Театрға бару – сәнге айналып келеді

ТЕАТР
1318

 

 

Өткен жылы «Астана Операның» спектакльдеріне 80 мыңға жуық адам келді. Мұндай таңғаларлық сандарға қарап, бүгінде театрға бару сәнде деп айтуға болады. Асқақ өнерді бағалайтын жандарды сан алуан репертуар, афишадағы сүйікті әртістердің есімдері қызықтырса, жаңа көрермендерді шара басталардан бұрын фойеде пайда болатын ғажайып атмосфера тартады.

Әлбетте, бұл айрықша атмосфераны туғызатын көрермендердің өздері. Әсем көйлектермен жасанған нәзік жандылар, костюм киген ер азаматтар театр фойесіне жиналып, сән журналдарының беттеріне шығатындай суретке түседі. «Астана Операның» спектакльдерін үнемі тамашалайтын елорда тұрғыны Шынар Бекбаева осындай әсем әрі тамаша жерге адамдар гардеробындағы ең таңдаулы киімдерді киіп келуі керек деп санайды, себебі бұл көрермендердің әртістерге деген құрметін білдіреді. 

 

 

– Театр – асқақ өнер ордасы. Ол қоғамды өркениеттілікке тәрбиелеп, жақсылыққа үндейді, сұлулыққа құштар етеді. Жазушы Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзі бар. Спектакльдерді тамашалаған сайын мен айрықша әсерге бөленіп, шабыттанамын. Расын айтсақ, соңғы кездері біз кинотеатрлардан гөрі, театрларға көбірек барамыз. Біздің отбасы ғана емес, көптеген таныстарымыз, достарымыз театрдың жанды атмосферасын жақсы көреді. 

Еске саламыз, «Астана Опера» театрының әкімшілігі дресс-кодты қатаң сақтауды талап етпейді, тек қонақтардың сәнді киіммен келгенін, олардың театрда өткізетін бірнеше сағаты мерекедей болғанын қалайды.

Көрермендер арасында дресс-код мәдениетін арттыру мақсатында «Астана Опера» арнайы жобаларды ұдайы өткізіп тұрады: сәнді киімдегі көрермендердің суреті театрдың әлеуметтік желілерінде жарияланады. Айта кету керек, бұл жоба көпшіліктің зор қызығушылығын оятуда, «Астана Операға» келген әрбір көрермен сториз жұлдызы атануды қалайды. 

Әлемдік тәжірибеде дресс-кодтың бірнеше түрі бар екенін еске сала кетсек, артық болмас. Мәселен, опера мен балетке барғанда «қара галстук» стилін сақтаған жөн. Әдетте, мұндай стильде киінген меймандарды түрлі марапаттау рәсімдерінде, тұсаукесерлер мен кинофестивальдерде кездестіруге болады. Әйелдер үстеріне етегі жерге дейін жететін классикалық кешкі көйлек немесе коктейль көйлек, аяқтарына биік өкше киіп, әшекей-бұйымдарын тағып, қолдарына шағын сөмке ұстаса, ерлерге мұндай шараларда қара смокинг киген жарасады.

Дресс-кодты сақтау – тек ұсыныс қана болса, театрға кешігіп келу әдепсіздіктің белгісі болып табылады. Театр тәртібіне сәйкес, қонақтар залда отырған басқа көрермендерге, сондай-ақ әртістердің өнер көрсетуіне кедергі келтірмес үшін үшінші қоңыраудан кейін партерге өте алмайды. Көпшілік спектакльге 10 минут қалғанда өз орындарына жайғасады. Сондай-ақ залға тамақ, су және басқа сусындарды әкелуге болмайды, спектакль басталардан бұрын ұялы телефондар мен дыбыс шығаратын өзге де  құрылғыларды өшіріп қою қажет. 

Айта кететін тағы бір жайт, ересектерге арналған спектакльдерге балаларды ертіп әкелмеуге кеңес беріледі, себебі «Астана Операның» репертуарында балғын көрермендерге арналған басқа да көптеген қызықты жобалар бар. 

Былай қарасаңыз, мұның бәрі қарапайым ережелер секілді көрінеді. Алайда оларды сақтай отыра, барлығымыз көрермен мәдениетін қалыптастырамыз.

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...