Кез келген ақын-жазушы үшін ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтау – ең басты парыз. Қаламды қару...
Жүкел Хамай: ЖҰМБАҚ ЖҰЛДЫЗ КІМ ЕКЕН?
Ақын Жұматай Жақыпбаев туралы ой-толғам «Жұмбақ жұлдыз – Жұматай ақынды былайғы жұрт біле бермейді. Бірегей сөз зергері Асқар Сүлейменов дүние салғанда газеттегі қазанама мен суретті көрген бір жігіттің «бұл кім, әртіс пе?» дегені бар еді. Қазақ десең өзіңе тиеді. Қайтыс болған соң ғана қадіріне жеткен Төлегеннің, Мұқағалидың онжылдықтары өтті. Енді Жұмекен Нәжімеденовтың дәуірі туар деп күтілген еді. Өкінішке орай, олай болмады. Бірен-саран жанашыр жандардан басқа Жұмекен туралы әдебиет ақсақалдары жұмған ауызын ашқан жоқ. Жұматайдың да маңдайына Жұмекеннің тағдыры жазылған сияқты. Бүгін оқырмандар назарына ұсынылып отырған дүние сол Жұматайтану әлемінің алғашқы беттері болғай. Төмендегі мақаланың Ж. Жақыпбаев поэзиясын жаңа қырынан тануға, оған әлемдік тұрғыдан қарауға көмектеседі деп сенеміз. Хас шебердей өлеңнің әр сөзіне, әр жолына үлкен сындарлықпен қарап, оған мол мағына сыйғыза білген сырбаз ақынның тарихтан алар сый-бағасы әлі алда.».
Халықаралық «Азия» апталығы, 1993ж.
I
«Алақанымның бедері өшпес сірә!»
Нямбуугийн Нямдорж
Асқақ шабыт, туа біткен табиғи талантымен 1960-70 жылдары шығыс өлең сөзінің жұлдызы болған Олжас, Мұқағали, Төлеген, Жұмекендердің ізін қуа, әдебиетке келгенімен солардың салған үлгілі ою-өрнегін қайталамай, өзіндік үнімен, бейне-бедерімен айқындала, танылған санаулы ақындардың тобына Жұматай Жақыпбаев заңды түрде қосылмақ. Жалаң мақтау, ұрда-жық ұраннан бойын аулаққа салып, сазды әсер, сезім толғауын терең шеберлікпен игерген ақынның өзіндік қайталанбас қолтаңбасын қазақ әдебиетіндегі жаңа құбылыс деп айтуға болады. Көзі тірісінде небәрі үш жинағы ғана (том-том жинақ шығарған «ақын» атаулылар қаншама?!) жарық көріпті. Демек, осынау нағыз ақынды оқырманға дұрыс жеткізудің орнына, кезінде «ережелі оқулыққа» берілген белгілі зерттеушілеріміздің өзі мойындамай өткені өкінішті. Әрине, қазірдің өзінде қаншама мықты ақындар көпке танылмай тірі жүр?!...
ІІ
«... Алты алашты аузына қаратқан көріпкел өлең қайда?
Кім тонап алған? Неге жазбаймыз?»
Оралхан Бөкеев
Тұлпар болар жүйріктің құлынында танылатыны іспетті, ақын болар дарынның да бала кезден қалыптасатындығы – заңдылық. Дәл солай таныла білген нағыз ақынды ескек сынның астына алып, әрбір аттаған ізін теріс көзбен қарап, сезім еркіндігін есерсоқтыққа теңегеніміз қандай надандық десеңізші. Бұған сол кезде қоғамды жайлап алған, әлі де қонған жұртының шоғы өше қоймаған ертедегі әсіре секемшіл, солақай саясаттың да кесірі тиген болар. Кейіннен шығыс десе араб, парсы жағына көз тігіп, алаң болатын теріс түсінік пайда болды. Ал шындығында, сол шығыстың төрінде ежелден өркениетті, дамыған көшпелі халықтың сан ғасырлар бойы сомдаған ұлы өнерін қайда қоямыз?!. Жасырары жоқ, кешені қойып, бүгіннің өзінде өзімізді-өзіміз шеттетіп, шығыстан гөрі батыстың «асыранды баласы» сияқты сезінетінімізді қайтерсіз?! Бұл буынсыз жерден пышақ салумен тең дүние. Себебі: көшпенділерді батысқа қанша телігенмен олар уызын емген шығысын ұмытпайды. Тек шығыстың тілі мен өнерін, ой толғау мен сезімінен алшақтап, будандануы мүмкін. Алайда, буданның («будан» Оралхан Бөкеев, «мәңгүрт» Ш. Айтматов) өзге мен өзіне тигізер зиян-кесірі бірдей екенін ұмытпаған абзал!!! Өткеннің барлығын «ескілік» деп, сенім құдіреттілігін «нашақорлыққа» теңеп, ақылы адасқан кезде өмірге келіп, тірлік кешіп, қайғы жұтқан дарындыларды ойлағанда жаның түршігеді. Кеш болса да , соны түсінгеніміз неткен бақыт!..
III
«Әр халық даналығымен теңеседі!»
Очирбатын Дашбалбар
«Ер азаматы – атақ қуғыш, тақ құмар, қыз-келіншегі – дүние қуғыш, бақ құмар» деген керенау қоғамда дарындыларды – «ақылсыз», дарынсыздарды «ақылды» деп санадық. Адамзаттың дүниетанымын тек қана «ұлы халықтың» ой-өрісімен бағалап келдік. «Ұлы халық», «кіші халық» деген бағынышты ұғым санаға шеге болып қағылды. Күнделікті өмірдегі заң солай бола тұрғанымен, жоғарыда аты аталған ақындарымыздың қай-қайсысы да, өзін-өзі «өлтіріп», жалған дарындылар тобына енуді ар-намыс санады. Алысты көздеген нағыз ойшылдар көз алдын емес, ертеңін ойлап, игілігін келер ұрпаққа арнайды. Мұны терең түсінген ақын Жұматай Жақыпбаев та өзін тудырған көшпелі халықтың шығыстан екенін пір тұтып, батыстың ілімімен ашқан сауатын шығыстың інжіл-маржан үлгісімен сабақтастыра білген. Соны сезінген жүрегін бабалардың намысының ұшқыны екендігін жадынан бір сәтке де шығармаған. Жаман ел, жаман халық болмайды. Жаман пиғылды жеке адам болуы мүмкін деген терең ұғымды – ақын Жұматай сезім шыңына көтерілудің алтын арқауы етті.
IV
«... Түркі халқын жиып,
Ел еткеніңді айттым...»
Күлтегін (кіші жазу)
«...ұйықтағандарын оятып, жатқандарын тұрғызып жүрермін!»
Ырқ бітіг (тәпкірнама)
«Қазақтың бәрі сыйса деп аштым айқара,
Құшағым менің өрлігін жердің қайтала.
Торғайды атып, топырағына тигізген,
Беймергендердің берекесіздігін байқама!...», – деп аппақ көкірегін айқара ашып, әлем кеңістігіне бойлаған ақын:
«...Бағымдай ауыр басыма қонған жыға бар,
Тебінсем атты – темір бет жауым қуарар.
Атымның атын алдырып маған шақыртып,
Ныспымның даңқын намысым алға шығарар...
...Дарабозға бір жауды екі шаптырма,
Алты алаштың аруағы түгел қолдай гөр!», – деп, дарабоз Қабанбай батыр намысын сөз етіп:
«...Өткендей болды біржола мұңды әннің шағы,
Кіргендей болды мәулен бас шыңдардың сәні.
Орыстың ұлы Ордадан осында келген,
Шәйірді қайран қалдырды ғұндардың шалы!» – деп, көнелердің көріпкелдігін паш етіп, өткен дәуірлерді аралап жүрген ақын кенет:
«...Ішкі- сыртқы ерлігің жүрекке сын,
Селт етпесін, білсең де дір етпесін.
Ақсақ дедік біз Әмір-Темірді де,
Ол кеткесін... жүздеген жыл өткесін!..», – деп, мына бүгінгі дәуірге келіп, ұрпақтарының алауыздығына қайран қалып, өзіне жан серіктер іздеп: «Мамыражай жақсы уақыт туды шын,
Қараталға, Керуленге, Ононға,
Қаза бермей бабамыздың қылмысын,
Жүр, інішек, күй тартайық онанда», – деп, әуелі көшпенділер даласына ұлы бақыттың келе жатқанын күні бұрын аңғартып, саясатқа жонын тілгізіп, арнасына толмай қалған кіп-кішкентай Қаратал өзенін көк түріктен бері әлемге әйгілі болған Керулен, Онон сияқты алып «ағаларына» апарып, табыстырады. Ақын жүрегіне сыйған дүниенің (өзеннің) тартылып, жоғалмайтындығын сездіреді. Кезінде Әмериканың ұлы ақыны Уолт Уйтмен Алтайды өлең еткендейін, Қаратал бойында жүрген қазақ ақынының сонау шетте жатқан Керулен, Ононды көкірегімен сезініп, өлең етуінде үлкен сыр бар. Ұлы теңіздер бастау бұлақтың түймедей көзінен нәр алып, кеңістікті иеленеді. Уақыт сынынан өткен соң терең ойдан туындаған ұғымның ақын жүрегіне қалыптасуы – оның көкірегінде күрделі тарихтың терең шындықтары жатқанын аңғартады. Қаратал өзенінің барар жері – тарих төрі, бабалар мекені. Ішкі жан-дүниесінің қалауын орындау шыдамы ақынның ой-өрісіне тікелей байланысты. Сәуле жылдамдығындағы сезім серпілісін тура тартқан сызықпен ғана көрсетуге болады. Бұл түсінік бойынша ақын Қаратал өзенін ғарыштық сезімнің жылдамдығын дәлелдеуші – түзу сызық ретінде қолданған. Көкірегіне уақыт пен алыстық, тартылыс пен жылдамдық, тереңдік пен нәзіктіктің осыншама байтақ өресін сыйдырып, ой кеңістігін игерген ақын өзін үзілуге айналған тарих пен ғасырларды жалғаған үлкен ақын екендігін дәлелдеген. Әрине, осылай үзілді-кесілді дәлел айтуға біздің қазақтың өзгені түйедей, өзін түймедей етіп сезінетін әсіре еліктегіш сезімі көтермейді де. Әйтсе де, бірден көз алдыңда айқындалып тұрған дүниені бүгін қанша жасырғанмен бәрібір келер ұрпақ тірнектеп жүріп тауып алары сөзсіз емес пе? «Алыста не алыс, білімді мен наданның арасы алыс» деп, Байдалы бидің айтқанындай, білімділік жиегін шарлап, өз ортасынан алыстаған ақын сезімі сәуле жылдамдығын игеріп, ақыл-ойдың шырқау биігінен ғарыштық сезіммен: «Бір ғажап сурет көрдім деп ертең мақтанам, Бөгеннің жері бөлектеп маған сақтаған. Ер Қыпшақ еділ Европадан да көрмеген, Жалайыр Мұқылай таңғұттардан да таппаған...» дейді. Қараңыз, бүгінгі Жұматай мен XIIғасырда өмір сүрген Жалайырдың дарабоз ханы Мұқылай екеуінің арасында қанша алыстық жатыр?! Кеше мен бүгін, бүгін мен ертең деген сияқты ұғымды жойып, уақыт алыстығын жеңе білген ақын көкірегінде XII ғасыр мен XX ғасырдың арасында алыстық жоқ екенін түсінерсіз. Мейлі, сіз 30, 40 ғасырларда да Жұматайды оқып көрсеңіз, бәрі бір сол күнгідей болып сезіледі. Бұл – аса дарынды, сезімтал ақындардың ғана қол жеткізетін ұлылығы. Ал, өлеңнің астарында жасырын жатқан ғажайып өрнектер мен терең сырдың өзі жеке әңгіме етерлік үлкен дүние. Ол үшін көкіректегі түрлі ойларды ысырып, шығыстың толқынды сырларымен жетік таныса білген орынды. Онсыз Жұматайды толық түсіну мүмкін емес. Өйткені, Жұматай қазақ ақындарының ішінен Мағжаннан соңғы шығыс толқынына терең бойлаған ақын. Сол себепті адамзат дүние танымындағы мәңгілік туралы ұғымдарды Жұматайдың шығармашылығынан іздестіру жөн демекпін. Дала перзенттерінің сезіміндегі бірден-бір ерекшелік – олар тарихтың қай кезеңінде де болсын, ой түйінін аспан кеңістігімен теңеп, әлемді түгелдей көкірегінде сыйдырып, аялай білген. Дәл осы тұрғыдан келгенде қазіргі біздің табынып жүрген батыстың ойшылдары күрмеуде қалады. Олардың, әсіресе Маркстан кейінгі түсініктері жеке бір таптық ұғымды ұстанады. Демек, бұл түсінікке сайын даланы көктей өтіп, Ұлы Тәңірдің жебеуімен шындық шыңын көздеген көшпелілер ұғымы сыймайды да. Бір ғана мысал: ұлы Шыңғыс қағанның тұсында көшпелі тайпалар бірінің тілін бірі ешқандай аудармашысыз түсініп, түпкі жауына бірге аттанып жүрген. Бұл олардың шыққан тегінің тым алыс еместігін аңғартпай ма? Балаң Шыңғысқа керейдің Тоғырыл хағаны: «Бұлғын ішігіңнің қаруына бүлінген еліңді бүтін етіп берейін...» - деп, айтқан сертінен танбай орындағанының өзінде үлкен мән болған шығар. Тарихта айқындалған бұл шындық соңғы үш ғасыр бойы ұрпақ жадынан күшпен аластатылды. Жаны дарынды Жұматай осы түп шындықты көздеп, аспан ұрпағы – Ғұндардың аруағына табынып, оның ұрпағын ұлы бірлікке шақыра білген. Заманға кенжелеп келгенімен өзін тозғынға ұшыраған түріктің – тұқымы, Шыңғыстың жаршысы екендігін толық сезінген.
V
«...Таза мінсіз асыл сөз Ой түбінде жатады».
Асан қайғы
«Алысқа емес, Арысқа келіп жетіп ем,
Адамы түгіл жәндігі ғажап шетінен.
Көгілдір, қызыл бояуша солар ұшады,
Лимонад түстес «саржасыл» судың бетімен...», деп Арыстың «саржасыл» суына шығыстың «көгілдір, «қызыл» бояуын түгел әкеп құяды. Мұндай сезімталдық тек Жұматайға ғана тән. Сіз көгілдірдің орнына күлгінді немесе сұры мен қоңырды үйлестіріп көріңіз?! Cезімге болмаса да, көрер көзге көгілдір мен қызылдың үйлесіміндей болып көрінер ме екен? Мүлде бөлек өң, бөлек ұғымды тудырмай ма? Көгілдір бояу шығыстықтар үшін алыстық пен кеңістікті, ақыл-ой тереңдігін білдіреді. Қызыл бояу тірлік белгісі ретінде қалыптасқан. Ақынның бір ғана өлең жолының өзінде осыншама терең ой, терең сыр жатыр. Әрбір ақынның өзіне тән өң бояу, жасырын сыр ырғағы мен дыбыстылығы болатыны да осы. Бұл шығыс ақындарына ежелден қалыптасқан ерекшелік. Көркем суреттің тілі жетпес нелер ғажап көріністерді тек сөзбен ғана жеткізуге болады деген сенімді ұстанған шығыс ақындары сөз қадірін осылайша аса нәзіктілікпен сезіне білген.
VI
«Өзен мен жағалаулар - олар енді менің жүрегімде.»
Федерико Гарсиа Лорка
Жалаң мақтау, жалаңтүсінік нағыз ақынға сәйкеспейтін ұғым. Көбінде дарынды ақындардың өскен орта, қалыптасқан қоғамдағы пікірлерімен келісе бермейтіндігі де сондықтан. Меніңше, Жұматайдың туындылары да соған саяды. Енді төмендегі өлеңдерді оқып көріңіз:
«Қалай - деп - ағам» - қарадым аспанға кілең,
Бағасын жұлдыз көрсетті бас бармағымен.
Қасоққа әкеп береді балық пен суын,
Іле өзені Қытайдан басталғанымен.
Ағам да сондай.
Алысты жақынға балап,
Қақтырған біздің намыс пен ақылға қанат.
Дешті-Қыпшақтан кеп,
Игорьге орысша сөйлеген,
Тұрғандай болам сауытсыз батырға қарап...» деп бастап алып;
«...Ер, көне тайпа дәстүрі оралса кері,
Қасоқтың және қасоққа жоғалса-ау кегі.
... Тәңірің сенің көбейсін тәкаппар елім,
Алдымен сені жарылқар, сонан соң мені» - деп терең ойға көміліп;
«Өле өбуге оңтайлап бір бетімді,
Бір көргеннен білдіріп құрметімді.
Кірпігімнің ұшымен кеңістікке,
Қаншама рет салмадым суретіңді?!
..............................................................
Сенің бейнең миымда, жүрегімде,
Тамырымның, қолымның дірілінде...», деп сөз суретін жандандырып, немесе кәнігі сәуегейлікпен;
«...Арамызда ғасырлар бар демеді,
Кішіге үлкен ақыл айтпай не десін.
Ұлы ақындар күнде мені жебеді,
Ұлы ақындар аяған жоқ кеңесін...» деп ақындар аруағы мен (рухы) тілдесіп, әлем кеңістігінің қақпасында тұрғанын аңғартады. Ол өзінің кең толғанысынан бір сәтке де жаңылмайды, сізге әрбір алыстықты жақындата береді. Ақын өрісі тым жырақта. Өйткені, Жұматай қазақ өлең сөзіндегі - уақыттың ақыны. Олжасқа арналған өлеңінің өзінен-ақ, уақыт сезімділігінің барлық қуаты айқындалып, ақын соның сырын толық түсініп, жетік игергенін сезінуге боларлықтай. Жұматай Олжасты басқа ақындардан мүлде бөлек түрде қабылдайды. Олжасты бүгіннен емес өткеннен - қыпшақ дәуірінен көріп, табысып, кешегі орыс Игорьдің заманына ертіп әкетеді. Міне, Жұматайдың ой-өрісіндегі кеңістік деп отырғанымыз осы.
VII
«Халықтың көзін ашқан пенде - дана,
Мәңгілік отырады төрде ғана.»
Әлішер Науаи.
Жұматайдың және бір ерекшелігі - оның көкірегінде өлі бейне деген ұғым мүлде жоқ екен. Ол өткенді де, келер ертеңді де тек тірлік арқылы немесе тірі бейнелер арқылы қабылдайды екен. Дүние тірлікті жүрегіне тұрмақ, тамырына сіңіре құйып, оны «қолының діріліне» шейін сіңіріп алған, «кірпігінің ұшымен кеңістікке (аспан елін)" сурет салатын ғажайып сезімтал ақын:
«...Ару Ақ таңым!
Мен бүгін жаралы Ғұнмын,
Қобыз кеуденің зарлатқан саналы қылын.
«Әкемдей жансыз» ...бір түрлі ... сүйемін дейсіз,
Сол сөзің мені өлтіріп барады күнім.
Өлмедім, қалдым өзіңді көргенде мана
Көктен де қара көзіме, жерден де қара.
«Сүйемін» дейді отымен, нұрымен барлық,
Ғұн қалқам, ғашық болмайды өлгенде ғана» - дейді. Жұматайдың сезіміндегі байырғы Ғұн әлі өлмеген, әлі де тірі, оның асыл қасиеттері тірілердің бойына сіңіп, бозбаладай адал жүрегімен әлі де ғашық болуда. Жұматай оны сүйікті жас қызындай сүйеді. Оны өлтіру - ақынға өзі өлгенмен тең. Сондықтан да, «Ғұн қалқам ғашық болмайды өлгенде ғана» деген жалғыз сөйлемді өлеңнің соңына әзер тастайды. Біздің құдайдай көріп, табынатын шығыс ақындарының қайсы бірін алып қараңыз? Олар да, шарабын ішіп, іші өртеніп, мас отырса да, өлімге барғысы жоқ. Өлімді - мәңгілік деп түсінетіндіктен, оны өлердей сүйеді. Бірақ, өлмейді. Жұматай да, өлім мен тірлікті солай сезінеді. Оған өлең жазу мен шарап ішудің арасында айырмашылық сезілмейді. Ол шараптың өзі де тәтті шарап. Махаббат шарабы. Батыстың сезімді улап, күрмейтін, ақыл-есті алжастыратын у шарабы емес ол. Махаббатқа мас болып, дүние тірлікті соншалықты сұлу, соншалықты адал пері қызын құшқанмен тепе-тең сезінерлік тәтті түсінікті көкірегіне ұялатқан ақын үшін өлім мен тірлікті ажырату мүмкін емес. Өйткені, оның бәрі ақынның сезім құшағына түгел сиып тұрған дүниелер. Сондықтан да, өлмес ақын өзгені өлтіруді көкіректегі "қылмыс" деп түсінді. Ақын өшпес тірлікті ғана жырлады.
VIII
«Алтын күн кешікпей батады,
Алтын күн кешікпей өледі!..»
Мағжан.
Жұматай үшін өлі адамдар жоқ. Өлік - адамдар ғана бар. Олар туа солай пайда болғандар. Жұматай адамның ғұмырын сезім ұлылығымен өлшеген. Адамгершілік сезімді, адал адамдар мәңгі жасамақ. Олар батқан күн тәрізді бүгін жылап өткенмен, ертең қайта келетіндер. Өлі бейне «сұрлар» тобы.
«... Арамды да адам деп адастым бір уақ,
Ей, өлең маған қарастыр досыңнан қымбат.
Сопымсып отыр, молдамсып отыр мына бір сұр бет,
Шамасы келсе Алатауды да монастырь қылмақ» - дейді ақын. Жұматай оларды адам санына қосқысы келмейді. Жандылықты (жан ұясын) оларға теңегісі жоқ. «Сұрлар» тобы ішіп-жеп, өмірдің құнын қарынның күйісімен өлшейді. Қарыны жынға толған «сұрлардың» сезімінде саңылау, өңешінде тойымдылық болмаған. Олар тірлікке пайда жасаудың орнына, сау тәнге ауру жұқтырады. Және де, тірлікке пайдасы жоқ бола тұра, тірліктен өшпейді. «Сұрларды» тірліктен құрту - қажетті бола тұра, қажетсіз. Жұматай ақын өлең сөзіне «сұр» өңді осындай терең сырмен, адамгершілік ұғымын жынға айналдырған салқынқандылар арқылы енгізіп келді. Солғын тартқан сұр өңнің тірі жанға жайсыз екендігін айқындап берді. «Сұрлар» арқылы нағыз адамдардың мәңгілігі дәлелденді. Жалған атақ, жалған бақыт өшеді, солғындап жоғалады. Ал, адамгершілік пен адал махаббаттылық ешқашан өшпейді. Мұны Жұматайдың өлеңінен айқын аңғаруға болады.
IX
«Ай мен күннің өлгені,
Түнеріп барып батқаны.
Өлмегенде не өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
Жақсының аты өлмейді.»
Таймас Жудас.
Шығыстың өлең сөзіндегі «күн», «гүл», «нұр» деген теңеу сөздер ежелден қалыптасқан терең ұғымды дәлелдейді. Оның түп-тұқияны - Шығыс күннің, нұрдың мекені екендігінде. Шығыстың ақындары өзін күннің, гүлдің, нұрдың ақыны ретінде түсінген. Қазақ өлең сөзіне нұр әуенін Мағжан Жұмабаев аса шеберлікпен жеткізе білген. Ежелгі түріктердің (Орхон жазбаларындағы) ескерткіш жазбаларында да осындай тәңірлік сарын бар екені байқалады. Тәңір (аспан) сезімді ақын Мағжан мүмкін сол бабалардың үлгісін пір тұтқан шығар. Жұматай да сол күннің, гүлдің, нұрдың ақыны екен.
«...Гүлді көрдім, нұрды көрдім күнгейден,
Кең дүние ұланғайыр жыр ғой кен.
Жасыл заңғар, асқар тауда өсіп ем,
Алалық та бар екенін білмей мен.
Алда еді ғой, алсам дейтін арманым,
Алда еді ғой, жанатұғын бар бағым.
Мен білмеппін, сол қалпында білмеппін...» Жұматай күллі адамзаттың ақыны. Сондықтан да, оны тудырған ана қарапайым қатардағы ана емес. Ол - тірлік атаулыдан мәңгі нұрға ғана теңелер өлместік құбылыс. Оның мекені - тірлік пен тәңір аралығындағы пәк мекен. Себебі: кең дүниені түгелдей көкірегіне сыйдырып алған ақынды тудырған ана құдіреті де - тәңірінің қуатындай алып. Топырақ-тозаң, құрт-құмырсқа, өзен-су, орман-тоғай, тау-тастың бәрінде ақынның жаны бар. Ақын жаны солармен біте сіңіскен. Ақын өзін жас гүлдің қауызынан, топырақ тозаңының түйірінен, жапырақтың сылдыр-сусылынан көре біледі де. Сондай сезімдегі сәттерінде жаратқан күштің құдіретіне табынумен болады. Ақынды тудырған ана - қүн нұрлы гүл-ана, гүл-тегі. Құдіреттілігі - дем тисе солып қаларлық нәзік те сұлу гүлдің ақынды жаратқандығы. Шығыс ақындарының сезім ерекшелігі осы. Мұндай тәтті өлең ақында өте көп. Тәттілігі сонша қайта-қайта оқи бергің келеді. «Көгісім бұйра, секілді көгісім сеңсең,
Көгістің сұлу тәңірдей перісін көрсем.
Жылайды жүрек аққұба мұңына қарап,
Сен үшін өлсем арман не, сен үшін өлсем.
Будданы - үнді, Алланы қадірлер - араб,
Ішкендей ақын күйі әсем әр үннен арақ.
Сен үшін өлсем арман жоқ сен үшін өлсем,
Жылайды аппақ ән сүйген тәңірге қарап...» Мұндай әсерлі сазды талдап, тәптіштеп, боршалап, түсіндірудің өзі ойсоқырлық емес пе?! Бұл - үнсіздікте жалғыз өзің ғана отырып, тыңдай беретін нағыз өлең, нағыз саз. Өлеңнің кейбір жолын үзіп алып, «солай» деп түсіндіруге келмейді. Әуелі түсіндірмек болғанның өзінде, әсемдікті бұзып аласың. Көкірек сезімнен әсем ырғақ арқылы төгіліп тұрған ән сазына «неліктен?» деген сұрақтың өзі көміліп қалмақ. Әйтсе де, өлеңнен көңілде қалған үш түрлі ойды айтпасқа шара жоқ. Бірінші: «Жылайды жүрек аққұба мұңына қарап», нағыз мұңның аққұба болатындығын, соған қарап телмірген сүйкімді де, сұлу жүректердің жылайтынын бізге Жұматайдың сезім ұлылығы үйретті. Әуелі сіз мұңға қарап телмірген жүрек-қызға ғашық боласыз. Ақынның жүрегі сонша нәзік сезімталдықты игерген. Екінші: Бүгінге дейінгі қалыптасқан ұғым бойынша будда - үндінің, Алла - арабтың таратқан сенім үлгісі екенін біле тұра, біз оны дәл солай деп айтуға бата алмаймыз. Өйткені, сенімдегі ең үлкен құдірет - пайғамбарлар да, адамзат тек солар арқылы ғана жаратушыға барар жолды таппақ. Жұматай осы сенімге үлкен жаңалық ашып, тәңір сеніміндегі көне ұғымды жаңғырта білген. Өзіндік (қазақы) сенім құдіретіне деген соны жол тауып, тек сол арқылы дүние-тіршілікті аялап, рухани ойдың биігіне көтерілген. Ол - құдіреті мұңына дейін тазарған жүрек сазы мен жүрек үнін бейнелеген өлең сөздің қасиеті еді. Жұматай ақындықты құдіреттілік деп бағалап, сол арқылы адамдарды өз-өзінің көкірегіндегі жасырын құдіреттің құпия сырын ашып, тек соған табынуға шақыра білген. Үшінші: Сезім тазалығы арқылы мәңгілікке ашқан жолы. Жұматайдың сезіміндегі кең әлем - аппақ әнге көмілген ақ өлең-әлем. Сол әлемде зұлымдық пен зомбылық, қуаныш пен қайғы сондай-ақ, ақ пен қара, жақсы мен жаман деген сияқты түрлі ұғым жоқ. Онда тек махаббаттылық пен мәңгілік қана бар. «Сен үшін өлсем» деген арман айтылып тұрғаны болмаса, қайғылы өлім жоқ. Кеңістіктен жылап төгілген аппақ ән мен ұлы тәңірге деген құштарлық болғаны болмаса, әуелі ақынның өзі де жоқ, ол да аппақ сезімге сіңіп кеткен, сезімге айналған. Мағжанның «Әлдиле, өлім әлдиле...» дейтін ғажайып өлеңі есіңізде болар. Жұматайдың мына өлеңі де, Мағжанның өлеңінен ешқандай кем түспеген. Әуелі Мағжаннан кейінгі қазақ ақындарының мәңгілік туралы түсінігі едәуір түзелгенін аңғартады. Заман талабының өзі де, мәңгілік болмақ. Ақын заман талабын таптық ұғымға айналдырған кереғар кезеңде өмірге келді. Сол тұстағы түсінік бойынша, жалаң (жылауық) өлең жазуға болғанымен көкіректегі нағыз арман-мұңды дәлелдеуге берік тиым салынды. Өмірлік мақсаты - бес, он жылдармен ғана шектелетін күрмеулеу түсініктің өміршең талапқа сай келмейтінін Жұматай ақын жете түсінген де, оны мәңгілік ұғыммен жеңе білген. «Сен үшін өлсем арман жоқ, сен үшін өлсем» деп өлімді де, еркелете жырлап, аппақ ақ үнді жылатып, тәңірге қаратып, алақан жайдырады. Әлемді аппақ ән көмкеріп, айнала түгел ақ әнге балқыған өлімдей бейбіт рахатпен тәңірді іздеп жырлайды. Көкіректі құрсаған түнек сезімнен арылып, жан рахаты мәңгілікті іздейді...
X
«...Өлгені емес, жерді тастап кеткені,
Шын бақытқа ерте бастан жеткені.
Ізгі оймен жайлы жаннат төрінен,
Орын алып Ата-Анасын қүткелі!»
Мағжан Жұмабаев
« Әр жыл сайын әлде қайдан, бір жел есер...»
Жұмекен Нәжімеденов
Көркем суретпен бейнелеуге келмейтін, қолмен ұстап, дәл солай деп айтуға болмайтын өң, бояу, түрлі сезімнің өзін сөз арқылы жеткізуге болады деген ұғым Жұматай ақынның бірден-бір мақсаты екен. Көзге көрінбейтін тек қана сезім арқылы көкірекке ұялайтын мұндай суреткерлік өлмес таланттардың ғана қолынан келсе керек. Әуелі сезім ұлылығы - Будданың бұрхандарының өзінен мұнша терең суреткерлікті көру - қиындыққа соғар. Міне, тірлікте ән атаулыны «жылатып», сезім тәңірін алақанына қондырған суреткер ақын - қазақтың Жұматайы деп айтуға боларлықтай. Оған әнтек біздің өзімізді көзге ілмейтін, бейсезімділігіміз жол бермейді де. Оның есесіне «шығыстың бәленбай деген ақыны былай депті» десек сонда барып, соған ауыз ашып, көз жұмамыз. Қазақ ақындарында сондай ұлылық бар дегенге сенбейміз. Өзімізді өзіміз құр босқа қызғанамыз. Бірде әдебиет төңірегінде болған әңгімеде моңғолдардың аса талантты ақыны Дашбалбар: «Қазақ оқырмандарына Олжасты түсіну үшін әлі де мың жыл бар» деген еді. Біздің ұлы ақындарымыз жайлы түсінігіміз тар. Олардың көркемдігіне бойламай, есесіне жалған мақтап немесе өсектеп, бар болғаны өлгенін тойлаумен ғана шектелеміз. Өйткені бодандық сезім бізді солай қалыптастырған. Біз дүниеде ұлыларды құдайдай тудыратын, бірақ та ұлыларымызды мойындамайтын халықпыз.
XI
«Күмілжіген көк аспанның иесі болып тудым мен»
Явуухулан (моңғол ақыны)
«...Көктесің, Сәулем!
Қарай ма Үркер де бері,
Аспаннан қарап аяй көр мені.
Аяқтан шалып, абайсыз бір пенде мені,
Зындандай мұңға (зымстан) түсірген еді.
Ұға алмай қалдым қайда күй, қайда өлең сел?!...» Шуақты сезім мен көгілдір аспан, жарық жұлдыздар мекенін шарлап, ғажайып өрнектер арқылы соларды жан көкірегіне сіңіріп алып жүрген ақын аңдаусызда бой алдырып, күнделікті күйбең тірліктің ортасына кенет келгендегі «әттең-ай» деп айтқан өлеңі бұл. Онда да сезім мастығы мен жүрек махаббаты басылмаған:
«Ұға алмай қалдым қайда күй, қайда өлең сел,
Шыға алмай қалдым хал осы түсінсең мені.
Шатастырамын да жатамын Ай менен Сені,
Сәулеңнен ұстап шығар ем түсірсең бері» дейді ақын. Әлі де болса, айға қарап өз орнын іздеп, тірлік тұңғиығында жан махаббатын айменен шатастырады. Айлы аспан, көк жұлдыз мекені оның жүрегіне мәңгі ұялаған. Айсыз - ақында күн жоқ, тірлік те жоқ. Алғыр ақын дүниені Ай арқылы, Үркер арқылы сезініп біледі. Жүрек махаббатын да Ай арқылы сезінеді. Құпия, ашылмаған кеңістікті аңсайды, соны арман қылады. Күнделікті тұрмысқа өзінің қалай келіп қалғанына қайран қалады. Айдың сұлу сәулесін толық сезінген ақын көзге көрінбес нәзік сәулені қолмен ұстап, аспан биігіне өрмелеуге құмартады. Аспан төрі - ақынның кеңістік мекені. Сол кеңістік арқылы заманын өлшеп, бағалайды. Өзін жете түсінген ақындар үшін аспан кеңістігі қайткенде қажет. Өлең сөзге көкірек қалауымен келген ақын тек сондай құдіреттің ғана дегенімен болмақ. Әрине, ол екінің біріне келе бермейтін үлкен бақыт, мәңгі ұлылық!
XII
«Әлем орнағаннан жүз жыл бұрын, Ақын туыпты»
Расул Ғамзатов
Ақын Жұматайдан соң (бәлкім бұрын да шығар) алып Жоңғардың сілбесін тістеген Көксу мен Қаратал екеуінің аралығында тұрмын. Бұл жерде үлкен ақын өмірге келген деп ойлағандықтан ба, әлде көкіректе ақыннан қалған сүрлеудің ізі көрінгені ме, тау қойнынан сарқыраған долы өзен жүрекке өлең болып құйылады. Мен өмірге Жұматайдан соң немесе бұрын келгенімді біле алмай дел-салмын:
Сені бөлеген тағдыр Көксуға мені әкелді,
Сол бағы көк самал баяу ғана желпиді.
Мұңы өшкін, қураған шөбі де өшкін,
Марғау дала әлде бір күйге елтиді.
Сырын ұққан ақынның үнін тыққан,
Мылқау Көксу несіне көп жыл аққан?!
Асан қайда, әулиелі заман қайда?
Әдіре қал, сұмырай зұлым баққан.
Көп жүйректен көк дөнен тым бөлек-тін,
Болмағанда шаңын да бір көрмеппін.
Махаббатқа уланған мас бұтаның,
Бүрін тістеп осылай ойға кеттім....», - деп өлең де жаздым. Бірақ та, ақынға деген сағыныш басылар емес. Ол мынау кең даланы түгелдейін иеленіп, көлбеген көк мұнарға мәңгі сіңіп алғандай;
«- Мені көрмей ұйықтап тұрсаң, оян ел,
Өзің болсаң, жолыңды бер, ноян-ер.
Жұрттың аты жетпегенде - қоя бер,
Жұрттың сөзі өтпегенде - қоя бер!» Ақын өмірге келгенде осылай деп айтқан екен. Аз да болса, ұзақ, ащы болса да тәтті, жалт етер өмірінің соңында: бар дүниесін махаббатына арнап, көкірегін өкініш сыздатқан сәтте:
«Тоз-тоз болдым. Енді кімге илігем?
Өз халіме өкінішпен көп күлем.
Атығайдың құласынан жүйрік ем,
Адайлардың қылышындай өткір ем.
Мұңлы басты енді кімге қосамын,
Тәу еткізген теңдесі жоқ бақ, қайғым,
Қара шашты қол жетпеген қосағым,
Мен өзіңсіз табытқа да жатпаймын!», - деп ендігі барар жерінің өзі бөлек, мәңгі махаббаттар мекені екенін аңғартыпты. Ақын мына өмірге жан қосағын қалдырып кетуді тозақ деп түсініпті. Махаббатсыз өмір сүру сұлу жүрек ақынға үйлеспейтіндей. Әрине, адамдардың сезіміндегі - «өлді» деген түйсік қана болғаны болмаса нағыз ақын әлі де өлмеген...
1992 ж. Балқаш – Қаратал