Айгүл Кемелбаева. Жоан Роулиң. «Хәрри Поттер»

ӘДЕБИЕТ
1997

Эссе

 

Бестселлер.

XX ғ. орыстың ұлы ақыны Анна Ахматова «Я научила женщин говорить», – деп атап жазғандай, ағылшын әдебиетінде әйел адамның кәсіби жазушылық жолын бастап берген Афра Бен (1640-1689). Ағылшын, ирланд әйел жазушыларынан әзірге бесеуін – Энн Редклифф, Джейн Остин, Эмили Бронте, Джордж Элиот (псевдоним, шын есімі Мэри Энн Эванс), Вирджиния Вульфтың кітаптарын оқыдым. Шарлотта Бронте, Агата Кристи сомдаған дара кейіпкерлерді экраннан көрдім. Даусыз классик болғандықтан барлығы да әйелден ақын-жазушы шықпайды деп кемсіткен астам қоғамдық көзқарасты жазмышына құдай еншілеп берген қалам қуатымен жойып жіберді. 

Осы лекке бертінде қосылған Роулиң ханымның кереметі, XX жүзжылдықтың соңында алғашқы кітабы жарыққа шыққан соң көп ұзамай әлемдегі ең табысты феномен жазушыға айналғаны. Ол есімі брендке айналған жас қаһарманды сомдаған автор. Бас-аяғы 25 жылда балалар әдебиетіне олжа салған бестселлерлер шеруі жарты миллиард данамен 80 тілде жарық көрген. Мұндай алапат шығармашылық жетістікті дүниежүзінің мыңдаған жазушылары армандайды, бірақ ілеуде біреуге бұйырмақ бақыт. Қазіргі интернет заманында атақты болу оп-оңай, ал әдебиетте дәл осындай биікке жету көбінің өңі түгілі, түсіне де кірмейді. Қара пиардың дүлей құзырын көне дүниеде сезіп қойған есалаң Геростратқа еліктеп, «Атың шықпаса жер өрте» принципімен көзге түсетіндер бұл санатқа әсте кірмейді. Әдебиет жер шарын жиектеп жатқан суларға тең түсетін зор аумақты қамтиды. Оның еншісін теңізге ұқсату осыдан шыққан. Жүз мыңдаған авторлардың арасынан жұмбақ бәйгеге шапқан қас жүйріктей суырылып шығып, дүниежүзілік аудиторияны иемдену қалам ұстаған жандардың ең асыл мұраты. Әдеби Олимпте әбден орныққан Жоан Роулиң сондай таңдаулылардың бірі екені туралы содан беріде талай зерттеу мақалалар жазылған болар. Оның ең басты себебі, жазушы соңғы 30 жылда балалар әдебиетіне қосылған кесек туынды, айшықты образ тудырғаны. Балалар әдебиетінің алтын қоры жаңа кейіпкерге, таңғы сәуледей уыз бейнеге зәру болған дер шақта Хәрри Поттер пайда болды. Роулиң дереу циклдік тізбек романдар жазып тастады.Киноиндустрия бұл жобаны жүзеге асыруда бәрінен асып түсті. «Хәрри Поттер» деген есім дүниежүзілік брендке айналып кетті. Оның фанаттары жын атады. Бұл кітаптың орыс тілінде И.Оранский жасаған аудармасын 16 жыл бұрын оқығанмын. 

Жоан Кейтлин Роулиң. «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» атты кітапты 2020 жылы «Steppe  & World Publishind»  баспасынан Раиса Қадырқызы қазақ балалары үшін түпнұсқадан ана тілімізге тікелей тәржіма арқылы 5000 данамен жарыққа шығарды. Ағылшын тілінен аударғандар: Н.Берікқажы, Д.Мәзен, С.Мұхамедияр. Жауапты редакторы Назгүл Қожабек. Жатық, өз деңгейінде кәсіби аударылған кітап қазақ тілінде оқитын балалар үшін шытырман оқиғалы әдебиет тізіміне енді. 

Асқан білім құдіретін – библиофильдікті ғылыммен үйлестірудің феноменін XX ғ. басында Джон Рональд Руэл Толкин (1892-1973) бастап беріп,  ғасыр аяғында философия мен детективтің бағалы қоспасын түзіп шығарған демиург Умберто Эко қайта жаңғыртты. Ол интеллектуал жазушыларға шығармашылық лабораториясын, оның алхимиктік, әулиелік құпиясын көрсетті. Классикалық әдебиетті терең игеру нәтежесінде қарызға алынған бір түйір поэтикалық дәннен тұтас жеміс бағын өсіріп шығарған қазіргі заманғы жазушылар жетерлік. Бұл ретте миф ашытқы сияқты. «Әрбір қайталап айтылған миф оның жаңа нұсқасына алып келеді, – деп жазады «Грек мифологиясы бойына жолкөрсеткіш» атты кітабында Стивен П.Кершоу, – мифке жаңа түсінік беруге болады». Көптеген жазушылар бұрын жарияланған басқа кітаптардың негізінде кітап жазатынын, дайын идея, оригинал сюжетті иемденіп, бөтен ой қорын малданатынын француз философы Гельвеций дәл басып айтып кеткен. 

 Роулиңнің жазушылық түйсігі алдаған жоқ, ол ескі мен жаңаны шебер қабыстыра білді. Оның көз алдында шамшырақтай жарқырап Толкин тұрды, несін іркілсін. Ол жазуды енді бастаған, аты жоқ белгісіз автор деген титтей аралдан-тар шеңберден шеберлігі асқан Дедал тәрізді қашып шықты. Оның қанат-қауырсындары мифология, магия және көркем әдебиеттің өлшеусіз қазынасын білетіндіктен қабыса қойғаны айдан анық. Мұның астарында Роулиңнің әдебиетке деген ерен сүйіспеншілігі жатыр. 

Балалар әдебиеті классиктері тудырған кітаптар жер бетінде адамзат барда өлмейді. Есейіп кетсең де естен тандырардай таңғажайып романтикаға толы қызықты кітаптар санаңда жарқырап қала бермек. Даниэль Дефо, Джеймс Фенимор Купер, Томас Майн Рид, Марк Твен, Роберт Луис Стивенсон, Д.Р.Р.Толкин. Бұлар ағылшын әдебиетінің ірі тұлғалары. Ал дүниежүзінің басқа тілдерінде жазылған балалар әдебиетінің алтын қорына енген үздік кітаптар қаншама. 

Балалық шақта шытырман кітаптарды орыс тілінен аударған бірқатар аудармашылардың есімі мен үшін құрметке лайық. Ол уақытта орыс тілін білмеуім себепті, тұпнұсқадан орыс тіліне, одан үшінші тілге тәржімаланған кітаптармен өскенімді несін жасырайын. Әбілмәжін Жұмабаев сияқты тамаша аудармашылар ұсынған шедевр кітаптарды іздеп жүріп оқитынмын. 

Аудармашы топ Роулиңнің романын ана тілге мейлінше дәл аударуды көздеген. «Ол диванға беттеді де: – Ары отыр, балпи, – деп қорыққанынан сілейіп отырған Дадлиді қағып жіберді», (56 бет).  Оған қорықшы Хәгрид «балпи» дейді. Семіз, толық денелі томпақ баланы «балпақ», «балпиған» дейді, расымен аудармада «балпи» зат есім түрінде дұрыс келіп тұр. Тәржімада бірен-саран ауызекі нұсқа түрінде кетіп қалған: «ашты», «пысқан» деп аударылған, дұрысы «ащы», «піскен». «Ғайып-шапан» аудармашылардың сәтті ізденісі. «Жұлбасты Ник», «алаушырақ» деген сөздердің аудармасы «Почти Безголовый Ник», «каминная полка» екен. «Жұлынған бас» десе анығырақ болар ма еді. Мәтінде «тарантул» деп (105 бет) берілген. Оның қазақшасы бүйі емес пе? Эдгар По «Алтын қоңыз» атты әңгімесінде бүйі сөзін келтіріп, эпиграф ойлап тапқан. Ол түсініксіз әрі құпия нәрселерде қисынды түсінік, себеп бар деп білген. 

Таңбалы бала. 

Автордың маңдайына бақ құсы болып қонған таңғажайып кейіпкер – Хәрри Поттер. Дүниежүзінде дөңгелек көзәйнек таққан, қолында сиқыр таяқшасы бар бұл баланы білмейтін бала аз болар. Жазушыны арман-мұратына жеткізген Хәрри Поттер кім? Ол кімге ұқсайды деген маңызды сауал тумай қоймайды. Кітапта құпия код, аллегория және мифтік сарын көп. Таным таразысына салып, талдап, астарын танып жазуға татитын шығарма.

Жоан Роулиң алғашқы тарауда-ақ сәуегейлік айтады. Ең ғажабы, бұл сөз автордың жеке басына қатысты айтылған көріпкелдікке айналып шыға келді! «Ана кісілер баланың қабілетін ешқашан ұқпайды ғой! Ол өскенде атақты тұлғаға айналмақ. Болашақта бұл күн Хәрри Поттер күні деп аталса да таңғалмаспын. Әлемде оның атын естімеген бала болмайды», – дейді профессор Макгонагал Дамблдорға. Автор каббаланы терең меңгеріп, өз өмірінің жарқын сценарийін жазып отырғаннан аумайды! Пифагор, Ньютон, Парацельс, Фрейд, Лейбниц – аз ғана адам каббаланы Әлемнің рухани заңдарын және оның физикалық дүниеге ықпалын түсіну үшін зерттеген екен. Қазақ халқының дүниетанымында: «Жақсы сөз – жарым ырыс». 

Магия министрлігі жөргектегі Хәрриді нағашы тәтесінің отбасына әкеп, табалдырыққа қойып кететін күні ерекше құбылыс болды. Лондон көшелерінде жүздеген үкі ұшып, айнала қаптап кеткен мантия киген адамдардың біреуі бұл күнді «Атың өшкірдің көзі жойылған керемет күн» атап, «Поттерлер, ұлы Хәрри» деп айтқанын мистер Дурслидің құлағы шалып қалады. Мантия – таза жүн матадан тігілетін плащ, ертеде монарх патшалар, шіркеу қызметкерлері кисе, кейінірек академиялық киім ретінде оқымысты-ғалымдар киеді. Шырғалаңы мол туындыда  мантия және үкілер асқан білім, даналық атрибуты. Яғни, таңдаулы, элита деген ұғым өздігінен сүзіліп  шығады. Мантияның қара түсін түнекке теңейтін өлең оны киген топтың былайғы жұртқа беймәлім тірлігін астарлаған сияқтанады: «Мантия мрака на безднах земли», (М.Волошин). 

Ганс Христиан Андерсеннің «Ұсқынсыз балапан» аллегория ертегісінде ұша алмайтын үй құсы үйректің балапаны саналған аққу құс сияқты Хәрри Поттер бір сәтте зорайып шыға келеді. Баспалдақты қойманың астында ұйықтайтын жетімек бала аяулы, таңдаулы, тағдырдың тылсым таңбасы түскен  дара болып шықты.

«Хәрри Поттер» жарыққа шыққан соң Поттерианаға қарсы шыққан қауым дәстүрлі діндер – христиан және ислам дін өкілдері болды. Оккульттік сайтани қитұрқылық уағыздалған зиян-залалды, жас ұрпақтың солқылдақ санасын адастыруға бастайтын теріс мағыналы кітап саналды. Көне инквизиция дәуірінде пұтқа табынған ескі өркениеттің күпірге негізделген мұрасын, әзәзілдік рух жайлаған қолжазбаларды отқа жаққаны сияқты өртеп, құртып, басылымға тыйым салмаққа үндегеннен кейін бұл кітаптың даңқы одан сайын аспандай түсті. Әрқашан адам табиғатынан өшпес қайшылық: тыйым салынған жемістің дәмі тәтті. 

Хәрридің шекесіне түскен белгіні оның әке-шешесін өлтірген жауыз дұшпан салған. Бала ажалдан тылсым жағдайда құтылды. Жас баланың маңдайына түскен найзағайға ұқсас тыртық крест-айқышқа шегеленген мезетке тұспал тәрізді. Көне пайғамбарлар Исайя, Енох құдай Люциферді астамшылығы үшін жерге, жерден тамұққа лақтырды, Жаратушының қаһарына ұшыраған азған періште көктен құлдилай құлағанда ирек-ирек найзағайға ұқсады, бірақ күлге айналып кетті, жаны соқыр сияқты түпсіз тұңғиық қапаста кезіп жүр деп жазады. 

Ал қас дұшпан Волдеморт нәресте Хәрриді өлтіргісі келуі Иисус Христос туған сәтті жұмбақтайтын параллель тәрізді көрінді. Емшектегі нәрестені төніп тұрған қауіптен ала қашу інжілдік діни сарынға сәйкестеуге әбден сұранып тұр. Тиран Ирод патша Мессия, Христос жарық дүниеге келерде жаңа туған жас нәрестелерді тегіс қырғызған трагедияның боларын алдын-ала сезген игі күштер Құдай Анасын-дева Марияны алшақ әкетеді. Осы эпизодқа сәйкес Хәрриді зұлым күштер мен сұқ көзден сақтап қалуды мұрат тұтқан Дамблдор: «Одан да жасы жеткенше у-шудан аулақта өскені жақсы емес пе?»,– дейді. 

Көк жүзінде Вифлеем жұлдызы пайғамбар тууын паш етіп жарқырағанда шығыстан абыздар оған үш түрлі сый-сияпат алып, іздеп барғаны сияқты жөргектегі Хәрриді Хәргид әкеле жатқанда мына екеуі де мистер Дурслидің үйін төңіректеп жүр. Тіпті миссис Макгонагал бүркеншік кейіпте, мысыққа айналып сол маңды қорып отыр. 

Алып денелі Хәгрид ораулы баланы қойнына тығып, ұшатын мотоциклмен әкелуінде де бір гәп бар. Мұнысы аспани символ болар. Әрі «Жауған жұлдыз» деген нышан тағы бар. Сондай-ақ бала Хәрриді сиқыршылардың баршасы бір көргеннен-ақ қадірлеп, пір тұтып қарайды. Былайша айтса, данышпандар нәресте Иисус Христосты тануына тең түсетін сілтемені жазушы ишарамен береді. Бірінші тараудың соңында құпия бас қосуларда «Ана баланың тірі қалғаны» үшін деп шарап ішіліп, тост көтереді. Бұл кішкентай сәбиді әулие санаумен тең емес пе?! «Дәл осы сәтте бүкіл ел ішінде құпия кездескен адамдар стақан көтеріп: «Ажал аузынан қалған бала – Хәрри Поттер үшін!» деп сыбырлап жатқаны оның үш ұйықтаса түсіне кірмес еді» (26 бет). Сөйтіп, автор ә дегеннен-ақ бесіктен белі шықпаған бөпеге көсемдікті, таңдаулылықты таңып жіберді. 

Інжілдің Матвей жазған нұсқасында Ирод патшаның кезінде Вифлеем көгінде жарқырай туған жұлдызға қарап болжап, маг-абыздар келіп: «Дүниеге келген Иудей патшасы қайда? Өйткені біз Оның жұлдызын Шығыстан көріп, қастерлеп бас июге келдік» дейді. Нәресте әлемнің болашақ әміршісі екенін парсы данышпандары біліп келді. Табиғаттың құпия күштерінің сырын терең білетін оқымыстылар аспан денелерін бақылаумен айналысқан. Бұрынғы өткен әулиелер айтып кеткен көріпкелдік – жер бетіне Құтқарушы пайғамбар келерін білгендіктен абыздар жаңа туған Иисус Христосқа құрмет көрсетіп, бас иіп келді. 

Інжілде түпнұсқада «волхв» сөзі маг деп дыбысталады, мағынасы: сиқыршы, арбаушы. Ортағасырда «волхв» деп жұлдыздарға қарап бал ашқандарды атаған. «Волхв» көне сөз, сиқыршы, бақсы, көз байлаушы, жұлдызшы деген ұғым береді. Бағзы Иранда «maguš» абыздық кастаның бақсылары және мүшелері. Магтар саяси өмірде үлкен рөл атқарды, мемлекет істеріне араласты. Қөпқұдайшылық дәуірде ирандық дін абыздары ең алғашқы болып, Иса пайғамбарды таныған ілім иелері деп есептеледі. 

Жұлдыздар адам өміріне қилы-қилы әсер етпегін ақылды адамдар білген. «Құдай сені желден, жұлдыздардың кесірлі әсерінен және сиқыршылықтан құтқарсын!», (Шекспир. «Король Лир»). 

Он жасар Хәрридің террариумда экзотикалық жыланмен тілдескен жерінде оның тегін бала емес екенін Дурслилер, әсіресе, кенет жоғалып кеткен шыны әйнектің кесірінен жылан шағып ала жаздап, өлердей үрейі ұшқан Дадли түсінді. Үшінші тарауда автор Хәрридің жетімдігін айта түседі. Хәрри тұратын қуыс қоймада өрмекші торы бар. Петуния тәтесі марқұм сіңлісінің ұлына жаңа киім әпермей, өзінің ұлы ерке Дадлидің ескі оқушы киімін сұр түске бояп береді. Оны Хәрри өлген пілдің терісін жамылып алғандай (42 бет) деп жақтырмайды.

Ұйқыдағы жылан Хәрри тесіле қарағанда көзін ашты, сонымен қоймай оған көзін қысты. Хәрри өзгелерден өзінің жаратылысы бөтен екенін, сиқыршылығын сезіп қалуы ту жыланнан басталғаны әншейін нышан болмауға тиіс. Жер бетінде ең мифологиялық астары тұңғиық жәндік – жылан. Адам ата және Хауа ананы жылан кейпінде азғырып, жұмақтан қуғызған Әзәзіл туралы аңызды айтпай-ақ қояйын. 

Үкі. 

Вл. Набоков «Шетел әдебиеті туралы лекциялар» атты эссе жинағында «Гюстав Флобер. «Эмма Бовари»» атты тарауда Эмма өліп-өшіп оқитын сүйіспеншілік романдарда ғашықтық хат тасушыларды әрбір бекетте өлтіретін деп жазады. Эмма Бовари Дон Кихоттан жаралған кейіпкер десе несі бар?! 

Роулиңде хат тасушы қызметін атқаратын адам баласы емес. Хәрриді жаңа өмірге бастайтын хаттарды үкі почтальондар тасиды. Құстар қарша жаудырған жұмбақ хаттар Хәрридің қолына тимей қор қылады.Магл туыстары қалай жалтарса да өкшелей қуа келетін сансыз хаттардың сырын түк түсінбеген баланы Вернон жездесі тыйымы арқылы үздіктіріп қояды. Дурслилер отбасы Хәрри балақайды қайда ала қашса да жағдай оңалмайды. Габриэль Гарсиа Маркестің «Алдын-ала хабарланған өлім жылнамасы» атты повесінде осы тектес оқылмай тау болып үйіліп жататын хаттар туралы әсерлі деталь бар. Хәгрид Дурслилер отбасына наразылық ретінде Дадлиге торай құйыршық өсіріп жібергені Маркестің «Жүз жыл жалғыздық» романын еске түсірді. 

 «– Магл, – деп қайталады Хәгрид. – Біз сиқыр жасай алмайтын адамдарға сондай ат қойғанбыз. Маглдардың ішіндегі ең қаныпезерлерінің арасында өскенің өкінішті-ақ. 

– Оны асырап алғанда сиқыр-миқырды тоқтатамыз деп серт бергенбіз, – Вернон жезде. – Адам қылып өсіреміз дегенбіз. Сиқыршы дейді ғой!».

– Сіз білдіңіз бе? – деді Хәрри. – Менің сиқыршы екенімді білдіңіздер ме? 

– Білмегенде! – деп Петуния апай кенет шаңқ етті. – Білмегенде! Әрине, білдік! Шешеңнен асып қайда барушы едің? Ол да тура сондай хат алып, анау мектепке кетіп жоқ болды. Каникул сайын қалтасы бақаның уылдырығына толып, кесені тышқанға айналдыру сияқты қайдағы жоқты үйреніп келетін. Тек мен оның шын бейнесін білетінмін. Ол нағыз есерсоқ болатын. Әке-шешем болса оны әлпештеп, «Лала керемет, Лала ақылды» деп бағып-қақты. Отбасымызда сиқыршы бар екені мақтан тұтты», (61 бет). 

Мына диалог, дәлірегі, бір-бірін қабылдамайтын екі күштің текетіресі, ымыраға келмейтін дау. Бірінші тарауда құпия «магл» сөзі кездеседі.Қиялдағанды өлердей жақтырмайтын мистер Дурсли кім? Менің ең сүйікті жазушым Хофманда «филистер» деген сөз бар. Бұл тоғышар деген мағына береді. (Айтпақшы, сәл шегініс. Қазақша аудармада Джонна Роулингті ағылшын тілінің ережесін сақтап Жоан Роулиң деп алғаны сияқты, Гете-Институттың Қазақстандағы бөлімшесінің стипендиясымен жүзеге асқан жобаға қатысып, 2017 жылы жазда Германияда болған бір айлық әдеби сапарымда орыс тілінің ықпалымен «Г» әрпімен оқитын Гофман, Гессе сияқты жазушылардың есімін өз елінде «Х», «Һ» әрпі арқылы Хофман, Һессе деп айтатынын үйреніп келдім. Біздің қазақ тілінің әріп байлығы мұндай ерекшелікті ауырсынбайды. Керісінше, Батыс Европадағы кельт, роман тілдерінде бар дыбыстар бізде төл дыбыстар болып саналады). 

Маглдар мен магтар – жазушы именбей ұсынған модель – бір-біріне кереғар идеяның астарына көп нәрсе сыйып кетері анық. Роулиң сиқырдан тыс жай адамдар тіршілік ететін әлемді көңілсіз, кейіпкерлерін кілең жағымсыз, тоғышар қылып суреттейді, шынтуайтында, тіпті менсінбейді. Дурслилер отбасының портретін мысқыл, келемеж, мазақпен бейнелейді. «Екеуінің Дадли есімді «әлемдегі ең керемет, ең ақылды» кішкентай ұлы бар», (11 бет). Астрид Линдгрен сомдаған  шатырда тұратын Карлсон өзін-өзі солай атаса, туысы Хәрриге озбырлық қылудан жалықпайтын ойсыздау баланы әке-шешесі дәріптейді. Ел қатарлы өмір сүретін, расында зұлымдығы жоқ мистер Дурсли асыранды баланың сиқыршы болып өзгеріп кеткенін қаламайды. Олар Хоугортс магия мектебіне шақыртуды қабылдайды, сиқыршылықты жек көре тұра көнуге мәжбүр болады. Хат қызғылт балауыз мөрмен бекітілген. «Мөрдегі үлкен «Х» әрпін айнала арыстан, бүркіт, борсық және жыланның суреті салыныпты», (43 бет).  Мұның бәрі символдық белгі. 

Жасырын мекен Хоугортс сиқыр мектебіне қорықшы Хәргид балаларды қайықпен жеткізді. «Үлкен қара көлдің жағасында.. Арғы жағада биік таудың шыңында терезелерінен жұлдызды аспанның бейнесі жарқыраған мұнаралары бар үлкен сарай тұрды»; «Шырмауықтан көрінбей тұрған үңгірге апаратын саңылауға қайықтар біртіндеп кіре бастағанда бәрі бұға қалды», (118 бет). Роулиңнің қиялының ұшқырлығы оның шығармашылық алтын кілті. Сиқыршылар оқитын мектепте класс жоқ, төрт факультет бар, онысы өңі айналған класс, әрине. Он жасар Хәрри бірден факультетке қабылданды. Ертегіге тән сананы жазушы әу бастан қабылдап қойған. Жарыққа тән жылдамдық хикая энергетикасының қозғаушы күші сияқты.  

Дәстүрлі хат тасушы құс – көгіршін, қанша алыс ұшса да өз ұясына кері оралатын кептер почтасын адамдар баяғыдан білген. Роулиң үкіні хат тасушы етіп таңдауы текке емес. Хоугартс сиқыр мектебінің беделді оқытушысы профессор әйел Макгонагалдың есімі Минерва. Жазушының қанаттылардан үкіге назары түсуі  таңдауы сиқыршылар мектебі даналықтың ұясы деген идеяны астарлайды. Зевс құдайдың қызы Афина, оның грекше есімі Паллада, латынша есімі Минерва. Өнертанушы Джеймс Холлдың айтуынша, антикалық Грекияда үкі құдай әйел Афинамен байланыстырылған. «Минерва бейнеленген монеталардың екінші бетінде үкі кескінделген. Сондықтан үкі Минерваны бейнелейтін даналық символына айналды. Үкі үйме кітаптардың үстінде қонақтап отыратыны ақыл-парасат нышанын танытады», (Дж.Холл.«Өнердегі сюжеттер мен тұспалдар сөздігі»). Ежелгі Рим классигі Овидий үкіні «Паллада құсы» деп атайды. «Сок он Палладин возлил белокурой богине Минерве», (Овидий. «Метаморфозы»).

Үкі жыртқыш құс, киелі кітап Библияда жиі кездеседі. Қаңырап қалған мұнараларда, ескі, қираған ғимараттарда, зират маңында мекендейді, қорегін аңдуға түнде ұшады.Түнгі тұнық ауаны, мүлгіген тыныштықты жарып жіберетін үкінің дауысы тым өткір, ащы, наразы. Моисей заңы бойынша үкі таза емес, арам құс. Роулиң зоологиялық деректі біле тұра қасақана бұрмалайды. Үкілер күндіз ұшпайды, ол түн құсы. «Намра айнасы» атты тарауда автордың Рождество мерекесіне таяу, қарлы боранда хат әкелген үкілердің халі мүшкіл еді деп қисындауы артықтау.Ақ үкі полярлық орманды мекендейді, қаһарлы қыстан қинала қоймайды. Хоугартста Хәрри жүздеген үкі құс өз иелеріне арлы-берлі хат таситынын көріп есі шықты.

XV ғ. аяғына таман инквизиция дәуірінде мыстан аулауға көмекші құрал ретінде доминикан монах-теолог Генрих Крамер жазып, қосалқы автор Яков Шпренгер екеуі құрастырған тарихи құжат «Malleus Maleficārum» деп аталады (латынь: «малефика» «мыстан»). Осы кітапта «IV ғасырда өмір сүрген Тур епископы қасиетті Мартин Юпитер, Меркурий, Венера, Минерва бейнесінде жын-сайтандарды жиі көрген», – деп жазылған. Шекспир жазған «Макбет» трагедиясында мыстан әйелдер дайындайтын дуагерлік қайнатпаға енген тізімде құрбақа, жылан майы,т.б. бірге үкінің тұмсығы бар. 

Жаңа дәуірде ежелгі дүниенің қаптаған пұт құдайлары өлі құдайларға айналды. Ескі наным-сенімді жаңа дін санадан өшіріп, қуалап шығаруға тырысты. Ежелгі ірілі-ұсақ тайпалар сан алуан табиғат құбылыстарын түрлі құдайларға, жер-суды иемденген рухтарға балап, шетінен киелі санап, құрбан шалып сыйынған. Мелшиген тас құдайлар әдет-ғұрыптар арқылы қанды құрбандар тілеп тұратын сұмдық жауыз болатын. Ортодоксальды діндер мифтік құдайларды тегіс жын-сайтанға теңеп, қасиетті күшінен айырып әрі қарғыс таңбасын басып, идеологиядан аластап жіберуге мүдделі екенін француз философы Жан Батист Батай жазады. Мифтік сананың заманы баяғыда өтті, алайда табиғат құбылыстарына поэтикалық көзқарастан, сұлу қиялдан туған айшықты бейнелер мифологияда орнығып қалды. Классикалық индуистік пантеонда құдайлар мен құдай әйелдердің санында есеп жоқ. 

Магия. 

Көне заманда Грекияның «қара магия» өрістеген аймағы Фессалия, «халдей» «сиқыршының» синониміне айналғанын Апулей «Алтын есек» романында жазды. Халдей – Евфрат пен Тигр, қос өзен аймағын мекендейтін семит текті халық. Атам заманда бал ашушы сәуегейлер және дуагерлерді шыққан тайпасына қарамастан халдей деп атаған. Осип Мандельштам түнекті суреттегенде: «Обиженно уходят на холмы / Старухы овцы-черные халдеи, / Исчадье ночи в капюшонах тьмы» деген өлең жолдарын жазған. Бұл бейнелеуден сиқыршының түндей қараңғы бәймәлім, жалпақ жұртқа жат астыртын болмысы қылаң беретін сияқты. Тегінде сиқыршылық – ежелгі дін десе болар. Энциклопедиялық білім иесі, интеллектуал жазушы Айзек Азимов әуелгіде Шумер, одан Вавилония, кейінірек Халдея, Месопотамия ақыры Ирак атанғанын, тұтастай бір елдің 4 түрлі атауы болғанын жазады. Ол астрология жалған ғылым дейді. Ежелгі Ассиро-Вавилонияда магия білімнің аса маңызды саласы болатын. Кейінірек «маг» сөзімен сиқыршылар мен астрологтарды атайды. Уильям Шекспир көктегі жұлдыздар жердегі адам тағдырына ықпал етерін жиі айтады. 

XV ғ. аяғына таман инквизиция дәуірінде мыстан аулауға көмекші құрал ретінде доминикандық монах-теолог Генрих Крамер жазып, қосалқы автор Яков Шпренгер екеуі құрастырған тарихи құжат «Malleus Maleficārum» деп аталды (латынь: «малефика»,«мыстан»). Демонология бойынша жазылған трактатта мыстан әйелдер сиқырмен адамды жануарға айналдыра алады дегенге сенген адам құдайға күпір, дінсіз және пұтқа табынушыдан жаман делінген. Мұнда теолог, философ Августин көп құдайға сенетін кітаптарда сиқыршы әйел Цирцеяның Одиссейдің жолдастарын шошқаға айналдырып жібергені көз алдау, сезімді алдау, мүмкін емес, шынтуайтында бұлай болмаған деп жазғанын мысалға келтірген. Мұндай дуаның барын мойындау Жаратушы Құдайға қарсылық, оның құзырына шәк келтіру болып саналды. 

Мұсылман мифологиясында жер бетінде күнәға батқан екі періште Харут пен Марут адамдарға сиқыр үйреткен. Дездемонаның әкесі Брабанцио Отеллоны қара кітап аударатын сиқыршы, қызымның басын дуалап алды деп арыз айтады. Ібіліс иллюзияның қас шебері саналады. «Is рунасы қорғану үшін әрі кез келген магиялық шабуылды қайтаруға тамаша көмектеседі», («Руналар және бойтұмарлар»).  

Романда Хәрридың Дамблдормен алғаш таныстығы бір жосын суреттелген. Бетпе-бет келу яки сырттай көру емес. Хәрри Хогуартсқа бара жатқан жолда, купеде сатып алған шоколад бақаның қорабындағы картада ер кісінің суреті бар. «Жарты ай пішіндес көзәйнек таққан, қисық мұрынды, сақал-мұрты мен шашы аппақ кісі. Суреттің астында Албус Дамблдор деп аты жазылып тұр», (109 бет). Профессор Дамблдорға «Хоугартс мектебінің директоры, қазіргі заманы ең ұлы сиқыршылардың бірі» деп анықтама дерек берілген. Картада сурет іле жоғалып кетті. Сиқыр мекенде бүкіл портреттер жанды, қозғалып жүреді, кісімен тілдеседі. Шахмат фигуралары тірі, аяқ басқан сайын фантасмагория. «Бізде, маглдар әлемінде, адамдар фотосуретте қозғалмай тұрады», – дейді Хәрри Рон досына. Шоколадта карта арқылы кілең сиқыршылар мен алхимиктердің аты берілген. Қазіргі заманғы тауарларды актерлер мен спортшылар жарнамалайтыны сияқты. Моргана, Хенгист, Алберик Граннион, Цирцея, Парацельс, Мерлин. Моргана – фея, кельт аңыздарында король Артур дәуіріндегі Гальфрид Монмутский баяндаған «Мерлиннің өмірі» атты хикаялар кейіпкері. Су культіне қатысты бейне, «теңіз тудырған», Бретонияда керемет теңіз қыздары «моргана» аталады. Мерлин – кельт аңызында ақын және көріпкел. Оның прототипі тарихта болған валлийлік бард Мирддин Жабайы делінеді. Ол Мәжнүнге кезбелігімен,  жалғыздығымен әрі ақындық жаратылысымен ұқсас. Хенгист – аңызға айналған британдық, Кент графтығының алғашқы королы. Альберик Граннион – сиқыршы. Цирцея күн құдайы Гелиостың қызы, Медеяның әпкесі, Одиссейдің жолдастарын шошқаға айналдырып жіберетін дуагер әйел. Овидий поэмада алтыншаш Күн Қызының салтанатты сарайы жабайы аңдарға толы деп бейнелейді. Астрологияда грек мифтерімен тығыз байланысты аспан денелері жетіп артылады. Парацельс (1493-1541) – дәрігер, алхимик, философ, мистик, демонологиямен айналысқан, «Оккульттық философия» кітабының авторы, медицинада Гиппократты мойындап, шөппен емдеуді білген. Ол астральдық ықпал әсерін түсінбей, емші сырқатты емдей алмайды деп санаған. Себебі, адам-микрокосм, ғалам-макрокосм. Борхес «Парацельстің райхангүлі» атты новелласында оның арандатуға иілікпес құдайшыл болмысын жұмбақтайды. 

Хәрри ұстайтын заттардың бәрі дерлік сиқырлы. Хогуартста спорт куидич деп аталады. Уизли әулеті тегіс осында оқиды. Ведьма-мыстан әйелдердің көлігі саналатын сыпыртқылар бірде ат, бірде самолет орнына жүреді. «Нимбус-200» жерде емес, көкте ызғитын спорттық жарыс машинасынан  аумайды. Балалар қос топқа бөлініп, ұшқыр сыпыртқыға мініп аулайтын алтын снетч – күміс қанатты алтын доп, оны қақпақылдап ұстап алу қиын. Мектеп кубогына талас, кәдімгі мектептегідей. Жазушы суреттеген заттар көбінесе өздігінен жан бітіп кететіні жас оқырман үшін әрине, қызық. «Хәрри доптар өздігінен жұлқынып, қобдиға байланған белбеуінен босап шыққысы кеп тұрғанын байқады», (179 бет). Тым жоғары ұшса сыпыртқылар солға тартып тұрады. Сол діни ұғымда теріс, жолы болмауға бастайды. Невил қырсыққа ұшырай беретін кейіпкер, биіктен құлады, қазаннан төгілген ішірткіден күйіп қалды. Николай Гогольдың атамекен поэтикасымен баурайтын тырнақалды туындысында ақша мен заттар тірі сияқтанып, ал адамдар өлі заттарға ұқсап кететін. Мұндай гипербола-әсірелеуді кей сәтте шындыққа қиянат деу оңай емес. Персей Медуза Горгонаның басын кесіп әкелуге аттанарда Меркурий оған қанатты сандалын, жазғы жеңіл аяқ киімін бергенін Овидий суреттейді. Хәрриде осындай уақыт пен кеңістікті бағындыратын үлкен мүмкіншілік бар. Киіп алса көзге көрінбейтін киімі бар. Герберт Уэллс ғылыми фантастикасымен көзге көрінбейтін адам идеясын әдебиетте жаңғыртты. Оқытушы Снейп орманға жасырын барады. Балалар соңынан  аңдиды. Хәрри Нимбусына мініп, шамшат ағашының бұтағына қонды. Бұл бақсылық инстанция. Хәрридің әкесінен қалған ғайып-шапанын ұлына берген, жоғалтып алғанда қайтадан білдірмей әкеліп қоятын адам Албус Дамблдордың дәл өзі болып шығады. Интрига күшті қиысатын тұс осы шапанмен байланысты. 

Миссис Роулиңнің кітабы кереғар идеяларға толы. Мысалы, «Снейп емтихан алғанда балалардың желкесінен төніп тұрды, ондайда олар Адамның жадын өшіретін ішірткі қалай жасалатынын еске түсіре алмай қиналып қалатын», (274 бет). Бұл антигуманизм. Адам жадынан айрылса мақұлықтанып, таза мәңгүртке айналмай ма? Хәрмиона айтатын сиқырлы сөздер: «Алоһомора!», «Уингардиум Левиоса!». Хәллоуинде мыңдаған жарқанаттар қабырғада, төбеде тізіле қонып, бірнеше мыңы залда үйіліп, үстелдердің үстінен қара бұлттай төніп ұшып жүреді. Бұл-дағы инфернальдық, яғни жаһанамдық белгі. Хәрридің досы Рон Уизли егеуқұйрық ұстайды, аты Қаспақ, зиянды кеміргіштің бұл түрі сүйкімді жануарға жатпайды.  Миссис Норрис атты аңдуыл мысық қамалды кезіп жүреді, ол Филчтың шабарманы. Есік орнына ашылатын портреттегі дәу ледиге айтылар құпия, кілт сөз: «Шошқа тұмсық». Мектеп кубогын иемденген жеңімпаз факультет – «Слизерин жыланы бейнеленген байрақ». Шошқа, жылан, мысық христандық дүниетанымда қарғыс басылған харам мақұлықтар. Оқушыларды Хогуартсқа келерде және каникулға кетерде арлы-берлі Хәгрид қайықпен алып өтеді. Стикс өзенінен өлі жандарды тасымалдап, о дүниеге, Аид патшалығына алып өтетін Харон қайықшы еске түседі. 

Фантастикалық мақұлықтар. 

XVIII ғ. француз философы Клод Адриан Гельвеций «Бақытты аңсау асқан кереметке қызығушылыққа ұласып, сан алуан халықтарда жаратылыстан тыс тіршілік иелерін, таңғажайып мақұлықтарды тудырды» деп түйіндейді. Бестиарий (лат. bestia «аң») ортағасырлық зоологиялық мақалалар жинағы (суреттерімен), әртүрлі аңдар аллегориялық және уағыз айту мақсатымен нақты суреттелген. «Физиолог» (көне грек) жануарлар мен астар туралы мәліметтер және мақалалар жинағы. Бестиарийге феникс, сирена, кентавр, горгона, бірмүйіз сияқты хайуандар кірген; олардың қасиеттері, әсіресе, символикалық түсініктемелер ертегілік сипат алған. 

Миссис Роулиңнің бір топ кейіпкерлері фантастикалық мақұлықтар – айдаһар, сыңармүйіз, кентавр, үш басты ит. Олар жай адамдарға көрінбейді. «Айдаһарлар кенет маглдардың көзіне түсіп қалса, біздікілер көргенін ұмыттыратын сиқыр сөзбен дуалайды», (245 бет). «Сыңармүйіз – өте... сиқыры күшті хайуан», – дейді Хәгрид Хәрриге (265 бет). «Сыңармүйізді өлтіру – ең сұмдық қылмыс. Сыңармүйіздің қаны ажал аузында жатқан адамды да құтқарады, бірақ оның құны тым қымбат болмақ. Оның қанын ішкен адам қарғыс арқалайды», – дейді кентавр Фиренз Хәрриге. 

 Кітапта сыңармүйіздер тұрағы сиқырлы орман, испан классигі Федерико Гарсиа Лорка: «Идут единороги. / Не лес ли колдовской за поворотом?»* деп өлең жазған.

Мэнли Палмер Холл сыңармүйіз Қасиетті Кітапта бірнеше мәрте аталса да, ондай хайуанның бар екеніне айғақ жоқ деп жазды. Орта ғасырлардағы мистиктер сыңармүйіз (единорог) эмблемасын Христ символы етіп пайдаланған, ол адамның рухани өмірін тұспалдауы тиіс деп саналған. Сыңармүйіз қытай мифологиясында жиі кездеседі, атауы цилинь, ерекше аңды Конфуций туарда көрінген деп ұлықтайды. Хорхе Луис Борхес «Жұмбақтар айнасы» атты жинағында екі жерде сыңармүйізді қытай әдебиетіне байланыстырып атайды. «Сыңармүйіз – басқа әлемнің тіршілік иесі және бақыттан белгі береді. Бұл жылқы не бұқа емес, бөрі не бұғы емес. Сондықтан оның алдына тап келіп, біз оны танымай қаламыз. Бұл жануар сирек кездеседі, әрі суреттеуге көнбейді. Алайда сыңармүйіздің қандай екенін біз білмей қала береміз»; «Бір қытай жазушысы сыңармүйіз өзінің бөгделігіне орай байқалмауы мүмкін деген болжау айтады. Көз дағдылы нәрсені ғана көре алады», (Борхес). 

Айзек Азимов «Загадки мироздания» атты кітабында «Нашар білетін жайттар керемет, ғажайып ретінде берілді, сөйтіп, көпшілік санасында мүйізтұмсықтар сыңармүйіздерге айналды» деп жазды. 

Магияның бар екеніне еш күмәнсіз әрі оның қасиеті адамзат үшін құнды санайтын оқымысты маман Элифас Левидің «Магия тарихы» атты кітабының «Пұтқа соңғы табынушылар» тарауында, Филострат кітабында сыңармүйіздер және осы жануардың мүйізінен жасалған сопақ ыдыс кез келген уды қайтаратыны туралы айтылады. Волдеморт сыңармүйіздің қанын неге ішті? Мифте сыңармүйіз дене тұрқы жылқы, қақ маңдайда мүйіз өскен, оның сол мүйізі тазалық символы. Екі жаратылыстың белгісін бір жануарға телісе тылсым аң бейнесі шыға қояды. 

Африкада мекендейтін ірі айуан мүйізтұмсық Бірмүйіз туралы аңыздың шығуына түрткі болуы мүмкін. Оның мүйізтұмсығының құрамы кәдімгі шаш пен тырнақты түзетін кератин, түк шипалы, емдік қасиеті жоқ. Алфред Брем мүйіздің талшықты құрылымына әрі тым өте өсетін қабілетіне қарап бейнелі түрде «ұйысқан» бір буда шашқа ұқсатуға болады деп біліп жазады.

Аңыз-мифтерде ерекше қасиетке ие сыңармүйіз табиғатта кездеспейді. 2008 жылы Тосканада маңдайының дәл қақ ортасында жалғыз мүйіз өскен 10 айлық еркек елік табылған. Екі құлағы едірейіп, басында тікірейіп, аспанға атылған ракета тәрізді жалғыз мүйіз өсіп тұр. Библияда сыңармүйіз біраз аталады. Күшті, қаһарлы, тағы, шекесіне қара мүйіз біткен. Оның бейнесі корольдердің гербінде жиі кездеседі. Оккульттық жүйелерде сырт пішіндегі ұқсастық себептен тыс байланысты орнатуға жетіп жатыр, екі болмысты үйлестіре қоюға сылтау болып табылады. Мысалы, өсімдік пен аң, жануар мен адам табиғатында оқта-текте кездесіп қалатын сәйкестіктің астарында шындық бар, бірақ кейде өтірік қабаттаса жүреді. Табиғатта жоқ аңның оқшырайған жалғыз мүйізі сазды-шалшықты жерде өсетін калла (лат. «calla») орта тұсынан тік шапшып өскен ақ қанат гүлден аумайды. Бағзыда шөп сырын білетін емшілер нобайы жүрекке ұқсас өсімдіктер жүрек дертіне ем екенін білген. Магиялық түсінікте сырт бейне оның жасырын мүмкіндігін танытатын тылсым байланыс болып шығады. 

Овидийде кентавр Хиронның анасы Филира. Хорхе Луис Борхес фантастикалық зоологияда ең үйлесімді жаралған кентавр деп таниды. Шекспир «Король Лир» трагедиясында бұзылған әйелді кентаврға теңейді. Маралтайдың лирикалық кейіпкері күйзелген кезде рух шақырып, қаһарман ата-бабасы сан ғасырлар ат арқасынан түспей көшпелі тіршілік кешкені сияқты, ертегідегідей арқасына жал бітіп, тарпаң тұлғалы кентаврға айналып, көкке шапшиды. 

Мифтерде сиқырлы жылқылар көп, олар киелі саналады. Қанатты жылқы Пегас. Алхимияда қос қанатты жоғарғы, белсенді ерге тән негізге ұқсатады, қанаттан айрылу енжар, бойкүйез әйелдік негізге жатады. 

Оқушыларға баруға тыйым салынған қауіпті орманды мекендейтін кентаврлардың есімі – Ронан, Фиренз, Бэйн. Олар оқиғаның шиеленісер тұсында көрінеді. Грек мифологиясында құбыжық үш басты Цербер – Ехиднаның төбеті. Пәлсапа тасты күзетіп тұрған үш басты ит. Зерттеушілер богумилдер – христиан гностик секта үш басты құдайға табынғанын, ортағасырлық христиандық өнер кейде қасиетті тұлғаларды құбыжық пішінде көрсеткенін жазады. Гностицизм көп құдайға табынушылыққа негізделген дінді христиан дінімен жарастырып бітістіруге ұмтылған кейінгі антикалық философиялық ілім. XVII ғасырдағы неміс жазушысы Ганс Яков Кристоффель Гриммельгаузеннің «Симплициссимус» атты романында таңғажайып елдер және соның кейбірінде кездесетін құбыжық салт-дәстүрлер суреттеледі. Марко Поло жазбасында осы кеп кездеседі. Хаос, сұмдық стеротип түсініктерге негізделген үрей ежелгі дүниені уысында ұстаған.  

Абай Көкбай ақын хиссасын сынағанда: «Сөз айттым «Әзірет Әлі айдаһарсыз», / Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз», – дейді. Хәгрид айдаһарды жұмыртқадан өсіріп, жасырын бағып-қағады, балаша мәпелейді. Оның астарында тек экзотикалық жәндікке құштарлық жатқан жоқ. Магия министрлігі айдаһарларды сиқырға қатысы жоқ елден-маглдардан тығып ұстауға тырысатыны неліктен? Оккульттық ғылымды терең игерген Элифас Леви «Магия тарихы» атты трансцендентальды (философияда танымға байланысты ұғым, лат. шегінен тысқары) білім негізін, каббала ілімін талдайды. Элифас Левидің жазуынша, пұтқа табынушылыққа қатысты Филострат кітабында айдаһарлар даналық сарайының есігін күзетеді. Жоан Роулиң шығармасында кездейсоқ алынған бірде-бір персонаж жоқ, баршасы нақты идеяны анықтайды. 

Лондонның ең бай банкі – гоблиндер қызмет көрсететін жер астындағы банк. Хоббиттер туған Англияда гоблиндер неліктен пайда болмасын! «Гринготтс» сырт көзден жасырын әрі тоналмайтын банк. Бұл банкті тонау мүмкін емес. Гоблиннің саусағының ұшы тимесе сейф оны жалмап алып, әлгі байғұс мәңгі қамалып қалады. Сейфті он жылда бір тексереді. Банкте жүз қаралы гоблин мүлтіксіз қызмет көрсетеді. Хәрриді Хәгрид ертіп келгенде гоблиндер лағыл тастарды өлшеп жатады. Нағыз банкттерде алтын құймалар сақталатыны сияқты. Хәрри Поттерге ата-анасынан мұраға қалған сірә, оның меншік сейфі сақтаулы. Шынтуайтында, романдағы қиялдағы қисапсыз байлық Роулиң ханымның қаламақысы, шылқыған қазынасы болып шықты. «Хәрри Поттер» сауда белгісіне, брендке айналды. 

Солтүстік Европа мифологиясында, халық ертегілерінде гном, кобольд, эльфтер табиғатта өз тұрағы, мінез-құлқы, қасиеті бар. Кобольд – жер асты қазынасын, кен-байлығын күзетуші-рухтар. Кен қазушы кобольд төбесі үшкіл қалпақ киетін. Хогуартсқа алғаш келген оқушыларды төрт колледжге бөлетін сиқырлы шошақ төбелі қалпақ кобольдтікі.Сиқыр мектебінде елестер зу-зу ұшып жүреді, олардың әңгімесін балалар естіп отырады. Профессор Снейп ішірткіден сабақ береді, оның жасаған тәжірибесі үрейлі. Ішірткі дұғалық қасиетке ие. Кейіпкерлердің біразы ертегілік сипатта. Сасық иіс тролль бар. Хәгрид жай кісі емес, дәу, алып, жалғыз көз әрі қатігез болса Полифем болып шығар ма еді. Ұлы жазушы Франсуа Рабле дана, ержүрек дәулер туралы роман жазып, былыққа батқан меңіреу, дүниеқоңыз қоғамды мазақ қылып, билікке жек көрінішті болып, шіркеу тарапынан қуғынға түсті, инквизиция сотымен отқа өртеніп кете жаздаған. 

Бестиарийлік сарын кітаптың басынан басталады. Мифологиялық хайуандар олардың симвоикалық, эзотерикалық мағыналарын ашумен қатар сиқыр әлемінің сырына бастайды. Құбылулар, айналулар кімді болмасын үйіріп әкетеді. Кілең таңқаларлық сүйкімсіз кейіпкерлер жосылып жүреді. «Жұлбасты Ник», басы жұлынған Ник. Майн Томас Рид, «Бассыз салтатты» романының романтика детективпен түйіскен идеясы жалт еткен эпизод күйде енгендей. Қуса жеткізбей, көзі көрген адам түгіл көк шалғынды далада жайылған бұғыны шошытып маңып бара жатқан жұмбақ салтатты балалық шағымның ең қимас кітабы болатын. Рудольф Распэ майын тамыза баяндап берген Мюнхаузеннің хикаяларында Ай тұрғындары оң қолымен бастарын ұстап жүреді, басын кейде үйде қалдырып кетеді. Гоголь «Мұрын» повесінде суреттегендей, бас өз алдына қыдырыстап жүре береді, бірақ иесі шақырса, жылдам жетіп келеді. Қиялда шек жоқ, қырық өтірікті қисынымен құбылтып айтса, оның өмірсүйгіштік рухы да жан сергітерлік. 

Қан жоса барон, Пивз дегендер тыңшы, үркітуші, сөз жеткізуші сияқты. Полтергейст Пивз кәдімгі бұзық баладан аумайды. Көзге көрінбейтін қалыбымен тентектік қыла беруге шебер. «Хогуартстың қараушысы Аргус Филч қамалдағы ең жағымсыз тұлға деп жүрген Пивзден де асып түседі екен» (140 бет). Мифтік Аргус. Сиқыр мекенде оқытушылар қилы-қилы, ергежейлі, елес, т.б.

 Аты жаман. 

Роулиң кейіпкерлеріне есімді бекер бере салмаған тәрізді. Бас қаһарман Хәрри Поттерге қаны қас Драко Малфой. Қансорғыш Дракулаға түбірі жақын есім. Күншіл Малфой куидич ойыннан соң Хәрриге соқтыға берді, оның тұл жетімдігін табалайды. Петуния – Хәрридің анасы Лаланың апайы. Бір нұсқасы Лилия. Ежелгі рим жазушысы Овидийде Лала аузына сөз тұрмайтын сөзшеңдігі үшін тілі кесілген нимфа. Грекше «лала» мылжың, езбе, көк езу, сөзқұмар дегенді білдіреді. Юпитер нимфа Ютурнаға ғашық болады, Лала нимфаны Юпитерден құтқарам деп бәлеге ұшырайды. 

Хәгридті қазақша нұсқада «қорықшы», орыс тіліндегі аудармасында «хранитель ключей» деп атайды. Ол оққағар, кілтші, күзетші, жол бастаушы, қайықшы рөлінде көрінеді. Ол басқа әлеммен байланыстыратын кейіпкер. Ол Хәрриге ата-анасын «Өзіміз-білетін-әлгі» өлтіріп, балақайдың өзін де сол зұлым өлтірмек болғанын айтып берді. Лала мен Жеймс Поттерлер көлік апатынан қайтыс болғаны өтірік екен. 

«Сен ана шекеңдегі тыртық қайдан пайда болғанын ойлап көріп пе едің? Ол күш әке-шешеңді мерт қылып, тіпті үйді жермен-жексен еткенімен, саған зиян келтіре алмады. Сондықтан сен атақтысың, Хәрри. Ол біреуді өлтіргісі келсе, түбіне жетпей тынбайтын. Аман қалған сен ғана. Ол кезіндегі ең мықты деген Маккинондар, Боунздар мен Прииуэттер отбасындағы сиқыршылардың жанын алған. Сен болсаң, титтей сәби бола тұра тірі қалдың»; «Сені қираған үйден өзім алып шықтым. Дамблдордың тапсырмасы болатын. мыналарға әкеп бергем...», – дейід Хәгрид Хәрриге.

«– Барып тұрған сандырақ, – деді Вернон жезде», (64 бет).

Романның басы мен соңында «Өзіміз-білетін-әлгі» – Волдеморт елес күйінде қалады. Біздің қазақ халқының дүниетанымында жаман құбылыстарды атамау, малғұн шайтанды «аты жаман» деп атау бар. Бұл тыйым, табу. Жүректі қарайтатын кесір, жамандықты қазақтар дауыстап айтпауға тырысып, жастар естімесін деген ниетпен «мал құлағы саңырау» дейді. Сөздің магиялық табиғатын терең білген халық болған соң қара нәрсенің жұғып кететін негатив энергетикасынан сақтанған. 

Романдағы басты зұлымдық иесін автор неліктен зорайтып жіберген? Сиқыршылар оның атын атамауға тырысуы екіұштылау, қорқынышпен қатар құрмет тұту бар сияқты. Пифагордың есімін шәкірттері ешқашан айтпағанын, оны Шебер немесе Сол Адам деп атағанын Мэнли П. Холл эзотерикалық түсініктер энциклопедиясында жазады. Михаил Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» атты культтік романында сайтан Воландқа кісі өлтіргіш қылмыскердің есімі ұқсауы тегін емес. Әділеттілікті Ібіліспен үйлестіру арқылы Булгаков идеялық қателікке ұрынды. Волдеморт әлемді билеп-төстеп, мәңгі өмір сүру үшін философия тасын алуға жанталасқан, бірақ онысы іске аспады. Волдеморт образының бір прототипі Толкиннің «Жүзік әміршісі» атты әйгілі романында күшті маг Саруман. Волдеморттан бәрі қорқады, лағынетке ұшыраған азған періште тәрізді «Аты өшкір» деп айтады. 

Шығармада жұмбақ жасырылған есіктерді ашу оңай іс емес. Барлық кедергі сиқырланған. Жалтылдап ұшып жүрген кішкентай құстар кілт болып шығады. Әр заттың табиғаты өзгеріп басқаша құбылуын сюрреализм күшейте түсті, оған сандырақ түс астар бола бермек. Оқиғаларды шым-шытырық ете түсуде «Мың бір түн» хикаялары сияқты Шехеризада-Жоан мүдірмейді. Арғы жақтан көрінген есікке жету, арғы бетке өту үшін – бұл мезет өмір мен өлімнің таласқан мезгілі – Рон Хәрриге шахмат тахтасында біз де фигура болып ойынға араласуымыз керек деп жөн сілтейді. Жазушы ханым мүсінші Пигмалион тәрізді қалағанын істейді, жансыз тұлғаларға жан бітіруге әсіре құштар. Ол екі жүзді Янус бейнесін сәтті қолданған. Куирелдің дәу сәлдесінен тығулы тағы бір бас шықты. «Куирел теріс қарағанда Хәрриге оның шүйдесі емес, басқа біреудің беті көрінді. Мұндай қорқынышты, жексұрын әлпетті бұрын-соңды көрмепті. Аппақ бордай беттен қып-қызыл екі көз тесірейе қарайды, ал мұрнының орнында үңірейген тесік қана бар», (303 бет). Бас сүйектің қаңқасына ұқсас сурет шықпай ма?! «Сыңармүйіздің қанын ішкелі күшім артты... адал Куирелдің орманда мен үшін қан ішкенін көрдің... енді Өмір элексирін қолға түсірсем, өзіме дене жасаймын... Қалтаңдағы тасты маған бер...», – дейді ол Хәрриге. Денесі жоқ, басы бар Волдеморт Куирелдің сәлдесіне тығылып барып, серігінің қолымен от көсеп, кентаврды өлтіртіп қанын ішті. Элифас Леви қанның бууынан пайда болатын денелері ауа, көлеңке сияқты лярва туралы жазды. Лярваларды төгілген қан тартады, құрбандыққа шалған түтінмен қоректенеді. Волдеморт осы лярваға ұқсайды. 

«Лорд Волдемарт қаншалықты адасқанымды көрсетті. Ізгілік те, зұлымдық та жоқ, билік қана бар...және оған жете алмайтын әлсіздер бар... Содан бері оған қалтқысыз қызмет етіп келемін, алайда көңілінен шықпай қалған кездерім де жетерлік. Ондайда ол мені аяған емес », – дейді Куирел Хәрриге. Ол сайтанның қызметшісіне айналған жігерсіз кейіпкер. 

«–Волдеморт деп айта бер, Хәрри. Әр нәрсені өз атымен ата. Атынан қорықсаң, өзінен де қорқа бересің», «Анаң сені қорғаймын деп мерт болды. дүниедегі Волдеморт түсінбейтін жалғыз нәрсе – махаббаттың күші. Ол анаңның жүрегіндегі саған деген махаббат із-түзсіз жоғалып кетпейтіні білген жоқ. Бізді шексіз жақсы көретін адам өзі өмірден өтсе де, оның махаббаты бізді мәңгі қорғап жүретіні ешкімге көрінбейді» – дейді ең ұлы сиқыршы атанған Дамблдор балаға. Бұл христандық идея болумен қатар қазақтың ата-баба аруағын қастер тұтатын нанымы шығады. 

Жазушыларға тән нарцисстік бар. Волдеморт неге Куирелдің сәлдесінен шықты?! Неліктен ол мұсылмандардың бас киімінен шығады? Исламға қарсылық па? Пауло Куэльоның «Алхимик» атты жұрт жаппай оқып кеткен романында да исламнан таппағанды христандық ілімнен табу туралы тұспал бар. Мұны крест жорықтарынан бергі қалыптасқан дағды дей салса артық етпес. Қазіргі заманғы  ақпараттық тайталас үдей түскенде кім не айтса да өз еркі тәрізді. Шынтуайтында христиандық пен ислам түбірі бір Авраамдық дін емес пе!

Кітаптағы астыртын идея – билік пен байлықты пір тұту, Маммона культы. Сиқыр министрлігінің басты мақсаты – өзге халыққа елде ежелгі кездегідей сиқыршылар бар екенін сездірмеу. Өйткені, онда бәрі оп-оңай сиқырмен байып шыға келеді. Кітаптың «Білгіш қалпақ» атты 7-ші тарауында жаңа келген оқушылар керемет мрамор баспалдақтар, отшырақтар, сән-салтанатты ғимаратқа енді. Мұнда Пивз сияқты ауада ағып жүретін елестер көп. Үлкен залда ауада мыңдаған майшамдар қалықтайды. Төрт үстелдің үсті толы алтын табақтар мен тостағандар. Ал төбе кәдімгі жұлдызды аспан, Хәрмионаның айтуынша, нағыз жұлдызды аспан тәрізді сиқырмен шатырлап тастаған. Көне мистериялар ашық аспан астында жасалған. Иллюзорлы феерия-сиқырлы, ертегілік көріністі жазушы құмарта суреттейді. Хоугартс жеке мемлекет, маглдардан астыртын империя, әнұраны бар. Мұнда әр қимыл-әрекет сиқырмен ілесе жүреді. 

Мектеп басшысы Дамблдор алтын орындықта отыр, алтын тақ десе несі бар?! Бос тұрған табақтар өздігінен дәмді тамаққа толды.  Сиыр, қой, шошқа, тауық еті қуырылған, жанышталған түрде, кесек стейк, басқа ас түрлері. Ежелгі Рим ақсүйектері ас ішуді культ дәрежесіне көтерген. Рабле мен Гоголь дәмді астарды суреттеуден алдына жан салмайтын. Гоголь суреттейтін көрініс жадтан өшпейді, тегештегі галушка (үзбе нан) өздігінен қаймаққа малынып шығып, саусағын да қимылдатпай отырған панның аузына барып сүңгиді. «Ұр, тоқпақ» атты қазақ ертегісіндегі «Піс, қазаным, піс!» десе асқа толып шыға келетін сиқырлы қазан ағайынды Гримм және «Скатерть самобранка» атты орыс ертегісінен қарызданған. 

Алхимик. 

Кітаптың түйіні – «Тастың көзін жойдық», «Пәлсапа тас соншалықты жақсы дүние емес екеніне өзің де көз жеткіздің. Қалауыңша өмір сүріп, ақшадан тарықпайсың! Кез келген адам осы екеуін бірден таңдар еді, алайда... бір өкініштісі, адам деген өзіне ең зиян нәрсеге құмар ғой», (307 бет), – дейді Дамблдор Хәрриге. 

Алхимия (лат. Alchimia) – табиғатта жоқ, қиялдағы тас арқылы жай металды құнды металға айналдыруды көксеген орта ғасырдағы ізденіс. Алхимия эллинизм дәуірінің соңында пайда болып, орта ғасырларда ерекше қолданыста болған. Оның басты міндеті жай металлдарды алтын-күміске айналдыру (трансмутация) тәсілін ойлап табу болып табылған. Транмутация сәтті шығуының бір шарты аспан шырақтарының қолайлы орналасуы болып саналатын. Химияның атасы алхимияның терминологиясы және теориясы астрологиямен тығыз байланысты. 1316 жылы Рим папасы алхимиктерге қарсы бұйрық шығарған, жалған ғылыммен айналысуға тыйым салынған.

Аңызда ұстаған заты алтынға айналып шығатын Мидас патша алхимикті тұспалдайтындай. «Халық ертегі, аңыздары – сиқыршы, балгер, көз байлаушы, арбаушылардың прототипі астрологтар мен химиктер болатын. Астрологтың болашақты болжап білетіні үрей тудыратын, химиктің заттарды өзгерте алатын ғажап қабілеті, құрбандық шалу арқылы құдайларды мейірлендіретін және қаптаған қарғыс жіберетін тылсымға тартылған абыз – бұлардың барлығы халық аңыздарында сиқыршылар, ғаламат жасаушы арбаушылардың түп бейнесі болып орнықты», – деп жазады «Химияның қысқаша тарихы» атты кітабында Айзек Азимов (Москва, «Центрполиграф», 2014 ж.). Астрология – ежелгі грек тілінен аударғанда жұлдыздар тілі.

XV ғасырдың ортасында, Қайта Өрлеу дәуірінде кітап басу өнерін ойлап тапты. Бұл алғашқы ғылыми төңкеріс дәуірі. Академик Вернадский: «XVI ғасыр – діни күрес, еркін ойлардың туы мен дамуы, схоластиктермен ақтық және қатаң күресі – гуманистердің өрлеу ғасыры. Бұл ғасырдың аяғында итальян натуралистерінен, Джордан Бруно, Бэконнан өмірді түзеуші ретінде, адамзаттың ең басты игілігі ретінде ғылымның келешек маңызы туралы қатаң айтылған көзқарастарды кездестіреміз», – деп таңбалады. Роджер Бэкон (1210-1294), философтың ойынша, барлық ғылымның негізгі мақсаты табиғатқа адамның билігін нығайту. Ол жаратылысты танып, тәжірибе жасап, ғылымды, оптика, механика, астрономияны алға жылжыту қажет деп санаған. Герметика (грекше: Hermes) – алхимияның өзгеше атауы. Бүкіл магия, барша эзотерикалық білімдердің негізін салушы атасы – Гермес Трисмегист. Ол философиялық тас және мәңгілік өмір элексирін жасау құпияларын білген. Ортағасырда Герместі бейнелеген суреттің жазуы: «Бүкіл ғылымдар мен өнерлердің шебері, барша қолөнер кәсібінің білгірі, Үш Әлемнің Әміршісі, Құдайлардың хатшысы және Өмір Кітаптарының Шырақшысы, Тот Гермес Трисмегист, Үш мәрте Ұлы». Гермес оккульттық ілімдер бойынша трактаттардың авторы болып саналады. Эзотерикалық ілімдер концепциясында, керемет дамып жетілмеген төмен әлемде одан әлдеқайда биік, жоғары әлемнің заңдарының көрініс табуы болып саналады. Ежелгі алхимиктер мен Пифагор сияқты асқан ақыл иелері алты элементті – жер, от, ауа, су, эфир, энергияны Ғаламның құрылыс блоктары деп санаған. 

Роулиң пәлсапа тастың иесі ретінде бағзы алхимикті кейіпкер қылды. Үш дос – Хәрри, Рон, Хәрмиона жұмбақтың шешуіне атсалысуы тиіс Николас Фламельдің кім екені білгісі кеп кітапханадан шықпайды, жүздеген кітаптарды ақтарады. Қазіргі заманғы балалар өзін қызықтырған тақырып бойынша  кітапханаларда ізденіп, кітап оқуға еліктесе жаман ба!

Мэтр Никола Фламель (1330 ж. –1418) – алхимик, көптеген шығармалардың авторы. Орта ғасырларда оның есімі аңызға айналған. Виктор Гюго «Собор Парижской богоматери» атты классикалық романында: «... париждік батпақ біржосын сасық иісті. Балшықта, тегі, өте көп ұшпа және азотты тұздар бар деп пайымдайды мэтр Никола Фламель және герметиктер»; «Солайша роман аббаттығы, философиялық шіркеу, готикалық өнер, саксондық өнер, Григорий VII дәуірінен бергі ауыр дөңгелек бағаналар, герметиктер символикасы, мұнда Никола Фламель Лютердің алдында болған... »; «Никола Фламель мен Клод Пернельдің мазарларын жауып тұратын біртүрлі тас мүсіндер... »; «Бұл үйді Никола Фламель салды; сонда ол 1417 жылдар шамасында қайтыс болды»; «...екі подвалдың тас тіреулерін Никола Фламель сансыз өлеңдермен және иероглифтермен сызғылап тастаған. Фламель мұнда философия тасын көмген деп санайды»; «... Никола Фламельдің құмырасының түбінде шөккен алтын түйіршіктерін сізге көрсетейін...»; «Гильом Парижский 13-ші ғасырда және Никола Фламель 15-ші ғасырда сондай еліктіріп әкететін бірнеше парақтар жазып қалдырды»– деп мэтр Фламель туралы, ол жасырған философиялық тасты алхимиктер екі ғасыр жабыла іздегенін бірнеше мәрте құрметпен жазады. Алхимиктерді Гюгогерметиктер деп синониммен атайды. Шіркеу ғимараты мен архитектурасын буырқаныспен суреттейтін тарауда ұлы жазушы бұл ғимаратта Францияның ғана тарихы емес, оның ғылымы мен өнерінің іздері сайрап жатыр деп тұжырымдайды. 

Француз оккультисі, тарошы Элифас Левидің «Магия тарихы» атты кітабына алғысөз жазған А.Э.Уэйт оны Раймунд Луллий, Николя Фламель, бәлкім, Генрих Кунрат сияқты алхимик және маг деп атайды. Ол қоғамға барлық символика кілтін, тылсым күштің өзегін ашып, саф алтын жасады, мұның құпиясын бұл адамдар молаға ала кеткен жоқ деп тұжырады. Элифас Леви қара магия саласы таң қаларлық нәтежеге жетуге мүмкіндік беретін алдау мен сұмдықтың аймағы деп жазады. 

«Энциклопедия магии и алхимии», авторы Розмари Эллен Гуили, мұнда Николя Фламель сияқты алхимиктерге қатысты деректер болуы заңды. 


P.S. «Магл» – сиқыршы емес, жай халық. Қазіргі заманғы балалар әдебиетінің ең үздік деп табылған туындысынан әлемді екіге жару моделін оп-оңай аңдауға боларды. Қос полярлық жүйе. Магтар маглдарды қабылдамайды. Бір-біріне жатбауыр қоғам. Антиутопия деуге тағы келмес. Мұны фэнтези мен шындық өмірдің арасындағы кереғарлық, бітіспес қарсылық десе болар. «Қазіргі қазақстандық роман» атты жабық конкурста озған «Мұнара» атты шағын романда жаздым: «Сервантес романның соңында жалған, халтурщик жазушысымақтарға кәдімгідей ұрсатыны қызық. Несі бар, әбден құқылы. Әйткенмен мына бір одан өткен қызық шындықты мойындаған жөн: Сервантес «Дон Кихот» атты романы арқылы күл-паршасын шығарған рыцарьлық роман жанры күлден туған Феникс құсы тәрізді қайтадан туды. Фэнтези деген өзгеше атаумен. Бұл Сервантес дәуірінен соң табаны күректей 500 жыл өткен соң!», (А.Кемелбаева. «Мұнара», 2003 ж.).

 Ағылшын тілді басылымда романнан үзінді жарияланды: «Words Without Borders», январь, 2018.  Нью-Иоркте ағылшын тілінде шығатын журнал.  «Бала бағушы» – «The Nanny», романнан үзінді. Ағылшын тіліне аударған Зауре Батаева, редакциялаған  Shelley Fairweather-Vega. https://www.wordswithoutborders.org/article/january-2018-writing-by-kazakh-women-shelley-fairweather-vega-zaure-batayev

Жоан Роулиңнің бестселлер романы рухани құндылықтар ауысып, адамзат өркениеті мән-мағынасын жоғалтып алғандай есеңгіреген, жалған құндылықтар күшейіп, рухсыздық үдей түскен, жан сарайы тоқырап, сана-сезімі толқып тұрған мезетте туды. Поттер әлемі идеал деуге келмес, алайда қанша қасарғанымен зұлымдық жеңбейді. Өмір күрес. Жазушы балаларды баурап алды, қиялдауды үйретті, кітап құдіретін жас ұрпаққа мойындатты. 

Адамзат ертегі-аңызсыз үйлесімді өмір сүре алмайды. Мифология, фольклордан безінген қоғам тұтынушылықтың ең сорақы тұзағына шырмалып, ғылыми рационализм батпағына батып, рухани қорексіз рухы қорланып, тоқырауға ұшырарын мифтанушы Карен Армстронг жазды. Ежелгі грек философы Бион Борисфенский: «Сұлулық – ізгіліктің жауы, себебі көркемдік арқылы зұлымдық адам жанына тезірек ене алады», – деп айтқан. Бұл пікірдің ақиқаттығын, дәлірегі, сұлулық атрибуттарын теріс мағынада көрсету арқылы адам санасына әсер ету мүмкіндігін қазіргі заманғы кинематография, театр, әдебиет түпсіз пайдаланып жатыр. Инфернальды, тозақы кейіпкерлердің шеруі, қасиетті ұғымдарды қорлау басталып кеткен. Қансорғыш обырлар рөлінде кілең реңді жас актерлер, сүйкімсіз бірі жоқ. Бұл жасөспірім балалар үшін өте тартымды топ. Мектепте оқып жүргенде екі қызым вампирлік сериалдарды тапжылмай отырып, қызыға көретін. Амал жоқ, мен де кей сәт әлгі сериалдың әр тұсынан қарап қоямын. Бірақ ішінде құдай сүйер іліп алар ештеңе жоқ, жанға қорек болар бір сөйлем жоқ, сандырақ, құр шатпырақ жаман оқиғалар, қара магия символдары және атрибуттары, арбау, дуалау, қан сору, өлтіру, жан түршіктірер қылмысты шыбын шаққан құрлы көрмейтін бәңгі біреулер болатын. 

Өзім туралы бірер сөз. Әдебиетке келгеніме биыл тура 40 жыл толды. Роулинг ханым екеуміз түй құрдас, бір жылы туыппыз. «Жетінші құрылыққа саяхат» – менің ең алғашқы повесім, 15 жаста бастап,  1983 жылы балаларға арналған шығармалардың республикалық жабық байқауда бағы жанды. Тұңғыш повесім әдеби жолымды 18 жасымда кедергісіз бастап беріп, 21 жасымда «Жалын» баспасынан 10 000 данамен жарық көрді. Алдын-ала баспалардан жарық көретін кітаптар туралы мәлімет жарияланатын «Кітап жаршысы» атты газетте оның 30 000 данамен басылып шығуға тиіс екенін оқығаным бар. Совет одағы уақытында бәрі жоспарланатын, жыл бұрын бекітілетін еді. Мені баласынып, 20 мың данасын басқа жазушы олжа қылған сияқты, мұны есейген соң ұқтым, сол кезде бұл мағлұматты біле тұра мән бермегеніме қазір қайран қаламын. Ағылшын тілінде жарық көрсе, кім білсін, менің повесім де әлемнің талай тіліне аударылған сүйікті кітапқа айналар ма еді?! Шынымды айтсам, әлі де үмітсіз емеспін. Бәлкім, оның бағы идеясы алғаш туған мерзімнен соң 40 жыл өткенде жанатын шығар! Онда түк таң қалмас едім. 

Түсініктеме:

«Идут единороги. / Не лес ли колдовской за поворотом?»* – орыс тіліне аударған А.Гелескул. 

18.02-18.03. 2020. / 7.03. / 3.04. / 4.04. / 5.04. / 6.04. / 7.04. / 8.04. /9.04. / 10.04. / 11.04. /12.04. / 13.04./ 14.04. / 15.04. / 16.04. 2020. 

Жарияланды: «Ақ желкен» журналы, №6. 2020. / №7.2020. 

Жазушы, әдебиеттанушы

Мәдениет порталы       

author

Айгүл Кемелбаева

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Павлодар облысы Майқайың ауданында ағайынды бауырларды зорлап кеткен, деп хабарлайды madeniportal.kz...

Жаңалықтар

Президент сот жүйесін реформалау туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Бұл турады...