Соңғы төрт- бес күннің ішінде өзім танитын қаншама таныс кісілер дүние салды. Алла имандарын жолдас...
Ұлы даланың ұлы есімдері
Бүгін, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану және Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейлерінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбындағы республикалық ғылыми конференциядаға қатысып, тұлғатану ғылымында елеулі еңбек етіп келе жатқан ғалымдардың баяндамаларын тыңдадық.
Оқырман назарына конференцияда айтылған үздік ойлардан тұздық болсын деп үзік-үзік ұсынуды жөн санадық.
Астана қаласынан арнайы келген филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов«Бұқар жырау заманы және оның даналық ғибратнамасы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы жыраудың мәңгілік мұрасы жайлы орамды ойларын ортаға салды.
«...Бұқар жырау өнернамасы – заманның тілі, үні, сыры. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» дейтін кітабында (1942): «Бұқардың сөздері ХVІІІ ғасырдағы қазақ тіршілігінің энциклопедиясы» деп жазады.
...Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлттың ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі жырау мұраларында шынайы шындықпен суреттеледі. Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері де мейлінше әшкереленеді.
…Бұқар жырау Қалқаманұлының өмір тарихы мен өнернамасы, шын мәнінде, Абылай дәуірінің шарайнасы.
…Бұқар жырау поэзиясының негізгі ерекшеліктерін, ішкі ағыс-толқындарын білімпаздықпен бажайлаған Мұхтар Әуезов: «Бұқардың толғауында екі түрлі күй, сарын бар. Біреуі... әлеумет қамын сөйлеу, екінші сол жайды сөйлегенде мұң-зармен, арманмен сөйлеу. Қайғылы пішін, қаралы көңілмен күңірентіп сөйлеу» дейді. Сайып келгенде, Отан қорғау, қорғаныс қабілетін күшейту, жер-суды жат қолынан сақтау, тыныштық бұзбау, ел билеу тәсілдерін мүлтіксіз меңгеру, ханның жақсы қадамдарын қолдап қуаттау, теріс істерін істетпеу, райынан қайтару, заман ағымын жете аңғару, тарих тағылымы мен тәжірибесін зерделеу, түзулікке, дұрыстыққа, әділеттілікке шақыру мәселесі, ұлттық мүддені, салт-дәстүрлерді, адамгершілік қағидаларын сыйлату жырау толғауларының саяси-әлеуметтік мазмұнын анықтайды.
…Бұқар жырау дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілік құбылыстарын және олардың себеп-салдары мен түп-тамырынан қозғап қана қоймаған, білгір дана қиял қанатында самғап, келешек заманның кереметін де көре білген, көрегендікпен болжай таныған.
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас азамат!...
…Ұлы ойшыл-философ сөзін де, пікірін де ойнатып, жайнатып, етек-жеңі жинақы, ықшам, жүзіктің көзінен өткендей, күндей көрікті, сырлы да сұлу, мінсіз түйдек әкелген. «Әлемді түгел көру», «Аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап міну» деген данышпандық толғамдары есіңді сақтарлықтай есті сөздер.
…Бұқар толғауларының танымдық-эстетикалық мәні, сұлулық әлемі индивидуалды – авторлық айқындаулардан да байқалады. Айталық, «сегіз қиыр шартарап», «төсі аршынды сұлу», «құрсағы жуан боз бие», «алпыс басты ақ орда», «еңсесі биік кең сарай», «құбылып тұраған бәйшешек», «ардақталған сұлулық», «ойнай басқан аяқтым», «қиғаш қамыс құлақтым», «шұбар кесе сары аяқ», «қоспақ өркеш сары атан», «тостаған көзді торыны» және т.б…», - деді Серік Негимов.
Екінші кезекте филология ғылымдарының докторы, Торайғыров университетінің профессоры Айтмұхамед Тұрышев «Мәшһүр-Жүсіп – әлемдік денгейдегі ғұлама» тақырыбында баяндама жасап, ғұламаның шешендік өнеірен кең тоқталды. «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы шешендік сөз (тіл) арқылы әлемнің (түркі, қазақ елінің) тілдік бейнесін танимыз. Бұл – шешендік сөздер ауызекі тілде ауыздан ауызға (ауызша мәтін арқылы) жеткен. Кейіннен қағаз бетіне түскен. Ұлы Даланың, ең біріншіден, риторикалық өнердің қас шеберлерінің сөзбе-сөз айтысын көрсетсе, екіншіден, мінез-құлқын, ешкімге ұқсамайтын құқық ережелерін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын, қазақ өмір сүріп отырған ортаны, оны қоршап тұрған әлемнің шынайы бейнесі анық көрінеді», - деді профессор.
Бұдан кейін Иманжүсіп Құтпанұлының немересі, философия ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, мәдениеттанушы Раушан Иманжүсіп «Ер тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында баяндама жасады. Раушан Нұрқанқызы баяндамасында: «Тар заманның нар тұлғасы Иманжүсіп Құтпанұлының өміртарихы, заманы мен шығармашылығына қатысты зерттеу еңбектері мен көркем туынды, мақалаларды 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең ХХ ғасырдың басынан 60-жылдарға дейінгі уақытты қамтиды. Екінші кезең – 1960 жылдардан кейінгі уақыт. Ал, үшінші кезең батырдың 1990 жылдың маусым айында толық ақталып, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытты қамтиды», - дей келе тұлға туралы естеліктер мен мақалалардан көп мысал келтірді. Раушан ханымның айтуынша, Әуелбек Қоңыратбаевтың, Мұхтар Әуезовтің, А.Затаевичтің, Ахмет Жұбановтың, Қаныш Сәтбаевтың, Жұмабай Орманбаевтың, Әбділда Тәжібаевтың, Ғабдол Слановтың, Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектерінде батыр өмірі, қилы тағдыры жан-жақты баяндалған.
«...Иманжүсіп – талантын туған елге бағыштап өткен нар тұлға. Тарихта болған және тарихи оқиғаларға қатысып, бел ортасында жүрген батыр тағдырын қарымды қаламгерлер, ақындар өз көркем туындыларына арқау етті. Иманжүсіп Құтпанұлының өмірі мен шығармашылығы, оның өзі өмір сүрген заманымен астастыра суреттеген шығармалардың қай-қайсысын алып қарасақ та, ел-жұртының болашағына алаңдаған қайсар ердің ерлігі мен азаматтығын танытады», - деді баяндамашы.
Ертістің Павлодар өңірінен шыққан діни тұлғалардың тарихын зерттеуші журналист, филология ғылымдарының кандидаты Амантай Тойшыбайұлы Ғабдул-Уахит Хазірет Тіленшіұлының өмірі жайында мағлұматтармен бөлісті. «...Кеңес өкіметі билік құрған жылдары Одақтың басқа да көптеген халықтары сияқты қазақтардың да бұдан бұрын талай халықтардың тұрмыс бейнесін айқындап келген талай ғасырлық таза патриархалдық өмір салттары кейде күшпен талқандалды. Кеңес үкіметі кезінде «дін – бас айналдыратын апиын» ретінде түсіндіріліп, оның рухани-тәрбиелік тағылымдары жоққа шығарылды. «Адам аштыққа ұшыраса, қолындағы Құранды аяғының астына қойып жоғарыдағы нанды алуға болады» дегенге жұрттың көбі сеніп келді. Бірақ Құранды, Құранның әмірлерін аяқасты еткен қоғамның іштен бұзылатындығын түсінбеді. Соның салдарынан халқымыз бойындағы иба, қанындағы имандылық, инабаттылық сияқты қасиеттерден алыстап, ата-бабамызда жоқ жат қылықтарды сіңіре бастады. Коммунистік идеологияның үгіті халқымызға көп әсер етті. Міне дәл осындай кезеңде, екі ғасыр ғана емес, бір-біріне қарама-қайшы қоғамдық екі үлкен жүйе ауысып, қазақ ұлтының басына «зар-заман» туып жатқан алмағайып кезеңде Ғабдулуақит хазірет өмір сүрді.
...Халық жадында қалған әңгімелерге сүйенсек, Ғабдылуақит хазірет айналасындағы адамдарға айрықша әсер етіп, дұғамен емдеу қабілетіне ие болған. Мұқтаж жандарға көмектесті. Тағдырын болжап, болашағын білуді қалаған адамдар кең байтақ даланың түкпір-түкпірінен хазіретке арнайы келетін», - деді Амантай Тойшыбайұлы.
Филология ғылымдарының докторы, С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры Айжан Картаева «Абай және Сұлтанмахмұт: Дәстүр сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасады.
«...ХХ ғасыр басындағы қазақтың бірқатар көрнекті ақыны Абайдан үйренді, Абайды өздеріне ұстаз санады. Абай үлгісімен өлең жазды, халқының мұңын жырлады. Сол ақындардың ішінде «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығуға» талпынған өршіл рухты С.Торайғыров Абайды оқуға шақырады. С.Торайғыров «Асыл сөзді іздесең, адамдықты көздесең, Абайды оқы, ерінбе!» деген өсиет айтады. Ақынның айтқан өсиетінің бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін маңызы зор. Себебі Абай мұрасында асыл сөз бен терең ойдың, адамдық қасиеттің бар қазынасы жатыр.
Сұлтанмахмұт – Абайдың дәстүрін жалғастырушы. «С.Торайғыровтың Абайды ұстаз тұтқандығы, алғашқы кезде еліктеп жазғандары оның өлең өлшеулері мен сөздіктерінен де көрінеді». Абайдың оқу-ағарту, білім-ғылым саласындағы ойларын, әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын өлеңдерінде өрбітіп дамытты. Сұлтанмахмұт Абай уағыздаған оқу-білім, өнер, адалдық пен ар намысқа жастарды үндейді. «Елді азаттыққа, прогреске атой салып шақырады. Бұл өлеңдер өмір суреті ғана емес, өмір оқулығы, алға басудың ұраны еді. Сұлтанмахмұт өлеңдерінде әсіресе ағартушылық сарын басым». Оның шығармаларының тақырыптары түгелдей қазақ халқының шынайы өмірі, әдет-ғұрпы мен мінез-құлқы, әрі халықтың арман-тілегі.
...Сұлтанмахмұт ғылымның өмірдегі мәнін түсіндіріп, мал мен бақтан ғылым артық екенін айтады. Қазақтың надандық сөзіне қарсы болады. Абайдың да ең бірінші қарсы күресетіні – надандық. Сұлтанмахмұт өлеңінде айтылған ой Абай өлеңінің идеясына сәйкес келеді...», - деді Айжан Картаева.
Филология ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетінің профессоры Серік Елікбай «Естай және сал-серілер поэзиясы» тақырыбында жасаған баяндамасында «Қазақстың соңғы әуені, айнымас әуені – Естай» екендігін алға тартты. Серік Төлеубайұлы айтқандай Естай өмірімен жақын танысу үшін, ол жайлы жазылған ең толымды естеліктер – Ахмет Жұбановтың, Сапарғали Бегалиннің, Қайым Мұхаметхановтың жазбаларын тұщынып оқу ләзім.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми жұмыстары мен өңірімізден табылған тың деректер жайлы филилогия ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан университетінің доценті Әділбек Әміренов баяндады. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының рухани құндылықтарды іздеу жұмыстары нәтижесінде Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан алғашқы жинағы, Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» кітабы, Қошке Кемеңгерұлының «Қазақтың саяси-арихы тұрмысынан» еңбегі, 1923 жылы Мәскеуде шыққан «Темірқазық» журналы, «Жас қазақ» журналы және шығыстық қисса дастандардан «Сал-сал» дастанының, «Алтын балық» қиссасының қолжазбасы, Ертіс-Баян өңірінің тумалары – елімізге танымал тұлғалар қазақтың тұңғыш органологы Қамар Қасымовтың, қаламы қарымды жазушы Дихан Әбілевтің қолжазбалары табылып, құнды жәдігерлер қатарын толықтырды. «Бүгінде құнды жазбалардың ғылыми сипаттамасы жасалып, бұл шараға арнайы мамандар тартылып, мұражайдың әдебиет және өнер бөлімі қызметкерлері үлес қосуда», - деді Әділбек Әміренов.
Филология ғылымдарының докторы, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры Сейфитдин Сүтжанов «Балалар әдебиетінің бағбаны» тақырыбындағы баяндамасында Мұзафар Әлімбаевтың балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
«Өзінің ғасырға жуық ғұмырында әдебиет майданына белсене араласып, оның барлық саласында үлгілі туындылар жазып, тамсантар туындылар берген Мұзафар ата, балалар әдебиетінде өнімді еңбек етіп, өзіндік ізденіс, жаңалықтарымен өрнек қалдырды. Ол өзінің шығармашылық ғұмырында жасөспірімдерге арнап «Көңіл күні», «Бал дәурен, шіркін балалық», «Ақсерек пен Көксерек» сынды өлең жинақтары мен «Маржан сөз» атты кітабын ұсынды. 1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін қаламгерге Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қаламгердің «Ту тіккен» атты дастаны Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ту тіккендердің бірі Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігіне арналды. «Естай-Қорлан» атты лиро-эпикалық дастанына белгілі ақын, әнші, композитор Естай өмірі мен сол кездегі оқиға арқау болған», - деді баяндамашы.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» ғылыми конференциясында тұлғатану арқылы ұлттық тарихын, халықтың өткенін зерттеп-зерделеуге, сол арқылы келешегімізге бағыт-бағдар алуға болатынына көз жеткіздік. Осы ретте келешек ұрпақтың адаспай адымдауы үшін еңбектеніп жүрген ғалымдардың әр сөзі санаға түюге, ойға құюға лайықты қымбат қазына. Біз бұл мақаламызда теңізге тамған тамшының дәміне тамсанып қана отырмыз.
«Найзатас» журналы