Аспан денелері мен ғарышқа деген құштарлық әдебиеттегі фантастика жанрының пайда болуына себепші бол...
Дәулетбек Байтұрсынұлы. Қайғылы қара таңба
Жазушы Дәулетбек Қаңбақовты қырық жылдан бері білемін. Алғашқы отыз жылында оның шығармаларын ара-тұра сыртынан оқып келген болсам, соңғы он жылдан бері өзін көріп, дидарласып, кітабын қолынан алып құныттап оқып зерттеп-зерделей бастадым. Осыдан бірнеше жыл бұрын автордың «Қазақ ханы Абылай» атты тарихи романын оқып, ол туралы «Дәулетбектен Дәулетбекке лебіз» деген мақала жазып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаттым. Өз пікірім мен көзқарасымды айтып, оқырмандарға ұсындым.
Міне, енді аттас ағамыздың бес том романы «Дауылды толқындарын» оқып отырмын. Бұл үлкен қажыр-қайраттың, шөгел ізденудің, мұқият сараптаудың, жанкещі бейнеттің натижесінде өмірге келген қомақты шығармашылық табыс. «Қазақ ханы Абылай» туралы сол мақалада «Романды жазуда үлкен бір мақсат бар. Ол болса, қазақ елінің тұтастығы, бірлігі, тәуелсіздігі еді. Роман Абылай ханды сөз ету арқылы қазақтың үш жүзінің басы біріккен қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған бақытты шақты баяндайды» деген едім. Ал, мынау жаңа романы «Дауылды толқындары» қазақтың басына күн туып саясаттың зардабынан тағдыры талқыға түсіп, тартқан ауыр нәубетін көлденең тартады. Сонымен бірге аты дардай бір мемлекеттің дәуірлік болмысын ашады.
Аталған «Дауылдар толқыны» романы дәуір бөлгіш кесек шығарма, онда үлкен бір қызыл империяның, солақай саясатпен өктемдік еткен жүйенің сол жылдардағы басты бағыт-бағдарын айнакатесіз жайып салу мақсатында жазылған бес томдық еңбек ешкімді бейжай қалдырмайды. Онда саясатпен саптап, әдебиетпен қаптап, көркем тілмен баптап, бұлтартпас дәлел, тұжырымды пакт, жинақталған түйінді ойларымен романды шымырландырыпты.
Негізі адамзат баласы қандай бір қоғамда өмір сүрсе де, олар ата-бабаларынан қалыптасып орныққан салт-дәстүр, құнды қағидаларымен өмір сүреді. Ертеде қағазға түсіріп жазған заңы болмаса да, санасында сары алтындай сақталған өмір сүру «ережелері» болады. Сол олардың бағыты мен дара жолы. Ал, одан кейінгі кезде жинақталып хатқа түскен кодекстері мен тәртіпке келтірілген заңдары арқылы жасап келді. Заң қоғамдағы барлық адамға бірдей таразы. Бай мен кедей, патша мен қараша, ер мен әйелге ортақ өлшем. Осы қағидаларды бұлжытпай атқаруды қадағалайтын, оның ауытқымауын бақылап қылдай қиянат жасауға жол бермейтін жүйе – мемлекет машинасы деп аталады. Күллі әлем осы бір қарапайым түсініктен мүлт кетпей жүріп келеді.
Табаны тайып теріс мінез, тентек пиғыл танытқандарын қалыптасқан жалпыға ортақ баптармен орнына қойып, тіршіліктің ырғағына залал келтірмей алға тарта береді. Мұны айтып отырғанымыз қытай қоғамында жүріп өткен 1966-1976 жылдарда лап етіп жанған өрттей өршіген «Мәдениет зор төңкерісі» мың жылдардан бері келе жатқан дәстүрлерді белден басып, құқық пен заңнан дөрекілікпен аттап, саясатты суша сапырып тіршілікті миша былықтырған кез болды. Міне, біздің қолымыздағы «Дауылдар толқыны» атты бес томнан тұратын роман эпопея осы бір аласапыран жылдарды бейнелейді.
Осыған дейінде «мәдениет зор төңкерісі» жөнінде сандаған шығарма жазылып, әдеттегі әңгімеден тартып әлде неше романдарға жүк болған еді. Олардың көбі сол елде, сол топырақта жазылғандықтан қоғамның шын кеспірін ашуға, бүге-шігесіне дейін ақтарып салуға батылдары барған жоқ. Желкесінде қарауыл, төбесінде тоқпақ тұрды. Жұмсақтап, майдалап, бетін қалқып айтқан болғанымен саясаттың түпкі мәнін, саясаттың сұрқиялығын, тақ таласындағы тағдыры талқан болған мыңдаған бейкүна құрбандарды айтуға аузы барған жоқ, батылы жеткен жоқ. Әлем халқы сол сүркейлі жылдар мен күлкілі саясатты сырттан бақыласа да, ішкі былықтары мен трагедиялы тартыстарын көре алмады. Әне сол өмірдің ішінде болған, басынан өткен қаламгер соның бәрін жіпке тізген маржандай, сары майдан қылшық суырғандай етіп жазады. Романның деректіліктілігі де, тарихилығы да басым. Бірақ одангөрі салмақты жағы көркем шығарма болғандығында.
Қаламгер Дәулетбек Қаңбақов мәдениет төңкерісі басталған кезде 24 жастағы қылшылдаған жас жігіт. Ол сол дауылды жылдардың өркеш-өқркеш толқындарының ішінде ержетті, атжалын тартып мінді, пысып жетіліп шыңдалды. Елу жыл бойы материял жинап, қор топтап, өзінің ыждағаттылығы мен еңбекқорлығы арқасында осындай көлемді бес томдық кесек туындысын оқырманына ұсынып отыр. «Естігеніңді айтпа, өтірік болар, көргеніңді айт, шын болар» деп, алған білімі, жазу шеберлігі арқылы мехнатты (миқынатты) еңбегі арқылы жазып шықты. Осылайша қытай қоғамының бір дәуірлік қилы кезеңін хатқа түсірді. Заңмен емес, саясатпен өмір сүретін мемлекеттің адам айтса сенгісіз мінезін паш етті, ақырын жүріп, анық басып тарих алдына жайып салыпты. Бұл романын атамекеніне табан тіреп, еркіндіке қолы жеткен Егемен елінде 80 жасында аяқтады.
Қолымыздағы «Дауылдар толқыны» романының мәні – оның халық өміріне жинақталғаны. Халық Құдайдың бір есімі, көпшіліктің ныспы, жер бетіндегі адамзатқа ортақ берілген атау. Кейде әпербаққан билік сол халықтың тоз-тозын шығарып, торғайдай тоздыратын кезі болады екен. Не күлеріңді білмейтін, не жыларыңды білмейтін сүреңсіз жылдар сүмірейтіп сүлкініңді түсіреді екен. Осындай масқара, шерменде халге жеткізудің жолы екеу. Бірі, тақтағы диктатурдың өз мүддесін көздеп жеке мақсатымен қасақана жасалатын қастандық, асқан зұлымдық. Екіншісі, қараңғы надандық, қарадүрсін қатігездік. Міне, он жылға созылған мәдениет зор төңкерісінің сипатында осы екі элементте менмұндалап көрінеді. Оны жазушының қаламынан туған «Дауылдар толқыны» барынша боршалап ине-сабақ жібіне дейін сенімді етіп суреттеп береді. Сол бір жылаулы жылдар қытай қоғамын күйзелтіп, ақсатып тұралатып, жетесіне жетіп көтерем сиырдың күйіндей жағдайға түсірді.
Елдің құрамындағы азсанды ұлттарды да аздырып, тоздырды. Сан мың жылдардан бері жалғасып келе жатқан дәстүр-салтына, ғұрп-әдетіне балта шапты. Ақылың жетпейтін ақымақтық, келіспесеңде орындайтын тұрпайылық белең алды. Көріп тұрып сенбейтін, естіп тұрып зығырданың қайнайтын, айтуға еркің жоқ, түзетуге күшің жетпейтін шарасыздықтың шалмасына оралып қылқынасың. Адамзат адамзат болғалы бай мен кедей болып өмір сүріп келеді. Басқарушы мен басқарылушының болуы өзгермейтін өмір ырғағы. Мынау социялизм деген жасанды қоғам, жалған жүйе тарихтың ағысына қарсы шығып «таптық күрес», «тап жауларын жоғалту», «кері төңкерісшілдерді жаныштау», «Капитализмді тірілтуге қарсы күрес ашу» дейтін саясатты өршелене енгізіп ел ішіне іріткі салып, ұйып отырған халықтың туталақайын шығарды.
Топ-топқа, жік-жікке бөлініп алып, жаға жыртысып, қанжоса болып мидай былықты. Мал бағусыз, егін орусыз, бала оқусыз қалды. «Таптық күресті арқау ету» мемлекетті тығырыққа тіреп, халықты аш-жалаңаш қалдырды. Ақылдылар мен білімділер шетке қағылып, надан, топас, жалқау, сіңірі шыққан кедейлер қоғамның белсендісіне айналдырылды. Емтиқанда ақ қағаз тапсырған тоғышарлар мемлекет бойынша үлгі ретінде насиқатталып, кинолар түсіріліп күллі елді қараңғылық пен мешеулікке итермеледі. Түпкі мақсат билікке бағындырып, мың салса бір баспайтын иісалмас құлдарды тәрбиелеп, жеке басқа табынуды орнату еді. Осындай арам пиғылды көздеген Мау-зыдоң өзінің қараниетіне жетті. Оның айналасында сондай сойыл соғарлары мен жандайшаптары болды. Сол арқылы халықты ауқаттануға, мемлекетті дамуға бастаған, мемлекеттің төрағасы Лю-шауши секілді алға басар, озық ойлы адамдарды тұқыртып түрменің түбінде шірітті. Астана Бежіңдегі бетқаратпас шайқастың салқыны тұтас елге жайылып, өрті қоғамды шарпыйды. Мемлекеттің іші астан-кестең болып, былыққан күйге түсті. Жазықсыз жәбірленген жандар, нақақ сотталған пенделер, тексеріп-тергеусіз өлтірілген обалдылар есепсіз болды.
«Хоңзахұй» мен «Шиуыйхұй» болып екі көзқарасқа бөлінген бұқара ақ-қараны ажырата алмай алжасты. Соның салдарынан әке мен бала жау, қатын мен еркек дұспан болып отбасылары бүлініп, отан отқа оранды. Елдің серкелері күрес нысанасына айналып, молда-қожалар «төрт көненің» көзі болып, сәлдені өртеді, жаулықты шұлғау етті. Қыз-келіншектердің шашы кес іліп келте қырықпалар селтеңдеді. Әйелдерге көйлекті шештіріп, тыртитып сым кигізді. Мұрт пен сақал саясаттың дұспаны болып, текемет пен сырмақ ескілік болып елден тартып алынды. Білімділер мен ұстаздар «сасық тоғызыншы» аталып, басына қағаздан қалпақ кигізіп, сайқымазақ етіп мойнына темір-терсек асты. Енді ойласақ оның түбінде ұлттық белгілер мен құндылықтар құрдымға тасталып бірыңғай ханзу ұлтына айналдырудың сұрқия саясаты жатқан екенғой.
Адамдар арасындағы амандасу саяси ұрандармен ауыстырылып «Ассалалаумағалайкумның» оынын «Ма-жуши жасасын!» (төраға мау-зыдоң жасасын) деген ұранға ауыстырған заман орнады. Әсіресе, мемлекеттің қозғаушы күші болып келген ғалымдар мен ағартушылар ауыр соққыға ұшырап, надандық пен тоғышарлықтың дәурені билеп төстеді. «Адам қаншалық надан болса, басқару соншалық оңай болады» деген философия бас көтеріп өз құдіретін жүргізді. Ең соңында коммунистік партияның бас хатшысы Мау-зыдоң «мәдениет зор төңкерісін» қозғау арқылы «Бас штабты зеңбірекпен атқылайық» деп, үндеу көтеріп, дазыбау (үлкен әріпті қабырға газетін) жазып күресті бастап келіп жібереді. Мау-зыдоң мемлекеттің төрағасы Лю-шаушидің қолынан билікті тартып алып түпкі мақсатына жетеді. Ол коммунистік партияның секретары және елдің төрағасы болып көңілі жай табады. Соның зардабымен елдің дамуы кері кетіп милиондаған бейуаз жандар сотталып кетті, атылып ажал құшты.
Тарихта бұрын соңды болмаған сорақы саясат, сойқан содырлық, қандыбалақ төңкеріс он жыл бойы лаң салып, отанды ойран ботқаға айналдырып 1976-жылы 9-қыркүйектегі Мау-зыдоңның ажалы жетіп өлуімен ақырласады. Жазушы Дәулетбек Қаңбақов міне осындай күрделі кезең мен жиіркенішті саясаттың салдарын санасына бүге жүріп қолындағы құнды мәліметтер мен шынайы дәлелдері арқылы ауқымды роман, салмағы батпан кітап жазып шығады. Ақ пен қараны ажыратпаған арандатулар мен тағдыры талқан болған абзал адамдардың образын жасап қоғамның қоясын ақтарып, қанды іріңін ағызады. Дәуірді қолмен қойғандай нанымды етіп суреттейді.
Романнның басталуы Шынжаңның Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Іле алқабындағы «Т» ауданында болған күрделі күрес пен қайнаған саяси өмірді сапырады. Осылайша 1966-жылы 29-тамызда болған зор жиыннан басталған қоғам тынысы мен кейіпкерлер өмірі есіліп жүре береді. Бұрыннан іс жүргізіп келе жатқан паралел екі жүйе «компартия» мен «халық өкіметі» біржаққа қайырылып қалып, билікті «төңкерісші көтерілісшілер» тартып алып бассыздық пен былықпалық белең алады. Тұтас ел бойынша «Шиуыйхұй» мен «Хоңзахұй» болып екі көзқарасқа бөлінген бұқара ит пен мысықтай болып арбасады, алысады. Олардың айтыс-тартысынан гранаталар жарылып, адам өледі. Бір жағындағы Го-шужың мен Бақай тобы өздерін «Дала соғыс армиясы көтеріліс бас штабы кеңсесі» деп атап, «Шиуыйхұй» көзқарасына табан тіреді. Енді бір жағында Хан-лижау мен Дәурен тобы өздерін «Жиырма тоғызыншы тамыз көтеріліс бас штабы кеңсесі» деп атап, «Хоңзахұй» көзқарасына өкілдік етеді.
Ал, билікке халықазаттық армиясы төтесінен килігіп, олар екі көзқарасқа ара ағайын, және төреші болып басшылық етіп отырды. Оның басында Ясин бужаң, Чо-зуфу, Шың-комисар, Ілебек секілді ат төбеліндей адамдар билікті шеңгелдеді. Олардың қолында қарулы күштер, қуатты армия тұрды. Оқиға Го-шужың тобы (қасында қазақтан Бақай жүреді) мен Хан-лижау тобы (оның қасында қазақтан Дәурен жүреді) арасында қиянкескі жағдайда өрбиді. Соның салдарынан өндіріс тоқырап, өмір айғай сүренге толады. Сол тұста мемлекеттік билікке қызыл армия араласып, жергілікті халықты басабилеп, өктемдік жасап, тұтас халықтың тіршілігін қып-қызыл саясатқа айналдырып жібереді. Олар өздері жай-жапсарын білмейтін жергілікті азсанды ұлтқа тіс-тырнағын аяусыз батырады.
Романдағы бас кейіпкер Дәурен Мұқанұлы болғанымен оның айналасында ондаған негізгі кейіпкерлер бой көрсетеді. Дәуреннің жүрген жолы, атқарған жұмысы арқылы аудан орталығынан тартып, ауыл-фермаларға дейінгі тіршілік тынысы, өмір ырғағы қазандай қайнап жатады. Роман басталғанда кейіпкерлері көп, оқиға ортасы ауқымды сезілгенімен оқи келе соның бәрі «керек тастың ауырлығы жоқ» екеніне көзіңді жеткізеді. Роман жазуда автордың жиған-терген деректері мен дәлелдері өте көп болғанын аңғарасың. Сөйте тұра, автор оның бәрін тықпалай бермей үнемдеп, өлшеп, кезегіне қарай өз орнына ғана сығымдап, шақтап беріп отырғанын аңғардық.
Астана Бежіңдегі Мау-зыдоңның саяси күресінің түпкі мақсаты төраға Лю-шаушиден билікті толықтай тартып алуға құрылады да, Мау елбойынша «мәдениет зор төңкерісін» бастап жібергенін айттық. Шайқас тақталасы барысында Ма-зыдоң қарсыласы Лю-шаушидің жақтастары Дың-шаупың, Тау-жу секілді азулы саясаткерлермен де алысады. Сондықтан ол «Лю-Дың-Тауға қарсы күресті» қозғайды. Міне соның кесірін бүкіл ел тартып, тұтас қытай қоғамы батпаққа батады. «Бірдің кесірі мыңға» дегеннің дәл өзі болып шығады.
Романның төрт томы 1966-1976 жылдарда дауылдатып, дуылдатып, шуылдатып өткен шақ-шалекей болған «мәдениет зор төңкерісін» айпарадай ашады. Онан соңғы бір том 1945-1949 жылдардағы «Үш аймақ төңкерісінің» оқиғаларымен тұжырымдалады. Өйткені 1945-жылы құрылып 1949-жылы құрдымға кетірген «Шығыс Түркістан мемлекеті» «мәдениет зор төңкерісімен» бірлестіре қаралады. Сол дәуірдің сақа кадрлары мен сардар ұлдары мәдениет төңкерісінде сүйреп шығарылып, күреске тартылады. Кері төңкерісшілерді жоғалту науқаны тұтасып бірлесіп кетеді. Нақтылап айтар болсақ, бас-аяғы қытайдың қырық жылғы саяси сахнасы сөз болып, Шынжаң халқының басынан өткен аумалы-төкпелі жылдары жіпке тізіледі. Осының бәрі оқиға ортасында, кейіпкерлер басында өтіп, біртіндеп дамиды, образдары сомдалады. Сол кездегі Шығыс Түркістан ұлт азаттық көтерілісінің жеңіске жетуі, мемлекет құрып тарих сахнасына шығуы тұтас түркі халқының ұлы арманы болатын. Бірақ, ол қарулы төңкеріс Қытай коммунистері мен Кеңес одағы коммунистері арасында тұншығып, ғұмыры қысқа, дәуірі келте болды. Сондықтан бес томдық эпопеяның бір кітабы сол маңызды жылдарды жымдастыра бейнелеп тұтас бір қоғамның құпиясын ашады.
Қазақ халқыда тағдырлы ұлт, таңғажайып шежіресі бар шерлі халық. Шекаралар тартылып жүріс-тұрысы шектелгенімен ұлы даланың шығысы мен батысында өмір сүріп келген біртұтас ұлт еді. Орыс империясы мен қытай империясының ортасына орналасқандығы үшінде әр замандарда, әр кезеңдерде осы екі держауадан қысым көріп, қиналып өмір сүргені өтірік емес. Мынау «Дауылдар толқыны» романы соны бізге көрсетеді. Оқиға қытай жеріндегі қазақтар қоныстанған «Т» ауданында өткенімен олда біртұтас қазақ халқының тағдыр талейі. Оны өзімізден бөле жарып қарай алмаймыз. Мүмкін қытайдың бүгінгі билік жүйесі кешегі тарихына жауапты болмаса да, бүгінгі ұрпақ ол тарихты білуге, естуге тиіс. Әсіресе, «мәдениет зор төңкерісі» біздің ұлтымыздың басынан өткен шерлі жылдардың шежіресі. Оны қазақ қана емес, әлем жұрты білуге тиіс. Саясаттың құлы болған қоғамның тартар азабы, барар жері құрдым. Жеке басқа табындыруды көздеген диктатуралық жүйенің зардабы міне осылай болады. Бұл демократия тұншықтырылған адамзат баласына апат алып келген ащы сабақ.
Мінеки, өздеріңіз байқап отырсыздар, романның ұзынырғасы осылай. Роман тек қана саяси күресті сөз етумен шектелмейді. Ол көркем шығарма болғандықтан 1966-жылғы саяси төңкеріс басталған кезде 24 жасқа келген оқыған қазақ азаматы Дәуренің басынан өткен оқиғалары арқылы желі тартады да, биебауға бірінен кейін бірі келіп «құлындар» байлана береді. Әр «құлынның» (кейіпкердің) мінезі, өмір сүру дағдысы, атқарған жұмыстары қатар өрбиді. Бас кейіпкер Дәуренің келіншегі Гүлсана, әкесі Мұқан, анасы, достары, көзқарасы бірдей жақтастары мен тірескен жаулары қатарынан бой түзеп өзіне тән табиғатымен сомдала бастайды. Қызметтегі саяси көзқарастар мен тіршіліктегі қарым-қатынастарда қамтылады. Дәурен бас кейіпкер болғанда ол бірыңғай мақталатын, немесе сыпыра датталатын адам емес, қайта қоғамның, саясаттың, тіршіліктің ықпалына ұшыраған кейіпкер ретінде артықшылықтары да, кемшіліктері де асырылмай, жасырылмай суреттеледі. Аудан орталығындағы кеңселердегі керістер мен текетірес қызылкеңірдек дауласулар, ауылдағы диқаншылық пен мал шаруашылығындағы бейнетті өмір, қиыншылыққа толы тіршілік күйбеңі де қағыс қалмайды. Саясатқа басымдылық беріп, қараусыз қалған жұмыс, егусіз қалған егін, бағусыз қалған мал, сабылған жүріс, сандалған айғай-сүрен, жұт жеті ағайынды деп, оған қосыла жеткен табиғат апаты, елдің еңсесін түсіріп есеңгіретеді. «Капитализмге қарсы тұрамыз» деп, кедейлік пен жұтаңдықтың қамытына мойындарын сұғып, халықты қалжыратып аштық пен жалаңаштық жайлайды. Міне, осының бәрі романда рет-ретімен суреттеліп, сенімді түрде септеледі.
Тұтас романға қарап отырсаң, автордың әңгімешілдік әлпеті, терең білімді дегдарлығы, тілге бай құнарлы нәрлі сөздік қоры менмұндалайды. Әрине, кейіпкерлерінің жартысы қытай, аты-жөндері бөтен болған соң оқырманға ауырлау болатыны анық. Дегенмен, олда ұзаққа бармайды, бір-екі тарауы оқылған соң жүйесіне түсіп, қыртысы жазылып, жолын тауып арнасымен аға бастайды. Шытырман оқиғалар жөңкіліп көз алдыңнан өтеді. Сол бір «мәдениет зор төңкерісі» жылдары не адамның ісі емес, не жынның ісі емес, санаңа симайтын саясаттың жиіркенішті қойылымы болып еді. Баяғыдағы Қарашаш сұлудың ақылымен Жиреншенің Ит пен Қойды қосақтап ордаға «айдап» барғаны секілді жүріс болатын. Күлкілі, дарақы, масқара сипатымен әлемнің сахнасына айналған қытай мемлекеті он жыл бойы «есалаң» спектакльдің әртістері болумен өтті. Ол сойқанның соңы 1976-жылы Мау-зыдоңның өлімі арқылы шымылдығын жапты. Роман сол бір сойқанды жылдардың өтінде өмір сүрген үш милион қазақтың да қалжыраған халын, қанқұсқан қасіретін кестелеп шығыпты. Роман «Т» ауданын алға тартқанымен тұтас Шынжаңның кейіп-кеспірі солай болатын.
«Дауылды толқындар» романы тарихтың ащы сабағы, әсіре қызыл саясаттың ызғары. Бейне Мау-зыдоңның өзі айтқандай «Соғыс қан төгілетін саясат. Саясат қан төгілмейтін соғыс» екенін дәлелдеді. Саясаттан «қан төгілмейді» дегенде өтірік екен. Саясаттың дауылы соғып, толқыны өркеш-өркеш болып көтеріліп жағаны ұрғылап жатқан сол аласапыран дәуірде қанда төгіліп, қаншалаған абзал азаматтар опат болып кетті. Соның бәрі сұраусыз, тергеусіз надандардың қолымен жасалып, жарық жалғаннан өтті. Сондықтанда бұл романды «Мәдениет зор төңкерісіне» қойылған қаралы «ескерткіш», басылған қайғылы қара таңба деуге болады. Ізденушілер үшін қытайтану ғылымына қосылған үлес. Ол әлемге апат алып келген коммунистік жүйемен, атеистік қоғамның жексұрын кейіп-кеспірін ашты.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деп, 1966-жылы аласұра соққан дауыл бір сәт толастап алып, 2016-жылы қайтадан ұйтқып, аспан мен жердің арасын торлады, тау-тау толқындар қайта көтерілді. Бұл тарихтың қайталануы ма, коммунистердің ұстамалы ауруы ма?.. Жинақтап айтар болсам, жазушы Дәулетбек Қаңбақовтың тарихи романы «Дауылдар толқыны» орыны өзгеше сүбелі еңбек, тарихтан тағылым берер дәріс. Ол зерттеушілер мен қытайтанушылардың іздеп жүріп оқитын, зерттейтін шығармасына айналары сөзсіз.
Ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі.
Мәдениет порталы