«Астана Опера» театры музыка сүйер қауым назарына симфониялық концерттер сериясын ұсынад...
Грузия астанасында қазақ операларынан музыка әуелейді
«Астана Опера» алғаш рет Тбилисиде өнер көрсетпек. Грузиялық көрермен қауымды жетекші солистер мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі театрдың Симфониялық оркестрі мен хорының орындауында қазақстандық шығармалардан музыка, сондай-ақ әлемдік жауһарлармен ұмытылмас кездесу күтеді. 23 қыркүйек күні Шота Руставели атындағы Ұлттық мемлекеттік академиялық театр сахнасында «Тбилисидегі дала үні» гастрольдік концерті өтеді.
– Жыл санап «Астана Опера» театры гастрольдерінің географиясы кеңейе түсуде. Қазақстанда да, шетелдерде де әртістеріміз бен музыканттарымызды құшақ жая ыстық ықыласпен қарсы алады. Шетелдегі әрбір өнер көрсету – жауапты әрі толқынысты оқиға, себебі біз өз театрымызды таныстырып қана қоймай, еліміздің атынан өнерімізді паш етіп, шетелдіктерді ұлттық мәдениетімізбен сусындатамыз, тәжірибеде көрініс тауып отырғандай, дүние жүзінде оған деген қызығушылық мол. Сондықтан біз үнемі гастроль бағдарламасына отандық авторлардың туындыларын енгіземіз – бұл сөзсіз-ақ ұғынылатын әмбебап музыка тілімен өз еліміз туралы айтудың тамаша мүмкіндігі, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Грузия астанасында гастрольдік сапар керемет көріністі болатындай. «Астана Операның» бас дирижерінің орынбасары Абзал Мұхитдин қазақ операларының музыкасы мен аспаптық нөмірлердің үлкен бөлімінен тұратын таңғалдырарлық гала-бағдарлама әзірлеуде, сонымен қатар есімдері дүние жүзіне аян композиторлардың операларынан ариялар мен ансамбльдер шырқалады.
Маэстроның айтуынша, театрдың грузин әріптестері Манана Гуния және Алла Симонишвилимен көпжылдық жемісті ынтымақтастығы Ш.Руставели атындағы театрдың фойесіндегі «Пикколо театры» жобасының операларынан костюмдер көрмесінен және концертте опера-буффаның сахналарын орындаудан көрініс таппақ.
- Біздің солисіміздің грузин операсынан арияны орындауы, сондай-ақ домбыраның ойнауы көпшілік үшін тосынсый болады, – деп бөлісті Абзал Мирасбекұлы.
Әртістер мен музыканттар Тбилисиге гастрольдік сапарға шындап дайындалуда: Грузия бүкіл әлемге музыкаға, атап айтқанда вокалды музыкаға деген ерекше сүйіспеншілігімен танымал. Бағдарламаға театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Жанат Шыбықбаев, Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Медет Чотабаев, Мейір Байнеш, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, сондай-ақ халықаралық және ұлттық байқаулардың лауреаттары Гүлжанат Сапақова, Евгений Чайников, Татьяна Вицинская, Ержан Саипов, Артур Ғабдиевтің қатысуы жоспарланған. Театрдың опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.
Естеріңізге сала кетейік, өткен мерейтойлық маусымда «Астана Опера» ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Баку, Мәскеу, Минскіде, сондай-ақ Польша мен Словенияда және Қазақстанның көптеген өңірлерінде өнер көрсетті. Театр үшін гастрольдік іс-шаралар – оның дамуы үшін маңызды, жетілдіру мен тәжірибе алмасудың міндетті бөлшегі болып табылады. Сондықтан жаңа XI маусымда «Астана Опера» белсенді гастрольдік қызметін әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр.