Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)

ӘДЕБИЕТ
2539

Бірінші бөлім: Лидер

Астанаға Назарбаевтың атын берутуралы бастама көтергеннен кейін мені кейбіреулер жағымпаз деп атайтынды шығарды, қазір де солай айтып жүр. Бірақ шын мәнісінде, Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен патриот адам, халқының адал ұлы, аяулы перзенті деп есептеймін. Әр адамның еңбегі оның көзі тірі уақытында бағалануы керек!

Хатты Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық ұсыныс ретінде әзірледім. Парламенттегі әріптестерімнің 100 пайызы мені қолдап, қолдарын қойып берді. 

Осы шешімге қатысты ешкіммен келіссөздер жүргізген жоқпын. Себебі бұл менің конституциялық құқығым. Елбасының жанында көптеген жылдар қызмет атқардым. Сондықтан Президентіміздің есімімен Астананы атау оның адал еңбегін бағалағанымыз деп білемін. Елбасымыздың жүйелі жоспарының негізінде ғана Есілдің сол жағалауында аз уақыттың ішінде зәулім ғимараттармен әсемделген ғажап қала пайда болды. Осындай ұлы істердің басын қайырған Елбасы еңбегінің елеусіз қалуы барып тұрған әділетсіздік деп білем. Сондықтан өз ойымды ашық айтуды жөн санадым. 

Бұл ойымды жүзеге асыру үшін қатты дайындалдым. Ономастикаға қатысты нормативті актілерді қарастырдым – бірақ еш қарама-қайшылық таппадым. Қаражат мәселесіне көз жүгірткенде – мемлекет қазынасына ауыз ашудың еш реті болмайтындығын білдім. Яғни айтарлықтай  шығын шықпайтынын анықтадым. Бұл сұрақты, керек десеңіз, еліміздің патриот-бизнесмендері-ақ әп-сәтте шешіп береді деп ойладым. Сөйтіп ұсынысты әріптестеріме айтуға бекіндім. 

Тәуелсіздіктің ең асыл, өлмейтін, өшпейтін ескерткіші – Тәуелсіз Қазақстан мен Астана. Ендеше кешегі ел ордасына айналған Орынбор, Қызылорда, Алматы туралы керемет деректі әңгімелер әлі талай жазылары анық. Кешегі жүріп өткен тар жол, тайғақ кешулі сапарымыздың, бүгінгі маңдайымызға бұйырған бас қаламыздың еңсе тіктеуі туралы толымды сөз айтыла бермек. 

Батпақтың үстіне Санкт-Петербургтей әсем қаланы Петр Первый тұрғызды. Қаланы ұлы азаматтың құрметіне сай халқы Санкт-Петербург деп атады. Вашингтон қаласы да Джордж Вашинтонның құрметімен аталған. Ендеше неге біз Сарыарқаның сары балшығына көрсе көз тойғысыз әсем қала тұрғызған Елбасымыздың құрметіне Астанамызды – Нұрсұлтан деп атай алмайыз?! 


Тағы бір қызықты оқиғаның басын қайыра кетейін. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде істеп жүргенімде Президенттің бір жерлесі менің қабылдауыма келді. Сол қабылдауда әлгі кісі: 

– Сен өзіміздің Шапыраштының баласы екенсің ғой! – дегені бар-тын. Таңырқадым. 

– Жоқ, Шапырашты емеспін! – деп жауап қайырдым. Ол кісі де таң-тамаша: 

– Нұрекеңмен бір сыныпта оқымап па едіңдер? – деп сұрағын жалғай түсті. Мен ол кісімен бір сыныпта оқымағанымды да, тіпті көрші тұрмағанымды да айттым. 

– Нұрсұлтан Әбішұлы – Қаскелең жақтан, мен – Іле ауданында өстім. Алматыдағы №22-ші орта мектепті бітірдім. Әке-шешем де, ата-бабам да – Жамбыл облысынан. Сондықтан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне келіп, үлкен қызметке араласқан кезге дейін өзім ол кісімен танысып, кездесіп, сөйлескен емеспін. Президентпен қызмет бабымен еліміз Тәуелсіздік алған кездерде таныстым. Ешқандай туысқандық байланысым жоқ, – деп барлығын жасырмай жіпке тізіп айтып бердім. 

Бұл сөзіме көп кісілер алғашында сенбей жүрді. «Бәлкім сенің өсуіңе, қызметіңнің жоғарылауына үлкен кісінің септігі тиген шығар. Ол кісі жүздеген жас офицерлердің ішінен сені қалай таңдап, тауып жүр»,- деп күмән келтіргендер табылды. Шынымды айтсам: мені ең әуелі алға сүйреген, үлкен кісінің көзіне түсірген еліме деген сүйіспеншілігім, қандай тапсырма болса да Отаным үшін жаным садаға! деп жанып жүріп істейтін қажыр-қайратым деп ойлаймын. 

Мені сүйреген ең әуелі мінезім болды. Сол мінез қандай шаруа болса да күйіп-жанып жүріп бітіріп тастауға итермеледі. Дер кезінде тыңғылықты біткен шаруа кісіні көзге түсіреді. Көптің көзі қалт жібермейді. Кісіге жақсы сөз ілестіреді. Сол сөз, сол көз мені басқалардан ерекшелей түсіп, биіктегі мәртебелі лауазым иелеріне жетуіме басқыш болуы мүмкін. Өзім солай ойлаймын. 

Адам мінезі кісінің тағдырын жасайды. Мінез адамды я өсіреді, я өшіреді. Мұның бәрі талайыңа берген тектің, қан түйіршігі түзілімінің нәтижесінен туындап жатады. Генетик ғалымдардың зерттеуіне көз салсақ – осы сырға қанығамыз. 


Астана саммиті

2000 жылы Сауд корольдігінің патшасы Фахдтің інісі Елбасының шақыруымен Қазақстанға келетін болды. 

Корольдің інісі – ханзада Сұлтан Бен абдель Азиз Сауд корольдігіндегі Қорғаныс саласының, жалпы басқа да салалардың басқарушысы қызметін атқаратын жоғарғы лауазымды кісі болып шықты. 

Елбасы ханзада Сұлтан Бен абдель Азиздің елімізге келуіне байланысты өзіме өте жауапты тапсырма жүктеді. Ол кісіні күтіп алу және шығарып салу мәртебесі Елбасының өзіне тиесілі болғанымен, мәртебелі қонақтың қауіпсіздігі, барып көретін жерінің жоғарғы деңгейдегі тазалығы, көркемдігі және сол қонақтың көңіл-күйінің дұрыс көтеріңкі болуы тікелей өзіме байланысты еді. 

Ханзада Сұлтан Бен абдель Азизкелгенде – қонақтың жанында жүр, көмектес, әрқашан қасынан табылып отыр деді. 

Ол кісі келеді деп хабар алысымен Елбасы әкімшілігінен көмек сұрап жедел дайындала бастадым. Әр елде шетелден Президент, Король, Сұлтан келетін болса сол елдің арнаулы органдары біздегі Сырбар, немесе Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты органдар Президентке келетін қонақ жайында жан-жақты мағлұмат дайындап береді. Бұл мағлұматты өзге кісілер  біле бермейтін болуы керек. Демек жасырын мағлұмат, өмірінде  қандай жағдайлар болды, тіпті ең аяғы қандай тамақ жегенді ұнатады дегенге дейін хатқа түседі екен. Бәрі әзір болғаны жөн. 

Міне мен сондай мағұлмат іздей бастадым. Бірақ таппадым, сосын Ресейдің Сыртқы Барлау органына қоңырау шалдым. Ол жерде менің досым – Ресейдің сыртқы Барлауында генерал-лейтенант Болат Жетпісбаев деген азамат жұмыс істейтін еді. Өзі арабист. Ол кісі – отыз жылдан аса – Араб мемлекеттерінде елшілікте жұмыс істеген. Бүкіл арабтардың басшыларын, араб тілін жетік меңгерген жігіт. 

Ол дереу келісіп:

         - Жақсы. Түк емес. Ондай мәліметті Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жіберейін, өзің содан аларсың, - деді. 

         - Жақсы, - дедім. 

Осылай мағлұмат алдынды.  Ханзада-Сұлтан өте көп оқыған, білімді, ерік-жігері мол, өте абыройлы кісі екен.

Бір ұлы қазір АҚШ-та елші болып істейді деп ақпарат берді ресейліктер. Ол көп оқыған, сол елдің басшыларының арасында өте беделді екен. 

Қадірлі мейман келгенде қастерлеп күтетін болған соң қандай сыйлық сыйласам деп ойландым. 

Сөйтіп жүргенде бұлар сұңқар, бүркіт секілді құстарға әуес екен дегенді құлағым шалды. Дуадаққа салатын құстарды іздеп жүреді деп естідім. Әрең дегенде бес құс дайындадым. Бірақ ол құстар Үкіметтің қаулысымен беріледі екен. Президент шетелде іссапарда.

Сұлтанның келуіне бір-екі күн қалды. Енді не қыламын деп басым қатып жүргенде, «Үкімет Араб мемлекеттерінің кейбір патша-сұлтандарына барлығы он кісіге 10 сұңқардан ұстауға рұқсат қаулы шығарыпты» деп естідім. Құлағыма жетісімен Премьер-Министрге бардым. Ол уақытта Қасымжомарт Тоқаев Премьер-министр болатын. Қасымжомарт Тоқаевқа келіп:

         - Осындай Араб мемлекетінен ханзада Сұлтан келгелі жатыр. Олар бізге Сенаттың ғимаратын салуға 15 миллион доллар қаражат бөлді. Қол-ұшын беріп, көмектесіп жатыр. ондықтан мына құсты беруге сіздің қаулы әлі күшіне енбегендіктен, тізімдегі ең соңғы кісіні алып тастап, орнына сол ханзада Сұлтан Бен абдель Азиздің атын жазайық, - деп жоғарғы лауазымды кісіні әрең көндіріп, қаулыны қайта шығартқыздым. 

Осындай үлкен сый беретін болып қуанып отырсам – ертеңіне кешке қарай Нұрсұлтан Әбішұлының іссапардан қайтатынынан хабар алдым. Одан арғы күні ханзада Сұлтан Бен абдель Азиз  келмекші. Кешке қарай күтпеген жерден әлгі сұңқар дейтін жабық телефон шылдырлады. Жоғарғы жақтан лауазымы биік бір азамат мені қыстай бастады:

         - Неге сен қаулыны өзгерттің, неге әлгі құсты сұлтанға бергізесің, - деп мені сұрақтың астына алды. 

Сөйтсем, әрбір ханзадаға құс бергізу үшін жоғарғы жақтың адамдары жеке жауапкершілікте екен. Әркім басымен жауап береді екен. 

Олай түсіндірдім, бұлай түсіндірдім. Себебін түсіндіріп, орын алған оқиғаның соған тұрарлық екенін айтып, егжей-тегжейлі баяндадым. 

         - Бұл жауапты іс. Ол ел бізге қаражатпен көмек көрсетіп жатыр. Арнайы Елбасының шақыруымен елімізге келгелі жатыр. Енді бұл құсты осы мейманға бермегенде кімге бермек ойыңыз бар, - дедім.

         - Егер қазір Елбасы Қазақстанда болғанда – мен сізге көресіні көрсететін едім, жақсылап жауап беретін едіңіз! – деді суық ызғармен зілденіп. Ығыстырып алып барады. 

Жоғары лауазымды азамат екеуіміз дауласып біраз жерге барып қалдық. Бір сағатқа жуық уақытта Елбасы іссапардан оралды. Мен ол уақыта қорғаныс саласында істеймін. Хаттама бойынша ол кісіні мен қарсы алмаймын, шығарып салмаймын. 

Біздің еліміздің хаттамасы бойынша қала әкімі, тағы да басқа бір-екі лауазымды адамдар күтіп алып, шығарып салады. Ал енді бағана маған телефон шалып қысқан кісі – ол кез келген жерге бара алатын, кез келген жерден өз ойын алып шыға алатын адам болатын. Кешке жақын Елбасына барып, мені біраз жерге апарып тастайтын шығар деп ойлап Күзет қызметінің әуежай жақта жүрген жігіттеріне телефон шалдым. 

         - Сіздер Нұрекеңе жақсылап қараңыздар, көңіл-күйі қандай болып келеді, сосын кіммен сөйлеседі, қарсы алғандармен бәрімен бірігіп сөйлесе ме, әлде біреумен сыртқа шығып жеке сөйлесе ме, соның бәрін қарап, ол кісі машинасына отыра бергенде маған телефон соғыңдар, - дедім. 

Айтқандай уақытта күзет қызметкері маған қоңырау шалды. 

- Сәке, бәрі ойдағыдай. Бәрі жақсы. Көңіл-күйі жаман емес. Бәрімен ортақ сөйлесті. Ешкімді сыртқа алып, жеке кетпеді. Міне осы қазір мәшинесіне отырып жатқан кезі, - деді. 

Содан кейін анау машинаның алдындағы Күзет қызметінің жігітіне телефон соғып:

         - Нұрсұлтан Әбішұлына тұтқаны бер, мен ол кісімен сөйлесуім керек, - дедім. 

Ол кісі менімен амандасып, таңырқап қалды. Қорғаныс саласында бір жәйіт болды деп ойлады ма, бәлкім. Кідірместен Нұрекеңе әңгімемді баяндай бастадым:

         - Нұреке, амансыз. Бізде бәрі тыныш. Сіздің тапсырмаңызды орындап жатырмын. Ертең Сауд корольдігінен ханзада Сұлтан Бен абдель Азиз келеді. Соған дайындалып жатырмыз. Осылай да осылай, деп бәрін баяндап, содан кейін, сіздің атыңыздан 10 құсқа рұқсат алдық. Бірақ ондай құстың бесеуі ғана дайын, - деп баяндап жатырмын.

         - Аздау емес пе? – деді Президент. 

         - Үлгермей жатырмыз, бірақ рұқсат құжаттарын дайындап қойдық. Өзіңіз бересіз бе? - деп жол сіздікі дегендей емеурін жасадым.

         - Жоқ, өзің бер, - деді Президент. 

Сөйтіп қинышылықтың алдын алған шығармын деп ойладым. 

Ертеңіне үлкен қонақ келді. Қарсы алды. Мен жанында болдым. Сенаттың ғимаратын салатын жерге Есілдің сол жағалауына бардық. Сол жерде байқағаным, Нұрекеңе әлгі жоғарғы лауазымдағы азамат менің құстарды алғаным жөнінде жақсы сөз айтпаған секілді. Елбасының қабағынан сондай салқындықты сездім. 

         - Әлгі құстарды не ғып ұстадың? – деген Елбасының сөзінен мұны байқап қалдым. Кеше өзіне барлығын баяндағанымды мұрындық қылып айтып өттім. 

Не керек ханзада Сұлтан Бен  абдель Азизді қабылдадық. Қасында жүрдім. Елбасының қабылдауында да болдық. 

Сұлтанмен бірге екі-үш күн жүрдім. Керемет білімді адам екен. Жасы менен үлкен болғанына қарамастан, қарым-қатынасымыз өте жақын болды. 

Елбасына кірген кезімізде:

         - Мен мына шақырған қабылдауларға бармай-ақ қояйын. Сіздің қабылдауыңызда болдым ғой. Ал мына мені күтіп қонақ қып қасымнан бір елі қалмай құрмет көрсеткен бауырым мені үйіне шақырып отыр. Бір жағы өзі әріптес. Осы кісіге барайын, ал қалғанына бармай-ақ қояйын, сіз рұқсат етсеңіз, - деді. 

Нұрекең тұрып:

           - Бұл Сәт Тоқпақбаев - қолбасшы, ал мен - Бас Қолбасшымын. Сондықтан бұл азамат маған өз жолын береді. Сіз осы жолы тағы бір рет маған келіңіз, - деді. 

Міне осындай жағдайлар да болды. Әлгі ханзада Сұлтан Бен абдель Азиз келместен бұрын онда-мұнда сарсыла жүгіріп, қолға түсірген 5 сұңқар құсты мәртебелі

мейманға бердім. Ол кісі шексіз риза болды. Алла бұйыртса – Сауд шөлінде, Морокко жерінде осы сұңқар құсты аңға салып, құмарымнан шығамын, бұл деген керемет сыйлық болды, - деп барлық сырын жайып салды. Кейінше қалған 5 сұңқар құсқа әлгі ханзада Сұлтан Бен абдель Азиз арнайы ұшақ жіберіп, сәлем жолдап алғызғаны есімде қалыпты. Жоғарғы мәртебелі мейманның қазақтың қиыр даласында жабайы ұшып жүрген жұдырықтай сұңқар құсқа соншама қызығып, оны ғажайып қазынадай көріп алдырғанына әлі күнге қайранмын! 

Ханзада Сұлтан Бен абдель Азиз кейін Елбасымен тағы бір рет кездескен сыңайлы. Қарым-қатынастары өте жақсы болды. 

- Кеңес одағы құрамынан шыққан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы халықтарындағы мұсылман елдеріне бірінші рет, оның ішінде Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Басқа мемлекеттерге барған жоқпыз. Баруға кедергі болатын кей жағдайлар бар, - деп біздің ол кісіні қонақ етіп күткенімізге разы екенін, жалпы дипломатиялық қарым-қатынасқа да, іссапарға да көңілі толғандығын мен отырған кезде атап өтті.

Содан кейін Қорғаныс саласында жүргенде сөйлесіп тұрмыстары ауыр отбасыларының балаларына мектеп ашқанымызды естіп, осы ұландар мектебіне барамын деп ықтияр танытты принц Сұлтан Бен абдель Азиз. 

Нұрекең маған:

         - Мектепке барамын деп отыр. Сен ештеңе сұраған жоқ па едің? – деді.

         - Нұреке, ештеңе сұраған жоқпын.

         - Олай болса мен де барамын, - деді Президент.

Сөйтіп ол кісімен бірге жанындағы кісілерін ертіп барлығымыз Ұландар мектебіне бардық, Сол жердегі балаларымен сөйлесіп, суретке түсіп, мәз-мейрам болдық. Сосын әлгі ханзада Сұлтан Бен абдель Азиз тұрып:

         - Мынау менің жеке сыйлығым 1 миллион доллар. Мектепке көмегім болсын, - деді. Содан кейін бұл кісі мені Қорғаныс министрлігінің басқа лауазымды адамдарын алып, бізді Сауд корольдігіне ресми сапармен келіңіз деп өз еліне шақырды.

Келер жылы мен жаныма еліміздің Қарулы Күштерінің басшыларынан алты қызметкерді алып, сол жаққа бардық. Олар бізді жоғары дәрежеде қарсы алды. Сауд корольдігінің жетістіктерімен таныстырды. Сол елдің Қарулы Күштерінің басшыларымен кездесіп, Армияның ерекшелігімен, әсіресе, Әскери- Теңіз флотының жетістіктерімен таныстық.

Жерлесіміз Бағдат Әміреев сол кезде Сауд корольдігінде елші болып істейтін. Ол жанымда жүрді. Тілді, елді жақсы біледі. Сол жерде маған:

         - Екі рет Сіздерді әскери шерумен қарсы алды. Бұрын тек Ясыр Арафатқа ғана дәл осындай қабылдау рәсімін жасаған еді. Содан бергі уақыттағы осындай құрмет тек Қазақстан Республикасына ғана арналып отыр.

Дана халқымыз елдестірмек елшіден дейді. Елші қызметі бұрын-соңды заманда аса мәртебелі саналған. Бұрынғы өткен атақты елшіміз туралы ойыма түскен қызықты бір естелікті келтіре кетейін. 

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін, Сауд корольдігінен елшілік ашуға еліміздің Сыртқы істер министрлігі арнайы белгіленген кісіні жібереді. 

Сол кезде Сауд корльдығының астанасы – Эр-Риядтың Қалабасысы: Біз баяғы кеңестер одағынан келіп көптеген игілікті істерге мұрындық болған – елші Нәзір Төреқұловтің қазақ екенін білеміз. Ол кісі сталиндік зұлматтың құрбаны болды. Содан бері неше жылдар өтті – біздер қазақтың ұлы даласынан елші қазақ қашан келер екен деп күтіп жүр едік. Міне тәуелсіздік алдыңыздар. Арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қазақ елінен, қазақ даласынан мұсылман елшісі келіп тұр. Бұл баяғы Нәзір Төреқұловтың бізге қалдырып кеткен аманаты  секілді сезіледі. Біздер қазақтарға жер сатпаймыз, тегін береміз. Қаланың ең шұрайлы жерінен елшілік үйіне арнап жақсы жер кесіп алыңыздар. Бұл біздің баяғы Нәзір Төреқұловтың елшілік ісіне, қызметіне жасаған құрметіміз! - деп тебірене сөйледі дейді елшіміз. 

Сауд корольдігінің Қазақстан азаматтарына деген ықыласы айрықша болды. 

Сауд королі – Фахт мені жеке қабылдады. Одан кейін биліктегі екінші адам, қазіргі уақытта король – Абдолла қабылдады. Не керек келісілген протоколдағы 7 минутымыз 27 минутқа ұласты. Өзімнің кім екенімді ол кісіге түгел жеткіздім. 

Нағыз әскери атеист орган Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде жұмыс істегенімді, өзімнің үстімізде бір Алла бар екенін білсек те мен сондай атеист органда қызмет атқарғанымды айттым. 

«Тәңірге де рахмет, аяқ астынан Аллатағала сіздерге алып келіп отыр»,- дедім,- Сіздер ағылшындардың отаршылдығынан құтылған күннің ертеңіне жаңа мұнай көзін ашып, соның арқасында қазір Сауд корольдығы бақуатты елдердің қатарына қосылды.

Біздер де, Қазақстан Республикасы да Тәуелсіздік алғаннан кейін Қарашығанақ мұнай көзі ашылды. Біздің ел де Сауд корольдығы сияқты бай ел боламыз. Сіздерді де, біздерді де Алла қолдап отыр». Ол кісі менімен келісетінін білдірді.

Біз Қазақстан ең солтүстіктегі мұсылман еліміз. Бізден басқа мұсылман елі жоқ ол жақта. Солтүстік өңіріндегі  жалғыз мұсылман елі біздер, қазақтар боламыз. 

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астанамыз Алматыны Ақмолаға көшірді. Ал, қазір Астана халқы мұсылман дінін жетік меңгеріп келеді»,-дедім. 

Мен ол кісіге Аллаға, аруаққа қатар сыйынатынымыз жайында да айттым. Бірақ ол кісі «тек Аллаға ғана сыйыну керек. Басқа ештеңеге де сыйынбау керек. Аруақтан емес, Алладан ғана қорқу керек!» деп қайта-қайта нығыздап айта берді. 

Меккеден Мединеге  алып барды. 

Сол қалада Мұхаммед (с.ғ.с) мешіті бар екен. Соны көрсетті. Оған 2 миллион адам сияды екен. Бұл мешіт 3-4 рет жөнделіп кеңейтіліпті. Қалай өзгеріп, қанша қаражат кеткені жайында да айтып берді. Үлкен 36 куполы бар екен. Бәрі компьютерлендірілген. Тетігін басса - әлгі куполдар ашылып, аспан көрінеді. 

Шыдай алмай сұрадым:

- Сәуірдің аяғында бұл жерде 27 градус екен. Ал енді жазда 42-50 градус ыстықта не қыласыздар?, - деп сауал тастадым.

- Бұл жерді қайта құрудан өткізу үшін 5 миллиард доллар шығардық. Астында үлкен қала сияқты. Барлығы компьтерлендірілген. Ылғи жазда да, қыста да, күзде де мешіттің ішіндегі жерде 27 градус болып тұрады, - деді маған түсіндіріп. 

Мұхаммед Пайғамбардың қабірінің басында құран оқыдық. Меккеде әль-Харам мешітінде болдық. Қажылыққа барғанда атқарылатын іс-шаралардың барлығын бізге жасатқызды. Қасымызға  бір имам бөлді. Ол барлығын көрсетіп жүрді. Бұл әрине қажылық емес, жұмыспен барған соң оны «умра» дейді екен.

Меккеге 80 шақырымдай қалғанда даңғыл жолдың үстіне кемпірқосақ секілді етіп құрған үлкен күмбезді көрдік. Күмбез үстінде аспанға қаратып ашылған алып Құран кітабының нобай-нұсқасы. Әлгі Құран кітабы бейне, көк аспандағы Бас Иемен тілдесіп тұрғандай әсер қалдырады. 

(жалғасы бар)

Сәт Тоқпақбаев

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...