ҚАЗАҚ МОЦАРТЫ

МУЗЫКА
1496

Біздің кейіпкеріміз  он жасында музыка жазған бірегей ерен дарын! Рахат-Би Төлегенұлы Әбдіса­ғин – бірнеше халықаралық конкурстардың жеке-дара жеңімпазы, 100-ден аса музыкалық  шығарма­лардың авторы.

Еліміз әлемдік өркениет аясында қарыш­тап дамып, ең озық 50 ел қатарына тұрақты енді. Ендігі жерде бәсекеге қабі­леттілікті арттыра отырып, дамыған отыз мемлекеттің сапында болуға бет алдық және де ол үшін барлық алғышарттар жасал­ған. Бұл Елбасымыздың ұсынған «Мәңгілік Ел», «Нұрлы Жол», «Ұлт жос­пары», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру», т.б. стратегиялық бағдарлама­ларында айқын көрініс тапқан. Осынау жасам­паздық өрлеуде рухани жаңғырудың қоғам­дық сананы кемелдендіруде орны ерекше.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баевтың: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетаны­мымызға әбден сіңіп қалған қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиет­терге ие болуы керек», – деген сөздерінде жаңа адам қалыптастыру мұраты айқын белгіленген.

Рухани жаңғыру қоғамдық санамен бірге жеке тұлғаның да кешенді жаңғы­руына жол нұсқайды. Ол әр қазақстан­дықтың менталитеттік мәдениетін бүкіл­адамзаттық өркениеттік ізгілік құндылық­тарымен үйлесімдік рухта, жаңа сапалық деңгейде байытуға міндеттейді. Ұлттық-бүкіладамзаттық құндылықтар кешені ретін­дегі мәдениеттік менталитет бір адамның кемелдігімен тоқтап қалмайды. Ол бүкіл елге жайылып, сол үлгіні тұтынған азаматтардың қатарын көбейтіп, тұтас ұлттық рухани жаңғыруға ұласады. Бұл «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын кең көлемде іске асырумен сипатталады.

Міне, осы негіздерде, осы үрдістерде отандастарымыздың жетістіктерін көрсетіп, үлгі етуге бағытталған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты іргелі бағдарлама көшбасшылық қызмет атқарады.

«Рухани жаңғыру» бойынша Елбасы тапсырмаларының бесіншісі – қазіргі Қазақстанды бүкіл әлемге танытуға өз үлестерін қосқан, еліміздің өсіп-өркен­деуіне маңдай терін төккен 100 тұлғаны анықтау еді. «Жүз есім» ашық, айқын, әділ және әлеуметтік жолымен анықталды да.

ӘЛЕМДІ  ШАРЛАҒАН  ӘУЕН

 Солардың ішінде өзім 25 жыл бойында үздіксіз басқарған, екі дүркін «Республика­мыздың ең таңдаулы мектебі» конкурсы­ның жеңімпазы атанған Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияда 1-сыныптан бастап оқып, оны 15 жасында үздік бітіріп шыққан түлегіміз Рахат-Би Төлегенұлы Әбдісағин туралы өнеге болсын деп ой толғағым келеді.

Р.Т.Әбдісағинді музыка әлеміндегі «Қазақ Моцарты» деп те атайды. Ол – он жасында кемеліне келген көп компози­тор арман ететіндей музыка жазған бірегей ерен дарын! Ол – бірнеше халықаралық конкурстардың жеке-дара жеңімпазы, 100-ден аса музыкалық  шығармалардың авторы.

Әуеннің жас перісінің дыбыс құдіреті арқылы Ғалам-Ғарыштың ішкі құпияла­рымен байланысқа ұмтылған жүйрік ой-қиялы­ның қанаттарын өршелене қағуын елестете алуы, музыкадағы аралық үзіліс тылсымы мен аса нәзік тон сырына мұқият сергек сақтықпен қарауы, уақыт және кеңістікті еркін де өткір сезінуі – бәрі-бәрі Рахат-Биді қазіргі әлемдік және отандық өнердің жұлдызды өкілдері қатарына көтерді.

Рахат-Би музыкасы барлық Еуропа және бірқатар Азия мен Америка елдерінде ірі концерт залдарында іс жүзінде сахна репертуарынан тұрақты орын алған. Оларды белгілі солистер, камералық ансамбльдер мен симфониялық оркестрлер орындайды. Оның шығармаларының әлемдік деңгейдегі премьералары Лос-Анжелесте, Прагада, Лондонда, Венада, Париж­де, Берлинде, Сеулде, Анкарада, Мәскеуде, Томскіде, Каирде, Астана мен Алматыда тағы да басқа шетелдік 12 қала­да табысты өтті. Көп ретте өзінің симфо­ниялық шығармаларындағы сольдік фортепиано партияларын өзі орындайды, сондай-ақ классиктер мен қазіргі көрнекті шеберлердің шығармаларын ойнап, сольдік концерттер берді.

Шетелдік сарапшылар мен музыка сыншылары Рахат-Биді «Нағыз қазақ кереметі, қолдары талуды білмейтін қайрат­ты, бітімі ірі көркем мінезінің зиялы маңғаз­дығында табиғи өрлік бар» деп бағалай­ды. Ол жалпы білім беретін мектепте үздіксіз оқи жүріп, білім жолындағы үздік шығар­машылықтары үшін Алматы қаласының әкімінің бірнеше қолдау марапатына ие болды, бір мезгілде мектептен тыс білім мен өнер ұйымдарында білім алып шыққан қабілеттілігімен ерекшеленді. 2012 жылы М.Төлебаев атындағы №5 жетіжылдық музыка мектебін 4 жылда бітіріп, Италия­ның Бергамо қаласындағы Музыкалық академияға студент болып қабылданды, сонымен қатар эксперименттік режимде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқыды. 2016 жылы оны үздік аяқтап, Астанадағы Қазақ ұлт­тық өнер университетінде магистрант болып, 18 жасында аса үлкен табыспен магистрлік диссертациясын қорғап шықты. 2017 жылы Рахат-Би Италияның аса бедел­ді екі бірдей жоғары оқу орнының докто­ран­турасына халықаралық таңдау сынағы­нан табысты нәтиже көрсетіп, қабылданды.

Рахат-Би оқу және музыкалық шығар­ма­шылықпен бір қатарда өз сөзін ғылымда да айтуға үлгерді. Ол 14 жасында «Мате­матика және қазіргі музыка» атты еңбегін жазып, Мәскеудегі VІІ халықаралық ғылыми жобалар конкурсында 1-орынды иеленді. 2011 жылы оның «Гармония қыр­лары», 2017 жылы «Космоспен тілдесудің 10 сәті» атты музыкалық шығармалар жинағы және «Тәңір жолы» (2017 ж.) кітабы жарық көрді. Сондай-ақ, оның көптеген ғылыми мақалалары ҚР ҰҒА-ң және университеттердің ғылыми журналдарында жарық көрді. Ол 13 жасынан бастап-ақ түрлі отандық және шетелдік универ­ситеттерде лекция-концерттер өткізді.


АДАМ ЖАСАМПАЗДЫҚ ҚАБІЛЕТІМЕН ӘДЕМІ


Рахат-Би үнемі шығармашылық ізденістің, өзін-өзі жетілдірудің биігінде. Оның білім, ғылым, шығармашылық табыс­тары  өз алдына бір төбе. Өзі қасиетті санай­тын қазақ тілімен қатар  орыс, ағыл­шын, итальян, испан тілдерін еркін меңгер­ген, бүгінде неміс тілін білуге ден қойған.

Тума дарындылық, аса жоғары интел­лект, тоқтаусыз жаңа танымдарға ұмтылыс, қайтпас күш-жігер мен қайталанбас еңбекқорлық, өзіне деген үлкен талап пен жауапкершілік, үлкен азаматтық ой-сана – Рахат-Би табыстарының алғышарттары. Осынау қасиеттер мен табыстар Рахат-Би Әбдісағиннің «Қазақстанның жүз жаңа есімі» атты аса беделді, аса өзекті, аса бағалы республикалық жобада жеңімпаз атануына негіз болды.

Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев 2017 жылы 1 желтоқсанда «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарымен тарихи кездесуінде Рахат-Би Әбдісағиннің шығармашылық жетістіктеріне, орындау­шылық таңғажайыптылығына орай: «Мен әдетте ұйықтар алдында Моцартты тыңдай­мын. Маған ол ұнайды. Жан тыныштығына келтіреді, онда ғарыштық рух бар сияқты. Мұндай музыка өз-өзінен туа салмайды. Солай ма?! Сенің шығармашылығың да осы сияқты емес пе! Ендігі жерде сені тың­дайтын боламын», – деген еді. Мемлекет басшысының бұл жүрекжарды тілектестігі жас дарынның жаңа жасампаздыққа, жаңа табыстарға жете беруіндегі шабыт көзі болып табылады.

Білім — адам бойындағы даналықты оятады

Бірде Берлиндегі әлемдік премьерадан соң, Рахат-Биге бір мосқал еуропалық келіп: «Сенің осы симфонияң Құдай нұрынан пайда болған. Мен оны тыңдай отырып, бүкіл Ғалам-Ғарышты кезгендей болдым. Сәттілік тілеймін!», – деп ризалы­ғын білдірген. Сондай алғыс пен тілектес­тік­тер Рахат-Биге қанат бере түсті. Мен оның мектептік ұстазы ретінде асқан талап­шылдығының, қайтпас шебер іскер­лігінің, рухани-интеллектуалдық биіктігі­нің, жан тазалығы мен шығармашыл ой қуатының жүйелілігінің куәсі болу бақытына иемін. Осы орайда Рахат-Бидің бүгінгі биігі оның туып-өскен отбасының да жемісі екенін айтқым келеді. Ол отбасы – сүйіспеншілік, рухани ортақтық, шығар­машылық ниеттестік, ынтымақтас­тық, бірлестік, өзара түсіністік, жанашырлық, мейірімділік және риясыз қызмет ету қағидаларының негізінде құрылған бақытты жанұяларымыздың бір үлгісі. Мұндай отбасының балалары шартсыз сүю, риясыз қызмет ету, бірлесіп жасау, шексіз сену, шектеусіз сыйлау, кең пейіл мен кешіру қасиеттерінің иесі болады. Мұнда әркім бір-бірінің мұратын түсінуге және оны орындауға көмектеседі.

Отбасынан өнетін бұл қасиеттер мек­тепте және мектептен тыс білім ұйымда­рында қолдау тауып дамиды. Білім – адам бойындағы даналықты оятады. Солай бол­са да мұнда тұқымқуалаушылықтың қуаты бөлекше деп ойлаймын. Данышпан деп ұғынылатын «гений» сөзінің түпкі мағына­сы итальян тілінде «ақылды ата-ана» екен. Десе дегендей, Рахат-Бидің әкесі – елімізге белгілі ғалым, академик, үлкен физик. «Жігіт­ке жеті өнер де аз» демей ме. Төкең­нің мемлекеттік-қоғамдық көрнекті қай­рат­керлігі өз алдына, ол түрлі музыка­лық аспаптарда шебер ойнайды, айнала­сын үйіріп алып кететін көпшіл, шешен. Анасы Гүлмира Естайбекқызы – тәуелсіз­дігімізді орнықтырудың ең қиын кезеңде­рінде 14 жыл бойында Алматы қалалық Білім бас­қармасын басқарып, тоздырмай, тоқырат­пай, жеңістен жеңістерге бастаған қайрат­кер. Одан кейінгі жылдарда ҚР Парламенті депутаты, бүгінде ҚР Парла­менті Мәжілісі төрағасының орынбасары. Мен Гүлмира Естайбекқызының қарама­ғында мектеп директоры қызметінде жүріп, ол кісінің өзін-өзі ұйымдастыру үлгісіне, өзгелерді өз ырқына ұйыстыра білуінің,тілін тауып, іскерлікпен дамыту шеберлігіне куә болдым. А.Эйнштейн айтқандай, әрбір адамда данышпандық бар. Даналық дәнінің өсіп-өнуі үшін әрбір адам өзінің жаны сүйетін, көңілі қалайтын оқумен, іспен, жасампаз­дықпен айналысуы шарт. Бұл турасында Рахат-Би: «Музыка – адам­ның өзін-өзі танытуы. Адам жасампаздық қабілетімен әдемі. Музыкада үнемі жасам­паздыққа құлшындыратын күш бар. Ол адам жан-дүниесін ғарыштық құпия биікке көтереді, сананы сілкіндіреді, рухани тазартады, әрі сауықтырып сейілтеді, ғарыштық қуат береді. Менің космосым –музыка», – дейді.

 Рахат-Бидің өмірлік сүйікті бұлжымас қағидасы – шығармашылықта табысты болуға емес, туындының мәнді болуына  ұмтылу! Негізінен, классикалық және қазіргі академиялық, яғни авангардтық музыкамен айналысатын Рахат-Би өзінің табыстарының шексіз көзі — ана тілі, туған елінің мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық болмысы деп біледі. Бұл оның бойына ата-бабалардың рухымен, ата-ана қанымен, қоғамымыздың мәдени жасампаздығымен дарыған.

Рухани жаңғыру – тарихи тәжірибе­міздің жалғасы, ұлттық құндылықтарымыз бен әлемдік өркениеттің үйлесімді тоғысын бойға сіңіру болса, Рахат-Бидің бүкіл шығармашылық жетістіктері, ізденістері – осы бағыттың өміріміздегі айқын бір үлгісі. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты қасиетті жобаның жеңімпаздарының дүниетанымының кеңдігі, азаматтық сана­сының жоғарылығы, жасампаздық рухы мен құлшыныстары, өзгелерге қайырым­дылығы, ізгі ниеттілігі, отансүйгіштігі мен рухани жан байлығы мыңдар мен миллион­дардың өмір салтына айналары хақ, өйткені ол – әрбір қазақстандықтың ізгі мұраты, ол – бүкілұлттық бағдарлама­лық іс. Осы ұлы жолымыздың бір көрінісін өз шәкіртім Рахат-Би Әбдісағин туралы ой-толғауымда  көрсеткім келді. Мұндағы ойым: біріншіден, «Жақсының жақсылы­ғын айт – нұры тасысын!» дегендей, үздік жастарымыздың келешектері кемелденген  үстіне кемелдене түсіп, екіншіден, олардың үлгісінің нұры бүкілхалықтық нұрға айналып, жасампаздарымыздың қатары көбейе берсе екен!

 

Аягүл Төреқызы МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері,                                                  

«Алтын жұлдыз»,  «Отан»

ордендерінің иегері,

Қазақстанға еңбегі

сіңген қызметкер,

Ы.Алтынсарин атындағы

 медальдің иегері.

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...