Қарлыға. Сағынсаң неге сапардан жүрсің іркіліп...

ӘДЕБИЕТ
2643


Хал

Уақыттар кешінен күн түлеп,
Күйі наз Күбірлер сусыған.
Көз арбар, гүлзарлар, мұң тілеп,
Азабы сыймаған уысыма.

Қабірі мезгіл мен күндердің,
Моламен арасы үйімнің.
Маңдайға жазылған түндердің,
Көз жасын кірпігім жиі ілді.

Көңілге мұң сеуіп, өй аунап,
Кейде сор, қайғым да қымбатты.
Жүректің соққаны баяулап,
Кездесу 

қоштасу 

мұздатты.

Өсермін деп жүріп кешер күн,
Бәрі ұмыт, жоқ бірақ өр екпін.
Көзімнен құлаған кешемнің,
Кесірін кес-кестеп көп өттім.

 Айықпай… ауырды

қиялым…
Жасыдым өзімнен жасқандым.
Мен қалай құшаққа сиямын,
Ғұмырға сыймаған аспанмын.

Жолыма бөлектеу бір әуен,
Үзілген моншақтар себеді.
Жыласам, неге өктем 

бұл әлем?
Мен жалғыз екем ғой себебі...

Туған күн

Жұпар самал аластап әр көшені,
Аспан жақтан алаулап бәз көшеді.
Қыраттарға қиуадан гүл төгіліп,
Түн өзенді тамшылап ай кешеді.

Ақ қырауын күн сүйген асқарларды,
Өрлігінен күтпек боп басқа арманды.
Соңғы қардың көз жасы жуған жұртта,
Алғаш менің көктемім басталған-ды!

Қылмыс үшін санамда жаралмаған,
Күнәм үшін әуелі қаланбаған.
Гүлдің өңін тілеп-ап, олар маған,
Жалғызынан жарты өмір алаңдаған .

Мен үшін деп тігілген көп көйлектің,
Жібегіндей жылдарға, жетпейді екпін.
Сен әкеңді «Тәңір» деп өскеніңдей,
Мен анамды, періште деп бөйжеттім.

Ертеңімді мәні етпей ескі сырдың,
Құс жолынан түлетіп көкте ұшырдым,
Бізді ұсақтап кетпесі үшін біреу,
Аайнамды да алдамшы деп түсіндім.

Жазымышы де, жанымның мұңайысын,
Мен екеу боп баспайтын жолдарыма,
Сені жалғыз жіберген Құдай үшін.
Көтерейік!

Диалог 

– Кітаптарың қайда?
– Жоғалттым!
– Әдейі ме, байқамай?..
– Кітаптардың ішіндегі тағдырдан,
Тағдыр сезіп қайтемін деп, қайталай.

– Кремдерің ше?
– Сарқылды!
– Ұсақ ақшаң аспады?
– Көз бояаған ұрғашының бірі бөп,
Өмір сүру жалқтыра бастады.


– Онда өлең ше?
– Жайымен!
– Сені ақын деп алған ба жұрт, аңғарлым,
– Жазбай кетем сәл бақтты болған күн.

– Білем, білем.
– Білмейсің!
– Әлі сынып жүресің бе, кұрысын сең?
– Тергейтұғын Тәңір ме едің, кімсің сен?

Самаладай самсып тұрған көздердің,
Қиғынан қадырымды сезген күн.
Ғұмырыма қызығатын кісідей,
Кісілгі жоқ жандардан безгенмін!

Бөркім тозып, өзегіме тұнса қан,
Кеткенімен тірлігімнен мұнша мән.
Кебінділер арасында кебенек,
Киіп жүрген жұпыны еткен жыр саған.
Рахмет!
Не деймін...

Өлеңіммен жан сыздым

Дүние,
Мен сені сүйемін барымдай,
Маңдайым мұңдардан арылмай.
Мен сені кешермін Тәңірдей,
Мен сенде өшермін сағымдай.

Азабым…

әр жолым…

бәрі егес,
Аяумын, жаңбырға зар емес.
Мен бүтін жаралған жан емес,
Сен жарты жасалған шар емес.

Таусылмай дертімнің тарауы,
Жанымның таусылар алауы.
Бір күні, біреулер бетіңнен,
Бетіме, топырақ салады!

Мен сені сүйемін сонда әлі,
Мақтаулар, даттаулар бәр бәрі.
Ақ-қара екі түсті адамдар,
Екінші ғұмырым болғалы…

Ертегі жасайды, көр оны,
Тіпті оның қаншама керегі?
Жұпіныны, жұп-жұқа көйлекпен,
Жүзіңе жүзімді көмеді.

Көрдің ғой, олардан әлсіз кім,
Ол күні мәңгілік тәнсізбін.
Өлілер ішінде қалмауға,
Өлеңмен жан сыздым!

Шашыма қонады фәнидің қырауы

Көшелер жылайды, ғазалдар табанда шіріген,
Адамдар жылайды «біріне бірі кем!».
Бұл айды кім айтты көктем деп,
Мәңгілік ұйқыда мұң ілем.

Білемін біз құсап, таусылып мұң құлап,
Іленің жүрегі толқын боп тұр жылап.
Бастайды сыбырын сары жел, жаны үзік,
Кеудесі тұнжырап,
Түнгі ұзақ.

Сол күннің көзінде кетті өліп көп күлкім,
Сүреңсіз сүрдектер…
Сапарлар кештім тым.
Оқ жетпес қиялым өзімді өлтіріп,
Өгейсіп жүруім, бек мүмкін!

Кім айтты бұл айда …
Келеді көктем деп.
Мұңайтты, көгінен көп сәуле төккен жоқ.
Көк гүлдер кешемін аспан жаққа ауысып,
Түсімде… көкпеңбек!


Таусылып сүйетін, сұп-сұлу таңдардың,
Көзіне ұйыған соңғы әрмін.
Менде осы жалғыз-ақ өлең бар,
Жанына ұқсайтын сол жанның.

Мен үшін жалғыз ақ ғұмыр бар һам мүңлы,
Күзде ол… ол да күз жылайтын жаңбырлы.
Жер беті жалғыздар шаһары,
Екеу боп құрайтын тағдырды.

Түкке тұрғысыз дүние
Біз, өнеміз, өсеміз, 

Өлеміз,
Кінәмен уланған денеміз.
Маңдайға сыймайтын біреулер үшін,
Ауырып аламыз неге біз?
Шөлдеміз… 

Өзінен өзгеге өрген із,
Құмдағы сағымбыз сенбеңіз.
Қайталай жанбайтын аққан жұлдыздың,
Қабырын іздеген пендеміз.

Өзгенің сұлбасын сүргенбіз,
Ажалың қай күнін білген күз!
Қабылдай алмаймын деп тұрып,
Үйреніп алатын кімдерміз?

Тікендер ұрқы өнер санадан,
Өздерін тылсымға ораған.
Ешкімге шын бақыт тілей алмайтын,
Шакене жаралды бар адам.

Сырларды білердей сан қырлы,
Ақылды досың да, бар құрбы.
Қолынан келмейтін уағдалар үшін,
Тәңір боп жасайтын тағдырды.

Бар рух ғұмырдың ғазалы,
Адамдар аруаққа азады.
Іздеткен жұмақты жер беті,
Жүрексіз жандардың мазары.
Тек қана…

*   *   *

Төпеп тұрған нөсерге қарамай-ақ,
Бір қыз кетіп барады жалаң аяқ.
Мұқағали

Алыстан… жәудір қала шамынан,
Жанары көрінер Құлжаның!
Сұр бұлт күздің алақанынан,
Тереземе ұйып тұр түн қалың.

Көшеде соңғы жаңбырлар мұңы,
Уақыттар өлген көмусіз бәрі.
Бақытқа жерік жалғыздар жыры,
Байғыз үнімен өмір сызады.

Тамшымен бірге тағдырлар көшіп,
Іздей ме… әлі жол күзгі…
Жалаң аяғы жаңбырлар кешіп,
Көлік күтпейтін сол қызды…

Бұрымы жапса ашық иінін,
Тентек жел қайта сырады.
Өзі емес оған туфлиінің,
Әдемілігі кінәлі!

Айназ

 Кішкентай алақаныңмен жүзіңді басып бұрылып кері,
 Жылауды үйрендің кінәлі шығармын мен еркем.
 Адамдарда бар деп ұғындың жалғанның барлық іріліктері.
 Түсінген шақта жалған күлесің анаң сияқты әлі ертең.

 Қардай жаныңды жұлмалап жүріп ақылды қылса көп күдік,
 Қас-қабақты ұғып есейіп жүрсің сен содан .
 Бұлттан жүзген қаздарды нұсқап «кетіп барады» деп тұрып,
 Қартайып кетті білмейсің ботам қанша адам.

 Күлуді үйрендің, жылатса біреу жүрекке ауыр алмай тым,
 Күтпеуді үйрендің, уақыттан және мұңлығым.
 Қиіктің жалғыз анасы болған арландардан қорғайтын.
 Жалғыздың жары Тәңірі бізде... біл мүні!

 Недейін Қозым өмірде солай қап-қара деме неге түн,
 Жұлдыздың бәрі алдамшы жарық, нұры жоқ күнсіз, қарағым.
 Таң атқан шақта сайтан көзіндей қиямет күні сөнетін,
 Сайқал дүние-ай, махаббат нәзік, тұрмыстың күйі жаралы.

 Қылықтарыңның қызықтарынан, періште жылар кемсеңдеп…
 Пенде дегенің сайтанмен құрбы, сенбеші, күнім, ешкімге.
 Алақаныңның сызықтарынан
 Тағдырыңды оқып берсем деп,
 Анаң да сенің кінәлі мынау сия алмай жүрген бес кұнге.

 Ғасыр жасауға үзік күндерден жыртығын жамап күркемның,
 Мәрмар қалаған медияндарға ақылым тозған сараңмын.
 Жұрт таба алмайтын жүзікпін көмген, дүниеден соңғы «Бір кеммін».
 Табылмай бір күн қалармын...

«Сағынып алмай шығушы болма, сапарға»

 Мен жылап жүрмін, сөнгенде шырағы бөлме,
 Қабарғаң тозып, сықырлап сынады кеуде.
 Әлемнің тұман мұғжиза қасіреттері,
 Қаумалап келіп көзіме тұнады демде.

 Сақылдап күлген спетті айналам кінә,
 Кеудесі мұңға қамалған қайдағы ән мына?
 «Сағынып алмай сапарға шықпа», дей ме өзі,
 Сағыну түгіл ұмыттық ойлағанды да.


 Айқаспай кірпік, алаурар түнімді көрмей,
 Құлаған құрғыр сәттердің бірінде келмей.
 Ауылдың үрген итінің шәуілдерінен,
 Шарайна күткен ұсқынсыз түрімді көрмей.

 Үнсізсің неге? 

соншама аңсаған дүрім,
 Жүзіме үрлеп ағарды таң самал жырын.
 Теңіз де болып жұтпақ қой қазір-ақ мені,
 Санамдағы ауыр аспанның саусам әр мұңын.

 Сағынш аңқып хаттарың, мың сыбыр тынып,
 Сағынсаң неге сапардан жүрсің іркіліп?
 Саусағым нұрға боялып күн сап қараймын,
 Сен тұрған сонау мекенге, кірпігім сынып.
 Білесің бе?..

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...