Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Саясат Нұрбек ай...
Аllur машина құрылысына мамандар дайындайды
Отандық автоөндірістегі көшбасшылардың бірі - Allur компаниялар тобы машина құрылысына мамандар дайындаумен айналысып жатыр. Өндіріс орны Қостанай облысындағы кәсіптік оқу орындарының бірін қамқорлығына алған. Қазір Автокөлік колледжінде 1300 студент білім алады. Компания бірнеше жылдан бері өздері құрған Корпоративтік университетте өздеріне қажет мамандарды оқытып шығарады.
Allur компаниялар тобы Қостанайдағы автокөлік колледжін жөндеуден өткізіп, техникалық базаны жаңартты. Дуальді оқытуды ұйымдастырды. Яғни, студенттер зауытта тәжірибеден өтеді. Кейін осында жұмысқа орналасады.
"Мен бұрын осы жерден тәжірибеден өткем. Жұмысымды, адамдармен тез тіл табысатынымды байқап, қайта шақырды. Қазір электр дәнекерлеушілерді оқытып жатырмыз. Арасында оқуды жаңадан бітіргендер де, жасы үлкен адамдар да бар", - дейді кадрмен жұмыс жөніндегі маман Азат Әбішев.
Allur бұған қоса тағы бір жаңа жобаны қолға алып, бір жыл ішінде қазақ тіліндегі машина жасау терминдерінің сөздігін жасап шығарды.
"Әр сөзді талқылап, аудармасы болса, аудардық. Аудармасы болмаса, қарапайым тілмен түсіндіріп, ол сөздің өндірістегі қолданысын анықтау үшін әр сөз үшін офис пен өндірістің ортасында жүрдік. Енгізілген, аударылған сөздерді қазақ тобынының балалары бірден қабылдап алды", - дейді R and D жоба жетекшісі Айгүл Ахметова.
Машина жасау зауыты өкілдерінің айутынша, қолынан іс келетін, еңбекқор жастар аймақта өте көп. Оларға алған білімін өндіріс орнында ұштастыруға жағдай жасалуы тиіс.
Айта кетейік, Қазақстандағы машина жасау өнеркәсібі өндіріс көлемінің, жаңа жұмыс орындарын ашу мен жалақының өсімі бойынша көшбасшылар қатарында. Қазір республикада осы салада 3,5 мың кәсіпорын бар. Онда 115 мыңнан астам адам жұмыс істейді.