Ақтөбе облыстық көркемсурет көрме залы 1981 жылы 2 шілде күні Мәдениет министрлі...
Сарыарқаның рухани, мәдени мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті
26 сәуір күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Сарыарқаның рухани, мәдени мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара аясында «Солтүстік Қазақстан облысының материалдық емес мәдени мұрасы: экспедициялық зерттеулер» атты кітабының таныстырылымы және тұсаукесері болды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіндегі Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының 2021-2022 жылдардағы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қазақтың рухани мұраларын жинау, сақтау, зерттеу жұмыстарының қорытындысы ұсынылды. Кітапқа Солтүстік Қазақстан облысының 3 ауданы бойынша жүргізген экспедиция нәтижелері енгізілген. Олардың ішінде 50 ден астам музыкалық /нота/ құндылықтар, 100-ге жуық қара өлең мен бақсылық сарындағы өлеңдер, сыңсулар, жұмбақтар да қалыс қалмаған.
Дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет және фольклортанушылар, этнография саласындағы көрнекті ғалымдары - Мырзатай Жолдасбеков, Несіпбек Айтов, Алтынбек Нұқұлы, Бақтыбай Әділбекұлы және Жанғали Жүзбаев қатысты. Олар қазақ мәдениетінің үлкен дағдарыста тұрған кезеңінде халықтың мол мұрасы қамтылып, рухани байлықтарымыздың кітап болып баспадан шығуына себепші болған ҚР Ұлттық музейі «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» бөлімінің жетекшісі Ардаби Мәулетке алғыс білдірді. Сонымен қатар әлі де ізденісті қажет ететін тұстардың бар екендігін айтыла келе, алдағы уақытта Қазақстанның басқа да аймақтарында экспедициялық жұмыстарды жүргізу жоспарда екендігін атап өтті. Соның ішінде Ертіс өңірін зерттеу қажеттілігі туралы да ұсыныс айтылып, кітаптың тұсауы кесілді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Анафияқызы Пазылова өз сөзінде: «Келешекте экспедициялық жұмыстарды жалғастыра отырып, еліміздің кәдесіне жарайтын іс атқаруымыз керек. Осылайша тарихымызды толықтырып, құндылықтарымызды дәріптейміз», - деді.
Шараға келген қоғам қайраткерлерінің пікірінше «Солтүстік Қазақстан облысының материалдық емес мәдени мұрасы: экспедициялық зерттеулер» кітабы фольклорлық, этнографиялық жағынан зерттелген ғылыми қолданбалы бағыттағы жасампаз құнды еңбек деп танылды.