Ғалымбек Елубай. Бұланай асқан бұлдырық

ӘДЕБИЕТ
2363

Серіліктаудың ұшар басындағы қарағайлы қолат, ескі жұрт. Алпыс жыл бұрын көмген бір дорба асығын қазып алып, селдір сақалы, кәрі көкірегін жас жуып отырған бір қария...

Мысалы, осы бір желмая қартты тау асып, теңіз кешіп пана тапқан еуропа жұрты секілді «эмигрант» деңіз.

Жүрекке жылы тимесе де тілге жеңіл «оралман» дегейсіз...

Қарт күбірлеп отыр...

Тек, мынау сорабына шөп емес қарағай көктеп кеткен ескі жұрты не дейді екен?

Қоңырқай самалы кеңсірігін ашытқан кіндіккесті топырағы ше?

Туған ағасының қарнын оқ есіп, ішегі оралып қалатын анау тобылғылар, онан бері де алпыс рет гүлдепті. Солар айтсыншы...

Алпыс рет Қап тауынан қанаты күйік шалып оралған құстарына пана болған ырғай мен бүрген... Солар не дейді екен?

Өзі арқасын сүйеп отырған кәрі қарағайдың барқыт күреңшесі, жасыл жабағысын ақсүйек алақандар аялай сипады.

Шағаласы шалқыған Мәрмәр теңізін жанына місе тұтқызбай, кәрі сүйегін кеміктеп, кенезесін кептірген ыстық, ынтызар шөлін айтшы.

Таң намазында Сүлеймен мешітінде отырып, жұмақ туралы уағыз естісе көзін кіреукелеп алатын жұмақ жұртын айтшы...

Ей!.. Әуеде тапжылмай қалқып тұрып шыр-шырлайтын жалғыз, шынашақтай құс зарың таныс. Бұланай асқанда ісіп-кеуіп, шыбыны қиылған қарындас сынды.

Иен жайлау. Шілденің аяғы, тамыздың басы. Талтүс деңіз. Басында қазақы тақия, үстінде немістің ақбоз кәстөмі, аппақ қасы суалған жанарын жауып бір қария беткейден құлап келеді.

Анадайдан әупірімдеп, «абайлауын» өтінген атқосшы немере баламен үкіметтің тапсырмасын арқалаған із аңдушы келеді.

Қарағай азайып, самырсын ұлғайып, қайыңға ұласар тұста шатқалдағы бұлақтың даусы жеңгенің ұмыт болған күміс күлкісіндей күмбір қақты.

Әуелі маңдайдан салқын леп ұрсын.

Бәзбір бақалы-балдырғанды бұлақтай шарасын шөпке шалдырмайтын мұздақ қайнар шілдеде шіміркеніп жатыр.

Қарт сынаптай сырғыған тамшыларын жүзіне, ашық көкірегіне шашты. Сосын барып алақанындағы суды көз жасына қосып ұзақ сыңғытты.

Шілдеде шаңырқап келіп бұлаққа түскен бұғыдай көз жасауырап, иегі кемсеңдеп, ордалы жыландар мекендейтін күнгейдегі сарымсақты шағылға көз жіберді.

Сосын соңынан келіп состиып тұрған немере баланы шақырып алып былай деді:

– Қарағым, мен тоғыз жасымда топан суды тобығымнан кешіп жүріп, біреу үшін «қаралы», тағы біреу үшін «соңғы» болып сурттеліп жүрген көштің бел ортасында тұтас дүниені кездім. Жанға керектің бәрін басымнан бұлтша көшірдім. Еркіндік бостандық дедім. Тапқанда шығармын. Бірақ, менің жұмағым осында екен... Осы жерде қалыпты. Тоғыз жасымда көміп кеткен асығым ғана ма екен?! Қайта жерледім. Асылы, менің рухымның бейіш мекені осы екен.

Сөз аяғында қайта егіліп кетті...

Қолтықтап орнынан тұрғызғанда қарттың жер дүниеге жетек болған қайран аяқтары кермедгі киімдей былық-сылық етіп әрең икемге көнді.

Жолбасшы жөткірініп қойды.

Немере бала көзіндегі жасты шелкеп тастады.

Қайтар жолда торы тобылғының топырағын сүйген қарт ақтық орамал байлады...

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

7 қарашада Тараз орталығындағы пәтерлердің бірінен екі әйелдің денесі табылған, деп хабарлайды maden...

Жаңалықтар

Ресейде жас қыз пойыз астына түсіп, аман қалды, деп хабарлайды madeniportal.kz Sputnik.kz ақпарат по...