Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ. АҚЫН. ҚАЙРАТКЕР. ТҰЛҒА

ӘДЕБИЕТ
669

Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың шығармашылығына арналған қаламгерлер арасында «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар» атты республикалық эссе байқауына


Шекспирдің былай өкінгені бар-ды. «Әттең, Тәңір берсе дағы көз маған, Жүрегіңді бір көруге жазбаған...». Бірақ көз жүректі көрмегенімен, жүрек көзі, көңіл көзі адамның жан сарайындағы көрместі көреді, сезбесті сезеді. Қайыс сөзден қамшы өріп, түкпірде жатқан жан білмес сырға, бейкүнә мұңға қозғау салатын ақын болмысының жауһар жырлары емей немене?

Сірә, сөз деген құдіреттің қасиет-кепиетін түсіну үшін, өлең деген өлкеге түрен салу үшін ғұмырыңда параллель екі әлемде өмір сүре білу шарт. Ол дегеніміз – өң мен түстің ортасында жүріп дүниеге шынайы шығармалар әкелу. Жалпы менің түсінігімде сөз өнері сылдырап аққан су сияқты. Бірде арнасына сыймай шалқып-толқып тасып жатса, енді бірде қайтуға айналып, тартылып қалады. Осы екеуінің үйлесімін ұстай білгендер ғана шығармашылықтың шыңына шығады. Сол шыңға шыққан асылдарымыздың бірі – ақынын ардақтап, қаламгерін қастерлеп, өнер адамын өгейсітпеген Атырау жері, Ақкиізтоғай топырағынан түлеп ұшқан Аманқос ЕРШУ жөнінде бірер сөз өрбітсек дейміз.
Ол осы маңнан түлеп ұшып қана қойған жоқ, бар ынта-жігерін Жылыойдың жыр бесігі болған ақындар ауылы Ақикізтоғайға сарқа жұмсады. Педагогикалық инстиутты бітіре сала бір жылдай облыстық газетте жұмыс істеп, өмірінің қалған кезеңінде өз ауылындағы орта мектепте ұстаздық етті, кейін интернат директоры болып қызмет жасады. Бұл араға Бауыржан Ширмединұлының:
«Ауыл солай биікте қалу керек, 
Сол ауылға ерінбей бару керек. 
Адамның кіндік қаны тамған жерге, 
Маңдайының тері де таму керек» - деген өлең жолдары тура келетін секілді. Расында, тіпті Әбу, Жұбан, Қадыр сынды алыптар Алматы баурайына шақырса да ақынмын деп аласұрмай, алғаш табан тіреген туған жерге туын тігіп, қалам қуатын қайраткерлікке ұластырған жанның ірілігіне қалай тәнті болмассың?!
Негізінде «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деген жазылмаған заңдылық бары белгілі. Соның ішінде неге екені белгісіз, арасын үш мыңнан астам шақырым құраса да, ару Алматы мен арқалы Атырау елінің рухани байланысы тым бөлек. Соны сезді ме, жігіт Аманқос 2-курс оқып жүріп Алатау бөктеріне кеткісі келеді, онысын группаластарына айтады. Ал олар не істеді дейсіз ғой? Атырау-Алматы сапарына өздері қаражат жинап, жолдастарының бір жолға барып келуіне мүмкіндік жасайды. Неткен риясыз қамқорлық десеңізші?! 
Өз кезегінде Аманқос Ершу поэзиясына келер болсақ, әдебиет әлемінде ең әуелі ол:
«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар, 
Байқасақ аспанда да алалық бар. 
Біреуде жас та болса даналық бар, 
Біреуде қарт та болса шалалық бар» - деген жалғыз ауыз шумағымен көзіқарақты оқырманның көңілінен ойып орын тапты. 
Былай қарасақ, қарапайым логикаға негізделген, кез келген адам көре де, ұғына да алатындай суреттеу. Бірақ өлеңнің құдіреті де сонда. Қарапайымдылықта. Жүрек пен ақылды қосып жазуда. Санаңа сіңімділігінде. Бүгінгі өзіне ғана мәлім «бірдеме» жазатын тұспалдағыш жұмбақ ақындар өріп жүрген кезеңде осындай сезімі сыртқа шығып жатпағанымен, айтар ойы анық, өмірдің өзінен алынған тармақтарды аңсайсың. Ал әлгілер үшін бекер шаршайсың... 
Ақын тағы бір өлеңінде: 
«Мен теңізбін әлі бір тасымаған, 
Шар болатпын мұқалып жасымаған. 
Қасиетті қаламын қалдырыпты, 
Қарай-қарай артына Қасым ағам» - деп өзінің қазақ аспанында жарқ еткен найзағайдай дүркіреп өткен алапат ақынның бір жарқыншағы екеніне ишарат білдіреді. Енді келесі бір пайымдауында:
«Жырына берілдім де құлақ түрдім, 
Басымнан байғұс ойды лақтырдым. 
Қасымның келер деген бір Қасымы, 
Өзімнен сенбісің деп сұрап тұрдым» - деп менмұндалап, өзіндік «мені» бар, мінезді тұлға екендігін көрсетіп береді. Сол Қасымның «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» дегені бар-ды. А.Ершу да аталмыш тіркестері арқылы өз деңгейі жайынан біраз әңгіменің тиегін ағытып тұрғанын сезе қою қиын емес.   
Әсіресе, менің өлеңді көбіне көз жүгіртіп қана оқитын талғамыма сәйкес келетіні – «Қараойда» атты өлеңі. 
«Кек қайнап, қан тасыған, 
Махамбет балтасынан. 
Шаңырағы шалқасынан, 
Шарт сынып түн жылады. 
Батырдың ер-намысы, 
Аруақпен жанған ісі, 
Жайықтың нар қамысы, 
Жаралы жолбарыстай үн қылады». Екі-ақ шумағын келтірдік. Сайып келгенде, Махамбеттің аттандаған отты өлеңі бір төбе. Ер Махамбетке арналған шығармалар ішінде Аманқос ақынның осы шағын өлеңі бір төбе.
Бұдан бөлек, кейіпкеріміз туындыларында жанрдың әралуандылығын да қамтыды. Өлеңмен қатар поэзияның поэма, баллада сияқты үлгілерінен де енші алды. «Киік. Зұлымдық. Мейірім», «Сөз бен іс туралы», «Әйел қайраты», «Балдақты қыз туралы», «Қарақшы және сұлулық» сынды нақты образға, оқиғаға негізделген тақырыптарды ала отырып, жоғары рухани адамшылық ісін насихаттауға мол үлес қосты. Мәселен, «Қателік» атты балладасында жасы келсе де етектеріне оралған бір немере сүюге зар, кемсеңдеген кемпір мен қаусаған шалдың жанайқайын: 
«Шықпаған бізде жан бөтен, 
Жүрсіңдер қайда, ән көкем. 
Тұяқтан тұяқ сүймеген, 
Бізден де мұңдық бар ма екен? 
Басына түспей кім нанар, 
Шерменде кеудем тұлданар.
Отымның отын сөндірмей, 
Шаңырақ ұстап кім қалар» - деп жеткізеді. Сол сәтте ойыңа қазіргі қарттар үйіндегі қариялар түсіп, тұла бойың тітіркеніп кетеді... Бұ да болса ақынның қоғам дертін өз жүрегінен өткізгені де.
Ия, қорытындай келе айтарымыз, Аманқос Ершу – кәдуілгі қаймана қазақ жұртының кіндік кескен алтын бесік, құт ұясы ауылда туып, Алты Алашқа аты жайылған ақын, қайраткер, тұлға. Оның кейінгі қалдырған мұрасы су бетіне салынған суреттей шайылып кетпей, ұлттың жадында ұдайы сақталатынына сенім мол. 


Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,
Атырау қаласы 

author

Аманқос Ершуов

АҚЫН

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...