Өзге аймақтардағыдай, Павлодар облысында да карантин жағдайы әр саланың дамуына өз «түзетулері...
Дәстүр бастауына. «Наурыз-думан» мерекелік концерті өтеді
Шуақты Наурыз мейрамы «Астана Операда» кеңінен атап өтіледі. Халықтық мереке күндері театрдың екі сахнасында да мазмұнды бағдарлама ұсынылады: 19 және 21 наурызда елорда тұрғындары мен қонақтарын театрдың Үлкен залында танымал қазақстандық композитор Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» ұлттық опера-балеті күтеді. Ал Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда сан алуан ұлттық әуендерге толы «Наурыз-думан» мерекелік концерті өтеді.
– Наурыз – еліміздегі сүйікті мерекелердің бірі, ол табиғаттың жаңаруымен, жаңа жылдың басталуымен және көктемгі күн мен түннің теңелуімен байланысты. Көне заманнан бері Наурыз сұлулық пен жасампаздықтың, бейбітшілік пен келісімнің нышаны болып табылады. Барша қауымды осынау керемет мерекемен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, шабыт пен табыс тілегім келеді. Жаңа жыл елімізге молшылық алып келсін, бірлігіміз одан сайын нығая түссін, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.
Айта кету керек, биыл қазақ әдебиетінің классигі Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай 2022 жылдың соңында «Астана Опера» репертуарын «Қалқаман – Мамыр» ұлттық опера-балеті толықтырды, оның либреттосы Шәкәрім поэмасының желісі бойынша жазылған. Қайғылы махаббат оқиғасы баяндалатын спектакльдің премьерасы театрдың Үлкен залы сахнасында аншлагпен өтті. Опера-балет қойылымдық топтың күш-жігерінің нәтижесінде зор табысқа ие болды. Қойылымдық топ құрамына қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріАбзал Мұхитдин, қоюшы режиссер, Ресейдің Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александров енді. Балетмейстері Надежда Калинина, сценографтары және костюмдер бойынша суретшілері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов болды.
Сонымен, 19 наурызда өтетін опера-балетте басты кейіпкерлер – Мамыр мен Қалқаманды солистер Әсем Сембина мен Саян Исин сомдайды. Әнет баба – Расул Жармағамбетов, Көкенай – опера труппасының жетекші солисі Евгений Чайников, Олжай – Талғат Аллабиринов. Араға бір күн салып, яғни 21 наурызда спектакльде бірқатар дебюттер орын алады деп күтілуде: Мамырдың партиясында сахнаға алғаш рет «Астана Опера» солисі Назым Сағынтай шығады, ал Қалқаманның партиясында Нарұл Тойкенов дебют жасайды, Көкенайдың бейнесін алғаш рет ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының шәкірті Валерий Селиванов сомдайды. «Астана Опера» опера труппасының солисі Бейімбет Таңарықов Олжайды өз интерпретациясында ұсынады. Спектакльдің екі күнінде де Мамырдың жаны және Қалқаманның жаны партияларын балет труппасының әртістері Гүлназ Жанаева мен Бекзат Орынбаев орындайды.
22 наурызда мазмұнды бағдарламаны «Наурыз-думан» концерті жалғастырады. – Біз Наурызды жыл сайын қызықты етіп өткіземіз. Елордалық көрермендер бұл мерекенің біздің театрда халық әндерінсіз өтпейтінін, сахнаның киіз үй түрінде безендіріліп, әртістер ұлттық киімде болатынын жақсы біледі. Наурыз – барлық шығыс халықтарына ортақ мейрам болғандықтан, ал Қазақстан түрлі ұлыстардың ортақ шаңырағына айналғандықтан, концерт бағдарламасына ұлтаралық бірлік, татулық пен келісімді паш ететін туындылар енді. Опера труппасының солистері мен Astana Opera академиясының болашағынан үміт күттіретін жас вокалистері қазақстандық композиторлар жазған туындыларды, ұлттық опералардан арияларды шырқайды. Сондай-ақ көрермендерді флейтада, қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра мен қобызда жеке орындаулар күтеді. Концертте орындалатын нөмірлер көктемдей шуақты, көңілді әрі жарқын, – деді театрдың музыкалық кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова.
Қазір театрда дайындықтар белсенді жүріп жатыр. Әртістер мерекені тағатсыздана күтіп, жақында сүйікті көрермендеріне ұсынатын жарқын нөмірлерін дайындауда.