Сіз Эрнест Хемингуэйдің қай авторды жақсы көретіні немесе кімнің шығармасы Стивен Кингтің жұмыс үсте...
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ. Адамды сүйген жүрекпен
Әлем әдебиетіндегі тектілер туралы тебіреністі ойларымды, мен ертеде, 1970—80 жылдары қағазға түсіре бастаған едім. Жанымды түркі тілдес, бабаларымның тағдырлары мазалайтын. Кей-кейде бабаларым түсіме еніп, қыстың ұзақ түнінде олармен еркін сөйлесіп шығатынмын.
Мен үшін түркі бабаларым — менің жаным, рухым, намысым болатын. Солар туралы жазғым келетін. Түсіме енетін көлеңке-рухтарға жан бітіргім де келуші еді. Оған өмірлік тәжірибе де, ақыл-ой да, білім де тапшылық көрсетіп жататын. Ең бастысы мен үшін Алланың сәт сағаты әлі соқпаған болатын. Бірақ бабаларыммен ойша сөйлесуді мен бір сәтке де тоқтатқан емеспін. Көзімді жұмсам болды, батыр келбетті түркілер атой салып шыға келетін. Дархан жыраулардың жырлары да санамда сарнай жөнелуші еді-ау!..
Сенің сенгенің —
сыбызғы сырнай мен ақшалы әмияның,
Менің сенгенім — садақ пен жебе.
Сондықтан да сен — сауықшыл дүниенің
құлысың,
ал мен — еркін азаматпын.
Сенде жау көп, ал менің дұшпаным жоқ.
Егерде сен, асыл тастарыңды лақтырып
тастап,
садақ пен қорамсақты ғана асынып,
сақтардың ішінде ғана өмір сүрсең,
онда мен сияқты
сен де еркіндікте жүрер едің.
Тектілер туралы тебіреністің алғашқы эссесін, дұрысы мақаласын мен 1983 жылы Мәскеудің «Литературная газетасында» бастырып едім. Мақала Шаһкәрім бабам туралы болатын. Ол кезде Шаһкәрім қажы ақталмаған. Қажының атын баспа бетінде жазуға рұқсат жоқ кез.
«Литературная Газета»-ның бас редакторы атақты жазушы Александр Чаковский Прибалтикадағы «Дубулты» жазушылар үйінде жазғы демалыста болды. Сол жазушылар үйінде мен де жан ұяммен демалуға келдім. Сол жерде Чаковскиймен кездесудің реті түсті. Чаковскийге Шаһкәрім қажы туралы айттым. Балтық теңізінің алтын құмын таптап кешке жақын жағалауда ұзақ жүрдік. Александр Чаковскийді кезінде Абайдың 125 жылдығына Семейге шақырғанбыз. Ол кісі Шыңғыстауды емін-еркін аралаған. Қажының тағдыры туралы әңгімемді ол кісі үнсіз тыңдады. Қатты толқыды. Ертеңінде мені бөлмесіне шақыртты.
Шаһкәрім туралы жазыңыз, деді Чаковский. Біздің газетке. Өте аянышты тағдыр. Аянышты... Үлкен жазушы толқып отыр еді. Жуан сигарын қайта тұтатты. Көмекшісіне бұрылып:
Михаил, Роллан екеуімізге виски құй, деді.
Мен кетер кезде Александр Чаковский:
Екі күнде мақала дайын болсын, деді. Номерге салдыртам.
Мен таң қалдым. Қараңғы Балтық түнін жамылып Шаһкәрім бабам туралы мақаланы бастап кеттім. Таңға жақын бітірдім. Қолымда қажы туралы бір тілім қағаз жоқ еді. Қажының кітабы да жоқ болатын. Ақыл-есімді жиып барымды салдым. Кәзір ойласам сол мақалаға Қажының рухы да күш салып жіберді білем. Әлде Алланың сағаты соқты ма?..
Төрт күн өткенде атақты «Литературная Газетада» Шаһкәрім қажы туралы менің мақалам жарқ етіп шыға келді. Александр Чаковскийге арнайы барып рахмет айттым. Көпті көрген кемеңгер адам мені өзімсіне құшақтап:
Роллан, Бабаң үшін, Отаның үшін өлімге бар. Киелі өлім. Қорықпа, қорғанба, деді.
Бұл өлмейтін сөздер еді. Мен сол күндері рухани түледім.
Әдебиет өмірбаян емес, тағдыр екенін ұқтым. Бұны маған ұқтырған орыстың майталман жазушысы Александр Чаковский болaтын.
Русь елінде отыз жыл өмір сүргенімде түзу еврейлер мен есті орыстардан талай үлгілі сабақ алғанымды еш ұмытпаймын. Қазақ еліне, қазақ ортасына қайтып оралып қазаққа қанша үлгі көрсетсем де сөзімді ұққан, ісімді қолдаған қазақ болған жоқ. Қажы туралы мақалам «Литературная Газетаға» шыққанда да әкемнен басқа бір адам қуаныш білдірген жоқ. Қазақтың қызғанышқа тұншыққан жүрегі тоқтап қалған. Бұл біздің ортамыздағы сорақы салттың бірі. Өзі үшін қуануға болады, өзге үшін қуануға болмайды. Бір қазақтың озғанына бар қазақ қуануы керек. Біз сонда ғана ел-жұрт бола аламыз. Қазақ деген халық бола аламыз
1995 жылы Лондонда Абай үшін аштым. Абайдың кітаптарын Лондонда орысша, ағылшынша, французша, арабша, немісше, испанша, фарсыша шығара бастадым. Абай бабам туралы эссе жаздым. Түркі бабаларым туралы эсселер сериясы Лондонның түнгі аспаны астында туғанын бүгін бірінші рет жазып отырмын.
Қазақтың ұлы тұлғалары туралы эсселер легі сол кездерде қанат қағып еді.
Атырауда жастармен кездескенімде Шыңғысхан деген студент жігіт;
Аға, сіздің эсселеріңіздің арқасында ғана біз Шоқанды, Сүйінбайды, Жамбылды, әл-Фарабиді, Жүсіп Баласағұнды, тіпті Абайды таныдық. Бастарына бөрік киген ақсақалдарды мектеп кітабынан көретінбіз. Өлеңдерін қарайтынбыз. Сүреңсіз өмірбаяндарын оқитынбыз. Түк түсінбейтінбіз. Олар кімдер?.. Олар несімен ұлық?.. Несімен үлгі?.. Кітаптан ұғу мүмкін болмайтын. Мен Сіздің Шоқан Уалиханов туралы эссеңізді оқығанда есімнен тандым. Шоқанның ғажайып адам екенін, Отанын жанындай сүйген Дешті Қыпшақтың асыл ұлы екенін ұқтым. Шоқан өлерінің алдында әкесі Шыңғысқа хат жазады. Өлермен халын айтады. Келіні Айсараны Сырымбетке алып кетуін сұрайды. Шоқан өлгенде Шыңғыс Алтын Емелге көш жібереді. Келіні Айсараны Сырымбетке алып қайтатын салтанатты көш. Қазақтың ерлігін де, өрлігін де, асыл салт-дәстүрін де сіздің он-ақ беттік эссеңізден таныдым. Таң қалдым. Қазақтың ерекше биік мәдениетті ел екенін түйсіндім. Сол үшін қуандым. Ал біздің университетте қазақ халқының мәдениеті, эстетикасы, этикасы деген пәндер атымен жоқ. Әдебиеттегі көркемдік үлгі деген ұғым жоқ. Неге Роллан аға?..
Шыңғысханға мен жауап айта алмадым. Қыт-қыттаған қазақ әйелдері жазған оқулықтардан ешнәрсе түсінуге болмайтыны рас. Мен ертеде еркектер жазған оқулықтардан сабақ алғанмын. Біртуар қазақтар жазған сол оқулықтарды, қазақтың ғалымсымақ қатындары ертеде құртып болған. Біртуар нағыз ғалым еркектерді жұтқан ғалым қатындар да бүгін о дүниеге аттануда. Олардың орнын өзге қатындар басып келе жатыр. Көп сөйлейтін, аз білетін қатындар бүгінгі қазақ білімінің құдығына да, қауғасына да иелік етеді. Дүниенің бәріне ие болса да, олардан тереңдік күту күнә болар.
Қазақтың Текті Тұлғалары туралы Реквием екі кітап болды.
Орыс, Шығыс, Батыс жазушылары, суретшілері, ойшылдары туралы эсселер де үлкен бір кітап болыпты. Олар туралы қолжазбаларды биыл қайта қарап шығуға бекіндім.
Мені Лев Толстой, Федор Достаевский, Антон Чехов, Николай Гоголь, Эрнест Хемингуэй, Ибн-Сина, Уильям Фолкнер, Омар Хаям бастаған Батыс пен Шығыстың Текті тұлғалары тосып тұрған.
Бұл эсселерді оқуға әзір менің немерелерім де, Ата, эсселер қашан шығады? деп мазалай бастады.
Тектілер туралы Реквиемді – үш кітапты бірдей бітіріп оқушыма ұстатқан кезде менен бақытты адам болмас.
Тектілердің де рухтары түлер.
Қазақ даласына бүкіл әлемнің тектілерінің Рухы жиналып түнгі аспанды азан-қазан қылар-ау. Рухтар тойы жасасын!
Сол бақытты сәтті маған да көруге жазсын!
Немерелеріме де! Өйткені «Тектілер туралы Реквиемді» шығаруды солар тездетіп баққан.
Эсселердің авторы мен.
Сұраныс немерелерімдікі ғой.
Дұрысы жас қазақтардікі.
Бүгін екі том «Тектілер туралы Реквиемді» қабыл ал оқырман.
Үшінші томын Алла Тағала қолдаса келесі жылдың күзіне шығарып үлгеруге жазсын.
Мен Сіздерді құрмет тұтамын, қазақтың жас оқырмандары. Өзімнің әдеби шығармаларымның аяғына кісен салып, Сіздердің біліми, адами көкжиектеріңізді кеңейту үшін үш томдық эсселерді тарту еткім келді.
Сіздердің амандықтарыңызды тілеген —
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ
Семей,
21 наурыз 2015 ж.