Мәдениет, Білім және Ақпарат министрлігі өкілдері, шығармашыл одақтар мен қоғамдық ұйымдардың басқос...
Алжирдегі аншлаг: FORTE TRIO халықаралық сахнада
Фото: FORTE TRIO
Алжир Халық Демократиялық Республикасында Қазақстан Республикасының "FORTE TRIO" Мемлекеттік триосының концерті өтті. Іс-шара ұжымның гастрольдік туры аясында ұйымдастырылып, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Бұл өнер кеші Қазақстан мен Алжир арасындағы мәдени диалогтың маңызды бөлігіне айналды - өркениеттердің тарихи жолдары тоғысқан, көркем дәстүрлердің өзара ықпалдастығы қалыптасқан кеңістікте өтті.
Концерт Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшілігі мен Алжир Халық Демократиялық Республикасының Мәдениет және өнер министрлігінің қолдауымен өтті.
Концерттің құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасының Алжирдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ануарбек Ахметов, дипломатиялық корпус өкілдері, елдің мәдени және шығармашылық зиялы қауымы болды. Сондай-ақ іс-шараға Алжир Мәдениет және өнер министрлігінің аппарат басшысы Нассера Аяишия ханым және Алжир Сыртқы істер министрінің мемлекеттік хатшысы Софьян Шаиб қатысты.
Концерт аншлагпен өтіп, 1400 көрермен жиналды. Бұл алжирлік көрерменнің қазақстандық академиялық өнерге деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
Кеш бағдарламасы еуропалық классикалық дәстүрден бастап заманауи композиторлар мен қазақ музыкасына дейінгі кең ауқымды қамтыды. «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы интерпретациялары стильдік дәлдігімен, ансамбльдік үйлесімімен және авторлық мәтінге деген ұқыптылығымен ерекшеленді.
Концерт Алжир ұлттық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен, дирижёр, Алжир Операсының жетекшісі және халықаралық симфониялық жобалардың қатысушысы Лотфи Саидидің басқаруымен өтті. Бірлескен орындау жоғары кәсіби өзара әрекет деңгейін көрсетіп, кештің көркемдік тұжырымдамасының маңызды бөлігіне айналды.
Кештің ерекше сәті күтпеген бис болды - «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы rai стиліндегі алжирлік әуенді орындап, көрермен зор қошемет көрсетті.
«FORTE TRIO» мемлекеттік триосының өнер көрсетуі алжирлік көрермен тарапынан жылы қабылданып, зор қошеметке ие болды. Концерт мәдени алмасулардың халықаралық ынтымақтастықтың тұрақты форматы ретіндегі маңызын айқындап, академиялық өнердің мемлекетаралық диалогтағы рөлін көрсетті.
Алжирде өткен бұл жоба ұжымның жоғары халықаралық мәртебесін және қазақстандық орындаушылық мектептің әлемдік сахналардағы сұранысын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазақстан Республикасының «FORTE TRIO» Мемлекеттік триосының құрамында - көркемдік жетекші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Максат Жүсіпов (скрипка) және Мурат Нарбеков (виолончель) бар. Ұжым музыканттары Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» РМҚК және Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әртістері.