Сын дегеніміз – кемелдікке жетудің бірегей жолы. Кезінде орыстың Пушкин, Лермонтовтары барда Б...
Шарль Перро. Есек терісі
Ерте заманда бір өте бай әрі қуатты патша өмір сүріпті. Оның байлығы, жиған алтын күмісінің көптігі соншама, мұншама қазына ешбір патшаның тіпті түсіне де кірмеген екен. Патша өзінің ханымымен тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Тек қана өздерінен туған балалары болмағанына кейде қатты өкініш білдіріп, бала асырап алсақ деп армандапты. Бір күні бұл істің орайы келіпті: өздерінің досы, көрші елдің патшасы қайтыс болып, кішкентай қызы жетім қалады. Патша мен ханым жетім қалған ханшайымды өз сарайларына алып келіп, асырап алады.
Кішкентай қыз күн сайын гүлдей жайнап өсіп, айдай сұлу ару болып бойжетіпті. Өздерінен тумаса да, асырап баққан қыздарының мұндай көрікті ару болып өскеніне патша мен ханымы керемет қуанып, риза болып жүріпті.
Күндердің күнінде ханым ауыр науқасқа ұшырапты. Патша күннен күнге халі нашарлап бара жатқан әйелінің жанында болады. Бұл аурудан енді жазылмайтынын білген ханым ақыры бір күні патшаға әлсіз дауыспен былай депті.:
- Менің ажалым таяды. Өмірден өтер алдында сенен бір нәрсені өтініп тапсырайын. Мен өлген соң қайта үйленсең, ол алатын әйелің менен де сұлу, әрі ақылды болатын болсын!
Патша бұл сөзді естігенде өкіріп жылайды да, әйеліне уәде береді. Әйелі кешікпей қайтыс болады. Ханымды жерлеген соң патша қайғыдан құсаланып, ештеңеге зауқы соқпай жата-жата қартайып кетеді.
Ақыры бір күні қайғыдан езіліп жатқан патшаға уәзірлері кіріп келіп, бұдан әрі қайғырып жатудың мәнісі жоқтығын айтумен болады. Сөйтіп патшаға үйленуге кеңес береді.
Патша болса оларды тыңдағысы да келмейді . Алайда уәзірлері құлағына маза бермеген соң патша оларға былай дейді:
- Мен марқұм ханымыма өзінен көрікті де сымбатты әйел болса ғана аламын деп уәде берген едім. Бірақ бұл өмірде ондай жанды әлі кездестіре алмадым. Сондықтан да мен үйленбеймін! – дейді.
Уәзірлер патшаның сәл де болса беті бері қарағанын пайдаланып, бұдан былай оған небір сұлулардың портреттерін әкеліп көрсете бастайды. Бірі болмаса бірі патшаға ұнап қала ма деген ойлары еш орындалмапты.
Ақыры, бір күні бас уәзір патшаға былай деп айтуға мәжбүр болыпты:
– Мәртебелі тақсыр, сіздің тәрбиеңіздегі ханшайым сондай сұлу, әрі ақылды ғой, сізге содан артық әйел болатын адамды таппайсыз! Оның көркі де марқұм ханымнан еш кем емес!
Патша бұл сөзге ұзақ ойланады, ақыры жас ханшайымға үйленуге келісіп, оған өзіне әйел болуға ұсыныс жасапты. Сарайдағылардың бәрі бұл шешімге риза. Тек бойжеткен кәрі патшаға тұрмысқа шықуды қаламайды. Патша болса мұны тыңдағысы да келмейді. Тезірек үйлену тойына дайындалуға бұйрық береді.
Жас сұлу не амал жасарын білмей тарығады. Сөйтіп отырғанда өзінің қайырымды сиқыршы апасы Сирень есіне түсіп, содан ақыл сұрамақ болады. Сол түні-ақ қошқар жеккен алтын арбамен апасына аттаныпты. Сиқыршы оны мұқият тыңдайды:
– Қымбаттым, келісіміңді бер, - деп ақыл үйретеді сиқыршы, – түбі жаман болмайды. Ең алдымен патшадан аспан түстес көкпеңбек көйлек әперуін сұра. Бірақ ондай көйлекті саған тауып бере алмайды.
Ханшайым сиқыршыға алғысын айтып, сарайға оралады. Таңертең ол аспан түстес көк көйлек тігіп бермейінше, өзіне тұрмысқа шықпайтынын айтады. Патша елдегі ең үздік шеберлерді жинап алып, оларды аталған көйлекті тігуге отырғызады.
- Егерде бұл көйлектерің ханшайымға ұнамайтын болса, - дейді патша - бәріңді дарға асатын боламын!
Келесі күні шеберлер алтын сары бұлттар бейнеленген көгілдір аспан түстес әсем көйлекті дайындап алып келеді.
Көйлекті қолына алған ханшайым қуанғанның орнына, соншалықты қорқып кетті. Ол сиқыршыға тағы да аттанып, енді не істеу керектігін сұрайды. Сиқыршы аса қобалжыған сыңай танытып отырады да, патшадан енді сүттей аппақ көйлек тіктіруді сұрауға кеңес береді.
Патша ханшайымның айтқанынан еш бас тартпайды. Ол нағыз шеберлерді жинатып алып, әмірлі дауыспен ертеңге дейін көйлектің дайын болын бұйырады. Бұйрық орындалады. Бұл әсем көйлекті көргенде ханшайым бұрынғысынан да қайғыра түседі.
Сиқыршы Сирень ханшайымның екінші жолы да қиналып отырғанын сезіп оның жанынан табылады:
- Мінеки, патша сенің бұйырғаныңды екі жолы да орындап отыр. Енді тағы бір рет тапсырма беріп көрелік! Бұл жолы қолдарынан келмес. Дәл күндей жарқырап тұратын көйлек тіктіріп берсін. Қалай болғанда да біз уақыт ұтарымыз анық.
Ханшайым бұл тапсырмамен келіседі де, патшадан дәл осындай көйлек тіктіруді талап етеді. Патша: «Қалай болғанда да көйлек күндей жарқырап тұратын болсын, қосып тігіңдер!» - деп өзінің тәжіндегі барлық асыл тастардың бәрін жұлып алып, тігіншілерге береді. Көйлекті ертеңінде алып келгенде бәрінің көзі сығырайып, қарай алмайды. Көйлек расымен де күндей жарқырап тұр еді.
Тек ханшайым ғана қуанбады. Ол жарықтан көзім ауырып кетті деп өз бөлмесіне барып жатып алып, еңіреп жылайды. Өзінің айтқан барлық айла-ақылы жүзеге аспағанына сиқыршы Сирень де қатты қапалы еді.
- Ендеше, балақай, - дейді ол ханшайымға, - патшадан өзінің сүйікті есегінің терісін әкеліп беруін талап ет. Олай жасамайтыны анық, мен білсем!
Айта кету керек, сиқыршы терісін әкеліп бер деп шарт қойғызып жатқан есек – жай ғана есек емес еді. Таң сайын оның жатқан жеріндегі сабан мен көңнің беті жарқыраған алтын мен күміске толып қалатындықтан, патша бұл есекті жақсы көріп, оны сақтап бағып-қағатын еді.
Ханшайым іштей қатты қуанды. Ол патшаның есекті өлтірмейтіндігіне сенімі әбден зор еді. Көтеріңкі көңіл күймен патшаға жеткен ол есектің терісін талап етті.
Патша ханшайымның мұндай оғаш талабына таң қалады. Дегенмен, кешке таман қызметшілер патша есегінің терісін алып келіп беріпті. Қыз онымен енді не істейтінін білмейтін еді. Осы кезде сиқыршы пайда болып ханшайымға былай деп ақыл берді:
– Қапалана берме, сұлуым! – дейді ол – Мүмкін осы жолы бәрі жақсы болар. Есектің терісін жамыл да, бұл қамалдан жылдам шығып кет, қызым. Өзіңмен бірге ештеңе алып шықпа: көйлектерің, киімдеріңнің бәрі сиқырлы сандықта болады. Қалаған кезіңде таяқшамен жерді түртіп қалсаң, әп сәтте аяғыңның астынан табылады. Ал, енді жылдам кет бұл жерден!
Ханшайым сиқыршының бетінен сүйді де, есектің жиіркенішті терісін жамылып, ешкім танымайтындай бетіне күйе жағып алып сарайда шыға берді.
Ханшайымның жоғалып кетуі үлкен әуре-сарсаңға ұласты. Патша ханшайымның соңынан қууға мыңдаған салт аттылар мен әлденеше мың жаяу жауынгерлерді жіберді. Бірақ сиқыршы ханшайымды ешқандай көрінбейтіндей етіп тастағандықтан, патша қызметшілері оны байқаған да жоқ. Ақыры, амалы таусылған патша іздеуді тоқтатты.
Ал бұл кезде ханшайым жолмен ұзақ жүрді. Қарны ашқан ханшайым жолда үйден үйге кіріп тым болмағанда қызметші болдырып алуларын өтініпті. Бірақ есектің жиіркенішті терісін жамылған қызды ешкім де паналатқысы келмепті.
Ақыры ол жүре-жүре бір үлкен үйдің жанына келіпті. Бұл үйдің қожайыны ұсқынсыз қызды өзіне жұмысқа алмақ болыпты. Үй иесінен не істеуі керектігін сұрағанда, күректауықтарға жем беру, қой жаю және шошқаның науасын тазалауды тапсырыпты. Ханшайымды асүйге орналастырады. Бірінші күннен бастап-ақ бәрі мұны мазақтай бастады. Бәрі де біртіндеп бұған бойларын үйретті. Өзі де бой үйретті. Жұрттың бәрі оны Есектің терісі деп атапты.
Бір күні бұлақтың жағасында отырған қаншайым айнадай жалтыраған судан өз бейнесін көрді. Жиіркенішті есек терісіне қарап ол шошып кетті. Өзінің алба-жұлба түрінен қорланған ол есектің терісін лақтырып жіберіп, суға күмп берді. Кері қайтқанда қайтадан есек терісін тағы да жамылуға тура келді.
Ханшайымның бақытына жарай келесі күні мереке болғандықтан, жұмысқа жеккен жоқ. Осы сәтті пайдаланған ол өзінің байлыққа малынған көйлектерінің бірін кимек болды. Ханшайым жерді таяқшамен бір рет түртіп қалғанда киім-кешек салынған сандық алдында тұра қалды. Ханшайым көгілдір көйлегін алып шығып, өз бөлмесіне барып киіне бастады.
Ол өзін өзі айнадан қарап, ғажайып көйлектеріне риза болды. Осыдан кейін әр мереке сайын ол өзінің қымбат көйлектерін киіп сәнденетін болды. Бірақ Қошқар мен Күрекетауық екеуінен басқа ешкім мұны білмейтін. Оны барлығы да жиіркенішті есек терісін жамылып жүрген соң Есек терісі дейтін еді.
Бір күні мынадай бір оқиға болыпты. Үйде ешкім жоқта ханшайым есектің терісін шешіп, өзінің сиқырлы сандығындағы ең сәнді көйлекті киіпті. Ол аулаға шыққан кезде, аңнан қайтып келе жатып қожайынның ауласына демалуға тоқтаған жас ханзадамен ұшырасып қалыпты. Ханшайым өзін танып қояды екен деп, зәресі ұшып үйге қарай қашады. Қыздың сұлулығына таң-тамаша қалған ханзада қожайынның келуін күтіп, одан үйіндегі бейтаныс қыз туралы сұрапты.
– Менің үйімде ондай сұлу қыз жоқ, тек кір-қожалақ Есек терісі деген ұсқынсыз қыз ғана бар, - деп жауап береді қожайын.
Ханзада бейтаныс сұлуға ғашық болып қалады, тек соны ғана ойлайды. Ақыры қайғыдан сарғайып, ауырып қалады. Патша мен ханым ұлы не айтса соны орындауға дайын еді. Ақыры ханзада былай деп өтінеді:
– Сол Есектің терісін жамылған қыз маған арнап бәліш пісіріп әкеліп берсінші.
Келесі күні бәліш сарайға жеткізіліпті. Ханзада оны сүйсініп жей бастағанда, бәріштердің бірінің арасынан сақина шығады. Сақина ұн илеп жатқанда ханшайымның қолынан абайсызда сусып түсіп қалған екен.
– Мейлі, кім болса сол болсын, осы жүзіктің иесіне үйленемін! – деп айқайлап жібереді ханзада.
Патша ең әуелі өз патшалығындағы барлық ақсүйек қыздарды шақыртып, оларға сақинаны кигізіп өлшетіпті. Бірақ ешқайсысының саусағына жүзік дәл келмейді. Кезек қызметшілерге де келіпті. Ақыры жүзікті Есек терісі киген кезде, оның саусағына құйып қойғандай дәл келіпті.
Қыз үстіндегі есектің терісін шешкен кезде, алдарында тұрған ғажайып сәнді көйлек киген айдай арудың тіл жеткізісіз, көз тойғысыз сұлулығы сол жерде тұрғандардың барлығын таң тамаша қалдырыпты. Қыз патша мен ханзадаға өзінің басынан өткен тарихын түгелдей әңгімелеп беріпті. Патша бұл оқиғаны әбден тыңдағаннан кейін бірден ханзадамен қызды үйлендірмек болып шешіпті. Ақыры солай болыпты. Ерекше салтанатпен өтіп жатқан үйлену тойы үстінде ханзада мен қалыңдық бір-бірінен көз айырмай сүйсіне қарап отырыпты. Есек терісін жамылған қыз осылайша өз бақытына қол жеткізіпті.
Орыс тілінен аударған А.Байтанұлы
adebiportal.kz