Қанағат Әбілқайыр. Бүйрек (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2622
Қанағат ӘбілқайырБұл столға екі шынтағын тіреп, еш ойсыз мелшиіп отырған. Сырттан теңселіп ол кірді. Ішіп алғаны жағымсыз иісінен ғана емес, әр қимылынан анық аңғарылып тұр. Кілегейленген көзімен сәл ішіп-жеп тұрды да: – Жүр! – деді самарқау. Бұл ештеңе естімегендей сол мелшиген қалпы отыра берді. – Жүр дедім ғой саған! –  деп кіжінді ол. Бұл әлі үнсіз, әрекетсіз. – Керең болып қалғансың ба? – деп, ұрып жіберердей екпінмен төніп келіп, білегінен ұстады да лақша сүйреп жатын бөлмеге кіріп кетті... 
Ойсыз. Көзінен жас та шықпайды. Ешқандай өкініш, қайғы жоқ. Орнынан селқос тұрды да үстіне бірдеңе тауып киіп, жыртылған киімдерін қолтығына қысып ас үйге аяңдады. Ол теледидардың алдында қорылдап ұйықтап жатыр екен. Бұл пештің аузын ашты да бүктелген киімдерді лаулап жанып жатқан отқа атып ұрып, асығыс сыртқа шықты. Қас қарайып қапты. Жедел басып өзінен 4-5 жас үлкен көрші қызға келді. 

– Қалаға қашан қайтасыз?
– Ертең жүрем. 
– Бір өтінішім бар еді... Орындайсыз ба?
– Әрине. Қолымнан келсе, неге орындамасқа. Қане, айта ғой.

Бұл жеңіл басып үйіне келді. Шаруасы оңынан келгендей көңілінде аздаған тоқтық бар. Ол әлі оянбапты. «Шіркін, осы қалпында мәңгі ұйықтай берсе ғой...»
Минуты жылға татып, қыстың алғашқы айы бітуге таяғанда көрші қыз дәу қаладан телефон соқты. 

– Бізде ондай заң жоқ екен. Білесің бе, ондай заң жоқ. Ондай тек шетелде ғана іске асады дейді.
– Мүмкін емес... Болмауы мүмкін емес!..
– Шынымды айтсам, бар екен. Бірақ оны ұрланып, заңсыз жолмен істейді екен. Ол мүлде құпия жасалады және шетелдегіден 2-3 есе арзан бағалайды дейді.
– Мейлі. Қаншаға бағаласа да келісем. Тек, кетсем болды. Айтшы, қашан әкетесің мені?
– Әкете алмаймын мен...
– Көмектесем деп ең ғой. Ақысын төлеймін. Ақшамды алсам, алдымен саған төлейін. Тек, әкетші мені мына арадан...
– Түсінші. Тыңдашы мені. Ол заңсыз деп отырмын ғой...
– Бола берсін. Заңсыз болса да, жарты ақшасын берсе де келісем. Бір бүйрегім жетпесе, бауырымның жартысын алсын!
– Тыңдашы деймін. Жыламашы. Заңсыз болған соң, ол – өте қауіпті. Егер біліп қойса, мен де қылмысқа қатысушы ретінде түрмеге кетем. Ал ол маған керек пе?
–  ...
– Неге сен оны анаңа айтып бермейсің? Неге тәртіп сақшыларына айтпайсың?
–  Ол онда анамды өлтіреді!
– Анаң неге бір әрекет жасамайды? Неге оның айтқанынан шықпайды? Қызының тағдыры ойыншық па? Ол өгейлігін істесін, ал анаңа не жоқ...
– Аузың жабысып, кіммен сөйлесіп отырсың? – деді ол. Мұның қолынан телефон тұтқасы түсіп кетті. Оның үйге қашан кіргенін байқамапты. Тағы да сүйретіліп қолтығында кетіп бара жатты. Телефон тұтқасының арғы жағында: «...Жаңа жылда ауылға барам. Сол кезде бәрін өзім реттеймін. Бүйрегіңді саудаламай-ақ бәрін шешуге болады. Алло, алло», – деп, көрші қыз жан ұшыра сөйлеп жатты.

Көрші қыз артынып-тартынып қаладан келгенде мұның суықтан серейіп қалған денесін көпшілік қорадан есік алдына алып шықты. «Қаршадай қыз. Құдай-ай, он беске де толмады ғой», – деді бірі. «Асылғанына көп болған-ау, денесі көгеріп кетіпті», – деді екіншісі. «Шешесі іздемеген бе?» – деді үшіншісі. «Күнде таяқ жейді, шешесі байқұста не ес қалды дейсің?..» – деді тағы бірі. 
Ол шетте ештеңеге араласпай темекі шегіп тұр. Ішіп алғаны жағымсыз иісінен ғана емес, әр қимылынан анық аңғарылады...
author

Қанағат Әбілқайыр

Шоу-бизнес

Продюсер Жан Мұқанов Қазақстанда ең көп гонорар алатын әншілерді атады, деп хабарлайды madenipor...

Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...