін», – деп еді, «Ол жерден бір-екі рет құламай тұрмайсың», – деді жұдырығын түйіп қоқаңдап.
Жолдыбай үш адамдық бөлменің төріне жайғасты. Орналасқанына бір жеті болды. Бүгін ғана жатар орнына ерекше көңіл-күймен келді. Кадр бастығы «Балташы боласың ба?» дегенде, кинодан көрген айбалта көз алтын кес-кестеген. Әскерде жүріп, кітапханада оқыған Евгений Евтушенконың «Степан Разин» поэмасындағы айбалтамен кесілген бастың «ха-ха-ха»-лап күлгені тұлабойын шымыр еткізген. «Балтаның бәрі бір ғой» деп, оның өзін емес, жүзін ойлаған. Қарсы бетте, екі жүз адымдай жерде, тағы бір бес қабатты үй тұр. Балконынан көбіне жаюлы кір көзге түседі. Білгісі кеп, қатар жатқан Аяғаннан сұрап еді, «Білмедім», – деді ештеңеге зауқы соқпай. Сол сәт екі беті алмадай қызарып, үшінші тұрғын Герасим кіріп келді.
- Гена, напротив что-за здание?
- Ты что, баран, не знаеш, это женское общежитие. Весь АХБК здесь...
- Гена, мое имя Жолдыбай, а не баран.
- У нас казахов назывют баранами.
Жетімдігі өткен жетімханада үйренген машықтары осы сәт жұдырық боп түйіліп, шалттық боп шүйіліп, сары орыстың тұмсығына сарт ете қалды. Ол мұрнынан ытқыған қанды алақанымен сүрте бергенде қарсы алдында ара шаққандай шытынап, өң-жүзі бозарып тұрған қазақты көрді.
- Ты, что, – деді де, – я пошутил, – деп қалбалақтап қалды.
- Как меня зовут?!
- Ты, Джолдыбай...
- Не Джолдыбай, а Жолдыбай. Убери букву «Д».
Екінші жұдырықты кейінге қалдырды. Дүрбі әкеліп, алысты жақындатсам деген көңілі су сепкендей басылды. «Менікі осы ғой. Жақыннан жау іздеп... Өмір маған, мен өмірге жауығып туған секілдімін». Шешінбестен жата кетті. Ертең таң атпай бірінші кезекке бару керек. «Балташы болу да оңай емес. Балтаңның жүзі өткір болу керек. Сонда бас та оңай кесіліп, «ха-ха-ха»-лап күліп жатады...».
***
Алғаш рет емін-еркін тұрып, алысқа дүрбімен көз сүзіп қарады. Әуелі қарсы беттегі, екі жүз адымдай жердегі бес қабат тұрғын үйді бір шолып өтті. Көңілі кішкентай баладай өрекпіп, алысты жақын ғып тұрған құдіретке таң қалып, «осыны ойлап шығарғандардың басы бас қой» деп адамзатқа табынып, құдіретіне тәнті болды. Әскерде жүргенде, Қиыр Шығыста аса қауіпті қылмыскерлерді күзетті. Сонда бір жыл қолына дүрбі ұстады. Онда көретінің тек бір сурет – тормен қоршалған казарма, сықыр-сықыр еткен темір есік, қолына автомат ұстаған солдат, қасында шоқиып отырған иісшіл ит. Одан әрі қалтасына статья жазылған қара киімді адамдар. Топ-топ боп, аяқтарын бірдей алып сап түзеп бара жатқан тұтқындар. Өмір бойына жазаға кесілген ала киімді адамдар бөлек жүреді. Ала киімділерге бәрібір секілді, оларды өмір қызықтырмайды. Қолдарына кісен сап жұмысқа әкеліп, кісен сап алып қайтады. Осы да өмір ме? Кім біледі, олардың да өмірден, мынау жарық жалғаннан күтетін жақсылығы бар шығар. Олардың күтетіні – бостандық. Он бес жыл да өтеді, өмір болса үйіне кеп бала-шағасымен қауышады. Кейбірі мынадай әділетсіз өмірден гөрі өтірік айтпайтын жерім жақсы деп, жеңіл-желпі қылмыс жасап қайтып келеді. Құдай біледі, солардың ішінде де жазықтымен бірге жазатайым отырған жазықсыздар бар. Бірақ... «Бірақ» қой бәрін бүлдіретін... «Бірақ»-тың күрмеуін төменде жүргендер шеше алмайды. Бір жылдан кейін сержант атанып, солдаттары қарауылға бастап келіп, алып қайтатын әжептәуір дәрежеге ие болды. Кішкентай бастық боп, мына қаралы сурет – өмірдің шетін көрінісіне дүрбімен қарамайтын болды. Мына үй қандай әдемі. Бес қабаттағылардың көбі қыздар. Балконда кір-қоңдары жаюлы, төңкерілген емшек тартқышқа дейін күн астына кептіріп қойыпты. Қарлығаш қанатындай боп қиылып тұрған қыз лыпасының сан түрі жайма базардай көз қарықтырады. Адамға киім керек. Киім – сән, «адам көркі – шүберек». Әнебір бөлмеде үш орыс арақты ұрып отыр. Осылар-ақ бізге арақ ішуді үйретіп, салтымызды бұзды. Өзіміз де олардан асырып жібермесек, кем түспейміз. Өзбектер ішпейді, олар ішетін өзбекті «қазақ» дейді екен. Орта Азияда «арақ сайысынан» тізгінді өзіміз ұстап тұрмыз. Кеше анау кегендік «бай баласы» мұрны қызарып кеп едіреңдеп қоймады. «Әй, сен болашақ ГАИ-сің. Мына түріңмен мас шопырды қалай ұстайсың», – деп басу айтты. Анау Гена жоқ еді. Ол болса күліп, мазақтап, қазақ басын кемсітер ме еді.
Әне, қара, ана қыз тыр жалаңаш тұр, емшек тартқышын қос анарына абайлап апарып, қолын арқасына тигізіп, түртінектеп түймесін салды. Қос алмасы қандай дөп-дөңгелек. Онан кейін үстіне ақ көйлегін ілді. Әдемі, сәнді-ақ. Жігіт алыстан сұлулыққа көзі тоймай қарай берді. Жиырма бестегі жігіт жасының аржағында құмарлықтың шөлі бар. Ол – еркекке табиғат сыйлаған тағатсыз іңкәр көңіл еді. Ол қызды бетпе-бет көргісі кеп кетті. «Бірақ, кімді?.. Бойым да ортадан төмен, қыздар сұңғақ бойлыларға ынтық, дейді. Терең ойлыларды кім керек қылсың». Жігіт нәпсі мен құмарлық құшағында балбырап тұрғанда әлгі қыз есіктен шығып кетті. «Театрға кеткен болар. Жігіті шақырған шығар. Бүгін күн – жексенбі. Біз қашан еркек боп ұрғашыны биге шақырар екенбіз?» Қыз шығып кеткен бөлмені дүрбімен аралап көрді. Төрт кереует тұр, демек төрт қыз. «Төртеуі де қазақ па екен? Алматы мақта-мата комбинатының тең жартысы ауылдан келген қыздар, дейді. Сонда бәрі қалаға қашса... Егінді кім егіп, сиырды кім сауады? Баланы кім туады? Он үш бала тауып, күріш егіп жүрген Ұлбала Алтайбаева еркекке бергісіз әйел ғой» деп қиял қайығын тоқтаусыз есіп тұрғанда есікті серпи ашып, бөлмеге Генадий тепсініп кіріп келді. Қалтасынан бір бөтелке «Московская особая водканы» шығарды.
- Где это?.. – деп бетіне жалт қарап тұрып қалды. Қолындағы дүрбіні көріп, тағы бірдеңе дегісі келді де, әнеукүнгі әңгіртаяқты есіне алды-ау деймін, ұзын шашын бір сілкіп тастап, өзін бүгін бригадир етіп қойғанын айтып, мақтана бастады. Қарауында жиырма адам бар екен, соның екеуі ғана қазақ, дейді. Бригадирлігін көрсетіп, «эти бараны...» деп, әңгіме бастай бергенде, Қиыр Шығыста автомат ұстап, Алматыда гантель көтеріп, әбден шыныққан жұдырық түйіліп кеп оң жағынан сарт етті. Гена байқамай қалды. Қол сермегісі кеп еді, сопайған жағы сыздап қоя берді. Оның үстіне осы жігіттің бейбастақ екендігін құлағы шалып қалған.
- Второй раз слаще, – Жолдыбай «Москваның айырықшасын» балконнан лақтырып жіберді.
- Третьего не дано, – деп соп-сопақ жағын алақанымен басқан орыс жігіті есе қайырғысы-ақ кеп еді, мынау шытынап тұрған шымыр қазақ шыдатпай ма деп сескенді. «Оның үстіне Түркістаннан дейді. «Туркестан – Родина мусылман» деп, бір сәт қиыр солтүстік – Петропавлоскіде қалған әке-шешесін ойлады. «Қазақ аз болғанмен, астана мен астау солардікі» деген ой ақылды да айлакер жігітті райынан қайтарды.
Жолдыбай тағы да кереуетке етбетінен түсіп, жата кетті. Арақ ішкен адамның бойында бір мүңкіген иіс тұрады. Зәһардың денені алып түсер қоңсығы болады. Сол қоңсық мынау өзінше биіктен қарап, бөлмеде әрлі-берлі атқақтаған кәпірдің тұлабойынан бұрқырап жүр.
Жаңа ғана әсемдікті алыстан тамашалап, әйел тәніне тәнті болған жігіт бәрінен жұрдай боп екі бүктетіліп жата кетті. «Осы-ақ менің жанымды жаралап бітті, – деп көкірегі нәзік жігіт бір аударылып түсті. – Ол да тірі жан ғой, тірі тіршілігін істесін, іс насырға шаппасын. Біз өзі өз жерімізде өзіміз ілдалдалап өмір сүрген ел екенбіз...» Қалаға келгелі осыған көзі жеткендей.
Ол дүрбісін бас жағындағы төрт бұрыш кебежеге салды да, етбеттеген күйі қиялы сол дөңгелек темірдің айнасында қалған суретті айналып жүріп алды. «Мейлі, алысты жақын қылған сенің де болғаныңа шүкір» деп, дөп-дөңгелек дүрбіге тірі адамша тіл қатты.
***
«Осы «баран» деген сөз-ақ жанымды жегідей жеп, көңілімді құлазытып бітті». Әнеукүні екінші рет жұдырық жұмсағаннан кейін жатып алып, сол қара қойды көз алдына әкелді. Түркістан вокзалында жүгіріп жүріп, бас-сирақ сатқан бала кезін ойлады. Қара қойды үш аяғын буып, артқы оң аяғын бос қалдырып, пышақты алқымға тақағанда көзінен жас парлап, «мә!» деп бір маңырайды да, алқымды орып жібергенде бұлқынып, жан шығарарда оң аяғын қатты бір серпиді. «Мынау Гена да біздің қой сияқты момындығымызды бетімізге басқаны болар, сірә? Қолынан түк келмейтін қой баққан қазақ, цивилизациядан артта қалғандар дегенді айтқаны шығар». Сол жолы астындағы медбикеге түсіп, бетіне көкдәрі жақтырып, крест қып желім қағаздан жамау жаматып қайтты. Кейін қасындағы қазақ серігі: «Мілитса шақырып жүрмесін», – деп еді, «Қылмыстың ізі суып кетті, көрген куә жоқ», – деп бұл да дес бермеді. Бетіндегі жарасын жапқан желім қағазы кіршең тартып, бір ұшы жұлмалана бастағанда өзінен-өзі жүзі жылып кеп:
- Джолдыбай, сен, кешір, мен артық кеттім, – деді өз тілінде сөйлеп. Жүні жығылып, жуасып қалған кейпі бар.
- «Адам адамға дос, жолдас және бауыр». Жолдас боп жүрейік, – деді бұл да орысшалап.
- Так точно, товарищ сержант! – деп қолын шекесіне апарғанда бетіндегі жараны жапқан желім қағаздың ұшы шошаң ете қалды.
- Алып таста, онсыз да жазылды ғой, – деп Жолдыбай желім қағаздың шошайған ұшын тартып қалғанда, қарақотырлана бастаған жараның бетіндегі кіршең тартқан ақ мақта жалп етіп жерге түсті.
- Дружба! – деді бұл.
- «Язык мой, враг мой». Отметим, – деді ол.
Сонымен, сол екінші жұдырықтың суреті көмескі тарта бастап еді, әлгі әзірде ғана 66-шы автобусқа мініп, ирелеңдеп-созалаңдап келе жатқанда қарсы алдындағы етжеңді, бес биенің сабасындай орыс әйелі орнынан тұра бергенде кең көйлегі артқы тілігіне ілініп қап, қарсы алдынан жаман көріністі көз алдына көлденең тартты. Ауылда кең етек көйлек киген қыз-қырқынды көріп өсіп, әйел затынан өмірі мұндай сымбатты бұзар сұрықсыздықты аңдамаған жиырма бестегі жігіт көйлектің қыртыс жерін қолымен тартып жібергенде әйел әнтек мойнын бұрып: «Баран, почему трогаешь мое тело» дегені. Бұның кінәсі – әйелдің тал бойындағы сәнге көлеңке түсірмеу, ол болса бұның қимылын жабайылыққа балады. Тағы да қара қой алдынан шықты. «Біз қимылдасақ қойға тенейді екен-ау, бұ қаладағылар. Бізді қойдан басқа түк көрмеген көрмәдік дегендері ғой. Оларды доңыз десек, не істер еді? Қой доңыздан таза, бірақ доңыздың саны көп боп тұр ғой. Алматыда қара қазағыңыз 45 пайыз, еліміз бойынша, әйтеуір жергілікті ұлт деген атымыз бар. Көп қой, көп, «көп қорқытады, терең батырады. Қашанғы қорқамыз, «қорқақты қуа берсең батыр болмай ма? Батырлық қой менікі. Өзімнен де бар. Біреудің сәнін келтірем деп сөз естідім. Көйлегі көтіне қыстырылып кете барса қазақтың мәдениетінің бетіне шіркеу боп жабыспас еді ғой. Қатыннан сөз естіп...» Өзін-өзі кінәлап, еңсесі түсіп келді де, бір бөтелке «минводаны» аузынан ішіп, бас жағындағы әбдіреге қолы тиіп кеткенде дүрбі есіне түсті. «Менің жалғыз жақыным, алысты жақындатқан жебеушім» деп сөйлеп жүріп қолына алып, көзіне тақады. Баяғы терезе, баяғы балкон. Осы терезе... балконнан қашан қарасаң да жуылған киім-кешек арылмайды. Әне, қара, бетін газетпен жауып қойыпты. Сірә, іш киім болу керек. Оның үстіне киімнің иесі қазақ қыз болу керек. Орыстың қыздарынан мұндай әдеп шыға қоймас. Қыз басымен әкесінің тізесіне отыруды өмірде де, кинода да көрсетіп жүрген солар ғой». Жылдам көз салды. Бір қыз тыржалаңаш шешінді, тіпті лыпасын да сыпырып тастап, тайраңдап жүр. Жүрсе өз үйі ғой, киім ауыстырып жатқан шығар. Қыздарда етеккір деген болады. Олар еркектерге қарағанда ұқыпты. Біз түрсігіміз биттегенше шешпейміз. Қойшымыз ғой» деп тұрғанда әлгі қыз әпсәтте әдемі киініп ап айнаға қарады. Ең соңынан, ерніне қызыл бояу жағып, астыңғы ернін жоғары шүршиткенде үстіңгі ерні де қып-қызыл боп шыға келді. «Қарашы, өмірдің заңы екеу боп тұруда екен ғой. Ерін де екеу боп бірін-бірі қызартып тұрады. Адам баласы да солай. Мен ше... Мен осы өмірде теңімді табар ма екем?» деп тосын басталған толқын ой кеудесін соққанда жігіт дүрбісін ұстап тұрып қалды. Қыз көзден ғайып боп шығып кетті де, есіктен сұңғақтау келген атжақты қыз кірді. Көне қоңыр курткасын шешіп, басын ораған алабажақ шарфын да шешіп ап киімілгішке салбыратып іліп қойды. Кең иықты, еркек пішіндес қыз жұмыстан шаршап келсе керек, кең ашылған терезе пердесін сыр еткізіп жауып тастады. Көкшіл пердеден басқа ештеңе көрінбей қалды.
***
Балташының жұмысы – қол жұмысы деп келіп еді, бұлшық еті бұлтылдаған шымыр жігітке бұл түк те емес екен. Әрине, іс қолмен бітеді, бірақ бөрене шапқандай әйтпесе бұтын бұт, санын сан ғып боршалап тастайтын құшқанадағы балтамен бітер алапат тірлік емес, бәрі бір түймемен басқарылар тыңғылықты іс. Тек балташыға ақыл керек, көре білер көз керек, түймені біліп басып, электр қуатын үнеммен пайдаланып, есептен жаңылыспау керек. Сонда құрылысқа кететін тіп-тік тақтай да тік тілініп, пайдаға тез асады. Ол анау Алматы көшесіндегі зәулім үйлердің едені мен есік-терезесі боп адамға көрік сыйлайды. Терезені ойлағанда Жолдыбайдың іші шым ете қалды. Бүгін жұмыстан шаршап шықса да, бір күш алып-ұшып, асханадан тамақтанып ап жатын бөлмесіне тез жетті. «Оң жақтан санағанда төртінші терезе, сол жақтан бесінші... төртінші қабат...» Сол терезеге қарай бергісі келеді. Әнеукүнгі атжақты қыз көз алдында қалып қойды. «Кең иықты, сұңғақ, қазақы қыз сияқты. Сірә, шешесі жарамды болар». Тағы да өзінің балташылығын ойлап кетті. Егер таныса қалсақ, «балташымын» десем, күліп жүрмес пе екен. Өзі ше, өзі не істейді? Олардікі мақта-мата комбинаты ғой. Мақтадан шығатын нәрсенің бәрі осылардың қолынан өтеді. Қазақ қыздарының қолынан келмейтіні жоқ, олар кілем тоқып, текемет басады. Соның бәрі автомат арқылы атқарылады. Міне, жетілген деген осы. Өзіне әуелде балташы боласың дегенде, дөңбекке адамның басын қойып, айбалтамен қарш еткізіп кесіп түсетін кинодағы баскесерлерді ойлап, жан-дүниесі тітіркеніп кеткен. Сосын «табиғаттың баскесерімін ғой» деп өзін-өзі күлкіге айналдырған. «Мен бүгін бәрін бір нүктемен басқаратын балташымын» деп өзін-өзі биікке көтеріп қойды. – Сұрап жатса, осылай дермін». Дүрбісін қолына алғанша дегбірі кетті. Гена да, анау Аяған да жоқ, екеуі де жұмыста. Аяған қазір «ГАИ» деген қосалқы ат алған, өйткені әңгімесін ГАИ-мен бастап, ГАИ-мен аяқтайды. Бұл өмірде астында мәшинесі, аузында ГАИ-і бар сол ғана. Өзіне анау жұдырығын екі рет иіскеген орыс «Пограничник» деп ат қойыпты. Десе десін, менен бір жас үлкендігі бар екен, «бес жас бел құрдас». Біз болсақ оны көкке көтеріп, Гена дейміз, әйтеуір ұлы халық өкілдерінен бір ұлылықтың иісі аңқып, соларға қарап аузын ашып тұрады ғой біздің қазақтар. Мынау көздің ішіндегі көз ғой. Қандай тамаша» деп жігіт енді қолға ұстаған дүрбісіне ризалығын білдіре бастады. Осыны сатқан Көкбазардағы асқабақ кеуде, мол пішілген келіншекті де сыртынан жақсы көріп кетті. «Өмір деген осы, өмір қандай тамаша!» Көңілі жамандықтың бәрін жуып-шәйіп, тек жақсылыққа қарай ұмсынды. «Басқалар жұмыста болар, бөлмесі бос тұр. Әлде әжетханаға шығып кетті ме? Олар да адам ғой, бірақ бәрі бірдей...» Ол дүрбісін әнтек қолынан түсіріп ап қайта қарады. Әне, ана қыз бөлмеге кіріп келе жатыр. Сол... әнеукүнгі қыз. Атжақты, сұңғақ. Көзі қандай екен? Сәл қиғаштау, сол шығыс қыздарына тән көз ғой. Аты кім екен? Шіркін, соны біліп беретін дүрбі шықса ғой, алар едім қанша тұрса да». Қазір айлығы сәл көбейді, бес адамның үстінен қарайтын цех бастығы болды. Шалттығы, ширақтығы көмектесті. «Ал, мынау Гена: «Мен бригадирмін, сен цеховойсың, бригадир болу үшін сендерге әлі еңбек ету керек», – деді менің жаңа лауазымымды естігенде. Неге «сендерге» деп көпше түрде айтады? Осында бір бәле бар. Өзіне таяқ та өтпейді екен». Әлгі қыз үстел үстіне дастархан жайды. Әне, қара, сүйріктей саусағымен нан турап, шәй құюға кірісті. Томпақ шәйнектің тұтқасынан ұстаған саусағы қандай сүйкімді. Сол әдемі қолымен маған да шәй құйып берсе ғой...» Жігіт армандап кетті де, «Аты кім екен өзінің?» деп күбір ете қалды. Томпақ шәйнекті еңкейтіп тағы да шәй құйды. «Шіркін, қасында мен отырсам ғой». Арман шіркін көкірегін тепкілеп, жылы ағыс боп жылымшылай бастады. «Енді не істер екен? Демалар ма екен? Өзі кезектен келді. Қалай жатар екен, оң қырымен бе, сол қырымен бе? Қайтіп ұйықтар екен? Әуелі шешінетін шығар?» Ол әнеукүні жалаң денесінен лыпасына дейін сыпырып тастап, тайраңдап жүрген қызды ойлады да, бұны ондай бейбастыққа қимады. «Бұл тек қараңғыда шешінеді, әдепті қыз» деп, бір қызғаныш уыты көкірегін ашытып өтті. «Демалсын, шаршап келді ғой» деп дүрбісін төмен түсірді. Төмен түсірді де, апыл-ғұпыл киіне бастады. Киінгенде бұтында олимпика-шалбар, үстінде соның сыңары. Көйлек киейін, қыздар көйлекке қарайды ғой» деп, үтіктеп қойған ақ көйлегін үстіне ілді. Ақ көйлек пен олимпика-шалбарын киіп, аяғына тор-тор тәпішкесін іліп, құнжың-құнжың етіп асығып, есікті құлыптады. «Жақын жер ғой, жатақхананы айналсам болды, қарама-қарсы тұрған үй, сідік шаптырым жер. Төртінші қабат, оң жақтан төртінші, сол жақтан бесінші терезе...» Қыздың қиғаш көзі өзінің жылт-жылт еткен өткір көзіне елестеп өтті. «Табу қиын емес». Жатақхананы айналып, АХБК жатақханасының бұрышына келгенде жүрегі дүрсілдеп аузына тығылды. «Бұнысы несі? Қиыр Шығыста түрмедегілерді күзетіп жүріп те, бөлмеде билік жүргізуге тырысқан Генадан да, цехта «мен тәжірибелімін, сен «молокососсың» деп өзін сүтауызға тенеп, емізік емізгісі келген дойырлардан да ықпаған көңілім... осы қыздардың бір магниті болады деген рас-ау, әйтпесе танымайтын қызды іздеп...» Қыздар кіріп-шығып жатқан есіктен ішке енді де, аңырып тұрып қалды. Үстінде кеңседегілер киетін әппақ көйлек, бұтында спорт шалбары, аяғына тор-тор тәпішке киген көз жанары өткір шағын жігітке жатақхана вахтері – тарамыс орыс әйелі оқырана қарады.
- Сіз... кімге? – деді орысшалап.
- Мен... төртінші этаж, оң жақтан санағанда төртінші...
- Қай бөлме?
- Білмеймін.
- Білмесең неге келдің?
- Сол жақтан санағанда бесінші...
- Аты-жөні кім?
Жігіт үнсіз қалды. Вахтер де үнсіз. Шашын шарап түстес қызғылт бояумен бояған шымыр жігіт тағы да сендіре сөйледі.
- Мен көріп келейін.
- Голубчик, кімге кеп тұрғаныңды білмейсің...
- Білемін, неге білмеймін, – деп шап ете қалды.
- Сен, жігітім, ішсең жөніңе іш. Мен осы жердегі бес жүз қызды жатқа білемін. Көрінбе көзіме. Әйтпесе...
- Әйтпесе, – деп сұрау сала сөйледі.
- Әйтпесе, баран, баратын жеріңе барасың.
«Тағы да «баран». Осы сөзден-ақ өлетін болдым. Қара қазақ пен қара қой осыларға бір бәле боп көрінген шығар. Қой, қайтайын. Ана танымайтын қыздың да абыройын төгіп жүрермін. Сол аман болсыншы». Бұл бүкшеңдеп басып шығып бара жатқанда сүттей ақ көйлек киген жігіттің бүлк-бүлк еткен жауырынына қарап тұрып тарамыс әйелдің миығы тартты. «Осы, қазақтар, не боп бара жатыр өздері. – Сырттағы ыза бүлк етіп ішке түсті. – Нахалдар, әбден беттерімен кетті...»
Жолдыбай бөлмеге жеткенше асықты. Тезірек дүрбісін қолына ұстағанша құстай ұшты. Келген бетте сол терезеге тағы да қарады. «Ешкім жоқ. Демалып жатқан шығар. Қалай демалғанын көргенде... Бөлменің бүкіл көрінісін алып тұрмын... көрінбейді». Казарма жаққа қараған күзеттегі солдаттай қайта-қайта көз тікті. «Жоқ, қайда кетті екен? Жұмыстарымен шығып кеткен шығар» деп бейтаныс қызға шаң жуытпай шыр-пыры шықты.
***
Жатын бөлменің есігі серпи ашылып, Аяған кіріп келді. Бет-аузы көкала қойдай, жұдырық тиіп, оңбай таяқ жегені көрініп тұр.
- Не болды? – деді бұл атып тұрып.
Ойында тағы да орыстан таяқ жеді ме деген күдік бар.
- Тағы да ГАИ ғой. Жолда тоқтатып, шопырлық куәлігімді сұрады. «Мен соны бірге алып жүрмеймін», – дедім. Өзі таныс, көрші ауылдың баласы. «Жүр, үйшікке барып сөйлесейік», – деді. «Сөйлессек сөйлесейік». «Куәлігіңді, әйтпесе, қолма-қол 10 сом...» дейді. «Е-ей, мен Жалаңаштағы герой қойшы Әкімқұл Болысбековтің баласымын ғой. Сен арғын ауылдан емессің бе?» «Кім болсаң о бол, мен қызмет үстіндемін». «Е-ей, менің әкемді райком да, бәрі біледі, атақты қойшы ғой». «Маған әкең емес, куәлігің керек», – дейді тәкаппарсып. «Білдірем», – деп қолымды көтере бергенімде оқтаудай таяғымен салып қап, онан арқамды сабалап, тағы біреуі келіп, үйшіктің ішінде бір орыс, бір қазақ боп әбден тепкіледі. Өмірі ешкімнен таяқ жеп көрмеп ем.
- ГАИ-дан жедің.
- Анау көрші ауылдағы арғын ауылдың баласы ғой. Кегенге қаңғып келгендер. Мен оқуға түсе алмағанда, осы түскен. Көрсетем әлі қаңғыбасқа. Өздерін оқығанбыз деп жүр ғой.
- Әй, сөзді қой да бетіңді суық сумен шәйіп, астындағы медбикеге бар, – дей бергенде, Гена кіріп келіп: «Ты, что, автограф Джолдыбая», – деп мазақтай қарады. Ол әлгі айтқанын шала орысшасымен Генаға қайталап шықты. Ол миығы тартып: «Ты тоже закончишь юрфак, и будеш ГАИшником, – деді де: – Вы друг друга не пожалеете. Вы не евреи, а казахи», – деп қосып қойды. Екі қазақ өмірі естімеген сөзді естіді. Жолдыбай «Балық бергенше, балықшылыққа баулы» деген еврей сөзін бір жерден оқығаны бар еді. «Бізді кімдер баулиды? Сен де бітірерсің заң факультетін, бірақ қандай заңгер болар екенсің шопырлық куәлігіңе ие бола алмай жүріп» дегенді ойлап тұрып, «Бар, төменге барып, жараңды емдет», – деді жолдасына жаны ашып. Орыс жігіті ерін ұшынан айтса да, осы жолы ашып айтты, бір шындықтың басын қайырды.
- Сонда қолына 10 сом ұстатсам, қоя берер еді – деді артына бұрылып. – Әкесі ақшадан өлген, жарымаған арғын, – деп тұла бойындағы ызасын көрсеткенмен таяқ таңбасы бетінде шіркеу боп есіктен шыға берді.
«Осы саған газет оқыта алмай-ақ қойдым ғой. Бетін ашпайсың ғой ештеңенің. Мен оқыған газет пен жорнал бас жағыңда үйіліп жатыр. Оқысаң сәл түзелер едің» деген зу еткен ойына тұсау сап Жолдыбай қолын бір сермеді.
- Бар, бетіңді түзе! – Әуелі көңілін өтпейтін пышақпен тілгілеген қасындағы қара қазағына, сосын әр сөзін аңдып тұрған сары орысқа шегір көзін шатыната қарады.
***
Бүгін демалыс. СМУ-15 мекемесі жексенбіде демалады. Ал, АХБК-дегілер кезекпен жұмыс істейді. Ол – өмірі тоқтамайтын алпауыт өндіріс. «Сонда да кешке түгел келетін шығар». Бұл хабарды айтқан да Аяған. «АХБК-де бір кеш өтеді, дейді. Барайық. Қашанғы дүрбімен қарайсың», – деді қуланып. Аяғанның айналаға құлағы түрік, бәрін біліп жүреді. Мекемедегі қысқа хабарлар мен соңғы жаңалықтарды қалт жібермейді. Кімнің қай жер, қай жүз бен қай ру екендігінен де жаңылыспайды. «Санасы сергек, тек оқыса ғой. Бірауық газет пен кітаптың бетін ашса». Ұзамай басқарма комсомол ұйымының хатшысы Сысоев деген тәпелтек орыс жігіті бөлмеге келіп:
– Бүгін АХБК-де интернационалдық достық клубының кеші өтеді. Біз көршілерімізге қонаққа барамыз. Достық аясын кеңейтеміз. Сен баруың керек. Сен озаттың озатысың, цех жетекшісісің», – деді көпшік қойып.
- Мен ше? – деді Аяған желпініп қап.
- Сен бірінші кезекте барасың. Ол жерге де бір ГАИ керек. Тек төбелес болмасын, ешкім жараланбасын, – деп, қызыл жағалылардан жеген таяғын бетіне басты.
- Сен де бар, – деді Генаға көз астымен қарап. Ішінде бір бықсыған шала жатқандай.
- У меня итак интердружба. Не могу, – ол басын алып қашты...
Сағат бес. Күз күні ерте батады. Бір аттаса – жатақхана. Бес қабат үйге жете бергенде жігіт жүрегі тағы да дүрсілдеді. «Не болды маған? Бала емеспін, шаға емеспін. Қорқуды білмеуші едім. Жетімхананың бір жапырақ нанын ұрлап жегенде де жүрек шіркін бұлай өрекпімеуші еді. «Сол қыз келер ме екен?» деп бір сәуле жылт ете қалды. «Жатақханаға бір кіріп алайын. Іздеп тауып алам».
Әуелі жиналысты салтанатпен ашып, екі мекеме комсомол ұйымының хатшылары сөйледі. Істелген жұмыстарды айтып, дәл бір есеп беру- сайлау жиналысындай құжынаған цифрларды тізіп шықты. Сосын әркімге сөз берді. Бір кезде: «Келесі сөз «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің жаңа иегері, СМУ-15 мекемесінің озат балташысы Жолдыбай Түгелбаевқа беріледі», – деді жиналыс жүргізуші комсорг. Бәрі қол соқты. Бұл сөзді күткен жоқ еді. Зал толы қыз-жігіттің ішінен көзін жүгіртіп сол қызды іздеп отыр еді. Бүлдірді бәрін.
Мінбеге шықты да қазақша сөйледі.
- Джолдыбай Түгелбаевич, бір-екі ауыз орыс тілінде сөйлеңіз, – деді өзінің комсоргі.
- Жетісіп тұрған орысшам жоқ. Сонда да айтайын, – деп, сәл толқып тұрып былай деді: – Кездесу тақырыбы – Интернационалдық достық клубының жұмысы жайлы екен. Бір-бірімізді шефке алайық. Достығымыз берік болсын, орыс, қазақ деп бөлмейік. Мысалы, біз АХБК-ні шефке алайық, олар бізді...
- Қыздар жігіттерді шефке алмайды, – деп залдың дәл ортасынан шашы желкесіне түскен бір орыс жігіті «ха-ха-ха»-лап қоя берді.
- Алам десе алады, алмайтын нәрсе болмайды, – деп бұл да бетін қайтарып тастады.
- Сөйлеп болдыңыз ба? – деді комсорг.
Басын изеді. Мінбеден түсіп бара жатқанда көзін төңкеріп кең залға қарап еді, бір қиғаш қара көзбен беттесіп қалды. Күлімсіреп отыр. Кекетуі де бар секілді. «Үшінші қатарда отыр. Сол қыз, соның дәл өзі... Қазір сөйлесем».
- Енді би басталады. Дамы приглашают кавалеров, – деп комсорг айқайлап сөйлегенде залдан шығып бара жатқан қыздың арқасын көріп қалды. Есікті ашқанда бір қырындай шықты, сол қыз, сол көз. «Не де болса соңынан барайын» дей бергенде, даңғырлаған ансамбль даусы миын шағып жіберді. Зал бірден сахнаға лап қойды. Комсорг қасына жетіп кеп:
– Сен, Джолдыбай, кетіп қалма, қазір парторгке барамыз, – деді салмақ сала сөйлеп.
- Не, тыныштық па?
- Тыныштық емес, медаль аласың.
Қолтықтап алып, СМУ-15-тің кеңсесіне әкелді. «Парторг» деген жазудан сескенсе де, бөлмеге еркін кірді.
- Міне, мынау кавалеріңіз, – деді комсорг өзін алға оздырып.
Парторг тығыршықтай жігітке көңілі толмай қарап, тартпасынан қол басындай төрт бұрыш масаты әбдіре шығарды. Аңқайтып аузын ашты да:
- Джолдыбай Түгелбаевич, наградаңыз құтты болсын! – деді аузы ашық әбдірені ұсынып.
- Кеудеме өз қолыңызбен тақпайсыз ба? – деді парторгтың әрекетіне көңілі толмай.
- Оған әлі үлгересің. Үлгересіңдер, – деді сөзін кекесінмен аяқтап.
- Кете берейін бе?
- Жол болсын!..
Бөлмеден шыға бере бір ой жармаса кетті. «Ана жерге қайта барсам ба екен? Медалімді тағып барсам ба екен? Ол... залдан шығып кетті ғой. Қой, ұят болады тағып барғаным. Мен бұны сұрап алған жоқпын ғой». Ой арпалысына түсіп, толқынмен таласып келе жатқанда алдынан Аяған шықты.
- Кеттік. Ол жерде жынды биден басқа түк те жоқ. Менің «әу» дейтінім бар ғой. Домбыра болғанда «Балқадишаны» шырқап берер едім. Жынды биден миым ашыды. Күшімізді ертеңгі жұмысқа сақтайық, – деді алабұртып.
Жолдыбай аңтарылып тұрып қалды.
- Ол қыз жоқ. Ол кешкі кезекке кетті. Бәрін де білдім. – Аяған білгенін түгел айтып салды.
Бөлмеге кеп, әбдірені ашып, медальді шығарды. Темірге «За трудовую доблесть» деп қашап жазылыпты.
- Парторг тақпағанды, өзім тағайын. Менің парторгтен қай жерім кем, – деп шала мас Гена тікендей үшкір түйреуішті кәстөмінің өңіріне қадады. Оның сөзі жүрегін шым еткізіп, түйреуіштей қадалды. – Енді, ары-бері жүр. Суретке түсіргенде болатын еді. Фотоаппарат жоқ, – деп Жолдыбайға кекете қарағанда есік ашылып, комсорг кіріп келді.
- Жүр, Джолдыбай, клубтың қорытындысын жасаймыз. Жүр, – деп тағы да қолтығынан демей берді. – Медалінді тағып жүр. Сендер де жүріңдер.
Екеуі сөзге иланбай қалып қойды.
Би бітіп, бәрі залға қайта ұйлығып, әулекі әуеннен әлсіреген жастар бір нәрсені күткендей. Арасында жағын керіп, есінеп, шаршап отырғандар да жоқ емес. Төрде парторг. Ол саңқ етіп сөз алды.
- Жиынымызды қорытындылаймыз. Біздің интернационалдық достық клубының ауқымы кең. Біз алыстағы БАМ-ға, Байкал-Амур магистралының құрылысына да қол ұшын береміз. Біздің он еңбек озаты сонда барып, бір жыл еңбек етеді. Егер ұнап жатса, сонда қалам десе, өздері біледі. Олар мыналар, – деп көзілдірігін киіп, тізімді оқи бастады.
- Түгелбаев Джолдыбай. Бүгін ғана «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. СМУ-15-тегі балташылар цехының бастығы. Енді темір жолға барып, темірді балталайды, – деп кеңк-кеңк күліп алды. Күлкі ду қол шапалаққа ұласты. «Бұның несіне күледі? Осылар менің бойыма, кеудемдегі медаліме күліп отырған жоқ па?» Парторг қолын көтеріп сахнаға шақырғанда тағы да бір топ қыздың сыңғыр күлкісін естіп қалды. Жолдыбай бір қызарып, бір бозарды. «Алдын-ала өзіме ескертпегені қалай?!»
- Аксакалов Аманбол.
- Мен, – деп сырықтай ұзын жігіт орнынан атып тұрды.
- Ортаға шық.
- Шолақов Бердібек.
- Мен.
- Шляков Сергей.
- Ішіп кетті. – Әлгі шашы ұзын «битлз» залдың ортасынан айқайлап, «бомждың» мекен-жайын анықтап берді.
- Доланбеков Ту-ру-син-жан, – деп парторг тілі бұралып, жеті қазақ пен үш орыстың тізімін әрең оқып шықты. – Ертең тұп-тура тоғызда директорға келесіздер. Тепер музыка! – дегенде, сып-сидам біреу сахнаға ытқып шығып, парторг отырған столды ысырып тастап, сыған-домбыра мен шаңқ еткен саксофон, сыңсыған флейтаның үні қосылып, ботадай боздап қоя берді.
Жолдыбай залға көз салды. «Аяған тізімге енбепті ғой» деп ойлай бергенде бөкселері былқылдап, аяқтарын әнтек көтеріп тастап, би әуеніне балқыған қыздар, олардың асты-үстіне түскен жігіттер көз алдын орап алды. «Бұлардың ішінде ол... жоқ» деп теріс айналды. Бөлмеге кеп бүктүсіп жатты.
Көне шифонердегі қара кәстөмнің өңірінде «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі салбырап ілулі қалды.
***
Қиыр Шығыста кілең орыстың арасында «арпа ішінде бір бидай» боп жүргенмен Жолдыбай ешкімге есесін жібермеді. Іске келгенде білгір, тиянақты, ең бастысы, өз ісінің дұрыстығына өзгенің көңілін жеткізе біледі. Әйтпесе «азиат» деген атау алған бұны екі шайнап, бір-ақ жұтатын алпауыттар бар бұл жерде. Бұрын «баран» деуші еді, енді «азиат» болды. Бұл да жетістік. Тұтас бір континенттің атынан сөз алып тұр. Ал, енді осы жерде неге өзбек жоқ? Әскерде асханада қазан ұстап, сорпаның дәмін көретін кіл өзбек жігіттері еді, бұл жерге оларды шақырмапты. Оларды елу градус аязға елі жібермейді, алтын берсе де келмейді. Қырғыз да көрінбейді, тәжік пен түркіменнің аты естілмейді, тек бір-екі ұзын мұрын армян мен грузин жүр. Олар орысқа көкірегін бастырмайды, «ә» десе «мә» деп қалған тәкаппарлар. Жетімханада өткізген үш жыл, Қиыр Шығыста автомат ұстап, түрме күзеткен екі жыл, СМУ-15-тегі үш жыл, енді мына жердегі жеті айда Жолдыбай адамзаттың ең момыны қазақ па деп қалды. Шіркіндер кісіге болмасын демейді, кім айтса да басын шұлғып жүре береді. Басқа облыстан келген қазақтың тағы он жігіті бар. Оның алтауы институтты қызыл дипломмен бітірген білімді, бір мекемені шыр айналдырып отырған алғыр азаматтар. «Осы жерде сендерге не бар?» деп еді, «Партия айтты, біз партияның солдатымыз, «солдат – послушный автомат», – деп мәз-мәйрам боп жауап берді. Партия – өзбек пен қырғызда, басқа мұсылман елдерінде де бар емес пе? Партияның басында отырған өз туыстарымыз өзімізді, оның ішінде «талағында биті барларды» жіпке тізіп беріп жүр. Оу, басқалар неге сөйтпейді? Олар бір-бірін аяқтан шалмайды, болайын деп тұрған балдарын қызғыштай қорғап, қолтықтан демейді. Біз болсақ, болайын деп тұрған азаматымызды от пен оққа байлап береміз. Бұған тарих куә, тіпті 41-жылғы қырғын куә. Ауғанда да солай, дұшманмен соғысып жүргендердің тең жартысы біздің көзі ашық қазағымыз. Мұнда сырттан келген орыстардың да оңып тұрғаны жоқ, кілең есепте тұрған маскүнемдер мен үй-жайы жоқ қаңғыбастар. Солардың арасында біздің бетінен қаны тамған қазағымыз қызыл ту ұстап алда жүр. Олар жыл он екі ай әріптестерімен бірге қырлы стаканның құлына айналып, еліне ішкіш деген ілік атпен оралады. Мынадай тұлабойыңды түтіп жеп қойған аязда арақ ішпесең бойың жылынбайды, тек өзіңе-өзің от жағып, қиял деген қара қазанның астына тамызық тастап қыздырынасың. 41-жылы Мәскеудің түбіне кілең қазақты салған екен, 28-панфиловшының аты аталғанда солардың төртеуі-ақ қазақ, басқалары қайда? «Волоколам тас жолында» батыр Бауыржанның аты неге аталмайды?» Жұмыстан кейін кітапханаға кірген Жолдыбай бірден өз республикасының басылымдарын іздеді. Мұнда тек «Казахстанская правда» тұр. «Социалистік Қазақстанға» тапсырыс беріп еді, әлі жоқ. Басқа республиканың газеттері қос тілде түгел тігілген. Анау грузин мен армян еңкейгенде мұрын ұшы газетке тиіп, өз тіліндегі басылымдарды шұқшиып оқып отыр. Меңгерушіден сұрап еді, «Биылдан қалды, келесі жылы болмаса, – деп басын шайқады. – «Казправда» бар емес пе?» деп шегелеп қойды. «Мен келесі жылға үлгерсем», – деп өзінше әзіл айтқан болды. Бес биенің сабасындай меңгеруші келіншектің бетінде әзілді түсінген белгі жоқ. «Мен де анау Балбулян мен Гудзахидзе сияқты өз тілімде оқып отырсам ғой». Жалп еткізіп орыс газетінің бетін ашқанда үшінші бетте қасы-көзі қиылған бір қазақ қызының суретін көрді. Газеттегі суреттің бәрі қара боп шығады. «Мынау сол ғой, соның дәл өзі». Тақырыбы – «Орденді тоқымашы». Бес жылдан бері АХБК-да істейді. Үйренуші, шебер, аға шеберлік жолдан өтіпті. Қазір тәлімгер екен. Бесжылдық қорытындысы бойынша «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты. «Сол, соның өзі... Аты кім екен?» Мақаланы басынан бастап қайта оқып, аты-жөнін тауып алды. «Джидегуль Тусупбекова» дейді. «Сонда Жидегүл Түсіпбекова болғаны ғой. Қызылорда облысы, Төретам бекетінде туыпты. Бізге тым жақын. Жаңақорған, сосын Төретам, қазір Байқоңыр боп аты шыққан жер. Ғарышқа бәрі осы жерден самғайды. Қазір Россияның иелігінде». Есіне бала күнінде Түркістан вокзалында бас-сирақ сатып жүргенде ортасын инемен тескен тандыр нан сатқан шәйкөйлек киген балаң қыздар, Көкбазарда «Восток», «Восток» деп самбырлап сөйлеп, ойыншық корабль сатқан кеуделі келіншек сап ете қалды. «Дүрбіні де соның қолынан алдым ғой. Бәсе, тегін жерден емес. Тегін қыз емес. Төрелердің бір тәкаппары болуы да ғажап емес». Дүрбісі өзімен бірге, Аяғанға беріп кетем деп еді, қоштасарда қимады. «Сол дүрбіге ие бола қойса» деп, бір күдік көлеңдеді де тұрды. Алысты жақын қылған серігін майдай жұмсақ масатымен орап, өзімен бірге алып шықты.
- Сенбейсің ғой, – деді Аяған кетерде.
- Саған сенемін, бірақ дүрбім өзіммен бірге жүрсін. Амандық болса, кездесеміз, – деп қол алысқан.
Сонан бері хабар жоқ, ол хат жазып жарытпайды. Әріптері де жыбырлап, бір түзудің бойына бағынбай жыланша жылжып келе жатады. «Аман бол, Аяған». Суретке тағы бір қарады. Жұмыс киімінің кеудесіне орден тағып тұр. Дәл бұлтиып шыққан алмасының үстіне... «Суретке түсуге осылай дайындаған ғой, әйтпесе бұл ондай қыз емес». Жігіт өзі көрмеген қыздың кеудесін темірден де қызғанып кетті. «Дегенмен, жарасып тұр, – деп, қызғаныштың қара жыланын өнбойынан жылжытып шығарып салды.- Үстіне көйлек ілсе, мұнан да әдемі боп кетер еді». Енді «жасы қаншада екен өзінің?» деген сауал түйткіл боп түртиіп тұрып алды. «Менен сәл-ақ кіші шығар. Бесжылдық қорытындысымен орден алса, мектепті он жеті жасында бітірсе...» деп, арманшыл қиял арифметикамен айналысып кетті. Өзін жеңіл сезініп, қазақша газет әкелмеген меңгерушіге де ырза көңілмен қарады. «Осы да жетеді. «Казправдадан» ештеңе артылмайды» деп, басылымды сөреге апарып қойды.
Ертең кезекті демалысы. Бірақ, жұмысқа шыққысы кеп құлшынып кетті. Енді үш айда келгеніне жыл он екі ай толады. Бұларды қайтарып, жаңа кезек келеді. Өзі туабітті қара жұмыстан қорықпайды. Оның үстіне қан тамырындай тартылған қара рельс бала күннен көріп өскен құқайы. Теміржол жағасында жеті жасқа дейін емін-еркін ойнады, сонан кейін ғой тірі жетімдігінің басталғаны. Май сіңген қара шпалға етбетінен түсіп, тығылмашақ ойнап, бұғып жатқанда қара шпал бүлкілдесе тез кету керек, әйтпесе айғыр паровоздың астында қаласың. 1905 жылы соғылған Қазақ темір жолының Түркістан деген бекетінде бала шағын өткеріп, ширек ғасыр жасқа жеткен жігіт енді өз қолымен бөгде жерге шпал төсеп, пойыз жол салып жүр. Бұның міндеті – қара май сіңген шпал-ағашты қиюластырып, шойын жолдың астына тізбектеп төсеу. Арақашықтықта мүлт кетпеу керек, арақашықтықта адам тағдыры тұр. Оның бәріне жауапты – бригадир Жолдыбай. Қарауындағы орыстар бұның іскерлігі мен білгірлігіне таң қалып, «Казахская железная дорога» деп ат қойып, әзілдеген болды. Бұның миығы тартты, «баран» мен «азиатқа» үйренген құлаққа бұл сөз майдай жақты. Тірлікке келгенде ешқайсысын тырп еткізбейді. Шойын төселіп, арқырап тепловоз өтер жолдың астындағы қиюласқан шпалдан сіркедей селкеулік тапса, бәрін қопарып тастап қайта істетеді. Жүрдім-бардымға салғысы келген жергіліктілер боқтап-боралап тұрып, өзіне «сызғыш-линейка» деп те қосымша ат қойыпты. Бұл «геометрияға да шабыт керек» деп жауап берді. «Тайшеттің арағы таусылмайды» деп жүрген жергіліктілер қайтсе де «азиаттың» алғырлығына тәнті болды. «Анау армян ертең жұмысқа шыққанымды көрсе, «сен герой болғың кеп жүр ме?» деп іліп өтеді. «Соғыста да орыстан кейін батыр болған сендерсіңдер» деп бірде ашып айтқан. Не де болса қырсық көңілмен қырынан кеп тұрады, бәтшағар. Мейлі, әзіл өмірді ұзартады. Сырнайдың тіліндей қыржиып-тыржиып жүргендерді де көрдік ғой. Онан да даусымыз домбыраның үніндей жарқын шықсын. Құдай жылата көрмесін, күлдірсін» деп жұмысқа баруға белін бекем буды. Шығып бара жатып артына шалт бұрылды. «Мына газетті бір күнге берер ме екен? Ұяң келіншектен ұялмай сұрап еді, кітапханашы басын алып қашты. «Тек залда отырып оқу керек, сіз суретті, керек нәрсені қырқып алуыңыз мүмкін. Бұл – қылмыс. Бұндай жағдайлар болған. Ол үшін мен жауап беремін», – деп шұбыртып бара жатқанда Балбулян кіріп келді. Оның да демалыс күні.
- Неге шулатып тұрсың? – деді өзіне тән ірілікпен.
- Мына газетті бір күнге алайын десем...
- Бәрі сол ма?
- Бермейді...
- «Казахстанкая правда», – деді газетке қарап. – Ей, сенің Қазақстаныңның шындығы кімге керек. Сен өзің «Казахская железная дорога» емессің бе? На, возми. «Армянская правданы» қосып ал. – Өзінің жеке меншігіндей екі газетті төрт бүктеп, қолына ұстатты. Сосын төмен қарап қалған келіншекке: – Дорогая библиотекарша, коробка шоколада за мной. Слова! – деп оқу залының төріне барып жайғасты.
«Міне, жігіттік. Міне, ірілік. Мен неге осындай емеспін. Басқалар неге маған басынып қарайды, бәрінің аузына қарап жалтақтаймын да тұрамын. Бәрі өзімнен. Ынжықтық қанымда бар. Бір-бірімізді басынып өскенбіз. Айдың, күннің аманында жүзге, руға бөлініп, қырық пышақ боп қырқысамыз да жатамыз. Қазақ боп бір-бірімізді қолтықтан демемейміз. БАМ көп нәрсеге көзімді жеткізді. Мен де енді жұрттың көкесін көрсетем. Балбулянның шоколадын өзім алып беремін» деп, жатын бөлмесіне жеткенше асықты. Газетті жазып ұстады. Бүктесе қыздың суреті бүлініп қалатындай...
***
- Сен кітапханашыға шоколад әперем деп едің, мынау шоколад, мынау коньягің, – деді Жолдыбай армян тамырының бөлмесіне келіп.
- Друг, – деді ол, – шоколад деген сөз менің аузымнан шықты. Демек, оны мен әперемін, – деп көзі ақшиып, тұмсығымен ілетін бүркіттей өзіне шүйіле қарады. – Мынау не, орыстың коньягі ме, орыстар коньяк шығара ма, мен тек армянский ішем, мынау пиво, – деп бөтелкені әрі ысырып қойды. – Ну, ладно, – деді жігіттің көңіліне қарап. – Осындағы орыстарға берейік. Олар суға тұз қосып берсең де іше береді, – деп кеңк-кеңк күліп алды. – Менің ағамның бір жәшік армян коньягін мавзолейге апарып, Ленинді кезексіз көргенін естіп пе едің?
- Жоқ.
- Ой, пацан, – деді екі жас үлкендігін көрсетіп. – Ағам: «Бір жәшік армян коньягім бар, көсемді кезексіз көрсетесің бе?» – дейді мавзолей маңындағы екі жұмысшыға. «Барып көресің бе, әкеп көрсетейік пе?» – депті жұмысшының біреуі. – Тағы да кеңк-кеңк күліп алды. -Ладно, мынаны солар ішеді, – деп, бөтелкені саусағымен шертіп тұрып өзінің ұлттық биіктігін көрсетті. Биігіне биік, сөзге берік, іске құмбыл. – Джолдыбай, – деді әпсәтте көзі жасаурап. – Мен ертең кетем. Шешем қатты ауырып жатыр. Шешемнен басқа ешкімім жоқ, екі ініме қарайтын адам керек. Қайтіп келмеуім де мүмкін. БАМ-ның қызығын көрдік ғой.
- Тез қайт, Левон, тезірек жөнел. Шешеңді көріп қал. Менде әке де, шеше де жоқ. Жетімханаданмын. Мен де үш айдан кейін қайтам...
- Қайда барасың?
- Білмеймін.
- Жизнь, – деп Левон күректей алақанын ұсынды. Көзінде жас. Сүйегі ірі жігіттің көңілі бос екен. Жолдыбайдың да жылағысы келді.
***
Жыл жарымнан соң оралғанда бұрынғы жатақханасы жым-жырт күй кешіп тұр, дәл бір иелері жайлауға үдере көшіп кеткен қияндағы қыстау секілді. Бұрынғыдай кезектен шаршап шығып, демалуға асығып, есіктен кіріп-шыққан жігіттердің сұлбасы көрінбейді. Есік алдында тізілген қара мәшине, біреулерді тағатсыздана күтіп, арлы-берлі жүрген қозықарын жігіттер. Ішке кіріп-шыққандардың қолында жұп-жұқа жылтыр планшет, бәрі де мәселе шешкен маңғаз кейіпте. Баяғы вахтерлер де жоқ, олар отырған кішігірім бөлме іспеттес үйшіктің төбесі жалт-жұлт еткен айна. «Абайлаңыз, видеокамераға түсіріледі» деген жазу жалт-жұлт етіп жанып тұр. Қарсы беттегі жатақханаға келіп еді, кірер есігіне тақтайды айқастыра шегелеп тастапты. «Үй сатылады!» деген арбиған жазу алыстан көзге түседі. «Екі жылға жетер-жетпесте бәріне не көрінген?» Әуелі Тайшеттен Түркістанға тартты. Жылдар жылжып өткесін бір үш атадан қосылар жамағайын табылып, сол «тез келіп, менің басымды ұстасын» деп баласына хат жазғызыпты. «Ағайынның аласынан құласы жаман». Жолдыбай ағайын десе, емешегі езілген бауырмал жігіт, ағайыным болса деп арман еткен кездері де жоқ емес. Хатты оқып, Түркістанға тура тартты. Тайшеттен ауыр дөңгелеп, ышқынған пойызға отырып Шымкентке кеп, елге жеткенде ағасы бұны күткендей екі сағаттан кейін үзіліп жүре берді. Аманатын ақтап басын ұстап, сауабын алды. Жетісін, қырқы мен жүзін өткізіп, БАМ-ға аттандырып салған мекеніне жеткенше асығып, ентігіп келіп еді, құлазып тұрған қонысының үстінен түсті. Түркістанда жүріп естіген Алматыда Желтоқсан көтерілісі өткенін. Бәрінің анық-қанығын айтатын кім бар деп, елірген көңілі ертеден бері тыншымай-ақ қойды. Аяғаннан хабар жоқ, дерегін білер ешкім көзге көрінбейді. Өзін ешкім құшақ жайып қарсы алмасын білгендей келген бетте ауылдас студент жігіттің пәтеріне түскен. Өзінің политехникалық институттың жатақханасында тұрағы бар екен, «Аға, аяқты кең салып жата беріңіз», – деп тоқ көңілмен қалдырып кеткен. Екі күн болды, кілтін қолына ұстатты да, ізім-ғайым жоғалды. Орыс «хозяйкаға» ақшасы төленсе болды, бүгін қазақтың орнына келген қазаққа ризалықпен тіл қатты.
- Здесь он почти месяц не живет. До конца месяца оплачено. Так что, живите, парень...
Оған адам емес, ақша керек, кексе әйел далиған көңілін жайып сап отыр.
Тағы да қыздар жатақханасын бір айналып шықты. «Үй сатылады!» деген арбиған жазудың әрбір әрпі көзіне сондай суық көрінді. Соңына бадырайтып леп белгісін қойыпты.
- Әй, қайдан жүрген баласың? – деген қарсы беттен мүләйім дауыс естілді. Өздерінің жатақхана қарауылы – ұзын бойлы, сидам келген қарт кісі. Атын да білмейді, жатақхананы үй қылған жалғызбасты, анда-санда көргенде шүйркелесіп қалатын. – Не, БАМ-ға барып танымай қалдың ба?
- Ассалаумағалейкүм! – деп қолын ұсынды. Жатақхана есігі ашылып кеткендей болды.
- Өзің бойың өсіп, екі бетің алмадай қызарып, нағыз сібірлік бопсың ғой.
- Аға, қалайсыз? Мұнда неғып жүрсіз?
- Неғып жүргені несі. Мен осындамын ғой, менің қызметіме ешкім таласпайды. СМУ-ың тарап кеткен. Біз, қайта құрылып жатқан адамдармыз. Жатақхана жалға берілген. Ірілердің иелігінде. Әйтеуір маған тиген жоқ, бір жерге бір қарауыл керек шығар. Ескерткішке алып қалды.
Атайдың тілі удай. Өзінен көп нәрсе естігісі кеп тұр. Бұл ауылдан келгенін айтты, көп нәрседен бейхабарлығын білдірді.
- Досың сотталып кетті, – деді тұнжырай қарап.
- Аяған ба?
- Мен сені біледі екен десем...
Екеуі де үнсіз. Шал көзімен ішіп-жеп тұр.
- Анау қастарыңда жатқан орыс бәріңді сатып кетті. Сол... алаңға шықты деп көрсетіп...
«Е-е-е, менде кеткен өшін Аяғаннан алған екен ғой. Енді ол ешқашан келмейді, Аяған ешқашан ГАИ бола алмайды».
Шал сөйлеп тұр. Бұның екі құлағы сөзде, көкірегі алай-түлей.
- Анау орысың жаман екен. Өзін «Гена, Гена» деп бастарыңа көтердіңдер. Оның бір тырнағы ішінде екен. Сені де сотта бір сөзіне мысал ғып қосып қойды. «Ұлтшыл, орыс көрсе ұруға дайын тұрады», – деді. Екеуің сабапсыңдар ғой соны.
- Оны мен сабадым. Бір емес, екі рет... Аяғанның қолы таза. – Жолдыбай бір орнында тұра алмай қалшылдап кетті.
- Онда өшін досыңнан алды. Қайта үш жыл берді, он жыл берсе қайтер ең, Қайрат Рысқұлбеков сияқты атуға бұйырса қайтер ең. Бұлар обал-сауапқа қарамайды екен ғой. – Шал көзі бағжия қарады. – Мен сені біледі екен десем... – қолы дір-дір етіп темекі тұтатты.
- АХБК-де жабылды. Жатақханасы сатуға қойылды. Қалтасы қалың біреу сатып алады да. Қайран қазақтың қыздары, сөмкелерін арқалап, ауылдарына қайтты. Комбинаттың алпыс пайызы қазақтың қыздары еді ғой. Жартысы Сайынның бойында тұр, – деп жерге бір түкірді. – Мен ана жерге барып келейін, мәшинені де қоймайтын жерге қояды осылар. Байлық не істетпейді, – деп ұзын бойы селк-селк етіп, солай қарай жүрді.
Ол зәулім үйдің бұрышына қарай кеткенде жігіт тағы да қыздар жатақханасына қарай аяқ басты. Сол төртінші қабат, оң жақтан төртінші, сол жақтан бесінші терезенің алдына келді. Кір шалған терезелерде өмір жоқ, қыбыр еткен тіршілік белгісі білінбейді. «Енді... сатылуға қойылған үй ғой». Қайтып келгенде қартаң кісі бұны іздегендей қалбалақтап тұр екен.
- Қырып салды ғой сенің Гена досың. Аяған «Аға!» деп қалбалақтап алдымнан шығушы еді. Сен өзі біреуді іздеп тұрған сияқтысың. Мұндағы қыздар жоқ дедім ғой. Баяғы дүрбің қайда?
- Өзімде.
- АХБК-ның қыздары сені түгел біледі екен. Медаль алғанынды да біледі.
- Аға, – деді шалды тоқтатып. – Жаңа «Сайынның бойында» деп айтып қалдыңыз. Онда не бар? Базар ма?
- Иә, қыз базары. Сенің де бір жігіттік жасағың кеп жүр-ау деймін. Ал, аман бол, ана Аяғанның хабарын білсең, айта сал. Арсалаңдап жүруші еді. – Шал есік алдына тағы бір заңсыз қойылған мәшинеге қарай кетті.
Жолдыбай қыздар жатақханасын тағы бір айналып шықты. Төртінші қабаттағы бесінші терезеге сырттай көз салды. Көптен сүртілмеген кіршең әйнектер көңілін құлазытты. «Егер сол қыз көріне қалса, қайтер едім. Олар жоқ қой, олар ауылына қайтты. Қалада қалғандары өмір сүрудің қам-қарекетімен жүрген шығар. Сонда бұл қоғамда жұмыссыз қалған адамның жағдайын, қазақтың қара қызының хал-күйін ешкім ойламай ма? Олар да көлде жүзген үйрек ғой, оны әркім атып ала берсе... Әншейінде қызды гүлге теңеп, өлең жазатын ақындарымыз қайда? Е-е, саңырау қоғамда оларды кім тыңдасын? Ал, мен өзім кіммін? Жасым жиырма беске келді, е жұмысы, е тұрағы жоқ кезбемін. Әйтеуір БАМ-нан құтылдым. «Сайынның бойында қыздар тұрады» деді ғой әлгі кісі. Мен де бір жігіт боп құлшынып, қызға барайын да. Қалтамның түбі тесік емес».
Ымырт жабыла, автобусқа отырып, Сайын мен Ташкент көшелерінің қиылысына дейін келіп еді, қыздардың сұлбасы көзге шалына бастады. Көше шамының жарығы тал бойларын түгел көрсетіп тұр. Киімдері сәнді, сұлу боп көрінгілері келеді. Күз күнінде көбі қысқа етек киген. Қысқа юбкадан топ-толық балтырлары жалтырап, одан жоғары жуан санға қарай бір әдемі көрініс жол тартқан. Кілең қазақ қыздары. «Сонда осының бәрі жұмысы жабылып, жатақханадан қуылған қыздар ма екен? Бәрі емес шығар, ішінара болар. Не де болса қазақ қыздарының мына тұрысы жүрегін сыздатып, еңсесін түсіріп жіберді, атойлап келген атбасын кері бұрғысы келді. «Менің де ауылда төрт атадан қосылар қарындастарым бар. Солар «қалаға кеттім» деп, осылардың арасында жүрсе, не болар еді». Жігіт шамырқанса да, еркектікке сап едірең ете қалды. Анау бірінен бірі өткен тоқ балтырлар бір сәт көңіл пердесін жел боп желпіп өтті. Құмарлық дәмін татып көрмеген жас дене шым-шым етіп, етіне құмарлық инесі қадалып, ләззаттың дәрісі тамағынан не әрі, не бері өтпей тұрып қалды. Бір-екі аттап, жақындай түсті. Қыздардың қарасы бұрынғыдан да көбейе бастады. Әнебір өгіз қара мәшине қастарына тоқтап, екі қызды мінгізіп әкетті. «Ана қара, шәниген шопыры орыс. Сонда орыстың астына түсе ме мына екі қыз?!» Жаны ышқынып, төмен етектілерге жақындай түсті. Төбеден төнген көше шамы жарқ етіп, өң-жүздерін көмескілеп көрсете бастады. Көшеге қырынан қарап тұрған ұрғашылар мәшине келе жатқанда бастарын бері бұрып, жақындай түседі. Бірінші боп көрінуге аяқтарын жарты адым болса да алшақ алып, бірінен бірі асып түспекке тырысып жүр. «Сонда... жан саудасы... тән саудасы... 87-нің қара күзінде.., қазақтың астанасында...» деп, өзінен-өзі қорынып, селк-селк еткен жігіт жақындай түсті. «Осы мен еркек емеспін бе? Біреуін неге алып кетпеймін. Үй бос. Қожайын әйел көңілшек. Жігіттік жасамасам да, біреуімен ауызба-ауыз сөйлесіп, аржағын ақтарып, сырына қанықсам... Шәй ішіп отырып емен-жарқын сөйлессем...». Асығып келген жігіт адымдай түсті. «Олар жаяу келе жатқанды, мен білсем, адам қатарына санамайды. Оларға «Джиптен» түскендер керек. Көреміз әлі, кімнің еркек екенін, кімнің жаяу жүріп, кімнің «Джиптен» түскенін...» Өзімен-өзі сөйлескен еркек сұлба дүниедегі еркек атаулыны шетке ысырып тастап, алға қарай адымдады. Селкеу жапырақтай қалбаңдаған бір құмарлық ұшып кеп сезім шіркінді шымшылап бара жатты. Көше жақтан ытқыған дәу мәшиненің жарығы қараңдаған қыздардың өң-жүзін түгел көрсетіп өтті. «Астапыралла... мынау... мынау...» деп, әрең демалып, топқа жақындай түскенде, атжақты беті көз алдында қалып қойған сұлу сымбат бірте-бірте өзіне қарай жақындай түсті. «Сол... соның дәл өзі... тек шашын бұйралатып алыпты. Сән ғой. Басқалардан қалғысы келмеген шығар. Сол... кең залдың есігінен бір қырындап шығып, асығып бара жатқан жұмысшы қыз. Тек бүгінгі киімі бөлек. Ұзын да емес, қысқа да емес, қара көйлек».
- Сен менімен жүрші, – деді қасына тақағанда бұрыннан таныс адамдай еркін сөйлеп.
- Мен бе? – деп қыз да қылымсымай тура қарады.
Қыздарды күлкі буды. Олардың тапал бойлы, шақша бас, тымпың-тымпың етіп қара жерді тиянақты басып, жаяу жүрген жігітке көңілдері толмады. Жігіт болса, бірден өзінен бес елі биік қыздың иығынан ұстап, «Жүр, кеттік!» – деді. Ол да үн-түнсіз ілесіп жүре берді. Бәрінің бұлай тез біткеніне топ қыз таң қалды. Ескі танысы ма деп те ойлап қалды.
Жолдыбай бірінші келген жеңіл мәшинеге қол көтеріп, «8-март пен Калинин көшесінің қиылысы, Туберкулез институтының дәл арты», – деп жол сілтеді. Екеуі артқы орындыққа қатар жайғасты. Жігіттің қолы тиіп кеткенде қыз шалт қимылмен саусағын тез тартып алды. Шопыр жігіт: «Жарық керек пе?» - деп көліктің ішкі шамын жаққанда Жолдыбай байқап қалды – қыздың түсі тым суық екен. «Суықтан да бетер сұсты, мейірімнің ізі жоқ қой» деп іші мұздай болды. – Жаратылысы шығар. Еркек пішіндес екен».
- Жарығыңды өшір! – деді Жолдыбай шопырға өктем сөйлеп. Жігіт бір нүктені шырт еткізгенде төрт бұрыш қауашақтың ішін қараңғылық қайта ауыстырды.
Қыз қараңғыда баяу тіл қатты.
- Бұл жерге менің бірінші келуім. Көрейін деп едім, қыздардың хан базарын.
- Менің де бірінші келуім, – деді Жолдыбай қыздың сөзін іліп әкетіп. - Естігесін келіп едім. Көрейін деп...
- Тоқта! – деді қыз бұлқынып. – Тоқта! Түсем!
- Жүре бер, – деді жігіт жайбарақат сөйлеп, бар билікті бір өзі қолына алып.
Шопыр кілт еткізіп тежегішті бір басты да, көлік ытқып қайта алға кетті. «Мынауың бұйрықшыл ғой өзі» деп қыздың жүзінде күлкінің ізі қылаң берді, бірақ қараңғыда байқаған ешкім болмады.
- Медалің қайда? – деді қыз дауысын сәл бәсеңсітіп.
- Қандай медаль?
- «Еңбектегі ерлігі үшін».
- Е-е-е, ол үйде ғой... – өңіріне бір-ақ рет темір тағып, сахнаға шыққаны, сондағы АХБК-нің кең залы мен тесірейе қараған көздер елес боп өте шықты.
- Сенің орденің қайда? – деді газеттегі жансыз бейненің жанды бейне боп қасында отырғанына сенер-сенбес көңілмен.
- Оны қайдан білесің?
- Тайшетте, «Казахстанская правдадан» көрдім.
Қыз дүние шіркінге таң қалды, сосын қасындағы ешкінің асығындай еркекке еркін бере сөйледі.
- Медальдің үш жағы бар, – деді күбірлеп.
«Бұл не дегені? Кекеткені ме? Өзі білсін...» Жігіт қолына тиіп кеткен қыздың сүйріктей саусағын шап беріп ұстай алды. Қыз талпынып, тартынған жоқ.
- Қазір үйге барып, шәй ішеміз. Көрген-білгенімізді айтып, әңгімелесеміз.
- Өз үйің бе?
- Жоқ, орыстікі. Өз үйімдей боп кетті. БАМ-нан жинаған ақшам бар, соған үй сатып алам. Жетеді, бір үйге жетіп-артылады.
8-март көшесінің бойындағы жатаған үйдің жанына тоқтаған жеңіл көліктен түскен қыз өткен ғасырда соғылған орыстың ағаш қонысының табалдырығынан «Бісімілла!» деп аттады.
- Жидегүл, қазір шәй қоям. Ұялмай, өз үйіңдей көріп отыра бер, – дегенде, қыз жалт қарап, іші шымырлап, Жолдыбайды жақсы көріп кетті.
- Дүрбің қайда? – деді естілер-естілмес үнмен. Енді жігіттің арқасы шым етіп, іші сөйледі. «Бәрін біліп отыр ғой мына Жидегүл».
- Дүрбі дедің бе? Қазір... – Тайшеттен алып келген төртбұрыш шабаданның аузын аша алмай әбігерге түсті. - Әуелі шәй қояйын, сосын дүрбіні... – көз алдындағы сіріңкені таба алмай асып-састы.
- Шәйді мен қоям,- деп Жидегүл қолынан сіріңкені жұлып ап, көк құманды газ пешке қойып, көгілдір отты лап еткізді.
- Қазір дүрбіні алып шығып, бір-бірімізге қараймыз, – деп жігіт құнжың-құнжың етіп, шалт қимылдады.
- Мен қасында тұрмын ғой,- қыз салмақты кейпінен танбады.
- Сонда да қарайық дегенім ғой, – жігіт шабаданның аузын шұқылай берді. Темір бөртпешек шырт ете қалғанда айқара ашылған шабаданның ең үстінде тұрған жұп-жұмсақ қызыл масатыны алып шығып, жылдам орауын жазды. - Міне, таптым, - деп дүрбіні көзіне тақап, алыста тұрғандай қарсы алдындағы қызға қарады. –Мен саған екі жыл бойы осылай қарағам...
- Мен қасыңда отырмын ғой, – деп қыз жігіттің әрекетіне балаша мәз болды.
Сол сәт отта тұрған құман бұрқ-сарқ қайнап, селкілдей бастады.
- Мә, енді сен қара... – ыстық су 100 градусқа жетіп, құман ысқыра бастағанда жігіт дүрбіні қызға ұстатып, солай қарай ытқып кетті. Қыз дүрбіні көзіне тақағанда жақын жердегі бейне екі есе үлкейіп, сорайып тұрған біреу көрінді.
- Шәйді мен құямын, – деді көк құманға қолын созған қыз. – Мә, дүрбің.
- Сен құймай кім құяды.
«Сөзін қара». Аптығы басылған жігітті сесті қыз іші шымырлап тағы да жақсы көріп кетті. Жолдыбайдың көзіне Жидегүл сұсты емес, сұлу боп көрінді.