СҰРАҒАН РАХМЕТҰЛЫ. «1973». АННА КАРЕНИНА

ӘДЕБИЕТ
1853

(Жуа-симфония)

Шайтанқораның кежегесінде

Ол күндегідей ерте тұрған. Көлбеп барып біз тұмсығын Бүркіттің ақшаңқан инініне ілген Көксеркенің қиығына қарады. Қан-қызыл тәңіри бояу! Наурыздың соңғы таңынан көтерілген күрең күн нарқызыл жондардың төбесін көктей өтіп Көбеген тауының өңкиген  шекесіне ілінген. Құйрығы бір құшақ, құйматұяқты қыстан құр шыққан құба торыны желе-аяңдатып, Күнгейді бөктерлеп келеді. Бөктердің тәуір сәуірі жағалауда жәудіреген сәмбі талды бүркей мүңкіген хош иісті ұйық. Қараөткелге саралақаздар алдымен еңіреп жетті жылдағыдай. Сәуірдің жаңбырымен бірге. Айтпақшы өткен аптада ауылға азық-түлік саудалай келген алабажақ автолавкадан кездейсоқ сатып алған Ұлы данышпан Толстойдың – «Анна Каренина» кітабы қойынында. Шайтанқораның кежегесі жайпақтау жайдақ төбесінде жайғасып отырып, ақ қауырсынды алып Бүркіттің сүбесіне ілінген сәруар сәулелі уақытты түгел иемденгендей тамсанып отырып, кешеден бері ой-санасын кеміре бастаған керемет Толстоймен құлай танысқан-ды. 


Наполеонды оятқан... Толстойдың қаламұшы...

Ол күн батысқа қарап көзін жұмып ұзақ ойланды. Көз алдына шыжымы неғайбыл ХІХ ғасырдың ізі Франция дәуірі елестейді. Аспалы шамдалды алакөлеңкенің арасынан алып шаһардың ашулы сықпыты көрінгендей. Шырағдандары шалқыған жойқын да келсімді, кеселді кент. Түсінде көрмеген ғажайып кәйіпхана! Өрт қаулап, жан-жаққа жарығы түскен жалынның қызыл-жысыл,  жалқын сұлбасы көрінеді... Францияның ұлы императоры ауы тар ақ кенеп дамбалды Наполеон Бонапарттың ширақ әрі тәкаппар иегінің астында алтын тәжді алып қала Париж тұрды. 1812 жыл оқиғалары немесе Мәскеуге таяп келіп қанды шайқаста күйреуге түскен мың қырғын шеріктер! Лев Толстойдың қаламы ұшында маң дүние шулы! Италия мен Мысырды жаулаған Наполеонның ұстанған капиталистік ілкідегі һәм әлеуметтік жаңа қоғамының меритократиялық үлгісі мен түлен түтеткен кәззәпті үдерістері қағаз бетіне өңін сәл-пәл өзгерткен күйінде илектеліп, иректеліп жазылып жатты. Ескі кепиет, шетін ниетті котоликтер мен Наполеонның жаңа тиекті көне ниетті кодексіне қарай қасарыса қарысқан қаймана жұрттың ала шұбарланған азалы да ада ғұмырына негізделген нендейбір таңғайып мәндер түзімделді. Қатігез, жартыкеш жасанды насихаттар меңдеген ғұмырияттар легі осылайша бірдеңеге өзек болады! Ұлы жеңіске 60 жыл толғандағы тауыриһатқа қарай жөнкитін толғамалы ойлары опыр-топыр қопарылып 1873 жылға жеткен секілді! Ол осы қым-қуыт оқиғалар ортасынан өз өмірін, өз тағдырын іздеген, қиялдаған әйтеуір!?


Ра тәңір мен Анна

Осыдан 100 жыл немесе бүтін бір ғасыр бұрын 1873 жылы 29 наурызда Лев Толстой «Анна Каренина» романын жазуға кірісіпті... Содан бері аттай бір ғасыр тура 100 жыл өткенде 1973 жылы 29 наурызда Толстойдың «Анна Каренинасы» көгілжім көрпе-мұнарлы Көксеркеге жеткені тағы бір шыңауы келіскен тартпадай сыңайлы өткір абырой. Дүниежүзілік 30 дан астам кино фильмдер одан да көп сахналардағы саңыратқан ару Аннаның аяулы тағдыры! Толстойдың өзі келгендей салтанат! Өте көлемді екі томдық өзекі шығарма, жалпы парағы һәм беті 800 параққа жуық, шамасы мен шарқы қалың оқиғалардың шырмауығы... Туындының көлемі ірі, қатырмадағы шартты баспа табағы да, ол ұқпайтын цифрлі штрих шытырман құжынаң топай  бірдеңелер өтіп жатады... Көне Русьтің көп қатпарлы кәрі кенті мәрт Мәскеу мен мәні мен сәні шеттен кесілген есіл, әппақ түнге аунап манаураған сал ұйқылы марғаулай аққан уақыттай Ай жүзіп ойнайтын мәңгі Неваны сағалаған Санкт-Петербургтің осы заманауиланған әйдіктеу әспет-әлпеті әлемге аян жаттанды жағдаяттары... «Болса неғылсын, бізде – Қараөткел бар...» деп ойлады!? Тілін тістене, азуын қышырлата отырып, көзін көкше ауаға қадап, кітапқа шұқшиды! Төбесінен ағып өтіп бара жатқан асығыс қос тырнаның – «бебеу-уу!» деген тырауымен үңіліп кірпігінің кірең шыламын сүрткен... Қандай ғажап елең жұптық!? Анна Каренина махаббат әлеміндегі өзін айпара ашқан Ра тәңір немесе риясыз межнүннің ақиқаты екен! Ол жас та көрікті кербез офицер Алексей Воронскиймен ұшырасуы тағдырдың жазуы ма?! Алайда Анна оның ашынасы болып азапта қала алмауы өз алдына бір аңыздай!? Ол соңғы рет көз жасымен жаңғырған аңсарын арсыздыққа өзін қалдырмады, қоғамдағы қаңқуларға да алмастырмады. Лев Николаевич бұл романның бірінші нұсқасын – «Жарайсың, әйел!» деп атапты. Өмір деген арман да жұмақ та еместігін өз тағдырымен түйген жақсы әйелді солай көрсеткені! Жандүниеңді жәуһерге жетектеген теңдессіз арудың адайыр тағдыры. Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуын» оқыған. Қаргөздің қара көзінен тамған мұңды да осы Қараөткелге оқып бергені есінде! Тағы да Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісін» көзімен көмкерген-ді. Аннаның жайы бөлекше, өңгеше секілді!?


Аралдағы тырналар мен – Анна 

Аспанға қадала қарады... Көк тәңірді көктеген көк тебендей егіз тырна қалқып келеді! Аралдағы аңсап жететін қонағына асығып келе жатқан қос ғашық, қос құс – мұңлық секілді! Тырналардың соңында Анналағандай тыраулаған балалайканың бір мұңлы әуені шұбырады! Алексей Александрович Каренин Аннадан 20 жас кіші... Сонда да Анна оны құлай сүйді. Несі айып!? Өмірде бар құбылыс, қым-қуыт шегіністер! Санкт – Петербургке сиыса алмай қудаланып құлықсанасы іріген Ресейден ауып, құрлықтағы іргелі  Италияға  қашты! Романның көгінен кірпікке ілініп, көзге жұғатын нұры осынау психологиялық нәзік һәм жұлдызды сәл үрейлі кейіптеулер! Баяғы заманғы  Фин бұғазына бұрылған ұзына бұрымы беліне соққан  сұлу сымбатты Петроград, утопиялық платформаның зіңіне оранған орақ пен балғаның тұсындағы қызыл жұлдызды Ленинградтың ұстыны меңзең күйі мен нашар жағдаятынан хабардар, еміс-еміс оқығаны да күні бүгінге дейін місінде.


Махаббат – «садизмі»... 

Күнге күйген бетінен жел сүйген бей кеште күңкілмен біреумен сырласпақ болған!? Бәрін айтқысы келген! Бәрі де етене таныс сықылды! Не десек те бір жіпсіз тартылыс, әлдебір түпсіз магниттік өріс өзіне тартып өршеленіп барады... Жазушының түгендеп түзбелеген бәлен зия әдет-ғұрыптары, тағылымы мың қиянды тауариһаты туралы ойларының қоймалжыңы недәуір тым жұғымды ділгірлік... Миды идің іркітіндей божытар мың саналы идеялары осынау 1870 жылы Лев Николаевичтің жұмыр жүрегіне мейлінше аңыздың сөлі, ақылдының қанымен жұққан секілді. Жан дүниесіне оқиғалардың жақын жұғуы ғана емес оның тіптен оқтың қадалуындай тура тиетіні не?! Сатқындық пен аярлық, әсіреқызыл қылыққұмарлық, отбасындағы опасыздық, неке мен махаббат, ессіз сұюдегі үздіккен солақай сезіністер мен «кінәсіз садизм»! Қала мен даланың қисынды, қисынсыз, ыстық, суық тұрмысы т.с.с. долбар жорамалдар тобы! Лев Толстой ұлы гуманист толған пайыммен осылай өрге бұрқырата мөрлей жөнеледі! Алайда ақылды асыл Аннаның өміріне келгенде оны аса қатігездікпен өлтіре отырып сомдайтыны өкінішті! «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», лиро-эпостары мен баяғы Қалқаман – Мамырдың қасіретімен тамыры үндес! Шәкерім әулиенің абыз бабай қилы қиялымен сомдалып, халықтың санасында хаһи жанданған аянышты, сәтсіз махаббат сыңы! Сонау тағылымды аңыз 1780 жылы шамасында осы Шыңғыс тауында Матай мен Тобықты өзарасында болған – «Еңлік-Кебек трагедиясымен өте-мөте өзектестеу. Беу, ыммен белгілі ықтимал сюжеті – Толстойдың – «Екі неке, екі жұп» деп аталады... Кереметі біздегі – керім бейнелі «Керім-ау, айдай!» секілді...


Дүние қонағы – Анна

Шайтанқораның кежегесінен Қараөткелдің бойына қарай сүйреген ойымен кезе жөнелген. Күңгейі әреңдеп маңдайынан сүйеп қалды! Көз ұшына баяғы қаланың қызы Ленаның бейнесі келді! Мона Лиза кейіпіне ұқсас Леонардо да Винчидің сұқ саусағымен сұлбалаған сұрқы «тірі» кеспірі! Ол сол кезде қыз 6-шы класста оқитын еді. Құлын денесіне шақ бұйра бұрымы төгілген перібей бейне. Ең таңғайып дүниенің иығына ілінген бұрымның тарқатыла есілген сәмі, сәл миығынан күлген Раушан сүмбіленің ақырғы сүгіреті! Ол: «Осылай жазу керек!» – деп айқайлағысы келді. Аспанның уысында Қараөткелдің алақандай аралын аңсап зеу зеңгірде легітіп сіңіп жүзіп жатқан шеңкір тырналар! 

Шіркін бұлар да уақытша қонаққа келе жатқан уақытша қайтатын бақыттар! Дүние мезетіне – Анна  да қонақ екен!


*** 

Әдебиетші әрі қағылез ойлы философ Страхов Николай Николаевичті таңдандырған Толстойдың соңғы сөйлемі: «Мәскеу түбіндегі Обраловка вокзалында вагон астына лақтырып жібергені үшін...» кектене керібағыныспен барып бітеді. Мейлі! Тіпті Толстойды күстәналап «...Анна Каренинаның келбетін Александр Сергеевичтің қызы Мария Хартунгтан көшірді...» деп те кінәланды! Толстойды «өнер құдайы» деп атаған Достоевский Анна Каренина туралы: «Бұл Диккенс пен Бальзак стиліндегі, олардың барлық романдарынан әлдеқайда асып түсетін тамаша шығарма, роман» деп жазды. Михаил Салтыков-Щедрин «Ана Каренинаға» дөрекі сын, сөгіс айтып, оны «сиыр мөңіреуіне» ұқсатқаны бар.... 


***

Қалай десек те жазушы Ғали Ормановтың аудармасы арқылы келген «Анна Каренинаның» түпнұсқасы Күнгейдің бөктерінде торы аттың қанжығасындағы кереқапта біршама уақыттар бойы «өмір сүрді...»!? Ол күбірлеп келеді... Туындының әр сөзіне әбден үйренген құлағына – «Керім-ау, Айдай» әуезі келді. Көкірегіне тығылған боз жусанның иісі түйдектеліп көмейіне барып тіреліп тұрып қалды! Беу, бақытсыз Анна!

«...Сенер болсаң, өз басым соның мейірімді, текті адам екенін, соның тырнағына татымайтынымды біле тұрып та жек көремін өзін. Соны өзім мархабаттылығына бола жек көремін тіпті. Маған тек...

Анна өлуден өзге ештеңе қалған жоқ дейін деп келе жатқанда, Степан Аркадьич аржағын айтқызбай...» түсінген.


***

Мұң деген жалғыздық, жалқылық, жаралы,

уақыт алаңы базарым – бұл менің,

Мазаққа айналған елестер, ең ескі муза да шамалы,

Шытырық шырмаудың түрлері

Шылауда құсалы тырналар, мысалы; ызбалаң ара әні,

Шырақ пен жәудіреп іргенің үр демі...

Сол маңға тастадым, жиырма жасымды бір бөліп,

Қалмайтын аңызи есімнен қаралы, жаралы,

Әр тамшы жусанның иісінен құлаған шуақпен жылыған,

жасымды сүртіп ем, ішімді өртеді, 

өршіді тарады...

Бір нөсер өтеді осылай қаншама сауалмен сұрақпен

Өлеңнің жолындай айқыштар ілмегі бар әлі...

Түс көрген сияқты ем – өткен шақ сызығы бірақ та;

жарық пен қапастың арасы – мұң ба еді?

Өзіңе қиылып, сұрайсың, иісі, бояуы өзгеше бұлақтан!?

Бұл сурет өлі ме, тірі ме!? 

Түндегі...

үрейлі сұрақтар... күрделі!?


author

Лев Толстой

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...