Мұхтар Мағауин. Əдеби көркем сын төңірегінде

Фото интернеттен

ӘДЕБИЕТ
1242

Өткендегі, жұртшылық назарына түскен, кең көлемді, жан-жақты сұхбатымызда: қазақ əдебиет сыны бүгінгі күннен елу жыл кейін қалып қойды, деппіз. Əңгіме орайымен айтыла қалған бір сөз. Шұғыл, үстірт лепес дер едім. Шын мəнісінде өз заманынан елу жыл емес, тура жүз жыл – бір ғасыр кешеуілдеп тұрғаны анық. 

Міне қараңыз. Қазақтың терең талдауға құрылған, толымды, мəн-мағыналы əдеби сыны – Жүсіпбек Аймауытовтың Мағжанның ақындығы туралы əйгілі мақаласынан бастау алады. 1923 жыл. Бастау ғана емес, ақыр соңы. Бұдан бергі тұтас бір ықылымда алға басқан жоқ, керісінше, өлшеусіз артқа кетті. Əдебиетке таптық көзқарас, партиялық сыпат деген тəрізді, тұрпайы ұғым нəтижесінде барымыздан айрылып қана қойғамыз жоқ, əлем əдебиетінде бұрын-соңды болмаған сауатсыздыққа ұрындық. Əдеби сын – көркемдік танымның өзіндік өлшемі, барды бағалаушы ғана емес, ендігі жаңа өріске жөн сілтеуші, танымдық жəне ойшылдық қасиетінен де біржола айрылып, үкімші, нұсқаушы қызметіне жегілді. Əлбетте, балшабектік дүмше көзқарас, қатаң қыспақ жəне бұлтарыссыз жарлық нəтижесінде. 

Коммунистік қоғамның алғашқы кезеңі – 1920 жылдардағы əдеби сынның сұқытын алып қараңыз. Ағымдағы үрдіс қана емес, өткенді бағалау тұрғысында. Абай – қандай да озық идеясыз, байшыл, кертартпа мұра болып шықты. Мағжан – ұлтшыл, яғни, мүлде қажетсіз, анығы – аса зиянды тұлға. Аймауытов пен Əуезовтың бағасы əрі-сəрі, күмəнмен қаралған жəне көркемдік талдаудан ада. Есесіне, Советстан, Совстан деп өңеші жыртылғанша айқайлаған Сəкен Сейфуллин бар жағынан үлгі саналды. Тіпті, ешқандай көркемдік сыпаттан аулақ, бірақ кедей таптан шыққан Қалмақан Əбдіқадыров көкке көтеріле насихатталды. Бүгінгі көпшілік жұртқа беймəлім жағдаят: жарлы-жақыбай ақынның алғашқы өлеңі жарияланған, яғни, қазақ көркем сөзінде жаңа дəуір басталған мерейлі меже – Қалмақан шығармашылығының 10 жылдығы дейтін мерекелі науқан өткерілді. 1935 жылы. Бұл аса зор əдеби-мəдени һəм саяси оқиғаға «Жаңа əдебиет» (кейінгі «Жұлдыз») журналының бір саны тұтасымен арналыпты. 

Сəкен Сейфуллин жəне басқа да социалистік ұраншылар тұрыпты, сол заманда да абырой, атағы зор Мұхтар Əуезовтің өзі, əлбетте, жоғарының емеуріні бойынша, атаулы мақала берген. Ал «Қазақ əдебиеті» газеті əуелі «Қалмақан тойының қарсаңында» дейтін жарнамамен, бірнеше қайтара атаулы сөз, өлеңдер ұйымдастырып, ақынның той қорытындысына бүтін бір номерін арнаған. Əрине, партиялық нұсқау бойынша. Бірақ бұдан іс мəнісі өзгермесе керек. Шетін емес, қалыпты жағдай. 

Əдеби сында таптық көзқарас тұрғысынан, көркемдік атаулыны мансұқ еткен əшкерелеу науқаны одан əрі өрістейді. Ғ.Тоғжанов, М.Қаратаев жəне бүгінде аттары ұмытылған тағы қаншама делбегейлер. Яғни, көбіне оңды нұсқаларды мүлде теріске шығарған сыпыра терістеме. Сол екпінмен 1937 жылғы жаппай айыптау заманына жеттік. Жанталас соғыс кезіндегі азғана тынымнан соң, 1950 жылы жаңа бір сорақы серпін басталады. Сол тұстағы əйгілі ақындар Қасым Аманжоловты, Қалижан Бекхожинді сөккен жəне жалпы жұртқа ноқы көрсеткен қисық, қыңыр мақалалар. Абай туралы эпопеяның алғашқы екі кітабы арқылы шырқап көтерілген, Сталиндік сыйлық алған Мұхтар Əуезовтің өзіне жан-жақты шабуыл басталады. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көр» дегендей, қалған жұрттың жағдай-ахуалы айтпаса да түсінікті. Тек партия мен өкіметтің таңдама ұлы Сəбит Мұқанов қана тынымсыз мадақталып жатты. 

Ақыры... 1950-жылдардың соңы, 60-жылдардың басы – бүткіл советтік идеологияда қисынсыз қаралау науқаны біржола тоқырамаса да, саябыр тартты. Кешегі қызыл белсенді сыншылар енді етек-жеңін жинап, идеялықпен қоса, көркемдік танымға да бет бұра бастаған. Алайда, бұзылған сөз, қитар ұғым біржола оңалып кеткен жоқ. Енді жұртшылық ұғымында көркем сын – əдебиет əлемінің теңдей бір жанры емес, қосалқы тармағы ретінде таныла бастаған еді. Əдетте сыншы – өз қолынан ештеңе келмейтін, асып кетсе, жазарман мен оқырман арасындағы дəнекер, партиялық тұрғыны насихаттаушы ретінде ғана бағаланды. 

Мұндай кемшін ахуалда əдеби сын тарабына сауаты артық, танымы зор, өзіндік пікірі бар, ойшыл жаңа бір тұлғалар сирек келетін. Келсе де, алғашқы, заманауи тақырып, əдеби үдеріс туралы, шынайы сарап, тəптəуір мақалаларынан соң, тек қана мадақ тілеген ақын, жазушылар жəне партиялық тұрғы – екі тараптан бірдей теперіш көріп, басқа бір жанр – көбіне-көп əдеби зерттеуге ауысады, бірақ тауансыз, тайғақ бітіміне орай, бұл жағын да жарыта бермес еді. 

Сөйтіп, біздің буын – жаңа толқын əдебиетке араласа бастаған 1960- жылдарға жеттік. Қазақ əдебиетінің бар тарапта шұғыл серпіліс жасап, жаңа биіктерге ұмтылған классикалық дəуірінің алғашқы кезеңі. Бұл жаңаша түрлену – əдеби сынға да қатысты болса керек еді. Алайда, поэзия мен проза, тіпті, драматургия сияқты, бірден көтеріліп кете алмады. Рас, бұрнағы, тек қана таптық, идеологиялық негізге құрылған, соған орай тұрпайы, ұр да жық сойыл мен шоқпар жетекші сарын емес, керісінше, партиялық тар шеңбер аясында десек те, жақсыны тануға үлкен құлшыныс бар. Бұл кезде Айқын Нұрқатовтың сын жəне зерттеу еңбектері дара шықты. Дəстүрлі, аға прозашылардан Мұхтар Əуезов жаңаша бағалана бастады. Осы орайда Мұхаңның бұл кезде мүлде ұмытылуға тақаған, кейінгі ұрпаққа беймəлім алғашқы əңгімелері мен хикаяттарының қайыра басылып шығуы – əдеби өмір, руханият саласындағы үлкен серпінге жол ашты. Рас, «Қилы заманға» дейін əлі бірқанша уақыт бар еді. Əйткенмен, «Көксерек» пен өңделген, шын мəнісінде біршама бүлінген «ҚарашҚараштың» өзі кейінгі толқынның өрісін кеңейткен. Бұл ретте əдеби сынның ешқандай ерекше қызметі болмады, керісінше, ол да бұзылған, əйткенмен, бар қасиетінен айрылмаған «Қаралы сұлу» сияқты өзгеше тұрпатты əңгіме қатаң сөгіске ұшырапты. Соған қарамастан, жалпы жұртшылық мұндай солақай сынды қабылдамаған еді. Сəбит Мұқанов, жаңа бір үздік шығарма жазбаса да, бұрнағы орнында. Жəне əдеби сын мен əдепкі зерттеулер аса жоғары бағалайды. Бұл заманда Сəбит Мұқановқа жалғас Ғабиден Мұстафиннен соң атаулы төрттікке енген Ғабит Мүсірепов шығармашылығы да соны, өзгеше құбылыс болды. Ең алдымен, əрине, «Оянған өлке». Ескірмейтін қазақ классикасы. 

Айта кету керек, кейінгі тізімдегі үш ақсақалға ертелі-кеш мейлінше ықыласты болған əдеби сын 1940-50 жылдар межесінде Мұхтар Əуезовтің бүткіл жазушылық жолын көбіне-көп кертартпа, зиянды тұрғыда қарастырып отырған еді. «Абай жолы», ең мəндісі – келешек жаңа биіктерге тұғыр болуға тиіс Бірінші кітап əуел баста тым теріс бағаланды. Жазушылар одағында 1943 жылғы үлкен талқыда көпшілік пікірі əрі-сəрі шыққан. Əне жерін əйтсе, мына жерін бүйтсе, түзесе, жақсартса... деген тұрғыда. Осы үлкен жиында болашақ ұлы эпопеяның ең алғашқы нақты бағасын айқындаған Ғабит Мүсірепов болды. Манағы қаншама білгір жұрттың бəріне қарама-қайшы сөйлеп, бұл роман – қазақ əдебиетінде бұрын-соңды болмаған ерекше шығарма деп кесіп айтқан еді. Бұдан соңғы заманда, «Абай жолы» тұтастай алғанда жоғары бағаланып жатқанмен, көлденеңнен қаншама мін тағылған. Жəне бар жағынан биік деңгейде шығуға тиіс эпопеяны біршама бүлдіруі тағы анық. Түптеп келгенде, партиялық идеологияға ғана емес, сол замандағы қазақ əдеби сынының кембағал жағдайына байланысты құбылыс болатын. Бұл кесір арада қаншама заман өткен бүгінгі күні зерделі көзге бірден шалынса керек. Алайда, бүлініп кеткен жағдаяттардың біразын танып, білгенмен, эпопеяның канондық мəтінін қайтара, тұтасымен қалпына келтіру мүмкін емес. Солақай, дүмше сыншылардың артында адамзатқа қарсы советтік идеология тұрды, қайыспау, тыңдамау қиын еді десек де, 20-30-жылдарда өлім мен өмір арасында, 40-50-жылдарда тағы да қатер, қысым жағдайында ғұмыр кешкен қайран Мұхаң ақыр түбі қажи бастаған екен, енді 50- жылдардың соңы, 60-жылдардың басы, жаудың ызбары сынған, бар атаққа жеткен, өзі дəп осы кезде Абай туралы эпопеясында қадап айтқанындай, құзар шың басындағы алып еменге айналған ұлы жазушы біршама босаңдық танытыпты. Өткендегі əдеби мұра турасында ғана емес, тікелей өзіне қатысты, оның ішінде өлмес, өшпес эпопеяға байланысты қисынсыз түзетулер жасайды. Дəп солай қыл деп нақты тұқыртып отырған партиялық нұсқаудан бұрын тар тұсау солақай сыншылар зорлығы болатын. Қайтып келмес, өкінішті жағдай. 

1960-жылдарда үлкен тұрғыдан қарағанда біршама кеңшілік заман туды. Қазақ əдебиетшілерінің қажырлы, қайратты əрі білімдар жаңа бір толқыны қалыптаса бастаған. Игілікті жағдаят ең алдымен елгезек те өтімді жанр поэзияда көрініс тапқан еді. Бұл үлкен құбылысты Ұлы Мұхаң өз көзімен көріп, жұрттың бəрінен бұрын танып жəне айрықша бағалап, бата беріпті. Келесі толқын жастар турасында «жыл құсы келгендей жаңалық сезінеміз» деп айтып жəне жазып кеткен еді. Осы орайда, Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиевтің бағы көтерілген. Бұл кезде қатарға тұрмаса да, көп ұзамай кеңінен толғаған басқа да ақындар болып еді. Алайда, Мұхаңнан соңғы əдеби сын бұлардың нарқын танымады, таныса да тиісінше бағалай алмады. Нəтижесінде Мұқағали Мақатаев қана емес, Сағи Жиенбаев пен Жүсіп Қыдыров, Еркеш Ибраһим қатарлы ақындар мүлде көлеңкеде қалып еді. 

Қазақтың жаңа прозасы Мұхаңның назарына ілінбеді. Əлі басталмаған. Алайда, көп ұзамай, Мұхаңнан соң он-он екі жыл мұғдарында дүрк көтерілген. Сайын Мұратбеков, Əкім Тарази, Əбіш Кекілбаев... Сəл кейінірек, бұларға жалғас Төлен Əбдіков, Бексұлтан Нұржекеев... дегендей. Біршама танымал топ. Осы тізімнің бір жерінде біз де жүрсек керек. Мұның бəрі көп кейін. Алайда, бұлардың бағасын оқырман жұртшылық айғақтаған. Əдеби сын емес. 

Сол 60-жылдарда, жасы үлкен, бұрын бастаса да кешеуілдеп қалған Ілияс Есенберлин шырқап шықты. Əуелі «Айқас», «Қатерлі өткел», содан соң, 1969 жылы «Қаһар»... 70-жылдардың ұзына бойында жазылған тағы əлденеше тарихи жəне заманалық роман. 

Қазақ əдеби сынының терісқақпай ахуалына қараңыз. Терісқақпай, қораш қана емес, көбіне-көп сауатсыз, талғамсыз, ең бастысы – ұлттық санадан тыс, жалтақ жағдайына. Мəселен, кейінде, авторының мансапты, атақты кезінде Мемлекеттік сыйлық алған «Айқас» романы. Ілияс Есенберлиннің өзгеше тұрпатты бұл романы түкке тұрмайтын, сұрықсыз шығарма деп жарияланды. Ал классик жазушы, қаһарман қаламгердің тарихи тақырыптағы романдары коммунист-балшабек өкіметіміздің көңілінде айрықша мазасыздық туғызған еді. Түсінікті жағдай. Бұл қазақ тума тарихын танымай, құлдық санада, өзін бейшара, құнсыз халық ретінде мойындап жүре беруі шарт. Əлбетте, шұғыл шаралар қолданылды. Қазақ тарихына, оның ұлттық қасиеті мен рухани қазынасына қатысты қандай да зерттеу, көркем шығарма атаулы кең өріске шықпауға, елеусіз қалуға тиіс. Елеусіз ғана емес, алдынан талқы құрылып. Жəне болашақта жазылуға мүмкін жаңа бір шығармалардың өрісін кесіп. 

Осы ретте Орталық партия комитеті, ондағы ғұзырлы ұлықтар – Үшінші хатшы Саттар Имашев, Мəдениет, идеология бөлімдерінің басшы қызметкерлері Михаил Есенəлиев, Сапар Байжановтар айрықша белсенділік танытқан еді. Бұларға қатардағы функционер, кейінде үлкен мансапқа жеткен Шериаздан Елеукенов пен Əбілмəжін Жұмабаев қосылды. Енді, əшкерені тиянақтап, жалпы жұртқа жариялау, яғни, тарихи романды ғана емес, тарих атаулыны теріске шығару науқанына əдебиет сыншылары тартылған еді. Сөйтіп, жоғарыға жағып, бағы көтерілген, шын мəнісінде бар абыройдан айрылып, бақытсыздыққа ұшыраған тұтас бір қауымның басы – Зейнолла Серікқалиев болды. 

З.Серікқалиев ілкі заманда проза сыншысы ретінде танылған. Əйтсе де, бар жазуы Х.Есенжанов пен Ə.Нұрпейісов төңірегінен ұзай алмаған. Бұл да жөн екен дейік. Енді, арғы тарихтан дүмбілез шіркінді тайталас, күмəнді шаруаға жегіпті. Ілияс Есенберлинді біржола мансұқ қылу керек. Яғни, төл тарихына шөліркеулі бүткіл қазақ қауымы құныға оқып, айрықша бағалап жатқан тарихи романдарын. Бір оқпен екі піл – тым көтеріліп бара жатқан жазушыны тоқтату жəне өткендегі қазақ тарихына тыйым салу. Сөйтіп, партиялық «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде, ақыр соңы оқырмандар ереуіліне ұласқан жанжалды мақала басылған еді... Қайткенде, жоғарыдан бағытталған, əлдебір жалбағай əдебиетшілер одан əрі көтеріп əкеткен, ерікті, еріксіз, бірақ табиғи науқан екен дейік. 

Алайда, өкімет пен партия тікелей араласпаған, бірақ сол замандағы рухани жəне идеологиялық теріс ағым ауқымындағы топастық пен дүмшелік, сауатсыздықтан туындаған көлеңкелі жағдаяттар да жетіп артылатын. Яғни, көркемдік танымның шалағай ахуалынан. 

Жалпы, 1970-1980 жылдар, қазақ əдебиетінің кең өріске шығып, мейлінше жетілген кезеңіндегі əдеби сын ғана емес, жалпы əдеби қауымның ұғым, танымында таңқаларлық жағдай қалыптанып еді. Мəселен, бір жақсы роман жазылған екен дейік. Жұртшылық жаппай жығылып оқып жатыр. Яғни, көпшілікке мейлінше ұнаған. Аса жоғары бағаланған. Бұл – танымның ешбір есепте жоқ, ең төменгі деңгейі екен. Үшінші дəрежелі, дейік. Бұдан əлдеқайда жоғары, Екінші дəреже – жалпы əдеби, жазарман қауымның бағасы. Əлгі, шын мəнісіндегі жақсы, бəлкім, классикалық шығарма қалыпты əдеби, ортада тіпті басқаша қабылдануы мүмкін. Мүмкін емес, анық. Орташа ғана дүние. Немесе, ортадан да төмен бірдеңе. Сорақы, сөлекет. Жазушылар одағы төңірегіндегі ауызекі əңгіме, бейресми бекім осындай. Енді, ең жоғарғы, Бірінші дəреже. Бұл – осы шығарманың баспасөз бетіндегі бағамы. Негізінен, Екінші сораптың деңгейіндегі үкім. Яғни, əдеби қауым толғамы. Мына ғажайыпқа қараңыз. Жалпы жұрттың көңілінен шыққан, шын мəнісінде елеулі, құнды шығарма енді мүлде теріс бағаланды. Түкке тұрмайды. Сауатсыз. Тіпті, ұят жағдай. Масқара. Сөйтіп, аталмыс шығарма ғана емес, оның авторы да құнсыз, дарынсыз дейтін атаққа таңылады. Ал енді құтылып көр, осыншама жаманаттан. Үстін-үстін жаңа бір жақсы шығармалар жазылуы керек. Бұлардың да жолы болып жатқаны шамалы. Маңдайына теріс таңба басылған мұндай қаламгер біржола оңалуы үшін, немесе сұрқай, бірақ мақтаулы көпшіліктің қатарына қосылуы үшін көп заман, ең бастысы – қайыспас мінез керек. 

Алайда, дарынды адамның бəрі бірдей табанды, қатқыл бола бермейді. Сонда... иі жұмсақ, сенімі тым берік емес басқа бір талапкер... біреу, екеу емес, бес, он, жиырма қаламгер, осыншама топас, надан, дөкір қысымнан айрықша жапа шегуі күмəнсіз. Қалам ұстаған дарын атаулы мақсатты биігіне жетпейді. Əрқилы жағдаят. Сонымен қатар, үлкен əдебиетті ірілермен қатар, жақсы, тəуір ақын, жазушылар қоса қалыптамақ. Тіпті, əдеби ахуал тұрғысында, орташа, бірақ адал жазармандар қызметі де ерекше. Жақсыға сүйеніш, жалпыға ортақ игілік. Бəйгеге шыққан жүз қыл құйрықтың бəрі бірдей тұлпар болмайтыны сияқты, əдебиет майданындағы көпшілік қауым қашанда үлкен дүрмектің бағыт-бағдары мен жалпы деңгейін айқындамақ. Осы орайда, бізде қалыптасқан сауатсыз сын жалпы əдеби үдеріс, даму бағдарымызға өлшеусіз зиян келтіруі анық. Айттық, советтік идеялық тазалық жөнінен ғана емес, əдепкі көркемдік қағидалары тұрғысынан алғанда. 

Тоталитарлық қыспақ заманында тіршіліктің барлық саласы, оның ішінде рухани өмір ерекше бақылау астында болды десек, көркем əдебиеттің басқа жанрларымен шендестіре қарағанда, айтары ашық əдеби сынды басқару оңайға шыққан екен. Бұл жағдай еркін сөздің өрісін одан əрмен тарылта түсіпті. 

1991 жыл. Советтік, кердең қызыл империя тырапай асып құлады. Баспасөз полициясы цензура жойылды. Міне, алақай! Толық бостандық. Енді басқа жанрлармен қатар, əдеби сынға да еркіндік келсе керек қой. Бірақ керісінше шықты. Бұрнағы барынан түгел айрылған, кітап шығару тоқталып, қаламақы ертегіге айналған, бар тарапта таршылық жағдайға түскен жазарман қауым енді өзінің «ар-намысын» бірінші орынға қойыпты. Яғни, өткендегі, немесе қазіргі əлденендей шығармасы туралы қандай да қиғаш пікір қабылданбайды. Тек қана мақтаңыз. Мақталып та жатты. Бірақ қаншама мақтамақ. Қашанғы өтірік айтсын. Ал шындық – яғни бар мен жоқты таразыға салған пікір атаулы мүлде тоқталды. Сөйтіп небəрі төрт-бес жылда əдеби сын аталатын жанр жоққа айналған еді. 

Бұл кезде мен «Жұлдыз» журналында отырғам. Байырғы бір саланың қараптан-қарап аштан өлуіне жол беруге болмайтын. Журналдың əрбір санында бірді-екілі мақала басылып тұрды. Қадарынша, бүгінгі əдеби шеруді таразылау тұрғысында. Əлбетте, ақылға сыйымды мадақ қана емес, əрқилы тұрғыдағы талдау, жəне, мінеу де бар. Оң болар, теріс болар, табиғи жағдай. Ал кеттік – мүлгіп, қалғып жатқан, Қазақстанды жау шапса да кірəжімес əдеби қауым жаппай дүрлікті дейсің. Кім туралы десек те, əлденендей көлеңкелі талдау тек қана жаулық, қастандық саналады екен. Жекелеген пікір, қарсы мақалалар жазылып жатса, табиғи жағдаят деп қабылдар едік. Көп ұзамай, мұндай қисынсыз, ашық дамайдың өзіне зəру болып қалыппыз. Енді жай ғана, жазба һəм жабық күңкілге қоса, жылбысқы, жасырын ғарыздар, топтық шағымдар кезекке шықты. Осы, жаппай дабыраға қозғау салған топырдың ең айқын мысалы – журнал бетіндегі, бүгінгі қазақ поэзиясының жай-күйі турасындағы көлемді мақала болып еді. Рас, кейбір танымал ақынға қатысты əрқилы мін айтылған, бірақ бұл – ақырғы ақиқат емес, пікір алысу түрінде берілген жəне көпшілік жұртты осы тарапта үн қосуға шақырған, редакциялық дəйектеме бар. Қандай да сынға, əрқилы толғамға жол ашық, дегенбіз. Шынында да жол ашылыпты. Наразылық білдірген, біреу-екеу емес, бесалты, жинақтап келгенде, ертелі-кеш қатарға қосылған, кемі он-он бес ақын, Одақ төрағасы Нұрлан Оразалинге шағым айта барыпты. Бұларға Ұлықбек Есдəулетов басқарып отырған «Қазақ əдебиеті» қосыла кетті. Бұл деген жөн емес, мұндай болмайды, деп. Біздің ұғымда Одақ құрамындағы ең негізгі екі басылым өзара тайталасуға тиіс емес. Жəне, айтқанымыздай, атаулы мақала соңында арнайы ескерткенбіз, бұл – əдепкі талқы, енді əр тарап, тіпті, қарама-қарсы мақала атаулыға орын береміз, сол қалпында бастырып шығарамыз, деп. Əлгі арызқойлардың біздегі, қатаң болса да, негізінен орынды айтылған сынға тиесілі жауап қайтарар шамасы жоқ, əйтеуір аттан мен ойбай. Енді, жабыла арызданғаннан ештеңе өнбейді, одан да қисынды уəж айтыңдар, мақсат – бүгінгі қазақ поэзиясының жайкүйін талқылау болатын деген шағын анықтамамен екінші мақала жарыққа шықты. Ызалы, наразы, жай ғана наразы емес, əдебиет орнында, ел аманда мейлінше ашынған манағы бір топ ақын тырс етіп үн шығарған жоқ, ашық пікірталасқа бармады, оның есесіне күбір мен сыбыр, Жазушылар одағы мен əдеби газетке қайыра шағынған дүрмек одан əрі жалғасты. Енді жаңа бір сарындар. Бұл Мұхтар Мағауин қазіргі қазақ əдебиетінде жалғыз өзі қалу үшін, ақ-адал жұртымызды түгел терістеп, бəріміздің қадірімізді кетіріп... сөйтіп сойқан салып жатыр... Мұншама ұйымшылдыққа қайран қалған едік. Қазірде қаламгер атаулының басына қиын жағдай туған. Кітаптары шықпай жатыр. Қаламақы қақы елеске айналған. Табыскер балалары асырап отырған бірлі-жарымы болмаса, түгелдей кедей-кепшік жағдайда. Ең ірілерінің өзінің өкімет пен партия алдында бір мысқал салмағы жоқ, үлкен-кішісі түгелдей абырой, құрметтен ада. Енді дəп осылай, түбімен көтеріліп, ашу-ызасын алға тартып, өздері тынымсыз мақтап жатқан Көсемдерінің алдына бармай ма. Оған қарымы жетпесе, берідегі Өкіметіне шағынып, тым құрса күнделікті сорпа-суын жоқтамай ма. Жамырай жазып, жаппай шағым айтпай ма. Жоқ. Анадан жасқанып, мынаған батпай тұр. Ешқандай дауасыз жұрт екен. Ендеше, өлмесе өме қапсын. Жатсын осылай, бұратылып, жоғарыға қор, төменге мазақ болып. Сынамаймыз да, түземейміз де. Ұлт руханияты тарабында бүгінгі шалағай ақын, жазушылардың жөн-жосығынан гөрі маңыздырақ шаруаларымыз да жеткілікті... Сөйтіп, журнал бетінде терісқақпай сын атаулыға тоқтау салдық. Ақыры, тым көп ұзамай, өзіміз де сыртқа кеттік. 

Одан беріде он сегіз жыл. Қазақ əдеби сыны өрлепті, өсіпті, дейтін хабар естімедік. Естіп қажеті де жоқ. Интернет арқылы бəрін де көріп, біліп отырмыз. Қазақтағы əдеби сын, жанр ретінде біржола марқұм болыпты. Рас, əдеби газет, жекелеген сайттар бетінде сыни мақалалар бой көрсетіп тұрады. Бірлі-жарымы демесек, көбінің кəсіби сауаты тым төмен. Тағы да таным мен талғам кілтипаны. 

Осы орайда, біздің жаңа дəуірдегі үлкен əдебиетімізге қатысты ерекше бір жағдаят. Бұрнада айтқанбыз, енді қайталап жатсақ та айыбы жоқ. Бекежан Тілегенов деген құбатөбел қаламгер болды. Орталық партия комитетінде қатардағы бір қызмет атқарыпты, «Жұлдыз» журналын он екі жыл басқарыпты. Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше проза кітабын шығарған. Бірақ бəрі де сұрқай деп саналған. Бекежан Тілегенов үлкен жазушылардың тізіміне енбеген. Тіпті, орташалар есебінде жоқ. Ал əдеби журналдың бас редакторы ретінде... мейлінше тартыншақ. Жай ғана тартыншақ емес, əсіре, анығы – кертартпа, қорқақ еді. Мəселен, менің сүйіспеншілік, махаббат тұрғысындағы хикаятымның «Өмір жыры» деген атауына қарсы болды. Өмір жыры – тек қана советтік жыр болуға тиіс сияқты. Ақыры, екінші бөлімнің тақырыбымен орын алмастырып, «Мəңгілік күй» дейтін атаумен жіберді. Тек бұл ғана емес. Қазіргі қазақ прозасы туралы мақаламдағы бірталай, төтенше, соны пікірлер қысқартылып қалыпты. Журнал нұсқасы шықаннан соң алдына барып, мəнісін сұрағанда, мұндай сыни толғам – үлкен жазушылардың ғана еншісі болуға тиіс дегендей уəжін алдыға тартты. Бұл 1977 жыл. Мен əдеби ортада, ресми түрде мойындалмасам да, сол кездің өзінде өте үлкен жазушымын. «Қобыз сарыны» мен «Алдаспанды» айтпағанда, бұл кезде «Тазының өлімі» повесі, «Көк мұнар» романы, «Архив хикаясы» жəне басқа да классикалық əңгімелер жазылған. Бекежан сол бір тұстағы əдеби сында өктемдік құрған Т.Тоқбергенов, С.Əшімбаевтардың бағамынан асып кете алмай тұр. «Мен кім болсам да, саясаттан тыс, шынайы, ақиқат пікірге жол бере алмасаң, бұл жерде несіне қауқиып отырсың», – дедім. Əжептəуір ренжістік. Алайда, иі жұмсақ, кешірімшіл кісі екен. Менің ауыр сөздерімді кек тұтпапты. Бұдан соңғы заманда журналға «Көкбалақ», «Шақан-шері» романдары басылып шықты. Түсіністі, жақын досым, жауапты хатшы Ахат Жақсыбаевтың риясыз демеушілігі арқасында. Бекежанның төтенше бөгесіні болмады. Соған да рақмет. Бұл, мен үшін айрықша мəнді екі романға жол ашса да, Бекежан Тілегеновтың көзқарасы тұрғысында мен əлі де орташа жазармандар қатарынан ұзамасам керек. Ақыры, біздің əуелгі қайшыласымыздан соң тура он төрт жыл өткенде... манағы Бекежан енді мен отырған «Жұлдыз» журналына жаңа бір роман ұсынады. «Қара жел» деген. Қазақтың елі мен жеріне ғаламат апат əкелген Семей полигоны турасында. Қайтті екен деп, сол күні роман қолжазбасын үйге алып кеттім. Ертеңіне шұғылынан кезекті номерге терімге жіберген едім. Ол заманда компьютер жоқ. Арада ай өткенде алғашқы корректурасы келді. Біздің Ахат қолма-қол бұрнағы бастығына телефон шалады ғой. Беке, романыңыздың баспахана терімі келді, тезінен оқып беріңіз, деген. Қашан, қандай жауап болады деп күпті жүрген Бекежан ағам шалқасынан түсе жаздапты... Екі жыл өтпей, келесі романы – «1986 жыл» тағы да тезінен журналда басылып шықты. Көп ұзамай, арнайы жазылған көлемді мақаламда мен бұл екі романды да қазақ əдебиетіндегі ерекше құбылыс деп бағалаған едім. Əуелі «Қара жел». Егер қазақ – үлкен халық болса, қазақ əдебиеті бар жағынан дамыған əдебиет болса, апатты полигон тақырыбы дəп осылай жазылуға тиіс еді, бұл, халқымыз үшін аса қажетті парызды Бекежан Тілегенов абыроймен атқарып шықты, деп жазғам. Классикалық шығарма деп, тұпа-тура айттым. Жəне Қазақстанды билеуші партноменклатураның барлық былығын ақтарған, туған халқының алдындағы қылмысын əшкерелеп, терең суреттеген, «1986 жыл» атты шыншыл романды тағы да классика деп бағаладым. Бүгінгі қазақ қаламгерлерінің ешқайсы бара алмаған, жаза алмаған, ұлт үшін аса қажетті, күрделі тақырыпты аса жоғары деңгейде таңбалап шықты, деп нақтылап айттым. 

Міне керемет, бүгінгі қазақ – жазушы романисі бар, сыншы, зерттеушісі бар, – ешқайсы менің сөзімді есепке алмады. Шындығы – менің сөзім емес, Бекежан Тілегенов романдарының өзгеше тұрпаты мен сыпатын. ХХ ғасырдағы қазақ көркем сөзінің, ұлттық идеяның озық үлгісі екендігін. Тіпті, менің жоғары бағама қайран қалып, сөлекет, ұшқары пікір санағандар, жерлесі, досы болған соң, көңіл үшін жазды, дегендер де бар. Ұлттық санасы олқы, талғам, танымы кеміс, əдебиет дейтін өлкенің сын сыпатынан мүлде бейхабар дүмшелік еді. Жекелеген кісілер ғана емес, жалпы жұрт тосырқап, бейсауат, жауапсыз айта салған сөз деп білді. Оның бəрі ештеңе емес, арада жиырма жыл өткенде, біздің көз алдымызда өскен, бар жағынан азды-көпті шарапатымызды көрген Амангелді Кеңшілік баласы, тікелей тележазба түсірілген əлдебір əдеби жиында: «Мұхтар Мағауин Бекежан Тілегеновті жазушы деп айтты», – деп күлгені бар. Мен жай ғана жазушы дегем жоқ, классик жазушы дедім. Жəне мені қабылдамауға болар, қандай да сөзіме дау айтуға болар, бірақ мен кім үшін болса да, мазақ қылып күлетін кісі емеспін. Əсіресе, руханият майданында. Бұл жағдаят – бүгінгі əдеби сынының қораш, мүсəпір жағдайын ғана емес, əдебиет сыншысы атағымен жүрген əлдекімдердің төменгі интеллектімен қатар, адамдық мəдениетін де айғақтаса керек. 

Осы тақау күндерде баспасөз бетінде Бекежан Тілегеновтің тоқсан жылдығы назарға ілінді. Сонда жақын бір туысы Бекең көзінің тірі кезінде қазақ жазушылары тарабынан аса жоғары бағаланып еді дейді. Бұрнағы қайда, күні бүгінде ешқандай бағасын танымадық. Осы Бекежанды арыда да, беріде де, жай ғана бағаламай, аспанға көтере мадақтаған жалғыз адам – мына біз болатынбыз. Үніміз ғана емес, шаңымыз да шықты, бірақ жан адам естіген де, көрген де жоқ. Бекежан күні бүгінде сол баяғыша, өткен заманда елеусіз ғұмыр кешкен, мардымды ештеңе бітірмеген, орташа емес, анау парықсыз күлкіге қарағанда, ортадан да төмен жазармандар қатарында қалып қойды. Алайда, əдеби сана бір орында тұрмайды, ақыр түбінде Бекежан Тілегенов əдебиет төріндегі үлкен бағасын алуы күмəнсіз. 

Сөз басына қайтып оралсақ, мен Бекежанның қолыма жеткен жəне, күтпеген жағдайда, қайран қалдырған «Қара жел» романынан соң, өткендегі басқа шығармаларын да түгелімен, мұқият оқып шыққан едім. Кезінде танылмай қалған бірді-екілі, жақсы əңгімелері бар екен. Жəне əлдебір хикаяты. Ал көлем жағынан ең елеулі шығармасы «Уақыт» романы – əлде дилогияның, əлде трилогияның алғашқы кітабы... қайран қалдырды. Жоғары сапа, немесе тым төмен деңгейімен емес. Аралас қойыртпағымен. Өте жақсы басталған. Жергілікті қазақ пен келгінші орыс іргелес отырған аймақ, ежелгі ата қоныстағы күрделі жағдай. Өктем ұлттың зорлықзомбылығы, орталық тəртіп зардаптары, тым ашық суреттелмесе де, айқын танылады. Бұдан соңғы төңкеріс жылдарының шынайы елесі де бар. Одан əрі – қазақ ауылын советтендіру... Жалпы жағдай емес, əлдебір қызыл белсенді əйелдің өзгеше тұрпаты... Осымен бітті. Бұдан арыға аттап баспаған. Ол кезде жарияға өтпес еді. Өтпегені тұрыпты, жазушыға пəле болып жабысуы əбден мүмкін. Ендеше, əуел бастан-ақ бұл тақырыпқа бармау керек еді. Мұндай жағдайда, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық, осыдан соңғы жаппай репрессия қалай жазылмақ. Сыңайына қарағанда, Бекең осының бəрінен аттап өтіп, Əлемдік соғыс кезеңіндегі қазақ ауылына бірден түспек сияқты. Рас, кейінде бұл тақырып та қамтылды. «Алыста қырғын соғыс бар» дейтін көлемді хикаят арқылы. Шын мəнісінде, манағы, «Уақыт» атты үлкен романның Екінші кітабының бір бөлімі. Бірақ бұл шығарма тəуелсіздік заманда жазылған еді. Ал бұған дейін... обал-ақ. Айтқанымыздай, «Уақыт» романының шын мəнісінде жоғары көркем беттерін жалған, жалтаққа құрылған тараулар басып кетіпті. Негізгі себеп – қаламгер 30-40-жылдар шындығын толық түсінген, соған орай тəуекелмен жаза бастаған, алайда... өкімет пен партия бар, ресми жəне бейресми цензура бар, одан өте қалса, терісазу, топас сыншылар тағы тұр, осының бəрінен аттап кетуге батылы жетпеген, немесе, басқадай көркемдік тəсілдермен, сыздықтап болса да өткізуге толыспай жатыр. Алайда, өз кезінде оқысам, Бекежан Тілегенов дейтін жазушының жақсы сыпаттарын кəміл танып, бəлкім, дос-жар болсақ, жанашыр ақылымды айтар едім. 

Өкінішті жағдай, егер Бекежан жүрек дертінен оқыс үзілмей, тағы біраз жасаса, сөз жоқ, зəру, жаңа бір шығармаларынан соң «Уақыт» та өңделіп, қысқартылып, толығып, жарым-жартылай жаңадан жазылар еді. Жəне бастапқы озық беттері кейінгі биігіне астасып, қазақ прозасындағы аса бір елеулі романға айналуы анық. Əйтсе де, осы бар қалпының өзінде, кешіріп, түсініп, ежіктей, мұқият оқуға татиды дер едім. 

Шын мəнісінде «Қара жел» де, «1986 жыл» да дүниеге кездейсоқ келген туындылар емес, бұдан бұрнада оңды, солды талай өткелектен өткен, енді кемеліне жеткен шебердің шынайы жетістігі. Бұл жетістік, анығын айтқанда, үлкен табыстың қайнар көзі қаламгердің осы уақытқа дейін толық көрініс таба алмаған дарыны мен алымында ғана емес, тыйым, қыспақ атаулы жойылған, сөз жүзінде десек те, тəуелсіздік əкелген жаңа заман нəтижесі болатын. Осы орайда, өткен советтік дəуірде біздің қаншама əйдік ақын, жазушымыз өзінің мүмкіндік шегі – ойлаған мақсаты, еншілі биігіне жете алмай кетті-ау деп толғанасың. Жол ортадан қиылған, арманда өткен Мағжан мен Жүсіпбекті айтпағанда, қапасқа түспей, өз үйі, өлең төсегінде дүниеден көшкен Қасым Аманжолов пен ұзақ жасап, қазақтағы ең үлкен əдеби сыйлық жəне биік мəртебеге жеткен, сырттай қарағанда армансыз көрінетін Қалижан Бекхожиннің өзі барын одан əрмен жетілдіріп, тағы қаншама биіктерге ұмтылар еді. 

Сонымен, бүгінгі қазақ əдеби сынының деңгейі – жаңағы, біз турасындағы парықсыз күлкімен өлшенсе керек. Отызға жаңа толған жас кезімізде «Көк мұнар» сияқты көкжасық, түкке тұрмайтын роман жазды дейтін мазаққа таңылып едік, бар атақты алып, жиырма бес томдық жинағымызды шығарып, сексенге жеткен шағымызда қазақ əдебиетінің ХХ ғасырда дүниеге келген соңғы бір ұлы шығармасын тиісінше бағалаған сөзіміз үшін күлкіге ұшыраппыз. 

Қазір ешкімге құпия емес – қазақ əдебиетіндегі көркем сын дейтін жанр мүлде жоққа айналған. Соңғы ширек ғасыр бойында, ауыр сырқатқа ұшырап, шəйіт те емес, өзін өзі жеп бітіріп, масқара өлімге ұшырапты... 

Жоқ. Біз басқа бір қиын таптық. Əдеби сын өлмепті. Керісінше, бұрын болмаған дəрежеде өсіп, өркендеп жатыр. Қалайша? Иə, дəп солай. Дамып, бар жағынан ілгері басып. Алайда, бүгінгі жалпы жұрт тұрыпты, сол əдеби қауымның өзінің назарына шалынбай отыр. Өйткені, астыртын жағдайға көшкен. Ағымдағы əдеби басылымдар құп көрмеген соң, амалсыздан, тіршіліктің басқа бір тамыр, түйінін тапқан. Мүлде құпия емес, əйткенмен, көпшіліктің назары түсе бермейтін, жабыққа жалғас, өзгеше ғұмыр бастауы. 

Жұмбақтамай, турасын айтсақ, Қазақ елінде əйдік екі мегаполиспен қатар, үлкен обылыс орталықтары бар. Бұл, өз дəрежесінде ұлттың мəдени, рухани ұйытқысы болып отырған шаһар атаулыда, ұзын саны жиырма шақты, əрқилы жоғарғы мектеп жəне бірнеше ғылыми зерттеу бөлімдері мен əдебиет кафедралары бар. Жəне бұлардың қай-қайсы да өз дəрежесінде ғылыми филологиялық таным жинақтарын жүйелі түрде бастырып отыруды əдетке айналдырған. Есебі, жыл сайын болмаса да, екі-үш жыл орайында он-он бес филологиялық зерттеу кітаптары шығады деген сөз. Ескі мен жаңаны тынымсыз ақтарғыш əдетімнің арқасында мен осы, шектеулі ғана таралыммен шығып жатқан ғылыми басылымдарды қадарынша қадағалап отырам. Бұл, көбінесе ескілікті зерттеу еңбектерге құрылған топтамаларда бүгінгі қазақ əдебиеті, оның бары мен болашағы туралы татымды мақалалар көптеп жарияланады. Бəрі-бəрі интернет бетінде жамырап тұр. Авторлар құрамы профессор мен оқытушылардан аспиранттар мен ізденушілерге дейінгі аралықта. 

Осы, ағымдағы əдеби сын тұрғысымен жазылған, шын мəнісінде əрқилы деңгейдегі, көбіне-көп көлемдері шектеулі мақалалар қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясы туралы біршама дəйекті сыпат танытады. Осы орайда, Қарағанды университеті бірінші орында дер едім. Əдеби таным өте жоғары деңгейде. Қыздар университеті, Абай университеті мен Ұлттық университеттің атаулы жинақтарында жарияланып жатқан еңбектер де түгелдей сауатты, ғылыми орнықты жəне əділ, шынайы. Мұның барлығы – орталық əдеби басылымдар жатырқайтын, шындығында байыбына жете алмай жатқан жағдаяттар. Ақиқат əдеби сын дегеніңіз – осы. Тек аталмыс əйдік оқу орындары ғана емес. Қазақстан шегіндегі барлық жоғарғы мектеп – осындай биік өреге ұмтылып отырғанын көреміз. Тіпті, орыс басып жатыр дейтін Петропавл, Павлодар университеттерінің ғылыми жазбалары да елеулі биікке жеткен. Тек... менің өзімнің Семейім туралы ғана бұлай айта алмас едім. Жалғыз-ақ мысал: əлдебір кандидаттық еңбекте менің «Коммунистік реализм» атты əңгімемді де талдамақ екен. Мұхтар Мағауин бұл шығармасында 60-жылдардағы қазақ жастарының коммунизм орнайды деп қалай аңсағанын сыпаттайды, депті. О, керемет!.. Мына біз Совет өкіметі құлағаннан кейін де баяғы коммунизмді жоқтап жатыр екенбіз! Бұл, əрине, ерекше бір ғана мысал делік. Сонда да. 

Атап айтқанымыздай – бұл ғылыми жинақтар авторларының құрамы оқытушы, профессор есімдерімен ғана шектелмейді. Аспиранттар мен ізденуші, енді ғана диссертация қорғаған жас ғалымдар да көптеп берілген. Əрқилы сыпат, тұтастай алғанда зерделі, тіпті, терең талдауларға құрылған еңбектер. Яғни, қазақтағы əдебиеттану ғылымы, оның ішінде ағымдағы əдеби сынның да өрісі кесілген жоқ, қадарынша дамып жатыр һəм болашағы да зор, деген сөз. 

Тек қана... осы сапалы, шынайы əдеби сын – таралымы шектеулі, тіпті, бір мың, жарым мың да емес, небəрі бірер жүзден аспайтын ғылыми жинақтар құрамында қамалып қалған. Интернеттің арқасында ғана жан сақтап, жарияға жол тартып отыр. 

Ал осы, жаңа дəуірдегі жаңа əдеби сынның жалпы оқырман игілігіне айналуы үшін енді нешеме жыл керек екен? Рас, интернеттің қарымы ұзын. Бірақ мен сияқты əуесқойлар жəне ғылым іздеген талапкер мен оқымыстыдан басқа кім біліп жатыр. Қайткенде жалпы жұртшылық, тіпті, əдеби қауым назарынан тысқары. Яғни, бүгінгі руханиятқа əсері там-тұм ғана. Алдағы заманда бұлай қала беруге тиіс емес. Біз айтқан астыртынға тақау əдеби сын толықтай жарияға шығуы шарт. 

Сонымен, бұрнада сал болып, сіресіп жатқан дімкəс əдеби сын біржола марқұм емес екен. Керек десеңіз, əжептəуір дамып, жаңа бір биікке жеткен. Қайталап айтайық, мұның бəрі бүгінгі əдеби ортадан тыс, жалпақ оқырман қауымға мағлұмсыз жағдаят. Ал əдебиет – жабық, жасырын құбылыс емес. ХХ ғасырда жер əлемге танылмаса да, классикалық биік өреге жеткен қазақ прозасы мен поэзиясының қанаттас бір тармағы əдеби сын да өз ортамыздағы əділ сарапшы міндетін атқарып, өркендеп, дамып, ашық жарияға ұмтылуға тиіс. Қазақ руханиятының төрт құбыласы теңдей болуы үшін қажетті алғышарттардың бірі – осы. 

Кемер, Түркия, 
18-23.ІІІ.2024.

Қылмыс

Таныс қызын ұрып-соққан 27 жастағы ер адам сот алдына келді, деп хабарлады madeniportal.kz turk...

Қоғам

Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы аналарға тағы бір жеңілдік жасалып жатыр, деп хабарлады madenipo...