Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдауымен а...
Құлтөлеу Мұқаш. Қас батырдың мінезі
Эссе
Жеңіс мейрамы қарсаңында Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсеновпен жолығуға келе жаттым. 2004 жылдың 7-мамыры еді. Түс әлеті. Көп сөйлесу ойда жоқ. Тек қолтаңбасын алуым керек. Анығырағы – газеттің мерекелік нөміріне әйгілі партизанның өз қолымен жазып берген бір ауыз тілегін жариялауға ниеттенгенбіз.
О кезде Қасекең Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрады. Жалғыз ғана түйткіл бар – жасы келген батыр қалай қабылдар екен, көңіл күйі қалай; құлағының да тосаңдау еститінін білетін ек, әңгімелесе қалсақ недәуір қиындық туындайды-ау деп кібіртіктейсің. Анда-санда түрлі кездесулерде, дүбірлі жиналыстарда сырттай көріп-біліп жүргенмен, бұрын-соңды тілдесіп көрмеген адамым.
Есікті ашқан Асыл апай жарқын жүзбен қарсы алды. Алдында телефонмен бір-екі рет қайталап қоңырау шалып, бұйымтайымызды жеткізіп, кездесуге осы кісі арқылы келіскенбіз. «Түсіндіріп айтып қойдым, қарсы емес, келе беріңдер» деген. Менің жалғыз екенімді байқап:
– Ағаң дамылдап жатқан шығар. Бірақ тұрады ғой. Біледі. Сөйлесе бер! – деп бүйірдегі шағын бөлменің есігін ақырын ашып, кіргізіп жіберді.
Іргедегі кең кереуетінде үлкен құс жастыққа басын сүйеген Қасым аға көзі жұмулы, кішкене радиоқабылдағышты бір қолымен сығымдай ұстап, жалғанған наушник арқылы әлденені қабағын түйе тыңдаған күйі шалқалап жатыр екен. Кеудесінде ақ мәйкесі бар. Бұтында – көк трико. Осынау шау тартқан шағын денелі жанның шағындағы алып тұлға, алапат күш иесі екеніне сене де қоймағандайсың.
Бөлмеге біреудің кіргенін тез аңдап, селт етіп оянды да, серпіле көтеріліп, орнынан жедел тұруға ыңғайланды. Төсегінің жиегінде жатқан сүйретпелерін аяғына лезде іліп алған соң, радио-транзисторды құлаққа ілгіш аспабымен қоса қасындағы аласа үстел үстіне қойды.
Қолын тұнжыраңқырай ұсынған. Үнсіз амандастық. Алақаны жұп-жұмсақ. Едәуір өсіп кеткен ақ шашы ұйпа-тұйпа. Одан, арыған білегін ақырын ғана көтеріп, жоғары тұсты нұсқады. Күнделікті киілетін әскери жасыл жейдесін сұрап отырғанын аңғарып, ілулі киімді лып еткізіп алып бердім. Қасында парадтық формасы да тұр екен. Алтын жіппен әдіптеген полковник погоны мен самсаған орден-медалі жалт-жұлт етеді.
Батырдың аса жатсынбағаны қуантты. Асықпай, көйлегін киіп, түймеленіп болғаннан кейін алғашқы сұрақты мен емес, қоңыр барқын даусы қырылдаңқырап, Қасым ағаның өзі қойған:
– Иә, қай жақтың баласысың, жарқыным?!
Мен ата-қонысымызды айттым.
– Е-е, жақсы жақтың баласы екенсің ғой!..
Батыр сынағандай, үсті-басымды шола түсіп, шаншыла қарап қойды. «Ағаның мұнысы жай сөз реті де. Әйтпесе қазақтың қай аймағы да осал емес шығар. Басқа біреумен сөйлессе де дәл осы әңгімені айтар еді» деп ойлап тұрмын.
– Келін қай жақтан?
Енді осыны не үшін сұрайды екен дегендей күмілжіңкіреп барып, елді-мекендердің тағы бірін атауға тура келді. Қасекең бұл кезде шұғыл жадырап, маған аң-таң болған репетпен бұрыла қарайды:
– Е, мұны сразым айтпайсың ба?! Күйеу бала екенсің ғой! Бәсе, бағанадан кіргелі бері маған біртүрлі ұялып қарайсың!
Жүзіне қан жүгіріп, түрі өзгеріп шыға келді. Көзі жылтылдап, рахаттанып отыр. Қызық. Екеуміз де бөлмені басқа көтере қарқылдап күліп жіберіппіз. Сөйлесу қиынға түсе ме деп күмәндәніп келген шалымның қалжыңы кісі өлтіретіндей екен. Мұнша сергектікті, мұнша қуақылықты күтпегенім рас-ты.
– Ай, аға, молодец екенсіз ғой өзі!
Қарттың осындай сезгірлігіне, әзілқойлығына тәнті болғаным сонша, оны бас салып құшақтай алуым ғана қалып еді. Бірақ өйте қоймай, өзара түсінісудің белгісі ретінде қайтадан қол алыстық. Бұлар аяқ астынан шуылдап, не үшін мәз бола қалды дегендей, Асыл апай да есікті ақырын ашып, өз бетімізше ыржыңдап отырған үлкенді-кішілі екеумізге таңдана бір қарап кетті. Мен оқ пен от ортасында ажалмен сәт сайын бетпе-бет келіп, өмір мен өлім арасындағы шыбын жанды шүбереке түйгізген қиын мезеттерде ұтқыр шешім қабылдай білетін әбжілдіктің төркіні қаһарман ағамның осындай айрықша қағылездігінде, қиялының ұшқырлығында жатқанын енді ғана жітірек түйсінгендей едім. Іштей: «Әй, өстіп, көп жәйттің мәніне кешірек бойлап жататынымыз бар-ау!» деп өз-өзімді жазғырыңқырап та қойдым.
Бөлмедегі тағы бір назар аудартқан нәрсе – айнала төңіректің бәрі толған ірілі-ұсақты қағаз жәшік-тін. Кемі, бес-алтауы тұр. Біраз күліп, сергіп алғаннан кейін ақырындап сұрақ қоюға кірісемін:
– Аға, мына жәшіктерді неге қаптатып қойғансыз?
– Ә-ә, түрлі документтер ғой. Ашып көре беруіңе болады.
Жақынырақ тұрған біреуін ашсам, қаттаулы фотосуреттер, әралуан құжат, ескі карталар, сарғайған газет беттері секілді. Құнды дүниелер. Әсіресе, Қасекеңнің сонау сұрапыл соғыс кезіндегі қарулас достарымен түскен кескіндері көз тартты. Қайран батыр ағам қалың орыстың қақ ортасында өңкиіп, қасқая күле қарап тұрады. (Славян нәсілді ағайынның бәрін «орыс» дей береміз ғой. Әйтпесе, партизанның көпшілігі украин, поляк, өзге де ұлт өкілдері болуы кәдік). Суреттердің дені кезекті операцияға аттанар алдында түсірілетін секілді. Біразы партизандардың парашют, басқа да асай-мүсейін асынып алып жау тылына аттанатын ұшақ табалдырығы алдында тартылыпты. Кәдімгі десант. Көзге әйгілі партизан жазушының шығармаларында баяндалатын қияпат соғыс суреттері елестеп өтеді. Құлаққа гүрс-гүрс жарылған бомба, ысқырған оқтың даусы естілгендей болады.
Бұл жәдігерлерді өз бөлмесіне жинастырып, әзірлеп қоюының өзге бір себептері бар секілді. Оны қазбалап сұрамадым. Біраз үнсіздіктен соң әңгімені жалғастыруға әрекеттенемін:
– Аға, сіз нағыз батыр адамсыз ғой. Ойлаған кезіңіз болды ма, сол батырлық өзіңізге ата-бабаңыздан жұққан ба, жоқ әлде...
– Уай, дорогой, батырлық деген тікелей ата-бабадан жұғады деу қиын ғой. Кім білсін енді, кейбір қасиеттің әке-шешеден даритыны да рас. Бірақ қара күш иесінің бәрін бірдей батыр деуге келе қоя ма. Мәселен, мен соғысқа дейін әшейін ауыл арасындағы содырлығым болмаса ешқандай батыр емес едім.
– Әйтеуір, екінің біріне бұйырмайтындай ерекше денелі жігіт болыпсыз.
– Иә, жасымда едәуір ірі болғаным рас. Орташа мөлшермен жүз жиырма бес келідей тартатынмын. Бірақ бұл батырлықтың өлшемі емес. Адам, тегінде, ерлікті қалайда батыр болайын деп, көзге түсе қояйын деп жасамайды. Мысалы, кімде-кім халқын сүйсе, Отаны үшін жан аямай соғысса, сол батыр болады. Өлсе батыр болып өледі, тірі қалса батыр болып жүреді...
– Мен кейде ойлаймын, біздің халық ежелден керемет батыр халық па деп. Өзіңіз де білесіз ғой, қазақтар Ұлы Отан соғысы батырларының есебі жағынан төртінші орында. Орыс, украин, еврейлерден кейін – бізбіз. Бұл, расында, таңқаларлықтай өте жоғары көрсеткіш. Осының сыры неде екен?
– Қазақтың әуелден жауынгер, ержүрек халық екеніне дау жоқ. Әйтпесе аз ғана құраммен мынандай ұлан-ғайыр даланы ұстап тұра алар ма еді. Кезінде ылғи жаугершілікті кешірді бұл халық. Тегінде, кімде-кім төзімді – сол түбі бір батырлық жасамай қоймайды. Қазақ деген қандай қиыншылық болса да шыдайды да, қандай жауға кезіксе де Құдайдың жазғанын көреміз деп жан аямай кіріп кетеді қан майданға. Қазақтың арасынан көп батырлар шығатыны – сондықтан. «Мың өліп, мың тірілген» деп жатамыз. Сол дұрыс сөз. Оның үстіне рухымыз биік халықпыз. Көрмейсің бе қазақтың анау екі қызының батырлығын! Басқа халықтан неге шықпайды сол Әлия мен Мәншүктей ержүрек қыздар?! А? Өзің ойлап көрші! Осының өзі-ақ талай нәрсені көрсетіп тұр ғой. Ал батырлық атақты ала алмаған адамдарымыз қаншама! Алысқа бармай-ақ, Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев ағаларыңды ал! Бірақ, көңіл аударатын тағы бір нәрсе бар. Әлгі соғыстағы жалпы батырлық атаулының және бір қырын ескеру керек. Мәселен, Қазақ елінде бес жүзге тарта Совет Одағының Батыры бар екен. Ақиқатын айтқанда, солардың барлығын бірдей батыр деуге келмейді. Олардың атағын қызғанып отыр екен деп қалма. Ой жүгіртіп қарасаң, әлгілердің кейбірі бір сағаттың ішінде немесе бір күннің айналасында көзге түсіп батыр атанғандар. Бұлардың қайсыбірі, тіпті, өзінің қандай ерлік жасағанын, батырлық атақты нақты не үшін алғанын білмеуі де ғажап емес. Белгілі атаққа, бағы жанып, штаб төңірегінде, қолбасшылар айналасында жүріп ілігетіндер де мәлім. Және ондайлар бір жасаған әрекетін екінші рет қайталай алмайды да. Ал анау Талғат Бигелдиновтер аспандағы айқастарда бір ерлігін, кемінде, үш жүз рет қайталаған. Сол сияқты, Бауыржандардың да әр сағаты, әр күні толған ерлік еді...
– Ақыры батырлық туралы айтып қалдық. Сіздің өзіңіздің де сол жоғары атақтан әділетсіз түрде айрылып қалғаныңыздан хабардар едік. Соның шет-жағасын өзіңіз айтып бермейсіз бе?
– Уай, дорогой, (кейін аңғардым, батыр ағаның кейдегі сөз мәнері осылай екен. Қ.М.) ол ұзақ әңгіме ғой!
– Сонда да. Қысқаша.
– Ол былай болған. Мына Украинаның Десна, Днепр, Припять деген керемет өзендері бар емес пе. Соның арғы бетін немістер басып алып, қаншеңгелді біртіндеп Мәскеуге дейін салуды ойластырып жатты. Сол себепті, әлгі дариялардың батыс жағаларында плацдармдар құрып, Киев бағытында солтүстік-шығыстан және батыстан жауға қатты соққы беріп, Украина астанасын азат ету жоспары жасалады. Осылайша дұшпанның Донбасс пен Украинаның солтүстік жағалауын жермен-жексен етеміз деген ойын күл-талқан қылу көзделді. Бір күні осы мақсатта біздің отрядқа да Днепрден өтуге бұйрық берілді. Соңырақ білсем, бұл тұрғыда небір алапатты бастан кешіріп, соғыс өртінде әбден шыңдалып, ысылған партизан отрядтарына үлкен үміт артылған көрінеді. Бұл жауапты іске кейін біз секілді басқа да құрылымдар тартылыпты. Әйткенмен, өзеннен өте салу деген оңай нәрсе емес-тін. Алып дарияның екі жағасы аралығын қаншама адам, қаншама қару-жарақпен бейбіт күннің өзінде әшейін зу ете түсу бірталай қиынға соғар еді. Ал жерден де, көктен де жаңбырша жауған оқ жағдайында бұл өзі, тіпті, санаға сыймайтын нәрсе-тін. Өкімет Днепрден алғаш болып өткен отрядтың әр адамына Совет Одағының Батыры атағы берілсін деп бекерден-бекер қаулы шығарсын ба. Сонымен, не керек, Днепрден тірідей өту қисынға келмейтін іс болса да мен өз тобымның жүз жиырма адамына Қызыл Әскерлерден қосылған төрт жүзден аса сарбазды және қосып, нартәуекел деп түстім өзенге. Қысқасы, сол алты жүзге жуық жауынгердің, көп болса, үш жүздейі ғана аман шықтық. Қалғанының бәрі суға батып өлді немесе оққа ұшты, бомба астында қалды. О кезде бүгінгідей рация жоқ, байланыс сым телефон арқылы ғана жасалады. Содан бір кезде телефонға шақырады мені. Кезекші офицер екен, бас қолбасшымыздың атынан хабарласып тұрғанын айтты: «Қайсенов жолдас, сіз өтіп шықтыңыз. Жарайсыз! Зор алғыс жарияланады. Енді сол шепті сағат он екіге дейін ұстап тұрыңыз. Соған дейін біз өтеміз» дейді. «Құп болады!». Сөйткен мен ол арадан он екіге дейін өлсем кетем бе. Бірақ оғанша үш-төрт сағат бар еді. Жүздеген самолет бомбаның астына алды. Қаптатып танкілерін жіберді. Соны ұстап тұрдық біз. Ақыр аяғында жиырма-отыздай ғана адам қалдық. Қанды қасапқа түсу деген осы. Ондай сұмдықты көрсетпесін. Сол кезде бізді тамтықтары қалмай тып-типыл болып қырылып кетті деп ойлаған Александр Тканко деген қасына бір советтің немісін ертіп алып, дереу Харьков қаласындағы майдан штабына барады. Сөйтіп ондағы басшыларға Днепрден аман-есен өткен мына екеуіміз деп баяндайды. Екеуіне де қолма-қол Совет Одағының Батыры атағы беріліпті. Солай айрылғанмын атақтан. Бір қуаяқ келді де орта жолдан қағып кетті, қазақша айтқанда. Біз Құдай қарасып тірі қалған едік. Маған тиесілі атақты алып кеткен әлгі Тканкомен кейінірек Карпатқа бірге ұшқанымыз бар. Сонда маған көптеген партизан жолдастарым: «Әй, Вася, сен енді әлгі сұмыраймен бірге ұшпа. Аулақ жүруге тырыс. Өйткені ондағы геройлық – сенікі. Ол сені ретін тауып құртудың жолын қарастырады», – деп ескертті. Мен қол сілтегем. Кімді кімнің құртатынын көреміз ғой; жан керек болса соның өзі менің көзіме түспегені жөн-ау дедім. Сөйтіп онымен Карпатта бірге соғысуға тура келді.
– Сіз болсаңыз, тіпті, бертінде ғана Украина Президенті Кучмаға өзіңізге иттік жасаған сол Александр Тканкоға генерал атағын беру туралы өтініш білдіріпсіз. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл да әлгі қазақтың дарақылығына ұқсас мінез емес пе?
– Иә, ондай сөздің болғаны рас. Бірақ өткен нәрсе өтті, кетті ғой. Атаңның кегі емес, ескі әңгімені несіне қузай берем. Және өзі кешірім сұраған кезі де болды. Қу құлқын, қу пендешілік не істетпейді. Қойдық. Түсініп. Александр Тканко қазір тірі. Украинаның Черкасск қаласында тұрады. Менен екі жас үлкен. Сексен сегізде. Осыдан екі-үш жыл бұрын Украинаға барғанымда басқасының бәрі генерал да, ол генерал емес екен. Мен: «Әй, Александр Васильевич, сен неғып генерал емессің?!» десем, «Мен – оппозициядамын. Қазір капитализм. Мен коммунист адаммын. Сондықтан, бермейді маған генералдықты» дейді. Содан Президент Леонид Кучма қабылдағанда: «Сен анау полковникке генералдықты бермепсің. Бұрынғы партизан басшыларының бәрі генерал көрінеді. Неге бермейсің оған? Ол кезінде сенің Украинаңды азат етіп, осындай жағдайға әкелмесе сен бүгін Президент болып отырмас едің ғой. Соны неге ойламайсың? Бұған қайтсең де генерал атағын бер!» деп ұрсып кеткемін.
– Сөйтіп, генерал-майор атағын алыпты ғой Александр Васильевичіңіз.
– Иә алды. Жақында хат жазып жіберіпті маған. «Ақырында, кім білсін, сенің сөзіңе де құлақ түрген шығар. Әйтеуір, Президенттің көңілі түсті. Генерал-майор атағын берді. Шынтуайтқа келгенде, сен екеуміз бұл атаққа сонау 1944 жылы-ақ лайық едік қой» депті. Онысы рас еді. Мен соғыстан бұрын Әскери Барлау училищесін бітірген адаммын. Соны түгескен он үш адам Украина партизандарына басшылық жасадық. Сол он үш жетекші Карпатқа парашютпен түсіп, үлкен партизан дивизиясын құрып, генералдар ұстап тұра алмаған жерді ұстап тұрдық қой.
– Бірақ сіз өзіңіз полковник шенінде қалдыңыз.
– Иә, әлі полковникпін. Жоғары жақтарға Талғат Бигелдиновтер хат жазыпты. Қасым Қайсеновке генерал атағын беріңіздер деп. Оған «Қайсеновтің әскери білімі жоқ» деп жауап қайтарған секілді. Мұнысы қалай?! Айтып отырмын ғой, арнайы оқуды соғыстың алдында бітіргенмін. Сонда немене, мен партизандар полкін төрт жыл бойы білімсіздігімнен басқарғанмын ба?! Қазақстанда тарихқа белгілі елу шақты партизан бар. Солардың да бір де бірі генерал емес. Жарайды, маған атақ бермей-ақ қойыңдар. Бірақ ол ұрпақ үшін керек емес пе. Мені де қойшы, соғыста дивизия командирі болған Бауыржанға да бермеді ғой генералдықты. Сол өкінішті. Бірақ, әйтеуір, оған елбасымыз мықтылығынан Батыр атағын алып берді.
– Тіршілікте Баукеңмен қарым-қатынасыңыз қалай еді?
– Мен сырттай Бауыржанның батырлығын, ерлігін білдім. Қатты сыйладым. Бірақ онша жоламайтынмын. Өйткені ол, бір қарағанда, дөрекілеу көрінетін, тік сөйлейтін адам еді. Мен де оңып тұрған жоқпын ғой. Менен он шақты жас үлкендігі бар. Енді екеуміз айқасып, ұрысып қалсақ не болады. Сондықтан, алыстау жүретінмін. Көшеде кездесіп қалсақ «Ассалаумағалейкум, Бауке!» деймін. Ол да «Здравие желаю!» дейді де өте береді. Ішінен «сен герой болсаң, мен сенен де өткен героймын» деп. Артынан қуып сөйлесіп жатуға болмайды. Қайта, анау Рақымжан Қошқарбевпен жиі араласып жүрдік.
Осы тұста Бауыржан Момышұлы мен осы Қасекеңе қатысты бір аңыз әңгіме ойға оралды. Бірде Баукең Қасым Қайсеновтің партизандық жазбаларын оқып жатып әлден уақытта: «Өй, мынауың нағыз қанішер екен ғой!» деп кітапты лақтырып жіберіпті дейтін. Дүлей отряд жетекшісінің оңтайлы сәтте бір неміс солдатының мойнын бұрап, үзіп жіберген тұсына кезігіп қалса керек. Кісі өлтірудің жүзден аса түрін меңгергенін Қасекеңнің өзі де жасырмай айтатын. Өйткені «жауды аяған – жаралы», соғыстың қатыгез заңдылығы солай. Өбектеп жүретін жағдай жоқ. Өйтпесең өзің өлесің. Жолдастарың майып болады. Бірақ қаншалықты батыр болса да нәзік жанды Баукеңді оның жау тылындағы қолма-қол ұрыс үстінде жасаған кейбір оқыс қимылдары қатты түршіктіргендей. Сол себепті, бірталайға дейін кездесе қалса, Қасымды сонадайдан айналып өтуге тырысады. Әйткенмен, күндердің күнінде тағы бір ұшырасқан сәтте қаһарман інісін екі құлағынан ұстап тұрып маңдайынан сүйіпті. Ахуалды түсініп, «тентек» бауырын кешіргені тәрізді. Қос батырдың біраз уақыт іштей «шекісуі» осылайша тәмәмдалған.
Қасекеңді мазалап бұл әңгіменің де анық-қанығына жетуге ұмтылмадым. Бірақ недәуірге дейін сол сұрапыл соғыс тақырыбының бүгінгі жас ұрпаққа жетуі төңірегінде пікір тарқатысып отырдық. Сөзден-сөз шығып, әлдебір танымал майдангер жазушы туралы ой қозғалғанда Қасым аға:
– Уай, ол өзі бір ылғи өтірік жазатын нашар адам екен! – деп тыжырынып қалды.
О қаламгердің кейде нақты өмір шындығын өз ыңғайына қарай бұрмалаңқырап, істі көбінесе «тігісін жатқызып», сөзді асқақ пафоспен жалтырата қолдануға әуес екенін мен де аңдайтын едім. Бірақ аңғал оқырман мәселенің түп-тереңіне қайдан бойлап жатсын, ұзақ уақыт бойы сондай жалғандығы басым, шикі сарынға дағдыланып, әрбір еңбек осылай жазылуы керек екен деп шүбәсіз сеніп, тіпті, оларды шығармашылықтың шыңы деп қабылдайтын қауымға «жоқ, мәселе олай емес, былай еді» деп жөн сілтер болсаң бітпес дауға қаларың анық. Сондайда «жұрт айтса болды, көп айтса көнді» дегендей, біздің елдің біреуді мақтаса алды-арқа қарамай аспанға шығарып, даттар болса жерге тыққанша асығатын әдетінше әлі күнге дейін дүрмек-дақпыртқа ілесіп, белгілі бір құбылыстарға қатысты көзқарасын қасарысып, баяғы тар шеңбер, қасаң қағида аясынан шығарғысы келмейтін сыңарезулігі еске түседі. Қасым ағаның бұл тұрғыдағы сұңғылалығы және таңырқатқан. Кезекті сұрақты да осы бағытта жалғауға ұмтыламын:
– Өзіңіз қаламды тастаған жоқсыз ғой? Анда-санда баспасөз беттерінен ұлт мүддесіне қатысты өткір мақалаларыңызды оқып қалып жүреміз.
– Иә, жазып тұрамын. Таяуда бір кітабым шыққалы жатыр. Тек бір айтатын нәрсе – мен өзімді жазушымын деп санамаймын. Қандай кітабым болсын, қалыңы, жұқасы бар, ешқайсын не повесть, не роман деп айтуға болмайды. Мен не көрдім, не істедім, жолдастарым қалай қимылдады, басымнан не өтті – соны жазған адаммын. Жазғандарымның барлығы бұрынғы партизан отряды командирінің басынан кешкендері, барлығы партизандық соғыстың әдіс-айлалары.
– Әлгідегі бір сөзіңізден сексен алты жасқа келгеніңізді білдік. Арманыңыз бар ма?
– Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі демекші, мен жау тылындағы қиян-кескі шайқастарда өліммен күн сайын кездескен адаммын. Сол 1941 жылы-ақ оққа ұшып кетуім мүмкін еді. Бірақ әлі тірі келе жатырмын ғой. Қарап отырсам, алпыс жылдай олжа өмір сүрген екенмін. Сол ғұмырды текке кетірмей қаншама кітап жазып, жастарды тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйген адам арманым бар деп қалай айтады. Әлде мені арсыз деп отырсың ба?
– Жо! Құдай сақтасын. О не дегеніңіз...
Бір сәт шүйіле қарап қалған батыр мені біраз абдыратып алды.
– Жалғыз ғана тілек бар – ата-баба қаны төгілген жер мен елдің дербестігінен айрылып қалмауымыз керек. Ол үшін жас ұрпақ мықты болуға тиісті.
– Саясатқа қалай қарайсыз?
– Соған онша құштарлығым жоқ. Бірақ өзінің баспайдасына бола немесе жекелген бір топтардың ұпайын түгендеу үшін кешегіге топырақ шашатындарды ұнатпаймын. Өткен шағымыз жақсы ма, жаман ба, ол бәрібір өз тарихымыз. Тарихта, қоғамда дұрыс та, бұрыс та құбылыстар болып жатады. Мәселен, қазір біреулер Шыңғысханды жамандап жүр. Енді біреу оны мақтайды. Сол сияқты Сталинді балағаттайтындар бар. Немесе керісінше. Сонда қалай істеу керек? Қайсынікі жөн? Осының ара-жігін ажырата білу қажет. Әйтеуір, өз басым білетіннің де, білмейтіннің де Сталинді жамандайтындарына түсінбеймін. Олай бола ма екен. Победителя не осуждают! Дүниежүзілік соғыста фашизмді жеңу деген жай нәрсе емес. Сол сияқты Совет өкіметінің де жамандығы мен жақсылығы бірдей болды. Саясатшылар мен тарихшы-сарапшылар халыққа осылардың ақ-қарасын нақты белгілеп беруі керек қой. Әділеттен ауытқымаған дұрыс. Өткен тарихты күстаналай бергеннен не шығады...
Мен осы сәтте Москваны қорғаудағы қазақтардың орасан рөліне қатысты орын алып келе жатқан әділетсіздік туралы ойладым. Орыс ағайындардың ересен батыр халық екендігіне дау жоқ; бірақ олардың шағында Мәскеуді тек өздері ғана сақтап қалғандай біздің ел жауынгерлері туралы жұмған ауыздарын ашқысы келмейтіні қынжылтпай қоймайды. Әйтсе де осы олқылықтың орнын сол соғыс басталған сәттен-ақ қазақ сарбаздарының таңғажайып ерлігі жөнінде «Истра жағасында» деген очеркін жазған Илья Эренбургтің бір өзі алдын-ала толтырып тастағандай еді. Ал осыдан көп ұзамай ол «Қазақтар» аталатын әйгілі очеркін жариялайды. Бұл дүние 1942 жылы «Правда» газетінде жарық көріпті. «Один фриц мне сказал: против нас были страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это казахи. Я не знал прежде, что существует такой народ» деп басталатын осы еңбегінде автор жеті мың қолдық жау жасағына қарсы жалғыз шапқан Ер-Тарғын ұрпақтарының намысы Москва түбінде тағы бір мәрте жарқылдағанын құлшына баяндайды. Сөйтіп, шегінуді білмейтін қазақ жауынгерлері нешеқилы таңдай қақтырарлық ерліктер жасады деп тамсанады. «Міне, жігіттер осылай соғысады! Қазақтар сайын далада сәйгүлікпен жүйіткуге дағдыланған. Ал егер керек болса олар жер бауырлап еңбектеп те кетеді, зымырап жүгіреді де, тау-тасқа да өрмелейді, батпақтан да малтып өте береді – оларды ештеңе тоқтата алмайды» дейді. Осы секілді атақты жазушы Александр Бек те жаужүрек Бауыржан кейіпкері арқылы қазақ халқының даңқын әлемге шырқатты. Ал Аркадий Эвентов: «Казах Касым Кайсенов воевал на Украине. Он был в числе первых организаторов партизанских отрядов в Киевской области. Партизанский отряд под командованием Кайсенова, «отряд Васи» – так любовно называли Касыма его боевые соратники, прошел по всей Украине от Киевщины до Закарпатья, совершая одну за другой дерзкие, крупные операции» деп толғаныпты. Өз қаламынан отыз үш-отыз төрт кітап туған Қасекеңнің ерліктері туралы жазылған мұндай жинақтардың өзі онға жуық.
Батыр шаңырағынан жұмысқа қарай оралып келе жатып бұ кісі туралы үлкен көркемсуретті фильм түсіруге болады екен-ау деп қиялдадым. Материалы жетіп-артылады. Ойластырылған әрбір жорық, әрбір қимыл, қоршаған орта көрінісі, характерлер қақтығысы қолмен қойғандай дәл кестеленетін оқиғалары қым-қуыт детективті шығармаға бергісіз қыруар кітаптан өзге әлгі фотосуреттердің әрқайсысы тірілуге сұранып тұрғандай әсер билейді. Қысқа ғана қолтаңбасына қарап қоямын. Осынау елеусіздеу ғана жазбадан туған халқының дәл өзіндей қарапайым да күрделі ердің ерен мінезі аңғарылғандай болады.
Мәдениет порталы