Ән мен жырға бөлеген Абай елін...

МУЗЫКА
1118

«Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

              Әнді сүйсең, менше сүй....», – деп қазақ әнінің қасиетін ұғындырған ұлы ақын Абай Құнанбайұлы өмірге келген киелі мекен – Қасқабұлақ ауылында дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген Жікенов Амангелді дейтін құрметті азамат бар. Әкемнің нағашысы болғандықтан бала күнімізден әнін тыңдап, өмірден түйген тағылымын санамызға сіңіріп келеміз. Қазақтың қадірлі өнері арқылы еліне құрметі артқан ағамызды отбасымызбен сыйлап, өнеріне сүйсінеміз. 

Алматыдағы өнер ордасында Жүсіпбек Елебековтей дарынды әншіден тәлім алып, жастық дәуренін Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Келденбай Өлмесеков, Тұрсынғазы Рахимов сынды сахна саңлақтарымен бірге өткізген әнші оқуы аяқталғаннан кейін туған жеріне, қара шаңырағына оралады. Себебі бір отбасының жалғыз ұлы, қара шаңырақтың иесі болатын. «Туған жерге туыңды тік» деген сөздің мәнісін жастай ұғынған ағамыз туған топырағында өнерін жалғастырып, халқына қызмет етіп келеді. Қазақтың «қара шаңырақ» дейтін қасиетті ұғымының киесін кейде түсіне бермейтініміз рас. Халқымыздың ұлттық өнері бойына дарыған, арда азаматтың туған топырағына, қара шаңырағына оралуы – азаматтығының көрінісі. Әйтпесе сол кезде жиырмадан жаңа асқан жас жігітті қала өмірі желіктірмеді дейсіз бе?! Есесіне туған ауылында қаншама шәкірт дайындап, дәстүрлі ән өнеріне жолдама беріп келеді. 

Әншілік дегеніміз – жай ғана дауысыңмен елді елітіп ән салу емес, әннің мәнін, ішкі нәрін өз бойыңа сіңіріп барып, жүректен толғап, халыққа әннің бар тынысын сездірту. Әнші ағамыз өз болмысымен қазақ әнінің бар қуатын, рухани уызын бойына сіңірген жан. Ол кісі ән салғанда сол әннің сюжетіндегі барлық оқиға көз алдыңа келгендей әсерде боласың. Әншілік өнердің құдіреті де осында болса керек.

Ән өнерінде еркін самғауы үшін бар жағдайын жасап, жан дүниесін де, әншілік өнерін де түсіне білген өмірлік жары – Күлзира апамыз да өнерлі жанның қолдаушысы бола білді. Қасиетті Абай өңірінде кездескен екі жас отау тікті, үлкен шаңырақ иесіне айналды. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді.  Үлкен бір әулеттің тірегі, ақылшысына айнала білген Күлзира апамыз да елінің алғысына бөленген жан.

Өзі жанында жүріп, әндерін өз аузынан жазып алып, жарыққа шығарған, батасын алған, халық ақыны Шәкір Әбеновтің жасынан асуды Алла нәсіп етсін деп тілек білдіргім келеді ағамызға. Ұрпағының қызығын көріп, елінің құрметіне бөлене берсін!


Мөлдір Аманғазықызы

А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті, философия докторы (PhD)

Жаңалықтар

Келесі жылдан бастап Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдердiң мөлш...

Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес т...