Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов өзінің тағайындалуы және үкімет бюджетін орында...
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» құжат айналымын 68% орыс тілінде жүргізеді
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Kegoc» АҚ ғимаратында ұлттық компаниялардың құжатайналымындағы мемлекеттік тілдің үлесіне жүргізілген мониторинг қорытындысы талданды.
Кезінде қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин: «Кеңсе тілі қазақша болмай іс оңалмайды» деп кеңсе тілінің маңыздылығына ерекше мән берген.
Бүгінде мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі болып табылатыны «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 4-бабымен айқындалған.
2023 жылдың І тоқсанда жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілдегі құжатайналымының үлесі 73% құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37%-ке артып отыр (2022 жылдың І тоқсаны – 36%).
Дегенмен, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (32%), «Қазақстан темір жолы» АҚ (43%), «Қазпошта» АҚ (57%), «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (61%), «Байтерек» ҰБХ АҚ (67%), «ҚазМұнайГаз» ҰҚ (69%) және т.б. көрсеткіштері әлі де төмен.
Ал «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ (82%), «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (82%), «KEGOK» АҚ (84%), «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (85%), «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ (87%) құжаттарын қазақ тілінде жүргізуде өсім байқалады.
Жиын бағдарламасына сәйкес «Kegoc» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады.
Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Ходжабергенова шараны қорытындылай келе, ұлттық компаниялардың ішкі құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдарының құжатайналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.
Мәдениет порталы