Әлібек Байбол. Жалғызбын демеші...

ӘДЕБИЕТ
5068

The two. On your left and on your right.

Уистен Хью ОДЕН

Қатысушылар:

Асқар / Әділет.

Бану.

Жалғызбын демеші...

(I актілі лирикалық комедия)

Алматы. Мамыр кезі. Қаланың қарбалас тіршілігі. Көліктер гүрілі. Қызылды-жасылды шамдар. Таңды талтүс, талтүсті ыңырсыған ымырт алмастырған шақ. Қараңғылық қап-қара шәлісін жайған уақыт. Бану сән-салтанаты келіскен, жинақы бөлмесіне кіреді. Жұмыстан келген секілді, шамасы. Қолындағы сөмкесін орындық үстіне қойып, беті-қолын жуып, таранып, киімін алмастырып, тоңазытқыштағы шарапты шығарады да бокалға құйып ішеді. Диванға жайғасып, көксандықты қосып, телеарналарды пультпен ауыстырады. Домофон ойнайды. Басында, Бану естімей қалады. Екінші рет ойнағанда, ол еліктей елең етіп, тың тыңдайды, теледидар дауысын бәсеңдетеді.

Бану. (Домофонға) Кім бұл?

Асқар. Сәлеметсіз бе? Мен көршіңіз ем. Ашып жібересіз бе?!

Бану. Сәлеметсіз бе? Жарайды. (Сыртқы есікті ашады да қайта орнына отырайын деп жатқанда біреу есікті қағады). Кім бұл?

Асқар. Мен ғой.

Бану. Мені кім, тағы?

Асқар. Көршіңіз.

Бану. Менде көрші көп. Қайсысы?

Асқар. Үшінші қабаттағы.

Бану (Ойланып). Үшінші? Үшінші? Үшінші?

Асқар. Жақында ғана көшіп келгем. Екі-ақ апта болды. Бір ыңғайсыз жағдай боп тұр. Ұят болса да айтуға мәжбүрмін.

Бану. Құлағым – сізде.

Асқар. Далада сіркіреп жаңбыр жауып тұр.

Бану. Білем.

Асқар. Тоңып қалдым. Отыра тұрсам бола ма? Кілтімді жұмыста ұмытып кетіп ем. Үйдегілер де жоқ. Телефондарын көтермейді.

Бану. Ы-ы-ы... 

Асқар. Ішке кіруге рұқсат па екен? 

Бану. Жоқ, айып етпеңіз, танымайтын адамдарды кіргізе алмаймын. Маньяк не алаяқ шығарсыз, қайдан білейін? Одан бұрын, қазір короновирус қой. Ауру өршіп тұр.  

Асқар. ПЦР тестым бар. Кеше ғана тапсырғам.

Бану. Жоқ! Сау болыңыз.

Асқар. Ой, Құдай-ай!

Бану қайта барып диванға отырады-дағы, шарап ішеді. Еркек тағы да есікті қағады. 

Бану. Кім бұл?

Асқар. Мен едім!

Бану. Мені кім?

Асқар. Көр-шің-із! 

Бану (Қуақыланып). А-а-а, сіз бе?

Асқар. Иә-ә-ә, мен! (Қалтырап, дірілдегені даусынан білінеді) Үйге кіргізіңізші. Үстім малмандай су болды.

Бану. Мазамды ала бермеңіз!

Асқар. Сонда, қазақшылығыңыз қайда? Қонақжайлығыңыз қайда? Мұсылманшылықтан жұрдай екенсіз! Осы мен, көршілерім көмек сұрағанда бәрін тастай сап, жүгіріп барам. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы». Егер дене қызуым көтеріліп, ауырып қалсам короновирус емес, сіз кінәлі боласыз.

Бану. Маған неге ренжіп тұрсыз? Сіз мені танымайсыз да ғой.

Асқар. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген. Адам ұқсап жәрдем сұрап тұрмын. Аң емес, адамбыз ғой. Аң екеш аң да бір-біріне көмектеседі. Адамдар не боп кеткен, өзі?! Басқаларына да барғам, ешкім есік ашпады. Соңғы үмітім сізде болған еді, әттең-ай, әттең-ай!

Бану (Есікті ашады). Маска қайда?

Асқар. Қалтамда.

Бану. Тағып жүру керек. Өзіңіз де білесіз, ретсіз көшеге шығуға болмайды. Пандемия! Коронавирус! Сізді бұл подъезден байқаған емеспін.

Аасқар. Есесіне, мен сізді күнде көрем. Жап-жасыл сөмкеңіз бар. Таңертең кетесіз, кешке келесіз. 

Бану. Қызық екен!

Асқар (Түшкіреді. Маңдайын ұстайды). Тұмауратайын деп тұрмын ғой деймін. Бұған гайморит қосылса, саудам бітті дей беріңіз... (Тағы түшкіреді. Шашын сілкиді).

Бану. Жарайды, кіріңіз!

Асқар. Рақмет! Бөлмелеріңіз жинақы, жылы екен.

Бану. Үндемей тыныш отыра тұрыңызшы, өтініш.

Асқар. Сөйлеп үйреніп қалған ауыз ғой. (Тағы да түшкіреді) Мақұл.

Бану. Жұмыс – шаш-етектен. Отчет жіберуім керек. Дәл есіктің артында сүлгі бар, басыңызды сүртіңіз де киіміңізді шешіп, ана бір жерге іле салыңыз... кебе берсін... Ваннада халатым бар. Соны киіп алыңыз.

Асқар. Бұл сіз үшін тосын жайт боп тұрғанын білем.

Бану. Әрине!

Асқар. (Ол ваннаға кіріп, киімін ауыстырып, үстіне халат киіп, киімдерін іліп-іліп қояды. Үнсіз сахна. Бану ноутбукта жазу жазып отыр). Қарын ашты ма? 

Бану. Неге сұрадыңыз?

Асқар (Қарнын сипайды). Жай әншейін.

Бану. Негізі, мен қонақжаймын.

Асқар. Иә, иә, байқалып тұр. 

Бану. Шай қайнатуды білесіз ғой?

Асқар. Иә.

Бану. Асүй ана жақта!

Пауза.

Неге тесіліп қарап отырсыз?

Асқар. Ойланып кетіппін. 

Пауза.

Жөн сұрасайық, негізі, қанша ағайындысыз?

Бану. Уф-ф-ф, тыныш отырыңыз дегенім қайда? Кедергі келтіріп жатырсыз!

Асқар. Кешіріңіз, кешіріңіз!

Пауза.

Бану. Ішіңіз пысып отыр ғой деймін, иә?!

Асқар. Жоқ! (Пауза). Қазіргілер той-томалақ, өлім-жітім болмаса бір-бірінің үйіне кірмейді, рас қой?

Бану (Жақтырмай). Рас! 

Асқар. Көңілдегі күдік-күмәнді алып тастаңыз!

Бану. Кешқұрым біреу өстіп үйіңізге келсе...

Асқар. Дастарқанды жайып, бауырсақтарды шашып жіберіп, асты-үстіне түсіп...

Бану. Шіркін-ай, ә!

Асқар. Сенбесеңіз жүріңіз, кафеде қонақ қылайын. Айтсам – істеймін, істемесем – айтпаймын. 

Бану. Әуре болмай-ақ қойыңыз, кафе аралайтын қыз емеспін. Одан да, телевизор қосып берейін! Еркектер футболға әуес қой.

Асқар. Рақмет! (Пауза. Комментатордың даусы. Пауза) Түк қызық емес. Біздікілерден пайда аз. Ақыры ұтылады.

Бану. Ау?

Асқар Біздікілер ұтылады деймін да.

Бану. Өмірі ұта беру мақсат емес қой. Бүгін – ұтылады, ертең – ұтады.  

Асқар. Рас, рас. Атыңыз кім?

Бану. Бану!

Асқар. Негізі, аты әдемі кісінің заты да әдемі болады.

Бану. Атым әдемі ме екен?

Асқар. Иә.

Бану (Мақтағанына риза болып). Рақмет.

Бану. Сіздікі ше?

Асқар. Асқар. 

Бану. Сіздікі де әдемі екен. Адамның аты оның тағдырына әсер етеді екен. 

Асқар. Тылсым дүниемен тым қызықпайды екем.

Бану. Эзотерикамен. Метафизикамен деңіз.

Асқар. Эз-эз... Иә, сол ғой.

Бану (Сенімді сөйлеп). Ал, мен сенем!

Асқар. Иә, байқалып-ақ тұр. «Адамның аты оның тағдырына әсер етеді» дегенді журналдан оқыдыңыз ба?

Бану. Жоқ, құрбымнан естігем.

Асқар. Егер, құрбыңыз солай десе, демек солай.

Бану. Құрбыларды құптап тұрған алғашқы адам шығарсыз.

Асқар. Жасасын құрбылар, жасасын достық!

Бану. Асқар – биік, заңғар деген сөз ғой.

Асқар. Оны да құрбыңыз айтты ма?

Бану. Жоқ, журналдан оқығам. Мамандығыңыз қандай?

Асқар. Әзірге жұмыссызбын!

Бану. Бұрын қайда істеп едіңіз?

Асқар (Паңданғансып). Қаржы министрлігінде!

Бану. О-о-о!

Асқар. Күзетші болғам!

Бану. Ы-ы-ы... Дұрыс қой, енді...

Асқар. Дала тамаша боп тұр. Нағыз серуендеп...

Бану. Би билейтін кез. 

Асқар. Жаңбырдың астында ма?

Бану. Иә, онда тұрған не бар екен?! 

Асқар. Бірақ... иә, иә... әлгі эзо-эзо...

Бану. Эзотериканың еш қатысы жоқ. Адамның көңілденгендегі, қуанғандағы ішкі күйі...

Асқар. Ал, сіз қай мамандық иесісіз?

Бану. Психологпын! 

Асқар. Псих... олог дейсіз бе?!

Бану. Иә.

Асқар. Сөйтіп, псих... ологияның көмегі тиіп жатыр ма?

Бану. Әрине.

Асқар. Бәсе, бәсе! 

Бану. Не дедіңіз?

Асқар. Құрметтеймін... псих... ологтарды. Дегенмен, маған география ұнайды. Ех-х-х... әттең... ұстазым мықты кісі еді... 

Бану. (Сұрауға ыңғайсызданып) І-і-і... тірі ме еді?

Асқар. Әрине, тірі! 100 жасасын! Басқа қалаға көшіп кеткен. О сабақты ұнататын себебім, бала кезден ел-жер аралауға құмармын.

Бану. Сөйтіп, Колумб мырза! Құрлықтарды ысырып қойып, көрші-қолаңды айттап жүрсіз бе?!

Асқар. Әзіліңізге жол болсын. Жалғыз тұрасыз ба?

Бану. Ағаммен!

Асқар. Не істеуші еді?

Бану. КМС. Бокспен айналысқан.

Асқар. Мен де спортпен шұғылданғам.

Бану. Қандай?

Асқар. Шахмат, балет.

Бану. (Күледі) Шахмат, балет?

Асқар. Неге күлдіңіз?

Бану. Жай әншейін.

Асқар. Сіз сұлу екенсіз!

Бану. Доғарыңыз, артық сөзді! 

Асқар. Жақсы сөз айтсаң да жақпайсың, осы. (Бануға) Жағыңызды таянбаңыз!

Бану. Мә-ә-ә, не деген ызыңсыз! Өзім білем! (Пауза. Үстел үстіндегі кроссвордты алады) Кеше біразын шешкем. Норвегияның астанасы? 

Асқар (Басын қасып). Неше әріп?

Бану. 4.

Асқар. Осло!

Бану. Көрейік. Дұрыс. Географияны бекер оқымапсыз. Онда, мынаны да білуге тиіссіз. Данияның астанасы? Басы – Ко, аяғы – н. Бір, екі, үш, төрт, бес... он әріп.

Асқар. Копенгаген!

Бану. Ко-пен-га-ген! Дөп түстіңіз! (Асқар тағы да түшкіреді). Сізге лимонмен шай берейінші.

Асқар. Жақсы болар еді.(Жан-жағына қарап). Үй өзіңіздікі ме?

Бану. Неге сұрадыңыз?

Асқар. Жай.

Бану. Мұнда бір астар бар.

Асқар. Әр сөзден саясат іздеу дұрыс емес.

Бану (Залға сыбырлап). Еркек – еренсіз халық. Психолог бола тұра ол әлемді түсінбей-ақ қойдым. Оларға сенгім-ақ келеді. Бірақ...

Асқар (Құлағын түріп). Алданып қалғансыз ғой?

Бану. Немене?

Асқар. А-а-а, ештеңе. Шайыңыз дәмді екен!

Бану. Үйді ипотека бойынша алғам. Әлі төлеп жатырмын. Квартирантсыз ба?

Асқар. Иә.

Бану. Қаңғыған қазақпын деңіз.

Асқар. Ы-ы-ы...

Бану. Негізі, қай жерден боласыз?

Асқар. Тараздан! 

Бану. М-м-м!

Асқар. Әкем – Көкшетаудан, анам – Астанадан, атам – Атыраудан, апам – Қарағандыдан, арғы атам – Өскеменнен!

Бану. Қалай боп кетті, өзі?

Асқар (Басын шайқап). Расында да, қалай боп кетті, өзі?! Сізге қарасам болды шатасып кете берем, айтар сөзімді ұмытып қалам.

Бану. Әзірейілге ұқсаймын ба?

Асқар (Сыбырлап). Әдемі Әзірейілге!

Бану. Немене кекетіп тұрсыз, а?

Асқар. Сізде мінез бар екен, иә?

Бану. «Мінезсіз адам – жұлдызсыз аспанмен тең», – деген Альфред Адлер.

Асқар. Сол мінезді деймін да... орнымен қолдана алсақ қой, шіркін. Темекі шексем бола ма?

Бану. Балконға барыңызшы... исінен жүрегім айниды. Бала-шағаңыз бар ма?

Асқар. Дала – тамаша боп тұр!

Бану. Сауалды тағы бір қайталайын!

Асқар. Ы-ы-ы... не туралы сұрап едіңіз?

Бану. Амнезиямен ауырмайсыз ба, әйтеуір?  

Асқар. Жоға да!

Бану. Темекі дегенді қою керек. Өзіңізге де, өзгеге де зиян. (Асқар балконнан кіреді) Бала-шаға?

Асқар. Кім?

Бану. Ба-ла-ша-ға?

Асқар. Тергеуші емессіз бе, әйтеуір? Сі-сі-сі-сізден қорқайын дедім. 

Бану. Ғажап емес. Мен – нәзік тергеушімін!

Асқар. Бағана псих... ологпын дегеніңіз қайда?

Бану (Сыбырлап). Т-с-с-с! Бұл туралы сізден басқа ешкім білмейді. Сонымен?

Асқар (Иіскеп). Бір нәрсе өртеніп жатқан сияқты!

Бану (Ол да иіскеп). Расында да! 

Асқар. Әй, оңбағандар-ай! От жағатыны бар, өшіріп кетпей ме екен?!

Асқар мен Бану сахнаға қарап тұрады. Ал, артындағы балконнан өрт шыға бастайды.

Бану. Түтін қай жерден шығып жатыр, өзі?

Асқар. Білмеймін ғой. (Жан-жақты қарайды).

Бану. Балкон... балкон өртеніп жатыр.

Асқар. Шелек бар ма?

Бану. Не істейсіз?

Асқар. Басыма киіп алам. Әрине, су толтырам.

Бану. Ваннадан алыңыз.

Асқар (Қолына жамылғыны алып өртті өшіре бастайды). Құдай-ай, нем бар еді, темекі шегіп!  

Бану. Көмектесіңдер, көмектесіңдер! Кім бар?

Асқар. Тоқтаңыз! Өзіміз-ақ өшірем. Жігітіңіз бар ма? 

Бану. Сұрайтын кезді таптыңыз ғой. Өртсөндірушілерге қоңырау шалайын. Алло! Сәлеметсіз бе?! Иә, иә... 

Асқар (Бану кетіп қалады. Асқар жамылғымен өшіріп, су шашып әуре). «Өрт – тілсіз жау». Әйтеуір, бір жамандық артта қалды.

Бану (Келеді). Рақмет, сізге.

Асқар. Не үшін?

Бану. Балконымды отқа орағаныңыз үшін.

Асқар. Жөндеп берем. Алаңдамаңызшы.

Бану. Аяқастынан жұмыс тауып бердіңіз.

Асқар. Айыбымды қалай жусам болады?

Бану. Аман қалдық қой, әйтеуір. Бопты, дүние қалпына келер.

Асқар. Түсінігіңізге риза боп тұрмын.

Бану. Сонымен, басыңыз бос па?

Асқар. Ажырасқанмын!

Бану. Неге?

Асқар. Бұл құпия боп қалсыншы.

Бану. Бала бар ма?

Асқар. Бар.

Бану. Нешеу?

Асқар. Бір қыз!

Бану. Қайда?

Асқар. Анамның қолында. (Пауза) Сағынып кеттім ғой, ханшайымымды. Келесі айда ауылға барам. Әдемі көк көйлек... сары туфли, қоңыр абадок, төрт кофта, екі красовкы алып қойдым. Мамасына ұқсайды, өзі. Аумайды. Маған мұрны ғана тартқан. (Пауза) Анасы... ех-х-х... (Пауза) Қазір жетіде. Екінші сыныпта оқиды. Ақылды. Есепке – жүйрік. Епті. Өзіме ақыл үйретеді. Оқып туғандар ғой. Қызым туралы ойласам ішім қыз-қыз қайнайды. Көштен қалдырғым келмейді. (Пауза). Мектеп кезінде бір қызға қатты ғашық болғам. Тезірек қоңырау соғылса деп отыратынмын. Сонда жүгіріп барып, оны сырттай тамашалап тұрушы ем. Оған махаббатымды білдіруге шыны керек батылым бармады. Мектепті бітірдік. Университетке оқуға түстім. Өмір бір орында тұрмайды. Уақыт өтті. Үйлендік, үй болдық. Сенесіз бе, мен сол махаббатымды әлі де ұмыта алмадым. Әйел деген – гүл ғой. Ол бәрін сезеді. Оны алақанға салып аялап, қорғау керек. (Пауза) Желден, қардан, суықтан... Ал, мен болсам... (Пауза. Ол Банудың мұңайып қалғанын байқады) Сізге не болды? Ренжітіп алдым ба? (Музыка). Мұңаймаңызшы. (Құшақтайды). Жақсы адамға мұңайған жараспайды. Әр нәрсені бір ойласаңыз, неңіз қалады? (Иіскеп, сүймекші болады).

Бану (Музыка үні кілт үзіледі). Не істеп тұрсыз?

Асқар. Менің… менің… жаман ойым болған жоқ.

Бану. Еркектің бәрі – бірдей. Ешқандай ерекшелік жоқ. Сізді көргім келмейді. Кетіңіз!

Асқар. Кетпесем ше?

Бану. Онда... онда... мен жігітіме звандаймын.

Асқар. Жігітіңіз бар ма еді?

Бану. Алло! Берік қайдасың? Мынандай масқара жағдай болды. Үйге көршім кіріп ап, шықпай жатыр. Тезірек жетші. Жақсы, жақсы. Қазір келеді (Асқарға).

Асқар. Келсін, келсін! Танысайық, сөйлесейік. Жасыңыз қаншада?

Бану. Не қыласыз, оны?

Асқар. Қызық боп тұр.

Бану. Қыздың жасы – 18!

Асқар. Ал, мен орда бұзар отыздан астым!

Бану. Құтты болсын! Барыңызшы, үйіңізге!

Асқар. Барғым келмей тұр. 

Бану. Кет дегенде ит те кетеді.

Асқар. Онда, мен иттен де жаман болғаным ғой. Аф-аф-аф!

Бану. Шығыңыз!

Асқар. Көршісін бүйтіп қуған адамды бірінші рет көруім! 

Бану. Бір нәрсе айтсам ренжімейсіз бе?

Асқар. Айтыңызшы, айтыңызшы, ренжімеймін! Аузыңыздан шыққан әр сөзіңіз алтын ғой, мен үшін!

Бану. Тайып тұрыңыз!

Асқар. А-а-а?

Бану (Итеріп шығарып жібереді). Кроссвордты ала кетіңіз. Ермек болсын.

Асқар. Қалайыншы, тып-тыныш отырам. Хатикодай тәртіпті болам.

Бану. Кетіңіз! Ашуыма тимеңіз! Менің мінезім жаман!

Асқар. Ойбай, не дейді? (Жалынышты үнмен). Есіктің аузында отыра тұрайыншы! Үндемеймін.

Бану. Жоқ! Адам босағада отырмайды. 

Асқар. Кешіріңізші! Құдай үшін! Өтінем!

Бану. Жо-о-о-оқ! (Есікті тарс жабады) Уф! Әрең құтылдым ғой.

Ұзақ пауза. Бану барып диванға отыра кетеді. Өлі тыныштық. Отырып қайтадан вино ішеді. Біреу есікті қағады.

Кім бұл?

Асқар (Даусын өзгертіп). Кеш мазалағаным үшін кешірім сұраймын.

Бану. Тыңдап тұрмын.

Асқар. КСК-дан ғой.

Бану. Түнгі сағат он бірде ме?

Асқар. Шұғыл шаруа.

Бану. Не жағдай?

Асқар. Астындағы көршілеріңіз: «Төбеден су ағып жатыр», – дейді.

Бану. Олар ауылға кетіп қалып еді ғой.

Асқар. Келіпті.

Бану. Қазір звандап сұрайын. (Телефон шалады). Сәлеметсіз бе? Екінші қабаттағы көршіңізбін ғой. Сіздер үйдесіздер ме? Жоқ? Ауылда? А-а-а, жарайды. Жоқ, жай сұрағаным ғой. Олар әлі келмепті (Асқарға)!

Асқар. Қап! (Ары ойланып, бері ойланып, тағы да тарсылдатады).

Бану (мысқылдап). КСК ма?

Асқар. Жоқ, суши мен пиццаға тапсырыс бердіңіз бе? 

Бану. Жоқ. 

Асқар. Маған осы мекен-жайды айтты. Ақшасы да алдын ала төленді. 

Бану. Қызық екен. Онда, есіктің аузына қоя салыңыз.

Асқар. Суып қалады ғой.

Бану. Суыған суши дәмді болады.

Асқар. Кешіріңізші, мені.

Бану. Мені кім, тағы? (Күліп) Суши ма?

Асқар. Жоқ, үшінші қабаттағы көршіңізбін ғой.

Бану. А-а-а, Асқарсыз ба?

Асқар. Иә!

Бану. Сізді көргім келмейді. Кетіңіз!

Асқар. Солай ма?

Бану. Солай!

Асқар. Онда… онда… мен екінші рет келмеймін!

Бану. Тіптен жақсы.

Асқар. Жарайды! Осыдан қара да тұрыңыз! Мені екінші рет көрмейсіз! Қош сау болыңыз!

Бану (Есік аузында тың тыңдап тұрады). Goodbye! Кетті ғой деймін!

Асқар үйді айналып, труба арқылы екінші қабатқа өрмелеп шығады. Бану есіктің аузында аңдып тұрады. Асқардың басы балконнан қылтияды. Қойнына – гүлді салып, ал аузына – суши толы пакетты қысып алған. 

Асқар (Көрерменге). Міне, мен келдім!

Бану (Асқар артынан келеді. Қыз шошып кетеді). А-а-а. Ойбай! Сіз мені жынды қылып бітіретін шығарсыз! Қалай кірдіңіз, солай шығыңыз, қане!

Асқар. Шығу оңай, ал түсу қиын ғой! Құлап, бір жерімді майып қылсам ше?

Бану. Қызықтырмайды екен. Асқанда аяғыңыз сынар. (Балконға шейін итеріп барады).

Асқар. Күшіңіз көп қой! 

Бану. Фшт!

Асқар. Мына жерден бе?

Бану. Иә!

Асқар. Қорқам!

Бану. Шығарда қорықпайсыз, иә? 

Асқар. Енді, махаббат…

Бану. Немене?

Асқар. Ой, мархабат дегенде.   

Бану. Не мархабат?

Асқар. Ерік – өзіңізде!

Бану. Ақыры, үйден шықпайды екенсіз! Онда… онда, мен кетем!

Асқар. Ақжол! Артыңызға қарамаңыз! Тастай батып, балдай сіңіңіз! Әмин! (Бетін сипайды).

Бану. Міне… мен кетіп барам! 

Асқар. Чао, бамбино, сеньорита!

Бану (Тоқтап қалады). Бірақ, мен неге өз үйімнен кетуім керек? Кетпеймін!

Асқар. Онда, қалыңыз! Құтты қонағым болыңыз! 

Бану. Мен бе?

Асқар. Енді, мен емес шығармын?

Бану. Үй менікі ғой?

Асқар. Иә, сіздікі!

Бану. Сонда қалай болғаны? Өз үйімде өзім қонақ болам ба?

Асқар. Әйтпесе, мені қонақ қылыңыз. Үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып салатын қазақпыз ғой.

Бану. Мені жыланға теңеп тұрсыз ба?

Асқар. Ы-ы-ы.

Бану. Шыдадым таусылды. Жетер! (Есікті тарс жабады)!

Асқар. Ойбай, қолым, қолым, қолым-ай! Ойбай-ай! (Қолын сілкілеп, үрлей бастайды). Көзімнен от шықты ғой. Ойбай-ай, қолым-ай! Табақтай болып ісіп барады, әне.

Бану (Нәзік дауыспен). Табақтай боп емес, сәл-пәл ғана деңіз.

Асқар. Жедел жәрдем шақырасыз ба, қайтесіз? Дуылдап-шуылдап барады ғой, мынау.

Бану. Ішке кіріңіз. Мына жерге отырыңыз. Қозғалмаңыз (Ол шарапты жасырып, дәрілер жиналған қобдишаны ашып, жігіттің қолын спиртпен сүртіп, вишневский мазьын жағып, ақ дәкемен таңып қояды). 

Асқар (Қолын сілкілеп). Жаралы аққу болдық қой. Күшіңіз недеген көп! Қолымды сындырып жіберген жоқсыз ба, әйтеуір?

Бану. Қане, тексеріп көрейік. 

Асқар. Ойбай, ойбай!

Бану. Ойбайламаңызшы.

Асқар. Енді, жаныма батып бара жатса не істеймін?

Бану. Сүйегі – аман, еті ауырып қалған ғой. (Пауза) Айып етпеңіз!

Асқар (Көзі оттай жанып). «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды».

Бану. Рас па?

Асқар (Даусы өзгеріп). Рас!

Бану (Жігіттің қолын қысып-қысып жібереді). Ал, былай ше?

Асқар. Қолым-ай, қолым! Адамды қинағанды жақсы көресіз ғой, деймін? Бағана маньяк дедіңіз бе, не дедіңіз? Маньяк өзіңіз емессіз бе, әйтеуір?

Бану. Түсінбедім, не дедіңіз?

Асқар. А-а-а, ештеңе, ештеңе. 

Бану. Сүйегі сынса қақсар еді.

Асқар. Қақсап жатыр ғой, сол. Бірақ, сізге келгенде қоя қалады. Өстіп, 5 минут ұстай тұрыңызшы.

Бану. Жарайды. (Ыңғайсызданады. Бірақ, амал жоқ айыбын жуу үшін ұстап отыруға мәжбүр. Пауза). Марат ағаны танитын шығарсыз?

Асқар (Залға). Марат ағасы кім, тағы? (Залға). Танисыз ба? Танисыз ба?

Бану. Мен сізден сұрап тұрмын. Ол кісі алтыншы қабатта тұрады.

Асқар. А-а-а, иә, иә, Мәкең, Мәкең! Толық кісі ме?

Бану. Арықтау еді ғой! 

Асқар. Ы-ы-ы, карантин кезінде қазы-қарта жеп, салмақ жиған ғой, онда.

Бану. Мүмкін, мүмкін.

Асқар. Мәкеңді танымай не бопты?! Көрген жерде амандасып тұрамыз. 

Бану. Қазір үй-үйді аралап, тонайтын ұрлықшылар көбейген. Сіз расында да көршімсіз бе?

Асқар. Нан ұрсын. (Жалынып). Кешіріңізші, мені!

Бану (Ойланып). Ойланып көрейін!

Асқар. Жақсылап ойланыңызшы. Адам күні адаммен ғой.

Бану. М-м-м. Бұзық болсаңыз ше?

Асқар. Ең тәртіпті адам мен болам, осыдан қараңыз! Егер, бұзық болсам, онда өзім-ақ кетем. Солай деп шештім!

Бану. Шешіміңіз күнде өзгеретін секілді ғой? 

Асқар. Жоқ, енді өзгермейді. Ғылым тілінде қалай деуші еді? Ы-ы-ы! Аксиома! Постулат! Туфлиімнің түбі де түсіп қалған. Жүрсем, тықылдап, елдің есін шығарады.

Бану. Қытай ғой…

Асқар. Италия!

Бану (Мысқылдап). А-а-а, иә, иә, Италия екен ғой. Қолыңыз басылды ма?

Асқар. Иә. 

Бану. Онда үйіңізге барыңыз. Ұйықтайық

Асқар. А-а-а, жоқ, ауырып тұр, шыдатпай, ойбай, ойбай. 

Бану. Міне, кетонал ішіп алыңыз.

Асқар. Рақмет.

Бану. Ертең...

Асқар. Ертең – жексенбі. Демалыс! Алып бара жатқан шаруа жоқ. Хал-жағдай сұрасып, әңгімелесіп, бұрынғының адамдары ұқсап жақын араласып-құраласып отырайық. І-і-і, мұны психологияда қалай атайды?

Бану. Бейвербалды коммуникация!  

Асқар (Қайталап). Бейвербалды коммуникация!  

Бану. Тегінде, жаман адам емессіз сияқтысыз. Қабақ – көтеріңкі, маңдай – ашық, көзде мейірім бар...

Асқар. Дұрыс айтасыз, аждаһа емеспін, адам жемеймін. (Отырады). О, вино! Біреу келе ме?

Бану. Кім керек еді?

Асқар. Жай сұрағам ғой.

Бану. Бүгін менің туған күнім!

Асқар.

Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай,

Мына адамдар неғып жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай! –

         депті ғой, Мұқағали. Ғаламат! Неге ертерек ескертпегенсіз? Қазір, қазір... Мына гүл де... қазір, қазір... мына суши де, Сізге!

Бану (Жібіп). Рақмет! Әдемі екен.

Асқар. Жолдан тауып алдым.

Бану. А-а-а?

Асқар. Қалжың, қалжың!.. Жігітіңіз...

Бану. Бар дедім ғой!

Асқар. Онымен қалай таныстыңыз?

Бану. Тойда. Бір-бірімізді көрген кезде-ақ көзбен ұғыстық.

Асқар (Кекетіп). Былай ма? (Бану оған жақтырмай қарайды). Өстіп томсырайып тұрамыз ба? Бүгін туған күн! Не отырыс? Көңілдірек, көңілдірек! Қазір, қазір... (Асқар алдына алжапқышты жауып, әндетіп дастарқанға сушиды қойып. Виноны екі бокалға құяды). Міне, дастарқанымыз жайнап шыға келді. Астан ауыз тиіңіз!

Бану (Көңілденіп). М-м-м, дәмді екен! Рақмет!

Асқар. Ал, олай болса, туған күніңіз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, береке-бірлік, басыңызға амандық тілеймін!

Бану. Рақмет!

Асқар. Және... әрине шаңырақ шаттығын...

Бану (Көңілі пәс тартып). Шаңырақ дейсіз бе?

Асқар. Ы-ы-ы, иә! Жаныңызға батқан сөз айтсам кешіріңіз. (Музыка). Сізді вальсқа шақырсам.

Бану. Жоқ, керек емес.

Асқар. Туған күн иесі тұржыраушы ма еді?! (Екеуі билейді). Бір-бірімізге сіз емес, сен дей берейікші. Қатармыз, замандаспыз!

Бану. Еркіңіз... еркің білсін!

Асқар. Әп, бәрекелді! Бір есептен дұрыс, сіз деп сызылғанша сен десең өзіңді сенімді сезінесің. Жасандылықтан ада боласың.

Бану. Солай ма?

Асқар. Иә, солай екен... псих... ология бойынша!

Сахна қараңғылық құшағына енеді.  

Асқар. Бану! Осы есім өзіңе тамаша жарасады. Бүкіл табиғатыңды, болмысыңды ашып тұр.

Бану. Тым мақтап жібердің!

Асқар. Мақтағандық емес, шын айтып тұрмын.

Бану. Фамилияң қандай?

Асқар. Серіков!

Бану. Сонымен Еріков мырза...

Асқар. Еріков емес, Серіков!

Бану. Сонымен Серіков мырза, өмірдегі алғашқы махаббатың кім еді?

Асқар. Так, алғашқы махаббат, алғашқы махаббат! Бір қыз! Мектеп кезіндегі, қыз!

Бану. А-а-а, бағанағы ма?

Асқар. Иә, дәл сөзі!

Бану. Ол қыз емес, келіншек болған шығар?

Асқар. Енді, уақыт деген бір орында тұрмайды ғой. Біздің өзіміз де отыздан астық. Қыз келіншек, келіншек кемпір болады дегендей!

Бану. Кемпір?

Асқар. Ой, аппақ аққу дегенде!

Бану (Шашын түзеп-түзеп қойып). Қартайғым келмейді!

Асқар. Табиғаттың, Құдайдың заңы ғой.

Бану. Оның рас.

Асқар. Ең бастысы, тән емес, жан, көңіл жас болу керек.

Бану. Дұрыс айтасың! 

Асқар. Асқардың дұрыс айтпаған кезі болмаған. Не айтса да – дөп айтады!

Бану. Енді, өстіп мақтанып кетеді. Сипаттап берші, ол қызды!

Асқар. Оны бір көргеннен ғашық болдым! Сол ғашықтығым әлі сөнген жоқ. Ұмыта алмай жүрмін. Үйленейін дегенімде, үйдегілер: «Жассың, әлі. Оң-солыңды танып ал! Оқуыңды оқы, жұмыс істе», – деді. Ал, кейін оқуды да оқып, жұмысты да істегенімде, одан қол үзіп қалдым, әттең-ай! Әйтпесе, сол кезде-ақ алып қашар ем.

Бану. Қандай қыз ол, ұмыта алмайтындай?

Асқар. Ол бар ғой, ол, ол... ол – Қыз Жібек, ол – Афродита!

Бану. Поһ шіркін, десеңші! Еркек тұрмақ, менің өзім де көргім кеп кетті ғой, оны.

Асқар. Рас айтам. Мәңгі жүрегімде! Мына жерде... (Жүрек тұсын ұстап). ...өмір бойы сақтап келем.

Бану. Еһ! (Терезеге қарайды) Ол қызда арман жоқ екен. Елдердің жолы болғыш, әйтеуір. Ал, мен болсам...

Асқар. Бүгін саған мұңаюға болмайды. Ехе-хей, атылсын шампан. Сөзге шорқақпын. Сонда да, тілек тілеу – міндет. Барлық жақсылықты тілеймін! Ең бастысы – денсаулық. Ал, қалғаны бола жатар. Сол үшін алып қояйық. Шарап тамаша екен!

Бану. Алматыда адам көп.

Асқар. Айтпа.

Бану. Алайда, сонша адамның ішінен... басқа-басқа емес, екеуміз жолықтық.

Асқар. Тағдыр!

Бану. Кездеспей қалуымыз да мүмкін еді...

Асқар. Кезіктік, бірақ та.

Бану. Әкең бар ма?

Асқар. Ана жақта... (Пауза) Кеше... түсіме кіріпті. Күліп тұр. 

Бану. Жақсылықтың нышаны! Қуанасың! 

Асқар. Мүмкін.

Бану. Ал, бізді әкеміз тастап кеткен. Ол кезде... ол кезде... алтыдамын, иә алтыдамын. 

Асқар. Есіңде ме?

Бану. Еміс-еміс қана. Мезгіл күз болатын. Тоқтамай жаңбыр жауды. Жылағым келді... Неге екені белгісіз. Айқай-шу. Ұрыс-керіс. Бір кезде тып-тыныш бола қалды. Дәл осы жері жадымда айқын жатталыпты. Есік қатты ашылды да... ашылды да... тарс жабылды. Шошып қалыппын, содан кейін. (Пауза) Бар ауыртпалық анама түсті. Тоқсаныншы жылғы тоқырау! Жұмыссыздық. Инфляция. «Сабан ақша». Тауар тапшылығы. Қиын шақ. Ебін тапқандар еңбекке ерте араласып, адам қатарына қосылды. Іс бастады. Отбасын асырады. Қиыншылыққа шыдамағандар не жауапкершіліктен жалтарғандар түрмеге қамалды, құмар ойын құрбаны болды, ішімдікке салынды. Із-түзсіз жоғалды. (Пауза) Кейде күйінесің, суынасың, кейде кешіресің, балаша қуанасың. (Пауза) Біреуге кінә тағудан аулақпын. Өйткені, кемшілік өзімде де бар. Пендемін ғой. Идеал емеспін. 

Асқар. Мен де мінсіздіктен адамын!

Бану. Алаш арысы – Жүсіпбек Аймауытұлы: «Психология» деген еңбегінде: «Адамда екі түрлі «жан» бар: біреуі – жан, біреуі – тән. «Жан» – көрінбейтін «мен», көрінбесе де көрінетін «менді» («тәнді») қозғап, жүргізіп тұратын тетігі, «тән» – «жанның» қабы. Кейбір ойшылдар адамның «мен» дегені «жан» болу керек. «Тән» (дене) – «менікі» болу керек деп ұққан» деп жазады.

Асқар. Дұрыс айтқан екен! Адамның жаны – күрделі нәрсе ғой.

Бану. Иә, ғалымдар жанды әлі толық танып болған жоқ. Және, толық тани да алмайтын шығар.

Асқар. Неге?

Бану. Өйткені, ол – Құдайдың сыры.

Асқар (Қайталап). «Құдайдың сыры!».

Бану (Ойланып). Жаманнан жақсы болуды үйренесің, ал жақсыға қарап бой түзейсің. Психологтар: «Өмірлік мақсатыңнан айныма, мотивацияңды жоғалтпа», – дейді. Ол да дұрыс шығар. Ал, Анашым: «Алдымен Алладан, содан соң адамнан үміт үзбе», – дегенді айтады. Сол сөз мына жерде... (Жүрек тұсын ұстап) сақтаулы. (Пауза) Үміт үзбе!

Асқар. Аман болсын, Анаң... ыз!

Бану. Әмин. (Пауза) Қайсар әйел ғой.

Асқар. Әкемді қатты сағынам. Қазір кіріп келетіндей боп тұрады, тура. Ұстазым еді, өмірдегі. Өнегесі мол. Балық ауларда мені ертіп алатын, жанына. Атқа мінгестіріп. Бау байлауды үйреткен де әкем. Басқасын айтпағанда. Жан баласына жақсылықты көп жасады. Елдер көмек сұраса аңқалаңдап жетіп баратын. Шешем ұрысатын. «Осы сен-ақ жұрттың жоғын түгендейсің де жүресің» деп. Бір нәрсені білмесем, сұрап алатынмын. Ұл анаға, қыз әкеге жақын болады, негізі.

Бану. Адамның қатал екенін біле тұра мейірімге сенем. Ол от секілді ғой. Жылытады. Тек соны тұтата білу керек. Құдай да адамды сүйіспеншілікпен жаратты емес пе?!

Асқар (Күрсініп). Бір кезде... біз де өмірден өтерміз. Үнсіз ғана... (Банудың қолынан ұстайды) Қолың тастай ғой. (Бану орнынан тұрып кетеді)

Бану. Мен қандай түсті ұнатам?

Асқар. Психологиялық тест пе?

Бану. Жоқ.

Асқар. Ойлануға уақыт бер...

Бану. Онда мен айтайын... аңсарың қара түске ауып тұрады екен. 

Асқар. Дәл...

Бану. Кейде, оң көзің тартады.

Асқар. Қуаныштан ғой!

Бану. Сол көзің көбірек!

Асқар. Ананы қара!

Бану. Қараңғыдан және жалғыздықтан қорқасың.

Асқар. Астапыралла, көріпкел емессің бе, өзі?

Бану. Құлағыңның артында қал бар. (Пауза) Екеу.

Асқар. О, тоба! Мені зерттеп жүргеннен саумысың?

Бану. Сөзді бөлме, батырым. Ұмытпай тұрғанда айтайын. (Пауза) Сол аяғыңдағы нәскиің тесік...

Асқар. А-а-а?

Бану. Түбі!

Асқар. Ешкімге айтпа.

Бану. Оң жақ қалтаң жыртылған...

Асқар. Кеше тіккем...

Бану. Онда, бүгін қайта жыртқансың...

Асқар. (Тексереді) Рас екен-ей!

Бану. Желке тұсыңда тыртық бар.

Асқар. Ей, сен расында да тергеуші емессің бе?!

Бану. (Саусағымен көрсетіп) Үшеу.

Асқар. Аттан құлағам! Оны қайдан білесің?

Бану. Енді, менің сұрағыма жауап бер.

Асқар. Қандай еді?

Бану. Қай түсті ұнатам?

Асқар. (Бірден) Көк!..

Бану. Сүйкімсіз!

Асқар. Сүйкімдімін!

Бану. Ақымақ!

Асқар. Ақылдымын!

Бану. Тәртіпсіз!

Асқар. Тәртіптімін!

Бану. Маймыл.

Асқар. Маймыл?

Бану. Санасыз маймыл.

Асқар. Уа-уа-уа-уа! Мен маймылдардың ішіндегі саналысы болайын. Егер қаласаң, сөйлей алатын, сенің жаныңда жүретін маймыл болайын! Уа-уа-уа-уа!

Бану. Сұрың құрысын!

Асқар (Диван артынанбасын қылтитып). Қалай, жеңілдеп қалдың ба? Стрессыңды шығардың ба? Егер қаласаң мені ұрып таста, тоқпашта! Бәріне көнем!

Бану. Сен бар ғой...

Асқар. Иә, мен?

Бану. Сен... сен... ебедейсізсің! Басыңды жарғым келеді!

Асқар. Жара ғой. Онсыз да он рет жарылған! Ішінде қайбір ми қалды дейсің. Іші толған су (Бану күліп жібереді). Күлсең тіптен ажарланып кетесің! Ұртыңның екі жағынан ойық шығады.

Бану. Ол ұнай ма, саған?

Асқар. Әрине. Тамашалай бергің келеді.

Бану. (Өзгеріп) Рақ-мет! Сөйтіп, мен қандай түсті ұнатам?

Асқар. Таппасам басым кетейін деп тұр ғой, тәйірі! Тәуекел! Жасыл!

Бану. Иә! Дәл таптың! Жасыл түс – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті түсі. Жұмақтағы адамдардың киімі де жасыл түсті екен.

Асқар. Бұны құрбыңнан естідің бе?

Бану. Жоқ, бір журналдан оқығам. Асқар!

Асқар. Ау? 

Бану. Ән айтып берші. Жаным қалап тұр! Романс!

Асқар. Романс?

Бану. Иә, романс!

Асқар. Так, так... романс, романс! Гуглды ақтарайын. А-а-а, иә, иә! Романс! Білем... деп айта алмаймын. Басқасын орындап берейінші.

Бану. Жақсы. Әйтеуір, әсер етсе болды. 

Асқар ән айтады. Бану әнге елітеді. Асқар Банудың аяғын басып кетеді. Бану орындыққа отырып қалады.

Бану. Аяғым, аяғым. Сынған тырнақты басқаның...

Асқар. Кешірші. 

Бану. Епсізсің ғой, бір. 

Асқар. Сондаймын, енді, қайтесің?!

Бану. Қоқима қораз! Сенде бар ғой, кемшілік деген толып жатыр.

Асқар. Білем.

Бану. Темекіге әуессің!

Асқар. Зияны жоқ қой.

Бану. Ішімдік ішетін шығарсың?

Асқар. Бар ма?

Бану. Өз айтқаныңмен жүресің.

Асқар. Әрине. 

Бану. Ары қарай айтайын ба?

Асқар. Жалғастыра бер, жалғастыра бер. 

Бану. Сендер еркектер…

Асқар. Иә… біз еркектер?

Бану. Өтірікшісіңдер.

Асқар. Бәрі үшін жауап бере алмаймын.

Бану. Қусыңдар…

Асқар. Саған тек сондайлар ғана жолыққан ғой. 

Бану. Мен білмейтін тағықандай кемшілігің бар? Айт, ұялма.

Асқар. Айтпаймын.

Бану. Неге?

Асқар. Сол.

Бану. Құмар ойындар ойнайсың?

Асқар. Жоқ.

Бану. Енді?..

Асқар. Сұрамашы.

Бану. (Теріс қарайды) Өзің білші. 

Асқар. Ренжідің бе?

Бану. Жоқ.

Асқар. Шыныңды айт деймін. 

Бану. (Даусы қатты шығып кетеді) Жо-о-о-оқ!

Асқар. (Пауза) Фантик жинаймын.

Бану. (Күледі) Фантик?

Асқар. Мұның несі күлкілі?

Бану. Мән берме! (Күліп) Фантик!

Асқар. Бала кезден бергі әуестігім.

Бану. Тағы қандай хоббиың бар?

Асқар. Осыны өзіңнен сұрайын деп едім.

Бану. Менде ме? Мен-де! Соңғы үлгідегі киімдерге құмармын. Косметика. Кітап көп оқимын. Қымбат көліктердің маркаларын, суреттерін жинаймын. Ақшадан таршылық көргім келмейді.

Асқар. Бұл да хобби ма? 

Бану. Мүмкін. 

Асқар. Маған көкпар мен бәйге ұнайды.

Бану. Консерватизм!

Асқар. Кон, немене?

Бану. Мән берме.

Асқар. Жігітіңді сүйесің бе, шыныңды айтшы?

Бану. Ол менің жеке өмірім. (Мұңаяды. Пауза).

Асқар. (Қыз жігітті итеріп жібереді. Жігіт орындыққа отыра кетеді. Бану теріс қарайды. Залға) Әйелдерді түсінбеймін, осы. Сіз түсінесіз бе, аға? Сіз ше? Өздері қызық... бір түрлі халық. Біресе күледі, біресе жылайды. А, жоқ, жылап отырып күледі, күліп отырып жылайды. Әйел деген әлемді түсінуге миым жетпейді... Әйелдер гүл ғой. Тікенегі бар гүл.

Бану. Еркектер де оңып тұрған жоқ! 

Асқар. 

Қараша,
 Құс қайтқанда – күзгі қайғы,
 Күзгі қайғы жанымды сызғылайды,
 Сызғылайды жанымды күзгі қайғы,
 Бөлмеде теріс қарап қыз жылайды.
 Бөлмеде теріс қарап қыз жылаған,
 Сол түні гүл таба алмай қызға ұнаған,
 Сол түні жыр жаза алмай қызға ұнаған,
 Бармақпен шылым шоғын мыжғылағам.

Бану. 


 Бармақпен мыжғылағам шылым шоғын,
 Іздесем, табар едім гүлін соның,
 Іздесем, табар едім жырын соның,
 Ал өзін табар ма едім бірінші оның?!
 Сол түні сол ойменен биік қалғам,
 Сол қызды қайтейін мен сүйіп қалған,
 Қайтейін сол қызды мен сүйіп қалған,
 Жүрегі бармақтай боп күйіп қалған.
 Қалдым мен сүйе алмауды жеңіс санап,
 Сен жыламау үшін бе-ей, е, құсқанат?!
 Бейуақ,
 Кәрі ұятым секілденіп,
 Бөлмеде қыз жылайды теріс қарап.


(С) Ерлан ЖҮНІС.

Асқар.       

Уақыт және Кеңістік...
 Кеңістікте ерегістік-керістік!
 Біз секілді миллиард дене, мың дене,
 Кеңістіктен іздеп әлек бірдеңе!
 Қайғы да емес, іздейтіні мұң деме,
 Махаббатқа ұқсайтын сол бірдеңе.
 Табылмаған, жоғалмаған бұл неге?
 Атағым кеп тұрса соның шын атын,
 Тілім де осы қалады екен күрмеле!
 Әй, Бірдеңе!
 Сені іздеймін, бәрібір,
 Мен жеткенше, мен кеткенше,
 Кірлеме!


           

                                   (С) Айнұр ТӨЛЕУ. 

            Бану.

Шаганэ ты моя, Шаганэ!
Потому, что я с севера, что ли,
 Я готов рассказать тебе поле,
 Про волнистую рожь при луне.
 Шаганэ ты моя, Шаганэ.


Потому, что я с севера, что ли,
 Что луна там огромней в сто раз,
 Как бы ни был красив Шираз,
 Он не лучше рязанских раздолий.
 Потому, что я с севера, что ли.

         Асқар.

Я готов рассказать тебе поле,
 Эти волосы взял я у ржи,
 Если хочешь, на палец вяжи
 –
 Я нисколько не чувствую боли.
 Я готов рассказать тебе поле.


Про волнистую рожь при луне,
 По кудрям ты моим догадайся.
 Дорогая, шути, улыбайся,
 Не буди только память во мне
,
 Про волнистую рожь при луне.

         Асқар мен Бану (Бірге).

Шаганэ ты моя, Шаганэ!
 Там, на севере, девушка тоже,
 На тебя она страшно похожа,
 Может, думает обо мне
...
 Шаганэ
 ты мояШаганэ.

Асқар. Уильям Шекспирдың «132-ші сонеты».

Thine eyes I love, and they, as pitying me,

Knowing thy heart torments me with disdain,

Have put on black, and loving mourners be,

Looking with pretty ruth upon my pain.

Бану. Бұл – бар болғаны өлең ғана ғой. Ал, өмірде бәрі – өзгеше. Біз махаббатты, сезімді поэзиядан, өнерден іздейміз... (Пауза). Еркектер артымыздан қалмайсыңдар, көңілімізді аулап, сыйлық сыйлап, ал керектеріңді алған соң... Бұл жалғанда махаббат бар ма, өзі? Айтшы!

Асқар. Бар, неге болмасын?!

Пауза. 

Бану. Бағанадан бері бір нәрсені білгің кеп тұрғанын сездім. (Пауза). Мектеп бітіре салысымен-ақ мені алып қашып кетті. Күйеуім: «Үйде отыр. Өзім бағам», – деді. Жаман тұрған жоқпыз. Ішкеніміз – артымызда, ішпегеніміз – алдымызда тіршілік кештік. Басында, отбасына тамаша қарап, мені сыйлап жүрді. Кейіндері, жұмыстан кешігіп, екі-үш күндеп жоғалатынды шығарды. «Қайда жүрдің? Не істедің?» – деп сұрасам, ашуланып, ренжіп: «Сұрама. Шатағың болмасын», – дейтін болды. Сөйтсем, көңілдесі бар екен. Бір рет ұстап алдым. Кешірдім. Жағдай екінші рет қайталанды. Ол кезде де, өз арымнан аттап, отбасы үшін мейлінше түсінуге тырыстым. Ал, үшінші рет ол көңілдесін үстіме әкелді. (Асқар қасына келіп, оны сабырға шақырмақшы болады).

Әділет. Мен... мен... саған шындығымды айтуым керек. Менің атым – Асқар емес, менің атым – Әділет.

Бану. Бір шикілікті ішім сезіп еді. Жақындама! 

Бану. (Шегінеді де сөмкесінен газды пистолетты алып шығады) Қозғалма. Мынау газды пистолет. Сендейлерден қорғану үшін. Алдында біреу өстіп еркінсіген. Сөйтіп, есін жидырдым. Тарс-с-с еткізіп!

Әділет. Ей-ей-ей... 

Бану. Бірден ескертейін, атсам оңдырмайды... 

Әділет. Тоқта! Тыңдашы, мені!

Бану. Айтпады деме. Орныңнан қозғалсаң атам. 

Әділет. Бір нәрсе бүлдіріп жүрмеші. 

Бану. Қолыңды төбеге қой да, тізерле... Әділет мырза! (Телефон шалып). Алло, алло, полиция. Сәлеметсіз бе? Абай мен Желтоқсан қиылысы... Желтоқсан 78. Иә, иә... Үйіме көршім кіріп алды.

Әділет. Саған тағы бір нәрсені айтуға ұмытып кетіппін. Мен сенің көршің емеспін.

Бану (Телефонға). Ой, Құдай сақтасын! «Көршің емеспін», – дейді, масқара! Ылп-жылп етіп үйіме қалай кіріп алдың, өзі? Түсінбей де қалдым ғой.

Әділет. Тыңдашы, мені!

Бану. Жақындама дедім! (Таң қалып, тосырқап, болған жағдайға аса түсініңкіремей) Тоқта, тоқта... (Жан-жағына сезіктене қарап) Мені қалай таптың, Ә-ә-әділет?

Әділет. Өзің жұмыс істейтін мектепке қарама-қарсы жерде бизнес орталық бар.

Бану. Иә, бар!

Әділет. Мен сол жерде аудитор боп жұмыс істеймін. Күзетшілікпен күнелтпегем, ешқашан. Үш оқу бітіргем. Экономика, социология, философия. Түс кезінде бәрі тамақтанатын жер бар ғой...

Бану. «Қағанат»!

Әділет. Сені со жерден көріп, сырттай ынтық боп жүрдім. Психологияда бұны симпатия дейді.

Бану. Менде қазір саған деген антипатия боп тұр. Жолама! Атам!

Әділет. Атпа!

Бану. Отыр!

Әділет. Сабыр, сабыр. 

Бану. Енді, тақпақ айтып бер.

Әділет. Қандай тақпақ?

Бану. Кәдімгі тақпақ. 

Әділет. Бүйтіп адамды қорлауға болмайды. Мен саған сайқымақ емеспін.

Бану. Сонда сенікі қорлау емес пе? Адамды аңдисың, үйіне кіресің, бұнымен қоймай өтірік айтасың. Айыбыңды осылай жуып-шай.

Әділет. Адамшылықтан хабарың бар ма?

Бану. Басқалардан артық білмесем кем емес. Айт, тақпақ.

Әділет. Жоқ!

Бану тапаншаны бетіне жақындатады. 

Әділет. Аяз ата келіп тұр, бізге сәлем беріп тұр, сақалының ұзын-ай, жұлып алсаң шіркін-ай!

Бану. (Күледі) «Экономистың тақпағы» деп әлеуметтік желіге салайын ба, а?!

Әділет. Сотталасың, ұқтың ба?! Нағыз маньяк мен емес, мына – сен.

Бану. Неге аңдып жүрсің? Тыңшысың ба? 

Әділет. Жоқ.

Бану. Алаяқсың ба, әлде?

Әділет. Жоқ дедім ғой.

Бану. Пәтер тонайтын ұрлықшы шығарсың?

Әділет. Доғаршы, мұны, Құдайым-ау...

Бану. Әлде біреу жіберді ме?

Әділет. Өзім келдім.

Бану. Өзім келдім?

Әділет. Ой, өзім келдім деппін ғой... бірақ иә, дұрыс... Өзім келдім ғой! Сені іздеп. Тапаншаңды таста. Адам ұқсап сөйлесейік. Сені бір көргеннен-ақ ғашық болдым.

Бану. Махаббаттың не екенін білесің бе, өзі?

Әділет. Махаббат деген бар ғой... Махаббат... ол... ол бар ғой. Ей, ол... ол... үлкен нәрсе. Мынандай! (Әділеттің телефоны шырылдайды) Алло!

Дауыс: Қайдасың, Әділет?

Әділет. Қайдасы, несі?

Дауыс: Үйіңнің алдында күтіп тұрмын.

Бану. Кім, ол?

Әділет. Ешкім!

Бану. Түсінікті.

Әділет. Тыңдашы.

Бану. Кет.

Әділет. Кетпеймін.

Бану. Кет. 

Әділет. Онда... онда мен... (Авансценаға келеді) терезеден секірем.

Бану. Өз еркің, мисье!

Әділет. Секірем.

Бану. Мархабат!

Әділет. Итерме.

Бану. Қорқақ.

Әділет. (Көзін жұмады да тербеліп тұрады) Бір... екі... (Пауза). Екі жарым... екі жарымның жар-ты-сы...

Бану. Секіре ғой, секіре ғой... 

Әділет. Жоқ, секірмеймін! Олай болса... олай болса... Әркім өз затына ие болсын.

Бану. Дұрыс айтасың.

Әділет. Менің дұрыс айтпаған кезім болмаған.

Бану. Солай ма?

Әділет. Солай!

Бану. (Білмегендей кейіп танытып. Портфельді бір құлағынан көтеріп тұрады) Мынау кімдікі болды екен?

Әділет. Менікі, менікі!

Бану. (Екінші қабаттан лақтырады) Онда бұл – қоқыс!..

Әділет. Лақтырма... онда... онда... (Банудың сөмкесін лақтырады) Мынау да қоқыс болды ғой. Косметика! Бұның да қажеті шамалы.

Бану. Ей, ол менікі ғой.

Әділет (Лақтырады). Кешір... үлгермей қалдың.

Бану. Мына аяқ-киімді бірінші рет көруім. (Лақтырады)

Әділет. Жаңасын алып бересің. Таза былғары. Саламандра. 

Бану. (Киімдерін лақтырады) Сен де мені кешір.

Әділет. Так... так... Онда сен де жалаңаяқ жүр. (Қорап толы аяқ-киімді лақтырады

Бану. Не істедің? Төлейсің, бәрін.

Әділет. Құдайға сенесің бе, сен өзі?

Бану. Не болды?

Әділет. Сенесің бе, жоқ па?

Бану. Не болды деймін?

Әділет. Сенесің бе?

Бану. Қолым, қолым...

Әділет. Жауап бер.

Бану. Сенемін, сенемін, ал, не өзгерді? 

Әділет. Онда неге қаталсың, неге ызақорсың? Неге ашушаңсың? Бірден шатынап шыға келесің!

Бану. Жаратылысым... табиғатым сондай. (Киімдерін жинастыра бастайды.

Әділет. Қайда? Бану!

Бану. Жолға дайындалам. 

Әділет. Қандай жол?

Бану. Елордаға кетем. 

Әділет. Қызмет бабымен ме? 

Бану. Жоқ, біржола көшіп барам.

Әділет. Қашан? 

Бану. Таңертең. 

Әділет. Ол туралы айтпадың ғой?

Бану. Жұмыс ұсынған... (Пауза) Ақыры ешкімге керегім жоқ екен.

Әділет. Кетпеші! Өтінем... мына үй ше?

Бану. Бұл – жалдап жүрген пәтер ғой. 

Әділет. Пәтер?

Бану. Иә! Бұны менің үйім деп ойлап, сол мақсатпен де танысқан шығарсың, а?

Әділет. Жоқ, олай емес. Маған үй де, дүние де емес, сен ғана керексің.

Бану. Біз әлі жолығамыз... деп ойлаймын... жер – домалақ қой!

Әділет. Сені ешқайда жібермеймін. 

Бану. Неге?

Әділет. Сол!

Бану. Олай болса...

Әділет. Тыныш! Естіп тұрсың ба?

Бану. Нені?

Әділет. Ескі алаңнан талып жеткен музыканы...

Бану. Тұршы, былай! Жібер, мені. 

Әділет. Жібермеймін.

Бану. Жібер.

Әділет. Жі-бер-мей-мін.

Бану. Қырсық. 

Әділет. Өзің қырсықсың.

Бану. Қызыңа бар...

Әділет. Онымен ешқандай байланысым жоқ. Әріптесім ғой. Қыр соңымнан қалмай жүр. 4 ай болды. Құдайдың құтты күні есігімнің алдына келіп, сонаша ызыңдайды да тұрады. Кет десем кетпейді. 

Бану. «Қырық өтірігің» бе?

Әділет. Рас айтам. Не десең, о де, кет-пей-сің... Ұқтың ба?  

Бану. Өзім білем. Пистолетім қайда екен?

Әділет. Тастай салдым... байқаусызда.

Бану. Сен... сен... бар ғой... (Шапалақпен ұрып жібереді).

Әділет. А, солай ма, мә онда. (Банудың киім-кешек, сөмкелерін шашып тастайды).

Бану. Айтарға сөзім жоқ! (Асқар оны құшақтап алады). Жібер.

Асқар. Жібермеймін.

Бану. Айқайлаймын, онда.

Асқар. Қорқып кеттім!

Бану. Көмектесіңдер!

Асқар. Түнде кім естиді, сені, қыз-ау?!

Бану. Көмектесіңдер!

Асқар. Қаттырақ.

Бану. Маньяк... Аң... 

Асқар. Оймақтай аузыңнан шыққан әр сөзің майдай жағып барады, ух-х-х-х-х. (Бетінен сүйіп-сүйіп алады).

Бану. Ах, солай ма?

Асқар. Со-со-солай... секілді. (Бану телефонға қарайды) Полиция, Жедел жәрдем, Өртсөндірушілерге тыныштық бер. Шаршайды ғой, олар да. Оңай емес. Әр үйдегі бір жындының шаруасын шешем деп те шаштары ағарады.  

Бану. Онда... онда... күте тұр. (Кетеді. Бір кезде келеді. Қолында – швабра).

Асқар. (Жігіт ары қашып, бері қашып, ақыры қолына жастық алады). Бір жеріңе қатты тиіп кетпесін деп... 

Бану. (Швабраға қарап) Саған... еден жуудың қандай қиын жұмыс екенін көрсетейін! 

Асқар. Білем ғой.

Бану. Тағы бір еске салғанның артықтығы жоқ.

Асқар. Бастан ұрып, естен тандырып жүрме. 

Бану. (Асқарға қарай жүріп келеді, ақырындап) Қорықпа, сезбей қаласың. 

Асқар. А-а-а-албырттықты ақылға жеңдір!

Бану. Псих... ология бойынша, мұндайда ақылдың каналдары жабылып, ашу күшейеді екен. Адам есін жоғалтуы мүмкін!

Асқар. (Шегініп) Алдын алуға болмас па екен?

Бану. Әй, мынандайдан кейін қиын-ау! Еріктен тыс нәрсе емес пе?!

Асқар. Ерікті бағындыруға болады. Оқып-тоқығансың...

Бану. Оқу бар да, соны орынды жұмсау бар. Бұл саған тікелей қатысты!

Асқар. Сабыр ет. Бұзықтық жасама. Адамгершіліктен аттама...

Бану. Хе, кім айтып тұр, мұны?

Бану Асқарды швабрамен қуады.

Әділет. (Тоқтап қалады. Шашылып жатқан киімдердің арасынан фотоны көреді) Мынау кім?

Бану. Ұлым!

Әділет. Ұлың бар ма?

Бану. Иә! (Пауза). Айнып қалдың ба?

Әділет ойланып тұрады да сыртқа шығып кетеді. Үнсіздік.

Е-е-е-еһ, еркектер! Сүйем-күйем дейді. Сөйтсем, бәрі бос сөз боп шығыпты ғой. Бауыр басып қалғандай болып ем. (Күрсінеді де киімдерді жинастыра бастайды).

Әділет (Келеді). Мектеп кезінде ғашық болып, өмірі ұмыта алмай жүрген қыз туралы айтып ем ғой. Ол... ол... сен ғой Бану! (Соңғы сөз жаңғырық сияқты естіледі. Ұзақ пауза. Бану жылайды). Жылама. Сен жылауға лайық емессің. Әйел әркез Күндей күліп жүруі керек. Саған мұңайған жараспайды. (Сыбырлап). Жігітің қызғанып жүрмесін!

Бану (Сыбырлап). Менде ешқандай жігіт жоқ.

Әділет (Сыбырлап). Бағана телефон шалып ең ғой?

Бану (Сыбырлап). Ақымағым-ау, әзілдедім ғой!  

Үнсіз сахна. Полиция мен Өртсөндіру қызметінің уілдеген сиреналары, радарлар дауысы. Екеуінің де телефоны безек қағады. Әділет Бануды сүйеді, құшақтайды. Сахна қараңғылық құшағына енеді. 

Шымылдық.

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...

Жаңалықтар

Елордада 18 мамыр күні Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жоспарланған концерт ұйымдастырушыл...